Сүйікті Пайғамбарым

ОНЫҢ ЖАСТЫҚ ШАҒЫ ЖӘНЕ ҮЙЛЕНУІ

Жастық шағы

Барлық жағынан адамдардың ең абзалы болған Мұхаммед алейһиссалам жастық шағында-ақ Мекке халқы арасында құрдастарынан әлдеқайда ұнамды еді. Оны көркем мінезі, адамдарға бұрын-соңды болмаған жақсы мәміле жасауы, байсалдылығы, жұмсақтығы және басқа да асыл қасиеттері үшін жақсы көрді. Адамдар оның бұл қасиеттеріне тамсанатын. Ондағы таңқаларлық шыншылдық пен сенімділікті көрген меккеліктер оған «әл-Әмин», яғни «әрдайым сенуге болатын адам» деген лақап берді. Осылайша, ол жастық шағында осы есіммен атақты болды.

Пайғамбарымыздың жастық шағында арабтар қараңғы жаһилия (надандық) дәуірін бастан кешіп жатқан еді. Пұтқа табыну, ішімдік, құмар, зина, өсімқорлық және басқа да көптеген жиіркенішті істер олардың арасында кең тараған еді. Мұхаммед алейһиссалам олардың бұл бұзық күйлерінен қатты жиіркенетін, олардың әрбір жамандығынан әрдайым аулақ жүретін. Бүкіл Мекке халқы оның бұл мінезін білетін және таң қалатын. Пұттарды қатты жек көргендіктен, ол олардың қасына ешқашан жоламайтын. Пұттар үшін шалынған құрбандықтардың етінен мүлде жеген жоқ. Балалық және жастық шағында ол өзінің қойларын Жияд тауы мен оның маңында бағып, күнкөрісін осылай табатын. Осылайша, ол шектен тыс бұзылған қоғамнан аулақ жүрді. Бір жолы ол құрметті сахабаларға: «Қой бақпаған бірде-бір пайғамбар жоқ», – деді. Олар: «Йа, Расулаллаһ! Сіз де бақтыңыз ба?» – деп сұрағанда, ол: «Иә, мен де бақтым», – деді.

Сүйікті Пайғамбарымыз жиырма жас шамасында болғанда, Меккеде тыныштық пен тәртіп мүлде бұзылған еді. Зұлымдық шектен тыс тарап, малдың да, жанның да, ар-намыстың да қауіпсіздігі қалмады. Меккенің жергілікті халқы сауда жасау және Қағбаны зиярат ету үшін келген бөтен адамдарға әділетсіздік жасап, қысым көрсететін. Зұлымдық көрген адамдар өз хақтарын алу үшін жүгінетін жер таба алмайтын. Сол кезде сауда мақсатымен Меккеге келген йемендік бір саудагердің тауарларын Ас бин Уәил деген бір меккелік күштеп тартып алды. Осы оқиғадан кейін йемендік Әбу Қубайс тауына шығып, айқайлап, хақын қайтарып алу үшін тайпалардан көмек сұрады. Зұлымдықтың шегіне жеткенін көрсеткен осындай оқиғалардан кейін Хашим және Зухра ұлдары мен басқа тайпалардың игі жақсылары Абдуллаһ бин Жуд’анның үйіне жиналды. Олар жергілікті болсын, бөтен болсын, ешкімге зұлымдық пен әділетсіздік жасалмауына, зұлымдыққа жол бермеуге және әділетсіздік көргендердің хақтарын қайтаруға шешім қабылдады. Осы мақсатпен олар бір әділет одағын құрды.1

Сүйікті Пайғамбарымыз жас кезінде қатысқан және құрылуына да зор үлес қосқан бұл одақ Хилфул-фудул деп аталды.

Бұған дейін Фадл есімді екі кісі және Фудайл есімді бір кісі де осындай бір одақ құрған еді. Бұл атау олардың бұрын құрған одағына телініп қойылған еді.

«Міне, қандай кемел адам екенін бүкіл дүние растаған Мұхаммед алейһиссаламды өте шыншылдығы мен адалдығы себепті оның ең үлкен дұшпандары, азғын кәпірлер де Мұхаммедул-Әмин (Сенімді Мұхаммед) деп атайтын» Hüseyin Hilmi bin Sa’îd (рахматуллаһи алейһ)

Арабстан және оның айналасындағы атақты жәрмеңкелер мен базарлар

Адамға келер өз несібесі,
ғаріпті құр қалдырмас ешкім.
Не етсін Әйубидің жаны,
жан сүйері шат болмаса егер?
Шаһым, Кибриядың хабибі,
Жамалың – әр дертке дауа.
Саған қалай болар уафа,
ғашық жанын бермесе егер?

Бұл одақ зұлымдыққа тосқауыл қойып, Меккедегі бұзылған тәртіпті қайта орнатты. Оның ықпалы ұзақ уақыт жалғасты. Өзіне пайғамбарлық білдірілгеннен кейін Расулуллаһ бұл туралы құрметті сахабаларға айтып беріп, былай деді: «Абдуллаһ бин Жуд’анның үйінде жасалған анттасуға мен де қатыстым. Ол анттасу мен үшін қызыл жүнді түйелерге (байлыққа) ие болудан да қымбатырақ. Қазір де мені сондай бір жиынға шақырса, қабыл алар едім».2

Саудамен айналысуы

Меккеліктер ежелден саудамен айналысып, күнкөрісін осы жолмен табатын. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) көкесі Әбу Тәліп те саудамен айналысатын. Сүйікті Пайғамбарымыз жиырма бес жас шамасында болғанда, Меккеде күнкөріс қиындығы әбден күшейді. Сондықтан меккеліктер Шамға бару үшін үлкен сауда керуенін әзірледі. Сол күндері Әбу Тәліп Расулуллаһқа келіп, былай деді: «Ей, қадірлі бауырымның ұлы! Кедейлік шегіне жетті. Жұт пен күреспен өткен соңғы жылдар қолымызда ештеңе қалдырмады. Міне, Құрайыш керуені әзірленіп, Шамға аттанғалы тұр. Хадиша ханым да керуенмен тауар жібереді. Ол бұл істі атқаратын сенімді адамдар іздеп жүрген шығар. Оған, сөзсіз, сен сияқты сенімді, таза әрі адал адам керек. Барып сөйлесіп, сенің оның өкілі болып баруыңа қол жеткізсек, жақсы болар еді. Ол, күмәнсіз, сені басқалардан артық көреді. Шындығында мен сенің Шамға барғаныңды қаламаймын, өйткені ондағы яһудилердің саған зиян келтіруінен қорқамын. Бірақ басқа амал да таба алмай тұрмын». Пайғамбарымыз оған: «Қалай қаласаң, солай ет», – деді.

Хазреті Хадиша сұлулығымен, байлығымен, ақылымен, ибалылығымен, ұяңдығымен және әдебімен Арабстанда үлкен атаққа ие болған ханым еді. Сондықтан жан-жақтан оған үйленгісі келетін, оған ынтық болған адамдар өте көп еді. Бірақ көрген бір түсіне байланысты ол ешкімге назар аудармаған еді. Түсінде көктен ай түсіп, оның қойнына кірген, айдың нұры оның қолтығынан шығып, бүкіл әлемді нұрландырған еді. Таңертең ол бұл түсті туысы Уарақа бин Нәуфәлге айтып берді. Уарақа былай деді: «Ақырзаман Пайғамбары дүниеге келді. Ол саған үйленеді және сенің заманыңда оған уахи3 түседі. Оның дінінің нұры әлемді толтырады. Оған ең алдымен сен иман келтіресің. Ол Пайғамбар Құрайыштан және Бәни Хашимнен болады».

Хазреті Хадиша бұл жауапқа қатты қуанып, сол Пайғамбардың келуін күте бастады.

Хазреті Хадиша саудамен айналысып, келіскен адамдарымен серіктестік құратын. Әбу Тәліп хазреті Хадиша анамызға жағдайды айтып берді. Содан кейін хазреті Хадиша Расулуллаһты көріп, сөйлесу үшін үйіне шақырды.

Ол келгенде, ханым оны үлкен ізет пен құрметпен қарсы алды. Пайғамбарымыздың сыпайылығын, пәк әрі таза жүзін көріп, тәнті болды. Ол Расулуллаһқа былай деді: «Сіздің шыншыл, сенімді, адал әрі көркем мінезді екеніңізді білемін. Бұл іс үшін ешкімге бермеген ақының бірнеше есе артығын беремін…» Ақының мөлшері туралы да келіскеннен кейін, хазреті Хадиша анамыз Расулуллаһқа бұл қызметте керек болатын киімдерді беріп, көңілі жай тауып, оны үйінен шығарып салды. Сондай-ақ ол Расулуллаһ жолда кисін деп Мәйсәраға басқа да қымбат киімдер берді.

«Бір мұсылман халал табыс тауып, ешкімге мұқтаж болмаса әрі көршілеріне, туыстарына көмектессе, қиямет күні он төртінші түнгі айдай жарқырап, нұрлы болады» Хадис шәриф

Хазреті Хадиша анамыз пайғамбарлық белгілерін көкесінің ұлы, білімді христиан Уарақа бин Нәуфәлден білген еді. Расулуллаһтың бұл келуінде де ол оның бойынан пайғамбарлық сипаттарын таныды. Сондықтан ол Мәйсәра деген құлына былай деді: «Керуен Меккеден шыққанда, меккеліктер өсек айтпасын деп, түйенің ноқтасын Мұхаммед алейһиссаламның қолына бер. Қаладан алыстап, көзден таса болғанда, оған мына қымбат киімдерді кигіз».

Сосын ол түйелерінің ең әдемісін сұлтандарға лайық етіп әбзелдеді де, Мәйсәраға былай деді: «Оны осы түйеге үлкен құрметпен мінгізіп, ноқтасын қолыңа ал және өзіңді сол хазреттің қызметшісі деп біл! Оның рұқсатынсыз ешбір іс істеме, оны сақтау, қауіп-қатерден қорғау үшін жаныңды аяма! Барған жерлеріңде көп кідірмей, тез оралыңдар, Хашим ұлдарының алдында ұятқа қалмайық. Егер осы айтқандарымды бұлжытпай орындасаң, сені азат етемін және қалағаныңша мал беремін».

Керуен әзір болды. Меккеліктер жақындарымен қоштасу үшін үлкен топ болып жиналды. Сүйікті Пайғамбарымыздың туыстары, көкелері және Хашим ұлдарының үлкендері де сонда еді. Пайғамбарымыздың әкесінің қарындасы Аллаһу та’аланың Расулын (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қызметші киімінде және түйенің ноқтасын қолына ұстаған күйде көргенде, тізесінің дәрмені кетті. Ол еңіреп жылады. Аһ ұрып, көзінен жас төгіп, ол өз қасіретін былай білдірді: «Ей, Абдулмутталиб! Ей, Зәмзәм құдығын қазған ұлы адам! Ей, Абдуллаһ! Қабірлеріңнен тұрып, бастарыңды бері бұрып, мына мүбәрәктің халін көріңдер!» Әбу Тәліп те дәл осындай сезім мен күйде еді. Расулуллаһтың Хақты көрген мүбәрәк көздерінен інжудей жас төгілді де, ол: «Мені ұмытпаңдар. Ғаріп жерде қайғы-қасірет шеккенімді еске алыңдар», – деді. Бұл сөздерді естігендердің бәрі жыласты. Көктегі періштелер де бұл жағдайға ортақтасып: «Йа, Раббымыз! Бұл – Сен Өзіңе хабиб етіп, ең ұлы мақамды сыйлаған Мұхаммед алейһиссалам. Бұл жағдайдың хикметі неде?» – деді. Сонда Аллаһу та’ала оларға былай деді: «Иә, ол – Менің Хабибім. Бірақ сендер махаббаттың сырын біле алмайсыңдар. Сүйілуші мен сүюші арасындағы сырларға жете алмайсыңдар. Бұл мақамды ешкім білмейді. Бұл жасырын істен ешкім ештеңе түсінбейді».

Ақыры керуен қозғалып, Мекке көрінбей қалғанда, Мәйсәра бұйрық бойынша сүйікті Пайғамбарымызға қымбат киімдерді кигізді. Ол оны түрлі маталармен жабылған әрі өте әдемі безендірілген түйеге мінгізді. Ал ноқтасын өз қолына алды.

Бұл сапарда керуендегілер әлемдерге рақым етіп жіберілген сүйікті Пайғамбарымыздың үстінде оған көлеңке түсіретін бір бұлт пен құс кейпіне енген екі періштенің сапар біткенше онымен бірге жүргенін көрді.4

Жолда жүре алмайтындай болып шаршап, керуеннен қалып қойған екі түйенің аяқтарын ол мүбәрәк қолымен сипағанда, түйелер кенеттен жылдамдап кетті. Мұны және соған ұқсас тағы көптеген жағдайларды көргенде, олар оны шексіз жақсы көріп, оның мәртебесі өте ұлы болатынын түсінді.

Бусра деген жерге жеткенде, олар тағы да ондағы ғибадатхананың қасына аялдады. Көптеген белгілерден оның соңғы пайғамбар болатынын түсініп, мұны айтқан раһиб Бахира қайтыс болып, оның орнына Настура есімді басқа бір раһиб қалған еді. Ғибадатхананың жанына келіп қонған Құрайыш керуенін бақылап отырған раһиб Настура жақын жердегі қураған бір ағаштың астына біреудің отырғанын және ағаштың сол сәтте көгеріп шыға келгенін көріп, Мәйсәрадан: «Ана ағаштың астындағы кісі кім?» – деп сұрады. Мәйсәра: «Бұл – Құрайыш тайпасынан, Харам тұрғындарынан бір кісі», – деді. Раһиб: «Осы уақытқа дейін бұл ағаштың астына пайғамбардан басқа ешкім отырған емес», – деді. Сосын ол: «Оның көздерінде аздап қызылдық бар ма?» – деп сұрады. Мәйсәра: «Иә, бар, ол оның көздерінен ешқашан кетпейді», – деді. Сонда Настура былай деді: «Иса алейһиссаламға Інжілді түсірген Аллаһу та’аланың хақы үшін, бұл кісі соңғы пайғамбар болады. Әттең, оған пайғамбарлық әмір етілетін заманға дейін жетсем ғой!»

Мұхаммед алейһиссалам Бусра базарында Хадиша ханымның тауарларын сатып жатқанда, онымен саудаласқан бір яһуди оған сенбей: «Лат пен Узза деген пұттардың атымен ант ет, сонда сенемін», – деді. Сонда Мұхаммед алейһиссалам былай деді: «Мен ол пұттардың атымен ешқашан ант етпеймін! Олардың қасынан өткенде, мен жүзімді басқа жаққа бұрамын». Оның бойындағы басқа белгілерді де көрген яһуди: «Сөз – сенікі. Аллаһпен ант етемін, бұл кісі пайғамбар болатын адам», – деді де: «Біздің ғалымдарымыз кітаптардан оның сипатын тапқан», – деп, тамсанғанын білдірді.

Мәйсәра Расулуллаһтан көрген және ол туралы естіген әрбір нәрсені зердесіне өрнектей тоқыды, оған деген тәнтілігі күннен-күнге арта түсті. Мәйсәраның жүрегінде Әлемдердің мырзасына деген зор махаббат пайда болды. Енді ол оған ләззат пен құрметпен қызмет етіп, оның ең кішкентай ишаратын да үлкен ғашықтықпен орындайтын. Апарылған тауарлар сатылып, Пайғамбарымыздың берекесімен әдеттегіден бірнеше есе көп пайда түсті. Керуен кері қайтты. Мәрруз-Захран деген жерге жеткенде, Мәйсәра сүйікті Пайғамбарымызға Меккеге сүйінші хабар апаруды ұсынды. Ол мұны қабыл алып, керуеннен бөлініп, Меккеге қарай түйесін жылдамдатты.

Нәфиса бинт Муния ханым былай деп баяндаған: «Керуеннің оралатын уақыты жақындаған еді. Хадиша ханым күн сайын қызметшілерімен бірге үйінің төбесіне шығып, керуеннің жолын күтетін. Міне, сондай бір күні мен Хадишаның қасында едім. Кенеттен алыстан түйеге мінген бір кісі көрінді. Оның үстінде бір бұлт пен құс кейпіне енген екі періште оған көлеңке түсіріп тұрды, Пайғамбарымыздың мүбәрәк маңдайындағы нұр айдай жарқырап тұрды. Хадиша ханым келе жатқан кісінің кім екенін түсініп, көңілі жайланды. Бірақ білмегенсіп: „Мына ыстық күні келе жатқан кім болды екен?“ – деп сұрады. Қызметшілер: „Мына келе жатқан Мұхаммедке (алейһиссалам) ұқсайды“, – деді де, көргендеріне таң қалды».

Көп ұзамай Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Хадиша анамыздың үйіне келіп, жағдайды айтып берді. Әкелген сүйінші хабарымен ол оны қатты қуантты.

Біраздан кейін керуен Меккеге кірді. Мәйсәра хазреті Хадиша анамызға сапар кезінде Пайғамбарымызға көлеңке түсірілгенін, раһиб Настураның айтқандарын, әлсіз түйелердің қалай жылдамдағанын және соған ұқсас көрген көптеген ғажайып жағдайларды бір-бірлеп айтып берді. Ол Пайғамбарымызды тілі жеткенше мақтады. Хазреті Хадиша бұларды білетін, бірақ бұл сөздер оның сенімін одан әрі арттырды. Ол Мәйсәраға: «Мына көргендеріңді ешкімге айтпа!» – деп ескертті.5

«Мен ол пұттардың атымен ешқашан ант етпеймін! Олардың қасынан өткенде, мен жүзімді басқа жаққа бұрамын» Хадис шәриф

Хадиша анамыз бұл естігендерін хабарлау үшін Уарақа бин Нәуфәлге барды. Болған жағдайларды зор тәнтілікпен тыңдаған Уарақа былай деді: «Ей, Хадиша, егер мына айтқандарың рас болса, Мұхаммед алейһиссалам осы үмметтің пайғамбары болады».

Пайғамбарымыз 12 жасында көкесі Әбу Тәліппен бірге сауда үшін Бусраға дейін, 17 жасында көкесі Зубәйрмен бірге Йеменге, 20 жасында хазреті Әбу Бәкірмен бірге Шамға, ал 25 жасында хазреті Хадиша анамыздың тауарларын сату үшін тағы да Шамға барды.6 Осылайша ол барлығы төрт рет сапарға шықты. Бұл сапарларынан басқа ол ешқайда сапар шеккен жоқ.

Хазреті Хадиша анамызға үйленуі

Хазреті Хадиша анамыз Уарақа бин Нәуфәл берген сүйінші хабардан кейін және сүйікті Пайғамбарымыздың көркем қасиеттерін көргенде, оның зайыбы болып, оған қызмет ету мәртебесіне жетуге ниеттенді. Нәфиса бинт Муния мұны сезіп, араға түсті. Осы ниетпен ол Расул-и әкрамның биік құзырына келіп: «Ей, Мұхаммед! Сізді үйленуден не тосып тұр?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Үйлену үшін қолымда жеткілікті ақша жоқ», – деді. Нәфиса ханым: «Ей, Мұхаммед! Егер ибалы әрі мәртебелі, мал мен жамал иесі болған бір ханымға үйленгіңіз келсе, мен сізге қызмет етуге әзірмін», – деді. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Ол ханым кім?» – деп сұрады. Ол: «Ол – Хадиша бинт Хууәйлид», – деді. Расулуллаһ: «Бұл іске кім дәнекер болады?» – деп сұрағанда, ол: «Бұл істі мен атқарамын», – деді де, оның құзырынан кетті. Ол хазреті Хадишаға барып, оған сүйінші хабарды жеткізді. Хазреті Хадиша туыстары Амр бин Әсад пен Уарақа бин Нәуфәлді шақырып, жағдайды айтты. Ол Расулуллаһқа да хабар жіберіп, оны белгілі бір уақытта келуге шақырды. Әбу Тәліп пен оның бауырлары да дайындалып, Пайғамбарымызбен бірге барды.

Хазреті Хадиша анамыз үйін жинап, безендірді. Осы күннің шүкірі ретінде ол барлық әшекейлерін қызметшілеріне сыйлады. Сосын оларды азат етті. Расулуллаһ көкелерімен бірге Хадиша анамыздың үйіне келді. Әбу Тәліп былай деді: «Бізді Ибраһим алейһиссаламның ұрпағынан және Исмаил алейһиссаламның әулетінен еткен Жаратушымызға хамд болсын. Ол бізді Бәйтуллаһтың сақшылары етті. Адамдарға құбыла болған және әлемдер тауап ететін сол мүбәрәк үйді, Өзі әрбір жамандықтан қорғаған Харам-и шәрифті бізге нәсіп етті. Бауырым Абдуллаһтың ұлы Мұхаммед сондай адам: Құрайыштан кіммен салыстырсаң да, ол артық шығады. Иә, оның малы аз, бірақ малға қарап баға берілмейді. Өйткені мал – көлеңке сияқты: қолдан-қолға өтіп, кете береді. Бауырымның ұлының абыройы мен артықшылығы бәріңізге мәлім. Енді ол Хадиша бинт Хууәйлидті халал жұбайлыққа сұрап отыр. Менің малымнан қанша мәһр7 берілуін қалайсыздар? Ант етемін, Мұхаммедтің мәртебесі, сөзсіз, биік болады». Уарақа бин Нәуфәл бұл сөздерді растады.

Хадиша анамыздың көкесі Амр бин Әсад: «Куә болыңдар: мен Хадиша бинт Хууәйлидті Мұхаммед алейһиссаламға әйелдікке бердім», – деді. Осылайша неке шарты жасалды. Бір риуаят бойынша мәһр 400 мысқал алтын, бір риуаят бойынша бес жүз дирхам, ал басқа бір риуаят бойынша 20 түйе болған.8

Үйлену тойына арнап Әбу Тәліп бір түйе сойып, сол күнге дейін болмаған бір зияпат берді. Неке қиылды. Хазреті Хадиша анамыз бүкіл байлығын Пайғамбарымызға сыйлап: «Бұл малдардың бәрі сіздің ұлы тұлғаңызға тиесілі. Ал мен сізге мұқтажбын әрі сізге қарыздармын», – деді.

Хазреті Хадиша анамыз бүкіл отбасылық өмірі бойы Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламға әрдайым қызмет етіп, оның көмекшісі болды. Пайғамбарымыздың бұл некесі Хадиша анамыз қайтыс болғанға дейін жиырма бес жылға созылды. Оның он бес жылы бисғаттан бұрын, он жылы бисғаттан (пайғамбарлық білдірілгеннен) кейін болды. Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам алғашқы зайыбы хазреті Хадиша тірі кезінде басқа ешкімге үйленген жоқ. Олардың екі ұл, төрт қыз – алты баласы болды. Олар: Қасым, Зейнеп, Руқия, Үммү Гүлсім, Фатима және Абдуллаһ (Таййиб немесе Тахир). Пайғамбарлық кезеңінде үйленген хазреті Мариядан да оның Ибраһим есімді бір ұлы болды. Басқа зайыптарынан баласы болмады. Зейнеп – қыздарының ең үлкені еді. Ең кіші қызы Фатима әкесінің ең сүйіктісі еді. Ол хижреттен он үш жыл бұрын дүниеге келді. Ер балалары жас кезінде қайтыс болды, хазреті Фатимадан басқа барлық қыздары да одан бұрын қайтыс болды. Фатима анамыз Пайғамбарымыздан алты ай кейін қайтыс болды. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның ұрпағы хазреті Фатиманың балалары арқылы жалғасты.9

Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Хадиша анамызға үйленгеннен кейін де саудамен айналысты. Табыстарымен олар қонақтарды құрметпен күтіп, жетімдер мен кедейлерге көмектесетін.

Зәйд бин Хариса

Зәйд бин Хариса кішкентай кезінде анасы Су’дамен бірге туыстарын зиярат етуге барған еді. Сол кезде оларға басқа бір тайпа шабуыл жасады. Зәйдті тұтқынға алды. Оны Меккеге, Сук-и Указ деп аталатын жәрмеңкеге әкеліп, сатуға шығарды. Хазреті Хадишаның бауырының ұлы Хаким бин Хизам Зәйдті 400 дирхамға сатып алды. Хаким бин Хизам Зәйд бин Харисаны әкесінің қарындасы хазреті Хадишаға сыйлады, ал ол Пайғамбарымызға сыйлады. Пайғамбарымыз оны дереу азат етіп, қасында алып қалды. Өйткені азат болған Зәйд бин Харисаның баратын жері де жоқ еді, әрі оған Расулуллаһтан жақсырақ қарайтын ешкімі де жоқ еді. Ол да Расулуллаһтың қасында қуана-қуана қалды.

Пайғамбарымыз пайғамбарлығы білдірілмес бұрын да әділдік, ынсап, мейірім, адамды сүю, ашық жүзділік, кәрам, жомарттық, уәдеге беріктік, аманатқа адалдық, қайырымдылық, жанкештілік, сенімділік, зұлымдық көргенді, әлсізді, кедейді қорғау, балаларға махаббат пен ықылас көрсету, адалдық, шыншылдық, сыпайылық, кішіпейілділік, орташылдық, адамдарды көркем түрде басқару, ерлік пен батырлық сияқты көрінетін-көрінбейтін, белгілі-белгісіз әрбір көркем мінезді кемелдендіру үшін жаратылған еді. Ол келген және келетін барлық жаратылыстан әр жағынан абзал еді, әркімнің сенімін ақтап, «әл-Әмин» деген лақап алған еді. Зәйд бин Хариса одан көрген көркем мәміле үшін Пайғамбарымызды әкесінен де, анасынан да артық жақсы көріп, оның қасынан еш кеткісі келмейтін.

«Бұл малдардың бәрі сіздің ұлы тұлғаңызға тиесілі. Ал мен сізге мұқтажбын әрі сізге қарыздармын» Хадиша Кубра (радиаллаһу анһа)

Анасы мен әкесі ұлдарын қайда алып кеткенін, оған не істегенін білмейтін. Әкесі Хариса перзент отына күйіп-жанып, ел кезіп ұлын іздейтін. Ол Йеменнен түрлі елдерге баратын туыстары мен таныстарына ұлы Зәйд туралы бір хабар әкелуді қатаң тапсырып, өлең шығарып, көз жасын төгетін:

Зәйдім үшін жыладым; білмеймін, оған не болды?
Тірі ме ол, әлде оны ажал алды ма?
Сұрама, ей, көңіл, бекер оны!
Біле алмассың: қабірі – жазықта ма, әлде құзда ма.
Ұлына деген сағынышын білдірген тағы бір өлеңі мынау:
Зәйдім, балам! Кеткеннің қайтарын білсем ғой, аһ!
Аллаһпен ант етемін, сенен басқа ешкімнің қайтуын қаламаймын.
Жел соққанда, қай жерде бір бала көрсем, еске аламын оны,
ал күн әр таң сайын шығарда еске салады сені.
Зар, бауыр етім үшін мыңдаған зар,
атыма мініп іздеймін, халім ауыр болса да.
Мен де, атым да білмейміз жалығуды да, шаршауды да,
ұлым табылып, алдымнан шығуы мүмкін тұрғанда.
Үміт адамды қаншалық алдаса да, ақыры ол – өткінші,
Ұлдарым! Қайс, Амр, Язид, Жәбәл! Зәйдім сендерге аманат.

Ақыры, ислам келмей тұрып-ақ, Бәни Кәлб тайпасынан Қағбаны зиярат етуге келген кейбір адамдар хазреті Зәйдті көріп, таныды. Хазреті Зәйд оларға: «Отбасымның мені сағынып зар илейтінін білемін; мына бәйіттерді оларға жеткізіңдер», – деп, мына өлеңді айтты:

Жүрегім жанады; алыстамын мен ұямнан,
бірақ Қағбаға көршімін, алыс болсам да анам-атамнан.
Қайғыларың жүректеріңді күйдірмесін,
мен үшін зарларың Аршқа дейін көтерілмесін.
Мәулаға хамд болсын, мен сондай бір ұядамын,
көрген мәртебем мен игілігім үшін әрдайым дұғадамын.

Бұл хабарды естіген Хариса қатты қуанды. Ол дереу бауыры Ка’бпен бірге мол ақша алып, Меккеге келді. Меккеге жеткенде, Пайғамбарымыздың үйін біліп, оның құзырына келді де, былай деді: «Ей, Құрайыш қауымының мырзасы, ей, Абдулмутталибтің немересі, ей, Бәни Хашим әулетінің ұлы! Сіздер Харам-и шәрифтің көршісісіздер. Қонақтарды құрметтеп, тұтқындарға жақсылық жасап, оларды тұтқыннан босатасыздар. Сізде құл болып жүрген ұлымызды босату үшін қанша ақша қаласаңыз, соны берейік; оны азат етіңіз, өтінемін, бұл тілегімізді қайтармаңыз!» Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деді: «Зәйдті шақырып, оған жағдайды білдірейік. Оған ерік берейік. Егер ол сіздерге баруды таңдаса, сіздер ешқандай ақша бермей-ақ оны алып кете аласыздар. Егер ол мені таңдап, менің қасымда қалғысы келсе, Аллаһпен ант етемін, мені таңдаған адамды мен ешкімге тастамаймын, ол менің қасымда қалады».

Хариса мен оның бауыры Пайғамбарымыздың бұл жауабына қатты риза болып: «Сен бізге өте әділ әрі ынсапты мәміле жасадың», – десті.

Сонда Пайғамбарымыз Зәйдті құзырына шақырып, одан: «Сен мыналарды танисың ба?» – деп сұрағанда, ол: «Иә, бірі – әкем, екіншісі – көкем», – деді. Сонда ол былай деді: «Ей, Зәйд! Сен менің кім екенімді білдің, саған деген мейірімімді, рақымымды, мәмілемді көрдің. Бұлар сені алып кетуге келіпті. Олай болса, не мені таңдап, менің қасымда қал, не оларды таңдап, кет».

Әкесі мен көкесі енді ол бізді таңдайды, Зәйдті алып кетеміз деп күтіп тұрған еді. Зәйд былай деді: «Мен ешкімді сізден артық көрмеймін. Сіз маған әрі көкем, әрі әкем орнындасыз. Мен сіздің қасыңызда қалғым келеді».

Әкесі мен көкесі таңғалғаннан не дерлерін білмей қалды. Әкесі ашуланып, Зәйдке: «Ұят-ай саған! Демек, сен құлдықты азаттықтан, анаңнан, әкеңнен және көкеңнен артық көресің!» – деді. Зәйд әкесіне: «Әкетай, мен бұл кісіден сондай мейірім мен мәміле көрдім, енді ешкімді одан артық көре алмаймын», – деп жауап берді.

Пайғамбарымыз Зәйдті қатты жақсы көретін. Оның өзіне соншалық берілгенін және жақсы көретінін көргенде, ол оны Қағба-и Муаззаманың жанындағы Хижрге алып барып, ондағыларға қарата: «Куә болыңдар: Зәйд – менің ұлым. Ол маған мұрагер, мен оған мұрагермін», – деді. Мұны көргенде, Зәйдтің әкесі мен көкесінің ашуы басылды. Олар қуанып, өз елдеріне қайтты. Осыдан кейін құрметті сахабалар Зәйдті Зәйд бин Мұхаммед (Мұхаммедтің ұлы Зәйд) деп атай бастады. Кейіннен Аллаһу та’ала Ахзаб сүресінің бесінші аятындағы: «Балаларыңды әкелерінің есімімен атаңдар, бұл Аллаһтың алдында дұрысырақ» және қырқыншы аятындағы: «Мұхаммед (алейһиссалам) сендердің ер адамдарыңның ешқайсысының (Зәйд сияқты) әкесі емес» деген әмірлерімен бала асырап алуды жойған соң, хазреті Зәйд әкесінің есімімен, яғни «Харисаның ұлы Зәйд» (Зәйд бин Хариса) деп атала бастады.10

Қағба ісінде төреші болуы

Расулуллаһ отыз бес жас шамасында болғанда, Қағба ісінде төреші болды. Ол кезде жаңбырлар мен селдер Қағбаның қабырғаларын әбден тоздырған еді. Сондай-ақ шыққан бір өрт Қағбаны қиратқан еді.11 Ғимаратты қайта салу керек болды. Сондықтан Құрайыш тайпасы Қағбаны Ибраһим алейһиссалам салған іргетасқа дейін бұзып, оны қайтадан сала бастады. Әр тайпаға бір бөлігін беріп, олар қабырғаларды көтерді. Бұл істің үлкен мәртебе екенін білген тайпалар Хажар-и Әсуад тасын орнына қою мәселесінде келісе алмады. Әр тайпа бұл мәртебеге жеткісі келгендіктен, олардың арасында үлкен келіспеушілік шықты. Абдуддар ұлдары: «Бұл істі бізден басқа біреу істесе, қан төгеміз», – деп ант етті. Төрт-бес күнге созылған осы келіспеушілік салдарынан қан төгіле жаздады.

«Мен ешкімді сізден артық көрмеймін. Сіз маған әрі көкем, әрі әкем орнындасыз. Мен сіздің қасыңызда қалғым келеді» Зәйд бин Хариса (радиаллаһу анһу)

Ол күн дүйсенбі еді. Абдулмутталибтің нағашысы, жасы үлкен, құрметті кісі Хузәйфә бин Муғира Қағбаға ашылатын Бәни Шәйба қақпасын көрсетіп, былай деді: «Ей, Құрайыш жамағаты! Келісе алмаған істерің туралы үкім шығару үшін мына қақпадан бірінші болып кіретін кісіні араларыңда төреші етіңдер». Ондағылар бұл ұсынысты қабыл алып, Бәни Шәйба қақпасына қарап, бірінші болып кіретін әрі істің ең нәзік сәтінде бұл мәселені шешетін кісіні күте бастады. Ақыры олар қақпадан шыншылдығын, ұлы мінезін шексіз бағалайтын және әрдайым әл-Әмин, яғни «әрдайым сенуге болатын адам» деп атайтын Мұхаммед алейһиссаламның кіріп келе жатқанын көрді. Олар: «Міне, әл-Әмин. Біз оның үкіміне разымыз», – десті.

Жағдай сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламға айтылғанда, ол өз шапанын шешіп, жерге жайды. Ол Хажар-и Әсуадты мүбәрәк шапанының үстіне қойды да: «Әр тайпадан бір кісі оның бір шетінен ұстасын», – деді. Осылайша ол тасты қойылатын жеріне дейін көтерткізді.

Сосын тасты өзі құшақтап алып, мәртебелі қолдарымен орнына қойды. Шығайын деп тұрған үлкен қақтығыстан осылай құтылғанын көрген тайпалар бұл істен риза болды. Олар қабырғаларды тоқтаған жерінен жалғастырып, салып бітірді.12