Сүйікті Пайғамбарым

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ САХАБАЛАРЫ

Пайғамбарымыздың серіктері: әйел немесе ер, бала немесе ересек бір мұсылман Расулуллаһты өте аз уақыт болса да бір рет көрсе, ал соқыр болса, онымен бір рет сөйлессе және иманмен қайтыс болса, оны Сахиб немесе Сахаби деп атайды. Олардың бірнешеуін Әсхаб-и кирам (құрметті сахабалар), Сахаба-и кирам немесе Сахб деп атайды (радиаллаһу анһум әжмаин). Пайғамбарымызды кәпір кезінде көріп, Расулуллаһ қайтыс болғаннан кейін иман келтірген немесе мұсылман кезінде көріп, кейін мүртәд болған (исламнан шыққан) адам сахаби емес. Сахаби болғаннан кейін мүртәд болып, Расулуллаһ қайтыс болғаннан кейін қайта иман келтірген адам сахаби болып қалады. Пайғамбарымыз жындарға да пайғамбар болғандықтан, жын да сахаби бола алады.

Пайғамбарлар мен періштелердің абзалдарынан кейін барлық жаратылғандардың ең абзалы – құрметті сахабалар. Олардың әрқайсысының есімін «хазреті» немесе «радиаллаһу анһу» деп, құрметпен, ізетпен айту керек. Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбар екеніне сенетін әр адамды, яғни қай нәсілден, қай елден болса да, әрбір мұсылманды Мұхаммед алейһиссаламның үмметі деп атайды. Құрметті сахабалардың әрқайсысы осы үмметтің бәрінен абзал. Құрметті сахабалардың (радиаллаһу анһум) абзалдығы мен артықшылығы туралы аят кәримада мағынасы бойынша былай делінген: «Сендер – үмметтердің ең қайырлысысыңдар».1 «Мұхажирлер мен ансарлардан ең алдымен иман келтіргендерге және оларға жақсылықта ілескендерге (олардың жолымен жүргендерге) Аллаһу та’ала разы. Олар да Аллаһу та’аладан разы. Аллаһу та’ала олар үшін астынан өзендер ағатын жәннаттар дайындады. Олар онда мәңгі қалады. Бұл – өте зор құтылу».2 «Мұхаммед (алейһиссалам) – Аллаһу та’аланың Пайғамбары. Онымен бірге болғандардың (яғни құрметті сахабалардың) бәрі кәпірлерге қарсы қатал, ал бір-біріне мейірімді. Оларды көбінесе рүкуғта және сәждеде көресің. Олар осы ғибадаттарымен, адамдарға көрсеткен мейірімі мен махаббатымен Хақ та’аланың ризалығы мен ихсанын тілейді. Олардың көп сәжде ететіні жүздерінен белгілі (жүздерінде сәжде етудің белгілері мен іздері бар). Міне, Тәуратта олардың халі осындай. Ал Інжілдегі сипаттары мынадай: олар өскінін жарып шығарып, күшейген, жуандаған, сабағының үстіне тік көтерілген егінге ұқсайды, бұл егіншілерге ұнайды. (Құрметті сахабалар да осындай еді. Олар алғашында аз әрі әлсіз еді, кейін көбейіп, күшейді.) Бұл теңеу кәпірлерді, жоққа шығарушыларды ызаға және ашуға батырды. Аллаһу та’ала иман келтіріп, игі амал жасағандарға кешірім мен зор сыйлық уәде етті».3

Құрметті сахабалар туралы кейбір хадис шәрифтер:

«Сахабаларымды сөкпеңдер! Сахабаларымнан кейін келгендердің біреуі таудай алтын садақа берсе де, сахабаларымның бірінің бір уыс арпа беріп тапқан сауабына, тіпті оның жартысына да жете алмайды!»4

«Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) – Аллаһу та’аланың Расулы. Онымен бірге болғандар (құрметті сахабалар) кәпірлерге қарсы өте қатал, ал бір-біріне өте мейірімді (өте рақымды)» Фатх: 29

«Сахабаларым – көктегі жұлдыздар сияқты. Қайсысына ілессеңдер де, хидаятқа (тура жолға) жетесіңдер».5

«Сахабаларыма дұшпандық етуден сақтаныңдар! Аллаһтан қорқыңдар! Оларды жақсы көрген адам мені жақсы көргендіктен жақсы көреді. Оларға дұшпандық еткен адам маған дұшпандық еткен болады. Оларды ренжіткен адам мені ренжіткен болады. Ал мені ренжіткен адам, күмәнсіз, Аллаһу та’аланы ренжітеді».

«Үмметімнің ең жақсылары – мен болған заманда өмір сүргендер. Олардан кейінгі ең жақсылары – олардан кейін келгендер. Олардан кейінгі ең жақсылары – одан да кейін келгендер».

«Мені көрген және мені көргендерді көрген мұсылманды тозақ оты күйдірмейді».6

Жоғарыдағы аят кәрималар мен хадис шәрифтер құрметті сахабалардың артықшылығы мен абзалдығын айқын көрсетеді.

Құрметті сахабалар – діни үкімдер мәселесінде ең сенімді тірек. Өйткені олар Құран кәрімді Пайғамбарымыздан үйреніп, өздерінен кейін келгендерге үйретті және түсіндірді. Пайғамбарымыздың істегендері мен айтқандары туралы мәліметтер олардың өз көздерімен көріп, өз құлақтарымен естіп жеткізгендеріне негізделеді.

Міне, олардың бірлесіп жеткізген үкімдері хадис шәрифтердің негізін құрады. Исламда ижма-и үммет, яғни ғалымдардың бірауызды пікірі тек сахабалар заманында ғана толық әрі кемел түрде жүзеге асты. Бұдан басқа, сахабалардың әрқайсысы – дінде сөзі дәлел әрі тірек болатын мүжтаһид ғалымдардан. Олар кейін келген мүжтаһидтерден абзал. Әһли сүннет ғалымдары құрметті сахабаларды абзалдық дәрежесіне қарай үш топқа бөлді: 1. Мұхажирлер: Мекке қаласы алынғанға дейін Меккеден немесе басқа жерлерден отандарын, жақындарын тастап, Мәдина қаласына хижрет еткендер. Олар Расулуллаһтың қасына иманмен келген немесе келгеннен кейін иман келтірген. Хазреті Амр бин Ас – солардан (радиаллаһу анһум әжмаин).

2. Ансарлар: Мәдина қаласында немесе осы қалаға жақын жерлерде тұрған және Әус пен Хазрәж атты екі тайпадан болған мұсылмандарды ансарлар деп атайды. Өйткені олар Пайғамбарымызға және меккеліктерге әр түрлі көмек көрсетуге және жанқиярлық жасауға сөз берді және сөздерінде тұрды (радиаллаһу анһум әжмаин).

3. Басқа құрметті сахабалар: мұхажир де, ансар да болмаған, бірақ басқа жерлерден келіп, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сұхбатында болу абыройына жеткен мұсылмандар. Мекке қаласы алынғанда немесе басқа жерлерде иман келтіргендер – солардан. Оларды жай ғана сахаби деп атайды (радиаллаһу анһум әжмаин). Құрметті сахабалардың ең абзалдары – Расулуллаһтың төрт халифасы. Олар халифалық кезегі бойынша: хазреті Әбу Бәкір, хазреті Омар, хазреті Осман және хазреті Әли. Олардан кейінгі ең абзалдары – Ашара-и мубашшарадан, яғни жәннатпен сүйіншіленген он адамнан қалған алтауы: Талха бин Убәйдуллаһ, Зубәйр бин Аууам, Абдуррахман бин Ауф, Са’д бин Әби Уаққас, Саид бин Зәйд, Әбу Убайда бин Жәррах, сондай-ақ хазреті Хасан мен хазреті Хусейн (радиаллаһу анһум әжмаин).

Олардан кейінгі абзалдар – алғаш мұсылман болған қырық адам. Содан кейін – Бәдір соғысына қатысқан үш жүз он үш сахаби. Содан кейін – Ухуд соғысына қатысқан жеті жүз батыр. Олардан кейінгі абзалдар – хижреттің алтыншы жылында ағаштың астында Расулуллаһқа: «Өлім бар, кері шегіну жоқ!» – деп сөз берген мың төрт жүз адам. Бұл антты «Ридуан анты» деп атайды.7

Құрметті сахабалардың саны: Мекке алынғанда он екі мың, Тәбүк жорығында отыз мың, Уәда қажылығында тоқсан мың сахаби болды, ал Расулуллаһ қайтыс болғанда жер бетінде жүз жиырма төрт мыңдай сахаби бар еді. Бұл туралы басқа риуаяттар да бар.8

Құрметті сахабалардан ең соңында қайтыс болғандар: Абдуллаһ бин Әуфа милади 705 (хижри 86) жылы Куфада қайтыс болды. Абдуллаһ бин Йәср милади 706 (хижри 88) жылы Шамда, Сәһл бин Са’д милади 709 (хижри 91) жылы 100 жасында Мәдинада, Әнәс бин Малик милади 711 (хижри 93) жылы Басрада, Әбут-Туфайл Амир бин Уасила милади 718 (хижри 100) жылы Меккеде қайтыс болды (радиаллаһу анһум әжмаин). Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін, төрт халифа дәуірінде де құрметті сахабалар ислам дінін тарату және жиһад ету мәселесінде сөздеріне адал болып қалды. Олар сөздерінен еш қайтпады. Бәрі бірауыздан үйлерін, отандарын тастап, Арабстаннан шығып, жан-жаққа тарады. Кеткендердің көбі қайтып оралмай, барған жерлерінде өле-өлгенше жиһад етіп, ислам дінін таратты. Осылайша аз уақыттың ішінде көп ел алынды. Алынған жерлерде ислам тез тарады. Құрметті сахабалардың бәрі әділ. Исламды жеткізуде олардың бәрі ортақ. Құран кәрімді солар жинады. Хадис шәрифтерді Пайғамбарымыздан солар жеткізді. Олардың бәрін жақсы көру – Әһли сүннет ақидасында болудың ең маңызды, міндетті шарты. (Құрметті сахабалардың ислам дініне жасаған қызметтерін, үлгілі өмірлерін, абзалдықтарын, бәрінің есімдері мен өмірбаяндарын баяндайтын өте көп шығарма жазылып, басылып шықты. Hakikat Kitabevi баспасы шығарған «Eshâb-ı Kirâm» және «Menâkıb-ı Çihâr Yâr-i Güzîn» кітаптары өте құнды.)

«Сахабаларым – көктегі жұлдыздар сияқты. Қайсысына ілессеңдер де, хидаятқа (тура жолға) жетесіңдер» Хадис шәриф

Әлемдердің Раббысының сүйіктісі – Мұхаммед,
Тәні пәк, есімі Ахмед, ол – әлемдерге рақым.
Ұлы мінез иесі, «Ләулакә…» хитабының иесі,
Ол – ілім, әдеп, файз, нұр мен махаббат бұлағы.
Ол – Хақ пен құл арасындағы шынайы дәнекер,
Сөзі – рухқа шипа, есімі – көңіл тотын кетірер.
Ол – үмітсіз жүрек науқасының нағыз тәуібі,
Өзі ғана емес, үмметі де періштелерден жоғары.
Осы ең таңдаулы құлына Хақ көмекшілер берді,
Ең сүйген құлдарын оған сахаба етті.
Расулуллаһ: «Олардың жолы – менің жолым», – деді,
Ғасырлардың ең қайырлысы етіп осы ғасырды көрсетті.
Мұхаммед Мұстафаны жандарынан артық сүйді,
Малын, мүлкін, мансабын оның жолында қиды.
Исламды тарату үшін сүйіспеншілікпен жан берді,
Йа, Раббым, бұл қандай көркем хал, йа, Раббым, бұл қандай ізет!
Оның бір сұхбатында нәпсілері пәк болды,
Жүректеріне мағрифат, файз, нұр, тәжәлли толды.
Әулиелердің халін олар бір сәтте тапты
Және әрдайым оған ілесті – бұл қандай зор абырой!
Олардың бәрі әділ, ешкімге зұлымдық етпейді,
Өз нәпсілері үшін халифалықты еш қаламайды.
Сондықтан соғыспайды, бір-бірін ренжітпейді,
Ең жоғары мақамда, бәрі де – мүжтаһид.