ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ КЕЙБІР ЗӘУАИД СҮННЕТТЕРІ
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) істеген нәрселері үш түрге бөлінеді. Біріншісі – мұсылмандардың да істеуі тиіс нәрселер. Оларды «сүннет» деп атайды. Екіншісі – тек Пайғамбарымызға (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) ғана тән нәрселер. Оларды «хасаис» деп атайды. Оларды басқалардың істеуіне болмайды. Үшіншісі – әдет-ғұрыпқа байланысты нәрселер. Оларды әрбір мұсылман өзі тұрған жердің әдетіне сай істеуі тиіс. Әдетке сай келмейтіндей істелсе, бүлік (фитна) туады. Ал бүлік тудыру – харам.1
Пайғамбарымыз (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) өзі ғибадат ретінде істеген нәрселерді тастаған адамды айыптамаса, яғни оған ренжімесе, мұндай ғибадаттарды «сүннет-и һуда» деп атайды. Егер оларды үздіксіз істеген болса, оларды «сүннет-и муәккәда» деп атайды. Расулуллаһтың әдет ретінде істеген нәрселерін «сүннет-и зәида» немесе «мустахаб» деп атайды.2 Мысалы, жақсы істерді оң жақтан бастау, оң қолмен істеу, сондай-ақ үй салуда, тамақ ішуде, су ішуде, отыруда, тұруда (жатуда), киімде, құрал-жабдықта оның істеген және қолданған нәрселері – осындай. Кейін пайда болған нәрселерді «бидғат» деп атайды. Ұн елегін, қасықты қолдану сияқты «әдеттегі бидғат» болған нәрселерді, яғни кейін пайда болған әдеттерді істеу адасушылық (заләләт) болмайды. Ол күнә болмайды. Бұдан мынау түсінікті: үстел басында тамақ ішу, шанышқы, қасық қолдану, кереуетте ұйықтау, конференцияларда, мектептерде әдеп және ғылым сабақтарында радио, теледидар және магнитофон қолдану, әр түрлі көлікке міну, көзілдірік, есептеу машинасы сияқты ғылыми құралдарды пайдалану жаиз. Өйткені бұлар – әдеттегі бидғаттар. Әдеттегі бидғаттарды, жаңалықтарды харам істеуге қолдану – харам. Намазда, азанда және мешіттегі уағызда, хұтбада радио, дауыс зорайтқыш, магнитофон қолдану туралы «Se’âdet-i Ebediyye» және «İslâm Ahlâkı» кітаптарында кең мәлімет бар. Ғибадатта бидғат жасау, тіпті кішкене ғана өзгеріс енгізу өте үлкен күнә болады.3 Жиһад, яғни үкіметтің, әскердің дұшпандармен соғысуы – ғибадат. Бірақ соғыста әр түрлі ғылыми құралдарды қолдану бидғат болмайды. Керісінше, бұл өте көп сауап болады. Өйткені соғыста әр түрлі ғылыми құралдарды қолдану әмір етілді. Ғибадаттарда әмір етілген нәрселерді істеуге көмектесетін жаңалықтарды істеу керек. Тыйым салынған нәрселерді істеуге көмектесетін жаңалықтар, өзгерістер енгізу бидғат болады. Мысалы, азан айту үшін мұнараға шығу керек, өйткені оны биік жерде айту әмір етілді. Бірақ азанды дауыс зорайтқышпен айту бидғат, өйткені оны құралмен айту әмір етілмеді. Оны адамның айтуы әмір етілді. Бұдан басқа, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) намаз уақыттарын білдіру немесе басқа ғибадаттарды орындау үшін қоңырау соғу, керней тарту сияқты музыкалық аспаптарды қолдануға тыйым салды.4
«Әдетке байланысты нәрселерде де Расулуллаһқа ілесу адамға дүниеде де, ахиретте де көп нәрсе алып береді және түрлі бақытқа жол ашады» Мәктубат-и Раббани, II, 5-хат
«Сүннет-и һуда» деп аталатынды тастау – мәкруһ. Ал «сүннет-и зәида» деп аталатынды тастау мәкруһ емес.5
Пайғамбарымыздың тазалыққа, ретке және тәртіпке берген мәні
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тазалыққа, ретке және тәртіпке өте үлкен мән беретін. Ол әр ісін оң жақтан бастауды, оң қолымен істеуді жақсы көретін.6 Тек истинжаны ғана сол қолымен жасайтын.
Мүмкіндігінше ол әр ісін тақ санмен істейтін. Ол: «Кімнің шашы болса, оны жақсы күтсін!» – дейтін.
Пайғамбарымыз мешітте отырғанда, оған шашы-сақалы ұйпа-тұйпа бір адам кірді. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Бұл адамның шашын жатқызатын гүл майы да табылмай ма?» – дегеннен кейін, оған қолымен дереу сыртқа шығып, шашын, сақалын ретке келтіруді ишара етті. Әлгі адам солай істеп қайтып келгенде, Пайғамбарымыз: «Біреулеріңнің осылай келгені жақсы ма, әлде шашы-сақалы шайтандікіндей ұйпа-тұйпа болып келгені ме?» – деді.
Ол сапарда да шөлмекпен май алып жүретін. Май жаққанда, басына алдымен жұқа орамал салып, бас киімін орамалдың үстінен киетін. Осылайша оның май жаққаны сырттан көрінбейтін. Пайғамбарымыз күн сайын сақалын екі рет тарайтын.
Әнәс бин Малик былай дейді: «Расул алейһиссалам мүбәрәк шашына жиі гүл майын жағып, мүбәрәк сақалын сумен дымқылдап тарайтын».7 Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүбәрәк сақалының ұзындығынан және екі жағынан аздап алатын. Жұма намазына шықпас бұрын ол мүбәрәк мұртын қысқартып, мүбәрәк тырнақтарының өскенін алатын. Мұсылмандарға да мұрттарын қысқартуды әмір ететін.
Пайғамбарымыз айнаға қараған сайын Аллаһу та’алаға хамд айтып: «Аллаһым! Менің сұлбамды көркем жаратқаныңдай, мінезімді де көркем ет!» – деп дұға ететін.
Пайғамбарымыз әр түні ұйықтар алдында мүбәрәк көздеріне үш рет сүрме тартатын. Ол мүбәрәк оң көзіне үш рет, мүбәрәк сол көзіне екі рет сүрме тартатын. Ол: «Сүрме тартыңдар! Өйткені ол көзді жарқыратады, шашты (кірпікті) өсіреді», – дейтін.8
Ислам ғалымдары ер адамға емделу үшін сүрме тартуға болатынын, ал сәндену үшін тартуға болмайтынын білдірді. Жамал мен зинат сөздерін бір-бірімен шатастыруға болмайды.
Жамал – ұсқынсыздықты кетіру, салмақты болу және шүкір ету үшін ниғметті көрсету деген сөз. Ниғметті көрсін деп, мақтану үшін көрсету жамал болмайды, тәкаппарлық болады. Расулуллаһ мисуак қолдануға өте үлкен мән беретін. Ол оны қасынан еш тастамайтын. Пайғамбарымыз: «Арак ағашының шыбығымен мисуак қолданыңдар!» – дейтін. Мисуак ауызға хош иіс береді. Пайғамбарымыз: «Ол менің де, менен бұрынғы пайғамбарлардың да сүннеті!» – деді.
Пайғамбарымыз былай деді: «Егер үмметіме қиындық тудырмасам, оларға әр намаз үшін мисуак қолдануды әмір етер едім!»9 «Сендерге мисуак қолдануды қатты кеңес беремін!»
«Мисуак – ауыздың тазалығы және Раббымның ризалығы!» Сүйікті Пайғамбарымыз үйіне кіргенде, оның алғашқы ісі мүбәрәк тістерін мисуакпен тазалау болатын. Қасында мисуак болмаса, ол ұйықтамайтын, ал оянғанда да мүбәрәк тістерін мисуакпен тазалаудан бастайтын. Түнде тәһәжжуд намазына тұрғанда да мүбәрәк тістерін мисуакпен тазалайтын.10 Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) анамыз: «Пайғамбар алейһиссалам бірде-бір түні немесе күні ұйықтап оянғаннан кейін дәрет алмас бұрын мисуак қолданбай қалған емес!» – деді. Сүйікті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ұлы Ибраһим қайтыс болған еді. Жерлегенде қабірге қойылған кірпіштердің бірі қисық тұрып қалды. Пайғамбарымыз араласып, оны түзетті. Ол қисық тұрған кірпіштің қайтыс болған адамға еш пайдасы да, зияны да жоқ екенін, бірақ ретсіздіктен өзінің көңілі алаңдағанын білдірді.
Пайғамбарымыздың Сәадат үйі
Сүйікті Пайғамбарымыз Мәдинада мешітін салдырғанда, мешіттің қасына кесекпен екі бөлме салдырып, үстерін құрма ағашының бөренелерімен және бұтақтарымен жаптырған еді. Мәсжид-и шәриф салынғанда, Айша мен Сәудә (радиаллаһу анһума) үшін бір-бір бөлме салынды. Хазреті Айша анамыздың бөлмесінің есігі мешітке баратын жолға қарайтын. Хазреті Сәудә анамыз үшін салынған бөлменің есігі мешіттің үшінші қақпасы – Әл-и Осман қақпасына қарай ашылатын. Пайғамбарымыз басқа әйелдер алғанда, бөлмелердің саны көбейіп, тоғызға жетті. Олар хазреті Айша анамыздың бөлмесі мен құбыланың арасына салынды. Бөлмелердің кейбірі кесектен, кейбірі тастан еді. Кейбірі құрма бұтақтарынан (Бағдат үлгісімен) жасалып, үстері балшықпен сыланған, төбелері де құрма бұтақтарынан жасалған еді. Хасан бин Әбул-Хасан (радиаллаһу анһу) былай дейді: «Мен жасөспірім кезімде Расулуллаһтың үйлеріне кіріп, қолымды созып, төбесіне жеткізген едім. Расулуллаһтың бөлмесінің жабыны кипарис немесе арша бөренесінің үстіне керілген жүн тоқымадан ғана тұратын».
Имам Бұхари білдіргендей, «Расулуллаһтың үйінің есігінде сақина болмаған, оны садақтың ұшымен қағатын». Мұхаммед бин Хилал мен Ата Хорасани Пайғамбарымыздың әйелдерінің бөлмелерін көріп, олардың құрма бұтақтарынан жасалғанын, есік орнына қара жүннен перделер ілінгенін білдірген. Өз көзімен көрген Дәуіт бин Қайстың сөзі бойынша, бөлмелердің есіктен бүйір қабырғаларға дейінгі ені әрқайсысында 6–7 зира11 (3–3,5 м) шамасында, ал ішкі тереңдігі шамамен он зира (4,8 м) болған. (Бір зира – 48 см.)
«Мисуак – ауыздың тазалығы және Раббымның ризалығы!» Хадис шәриф
Халифа Абдулмәліктің Пайғамбарымыздың әйелдеріне тиесілі бөлмелерді сатып алып, мешітке қосу туралы жарлығы келіп, Мәдинада оқылған күні көптеген адамдар көз жасын тыя алмады, мәдиналықтар Пайғамбарымыз қайтыс болған күндегідей жылады.12
Саид бин Мусәййаб та: «Аллаһпен ант етемін, олардың бұрынғы күйінде қалдырылуын қаншалықты қалар едім! Мәдиналықтардан жаңа өсіп келе жатқандар және Мәдинаға сырттан келгендер Расул алейһиссаламның өмірінде немен қанағат еткенін көретін еді, сонда адамдар мал-мүлкінің көп болуына және онымен мақтануға құмартпас еді», – деп, бұл туралы қайғысын білдірді.
Пайғамбарымыздың үй ішіндегі халі
Хазреті Хусейн былай деп баяндайды: «Мен әкемнен Пайғамбарымыздың үйдегі істері туралы сұрадым. Әкем былай деп айтып берді: Пайғамбарымыз үйіне кіргеннен бастап уақытын үшке – Аллаһқа ғибадат етуге, үй ішіндегілердің істеріне және өзінің жеке істеріне бөлетін. Өзіне бөлген уақытты да ол өзі мен адамдар арасында бөлісетін. Ол уақытта оның қасына адамдардан тек таңдаулы сахабалар ғана кіретін. Ол халыққа діни мәселелерді солар арқылы жеткізетін, халыққа қатысты ешнәрсені өзінде ұстамайтын, жинамайтын. Пайғамбарымыздың үмметіне бөлген уақытын абзалдық иелеріне, олардың діндегі дәрежелеріне қарай бөліп, оларды соған сай өз алдына шақыру әдеті бар еді. Олардың біреуінің бір мұқтаждығы, біреуінің екі мұқтаждығы, біреуінің одан да көп мұқтаждығы болатын. Пайғамбарымыз олардың діни мұқтаждықтарымен айналысып, сұрақтарына тиісті жауаптарын беретін, содан кейін: „Мұны осында болғандар осында болмағандарға жеткізсін! Өзі келіп мұқтаждығын маған айта алмаған адамның мұқтаждығын сендер маған жеткізіңдер. Күмәнсіз, мұқтаждығын айта алмаған адамның мұқтаждығын жеткізген кісінің аяқтарын Аллаһ қиямет күні Сырат үстінде берік ұстайды!“ – дейтін.
Пайғамбарымыздың қасында бұдан басқа нәрсе еске алынбайтын, сөз болмайтын. Онсыз да ол өзі ешкімнен бұдан басқасын қабыл алмайтын. Пайғамбарымыздың алдына кіргендер ілім іздеуші болып кіретін, ең үлкен ғалым болып, ілімнің ләззатын татып және басқаларға да соған жол көрсетуші болып шығатын!»
Пайғамбарымыздың үйден тыс халі
Хазреті Хусейн әкесі хазреті Әлиден Пайғамбарымыздың үйден тыс халі туралы сұрады. Ол оларды былай деп баяндады:
Ғаламның мырзасы сыртта сөйлемейтін. Тек оның сөзі мұсылмандарға пайдалы болса, оларды бір-біріне жақындатса, олардың арасындағы алауыздық пен суықтықты кетірсе ғана сөйлейтін. Ол әрбір қауымның қасиеті жоғары адамын құрметтеп, оны өз қауымының үстіне әкім етіп қоятын.13 Ол халықты жаман адамдардан және жамандықтардан қорғайтын, ал өзі де ондай жағдайларға түсуден сақтанатын. Ол ешкімнен жылы жүзі мен көркем мінезін аямайтын.
Ол сахабаларын көрмесе, оларды іздейтін, сахабаларынан олардың арасында болған жағдайларды сұрайтын. Жақсылықты мақтап, нығайтатын, ал жамандықты айыптап, әлсірететін. Оның әрбір ісі орташа, қайшылықсыз еді. Мұсылмандар ғапылдыққа түсіп кетер деп уайымдап, оларды ескертіп отырудан тоқтамайтын. Оның әрбір халі бірқалыпты, өзгеріссіз еді. Пайғамбарымызда ғибадат пен бағынушылық үшін толық қабілет бар еді. Ол ақыдан аспайтын да, оны орындауда кемшілік те жібермейтін. Оған жақын болғандар адамдардың ең қайырлылары еді.
Оның алдында сахабалардың ең абзалы – насихаты ең кең ауқымдысы, ал дәрежесі ең жоғарысы – мұқтаждарға көмегі мен жақсылығы ең көркем болғаны еді. Ғаламның мырзасы Аллаһты еске алмай отырмайтын да, тұрмайтын да.
Ол мәжілісте өзіне бөлек орын белгілемейтін, бұлай істеуге тыйым салатын. Қай жерде болса да, отырған жамағаттың қасына барғанда, төрге озбай, мәжілістің соңына отыратын және мұсылмандарға да солай істеуді әмір ететін.
Өзімен бірге отырған әр адамға үлесін беретін, сондай құрмет көрсететін, тіпті әркім Расулуллаһтың алдында өзінен қадірлі адам жоқ деп ойлайтын. Өзімен бірге отырған немесе келіп мұқтаждығын айтқан адамның барлық қылығына, ол бұрылып кеткенше шыдайтын.14
Біреу оған мұқтаждықпен, өтінішпен жүгінсе, ол оны қайтармайтын: не беретін, не тәтті әрі жұмсақ сөзбен қайтаратын. Оның көркем мінезі барлық адамдарды қамтитындай кең еді. Ол оларға мейірімді әке болды. Ақы мәселесінде әркім оның алдында тең еді. Пайғамбарымыздың мәжілісі ілім, ұят, сабыр және аманат мәжілісі еді.
Оның мәжілісінде дауыстар көтерілмейтін, ешкім айыпталмайтын, жасалған кемшілік пен қате әшкереленбейтін. Ғаламның мырзасының мәжілісінде болғандар бір-біріне тең еді, бір-бірінен артықшылықтары тек тақуалық жағынан ғана еді. Бәрі кішіпейіл еді. Үлкендерді құрметтейтін, кішілерге мейірім мен рақым көрсететін, мұқтаждарды басқалардан алға қойып, олардың қажетін өтеуге тырысатын, жат, сырттан келгендерді қорғап, қамқорлайтын. Пайғамбарымыз әрдайым жылы жүзді, жұмсақ мінезді еді. Оның мейірімі мен кешірімі мол еді. Ол қатыгез жүректі емес еді. Ол ешкіммен таласпайтын. Ол ешқашан айқайламайтын, жаман сөз айтпайтын. Ешкімді айыптамайтын. Сараң емес еді. Өзіне ұнамаған нәрсеге көз жұматын. Үміттенген адамды үмітсіздікке түсірмейтін, бір нәрсеге наразылығын ашықтан-ашық білдірмейтін.
Пайғамбарымыз үш нәрседен аулақ жүретін:
- адамдармен таласудан,
- көп сөйлеуден,
«Мен бір нәрсеге сүйеніп отырып тамақ жемеймін» Хадис шәриф
- пайдасыз, бос нәрселермен айналысудан.
Адамдарды да үш нәрседе өз еркіне қоятын:
- ешкімді бетіне де, сыртынан да айыптамайтын, сөкпейтін,
- ешкімнің айыбы мен кемшілігін іздемейтін,
- ешкімге ол үшін сауапты әрі қайырлы болмайтын сөзді айтпайтын.
Пайғамбарымыз сөйлегенде, оның алдында болғандар бастарына құс қонғандай үнсіз әрі қимылсыз отыратын, ол сөзін бітіріп, үнсіз қалғанда, айтарларын айтатын, бірақ оның қасында ешқашан таласып-тартыспайтын. Пайғамбарымыздың қасында біреу сөйлегенде, ол сөзін бітіргенше басқалары үнсіз отыратын. Пайғамбарымыз үшін ең соңғы сөйлеушінің сөзі мен ең алғашқы сөйлеушінің сөзінің арасында айырмашылық жоқ еді. Оның мәжілісінде болғандар бір нәрсеге күлсе, ол да олармен бірге күлетін, бір нәрсеге таңғалса, ол да олармен бірге таңғалатын. Сахабалары да өзі сияқты мәміле етсін деп, ол алдына келген жат, сырттан келгендердің сөздері мен сұрақтарындағы дөрекілік пен көңілге тиетін сөздерге шыдайтын. Пайғамбарымыз: «Бір мұқтаждың өз қажетін сұрағанын көрсеңдер, оған қажетіне жетуге көмектесіңдер!» – дейтін.
Пайғамбарымыз шындыққа сай келмейтін мақтауды қабыл алмайтын. Ақыны бұзбаса, ешкімнің сөзін бөлмейтін. Ақыны бұзғанда, не оны тыйып, сөзін бөлетін, не мәжілістен тұрып кететін. Ғаламның мырзасының үнсіздігі төрт нәрсеге – хилм (сабырлылық), хазар (сақтық), тақдир (бағалау) және тәфәккүрге (ойлануға) негізделетін. Оның тақдирі адамдарға тең қарауынан және оларды тең тыңдауынан бірден көрінетін. Оның тәфәккүрі дүние мен ахирет істерін ойлауынан көзге түсетін.
Хилм мен сабырды ол бойына жинаған еді. Дүниеге қатысты ешнәрсе оны ашуландырмайтын. Хазарға келсек, осы мінезінің арқасында оның бойында төрт қасиет жиналған еді:
- ең жақсысын ілесу үшін алатын,
- жиіркенішті нәрселерді олардан тыйылсын деп тастайтын,
- пікірін үмметіне пайдалы нәрселерге жұмсайтын,
- бүкіл жігерін үмметінің дүние мен ахирет бақытын қамтамасыз ететін нәрселерге бағыттайтын.
Ғаламның мырзасының бір нәрсеге «Жоқ!» дегені болған емес. Істегісі келген бір нәрсені одан сұраса, «Болады!» – дейтін, ал істегісі келмеген нәрсені сұраса, үндемей қалатын, оның мұны істегісі келмейтіні осы үнсіздігінен түсінілетін. Ол әркімнің дүние мен ахирет бақыты үшін тырысатын. Бір ғазада одан кәпірлердің құруы үшін дұға етуін сұрағанда, ол былай деді:
«Мен лағнет айту үшін, адамдардың азап шегуі үшін жіберілген жоқпын. Мен әркімге жақсылық жасау үшін, адамдардың тыныштыққа жетуі үшін жіберілдім».
Әнбия сүресінің жүз жетінші аятында мағынасы бойынша: «Біз сені әлемдерге рақым, жақсылық етіп жібердік», – делінген. Сондықтан ол әрдайым әркімнің игілігі үшін тырысатын. Әнәс бин Малик хабарлағандай, Пайғамбарымыз біреумен кездескенде, онымен мусафаха жасайтын15, әлгі адам қолын тартып алмайынша, Пайғамбарымыз да қолын тартпайтын, ол адам жүзін бұрмайынша, Пайғамбарымыз да одан жүзін бұрмайтын.
Хазреті Әнәс бин Малик сондай-ақ былай деп баяндайды: «Біз Пайғамбарымыздан: „Йа, Расулаллаһ! Бір-бірімізге иілейік пе?“ – деп сұрадық. Ол: „Жоқ!“ – деді. „Бір-бірімізбен құшақтасайық па?“ – деп сұрадық. Ол: „Жоқ! Бірақ мусафаха жасаңдар!“ – деді».16
Хазреті Бәра бин Азиб Пайғамбарымыздың былай дегенін баяндады: «Екі мұсылман кездесіп, мусафаха жасаса, олар бір-бірінен айырылмай жатып-ақ кешіріледі!»
Ғаламның мырзасы әрдайым ойлы жүретін. Оның үнсіз отыруы сөйлеуінен ұзағырақ созылатын. Расулуллаһ қажетсіз сөйлемейтін. Сөзді бастағанда да, аяқтағанда да Аллаһтың есімін еске алатын.
Ол қысқа әрі мағыналы сөздермен сөйлейтін. Расулуллаһтың сөздері әрдайым шынайы әрі орынды еді. Расулуллаһ сөйлегенде артық сөз де, кем сөз де қолданбайтын. Ол ешкімнің көңілін қалдырмайтын, ешкімді кемсітпейтін.
Пайғамбарымыз дүние үшін, дүние істері үшін ашуланбайтын. Бірақ бір ақы аяққа басылмақ болғанда, ол ақыны қайтарып алмайынша, ешнәрсе оның ашуын тоқтата алмайтын.
Ол өз басы үшін ешқашан ашуланбайтын әрі кек алмайтын. Бір нәрсеге ишара еткенде, саусағымен емес, бүкіл қолымен ишара ететін. Таңғалғанда, қолын аударатын, яғни алақаны көкке қарап тұрса, оны жерге қарай, жерге қарап тұрса, көкке қарай бұратын. Сөйлегенде қолымен қимыл жасап, мүбәрәк оң қолының алақанымен сол қолының бас бармағының ішкі жағын соғып отыратын. Ашуланғанда, ашуын сол сәтте тастап, оны білдірмейтін. Қуанғанда, көңілі көтерілгенде, мүбәрәк көздерін жұматын. Оның ең көп күлуі – жымию еді. Жымиғанда, мүбәрәк аузындағы мүбәрәк тістері інжу түйіршіктеріндей көрінетін.17
Жақсы істерде оң жақты алға қоюды жақсы көретін,
Дәрет болсын, киім болсын – асығатын ол жомарттық кені.
Оң жағына, жүзін құбылаға қаратып жататын,
Әр демде ғайыпты сейір ететін ол жомарттық кені.
«Екі мұсылман кездесіп сәлемдессе және мусафаха жасаса, олар бір-бірінен айырылмай жатып-ақ кешіріледі!» Хадис шәриф
Төсегі сахтиян еді, жастығы құрма талшығымен толтырылған,
Түнде жатса, аз ұйықтайтын ол сергек жомарттық кені.
Көздері ұйықтаса да, жүрегі Досымен ұйықтамайтын,
Әзелден Оның көркіне ғашық еді ол жомарттық кені.
Пайғамбарымыздың жатуы, ұйықтауы
Пайғамбарымыз төсегінде ұйықтағысы келгенде, мүбәрәк оң жағына жатып, мүбәрәк оң қолын мүбәрәк оң бетінің астына қоятын, содан кейін былай деп дұға ететін: «Аллаһым! Өзімді Саған тапсырдым. Жүзімді Саған бұрдым. Ісімді Саған аманат еттім. Арқамды Саған сүйедім. Мен Сенің азабыңнан қорқамын, рақымыңнан үміттенемін. Сенің рақымыңнан басқа пана болар жер жоқ, Сенің азабыңнан басқа сақтанар нәрсе жоқ.
Тек Сенің рақымыңа ғана пана іздеуге болады және тек Сенің рақымыңмен ғана құтылуға болады. Мен Сен түсірген кітабыңа және Сен жіберген Пайғамбарыңа иман келтірдім.
Йа, Раббым! Жағымды Сенің есіміңмен жерге қойдым. Егер жанымды алып, ұстап қалсаң, оған рақымыңмен мәміле ет! Егер оны қайтарсаң, игі құлдарыңды қорғағаныңдай, оны да қорға!
Аллаһым! Сенің есіміңмен өлемін және Сенің есіміңмен тірілемін. Бізді тамақтандырған, сусындатқан, әрбір мұқтаждығымызды өтеген, бізді орналастырған, баспанамен қамтыған Аллаһым! Саған шексіз хамд айтамын. Қаншама адамның мұқтаждығын өтейтін де, оларды орналастыратын да ешкім жоқ! Аллаһым! Құлдарыңды алдыңа жинайтын күні мені азабыңнан қорға! Аллаһым! Әууәл – Сенсің! Сенен бұрын ешнәрсе жоқ! Ахир – Сенсің! Сенен кейін ешнәрсе жоқ! Заһир – Сенсің! Сенен жоғары ешнәрсе жоқ!»
Оянғанда ол былай деп дұға ететін: «Сенен басқа илаһ жоқ, тек Сен ғана барсың! Сені тәсбих етемін, барлық кемшіліктен пәк деп білемін. Аллаһым! Күнәларымды кешіруіңді және рақымыңды тілеймін.
Бізді өлгеннен кейін тірілткен Аллаһқа хамд болсын. Қиямет күні қайтуымыз да Оған болады».18 Содан кейін ол: «Аллаһым! Ілімімді арттыр! Маған тура жолды көрсеткеннен кейін жүрегімді таймалтпа! Ұлы құзырыңнан маған рақым да бер! Өйткені ең көп кешіретін – Сенсің!» – деп дұға ететін. Хазреті Бәра бин Азиб былай деп баяндайды: Ғаламның мырзасы маған былай деді:
«Жататын орныңа барғанда, намаз үшін дәрет алғандай дәрет ал! Содан кейін оң жағыңа жатып: „Аллаһым! Өзімді Саған тапсырдым. Жүзімді Саған бұрдым. Арқамды Саған сүйедім. Мен Сенің азабыңнан қорқамын, рақымыңнан үміттенемін. Сенің рақымыңнан басқа пана болар жер жоқ, Сенің азабыңнан сақтанар жер жоқ! Тек Сенің рақымыңа ғана пана іздеуге болады және тек Сенің рақымыңмен ғана құтылуға болады. Мен Сен түсірген кітабыңа және Сен жіберген Пайғамбарыңа иман келтірдім!“ – деп айт! Сол түні өлсең, ислам фитратының үстінде өлесің. Кім мұны айтып, сол түні өлсе, ол ислам фитратының үстінде өледі!»
Пайғамбарымыз былай деді: «Біреулерің түнде төсегінен тұрып, содан кейін қайта жатуға оралса, төсегін үш рет қақсын. Өйткені ол өзі тұрғаннан кейін не болғанын, төсектің үстіне не келіп орналасқанын білмейді». Әсхаб-и Суффадан Абдуллаһ бин Тахфа (радиаллаһу анһу) былай деп баяндайды: «Мен сәһар уақытында мешітте ішіммен, яғни бетіммен жатып ұйықтап жатқанымда, біреу мені аяғымен түртті.
– „Бұл кім?“ – деп сұрады ол.
– „Мен – Абдуллаһ бин Тахфамын“, – деп жауап бердім.
Не көрейін! Ол Ғаламның мырзасы екен! Мен дереу тұрып отырдым.
– „Бұл – ұлы Аллаһтың ең жақтырмайтын жатысы!“ – деді ол».19 Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дәретсіз жерге баспайтын.
Расулуллаһтың дәретханаға барып, содан кейін дәрет алмағанын ешкім көрмеген.
Пайғамбарымыздың жүрісі
Хазреті Хинд бин Әби Һала былай деп баяндайды: «Ғаламның мырзасы жүргенде, аяқтарын жерден ширақ көтеретін, екі жағына теңселмейтін, адымдарын кең басатын, биік жерден түсіп келе жатқандай алға қарай сәл еңкейіп, салмақпен әрі байсалды түрде, еркін басатын.
Қарағысы келген жағына ол толық бұрылып қарайтын. Айналасына жөнсіз жалтақтамайтын.
Оның жерге қарауы көкке қарауынан ұзағырақ еді.
Жерге қарауы да көздің қиығымен еді. Жолда ол сахабаларының артынан жүретін.
Біреумен кездескенде, ең алдымен өзі сәлем беретін».
Хазреті Әбу Хурайра былай деп баяндайды: «Жүрісте Ғаламның мырзасынан да жылдам адамды көрмедім. Ол жүргенде, жер оның аяғының астында бүктеліп жатқандай еді! Біз оған ілесу үшін қатты күш салатынбыз. Ал Ғаламның мырзасы жүргенде, мүлдем күш салмайтын».20
Пайғамбарымыздың отыруы
Ол көбінесе тізерлеп отыратын. Оның құрфуса түрінде, яғни тізелерін көтеріп, оларды қолдарымен құшақтап отырғанын көргендер де болған.21 Ол ешқашан аяқтарын мәжілісінде болғандарға қарай созбайтын. Әдетте ол құбылаға қарап отыратын. Қасына келген қонақтардың астына көбінесе арқасындағы шапанын төсеп, оларды соған отырғызатын. Кейде қонақтарына өзінің көрпешесін де беретін. Ханзала бин Хизйам: «Пайғамбарымыздың қасына барғанымда, оны малдас құрып отырған күйінде көрдім», – деп баяндады. Жабир бин Сәмура да Пайғамбарымыздың таң намазын оқығаннан кейін күн шыққанша намаз оқыған орнында малдас құрып отыратынын білдірді.
«Аллаһу та’аланың ахлағымен ахлақтаныңдар!» Хадис шәриф
Шәрид бин Суәйд былай дейді: «Ғаламның мырзасы менің қасыма соққан еді. Сол кезде мен сол қолымды артыма қойып, алақанымның жартысына сүйеніп отыр едім. Сонда Ғаламның мырзасы: „Сен Аллаһтың ашуына ұшырағандардың (яһудилердің) отырысымен отырсың ба?“ – деді». Әбу Жухайфа былай деп баяндайды: «Пайғамбарымыз: „Мен бір нәрсеге сүйеніп отырып тамақ жемеймін“, – деді».22
Малдас құрып, не тізерлеп, не тізесін көтеріп отыратын,
Ашық та, жасырын да әдепке толы еді ол жомарттық кені.
Үш саусағымен жеп, оларды дәмін алып жалайтын,
Суды үш демде ішетін ол жомарттық кені.
Балды, халуаны, асқабақты, сірке суын, тиридті жақсы көретін, бірақ
Арпа нанын тойғанша жемеді ол жомарттық кені.
Мүбәрәк қарнына кейде аштықтан тас байлайтын,
«Жүрегім дірілдемесін», – дейтін ол жомарттық кені.
Сәадат үйінде айлар бойы от жағылмайтын,
Қанағатпен құрма мен анар жейтін ол жомарттық кені.
Пайғамбарымыздың тамақ жеуі және су ішуі
Пайғамбарымыз былай деді:
«Тамақтың берекесі – тамақтан бұрын дәрет алуда, тамақтан кейін қол жууда!»23
«Кім қолындағы ет пен майдың иісін, кірін жумай ұйықтап, басына бір жағдай келсе, өзінен басқа ешкімді кінәламасын!» «Тамақтың берекесі – оның ортасында! Біреулерің тамақ жегенде, табақтың ортасынан емес, шетінен жесін, өйткені береке оның ортасына түседі!» Хазреті Айша анамыз былай деп баяндайды: «Ғаламның мырзасы былай деді: „Біреулерің тамақ жемек болғанда, Бисмиллаһир-рахманир-рахим десін, ұлы Аллаһтың есімін еске алсын. Тамақ жей бастамас бұрын мұны айтуды ұмытса, тамақтың басы мен соңы үшін Бисмиллаһир-рахманир-рахим десін!“».24
Умәййә бин Махши хабарлағандай, бір адам бисмилла айтпай тамақ жеп отырған еді.
Пайғамбарымыз оның бисмилла айтпағанын түсініп: «Тамақтың басы мен соңы үшін Бисмиллаһир-рахманир-рахим де!» – деді. Әлгі адам «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» дегенде, Пайғамбарымыз жымиып: «Шайтан сенімен бірге жеуін жалғастырып отыр еді. Сен ұлы Аллаһтың есімін еске алғанда, шайтан қарнында ештеңе қалдырмай құсып тастады!» – деді.
Хазреті Абдуллаһ бин Омар хабарлағандай, Пайғамбарымыз былай деді: «Біреулерің тамақ жегенде, оң қолымен жесін. Бір нәрсе ішкенде де, оң қолымен ішсін. Өйткені шайтан сол қолымен жейді және сол қолымен ішеді!»25
Сәләмә бин Әкуағ әкесінен естіп былай деп баяндады: Пайғамбарымыз Әшжа’ тайпасынан Буср бин Раиул-’ир деп аталатын бір адамның өз қасында сол қолымен тамақ жеп отырғанын көріп, оған: «Оң қолыңмен же!» – деді. Әлгі адам: «Бұған шамам келмейді, оң қолыммен жей алмаймын!» – деп өтірік айтты. Сонда Пайғамбарымыз: «Шамаң келмей-ақ қойсын! Оған оң қолымен жеуге тек тәкаппарлығы мен менмендігі ғана кедергі болып отыр!» – деді. Сол күннен бастап әлгі адам қолын аузына көтере алмайтын болды!26 Пайғамбарымыз: «Азиз және Жәлил болған Аллаһу та’ала желінетін бір нәрсені жеп немесе ішілетін бір нәрсені ішіп, сол үшін Өзіне хамд айтқан құлынан, сөзсіз, разы болады», – дейтін.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) топырақ үстінде отыратын, тамағын да жерде жейтін. Ол: «Мен құл отырғандай отырамын, құл жегендей жеймін. Мен тек бір құлмын! Менің сүннетімнен бет бұрған адам менен емес!» – дейтін.27
Омар бин Әби Сәләмә былай дейді: «Мен Ғаламның мырзасының тәрбиесінде өскен бір бала едім. Тамақ жеп отырғанда қолым ыдыстың ішінде о жаққа да, бұ жаққа да жүретін. Ғаламның мырзасы маған: „Балам! Бисмиллаһ айт. Оң қолыңмен же! Өз алдыңнан же!“ – деді.28 Содан бері мен әрдайым осылай жейтін болдым». Пайғамбарымыз ешқандай тамақты кемсітпеді, жамандамады. Ол ешбір ниғметті ұнағаны үшін мақтамайтын, ұнамағаны үшін жамандамайтын. Бір тамақты қаласа – жейтін, қаламаса – қалдырып, үндемейтін. Ең кішкентай ниғметке де құрмет көрсететін, ешбір ниғметті жамандамайтын. Расулуллаһ «ананы пісіріңдер, мынаны пісіріңдер» демейтін. Не бар болса, соны жейтін. Хазреті Айша анамыз былай дейді: Пайғамбарымыз қасыма келіп: «Сенде жейтін бірдеңе бар ма?» – деп сұрайтын. «Жоқ!» – дейтінмін. Сонда ол: «Олай болса, мен оразамын!» – дейтін.29 Хазреті Айша анамыз былай дейді: «Пайғамбарымыз Мәдинаға келгеннен бастап қайтыс болғанға дейін оның үй-іші үш түн қатарынан бидай нанына тойған емес.30 Олар көбінесе арпа наны мен құрма ғана жейтін, оның өзі де көп емес еді. Пайғамбарымыздың қарнында бір күнде екі түрлі тамақ бірге болған емес: мүбәрәк қарнын құрмаға тойдырған күні нанға тойдырмайтын, нанға тойдырған күні құрмаға тойдырмайтын. Мені жылататын да осы!»31
Расулуллаһ халуа мен балды, нан тиридін, құрма тиридін және көкөніс тағамдарын жақсы көретін. Оған сүт әкеліп ұсынғанда: «Сүтте екі береке бар», – дейтін.32
«Сендерден бірің тамақ жегенде оң қолымен жесін. Бір нәрсе ішкенде де оң қолымен ішсін, өйткені шайтан сол қолымен жейді әрі сол қолымен ішеді!» Хадис шәриф
Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: мен, Халид бин Уәлид және Ғаламның мырзасы бірге нағашы апам Мәймунә бинт Харистің үйіне бардық. Нағашы апам: «Сендерге сүт ұсынайын ба?» – деп сұрады.
Ғаламның мырзасы: «Жарайды!» – деді. Нағашы апам барып, бір ыдыспен сүт әкелді. Ғаламның мырзасы оны алып ішті. Мен Ғаламның мырзасының оң жағында едім, ал Халид бин Уәлид оның сол жағында отырған еді. Расулуллаһ сүттің қалғанын маған беріп: «Сен іш. Қаласаң, оны Халидке беруіңе де болады», – деді.
Мен: «Сенен қалғанды ішуде мен ешқашан ешкімді өзімнен артық қоймаймын!» – дедім. Сонда Расулуллаһ былай деді:
«Аллаһу та’ала бір ризықпен қоректендірген адам: Аллаһумма бәрик ләнә фиһи уә әт’имнә хайран минһу (Аллаһым! Бізге бұл ризықты берекелі ет! Бізге одан да қайырлысын жегіз!), – десін!
Аллаһу та’ала сүт ішкізген адам да: Аллаһумма бәрик ләнә фиһи уә зиднә минһу (Аллаһым! Бізге бұл сүтті берекелі ет және одан бізге беретініңді арттыр!), – десін! Өйткені тағамның да, сусынның да орнын сүттен басқа ешнәрсе баса алмайды».33
Мәдиналық мұсылмандар құрмаларының алғаш піскенін көргенде, оны Пайғамбарымызға әкелетін. Расулуллаһ оны қолына алып, береке дұғасын оқығаннан кейін, көрген балалардың ең кішісін шақырып, соған беретін. Ол: «Бір үйде құрма болмаса, сол үйдің адамдары аш», – дейтін. Пайғамбарымыз ыдыстың түбінде қалған тамақты жегенді ұнататын. Ол: «Кімде-кім бір табақтан, бір ыдыстан тамақ жеп болған соң, оны сыпырып жесе, сол ыдыс ол үшін истиғфар етеді (кешірім тілейді)!» – дейтін. Пайғамбарымыздың былай дегені де жеткізіледі: «Ей, Әбу Зәрр! Ет пісірген кезде сорпасын көбірек қыл да, көршілеріңді ескер, оларға да одан үлес бер».34
«Көршісі аш отырғанда өзі тойып алған адам кәміл мүмин емес!»
«Аллаһқа ғибадат етіңдер! Тамақ беріңдер! Сәлемді жайыңдар, сонда жәннаттарға кіресіңдер!»35
«Бір адамның тамағы екі адамға жетеді. Үш адамның тамағы төрт адамға жетеді. Төрт адамның тамағы сегіз адамға жетеді!»36
Хазреті Әсма бинт Әби Бәкір былай деп баяндады: Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) піскен тамақты қайнауы мен буы басылғанша жауып қоюға кеңес беретін және: «Бұл – ең үлкен береке!» – дейтін. Мекке алынған кезде Расулуллаһ көкесі Әбу Тәліптің қызы хазреті Үммү Ханидің үйіне барды. Одан: «Сендерде жейтін бірдеңе бар ма?» – деп сұрады. Хазреті Үммү Хани: «Жоқ! Тек кепкен нан үгінділері мен сірке ғана бар! Бірақ оларды саған ұсынуға ұяламын!» – деді. Пайғамбарымыз: «Соларды әкел. Судың ішіне үгітіп сал. Тұз да әкел!» – деді. Оның үстіне сірке құйып жегеннен кейін ұлы Аллаһқа шүкір етті де: «Ей, Үммү Хани! Сірке қандай жақсы қатық! Сіркесі бар үй қатықсыз қалмайды!» – деді.37 Ол нанды қатықсыз да, немесе құрмамен, сіркемен, жеміспен, сорпамен де, не болмаса зәйтүн майына батырып та жейтін. Тауықтың, қоянның, түйенің, киіктің, балықтың етін, пастырманы (кептірілген етті) және ірімшікті де жейтін. Малдың алдыңғы аяғының етін жақсы көретін. Оны қолымен ұстап, тістеп жейтін. (Пышақпен кесіп жеу де жаиз.) Көбінесе сүт ішетін немесе құрма жейтін. Тағамдардан қой етін, ет сорпасын, асқабақты, тәтті тағамдарды, балды, құрманы, сүтті, қаймақты, қарбызды, қауынды, жүзімді және қиярды жақсы көретін.38 Суды асықпай, бисмиллаһпен бастап, үш жұтыммен ішетін, соңында «Әлхамдулиллаһ» деп, дұға ететін. Пайғамбарымыз Буютус-Суқиядан әкелінген тұщы судан ішетін. Буютус-Суқия Мәдинадан екі күндік жерде еді.39 «Сусындардың қайсысы дәмдірек?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Тұщы әрі салқын су!» – деп жауап берді.40
Пайғамбарымыз: «Сендерден бірің бір нәрсе ішкенде ыдыстың ішіне дем шығармасын», – дейтін. Ол желінетін және ішілетін нәрселердің ішіне дем шығаруға тыйым салғаны сияқты, алтын және күміс ыдыстардан ішіп-жеуге де тыйым салатын. Пайғамбарымыз су ішкенде екі-үш рет дем алатын және: «Бұлай пайдалырақ әрі шөлді жақсырақ басады», – дейтін. Тағы да: «Сендерден бірің бір нәрсе ішкенде бір деммен ішпесін», – дейтін. Және: «Түйелер сияқты бір деммен ішпеңдер! Екі немесе үш деммен ішіңдер! Ішкенде „Бисмиллаһ!“, ауыздарыңды ыдыстан алғанда „Әлхамдулиллаһ!“ деңдер!» – дейтін.41
Хазреті Нәуфәл бин Муауия былай дейді: «Ғаламның мырзасы бір нәрсе ішкенде үш рет дем алатын. Басында ұлы Аллаһтың есімін зікір етіп, „Бисмиллаһир-рахманир-рахим“ дейтін, соңында „Әлхамдулиллаһ“ деп хамд айтатын».42
Әбу Умама Бәһилидің жеткізуінше, Пайғамбарымыз былай деді: «Азиз және Жәлил болған Раббым маған Мекке алқабын алтынға айналдыруды ұсынғанда, мен: „Жоқ! Йа, Раббым! Бір күн тоқ болайын, бір күн аш болайын. Аш кезімде Саған жалбарынып, Сені зікір етейін. Тоқ кезімде Саған хамд айтып, шүкір етейін!“ – дедім».43
Ішіп-жеу ілімін үйрену ғибадат ілімін үйренуден бұрын тұрады. Тамақтан бұрын және тамақтан кейін қол жуу, оң қолмен жеу және оң қолмен ішу Расулуллаһтың әдеті еді. Тамақтан бұрын қол жуғанда алдымен жастар, тамақтан кейін алдымен үлкендер жуады.44 Табақтың шетінен жеу, өз алдыңнан жеу, оң аяқты тік көтеріп, сол аяқтың үстіне отыру – Расулуллаһтың сүннеті. Тым ыстық нәрсені жеуге де, иіскеуге де болмайды.
«Көршісі аш отырғанда өзі тойып алған адам кәміл мүмин емес!» Хадис шәриф
Тамақ жеп отырғанда мүлде сөйлемеуді Пайғамбарымыз жөн санамайтын. Бұл – отқа табынушылардың әдеті. Көңілді әңгімелесу керек.
Тамақты тұзбен бастап, тұзбен аяқтау – Расулуллаһтың сүннеті әрі шипа. Исламда ең алғаш пайда болған бидғаттардың бірі – тойғанша жеу. Күн сайын ет жеу жүрекке ауырлық түсіреді. Періштелер мұны жақсы көрмейді. Етті тым аз жеу болса, мінезді бұзады. Дастарқанның, яғни жайғыштың үстінде жеп, оны жерге жайған жақсы. Дастарқан бұрын теріден болатын. Өсімдік тағамы өте пайдалы. Өсімдік тағамы жоқ дастарқан ақылсыз қарияға ұқсатылған.
Имам Жафар Садиқ: «Малы мен баласы көп болғанын қалаған адам өсімдік тағамын көп жесін!» – деді. Алдымен дастарқанға отыру керек, тамақты содан кейін әкелу керек.
Пайғамбарымыз: «Мен – құлмын. Құлдар сияқты жерге отырып жеймін», – деді.45
Ашықпай тұрып жемеу керек, тоймай тұрып дастарқаннан тұру керек, таң қаларлық нәрсе болмаса, күлмеу керек. Пайғамбарымыз: «Жақсылықтардың басы – аштық. Жамандықтардың басы – тоқтық», – дейтін. Аштық қаншалықты күшті болса, тамақтың дәмі соншалықты арта түседі. Тоқтық адамды ұмытшақ етеді. Ол жүректі соқыр етіп, мас қылатын ішімдіктер сияқты қанды бұзады. Аштық ақылды тазартып, жүректі нұрландырады. Ашықтан-ашық күнә жасайтындармен (пасықтармен) және жаман адамдармен бірге ішіп-жеуге болмайды. Ыстық тамақты жауып суыту керек.
Расулуллаһ: «Оң қолмен жеңдер. Оң қолмен ішіңдер», – дейтін. Үш саусақпен жеу – сүннет. Пайғамбарымыз: «Ей, Әли! Тамақты үш саусағыңмен же, өйткені шайтан екі саусағымен жейді», – деді. Пайғамбарымыз нанды оң қолымен алатын, ал қарбызды кейін сол қолымен жейтін. Нанды бір қолмен емес, екі қолмен үзу керек.46 Аузыңа салатын кесек кішкентай болып, жақсылап шайналуы тиіс. Оңға, солға, жоғары қарамай, өз кесегіңе және алдыңа қарау керек. Ауызды тым үлкен ашпау керек. Дастарқан басында қолды киімге, шашқа сүртпеу керек. Жөтелгенде және түшкіргенде басты артқа бұру керек. Шақырылмаған дастарқанға отырмау керек. Дастарқанда бәрінен көп жемеу керек. Қарын тойған соң, бұл тоқтықты күнә істеуге жұмсамас үшін дұға ету керек. Оның есебін қиямет күні қалай беретінін ойлау керек. Ғибадат етуге күш жинау ниетімен жеу керек. Аш болсаң да, асықпай жеу керек. Алдымен үлкендер бастауы тиіс. Ешкімді үш реттен артық «же» деп мазаламау керек. Расулуллаһ аз жейтін және көп жеуден қатты сақтандыратын. Ол: «Адамның жүрегі егістіктегі егінге ұқсайды. Тамақ болса – жаңбыр сияқты. Артық су егінді құрғататыны сияқты, артық тамақ жүректі өлтіреді. Көп жегенді, көп ішкенді Аллаһу та’ала жақсы көрмейді», – дейтін.
Расулуллаһ асқазанның үштен бірін тамаққа, үштен бірін сусынға қалдыруға кеңес беретін. Үштен бірі ауаға қалса, яғни бос тұрса, бұл ең төменгі дәреже. Ең жақсы дәреже – аз жеу және аз ұйықтау. Көп жеу – аурулардың басы, ал аз жеу – емнің басы. Қонақ үй иесінен тұз бен наннан басқа ешнәрсе күтпеуі керек. Үй иесі қонаққа кесек ұсынуы керек. Оның қолына су құюы керек. Қонақтың жақсы көретін нәрсесін оның аузына беруі керек. Қонақ таза жерге түсіріп алған нәрсені алып, оған беру керек. Ластанса, мысыққа және басқа жануарларға қалдыру керек. Мұндай үйдің берекесі артады. Ол тіпті немерелеріне дейін жетеді. Жерге түскен нәрселер жиналмаса, оларды шайтан жейді.
Ыдыста қалғанды сыпырып жеу – сүннет. Компот, айран сияқты нәрселердің қалдығына су құйып, шайқап ішу – үлкен сауап. Табақта, кеседе қалдық қалдыруға болады. Расулуллаһ мүминнің қалдығын жегенді ұнататын.
Тамақтан кейін тісті мисуакпен және тіс тазалағышпен тазалау – Расулуллаһтың сүннеті. Бұл – тазалық. Тазалық иманды нығайтады. Тамақтан кейін үй иесіне береке, рақым және кешірім тілеп дұға етіледі. Содан кейін кетуге рұқсат сұралады. Үй иесін де өз үйіне қонаққа шақырады.
Тамақ жеп отырғанда қорқынышты және жиіркенішті нәрселер айтуға болмайды. Өлім, ауру туралы сөз қозғамау керек. Дастарқанға әкелінген тағамдарға қадалып қарамау керек. Бір кесекті жұтпай тұрып, екіншісін қолға алмау керек. Тамақ үстінде бір нәрсе үшін, тіпті намаз үшін де дастарқаннан тұрмау керек. Намазды алдын ала оқу керек. Егер дайындалған тамақ суып немесе бұзылып қалатын болса және намаз уақыты оны тамақтан кейін оқуға мүмкіндік берсе, намаздан бұрын жеу керек. Дастарқаннан тамақ жиналған соң ғана тұру керек. Жолда, түрегеп тұрып, жүріп келе жатып жемеу керек. Ауызда, қолда ет пен тамақтың иісі тұрғанда ұйықтауға жатпау керек. Балалардың да қолын жуу керек. Тоқ күйде ұйықтауға жатпау керек. Азық-түлікті қажетінше өлшеп алу керек, өлшеусіз, көп алмау керек. Әйтпесе ысырап болады. Ішіп-жейтін ыдыстардың қақпағы болуы керек. Өзеннен, хауыздан еңкейіп, ауызбен су ішуге болмайды. Құманның, құмыраның аузынан да ішуге болмайды. Кесенің, стақанның сынған жерінен ішпеу керек. Жазда салқын сусын ішу керек. Расулуллаһ салқын шәрбат ішкенді ұнататын. Зәмзәм суын түрегеп тұрып ішуге болады. Жолаушы кез келген суды түрегеп тұрып іше алады делінген. Аш қарынға су ішпеу керек. Суды асықпай, ұрттап ішу керек. Расулуллаһ кешкек тағамын жақсы көретін. Һәриса, яғни кешкек пісіруді Пайғамбарымызға Жәбрейіл алейһиссалам үйретті. Һәриса адамды қатты қуаттандырады. Барлық пайғамбарлар арпа нанын жеген. Расулуллаһ асқабақ халуасын, жасымық сорпасын, аң етін және қой етін жақсы көретін. Қойдың алдыңғы аяғының, төсінің және жауырынының етін жақсы көретін. Лақтың жауырын етін өте жақсы көретін. Лақ еті оңай қорытылады. Ол кез келген адамға жарайды.47
«Жақсылықтардың басы – аштық. Жамандықтардың басы – тоқтық» Хадис шәриф
Еркек малдың еті ұрғашы малдың етінен, қара ет ақ еттен оңайырақ қорытылады. Оңай қорытылуы мен дәмі жағынан қой еті мен сиыр сүті жақсырақ.
Аң етінің ең жақсысы – киік еті. Қоян еті халал. Пайғамбарымыз оны жеген. Ол зәр айдайды, артық жесе ұйқысыздық тудырады. Ол кез келген адамға жарайды. Құс, балапан еті барлық адамға жақсы. Үй құстарының ішінде еті ең жақсысы – тауық.
Пайғамбарымыз: «Сірке қандай жақсы тағам!» – деді. Сірке – ең пайдалы тағам. Құрма да – тағам, яғни оны нанмен жейді. Жүзім әрі тағам, әрі жеміс. Жүзімді нанмен жеу – сүннет. Құрманы тақ санмен жеу – сүннет. Мейіз, жаңғақ, бадам жеу – сүннет. Балда шипа бар. Жетпіс пайғамбар балға береке тілеп дұға еткен. Расулуллаһ құрманы өте жақсы көретін. Ол құрманы қауынмен, қарбызбен бірге жейтін. Қауын мен қарбыз бүйректі тазалап, бас ауруын кетіреді. Олар ішектегі құрттарды түсіреді. Көзге қуат береді. Палау жегенде салауат айту керек. Пайғамбарымыз бұршақты (бақланы) қабығымен жеуді мақтады. Ол: «Хаббатус-сауда, яғни қара зире – ауруларға ем», – деді. Жаңғақты ірімшікпен жеу – шипа. Оларды жеке жеу зиянды. Оларды бір нәрсемен бірге жеу керек. Пайғамбарымыз жүзімнің шоғын сол қолына алып, жүзімді оң қолымен жейтін.48 Айва жүректегі ауырлықты кетіреді. Әрбір қауында, қарбызда және анарда жәннат суының бір тамшысы бар. Анарды жалғыз өзің жеп, оның бір тамшысын да ысырап етпеу керек. Анар жүрек соғуының жиілеуіне пайдалы. Ол асқазанды нығайтады. Оны етімен бірге сығып ішсе, өтті айдап, іш қатуды кетіреді. Інжір жүрекке рақат береді. Ол арқа-жауырын шаншуын, ас қорыту мүшелерінің ауруын кетіреді.
Жасыл қиярды тұзбен жеу, жаңғақты құрмамен және балмен жеу – Расулуллаһтың сүннеті.49 Пайғамбарымыз баклажанды мақтап: «Оны зәйтүн майымен пісіріңдер», – деді.
Ол семізотты да мақтады. Балдыркөк ұмытшақтықты кетіреді. Ол зәр айдайды. Қан мен сүт түзейді. Бауырды тазартады. Харшәф, яғни бөрікгүл (артишок), өт тасын ерітеді, қанды тазартады, қан тамырларының қатаюына қарсы пайдалы. Ол тердің иісін де кетіреді. Бір елге келген адамның алдымен біраз шикі пияз жеуі денсаулыққа пайдалы. Пияз микробтарға қарсы тұру күшін арттырады. Пияздан кейін балдыркөк жесе, оның жағымсыз иісін кетіреді. Рута шөбін тамақпен бірге жегенде де иісі кетеді делінген. Расулуллаһтың ең соңғы жеген тамағында пияз бар еді. Ол: «Пияз бен сарымсақты пісірілген күйде жеңдер», – дейтін. Олардың иісі періштелерге жайсыз тиеді. Шомыр зәр айдайды. Ас қорытуды жеңілдетеді.
Пайғамбарымыздың мүбәрәк сақалы мен шашы
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүбәрәк шашы мен сақалының қылы тым бұйра да, мүлде тік те емес, жаратылысынан толқынды еді. Оның мүбәрәк шашы ұзын еді. Алғашында ол шашын маңдайына түсіріп жүрді, кейін шашын екі жаққа қарай бөлетін болды. Мүбәрәк шашын кейде өсіретін, кейде қидырып қысқартатын.
Расулуллаһтың мүбәрәк шашы қандай болғанын хазреті Әнәс бин Маликтен сұрағанда, ол былай деп жауап берді: «Тым бұйра да емес еді, мүлде тік те емес еді. Екеуінің арасында, орташа еді. Ұзындығы құлақтары мен иық ұштарының дәл ортасына жететін».50 Хазреті Ибн Аббас: «Әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыз мүбәрәк шашын маңдайының үстіне түсіріп жүретін. Кейін мүбәрәк шашын екі жаққа қарай бөлетін болды», – деді.51 Ғалымдар былай деді: «Шашты екі жаққа бөлу – Ғаламның мақтанышы (Фахр-и кәинат) Пайғамбарымыздың сүннеті, өйткені ол кейін осылай ететін болған еді. Маңдайдың үстіне түсіру де жаиз, екі жаққа бөлу де жаиз. Бірақ бөлу абзалырақ».
Хазреті Айша Сыддықа анамыз: «Пайғамбарымыздың мүбәрәк шашы жуммадан жоғарырақ, уәфрадан төменірек еді», – деді.52 Иық басына жеткен шашты «жумма» деп атайды. Ал құлақтың жұмсағына жеткен шашты «уәфра» деп атайды. Қысқасы, хазреті Айша анамыздың риуаяты бойынша Расулуллаһтың мүбәрәк шашы құлақтың жұмсағынан төменірек түсетін, бірақ иықтарына жетпейтін, яғни екеуінің ортасында еді.
Хазреті Қади Ияз былай деді: «Бұл риуаяттар былайша үйлестіріледі: мүбәрәк құлақтары жағындағы шашы мүбәрәк құлақтарының жұмсағына жететіндей еді. Ал артындағы шашы мүбәрәк иықтарына жететін». Сондай-ақ былай деді: «Кейбір риуаяттарда құлағына дейін түсетін, кейбіреулерінде мүбәрәк иығына дейін түсетін делінуінің себебі мынау: бір кезде олай, басқа бір кезде бұлай болған. Риуаяттардың бәрі дұрыс. Пайғамбарымыз мүбәрәк шашын кейде өсіретін, сонда ол иық басына дейін түсетін. Ал кейде қидыратын, сонда ол мүбәрәк құлақтарының жұмсағына немесе ортасына дейін жететін». Ер адамдар үшін басты тақырлап алу немесе шашты өсіріп, тарап, екі жаққа бөлу – сүннет. Жағдайға, әдетке, заманға қарай әрекет ету керек. Шашты бұйралау, өру – мәкруһ. Жүзді әйелдікіндей жылтыр ету, әйелдерге ұқсау үшін сақалды қырғызу, иекті қырып, жақтың үстінде сақал өсіру – харам.
Хазреті Әнәс Расулуллаһтың мүбәрәк сақалын былай сипаттайды: «Пайғамбарымыздың мүбәрәк сақалында ақ өте аз еді. Мүбәрәк басында және мүбәрәк сақалында ақ қылдар он жеті-он сегізден аспайтын».
Бір күні хазреті Әбу Бәкір Сыддық: «Ағарыпсың, йа, Расулаллаһ», – дегенде, Расулуллаһ былай деді: «Мені Һуд, Уақиға, Мурсәләт, Нәбә (Амма йәтәсә-әлун) және Тәкуир (Изаш-шәмсу куууират) сүрелері ағартты».53
Яғни бұл сүрелерде жәннат пен тозақтың жағдайлары көп айтылған. «Үмметімнің жағдайы не болар екен деп, қайғы-уайымнан шашым мен сақалым ағарды», – деді ол. Амр бин Шуғайб: «Расулуллаһ мүбәрәк сақалының енінен де, ұзындығынан да алатын», – деді. Хазреті Тирмизи риуаят еткен хадис шәрифте Пайғамбарымыз: «Мұртын қысқартпаған адам бізден емес», – деді.54 Ал басқа бір хадис шәрифте: «Сақалдарыңды өсіріңдер және мұрттарыңды жақсылап қысқартыңдар», – делінді.55 Ибн Абдулхаким: «Мұртты жақсылап қысқарту керек, ал сақалды кеспеу керек. Мұртты жақсылап қысқартудан мақсат – оны қыру емес», – деді. Хазреті имам Нәуәуи: «Мұртты қысқартуда дұрысы мынау: оны еріннің шеті көрінгенше қию керек, түбінен кеспей, қысқарту керек», – деді.
«Пияз бен сарымсақты пісірілген күйде жеңдер» Хадис шәриф
Ғалымдар мұрттың үстін қырқып, екі жағынан ұштарын салбыратып қоюды мәкруһ санады. Ибн Омар былай дейді: «Расулуллаһқа мәжусилер (отқа табынушылар) қауымы туралы айтты. Сонда Расулуллаһ: „Олар мұрттарының ұштарын өсіреді де, сақалдарын қырғызады. Олай болса, сендер оларға қарама-қарсы істеңдер“, – деді».56
Әбу Умама: «Йа, Расулаллаһ! Кітап иелері сақалдарын қырқады да, мұрттарын өсіреді», – дегенде, Расулуллаһ: «Сендер мұрттарыңның ұштарын қырқыңдар да, сақалдарыңды өсіріңдер», – деді.
Ғалымдардың білдіруінше, мұртты қырқып, қас қалыңдығындай қысқарту – сүннет. Сақалды бір уыс ұзындықта өсіріп, бір уыстан артығын кесу – сүннет. Сақалды бір уыстан қысқа қалдыру да сүннетке сай келмейді. Сүннетке ілесемін деген ниетпен қысқа сақал қою – бидғат, ал бидғат – харам. Сақал қою – зәуаид сүннет. Әмр-и мағруф (жақсылыққа шақыру) үшін, нафақа (күнкөріс) табу үшін, бүлік шығудан сақтану үшін сақалды мүлде қыру жаиз, тіпті қажет те болады. Бұлар – сүннетті тәрк етуге үзір (себеп). Бірақ қысқа сақал қойып, бидғат жасауға үзір бола алмайды.
Пайғамбарымыздың киген киімдері
Ол киюге жаиз киімдердің ішінен қолына не түссе, соны кие беретін. Қалың матадан ихрам сияқты тігілмеген нәрселерге оранатын, белдемше байлайтын, көйлек пен шапан да киетін. Олар мақтадан, жүннен немесе қылдан тоқылған еді. Көбінесе ақ, кейде жасыл киетін. Тігілген киім киген кездері де болатын. Жұма күндері, айттарда, шетелдік елшілер келгенде және соғыс кездерінде қымбат көйлектер, шапандар киетін. Киімдерінің түсі көбінесе ақ болатын. Жасыл, қызыл және қара болған кездері де болатын. Киімдері қолдарын білекке дейін, мүбәрәк аяқтарын балтырдың ортасына дейін жабатын. Имам Тирмизи (рахматуллаһи та’ала алейһ) «Шамаил-и шәриф» кітабында былай дейді: «Расулуллаһ қамис, яғни көйлек кигенді жақсы көретін. Көйлегінің жеңдері білегіне дейін ұзын еді. Көйлегінің жеңдері мен жағасында түйме жоқ еді. Аяқ киімі теріден болатын, оның бір бауы және екі қыбалы бар еді. Қыбал – бір ұшы әлгі бауға, екінші ұшы аяқ киімнің алдыңғы ұшына тігілген қайыс. Ол екі саусақтың арасынан өтеді. Киім және аяқ киім киюде әдетке ілесу керек. Әдеттен ауытқу атаққа (көзге түсуге) себеп болады. Атақтан сақтану керек. Меккеге кірген кезде оның мүбәрәк басына қара сәлде оралған еді». Көбінесе ақ, кейде қара жұқа матаны басына сәлде етіп орап, оның ұшын екі иығының арасына бір сүйем шамасында салбыратып қоятын. Сәлдесі тым үлкен де, тым кішкентай да емес, шамамен үш жарым метр ұзындықта еді. Ол сәлдесін тақиясыз орайтын, кейде сәлдесіз сырма тақия киетін. Пайғамбарымыздың мақта және зығыр жібінен тоқылған, жолақ-жолақ Йемен матасынан тігілген Хибара деп аталатын бір киімі бар еді. Ол бұл киімді киюді өте жақсы көретін. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір ақ киімі де бар еді. Ол: «Киімдеріңнің ағын киіңдер! Тірілерің ақ киім кисін. Өлілеріңді де ақ кебінге ораңдар! Өйткені ол – киімдеріңнің ең қайырлысы әрі ең жақсысы!» – дейтін.57
«Атақ үшін және көзге түсу үшін киім киген адамнан, ол оны шешкенше, Аллаһ бет бұрады! Қиямет күні оған қорлық киімін кигізеді!» Хадис шәриф
Пайғамбарымыздың жасыл киім кигені де көрілген. Хазреті Әбу Римса Пайғамбарымызды үстіне асты-үсті екі бөліктен тұратын жасыл киім киген күйінде көргенін айтады.58 Пайғамбарымыз ала-құла хулланы да киетін. Хазреті Бәра бин Азиб: «Қызыл (ала) хулла деп аталатын киімді киген, шашы құлақ жұмсағына жеткен адамдардың арасында Расулуллаһтан (алейһиссалам) көркемірегін көрмедім!» – деді.59 Пайғамбарымыздың жұма күндері мен айттарда киетін бір қызыл шапаны бар еді. Пайғамбарымыздың Йеменде тігілген бір шапаны да бар еді. Пайғамбарымыз жең ұштары тар келген, Шамда тігілген шапанды сапарларда киетін. Пайғамбарымыз Иран шаһтары киетін тайласан матасынан тігілген, жағасына атлас кесіндісі тігілген, етегінің алдыңғы және артқы екі ойығы мен жеңдерінде атлас жиегі бар шапанды соғыстарда жаумен бетпе-бет келген кездерде киетін.
Бұл шапан хазреті Айша қайтыс болғанға дейін оның қолында тұрды, одан кейін оны Әсма бинт Әби Бәкір алды. Пайғамбарымыз киген бұл шапанды жуған сумен науқастарды жуындыратын, сонда олар шипа табатын.60 Думәтул-Жәндәл жорығында алынған соғыс олжаларының ішіндегі бір шапан сүйікті Пайғамбарымыздың үлесіне тиді. Оның арқауы да, ерсі жібі де ибришимнен (шикі жібектен) тоқылған, матасы атлас еді, ал кестелі жерлеріне алтын жіппен құрма жапырақтары кестеленген еді. Пайғамбарымыз бұл шапанды киіп, мінберге шығып отырды да, бір ауыз сөз айтпастан мінберден түсті. Құрметті сахабалар оған қолдарын тигізіп, қарап, әдемілігіне тамсанып жатты. Пайғамбарымыз: «Сендер мұның әдемілігіне таңғаласыңдар ма? Бұл сендерге қатты ұнады ма?» – деп сұрады. Олар: «Біз мұнан әдемі киім көрген емеспіз!» – десті. Пайғамбарымыз: «Жаным құдіретті қолында болған Аллаһпен ант етемін, Са’д бин Муаздың жәннаттағы орамалдары сендер көріп тұрған нәрседен әдемірек әрі жақсырақ!» – деді.
Пайғамбарымыз: «Атақ үшін және көзге түсу үшін киім киген адамнан, ол оны шешкенше, Аллаһ бет бұрады! Қиямет күні оған қорлық киімін кигізеді!» – деді.
Тағы да Пайғамбарымыз: «Атақ үшін және көзге түсу үшін киім киген адамға қиямет күні Аллаһ дәл сондай киім кигізеді. Сосын оны отпен лаулатады!» – деді.
Хазреті Сәһл бин Са’д былай дейді: «Бір әйел Расулуллаһқа (алейһиссалам) өзі тоқыған жиектері кестелі бір бүрде61 әкеліп: „Йа, Расулаллаһ! Мұны өз қолыммен тоқыдым. Саған сыйлық етіп әкелдім“, – деді. Расулуллаһ оның сыйлығын қабыл алды. Ол осы бүрдеге оранып, біздің қасымызға шықты. Жамағаттан біреу оған қолын тигізіп: „Йа, Расулаллаһ! Бұл бүрдеден әдемірегі болмайды! Оны маған бермейсің бе?“ – деді. Расулуллаһ: „Жарайды!“ – деді. Мешітте бізбен сұхбаттасып, насихат айтқаннан кейін ол үйіне қайтты да, бүрдені орап, әлгі адамға жіберді. Жамағат әлгі адамға: „Сен мүлде дұрыс істемедің! Расулуллаһ киіп жүрген әрі өзіне керек нәрсені одан сұрадың! Расулуллаһтың (алейһиссалам) сұраған адамды ешқашан кері қайтармайтынын, қолын бос жібермейтінін өзің де білесің ғой!“ – деп сөкті. Әлгі адам: „Аллаһпен ант етемін, мен мұны кию үшін сұраған жоқпын. Өлген күнім кебінім болсын деп сұрадым!“ – деді. Шынында да, сол бүрде оның өлген күні кебіні болды».62 Пайғамбарымыздың қара жүн киім кигені де болды. Хазреті Айша анамыз: «Расулуллаһқа (алейһиссалам) қара жүннен бір киім тігілген еді. Оны киіп терлегенде, жүннің иісін сезді. Дереу оны үстінен шешіп тастады, өйткені ол тек хош иісті ғана жақсы көретін», – деді. Пайғамбарымыз сыртынан киетін кафтанның етегін тек балтырдың ортасына дейін немесе одан сәл төменірек, тобыққа дейін түсіруге рұқсат ететін, тобықтан да төмен, яғни жерге сүйретілетіндей етіп түсіруге тыйым салатын. Ол тәкаппарланып кафтандарын жерге сүйреткен ер адамдарға қиямет күні ұлы Аллаһтың рақым назарымен қарамайтынын айтатын.
Бір күні Пайғамбарымыз хазреті Жабир бин Сүләймге былай деді: «Кафтаныңның етегін балтырдың ортасына дейін түсір! Олай істей алмасаң, тобықтарыңа дейін түсір! Жерге сүйретілетіндей етіп түсіруден сақ бол! Өйткені бұл – тәкаппарлықтың белгісі. Ал Аллаһу та’ала тәкаппарлануды жақсы көрмейді!» Сондықтан Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу анһума) кафтанын балтырының ортасына дейін түсіріп киетін.63
«Йемен жақтан рақым желі соққанын сеземін» Хадис шәриф
Пайғамбарымыздың бір қабат мақта жібінен тоқылған бөзден тігілген көйлегі бар еді. Хазреті Айша анамыз былай дейді: хазреті Әбу Жәһм Пайғамбарымызға беті өрнекті бір жайнамаз сыйлаған еді. Бір күні Пайғамбарымыз осы жайнамаздың үстінде намаз оқып тұрғанда, мүбәрәк көзі өрнекке түсті. Сәлем бергеннен кейін ол: «Мұны Әбу Жәһмге апарыңдар. Ол жаңа ғана намазымда көңілімді бөлді. Маған өрнексіз, қарапайым жайнамаз әкелсін», – деді.
Мәдинаның топырағы ылғалды әрі сортаң болғандықтан, Пайғамбарымыз қайтыс болғанда бұл жайнамаз оның мүбәрәк қабірінің түбіне төселді.
Хазреті Уәйс Қараниға жіберген Хырқа-и шәриф
Уәйс бин Амир Қарани (радиаллаһу анһу) – табиғиндердің ұлыларынан. Ол Йемендегі Қарн ауылынан. Мұсылман болғаннан кейін өмір бойы сүйікті Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) деген ғашықтықпен жанып-күйіп өтті, бір сәтке де Раббысын ұмытпады. Құлшылықта ол сондай дәрежеге жетті: оның әрбір жағдайы, әрбір қимылы және әрбір сөзі адамдарға ғибрат пен насихат болды. Ол ешкімнен ренжімеді және ешкімді ренжітпеді. Оның ең маңызды қасиеттері – Пайғамбарымызға деген ғашықтығы, ғибадатты жан-тәнімен үзбей жалғастыруы және анасына деген құрметі. Ол анасына көп қызмет етіп, оның ақ батасын алды. Оның сүйікті Пайғамбарымызға деген осы махаббаты мен исламға адалдығы Пайғамбарымыздың оны мақтауына себеп болды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) анда-санда мүбәрәк жүзін Йемен жаққа бұрып: «Йемен жақтан рақым желі соққанын сеземін», – дейтін. Тағы былай деді: «Қиямет күні Аллаһу та’ала Уәйстің кейпінде жетпіс мың періште жаратады да, олар Уәйсті өз араларында Арасатқа алып барады. Ол жәннатқа кіреді, ал Аллаһу та’ала қалағандардан (Өзі білдіргендерден) басқа ешбір жаратылыс олардың қайсысы Уәйс екенін білмейді». «Үмметімнің ішінде бір адам бар, ол қиямет күні Рәбиа және Мудар тайпаларының қойларындағы жүн санындай адамға шапағат етеді». Құрметті сахабалар: «Йа, Расулаллаһ, ол кім?» – деді. Ол: «Аллаһтың құлдарының бірі», – деді. Олар: «Біз бәріміз де құлмыз; оның аты кім?» – деді. Ол: «Уәйс», – деді. Олар: «Ол қайдан?» – деп сұрады. Расулуллаһ: «Қарннан», – деді. «Ол сені көрді ме?» – деп сұрағанда, ол: «Бас көзімен көрген жоқ», – деді.
Олар: «Таңғаларлық, саған соншалықты ғашық бола тұра, қызмет етуге, қасыңа асығып келмейді екен», – деді. Расулуллаһ: «Екі себептен. Біріншісі – ол өз халдарына бағынған. Екіншісі – менің дініме адалдығынан. Оның кәрі анасы бар, ол иман келтірген. Оның көзі көрмейді, қол-аяғы қимылдамайды. Уәйс күндіз түйе бағып, алған ақысын өзінің және анасының нафақасына жұмсайды», – деді. «Біз оны көреміз бе?» – деп сұрады. Хазреті Әбу Бәкірге ол: «Сен оны өз заманыңда көрмейсің», – деді. Ал хазреті Омар мен хазреті Әлиге: «Сендер оны көресіңдер. Оның денесі түкті. Сол бүйірінде және алақанында бір күміс теңгедей ақтық бар. Бұл бәрас (ала) ауруының ағы емес. Оның қасына барғанда, менің сәлемімді айтып, үмметіме дұға етуін өтініңдер», – деді.
Хазреті Уәйс Қарани (Уәйс әл-Қарни) анасы қайтыс болғаннан кейін Қарн ауылынан шығып, Куфа қаласына кетті. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қайтыс болуы жақындағанда: «Хырқаңды кімге берейік?» – деп сұрасты. Ол: «Уәйс әл-Қарниге беріңдер», – деді. Расулуллаһ қайтыс болғаннан кейін хазреті Омар мен хазреті Әли Куфаға келгенде, хазреті Омар: «Ей, нәждіктер, араларыңда Қарннан келген біреу бар ма?» – деді. Олар: «Иә», – десті. Ол олардан хазреті Уәйс туралы сұрады. Олар: «Білеміз. Ол сендер іздейтіндей адамнан әлдеқайда төмен адам. Ол есуастау, ақылсыз, адамдардан қашып жүретін біреу», – десті.
«Йа, Раббым! Осы Хырқа-и шәрифтің құрметі үшін, сүйікті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) құрметі үшін Мұхаммед үмметінің бәрін кешіре гөр» Хазреті Уәйс (радиаллаһу анһу)
Хырқа-и шәриф
Сүйікті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хазреті Уәйс Қараниға (рахматуллаһи алейһ) сыйлаған мүбәрәк хырқасын мүбәрәк Рамазан айында Стамбулдың Фатих ауданындағы Хырқа-и шәриф мешітінде зиярат етуге болады.
Хазреті Омар (радиаллаһу анһу): «Мен соны іздеп жүрмін; ол қайда?» – деді. Олар: «Ол Арна алқабында біздің түйелерімізді бағады, біз де бұл үшін оған кешкі ас береміз. Шаш-сақалы ұйпа-тұйпа, қалаларға келмейді, ешкіммен сөйлеспейді, адамдар жегенді жемейді. Ол қайғы да, қуаныш та білмейді: адамдар күлгенде ол жылайды, адамдар жылағанда ол күледі», – десті. Хазреті Омар: «Мен дәл соны іздеп жүрмін», – деді. Олар оның қай жерде екенін айтып берді. Хазреті Омар мен хазреті Әли оның қасына барды. Оны намаз оқып тұрған кезде көрді. Аллаһу та’ала оның түйелерін бағу үшін бір періштені міндеттеген еді. Уәйс намазын бітіріп сәлем бергенде, хазреті Омар орнынан тұрып, сәлем берді. Ол сәлемін алды. Хазреті Омар: «Атың кім?» – деп сұрады. Ол: «Абдуллаһ, яғни Аллаһтың құлы», – деді. Хазреті Омар: «Бәріміз де Аллаһтың құлдарымыз; шын атың кім?» – деп сұрағанда, ол: «Уәйс», – деді. Хазреті Омар: «Оң қолыңды көрсет», – деді. Ол көрсеткенде, хазреті Омар былай деді:
«Пайғамбарымыз саған сәлем айтты. Ол мүбәрәк хырқасын саған жіберді де: „Алып кисін, үмметіме де дұға етсін“, – деп өсиет етті».
Уәйс: «Ей, Омар! Мен – әлсіз, дәрменсіз және күнәһар бір құлмын.
Мұқият қара, бұл өсиет басқа біреуге қатысты болып жүрмесін?» – дегенде, хазреті Омар: «Жоқ, ей, Уәйс, біз іздеген адам – сенсің. Пайғамбарымыз сенің кескін-келбетіңді және қасиеттеріңді анық айтып берді», – деп жауап берді.
Сонда хазреті Уәйс Хырқа-и шәрифті құрметпен алып, сүйді, иіскеді, бет-жүзіне сүртті. Ол ұзақ жылады да: «Сендер осы жерде күте тұрыңдар», – деп, олардың қасынан кетті. Біраз әрірек барып сәждеге жығылды. Көз жасын төгіп, Аллаһу та’алаға жалбарына бастады, Мұхаммед үмметінің кешірілуі үшін дұға етті. Ол өксіп жылап, жалбарынып былай деп дұға етті: «Йа, Раббым! Сүйікті Пайғамбарымыз, мен лайық болмасам да, Сенің осы пақыр, дәрменсіз құлыңа хазреті Омар мен хазреті Әли арқылы Хырқа-и шәрифін жіберіпті. Күнәһар үмметіме дұға етсін депті. Йа, Раббым! Осы Хырқа-и шәрифтің құрметі үшін, сүйікті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) құрметі үшін Мұхаммед үмметінің бәрін кешіре гөр… Кешіре гөр, Аллаһым, кешіре гөр… Аллаһым…» Көптеген күнәһар мұсылманның кешірілгені білдірілгенде, ол Хырқа-и шәрифті құрметпен киді.
Уәйс Қараниға сыйланған бұл Хырқа-и шәриф Ван маңындағы Ирисан бектеріне дейін жетіп, 1618 жылы Осман падишаһтарынан сұлтан Осман хан II-ге әкелініп сыйға тартылған. Сұлтан Абдулмәжид хан бұл Хырқа-и шәриф үшін Фатихта «Хырқа-и шәриф мешіті» деп аталатын мешіт салдырған. Сүйікті, мәртебелі Пайғамбарымыздың мүбәрәк денесінің гүл иісін әлі күнге дейін сол балғын қалпында сақтап келе жатқан, бал көбігіндей крем түсті бұл мүбәрәк Хырқа-и шәриф жыл сайын мүбәрәк Рамазан айында әйнектің ар жағында халыққа зиярат еткізіледі.
Хазреті Ка’б бин Зухәйрге берген Хырқа-и сәадат
Ақындар әулетінің ұлы болған хазреті Ка’б бин Зухәйр (радиаллаһу анһу) өзі де ақын еді. Бұрын ол Пайғамбарымызға және исламға қарсы өлеңдер айтатын. Мұны Пайғамбарымызға хабарлады, сонда ол оның қай жерде көрінсе, сол жерде өлтірілуін бұйырды.
«Аллаһтан басқа ғибадатқа лайық илаһ жоқ екеніне куәлік етемін. Мұхаммед алейһиссалам – Оның құлы әрі расулы» Ка’б бин Зухәйр (радиаллаһу анһу)
Одан бұрын мұсылман болған бауыры хазреті Бужәйр (радиаллаһу анһу) оған хат жазып, осы шешімді хабарлады және егер мұсылман болса, рақым теңізі болған сүйікті Пайғамбарымыздың оны кешіретінін жазды. Хатты оқыған хазреті Ка’б терең ойға батты. Ол пұттарға табынудың мағынасыздығын, исламның ұлылығын және Пайғамбарымыздың ұлы тұлға екенін түсіне бастады, көңілі нұрлана бастады. Ақыры мұсылман болуға бел буып, нұрлы Мәдинаның жолына шықты. Ол Пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мадақтаған, өзінің тәубе етіп мұсылман болғанын білдірген ұзақ бір өлең жазды. Мәдинаға жеткенде, Жухәйнә тайпасынан бір досымен бірге Пайғамбарымыздың алдына барды. Пайғамбарымыз сахабаларымен сұхбаттасып отыр еді. Хазреті Ка’б өзін таныстырмай тұрып: «Йа, Расулаллаһ! Ка’б бин Зухәйр істегендеріне өкініп, мұсылман болып, аман тілеуге келіпті. Мен оны саған алып келсем, оған аман беріп, мұсылман болуын қабыл етесің бе?» – деді. Пайғамбарымыз: «Иә», – деді. Сонда хазреті Ка’б: «Аллаһтан басқа ғибадатқа лайық илаһ жоқ екеніне куәлік етемін. Мұхаммед алейһиссалам – Оның құлы әрі расулы», – деді. Пайғамбарымыз: «Сен кімсің?» – деп сұрады. Ол: «Мен – Ка’б бин Зухәйрмін, йа, Расулаллаһ», – деді. Ансарлардан біреу: «Йа, Расулаллаһ, рұқсат ет, саған қарсы шыққан бұл адамның басын шабайын», – дегенде, Пайғамбарымыз: «Оған тиме. Ол бұрынғы жағдайына өкініп, Хаққа қайтып келді», – деді. Сонда Ка’б бин Зухәйр (радиаллаһу анһу) өзінің мұсылман болғанын баяндаған, сүйікті Пайғамбарымыздың және құрметті сахабалардың ұлылығы мен қадірін мадақтаған атақты қасидасын оқыды. «Банәт Суад / Сүйіктім алыстап кетті» деген сөздермен басталып, былай жалғасатын бұл қасида Пайғамбарымызға қатты ұнады:
Әр адам, сөзсіз, бір күні табытта көтерілер…
Кешірім сұрап келдім, йа, Расулаллаһ, сенің ұлы алдыңа…
Оның кешіруі – ең көп үміттенетін нәрсе…
Оның алдында айтылған үзір қабыл болар…
Маған рақым ет, йа, Расулаллаһ…
Мені кешір, йа, Расулаллаһ…
Күмәнсіз, Расулуллаһ – Хақ та’аланың
Жамандықтарды жоятын өткір қылыштарының қынынан суырылған бір қылыш…
Ол – хидаят шашатын, тура жолды көрсететін нұр…
Ол оны кешірді. Ал Ка’б мына бәйітке жеткенде:
Иннар-Расула лә нурун йустадау биһи,
Мұхаммадун мин суйуфиллаһи мәслулу.
Расулуллаһ – бір нұр, онымен халық нұрланар,
Ол – Хақ та’аланың суырылған қылыштарының бірі,
екі дүниенің сардары, әлемнің мақтанышы Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүбәрәк иықтарынан «Хырқа-и сәадат» деп аталатын хырқасын шешіп, хазреті Ка’б бин Зухәйрдің иықтарына жапты.64
Хазреті Муауия халифа болған кезінде Ка’б бин Зухәйрге: «Расулуллаһтың хырқасын бізге сат!» – деп хабар жіберді. Оған он мың дирхам жіберді. Ка’б бин Зухәйр: «Расулуллаһтың хырқасын кию мәселесінде мен ешкімді өзімнен артық қоя алмаймын!» – деп, хазреті Муауияның өтінішін қабыл алмады. Хазреті Ка’б бин Зухәйр қайтыс болғанда, хазреті Муауия оны Ка’бтың ұлдарынан жиырма мың дирхамға сатып алды. Пайғамбарымыздың хазреті Ка’б бин Зухәйрге берген бұл мүбәрәк хырқасы халифадан халифаға мұра болып өтіп отырды.
Әмәуилер билігі құлағаннан кейін оны Аббасилердің алғашқы халифасы Әбул-Аббас Сәффах бин Абдуллаһ бин Мұхаммед үш жүз динарға сатып алды. Айттарда оны халифалар киді. Аббасилер Мысырға келгенде, оны өздерімен бірге алып келді. Хазреті Явуз сұлтан Селим хан Мысырды алып, халифа болғанда, бұл мүбәрәк хырқа Мысырдағы басқа «Мүбәрәк аманаттармен» бірге Стамбулға әкелінді. Оны Стамбулда, Топқапы сарайының «Хырқа-и сәадат бөлмесінде» кез келген адам зиярат ете алады.
Бұл мүбәрәк хырқаның ұзындығы 124 сантиметр, жеңі кең, қара жүн матадан тігілген. Хырқаның астары крем түсті жүн матадан. Ол бірнеше бума матаға оралған күйінде сұлтан Мұрат хан III жасатқан, қақпағы үстінен ашылатын алтын сандықтың ішінде сақтаулы. Хырқа-и сәадаттың бұл сандығы өнер тұрғысынан теңдессіз туынды, оның үстіне зүмірәттермен де безендірілген. Сандықтың үстінде мынадай жазу бар:
«Лә илаһә иллаллаһ, уә ма арсалнакә илла рахматан лил-’аләмин. Лә илаһә иллаллаһул-мәликул-хаққул-мубин, Мұхаммадур-расулуллаһ, әс-садиқул-уа’дил-әмин».
Пайғамбарымыздың төсегі
Пайғамбарымыз үстінде жатып ұйықтайтын төсектің (көрпешенің) сырты теріден еді. Ішіне құрма ағашының қабық талшығы толтырылған еді. Оның үстінде өзі де, әйелі де ұйықтайтын. Пайғамбарымыздың мүбәрәк басының астына қоятын жастығының да сырты теріден болып, ішіне құрма талшығы толтырылған еді. Пайғамбарымыз дүниеге және дүниедегі нәрселерге мән бермейтін.
Абдуллаһ бин Мәсуд былай дейді: Ғаламның мырзасы бір бойра (хасыр) үстінде жатып ұйықтаған еді, бойра оның мүбәрәк бүйіріне із қалдырыпты. Ол оянғанда, мен оның мүбәрәк бүйірін уқалап: «Әкем мен шешем саған құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Бізге айтсаң ғой, бойраның үстіне саған одан қорғайтын бірдеңе төсер едік!» – дедім. Сосын: «Саған бір жұмсақ төсек алсақ қайтеді?» – дедім.
Ғаламның мырзасы: «Дүниеге қатысты нәрселер маған не керек? Менің дүниемен байланысым, жағдайым – бір ағаштың астында біраз саялап дем алғаннан кейін, оны тастап, жолын жалғастырған бір салт аттының жағдайы сияқты!» – деді.65 Хазреті Айша анамыз былай дейді: Менің қасыма ансарлардан бір әйел келді. Расулуллаһтың (алейһиссалам) төсегін көріп, кетіп, ішіне жүн толтырылған бір төсек жіберді.
Расулуллаһ (алейһиссалам) қасыма келіп: «Бұл не?» – деп сұрады. Мен: «Йа, Расулаллаһ! Ансарлардан пәленше деген әйел қасыма келген еді. Сенің төсегіңді көріп, кетіп, саған мұны жіберді», – дедім. Ол: «Мұны дереу оған қайтарып бер!» – деді. Бірақ мен қайтармадым. Оның үйімде тұрғаны маған ұнаған еді. Расулуллаһ (алейһиссалам) бұл сөзін үш рет қайталады. Соңында: «Аллаһпен ант етемін, ей, Айша! Қаласам, Аллаһ алтын мен күміс тауларын менің қасымда жүргізер еді!» – деді.66 Пайғамбарымыздың (алейһиссалам) көрпешесі де екі абадан тұратын еді.
«Расулуллаһ алтын және темір жүзіктерді шешкізетін, ал күміс жүзіктерге қарсы болмайтын» Амр бин Шуғайб (радиаллаһу анһу)
Бір түні ол қасыма келгенде, мен осы абаны екі бүктеп, тарылтып қойған едім. Ол соның үстінде ұйықтады. Сосын: «Ей, Айша! Бүгінгі түнгі төсегім неге әдеттегідей емес еді?» – деп сұрады. Мен: «Йа, Расулаллаһ! Мен оны саған арнап бүктеп, тарылтып қойдым», – дедім. Ол: «Сен оны бұрынғы қалпына келтір!» – деді.67
Хазреті Айша тағы былай дейді: «Құрайыштықтар үшін Меккеде сәрир (сөре төсек) үстінде ұйықтаудан рақат нәрсе жоқ еді. Расулуллаһ (алейһиссалам) Мәдинаға келіп, Әбу Әйубтың үйіне түскенде, одан: „Ей, Әбу Әйуб! Сендерде сәрир жоқ па?“ – деп сұрады. Әбу Әйуб: „Аллаһпен ант етемін, жоқ“, – деді. Ансарлардан Са’д бин Зурарә (радиаллаһу анһу) мұны естіп, Расулуллаһқа аяқтары тик ағашынан жасалған, үсті зығыр талшығынан өрілген бойрамен жабылған бір сәрир жіберді. Расулуллаһ өз үйіне көшкенге дейін соның үстінде ұйықтады, қайтыс болғанға дейін де соның үстінде ұйықтады. Расулуллаһты (алейһиссалам) жуып, кебіндегеннен кейін оны сол сәрирдің үстіне жатқызды, жаназа намазын да ол сол сәрирдің үстінде жатқанда оқыды. Халық өз өлілерін көтеріп апару үшін оны бізден сұрап алатын және онымен береке алатын. Хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омардың жаназалары да соның үстінде көтерілді».
Хазреті Айша былай дейді: «Расулуллаһтың (алейһиссалам) бір бойрасы бар еді, ол түнде оның үстінде намаз оқитын, ал күндіз оны төсеп, үстінде халықпен бірге отыратын».68
Пайғамбарымыздың жүзіктері
Ер адамдарға тек күміс жүзік қана халал екенін, ал алтыннан, темірден және сары жезден жүзік тағу харам екенін Пайғамбарымыз білдірді. Өзі де қайтыс болғанға дейін тек күміс жүзік қана тақты.
Расулуллаһ жүзігін мүбәрәк оң қолына тағатын. Сол қолына таққаны да көрілген. Оң қолға да, сол қолға да тағу жаиз. Ол шынашаққа немесе оның қасындағы саусаққа тағылады. Айттарда әркімнің жүзік тағуы – мустахаб. Көзге түсу, мақтану үшін тағу – харам.
Хабашстанның Нәжашиі Әсхамәнің Пайғамбарымызға жіберген сыйлықтарының арасында көзі хабаш тасынан жасалған бір алтын жүзік те бар еді. Сүйікті Пайғамбарымыз Әбул-Астың қызы, өзінің немересі хазреті Умаманы шақырып: «Қызым! Мұны сен так!» – деді.69
Бір күні хазреті Нұғман бин Бәшир Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қасына келді. Оның саусағында алтын жүзік бар еді. Пайғамбарымыз: «Жәннатқа кірмей тұрып, неге жәннаттың әшекейін тағып алдың?» – деді. Ол темір жүзік таға бастады. Мұны көрген Пайғамбарымыз: «Неге тозақтың затын тағып жүрсің?» – деді. Ол оны да шешіп, қоладан жүзік тақты. Мұны көрген Пайғамбарымыз: «Неге сенен пұттың иісін сеземін?» – деді. Ол: «Йа, Расулаллаһ! Қандай жүзік тағайын?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Күміс жүзік тағуыңа болады. Оның салмағы бір мысқалдан (4,8 г) аспасын және оны оң қолыңа так!» – деді.
Хазреті Амр бин Шуғайб былай дейді: «Расулуллаһ алтын және темір жүзіктерді шешкізетін, ал күміс жүзіктерге қарсы болмайтын».
Сүйікті Пайғамбарымыз Иран шаһына, Византия императорына және Хабашстанның Нәжашиіне хат жаздырғысы келгенде, оған: «Йа, Расулаллаһ! Олар мөр басылмаған хатты оқымайды!» – десті. Сонда Пайғамбарымыз күмістен бір жүзік жасатты, оның көзіне үш жол етіп «Мұхаммадур-расулуллаһ» деп ойып жазылған еді.
Мөр-жүзіктегі жазу жоғарыдан төмен қарай үш жол болып тұратын: «Аллаһ» – бір жол, «Расул» – бір жол және «Мұхаммед» – бір жол. Пайғамбарымыздың күміс жүзігіндегі тас хабаш тасы еді.70 Бұл күміс жүзіктің көзі де күмістен болғаны риуаят етіледі.
Хазреті Амр бин Саид Пайғамбарымыздың қасына келген еді. Сүйікті Пайғамбарымыз оның саусағындағы жүзікті көріп: «Қолыңдағы бұл жүзік не?» – деп сұрады. Хазреті Амр бин Саид: «Йа, Расулаллаһ! Бұл – бір сақина. Мен оны өзім жасадым», – деді. Пайғамбарымыз: «Оған не деп ойып жазылған?» – деп сұрады. Амр бин Саид (радиаллаһу анһу): «Мұхаммадур-расулуллаһ», – деді. Пайғамбарымыз: «Бері әкелші, көрейін», – деді. Ол оны алып, өзінің жеке мөрі ретінде пайдаланды да, басқаларға жүзіктеріне «Мұхаммадур-расулуллаһ» деген сөздерді ойып жазуға тыйым салды.71 Сүйікті Пайғамбарымыз мүбәрәк саусағында осы мөр-жүзік тұрған күйінде қайтыс болды.
Пайғамбарымыз жүзігінің көзі бар жағын мүбәрәк алақанына қаратып тағатын. Дәретханаға кіретін болса, жүзігін мүбәрәк саусағынан шешетін. Сүйікті Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін оның мөр-жүзігін хазреті Әбу Бәкір, одан кейін хазреті Омар, хазреті Омардан кейін хазреті Осман тақты. Хазреті Осман халифа болған кезінде бір күні Әрис құдығының басында отырғанда, оны құдыққа түсіріп алды. Құдықтың бүкіл суы сорып шығарылса да, үш күн бойы іздесе де, бұл мүбәрәк жүзік табылмады.72 Жүзік тасына жазу жазу әдеті Пайғамбарымыздан кейін де жалғасты.
Хазреті Әбу Бәкірдің жүзігінде «Ниғмал-қадиру Аллаһ» (Аллаһу та’аланың барлық нәрсеге құдіреті қандай керемет жетеді), хазреті Омардың жүзігінде «Кәфә бил-мәути уа’изан йа Омар» (насихат ретінде өлім жеткілікті, ей, Омар) деп жазылған еді.
Хазреті Османның жүзігінде «Ләнасбиранна» (әлбетте, сабыр етеміз), хазреті Әлидің жүзігінде «Әл-мулку лилләһ» (мүлік тек Аллаһу та’аланікі) деп жазылған еді.
«Яһудилерге ұқсамау үшін намаздарыңды нағлайнмен оқыңдар» Хадис шәриф
Хазреті Хасанның жүзігінде «Әл-иззату лилләһ» (ұлылық, мәртебе Аллаһу та’аланікі) деп жазылған еді.
Хазреті Муауияның жүзігінде «Раббиғфир ли» (Раббым, кешіре гөр), хазреті Ибн Әби Ләйланың жүзігінде «Әд-дүнйа ғаррун» (дүние алдамшы, өтірікші) деп жазылған еді.
Хазреті Имам Ағзам Әбу Ханифаның жүзігінде «Қулил-хайра уә илла фәскут» (Не жақсы сөз айт, не үндеме!) деп жазылған еді.
Хазреті имам Әбу Юсуфтың жүзігінде «Мән ’амилә би-ра’йиһи нәдимә» (өз пікірімен іс істеген адам өкінеді), хазреті имам Мұхаммед Шәйбанидің жүзігінде «Мән сабара зафира» (сабыр еткен адам жеңіске жетеді) деп жазылған еді.
Хазреті имам Шафиғидің жүзігінде «Әл-бәрәкату фил-қана’а» (береке – қанағатта) деп жазылған еді. Олар жүзіктерін мөр ретінде пайдаланатын.
Пайғамбарымыздың Нақш-и қадам-и шәрифі
Нақш-и қадам-и шәриф – сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның мүбәрәк табан іздері. Пайғамбарымыздың мұғжизаларының бірі мынау еді: ол жұмсақ нәрсеге, мысалы, құмға басқанда табанының ізі қалмайтын, ал тасқа, қатты нәрсеге басқанда із түсетін. Оның мүбәрәк аяғы басып, із қалдырған кейбір тастар мен мәрмәрлер естелік ретінде ғасырлар бойы сақталып, қолдан қолға аманат ретінде табысталған, адамдар олар арқылы береке алған.
Әсіресе мұсылман мемлекет қайраткерлері, падишаһтар бұл қымбат естеліктерді маңызды жерлерде арнайы күзетке алып сақтаған, өздері зиярат етіп, басқаларға да зиярат еткізген. Сақталып қалған Нақш-и қадам-и шәрифтердің ең атақтылары мыналар: 1. Үндістанда Фируз шаһ Туғлұқтың ұлы Фатх ханның кесенесіндегі Нақш-и қадам-и шәриф. 2. Каирдегі Қайытбай кесенесіндегі екі мүбәрәк табан ізі. 3. Каирдегі Асарун-Нәби мешітіндегі екі мүбәрәк табан ізі. 4. Стамбулдағы Халид бин Зәйд Әбу Әйуб әл-Ансари (Әйуб Сұлтан) кесенесіндегі мүбәрәк оң табан ізі. Бұл Нақш-и қадам-и Пайғамбари Махмуд хан I-дің әмірімен 1734 жылы сарайдан кесенеге әкелінген.
5. Абдулхамид хан I-дің кесенесінде, Йени Жами жақтағы қабырғадағы шкафтың ішінде сақталған екі табан ізі.
6. Лалелидегі сұлтан Мұстафа хан III-нің кесенесінде қабырғаға арнайы жасалған шкафтың ішінде сақталған, тастың бетіндегі екі мүбәрәк табан ізі. 7. Стамбулдағы Топқапы сарайының Қасиетті аманаттар бөліміндегі табан іздері. Топқапы сарайының Хырқа-и сәадат бөлімінде төртеуі тас, екеуі кірпіш түріндегі алты Нақш-и қадам-и шәриф бар. Солардың бірі – Пайғамбарымыз Миғражға көтерілгенде басқан жартастың үстінде қалған мүбәрәк табан ізі, ол Хырқа-и сәадат бөлмесінде шкафтың ішінде сақтаулы. Расулуллаһ Миғражға көтерілгенде басқан бұл мүбәрәк жартастың үстіне Құббатус-Сахра деген атпен белгілі ғимарат салынған. Нақш-и қадам-и шәрифтер қазіргі орындарына көшірілмей тұрып, ғасырлар бойы әр түрлі жерлерде сақталған. Ақырында бүгінгі орындарына қойылған. Ал шынайы Нақш-и қадам-и шәрифтерді береке алу үшін зиярат етеді.
Қадам-и шәриф және сұлтан Ахмед хан I
Он үш жасында таққа отырып, жиырма сегіз жасында қайтыс болған Осман падишаһы сұлтан Ахмед I исламға және Расулуллаһқа шын жүректен берілген еді. Бахти және Ахмеди деген лақаптармен өлең де жазған сұлтан Ахмед I Нақш-и қадам-и шәриф пішінінде асыл тастармен әшекейленген сәлде әшекейін жасатып, оның ортасына көк эмальдың үстіне алтынмен өзінің мына жолдарын жаздырған еді:
Неге оны тәжім сияқты басымда мәңгі алып жүрмейін,
Пайғамбарлар шаһы ол хазреттің пәк ізін (қадамын).
Пайғамбарлық гүлбағының гүлі – сол іздің иесі;
Ей, Ахмед, тұрма, жүзіңді сүрт сол Гүлдің ізіне.
Sultan I. Ahmed (Bahtî)
Сұлтан Ахмед I жұма және айт күндері, басқа да мүбәрәк күндері бұл әшекейді басына тағатын. Айынтаблы Мехмед Мүниб әпенді Абдулхамид хан I-дің кесенесіндегі Нақш-и қадам-и шәрифтің табылуын және кесенеге қойылуын баяндаған Âsâr-ul-Hikem fî Nakş-il Kadem атты бір шығарма жазған. Сұлтан Ахмед хан бұл шумақты өз қолымен жазып, шәйхы Азиз Махмуд Һүдайи әпендіге жіберген. Сонымен қатар сұлтан Ахмед бұл өлеңді бір тақтайдың бетіне жаздырып, сұлтандық тағының алдына ілгізген. Өлең жазылған бұл тақта қазір де Сұлтан Ахмед мешітінде ілулі тұр.
Пайғамбарымыздың Нағлайн-и шәрифі
Пайғамбарымыздың заманында киілетін нағлайндар бүгінгілерінен өзгеше еді. Олар табаны теріден, үсті ашық, баулы аяқ киім түрінде еді. Расулуллаһ пен құрметті сахабалар көшеде киетін нағлайндарымен намаз оқитын. Олардың нағлайндары таза еді, ал Мәсжид-и Нәбәуидің еденіне құм төселген еді. Лас нағлайнмен оған кірмейтін.
Хадис шәрифте: «Яһудилерге ұқсамау үшін намаздарыңды нағлайнмен оқыңдар», – делінген.
Нағлайн-и сәадаттың тіпті суретінің өзі де береке әкеледі деп сеніп, оны үйлерге, жұмыс орындарына ілетін. Хырқа-и сәадат бөлімінде Нағлайн-и сәадатпен бірге олардың металдан және ағаштан жасалған үлгілері де сақтаулы.
Пайғамбарымыздың өзімен бірге алып жүретін жеті нәрсесі
Сүйікті Пайғамбарымыз қасында тарақ, айна, мисуак, гүл майы, сүрме және қайшы болған күйде сапарға шығатын, сапарда да, үйде де оларды өзінен айырмайтын. Хазреті Айша: «Жорықтарға Расулуллаһтың (алейһиссалам) гүл майын, тарағын, айнасын, екі қайшысын, сүрмедонын және мисуағын дайындайтынмын», – деді. Хазреті Айша анамыз тағы былай деді: «Сапарда да, үйде де Расулуллаһ (алейһиссалам) өзімен бірге жеті нәрсе алып жүретін:
1. гүл майы құйылған шиша, 2. тарақ, 3. айна, 4. сүрмедон, 5. мисуак, 6. екі қайшы, 7. шашты бөлетін сүйек».73
Пайғамбарымыздың асасы мен таяқтары
Пайғамбарымыз жұма күндері хұтба оқығанда асаға немесе садаққа, ал сапарда садаққа сүйенетін. Сүйікті Пайғамбарымыз асаға сүйенудің пайғамбарлардың мінезі екенін айтатын, өзі де асаға сүйенетін және сүйенуге кеңес беретін. Муауия бин Әби Суфйан (радиаллаһу анһума) халифа болған кезде Пайғамбарымыздың асасы Са’дул-Қараздың қолында еді. Хазреті Муауия бин Әби Суфйан хижреттің елуінші жылы қажылыққа келген еді. Ол сүйікті Пайғамбарымыздың мешітіндегі мінберді бөлшектеп, Шамға көшіргісі келді. Са’дул-Қараздағы асаны да сұратып алдырғысы келді. Хазреті Жабир бин Абдуллаһ пен хазреті Әбу Хурайра оның қасына барып: «Ей, мүминдердің әмірі! Расулуллаһтың (алейһиссалам) мінберін қойылған орнынан бөлшектеп алып кету де, асасын Шамға көшіру де дұрыс болмайды!» – десті. Сонда хазреті Муауия бұл ниетінен бас тартып, кешірім сұрады.
Пайғамбарымыз хазреті Абдуллаһ бин Унәйсті мешіттен өз үйіне ертіп барып, оған бір аса беріп: «Бұл асаны өзіңде сақта, ей, Абдуллаһ бин Унәйс!» – деді. Абдуллаһ бин Унәйс (радиаллаһу анһу) осы асамен халықтың алдына шыққанда, одан: «Бұл қандай аса?» – деп сұрады. Ол: «Мұны маған Расулуллаһ (алейһиссалам) берді және өзімде сақтауды бұйырды», – деді. Олар хазреті Абдуллаһ бин Унәйске: «Расулуллаһтың (алейһиссалам) қасына қайта барып, мұны саған не үшін бергенін сұрасаң етті!» – десті.
Пайғамбарымыздың Нағлайн-и шәрифінің суреті
Нағлайн-и шәриф
Расулуллаһтың нағлайны көктерге көтерілер,
Бүкіл жаратылыс оның саясында тұрар.
Тұрда Мұсаға: «Нағлайныңды шеш», – делінгенде,
Арштың үстінде оған: «Сен шешпе», – делінер.
Бұл – ең мәртебелі Расулдың нағлайнының бейнесі,
Жұлдыздар да ол басқан топырақ болуды тілер.
Оны аңсайды жеті қабат көктің иелері,
Сұлтандардың тәждері оған қызыға қарар.
Мұстафаның нағлайнына теңдес табылмас,
Көзге нұр, жүрекке тыныштық – бәрі содан келер.
Нағлайн бейнесін ең зор құрметпен ұста,
Бүкіл бастар оған аяқ болуды тілер.
Жан-жақты бәле-жала қоршап алғанда,
Нағлайн-и шәриф маған сенімді қамал болар.
Осы мықты қамалда мен аман-есенмін,
Көркем бейнесін паналасам, ол мені қорғар.
Көңіл нағлайн-и шәриф бейнесіне қызмет етіп,
Екі дүниеде оның саясында өмір сүруді тілер.
Ибн Мәсуд нағлайнға қызмет етіп бақытқа жетті,
Менің бақытым болса оның бейнесі арқылы келер.
Юсуф Нәбһани
Сонда Абдуллаһ бин Унәйс Пайғамбарымыздың қасына қайта барып: «Йа, Расулаллаһ! Бұл асаны маған не үшін бердің?» – деп сұрады. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Бұл – қиямет күні екеуміздің арамыздағы бір белгі! Ол кезде жәннатта асаға сүйенетін адамдар өте аз болады! Сен жәннатта осыған сүйенесің!» – деді. Абдуллаһ бин Унәйс оны қылышымен бірге алып жүрді, өзінен еш айырмады. Өлім төсегіне жатқанда, үй-ішіне оны кебінінің ішіне салып, өзімен бірге жерлеуді өсиет етті. Асаны денесі мен кебінінің арасына салды, сөйтіп оның өсиеті орындалды. Пайғамбарымыздың бір аршын (68 см) немесе одан сәл ұзынырақ бір михжәні бар еді. Михжән – ұшы қайқы таяқ. Пайғамбарымыз Хажар-и Әсуадқа алыстан сонымен ишарат етіп, истилам ететін (сәлем беретін). Пайғамбарымыз түйеге мінгенде, оны алдына іліп алатын. Пайғамбарымыздың Уржун деп аталатын (кепкен құрма бұтағынан жасалған) бір михсаррасы да бар еді. Ағаш бұтағынан жасалған таяқты михсарра дейді. Пайғамбарымыз Бақиғул-Ғарқадқа барғанда оны өзімен бірге алып жүретін, оған сүйенетін, отырғанда оны қолында айналдыратын. Пайғамбарымыздың қолында осы михсарра тұрған күйде хұтба оқыған кездері де болатын. Пайғамбарымыздың тау ағаштарынан кесіп жасалған, Мәмшук деп аталатын бір қадибі (шыбық таяғы) да бар еді. Хазреті Осман Пайғамбарымыздың қадибін қолына ұстап, мінберде хұтба оқып тұрғанда, Жахжах бин Саид немесе Жахжах бин Қайс келіп, хазреті Османның қолынан қадибті алды да, тізесіне тіреп бүгіп, сындырды. Халық Жахжахқа айқай салды. Бұл илаһи ғайратқа тиді, сөйтіп Аллаһу та’ала Жахжахтың қолына немесе тізесіне әкилә (қышыма) ауруын берді. Хазреті Осман шәһид болғаннан кейін бір жыл өтпей жатып, Жахжах қасына-қасына өлді.
«Мұстафаның нағлайнына теңдес табылмас, көзге нұр, жүрекке тыныштық – бәрі содан келер» Юсуф Нәбһани (рахматуллаһи алейһ)
Пайғамбарымыздың қылыштары
Пайғамбарымыздың тоғыз қылышы бар еді.
Әкесінен қалған және Мә’сур деп аталатын қылыш Пайғамбарымыз Мәдинаға хижрет еткенде оның қасында еді.74 Абд: бұл қылышты Пайғамбарымызға хазреті Са’д бин Убадә сыйлаған еді, Пайғамбарымыз Бәдір соғысына барғанда оны өзімен бірге алды.
Зулфиқар: құрайыш мүшріктерінен Мунаббиһ бин Хажжаждың немесе Ас бин Мунаббиһтің қылышы еді, Бәдір соғысында олжа болып түскен еді. Пайғамбарымыз Зулфиқарды хазреті Әлиге сыйлады. Сабының басы, байлауының сақиналары мен шынжырлары күмістен еді.75
Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін хазреті Аббас хазреті Әбу Бәкірге жүгініп, Зулфиқарды хазреті Әлиден сұрап алғысы келгенде, хазреті Әбу Бәкір: «Мен бұл қылышты әрдайым оның қолынан көрдім. Оны одан тартып алуды жөн санамаймын!» – деді. Хазреті Аббас та оны хазреті Әлиде қалдырды.
Пайғамбарымыздың найзалары
Пайғамбарымызға Бәни Қайнуқа яһудилерінен үш найза олжа болып түскен еді. Пайғамбарымыздың найзаларының бірінің аты Мусуи, екіншісінікі Мусна еді. Пайғамбарымыздың Бәйза деп аталатын бір үлкен харбасы (қысқа найзасы) және Аназа деп аталатын, найзадан кішірек бір харбасы да бар еді. Хабашстанның Нәжашиі хазреті Әсхамә сүйікті Пайғамбарымызға Нәбға деп аталатын үш аназа (найза) мен бір харба жіберген еді. Пайғамбарымыз олардың бірін өзіне алып қалды, екіншісін хазреті Әлиге, үшіншісін хазреті Омарға берді.
Ораза және Құрбан айттарында Біләл Хабаши (радиаллаһу анһу) Пайғамбарымыздың найзасын намазгаһқа дейін оның алдында көтеріп апарып, сонда Пайғамбарымыздың алдына қадап қоятын. Сүйікті Пайғамбарымыз айт намазын соған бет алып оқытатын. Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін хазреті Біләл Хабаши айттарда бұл найзаны хазреті Әбу Бәкірдің алдында көтеріп барып, намазгаһта оның алдына қадайтын. Хазреті Әбу Бәкірден кейін хазреті Омардың, одан кейін хазреті Османның заманында бұл міндетті азаншы хазреті Са’дул-Қараз дәл солай атқарды. Мәдина әкімдерінің заманында да осылай істеу жалғасты.
Пайғамбарымыздың садақтары
Сүйікті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алты садағы бар еді. Олардың Рауха, Бәйза және Сафра деп аталатын үшеуі Бәни Қайнуқа яһудилерінен олжа болып түскен еді. Сафра садағы нәб ағашынан жасалған еді.76 Кәтум деген садақ та нәб ағашынан жасалған еді, ол Ухуд соғысында сынды. Сынған садақты хазреті Қатадә бин Нұғман естелік ретінде алды. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың Сәдәд және Зәура деген садақтары да бар еді.77
«Әлиден басқа батыр, Зулфиқардан басқа қылыш жоқ!» Хадис шәриф
Пайғамбарымыздың қалқандары
Пайғамбарымыздың үш қалқаны бар еді. Зәлуқ деп аталатын қалқанның бетінде қошқар басының бейнесі бар еді. Бұл қалқан Пайғамбарымызға сыйға тартылған еді. Бірақ суреті болғандықтан, ол Пайғамбарымызға ұнамады. Таң атқанда Аллаһ ол бейнені қалқаннан кетіріп, жоқ еткен еді.78
Пайғамбарымыздың сауыт-көйлектері
Расулуллаһтың жеті сауыт-көйлегі бар еді. Бұл сауыттар мыналар:
Затул-фудул: оны Пайғамбарымызға хазреті Са’д бин Убадә Бәдір соғысына шығарда сыйлаған еді.79
Сағдия мен Фидда: бұл екі сауыт та Пайғамбарымызға Бәни Қайнуқа яһудилерінен олжа болып түскен еді. Сағдия деген сауыт Дәуіт алейһиссаламның Жалутпен соғысу үшін киген тарихи сауыты еді. Ухуд соғысында Пайғамбарымыз Фудул мен Фидданы үстіне-үстіне киді.80 Пайғамбарымыз қайтыс болған кезде Затул-фудул деген сауыт үй-ішінің қажеті үшін алынған отыз са’ арпаның орнына Бәни Зафардан Әбуш-Шахм деген бір яһудиге кепілге қалдырылған еді.81
Оның басқа сауыттары – Затул-уишах, Затул-хауаши, Бәтра және Хирниқ.82
Хунәйн соғысында Пайғамбарымыз Затул-фудул мен Сағдияны киді.83
Пайғамбарымыздың дулығалары
Расулуллаһтың дулығаларының біріншісі – Мууашшах. Бұл дулыға Бәни Қайнуқа яһудилерінен олжа болып түскен еді. Зус-субуғ немесе Зус-сусуб, немесе Мәшбуғ деп аталатын дулыға Пайғамбарымыздың Ухуд соғысында киген дулығасы еді. Мүшріктер қылышпен ұрған соққылар мен лақтырған тастардан ол сынып, оның екі сақинасы сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк ұрттарына кіріп кетті.
Пайғамбарымыз Меккені алуға кірген кезде де дулыға киген еді.
Әскер атқа қонды, көтеріп ту мен байрақты,
Мехтер84 ойнап, нақара мен даңғыра қағылды.
Пайғамбарымыздың байрақтары мен тулары
Пайғамбарымыз жорықтарда екі түрлі байрақ (ту) пайдаланатын. Оның раясы қара, ал лиуасы кішірек әрі ақ еді. Мұхаммед бин Қасымның азат еткен құлы Юнус бин Убәйд былай дейді: «Мұхаммед бин Қасым мені Расулуллаһтың (алейһиссалам) байрағы туралы сұрауға Бәра бин Азибке жіберді. Бәра бин Азиб: „Ол қара, төртбұрышты, нәмирадан (ақ-қара жолақты жүн матадан) еді“, – деді». Бұл байрақ хазреті Айшаның үсті түйе ерінің өрнектерімен безендірілген, жүннен тоқылған белдемшесі еді, ол қара түсті еді. Оны Уқаб деп атайтын. Сүйікті Пайғамбарымыздың байрағы хазреті Әлиде сақтаулы тұратын. Хайбар жорығында Пайғамбарымыз: «Байрақты Аллаһты және Оның Расулын жақсы көретін, Аллаһ пен Оның Расулы да жақсы көретін бір ер жігітке беремін!» – деді де, хазреті Әлиді шақырып, байрағын соған берді.85 Аллаһу та’ала Хайбарды алуды хазреті Әлиге нәсіп етті.
Расулуллаһтың Лиуа-и хамд деп аталатын байрағының бетінде «Лә илаһә иллаллаһ Мұхаммадур-расулуллаһ» деп жазылған еді. Харрар жасағында (сәриясында) Пайғамбарымыз хазреті Са’д бин Әби Уаққас үшін бір ақ ту байлады. Хазреті Әлиді Йеменге жіберген кезде ол найзаның ұшына бір сәлде байлап: «Лиуа міне, осындай болады!» – деді. Лиуаны тек әскер басшысы ғана ұстап, көтеріп жүретін. Пайғамбарымыздың ақ туын Әбуа (Уәддан) жорығында хазреті Хамза, Бууат жорығында Са’д бин Әби Уаққас, Курз бин Жабир әл-Фиһриді қуғанда хазреті Әли, Зул-Ушәйра жорығында хазреті Хамза көтерді.
Бәдір соғысына шығарда Пайғамбарымыз ақ туын (лиуасын) Мусаб бин Умәйрге берді, ал хазреті Әли Пайғамбарымыздың алдында оның қара туын (раясын) – Уқабты көтеріп жүрді.86 Пайғамбарымыздың ақ туын (лиуасын) Бәни Қайнуқа жорығында хазреті Хамза, Қарқаратул-Кудр жорығында, Ухуд соғысында және Бәдрул-Мәуғид жорығында хазреті Әли, ал Хандек соғысында Зәйд бин Хариса көтерді. Пайғамбарымыз Меккені де ақ туымен алды. Тәбүк жорығында Пайғамбарымыз үлкен туын хазреті Әбу Бәкірге, ал кіші туын Зубәйр бин Аууамға көтерткізді.
Пайғамбарымыздың аттары
Сүйікті Пайғамбарымыздың алғашқы аты – Мәдинада Бәни Фәзарадан бір бәдәуиден он уқия87 күміске сатып алған, шөл халқы Дарис деп, ал Пайғамбарымыз Сәкб деп атаған ат. Пайғамбарымыз Ухуд соғысында соған мінген еді.88 Сәкбтің ернінде ақтаңдағы бар еді. Үш аяғы ақ шұбар, оң аяқтарының біреуі ғана ақсыз еді. Сәкб өте жүрдек еді, яғни жүргенде судай ағатын. Муртажиз деген атын Пайғамбарымыз Бәни Мүррәнің бір бәдәуиінен сатып алған еді. Муртажиз көркем, сымбатты еді және өлең айтқандай кісінейтін.89 Лизаз деген атын Пайғамбарымызға Александрия патшасы Муқауқыс сыйлаған еді. Лизаз өте жүйрік еді.90
Зариб деген атты Пайғамбарымызға Фәруа бин Умәйр әл-Жузами сыйлаған еді. Зариб өте күшті әрі төзімді ат еді.
Лахиф (немесе Лухайф). Бұл атты Пайғамбарымызға Рәбиа бин Әби Бәра әл-Кәлби сыйлаған еді. Лахифтің құйрығы ұзын еді. Оның құйрығы жерді сыпыратын. Йағсуб Пайғамбарымыздың аттарының ең жақсысы еді.
«Байрақты Аллаһты және Оның Расулын жақсы көретін, Аллаһ пен Оның Расулы да жақсы көретін бір ер жігітке беремін!» Хадис шәриф
Мурауих – бәйге аты, оны Убәйд бин Ясәр Пайғамбарымызға Тәбүкте сыйлаған еді. Мурауих желдей жүйрік шабатын.
Мируах деген атты хижреттің оныншы жылы Мәдинаға келген Бәни Раһа өкілдері Пайғамбарымызға сыйлаған еді. Мируахқа мініп, Пайғамбарымыздың алдында жүргізіп көрсеткенде, ол Пайғамбарымызға қатты ұнаған еді. Уәрд – бұл атты Пайғамбарымызға Тәмим Дари сыйлаған еді. Уәрдтің түсі торы еді. Пайғамбарымыз оны хазреті Омарға сыйлады. Хазреті Омар Уәрдке мініп, Аллаһу та’аланың жолында соғысты, оны жорықтан жорыққа шаптырды. Пайғамбарымыз аттарының үшеуін бәйгеге қосатын. Зарибтің шабандозы хазреті Сәһл бин Са’д, ал Лизаздікі хазреті Әбу Усәйд әс-Сағиди еді. Лизаз ең алдында, Зариб оның артынан, ал Сәкб Зарибтің артынан келетін.
Пайғамбарымыздың есегі мен қашыры
Расулуллаһтың есегі де, қашыры да бар еді. Александрия патшасы Муқауқыс Пайғамбарымызға бір боз қашыр мен бір боз есек сыйлаған еді. Қашырды Дүлдүл, есекті Яғфур немесе Уфәйр деп атайтын.91 Исламда алғаш көрінген ақ қашыр Дүлдүл болды. Пайғамбарымыздың Хайбар жорығында мінгені осы боз қашыр, ал Хунәйн соғысында басқа бір боз қашыр еді. Пайғамбарымыз қашырын өкшесімен түртіп, Хәуазин тайпасына қарсы бармақ болды; хазреті Аббас қашырдың тізгінінен, хазреті Әбу Суфйан бин Харис болса үзеңгісінен ұстап, оның екпінін бәсеңдетуге және Пайғамбарымыздың жаудың арасына кіріп кетуіне кедергі жасауға тырысты. Хайбар жорығында Яғфурдың үстіне ер салып, басына құрма талшығынан өрілген жүген кигізіп, Пайғамбарымыздың оған да мінгені риуаят етіледі. Пайғамбарымыз Уәда қажылығынан қайтқанда Яғфур өліп қалған еді, ал Дүлдүл Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін хазреті Әлиге қалды. Оған хазреті Әли шәһид болғанға дейін өзі, одан кейін хазреті Хасан, одан кейін хазреті Хусейн, одан соң хазреті Мұхаммед бин Ханафия мінді. Дүлдүл хазреті Муауияның заманына дейін жасады.
Пайғамбарымыздың түйелері
Қасуа: Пайғамбарымыздың Жәдға және Адба деген аттармен де аталған бұл түйесі Бәни Қушайр бин Ка’б бин Рәбиа бин Амирдің немесе Хурайш бин Ка’бтың малдарынан еді, хазреті Әбу Бәкір оны төрт жүз дирхамға сатып алып, сол бағамен сүйікті Пайғамбарымызға берді. Пайғамбарымыз Мәдинаға Қасуа түйесіне мініп хижрет етті. Худәйбийа умрасына соған мініп барды. Меккені де соған мініп алды. Пайғамбарымыз Қасуаны жарысқа қосатын, ешбір түйе одан оза алмайтын. Бірақ бір бәдәуи екі жасар бір түйемен жарысқа түсіп, одан озып кетті. Уәда қажылығында Пайғамбарымыз Арафат хұтбасын Қасуаның үстінде отырып айтты. Хазреті Әбу Бәкір халифа болған заманда Қасуаны Жәннатул-Бақи зиратына жіберді. Ол сонда өз еркімен жайылып жүріп, өлгенше өмір сүрді.92
«Аллаһым! Келбетімді көркем жаратқаныңдай, мінезімді де көркем ет» Хадис шәриф
Әбу Жәһлден олжа ретінде алынған түйе: Бәдір соғысында Әбу Жәһлдің атақты түйесі олжа болып сүйікті Пайғамбарымыздың үлесіне тиді. Худәйбийа умрасына дейін Пайғамбарымыз бұл түйеге мініп жорықтарға да шығатын. Ол оған умра үшін құрбандық белгісін салды. Мүшріктер оның орнына жүз түйе беріп, оны алғысы келді. Пайғамбарымыз: «Егер біз оны құрбандыққа деп бөліп белгілемеген болсақ, тілектеріңді орындар едім», – деді. Сауын түйелер: Пайғамбарымыздың Зулжадр және Жәмма жайылымдарында жайылып жүрген, Ханна, Сәмра, Урайс, Са’дия, Бағум, Ясира және Дәбба деген атпен аталған жеті сауын түйесі бар еді, Пайғамбарымыздың үй-іші олардың әр түні әкелінетін екі мес сүтімен күн көретін.93 Бірақ Пайғамбарымыз қайтыс болған кезде олардың бірде-біреуі қалмаған еді.
Пайғамбарымыздың уақф еткен мүліктері
Исламдағы алғашқы уақф – Ухудта шәһид болған Мухайрықтың Пайғамбарымызға тапсырылуын өсиет еткен, ал Пайғамбарымыз қабыл алып, уақф еткен, мына аттармен аталған жеті бақша-бау еді: 1. Мисаб, 2. Сафия, 3. Дәләл, 4. Хусна, 5. Бурқа’, 6. Ағуаф, 7. Мәшраба.94 Мұсылман болғанға дейін яһуди ғалымдары мен байларының бірі болған Мухайрық Ухуд соғысында тайпаластарын алдына жинап, өз ұстанымын былай білдірді: «Мұхаммедтің ақырзаман нәбиі екенін өздерің де өте жақсы білесіңдер. Тәуратта оның сипаттары анық жазылған. Енді бізге жарасатыны – оған ілесу, ауыр күндерінде оның қасында болу». Яһудилер: «Сенікі жөн, бірақ бүгін сенбі. Бүгін іспен айналысуға болмайды!» – десті. Қасарысудың пайдасы жоқ екенін көріп, ол қылышын беліне байлап, мұсылман болғанын жария етті. Жақындарына: «Егер мені өлтірсе, бүкіл мал-мүлкім Мұхаммедтікі. Оны қалағанынша пайдалануға ерікті», – деп өсиет етті. Ол барып ислам әскеріне қосылды. Сөйтіп шәһидтік шәрбатын ұрттады, радиаллаһу анһу.
Ақыры соғыс бітті, жаралар таңылды. Мухайрықтың жақындары өсиетке адал болды, оның мүлкін Хабибуллаһқа тапсырды. Пайғамбарымыз суы салқын, жемісі мол бұл жерлерді уақф етіп, пақыр-міскіндердің пайдалануына ашты. Міне, ислам өркениетіндегі алғашқы уақф дәстүрі осылай басталды. Пайғамбарымыз оны: «Мухайрық – яһуди нәсілінен шыққан қайырлы адам», – деп мақтады.
Пайғамбарымыздың Мәдинадағы уақфтары негізінен Мухайрықтың мал-мүлкінен еді.
Ибн Хумайд былай дейді: «Халифа Омар бин Абдулазиз Мухайрықтың уақф құрма бақтарынан құрма әкелуді қалады. Оны бір табақпен әкелді. Омар бин Абдулазиз: „Әбу Бәкір бин Хазм маған бұл құрманың Расулуллаһтың (алейһиссалам) заманынан қалған құрма ағашынан екенін және Расулуллаһтың (алейһиссалам) одан жегенін жазды“, – дегенде, мен: „Ей, мүминдердің әмірі! Мұны арамызда бөліп бер!“ – дедім. Ол бөліп берді. Әрқайсымызға тоғыздан құрма тиді».
Омар бин Абдулазиз: «Мен Мәдинаның әкімі болып сол құрма бағына кіргенімде, әлгі құрма ағашының құрмасынан жедім, сондай дәмді, тәтті құрманы көрген емеспін!» – деді.
Амр бин Мұхажир былай дейді: «Расулуллаһтың (алейһиссалам) заттары Омар бин Абдулазиздің қасында бір бөлмеде сақталатын, ол оларға күн сайын қарайтын. Оның қасына келіп жиналған құрайыштықтарды да бұл бөлмеге кіргізетін, сосын осы заттарға бұрылып: „Міне, Аллаһ сендерді ол арқылы мәртебелі еткен Заттың мұрасы!“ – дейтін». Олар мыналар: 1. құрма жапырақтарымен өрілген бір сәрир,
2. сырты теріден, ішіне құрма талшығы толтырылған бір жастық, 3. үлкендеу бір табақ, 4. бір су ыдысы,
5. бір киім, 6. бір қол диірмен,
7. бір жебе қорабы (қорамсақ), 8. бір барқыт көрпе.
(Бұл көрпе Расулуллаһтың мүбәрәк денесінен сіңген хош иістердің арқасында жұпардан да хош иісті еді. Омар бин Абдулазиз (радиаллаһу анһу) науқастанғанда сол көрпені жуған сумен жуынып, сауығатын.)
Ғашықтық теңізі толқығанда,
Ол теңдессіз інжу (Дүрр-и Йетим) пайда болды,
Оның шанында Пәк Жаратушы айтты:
«Ләулакә ләмә халақтул-әфләк».
Ол Күннің нұры туғанда,
Бүкіл ғаламды толтырды;
Кімде-кім оның ізімен жүрсе,
Әр ісінде жақсылық табар.
Елдер оның әміріне енсе де,
Үш көйлекке де ие емес еді.
Үйінде көп мал-мүлік болмайтын,
Қайтыс болғанда сауыты кепілде еді.
Ол көбірек көрген нәрселердің қасында
Бұл дүниенің не құны бар?
Оның игілігі әркімге мол еді,
«Жоқ» деген сөзді ол білмейтін.
Кейде ол соншалықты көп беретін,
Дұшпандары да бас иіп қалатын.
Әр жетімге ол мейірімді әке еді,
Мейірімі мол еді төменгілерге де.
Әр ісінде зор хикмет бар еді,
Ешкімге де міндет етпеді ол.
Науқастың көңілін әрдайым сұрайтын,
Қасіреттіге шипа беретін.
«Йа, Расулаллаһ! Сені мадақтауға шамам жоқ; біз бәріміз сенің құрметіңе жаратылдық. Қысқасы, ей, уәфа елінің Шаһы, саған жаным да пида, бәрі де пида!» Hüseyin Hilmi bin Sa’îd (рахматуллаһи алейһ)
Тәһәжжудті ешқашан тастамайтын,
Аллаһтан қорқып, ұйықтай алмайтын.
Пайғамбар әркімді әрдайым
Өзімен тең көретін.
Аллаһтың құлы болуымен мақтанатын,
Мінезі – илаһи мінез еді.
Кімде-кім бұл жолға ұмтылса,
Көркем сипаттармен безенер.
Ол үздіксіз барған бір мектеп бар еді,
Онда оның ұстазы Аллаһ еді.
Оны баяндап беру үшін Рахман
Құранда көркем етіп сипаттады.
Махшарға дейін пайғамбарлар шаһына
Шексіз салауаттар болсын!
Оның әулетіне, сахабаларына да
Салауат пен сәлем болсын – пақыр құлдан!
Алтын науа / Қағба
Мәсжид-и Нәбәуидің сырттан көрінісі / Мәдина-и Мунаууара
ХИЛИЯ-И СӘАДАТ Сахабаларына насихаттан соң Әлемнің мақтанышы айтты: менен соң Пәк хилиямды біреу көрсе, Ол менің жүзімді көргендей болар. Көргенде көңілінде махаббат оянса, Яғни көркіме ғашық болса, Мені көруді аңсаса, Жүрегі менің махаббатыма толса, Тозақ оған харам болар, Раббым оған жәннатты сыйлар. Хақ оны жалаңаш тірілтпес, Ол Хақтың кешіріміне қосылар. Делінді: Расулдың хилиясын Біреудің қолы сүйіп жазса, Хақ оны қорқыныштан аман етер, Жер беті бәлеге толса да. Дүниеде тәні ауру көрмес, Бүкіл денесі ауырсыну білмес. Күнә қылған болса да бұл адам, Тозақ оның тәніне харам болар. Ахиретте азаптан құтылар, Дүниеде әр ісі оңай болар. Жәлил Раббысы оны тірілтер Дүниеде Расулды көргендермен бірге. Нәбидің хилиясын баяндау қиын болса да, Шамамыз жеткенше бастаймыз. Зұлжәлалға сыйынып, Дәрменсіз күйімізше сипаттаймыз. Бұл сөзге бүкіл үммет бірауыз: Әлемнің мақтанышы ақ-қызыл еді. Мүбәрәк жүзі таза ақ еді, Гүлдей қызғылт еді. Жүзіндегі тер інжудей еді, Ол асыл тұлғаны тіпті көркейтетін.
Терлегенде ол қуаныш бұлағы
Нұр теңізі толқығандай болатын.
Көздері әрдайым сүрмелі көрінетін,
Көркем көздері жүректерді баурайтын.
Көзінің ағы аппақ еді,
Раббысы оны аятпен мақтады.
Қарашығы кішкентай емес еді,
Оған жақын мен алыс бірдей еді.
Көзі кең, көркем әрі нәзік еді,
Мүбәрәк жүзі әрдайым нұр шашатын.
Мұстафаның көру қуаты
Түнде де күндізгідей күшті еді.
Бір жаққа қарағысы келсе,
Пәк денесі де сол жаққа бұрылатын.
Денесі басына ілесетін,
Мұны ол өмір бойы тастамады.
Расул-и әкрам тән иесі болса да,
Оны тәнге енген рух десем, жарасар.
Көркем әрі сүйкімді еді Расул,
Хаққа өте сүйікті еді Расул.
Малик пен Әбу Һала айтты:
Жаңа айдай ашық қасты еді.
Екі қасының арасы әрдайым
Күмістей ашық көрінетін.
Мүбәрәк жүзі сәл дөңгелек еді,
Терісі мөлдір әрі жарқырап тұратын.
Қара қастарының михрабы
Бүкіл жаһанның құбыласы еді.
Бүйірден қарағанда мүбәрәк мұрны
Ортасы сәл биіктеу көрінетін.
Өте көркем, түзу әрі нәзік еді,
Көрген адам оны толық сипаттай алмас.
Тістерінің арасы сирек еді,
Інжу тізбегіндей жарқырайтын.
Алдыңғы тістері көрінген сайын
Әр жақты нұр басып кететін.
Екі дүниенің сардары күлімдесе,
Жанды-жансыз әр нәрсенің пайғамбары,
Алдыңғы тістері көрінетін, өте пәк,
Бұршақ мұздай өте нәзік.
Ибн Аббас айтады: Аллаһтың хабибі
Күлуден тартынып, ұялатын.
Ұялшақтығынан ол, дініміздің тірегі,
Өмірі қарқылдап күлмеген, дейді.
Нәзік әрі ұялшақ еді Расул,
Қарауға әрдайым ұялатын.
Жүзі толған айға ұқсайтын,
Тұлғасы ұлы Мәуланың айнасы еді.
Ол көркем жүз әрдайым нұрлы еді,
Жарқырағанынан оған қарау мүмкін емес еді.
Ол көркем Нәби жүректерді баурады,
Жүз мың сахаба оған ғашық болды.
Оны түсінде бір рет қана көргендер
Айтты: дүниеде мұндай ләззат жоқ.
Білсін, көркем ұрттары да
Тым етті емес еді, дейді.
Оны Жаратушы сүйіп,
Жүзін ақ, маңдайын ашық жаратты.
Мойнының нұры әр сәтте
Шаштарының арасында жарқырайтын.
Мүбәрәк сақалынан, жақсы біл,
Небәрі он жеті тал ғана ағарған еді.
Ол бұйра да, ұзын да емес еді,
Әр мүшесі сияқты келісті еді.
Әлемдер Расулының пәк мойны
Аппақ әрі мөлдір еді.
Сахабалардың ішінен көп әдеп иелері:
Қарны көкірегімен тең еді, десті.
Мүбәрәк көкірегі ашылса егер,
Ілім қазынасы файз95 шашар еді.
Ғашықтық онда орын алғанда,
Ол мәртебелі көкірек басқаша бола ма?
Мүбәрәк көкірегі кең еді,
Оған ілм-и ләдун түскен еді.
Ақ әрі мөлдір еді ол ұлы көкірек,
Көргендер оны толған ай деп ойлайтын.
Мәңгі Затқа деген ғашықтық оты
Ол көркемді отқа салған еді.
Мұны, әрине, кәрі де, жас та біледі:
Әлемнің мақтанышының жауырындары жалпақ еді.
Арқасының ортасы да етті еді,
Ол жомарттық иесі, дәулетті еді.
Күміс тәнінде нәзіктік бар еді,
Онда ірілеу пайғамбарлық мөрі бар еді.
Пайғамбарлық мөрі арқасында еді,
Оң жағына жақын еді, әлбетте.
Сипаттаушылар бізге білдірді:
Мәртебелі мөр бір үлкен мең еді.
Түсі сарыға жақын қара еді,
Көгершін жұмыртқасындай еді.
Айналасын сызықтар қоршағандай –
Бір-біріне тығыз кішкентай түктер.
Ол ұлы тектіні сипаттаушылар
Айтты: Нәби ірі сүйекті еді.
Әр сүйегі ірі, ерлерше еді,
Келбеті де, мінезі де шаһтарша еді.
Мүбәрәк мүшелерінің әрқайсысы
Келісті әрі қуатты етіп жаратылған еді.
Пайғамбардың әр мүшесі сондай көркем еді,
Құранның аяттары сияқты.
Ол сұлтанның алақандары
Және оның табандары
Кең, пәк, нәзік әрі сүйкімді,
Жаңа гүлдей нәзік, сүйікті еді.
Өте келісті еді, дейді көз иелері,
Сол кәраматты мүбәрәк қолдар.
Пайғамбар біреумен сәлемдессе,
Әрдайым жымиятын.
Арадан бір-екі күн өтсе де,
Тіпті бір айдан да ұзаққа созылса да,
Әлгі адам адамдардың арасынан
Хош иісінен танылатын.
Түксіз тәні мөлдір шыныдай еді,
Ол көркемдікті қалай мадақтайын!
Сүйіктісін көру үшін ол мәртебелі
Бүкіл нәзік денесімен көз болған еді.
Нәзік тәні кемел еді,
Жаратушы онда хикметін көрсеткен еді.
Көкірегінде де, қарнында да ешқандай
Бір түк те жоқ еді – күміс тақтадай.
Тек көкірегінің ортасынан төмен қарай
Бір қатар түк тегіс тізілген еді.
Бұл мүбәрәк денедегі қара сызық
Айдың айналасындағы нұр шеңберіндей көркем еді.
Өмір бойы мүбәрәк мүшелері
Жастық шақтағыдай қалды.
Пайғамбардың жасы ұлғайған сайын
Ол бүршіктей жаңарып отыратын.
Және Ғаламның Сұлтаны туралы
Тым семіз болған деп ойлама.
Ол арық та, тым етті де емес еді,
Орташа денелі әрі өте қуатты еді.
Көңіл иелері ол туралы айтты:
Мүшелері бір-бірінен артық та, кем де емес еді.
Ұста оның тән сарайын
Әділдік пен теңдік негізіне құрды.
Пәк тәні тең әрі келісті еді,
Бүкіл тәні нұрға малынған еді.
Орта бойлы еді ол Сидра мекенді,
Онымен дүние тәртіп тапты.
Оның тұлғасының мұғжизасын көргендер
Бәрі оны мадақтап айтты:
Мұндай гүл жүзді көркемді көрмедік,
Бойы да, мінезі де, жүзі де көркем.
Нәби орта бойлы болса да,
Ұзын бойлы бір адаммен жүрсе,
Ол ер қаншалықты ұзын болса да,
Пайғамбар бәрібір биігірек көрінетін.
Ұзын бойлы адамнан ол асыл
Бір алақандай биігірек еді.
Бір жолға абыроймен барса,
Өте шапшаң адымдайтын.
Оның мәртебелі сипаттарынан тағы айтамыз:
Жүргенде ол алға қарай еңкейетін.
Яғни бір еңіске түсіп келе жатқандай,
Әрдайым алға қарай сәл еңкейетін.
Даңқты, мәртебелі еді ол ұлы зат,
Онымен Халилдің рухы мақтанатын.
Аллаһ қалаған бір зат болса,
Оның әр мүшесі, әлбетте, ең абзал болады.
Жолда келе жатқанда егер біреу
Кенеттен Расулуллаһты көрсе,
Оның жүрегіне қорқыныш түсетін
Расулуллаһтың айбынынан.
Және біреу Нәбимен үнемі
Сұхбаттасып, сөздерін тыңдаса,
Ол сөздеріндегі тәттіліктен
Құлы болар еді, Расул қабыл етсе.
Мәңгі Жаратушы оны безендірді
Көркем, теңдессіз мінезбен.
Йа, Расулаллаһ! Сені мадақтауға шамам жоқ,
Біз бәріміз сенің құрметіңе жаратылдық.
Қысқасы, ей, уәфа елінің Шаһы,
Саған жаным да пида, бәрі де пида!
Hüseyin Hilmi Işık
(қаддасаллаһу та’ала сирраһул-азиз)
Мекке-и Мукарраманың көне көрінісі
ӘҺЛИ СҮННЕТ ҚАСИДАСЫ
Әһли сүннет ақидасы – саған ең әуелі керегі,
Жетпіс үш топ бар, бірақ тозақтық – қалғандары.
Мұсылмандар – бәрі сүнни; бәрінің басшысы – Нұғман.
Жәннатпен сүйіншіленді иманда соларға ілескен.
Ақидаңды бекем ет, сосын исламға берік байлан!
Исламның бес шартын орында; харамнан дереу сақтан!
Бір күнә істесең, тәубе ет, уақытты өткізіп алма!
Кім исламға ілеспесе, бір күні, әлбетте, өкінер.
Дінсізге алданып қалма, өзің де құрисың, абай бол!
Тәтті сөзге сенсең, кейін халің жаман болар!
Екіжүзділер көбейді: сырты – періште, іші – жылан,
Тұзаққа түсіру үшін дос болып көрінер, жаннан дос.
Әркім өзін хақ санайды: «Жаман, – дейді, – маған ілеспеген».
Ислам – таразы, хақты ажыратып көрсететін – сол!
Біл: исламға ілеспеген – тура жолдан тайған адам;
Бұл сөзге, әлбетте, сенер тарихты жақсы ұққан.
Неге дәрігерге жүгіреді бір жері ауырған?
Өйткені өлімді ешкім сүймейді; бәрінен тәтті – жан.
Мәңгі өмір сүру тілегі менде жоқ, деуші бар ма?
Өлу – жоқ болу емес; қабір өміріне сен!
Жәннат мәңгі, тозақ та; мұны хабар етті Құран,
Мәңгі азаптан сақтану керек, бір күдік қана болса да.
Бұған сенбейтін де бар; жарқанат нұрдан қашар.
Қарға қоқыстан дәм табар; гүлді іздеуші – бұлбұл.
Исламды, әлбетте, сүйе алмас нәпсіге, қызыққа берілген.
Бұл екеуі бір бола ма? Бөлек қой жақсы жаманнан!
Мұсылмандар хақты таниды, әр жаратылысқа игілік етер,
Имансыздар – жылан сияқты; ләззат алар жан күйдіруден.
Аман, йа, Раббым, әл-аман! Қандай ауыр ақырзаман,
Дін ілімі ұмытылды; өте азайды намаз оқитын.
