ОНЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ
Сүт анаға берілуі
Әмина анамыз нұрлы сәбиін құшағына алғанда, күйеуі хазреті Абдуллаһтың қайтыс болуының қайғысын ұмытқандай болды. Пайғамбарымызды анасы тоғыз күн емізгеннен кейін, бірнеше күн Әбу Ләһәбтің күңі Суәйбә ханым оған сүт ана болды. Суәйбә ханым бұған дейін хазреті Хамзаны, кейін Әбу Сәләмәні де емізген еді. Хафиз Ибн Жәзри былай дейді: «Әбу Ләһәбті түсте көріп, оның жағдайы қалай екенін сұрағанда, ол былай деді: „Мен қабір азабын шегіп жатырмын. Бірақ жыл сайын Рабиул-әууәл айының он екінші түндерінде азабым жеңілдейді. Екі саусағымның арасынан шыққан салқын суды сорып, рахат табамын. Расулуллаһ дүниеге келген түні Суәйбә деген күңім маған осы сүйінші хабарды жеткізген еді. Мен қуанғанымнан оны азат етіп, оған сүт ана болуды бұйырдым. Сол үшін осы түндері азабым жеңілдейді“». Ол заманда меккеліктердің балаларын сүт анаға беру әдеті бар еді. Балаларды маңайдағы ауасы жақсы, суы тәтті жайлауларға жіберетін, олар біраз уақыт сүт аналарының қасында тұратын. Бұған Меккенің ыстық ауасы себеп болатын. Жыл сайын осы мақсатпен Меккеге көптеген әйелдер келетін. Олардың әрқайсысы емізу үшін бір-бір баладан алып кететін. Балаларды өсіріп, қайтарып тапсырғанда, олар көп ақы мен сыйлықтар алатын. Пайғамбарымыз туылған жылы да, әр жылдағыдай, жайлауларда тұратын Бәни Са’д тайпасынан көптеген әйелдер сүт ана болу ниетімен Меккеге келді. Олардың әрқайсысы емізу үшін бір-бір бала алып қойған еді. Бәни Са’д тайпасы Мекке маңындағы тайпалар арасында абыройымен, жомарттығымен, ерлігімен, кішіпейілділігімен және араб тілінде таза сөйлеуімен өте атақты еді. Құрайыштың игі жақсылары балаларын көбіне осы тайпаға бергісі келетін. Сол жылы Бәни Са’д тайпасының жерінде қатты құрғақшылық пен жұт болып тұрған еді. Осы тайпадан Халима ханым ол жағдайды былай баяндайды: «Мен сол жылы қырларды кезіп шөп жинайтынмын және оны тапқаным үшін Аллаһу та’алаға шүкір ететінмін. Кейде үш күн өтсе де, аузыма ештеңе салмайтынмын. Осындай күйде балам дүниеге келді. Бір жағынан аштық, екінші жағынан босанудың қиындығы бар еді. Аштықтан жер мен көкті, түн мен күндізді айыра алмаған кездерім де болатын. Бір түні далада ұйықтап кетіппін. Түсімде бір кісі мені сүттен де ақ бір суға батырып: „Осы судан іш“, – деді. Мен қанғанша іштім. Сосын ол мені тағы ішуге қыстады. Іштім де іштім, су балдан да тәтті еді. „Сүтің мол болсын, ей, Халима! Мені таныдың ба?“ – деп сұрады ол. Танымайтынымды айтқанымда, ол: „Мен – сенің қиын жағдайыңда айтқан хамдың мен шүкіріңмін. Ей, Халима! Меккеге бар. Онда саған «Нұр» жолдас болады, сен берекеге толасың. Бұл түсті ешкімге айтпа!“ – деді. Оянғанымда омырауларымды сүтке толы күйде таптым, қиындық та, аштық та мені тастап кеткен еді». Сол жылы аштыққа байланысты ақыға бала емізіп, қиын кезеңді өткеру үшін Меккеге басқа жылдардағыдан көбірек сүт аналар келген еді.
«Біз ойын ойнау үшін жаратылмадық» Хадис шәриф
Са’д ұлдарының даласы
Олардың бәрі бай отбасылардың балаларын алуға асығатын. Бұл әйелдердің әрқайсысы бір-бір баладан алды. Пайғамбарымыз жетім болғандықтан, көп ақы ала алмаймыз деп ойлап, олар оны алғысы келмеді. Бұл әйелдердің арасында ибалылығымен, тазалығымен, жұмсақтығымен, ұяңдығымен және көркем мінезімен танылған Халима ханым да бар еді. Мінген жануарлары әлсіз болғандықтан, олар Меккеге кешігіп келген еді. Бірақ бұл кешігу оларға іздегендерінен де көбіне қол жеткізуге себеп болды. Халима мен күйеуі Мекке көшелерін аралап жүріп, бай отбасылардың балалары алынып бітіп қалғанын көрді. Бірақ құр қол қайтқылары да келмеді. Енді олардың жалғыз тілегі – баламен қайту еді.
Ақыры олар құрмет тудыратын, жүзі өте жылы бір кісіге кездесті. Ол – Меккенің басшысы Абдулмутталиб еді. Олардың тілектерін білгеннен кейін, ол немересін алуға кеңес беріп, соның арқасында үлкен дәулет пен бақытқа жететіндерін айтты. Абдулмутталибтің мейірімі мен жылылығы оларды өзіне тартты. Олар оның ұсынысын бірден қабыл алды. Сосын қарт ата Халима ханымды хазреті Әминаның үйіне алып барды.
Халима ханым былай дейді: «Баланың қасына барғанымда, ол құндаққа оралған күйде жасыл жібек жамылғының үстінде тып-тыныш ұйықтап жатыр еді, айналаға жұпар иісі тарап тұрды. Таң қалдым да, бір сәтте оны соншалық жақсы көріп кеттім, оятуға көңілім бармады. Қолымды көкірегіне қойғанымда, ол оянып, маған қарады да, жымиды. Ал мен бұл жымиысқа баурап алынып, өзімді ұмытып кеттім. Сосын анасы мұндай көркем әрі мүбәрәк баланы маған бермей қояр деп ойлап, бетін жауып, дереу құшағыма алдым. Оң омырауымды бердім – ол еме бастады. Сол омырауымды бердім – ембеді. Абдулмутталиб маған бұрылып: „Сүйінші! Әйелдер арасында сен сияқты ниғметке қол жеткізген жан болған емес!“ – деді.1
Сүйікті баласын маған бергенде, Әмина ханым былай деді: „Ей, Халима, үш күн бұрын ұлыма сүт беретін әйел Бәни Са’д тайпасының Әбу Зуәйб әулетінен болатынын айтқан бір дауыс естідім“. Сонда мен: „Мен Бәни Са’д тайпасынанмын, әкемнің күниесі – Әбу Зуәйб“, – деп жауап бердім».
Халима ханым тағы былай дейді: «Әмина ханым маған тағы көп жағдайларды айтып, өсиет етті. Мен де оған Меккеге келмес бұрын көрген түсімді және жолда оң жағымнан, сол жағымнан: „Сүйінші, ей, Халима! Көз қарықтыратын және әлемдерді нұрландыратын сол нұрды емізу саған нәсіп болады“, – деген дауыстар естілгенін айттым».
Халима ханым былай дейді: «Мұхаммед алейһиссаламды алып, хазреті Әминаның үйінен шықтым. Күйеуімнің қасына келдім. Ол да қолымдағы баланың жүзіне қарап, өзін ұмытып кетті де: „Ей, Халима! Мен осы уақытқа дейін мұндай көркем жүз көрмеген едім!“ – деді. Оны алғаннан кейін қол жеткен берекелерді көргенде: „Ей, Халима! Біліп қой: сен өте мүбәрәк әрі мәртебесі биік бір бала алыпсың“, – деді. Мен: „Аллаһпен ант етемін, мен дәл осыны қалайтынмын, тілегім орындалды“, – деп жауап бердім».
Халима ханым мен күйеуі Мұхаммед алейһиссаламды алып Меккеден жолға шыққан сәттен бастап оның берекесіне қауыша бастады. Бұрын жылдам жүре алмайтын арық есектері енді асыл араб тұлпарындай шаба жөнелді. Бірге келген керуен олардан бұрын жолға шығып, өте алыстап кеткен болса да, олар керуенді қуып жетіп, оны артта қалдырды. Бәни Са’д жеріне жеткенде, олар бұрын-соңды көрмеген молшылық пен берекеге қауышты. Бұрын аз сүт беретін малдарының желіндері сүтке толып, тасып тұрды. Мұны көрген көршілері таң қалып, мұның емізуге алған бала себебінен екенін анық түсінді. Пайғамбарымыз Халима ханымның тек оң омырауын ғана емітін.
«Менің аталарымның ешқайсысы зина жасаған жоқ. Аллаһу та’ала мені пәк, жақсы әкелерден, таза аналардан дүниеге келтірді» Хадис шәриф
Ал сол омырауын ол сүт бауырына қалдыратын. Екі айлығында ол еңбектей бастады. Үш айлығында аяғынан тұратын, төрт айлығында қабырғаға сүйеніп жүре бастады. Бес айлығында жүріп кетті, алты айлығында тез жүре бастады. Жеті айлығында ол жан-жаққа бара алатын болды. Сегіз айлығында сөздері түсінікті болды, ал тоғыз айлығында ол өте анық сөйлей бастады. Он айлығында ол садақ ата бастады.
Халима ханым былай деп баяндаған: «Ол сөйлей бастағанда, оның алғашқы сөздері: „Лә илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар. Уәлхамду лилләһи раббил-аләмин“ болды. Сол күннен кейін ол Аллаһу та’аланың есімін атамай ешнәрсеге қолын созбады. Сол қолымен ештеңе жемейтін. Жүре бастағанда, ол балалар ойнайтын жерлерден аулақ жүретін және оларға: „Біз бұл үшін жаратылмадық“, – дейтін. Күн сайын оны күн сәулесіндей бір нұр қаптап, сосын қайтадан ашылатын. Ол аймен сөйлесетін, айға ишарат еткен сайын ай қозғалатын».
Құрғақшылыққа байланысты олар өте қиын жағдайға түсті және бір жолы Аллаһу та’аладан жаңбыр сұрап дұғаға шықты. Дұғаға барғанда, Мұхаммед алейһиссаламды өздерімен бірге алып барды және соның құрметіне мол жаңбыр мен берекеге қауышты. Халима ханым былай дейді: «Мұхаммед алейһиссалам екі жасқа толғанда, мен оны емшектен шығардым. Сосын анасына қайтарып беру үшін күйеуім екеуміз Меккеге бардық. Бірақ оның арқасында біз сондай берекеге қауышқан едік, онымен айырылысу, мүбәрәк жүзін көрмеу бізге өте ауыр еді. Мен оның жағдайларын анасына айтып бердім. Әмина ханым: „Менің ұлымның мәртебесі ұлы“, – деді. Мен: „Аллаһпен ант етемін, мен одан мүбәрәгірек адамды көрген емеспін“, – дедім. Сосын түрлі сылтаулар тауып, Әмина ханымнан оның бізбен тағы біраз уақыт қалуын өтіндім. Ол көңілімізді қалдырмай, оның бізбен қалуына рұқсат берді. Біз онымен бірге қайтадан тайпамызға оралдық. Соның арқасында үйіміз берекеге толып, малымыз, мүлкіміз және абыройымыз артты. Біз сансыз ниғметтерге қауыштық».2
Мүбәрәк басының үстіндегі бұлт
Халима ханым былай деп баяндады: «Бір күні әлем сардары (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): „Күндіз бауырларым көрінбейді. Мұның себебі неде?“ – деп сұрағанда, мен: „Олар қой бағуға кетеді. Үйге тек түнде ғана келеді“, – дедім. Сонда ол: „Мені де солармен бірге жіберіңізші. Мен де қой бағайын“, – деді. Мен түрлі сылтаулар тауып, оны жібермеуге тырыстым. Ақырында оның көңілі разы болсын деп: „Жарайды“, – дедім.
Келесі күні мен оның мүбәрәк шашын тарап, киімдерін кигізіп, сүт бауырларымен бірге жібердім.
Ол бірнеше күн олармен бірге барып-келіп жүрді. Бір күні сүт бауыры Шәйма қырдан оралғанда, мен: „Көзімнің нұры ұлым Мұхаммед қайда?“ – деп сұрадым. Ол: „Далада“, – деді. „Бауыр етім мына ыстыққа қалай шыдайды?“ – деп сұрағанымда, Шәйма: „Ей, анашым! Оған ешқашан зиян келмейді. Өйткені оның мүбәрәк басының үстінде бір бұлт әрдайым онымен бірге жүреді; осылайша ол күннің ыстығынан қорғалады“, – деп жауап берді. „Не айтып тұрсың? Сенің айтқандарың шынымен рас па?“ – дегенімде, ол ант етті. Сонда ғана жаным жай тапты.
Мүбәрәк көкірегінің жарылуы (Шаққ-и садр)
Тағы бір күні түс кезінде оның сүт бауыры Дамра маған келіп: „Анашым! Тез жүгіріңіздер!.. Біз құрайыштық бауырыммен бірге қой бағып жүр едік. Кенеттен жасыл киінген үш кісі келді. Олар бауырымды қасымыздан алып, таудың басына алып кетті. Оны шалқасынан жатқызып, пышақпен қарнын жарды. Мен сіздерге хабар беруге кеткенде, олар әлі сонда еді. Бауырымның тірі қалған-қалмағанын білмеймін“, – деді. Халима ханым сөзін былай жалғастырды: Сол сәтте қаным басыма шапшыды. Біз тез сол жерге келдік те, оны көрдік. Мен дереу оның мүбәрәк жүзі мен басынан сүйіп: „Ей, көзімнің нұры! Ей, әлемдерге рақым болған ұлым! Бұл не жағдай? Басыңа не түсті? Сені кім мазалады?“ – деп сұрадым.
Ол: „Үйден шыққанда, жасыл киімді екі кісіні көрдім. Бірінің қолында күміс құман, екіншісінің қолында жасыл зүмүрттен жасалған шылапшын бар еді. Шылапшын қардан да ақ бір нәрсеге толы еді. Олар мені таудың басына алып барды. Бірі мені шалқамнан жатқызды. Мен қарап тұрғанда, ол көкірегімді кіндігіме дейін жарды. Мен ешқандай ауырсыну да, азап та сезбедім. Қолдарын салып, ішімде не бар болса, бәрін шығарды. Оны әлгі ақ нәрсемен жуып, орнына салды. Сосын бірі екіншісіне: «Тұр, енді мен өз қызметімді атқарайын», – деді де, қолын салып, жүрегімді шығарды. Оны екіге бөліп, ішінен қара бір нәрсені алып тастады. Сосын: «Сенің денеңдегі шайтанның несібесі осы еді. Біз оны алып тастадық. Йа, Аллаһу та’аланың сүйіктісі! Біз сені уәсуәседен3 және шайтанның айласынан аман еттік», – деді. Сосын олар жүрегімді өздерінде бар нәзік әрі жұмсақ бір нәрсемен толтырды. Оны нұрдан жасалған мөрмен мөрледі. Сол мөрдің салқындығын мен әлі күнге дейін бүкіл мүшелерімде сеземін. Олардың бірі қолын жарылған жерге қойғанда, жарам жазылды. Сосын мені үмметімнен он адаммен таразыға тартты – мен ауыр бастым. Мың адаммен тартты – мен тағы ауыр бастым. Сонда олардың бірі екіншісіне: «Енді оны тартуды қой. Аллаһпен ант етемін, сен оны бүкіл үмметімен тартсаң да, ол ауыр басады», – деді. Сосын олардың әрқайсысы менің қолым мен бетімнен сүйіп, мені осында қалдырып кетті“, – деді. Жарылған жер оның мүбәрәк көкірегінде көрініп тұрды».4
Сүйікті Пайғамбарымыздың басынан өткен және Құран кәрімнің Иншираһ сүресінің бірінші аятында білдірілген бұл оқиға «Шаққ-и садр», яғни көкірегінің жарылуы деп аталады.
Мұхаммед алейһиссаламға пайғамбарлығы білдірілгеннен кейін құрметті сахабалардың кейбірі: «Йа, Расулаллаһ! Бізге өзіңіз туралы айтып бермейсіз бе?» – дегенде, ол былай деді: «Мен – атам Ибраһимнің дұғасымын. Мен – бауырым Исаның сүйінші хабарымын!
Ал анам үшін мен – оның түсімін. Ол маған жүкті кезінде өзінен Шам сарайларын нұрландырған бір нұр шыққанын көрген еді… Мен Са’д бин Бәкір ұлдарының қасында емізіліп өстім».
Төрт жасқа толғаннан кейін Халима ханым оны Меккеге алып келіп, анасына тапсырды. Атасы Абдулмутталиб Халима ханымға өте көп сыйлықтар беріп, оған жақсылық жасады. Оны Меккеде қалдырған соң, Халима ханым айырылысу қайғысын: «Тап бір жаным мен көңілім де онымен бірге қалғандай болды», – деген сөздермен білдірді.
«Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) емізген уақытымда одан өте риза едім. Ол ешнәрсені былғамайтын. Күндіз бір рет, түнде бір рет кіші дәретке отыратын, сосын сол уақыт келгенше қайтып отырмайтын» Халима ханым
Құрметті анасының қайтыс болуы
Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алты жасқа дейін анасының қасында өсті. Алты жасында ол анасымен және Үммү Әймән деген күңмен бірге туыстарын және әкесі Абдуллаһтың қабірін зиярат ету үшін Мәдинаға барды.
Олар онда бір ай болды. Пайғамбарымыз Мәдинада Нәжжар ұлдарына тиесілі хауызда жүзуді үйренді. Сол кезде бір яһуди білгірі оның бойындағы пайғамбарлық белгілерін көрді. Ол оның қасына келіп, есімін сұрады. «Ахмед», – дегенде, әлгі білгір: «Бұл бала ақырзаман Пайғамбары болады!» – деп айқайлады. Сондай-ақ ондағы яһуди ғалымдарының кейбірі де оның бойындағы пайғамбарлық белгілерін көріп, оның пайғамбар болатыны туралы өзара сөйлесті.
Олардың бұл сөздерін естіген Үммү Әймән бұл туралы хазреті Әмина анамызға хабар берді. Оның мүбәрәк анасы оған бір зиян келуінен қауіптеніп, оны алып, Меккеге қайту үшін жолға шықты. Әбуа деген жерге жеткенде, хазреті Әмина анамыз ауырып қалды. Ауруы күшейіп, ол жиі-жиі есінен танып жатты.
Басында тұрған сүйікті ұлы Мұхаммед алейһиссаламға қарап, ол былай деді: «Ей, атылған қорқынышты өлім оғынан Аллаһу та’аланың лұтфы мен көмегімен жүз түйе есебінен құтылған кісінің ұлы! Аллаһу та’ала сені мүбәрәк етсін. Егер түсімде көргендерім рас болып шықса, сен ұлылық пен мол жомарттық иесі болған Аллаһу та’ала тарапынан Адам балаларына халал мен харамды білдіру үшін жіберілесің. Хақ та’ала сені халықтармен бірге ежелден келе жатқан пұттардан және пұтқа табынушылықтан сақтап, қорғайды», – деді де, мына бәйіттерді айтты:
Ескіреді жаңа тән, өлер барлық тірі жан,
Таусылады көп болған, қалған ба жас сақталған?
Мен де өлермін, бар айырмам – мынау ғана:
Сені мен дүниеге әкелдім, мәртебем – сол ғана.
Мен артымда қалдырдым нұрдай қайырлы ұрпақ,
Енді рахат көз жұмам, көңілім тыныш, жайбарақат.
Атым қалғай әрдайым дастан болып тілдерде,
Ал сенің махаббатың мәңгі жасар көңілдерде.
Сосын ол қайтыс болды. Сол жерде жерленді. Әмина анамыз қайтыс болғанда жиырма жаста еді. Үммү Әймән Әлемдердің мырзасын өзімен бірге алып, бірнеше күнге созылған жолдан кейін Меккеге әкеліп, атасы Абдулмутталибке тапсырды.5
Анасы мен әкесі мүмин еді
Хабиб-и әкрамның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әкесі мен анасы Ибраһим алейһиссаламның дінінде еді.6 Яғни олар мүмин еді. Ислам ғалымдары олардың Ибраһим алейһиссаламның дінінде болғанын, Мұхаммед алейһиссаламға пайғамбарлығы білдірілгеннен кейін оның үмметінен болу үшін тірілтіліп, шаһадат кәлимасын естігенін, айтқанын және осылайша осы үмметтен де болғанын білдірген.7
Мүбәрәк атасының қасында
Мұхаммед алейһиссалам сегіз жасқа дейін атасының қасында өсті. Атасы Абдулмутталиб Меккеде жұрт жақсы көретін және түрлі істерді басқаратын кісі еді; ол айбатты, сабырлы, көркем мінезді, шыншыл, мәрт әрі жомарт еді. Ол кедейлерді тойдыратын, тіпті аш-сусыз қалған жануарларға да жем беретін.
Ол Аллаһу та’алаға және ахиретке сенетін. Жамандықтардан сақтанып, жаһилия (надандық) дәуірінің түрлі жиіркенішті әдеттерінен аулақ жүретін. Меккеде зұлымдық пен әділетсіздікке жол бермей, келген қонақтарды құрметпен күтетін. Рамазан айында Хира тауында оңашаға шығу оның әдеті еді. Балаларды жақсы көретін, мейірімді Абдулмутталиб сүйікті немересін бауырына басып, оны күндіз-түні қасынан тастамайтын. Ол оған зор махаббат пен мейірім көрсететін. Қағбаның көлеңкесінде ол тек өзіне арналған көрпешесіне онымен бірге отыратын, бұған кедергі жасағысы келгендерге: «Ұлымды тыныш қалдырыңдар, оның мәртебесі ұлы», – дейтін.8 Ол Пайғамбарымыздың күтушісі Үммү Әймәнге оған жақсы қарауды қайта-қайта тапсырып: «Ұлыма жақсы қара. Кітап иелері менің ұлым туралы: бұл үмметтің пайғамбары болады, дейді», – дейтін. Үммү Әймән былай деген: «Мен оның балалық шағында аштыққа да, шөлге де шағымданғанын көрген емеспін. Таңертең ол бір жұтым Зәмзәм суын ішетін. Оны тамақтандырғымыз келгенде: „Керегі жоқ, тоқпын“, – дейтін».
Абдулмутталиб ұйықтап жатқанда және бөлмесінде жалғыз отырғанда, одан басқа ешкімді қасына кіргізбейтін. Ол оны мейіріммен бауырына басып, сипап, оның сөздері мен әрекеттеріне шексіз қуанатын. Дастарқан басында оны қасына алып, тізесіне отырғызатын, тамақтың ең жақсысын, ең дәмдісін оған жегізетін және ол келмейінше дастарқанға отырмайтын. Ол немересі туралы көптеген түстер көріп, талай оқиғаға куә болды.
Бір жолы Меккеде құрғақшылық пен жұт болды. Абдулмутталиб көрген бір түсіне сәйкес Мұхаммед алейһиссаламның қолынан ұстап, Әбу Қубайс тауына шықты да: «Аллаһым, осы баланың хақы үшін бізді берекелі жаңбырмен қуанта гөр», – деп дұға етті. Дұғасы қабыл болып, мол жаңбыр жауды. Сол заманның ақындары бұл оқиғаны өлеңдерінде жырлады.
Нәжрандық раһиб
Бір күні Абдулмутталиб Қағбаның қасында отырғанда, оның жанына Нәжраннан бір раһиб келіп, әңгіме бастады. Бір сәтте ол былай деді: «Біз Исмаил ұлдарынан ең соңынан келетін пайғамбардың сипаттары кітаптарда жазылғанын оқыдық. Мына жер, яғни Мекке – оның туатын жері. Оның сипаттары мынадай, мынадай!» – деп, оларды бір-бірлеп санап шықты. Сол кезде олардың қасына сүйікті Пайғамбарымыз келді. Нәжрандық раһиб оны мұқият бақылай бастады; сосын жақынырақ келіп, оның көздеріне, арқасына, аяқтарына қарады да, толқып былай деді:
«Хақ та’ала сені халықтармен бірге ежелден келе жатқан пұттардан және пұтқа табынушылықтан сақтап, қорғайды» Әмина ханым
«Міне, ол – осы. Бұл бала сенің ұрпағыңнан ба?» Абдулмутталиб: «Бұл – менің ұлым!» – дегенде, нәжрандық раһиб: «Кітаптардан оқығанымыз бойынша, оның әкесі тірі болмауы керек!» – деді. Абдулмутталиб: «Ол – ұлымның ұлы. Ол туылмай тұрып, анасы жүкті кезде әкесі қайтыс болған еді», – дегенде, раһиб: «Міне, енді шынын айттың», – деді. Содан кейін Абдулмутталиб ұлдарына: «Бауырларыңның ұлы туралы айтылғандарды естіңдер, оны бағып-қағып, жақсылап қорғаңдар», – деді.
Мүбәрәк атасының қайтыс болуы
Абдулмутталибтің қайтыс болар уақыты жақындағанда, ол ұлдарын жинап, былай деді: «Дүниеден ахиретке көшетін уақытым келді. Жалғыз уайымым – осы жетім. Әттең, өмірім ұзақ болғанда ғой, осы қызметті сүйсіне жалғастырар едім! Бірақ қолдан не келеді? Өмір жетпейді. Қазір көңілім де, тілім де осы сағыныш отымен жанып тұр. Осы інжу-маржанды араларыңнан біреуіңе аманат етіп тапсырғым келеді. Қайсың оның хақтарын лайықты түрде сақтап, оған қызмет етуде ешқандай кемшілік жібермейсің?» Әбу Ләһәб тізерлеп отырып: «Ей, арабтардың мырзасы! Егер бұл аманатты тапсыруды ойлаған біреуіңіз болса, өте жақсы, ал болмаса, бұл қызметті мен атқарайын», – деді. Абдулмутталиб оған: «Малың көп. Бірақ сенің жүрегің қатты, мейірімің аз. Ал жетімнің жүрегі жаралы әрі нәзік. Ол тез жараланады», – деді. Басқа ұлдарының кейбірі де сол өтінішті қайталады. Абдулмутталиб әрқайсысының ерекшеліктерін айтып, ешқайсысын қабыл алмады. Кезек Әбу Тәліпке келгенде, ол былай деді: «Мен мұны бәрінен де қатты қалаймын. Бірақ үлкендерім тұрғанда алға шығу жараспайтын еді. Малым аз, бірақ менің адалдығым бауырларымдікінен артық». Абдулмутталиб: «Дұрыс айтасың. Бұл қызметке лайықты адам – сенсің. Бірақ мен әр істе онымен кеңесемін және оның қалауы бойынша әрекет етемін. Әр жолы дұрыс нәтижеге жетемін. Бұл істе де онымен кеңесейін. Ол қайсыңды таңдаса, мен де соны қабыл аламын», – деді.
Сосын ол сүйікті Пайғамбарымызға бұрылып: «Ей, көздерімнің нұры! Сені сағынып ахиретке бет алдым. Мына көкелеріңнің қайсысын таңдайсың?» – деп сұрады.
Пайғамбарымыз сол сәтте орнынан тұрып, Әбу Тәліптің мойнына асылды да, оның тізесіне отырды. Сонда Абдулмутталибтің көңілі қатты жайланып: «Аллаһу та’алаға хамд болсын. Менің қалағаным да осы еді», – деді. Сосын Әбу Тәліпке бұрылып: «Ей, Әбу Тәліп! Бұл інжу-маржан ата-ана мейірімін көрмеді. Сондықтан оған соған лайық қарап, үстінен көз алмай мәпелей бақ. Мен сені басқа балаларымнан артық көремін. Осы ұлы әрі өте қымбат аманатты саған тапсырдым. Өйткені сен оның әкесімен бір анадансыңдар. Оны өз жаныңдай қорға. Бұл өсиетімді қабыл алдың ба?» – деп сұрады. Ол:
«Иә, қабыл алдым», – дегенде, Абдулмутталиб сүйікті Пайғамбарымызды құшақтап, мүбәрәк басы мен жүзінен сүйіп, иіскеді. Сосын: «Бәрің куә болыңдар: мен бұдан жақсы иіс иіскеген емеспін және бұдан көркем жүз көрген емеспін», – деді.9
Әбу Тәліптің қамқорлығында
Атасы қайтыс болғаннан кейін Ғаламның мырзасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сегіз жасынан бастап көкесі Әбу Тәліптің қасында тұра бастады және оның қамқорлығында өсті. Ол кезде Әбу Тәліп те әкесі Абдулмутталиб сияқты Меккеде Құрайыштың игі жақсыларынан – жұрт жақсы көретін, құрметтейтін және сөзі тыңдалатын кісі еді. Ол да Пайғамбарымызға зор махаббат пен мейірім көрсетті. Оны өз балаларынан да артық жақсы көріп, оны қасына алмай ұйықтамайтын, ешқайда бармайтын және: «Сен өте қайырлысың, өте мүбәрәксің!» – дейтін. Әбу Тәліп Пайғамбарымыз қолын созбайынша тамаққа кіріспейтін, алдымен соның бастағанын қалайтын. Кейде оған бөлек дастарқан да жайғызатын. Таңертең оянғанда, оның жүзінің айдай жарқырап тұрғанын, шашының таралған күйде болатынын көретін. Әбу Тәліптің малы көп емес еді, ал отбасы үлкен еді. Расул-и әкрамды (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қамқорлығына алғаннан кейін ол молшылық пен берекеге қауышты. Меккеде болған құрғақшылыққа байланысты халық қиын жағдайға түскенде, Әбу Тәліп оны Қағбаның қасына апарып, дұға етті. Оның берекесімен мол жаңбыр жауды. Олар құрғақшылық пен жұттан құтылды.10
Ғалиб әулетінен бір пайғамбар шығады,
Зәмзәм мен Хажардың арасында тұрады.
Бүкіл қала халқымен оған көмектесіңдер,
Ей, Амир ұлдары, бақыт – оған көмектесуде.
«Дүниеден ахиретке көшетін уақытым келді. Жалғыз уайымым – осы жетім. Әттең, өмірім ұзақ болғанда ғой, осы қызметті сүйсіне жалғастырар едім! Бірақ қолдан не келеді? Өмір жетпейді. Қазір көңілім де, тілім де осы сағыныш отымен жанып тұр» Абдулмутталиб
Мекке – Бусра сапары
Раһиб Бахира
Сүйікті Пайғамбарымыз он екі жас шамасында болғанда, бір күні Әбу Тәліптің сауда сапарына дайындалып жатқанын көрді. Оның өзін алып барғысы келмейтінін түсінгенде, ол қамығып, Әбу Тәліпке былай деді: «Бұл қалада мені кімге қалдырып кетесің? Менің не әкем жоқ, не мені аяйтын бір жаным жоқ!..» Бұл сөз Әбу Тәліпке қатты әсер етті де, ол оны да өзімен бірге алып кетуге бел буды. Ұзақ жолдан кейін сауда керуені Бусрада христиандарға тиесілі бір ғибадатхананың қасына тоқтады.11
Бұл ғибадатханада Бахира есімді бір раһиб тұратын еді. Бұрын яһуди ғалымдарынан болып, кейіннен христиан болған бұл білімді раһибтің қолдан-қолға өтіп, жасырын сақталған бір кітабы бар еді, ол сұрақтарға сол кітапқа қарап жауап беретін. Құрайыш керуені бұған дейінгі жылдары бұл жерден талай рет өтсе де, ол оған ешқашан көңіл аудармаған еді. Ол күн сайын таңертең ғибадатхананың төбесіне шығып, керуендер келетін жаққа қарайтын және бір нәрсені ынтыға күтетін. Бұл жолы раһиб Бахираға бір хал болды: ол қатты толқып, орнынан атып тұрды. Өйткені Құрайыш керуені алыстан көрінгенде, ол керуеннің үстінде олармен бірге бір бұлттың да қалқып келе жатқанын байқады. Бұл бұлт Пайғамбарымызға көлеңке түсіріп тұрды. Керуен аялдағанда, Бахира Хабиб-и әкрам астына отырған ағаштың бұтақтары оның үстіне қарай иілгенін де көріп, бұрынғыдан да қатты толқыды. Ол дереу дастарқан жайғызды. Сосын адам жіберіп, Құрайыш керуеніндегілердің бәрін тамаққа шақырды. Керуендегілер сүйікті Пайғамбарымызды заттарының қасында қалдырып, раһибтің қасына кетті. Бахира келгендерге мұқият қарап: «Ей, Құрайыш жамағаты, араларыңда тамаққа келмеген кісі бар ма?» – деп сұрады. Олар: «Иә, бір кісі бар», – деді. Өйткені құрайыштықтар келсе де, бұлт әлі сол жерде еді. Мұны көріп, ол керуенде бір кісі қалғанын түсінген еді. Раһиб Бахира оның да келуін қатты өтінді. Ол келе сала Бахира оған мұқият қарап, оны зерттей бастады. Ол Әбу Тәліптен: «Бұл бала сенің ұрпағыңнан ба?» – деп сұрады. Әбу Тәліп: «Ұлым», – дегенде, Бахира: «Кітаптарда бұл баланың әкесі тірі болмайтыны жазылған; ол сенің ұлың емес», – деді. Бұл жолы Әбу Тәліп: «Ол – менің бауырымның ұлы», – деп жауап берді. Бахираның: «Әкесіне не болды?» – деген сұрағына ол: «Әкесі ол туылуға аз қалғанда қайтыс болды», – деді. Бахира: «Дұрыс айттың. Ал анасына не болды?» – дегенде, Әбу Тәліп: «Ол да қайтыс болды», – деп жауап берді. Бұған: «Дұрыс айттың», – деген Бахира Пайғамбарымызға бұрылып, оған пұттардың атымен ант бергізбек болды. Бірақ сүйікті Пайғамбарымыз Бахираға былай деді: «Маған пұттардың атымен ант бергізбе. Дүниеде мен үшін олардан үлкен дұшпан жоқ. Мен олардан жиіркенемін».
Сонда Бахира оған Аллаһу та’аланың атымен ант бергізіп: «Сен ұйықтайсың ба?» – деп сұрады. Ол: «Көздерім ұйықтайды, бірақ жүрегім ұйықтамайды», – деді.
Бахира тағы көп сұрақтар қойып, олардың жауаптарын алды. Алған жауаптары оның бұрын оқыған кітаптарына толық сәйкес келді. Сосын ол сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк көздеріне қарап, Әбу Тәліптен сұрады:
«Куәлік етемін: сен – Аллаһу та’аланың Расулысың!.. Міне, Әлемдердің мырзасы… Міне, әлемдердің Раббысының Расулы… Міне, Аллаһу та’ала әлемдерге рақым етіп жіберген ұлы Пайғамбар!» Раһиб Бахира
– «Бұл қызылдық оның мүбәрәк көздерінде әрдайым бола ма?»
– «Иә, біз оның кеткенін ешқашан көрген емеспіз», – деді ол.
Бұл белгінің де сәйкес келгенін көргенде, Бахира жүрегінде толық сенім орнауы үшін пайғамбарлық мөрін көргісі келді. Бірақ Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әдептілігінен мүбәрәк арқасын ашқысы келмеді.
Сонда көкесі: «Ей, көзімнің нұры! Оның бұл тілегін де орында!» – деді. Пайғамбарымыз мүбәрәк арқасын ашты, ал Бахира пайғамбарлық мөрін оның бүкіл көркемдігімен қоса көзі тойғанша ұзақ тамашалады. Толқығаннан ол оны сүйді, көзінен жас сел болып ақты. Сосын ол былай деді:
– «Куәлік етемін: сен – Аллаһу та’аланың Расулысың!» Дауысын одан әрі көтеріп, ол былай деді: «Міне, Әлемдердің мырзасы… Міне, әлемдердің Раббысының Расулы… Міне, Аллаһу та’ала әлемдерге рақым етіп жіберген ұлы Пайғамбар…»
Сол жерде болған құрайыштықтар таң қалып: «Бұл раһибтің алдында Мұхаммедтің қадірі қаншалықты жоғары екен!» – десті.
Сонда Бахира Әбу Тәліпке бұрылып, былай деді:
– «Бұл – пайғамбарлардың соңғысы әрі ең мәртебелісі. Оның діні бүкіл жер бетіне таралады және бұрынғы діндердің үкімін жояды. Бұл баланы Шамға апарма. Өйткені Исраил ұлдары оған дұшпан. Олар оның мүбәрәк денесіне зиян келтіре ме деп қорқамын. Ол туралы көптеген уәде мен ант алынған».
Әбу Тәліп сұрады:
– «Бұл қандай уәде мен ант?» Бахира жауап берді:
– «Аллаһу та’ала барлық пайғамбарлардан, ең соңында Иса алейһиссаламнан, ақырзаман Пайғамбарының келетінін үмметтеріне білдіру туралы сөз алған».
Бахираның бұл сөздерінен кейін Әбу Тәліп Шамға барудан бас тартты. Ол тауарларын Бусрада сатып, Меккеге қайтты.12 Бахирадан естігендері Әбу Тәліптің құлағында өмір бойы жаңғырып тұрды. Ол Пайғамбарымызды бұрынғыдан да қатты жақсы көрді. Оны өлгенше қорғады және оның барлық ісінде көмекші болды.
Көкесі Зубәйрмен Йеменге баруы
Әр жағынан қасиеттер мен көркемдіктер иесі болған теңдессіз адам – сүйікті Пайғамбарымыз өсіп, он жеті жасқа толған еді. Сол кезде саудамен Йеменге баратын көкесі Зубәйр саудасы берекелі болсын деп, оны да өзімен бірге алып кетті. Бұл сапарда да оның көптеген ғажайып жағдайлары көрінді. Меккеге қайтып келгенде, оның бұл жағдайлары айтылды да, Құрайыш тайпасы арасында: «Оның мәртебесі өте жоғары болады», – деп айта бастады.13
