Сүйікті Пайғамбарым

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ӘҺЛИ БӘЙТІ

Сүйікті Пайғамбарымыздың барлық отбасы мүшелері Әһли бәйт деп аталады. Оның мүбәрәк әйелдері, қызы хазреті Фатима мен хазреті Әли, олардың мүбәрәк балалары хазреті Хасан мен хазреті Хусейн, сондай-ақ олардың барлық балалары мен немерелері, бұдан басқа Пайғамбарымыздың пәк ұрпағы байланысты болған Хашим ұлдары – барлығы Әһли бәйт. Расулуллаһтың Әһли бәйті үш түрлі: біріншісі – нәсіл, ата тек жағынан туыстары; оның әкесінің қарындастары да солардың қатарына жатады. Екіншісі – оның пәк әйелдері. Үшіншісі – әйелдерінің шаштарын тарау, тамақтарын пісіру, бөлмелерді сыпыру, кір жуу және үй жұмыстарын атқару үшін әрдайым олардың үйлерінде болатын қызметші әйелдер. Сырттағы жұмыстарды атқарған, мешітте азан айтқан Біләл, Салман және Сухайб та Сәадат үйінен ішіп-жейтін. Бір күні Расулуллаһ көкесі Аббастың үйіне барып, оны және балаларын қасына отырғызды да, олардың үстін ихрамымен жауып: «Йа, Раббым! Бұл – менің көкем, әкемнің бауыры. Ал мыналар – менің Әһли бәйтім. Мен оларды мына жамылғыммен жапқаным сияқты, Сен де оларды жауып, тозақ отынан қорға!» – деді.

Пайғамбарымыздың үйлену себептері

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алғаш рет жиырма бес жасында хазреті Хадишаға (радиаллаһу анһа) үйленді. Хазреті Хадиша қырық жаста және жесір еді. Бірақ оның мал-мүлкі, сұлулығы, ақылы, ілімі, абыройы, тегі, иффеті (арлылығы) және әдебі өте зор еді. Олар жиырма бес жыл бірге өмір сүрді. Хазреті Хадиша тірі кезінде Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ешкімге үйленбеді.

Хазреті Хадиша (радиаллаһу анһа) анамыз қайтыс болғаннан кейін, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) екінші рет, елу бес жасында, хазреті Әбу Бәкірдің қызы хазреті Айша (радиаллаһу анһа) анамызға үйленді. Ол онымен Аллаһу та’аланың әмірімен некелескен еді. Ахиретке аттанғанға дейін ол онымен сегіз жыл бірге өмір сүрді. Ол өте ақылды, зерек, ғалым, әдепті, арлы және салиха еді. Оның есте сақтау қабілеті өте күшті болғандықтан, құрметті сахабалар көп нәрсені одан сұрап үйренетін.

Оның қалған некелерінің бәрі діни немесе саяси себептермен, не болмаса мейірім мен жақсылық ниетімен болды. Ол әйелдердің барлығы жесір еді, көбі жасы ұлғайған әйелдер болатын. Мысалы, Меккедегі кәпірлердің мұсылмандарға көрсеткен жәбірі мен зияны адам төзгісіз дәрежеге жеткенде, құрметті сахабалардың бір бөлігі Хабашстанға хижрет етті. Хабашстан патшасы Нәжаши христиан еді. Ол мұсылмандардан түрлі нәрселерді сұрап, алған кемел жауаптарына таңғалып, иман келтірді. Ол мұсылмандарға көп жақсылық жасады. Ал иман келтірген болып көрінген Убәйдуллаһ бин Жахш кедейліктен құтылу үшін шіркеу қызметшілеріне алданып, мүртәд болды, дінін дүниеге айырбастады.1 Пайғамбарымыздың әкесінің қарындасының ұлы болған бұл қарғыс атқыр әйелі Үммү Хабибаны да діннен шығып, байлыққа кенелуге мәжбүрлеп, азғырды. Бірақ әйелі кедейлікке де, өлімге де разы болатынын, алайда Мұхаммед алейһиссаламның дінінен шықпайтынын айтқанда, ол оны талақ етті. Ол оның мұқтаждықта азап шегіп өлуін күтті. Бірақ көп ұзамай өзі өлді. Үммү Хабиба Меккедегі құрайыштықтардың сол кездегі бас қолбасшысы Әбу Суфйанның қызы еді. Пайғамбарымыз сол кезде құрайыш әскерлерімен өте ауыр соғыстар жүргізіп жатқан, ал Әбу Суфйан исламды жою үшін соңғы күшін салып күресіп жатқан еді. Расулуллаһ Үммү Хабиба (радиаллаһу анһа) анамыздың иманының беріктігі мен басына түскен өте ауыр жағдай туралы естіді. Ол Нәжашиге хат жазып: «Сол жердегі Үммү Хабибаға үйленемін. Менің некемді қи! Содан кейін оны мұнда жібер», – деп өтінді. Нәжаши бұған дейін-ақ мұсылман болған еді. Ол хатқа зор құрмет көрсетіп, сол жердегі мұсылмандарды сарайына шақырып, дастарқан жайды. Хижреттің жетінші жылында неке қиылып, ол көп сыйлықтар берді. Осылайша Үммү Хабиба иманының сыйына қауышып, сол жерде бай әрі тыныш өмір сүре бастады. Оның арқасында басқа мұсылмандар да тыныштық тапты. Жәннатта әйелдер күйеулерінің қасында болатындықтан, оған жәннаттың ең жоғары дәрежесі сүйіншіленді, ал бұл сүйіншінің қасында дүниенің барлық ләззаттары мен ниғметтері тым кішкентай болып қалады. Бұл неке Әбу Суфйанның кейін мұсылман болу абыройына жетуін дайындаған себептердің бірі болды. Көріп отырғанымыздай, бұл неке Расулуллаһтың ақылының, зеректігінің, данышпандығының, жақсылығының және мейірімінің дәрежесін де көрсетеді.2

Екінші мысал: хазреті Омардың қызы хазреті Хафса (радиаллаһу анһа) анамыз жесір қалған еді. Хижреттің үшінші жылында хазреті Омар хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Османға: «Қызымды аласың ба?» – дегенде, әрқайсысы: «Ойланып көрейін», – деген еді. Бір күні үшеуі де және басқалар Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қасында болғанда, ол: «Ей, Омар! Сені қайғылы көріп тұрмын, себебі не?» – деп сұрады. Шыны ыдыстағы сияның түсі оңай көрінетіні сияқты, Пайғамбарымыз да әркімнің ойын бір қарағаннан түсінетін. Қажет деп тапса, сұрайтын. Оған, тіпті әркімге шындықты айту бізге парыз болғандықтан, хазреті Омар: «Йа, Расулаллаһ! Қызымды Әбу Бәкір мен Османға ұсындым, олар алмады», – деп жауап берді. Расулуллаһ өзі ең қатты жақсы көретін бұл үш сахабасының қайғыруын мүлдем қаламағандықтан, оларды қуанту үшін сол сәтте: «Ей, Омар! Қызыңды Әбу Бәкір мен Османнан да жақсырақ бір адамға беруімді қалайсың ба?» – деді. Хазреті Омар таңғалды, өйткені хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Османнан жақсырақ адам жоқ екенін білетін. Ол: «Иә, йа, Расулаллаһ!» – деді. Расулуллаһ: «Ей, Омар, қызыңды маған бер!» – деді. Осылайша хазреті Хафса хазреті Әбу Бәкірдің, хазреті Османның және барлық мүминдердің анасы болды, ал олар оның қызметшілері болды, әрі хазреті Әбу Бәкір, хазреті Омар және хазреті Осман бір-біріне бұрынғыдан да жақын әрі сүйікті болды.3

Үшінші мысал: хижреттің бесінші немесе алтыншы жылында Бәни Мусталық тайпасынан алынған жүздеген тұтқынның арасында тайпа басшысы Харистің қызы Жууәйрия бар еді. Расулуллаһ оны сатып алып, азат етті де, онымен некелесті. Осыдан кейін құрметті сахабалардың (алейһимур-ридуан) барлығы: «Пайғамбарымыздың отбасының, анамыздың туыстарын күң, қызметші етіп ұстаудан ұяламыз», – деді. Олардың барлығы өз тұтқындарын азат етті. Бұл неке жүздеген тұтқынның азат етілуіне себеп болды. Хазреті Жууәйрия (радиаллаһу анһа) анамыз бұл жағдайды әрдайым айтып, мақтан ететін. Хазреті Айша: «Жууәйриядан да қайырлырақ, берекелірек әйелді көрмедім», – дейтін.4 Бір хадис шәрифте: «Барлық әйелдеріммен некелерім және қыздарымды күйеуге беруім – бәрі Жәбрейілдің (алейһиссалам) Аллаһу та’аладан әкелген рұқсатымен болды», – делінген.

Пайғамбарымыздың көп үйленуінің маңызды себептерінің бірі – ислам дінін жеткізу еді. Хижаб аяты түскенге дейін, яғни әйелдерге жабынуға әмір етілгенге дейін, әйелдер де Расулуллаһтың қасына келіп, білмегендерін сұрап үйренетін. Расулуллаһ біреудің үйіне барса, әйелдер де келіп отырып, тыңдап, пайда алатын. Хижаб аяты түсіп, әйелдерге бөтен ер адамдармен отыру, сөйлесу тыйылғаннан кейін, ол бөтен әйелдерді қабылдамады. Ол оларға білмегендерін мүбәрәк әйелі хазреті Айшадан сұрап үйренуді әмір етті. Келіп сұрағандар өте көп болғандықтан, хазреті Айша олардың барлығына жауап беріп үлгермейтін. Осы маңызды қызметті жеңілдету және Айша анамыздың жүгін азайту үшін ол қажет мөлшерде әйелге үйленді. Әйелдерге қатысты жүздеген нәзік білімді ол мұсылман әйелдеріне мүбәрәк әйелдері арқылы жеткізді. Бір ғана әйелі болғанда, барлық әйелдердің одан сұрауы қиын, тіпті мүмкін емес болар еді. Аллаһу та’аланың дінін толық жеткізу үшін ол көп үйлену жүгін де өз мойнына алды.

Пайғамбарымыздың мүбәрәк әйелдері

Хадиша Кубра (радиаллаһу анһа): Ол Құрайыштың текті, ақсүйек отбасынан. Ол – Хууәйлид бин Әсад бин Абдул-Узза бин Қусайдың қызы. Ол – Расулуллаһтың алғашқы әйелі. Оның әкесі – Хууәйлид, анасы – Фатима. Ол қырық жасында, жесір кезінде Расулуллаһқа тұрмысқа шықты. Расулуллаһ ол кезде жиырма бес жаста еді. Одан оның төрт қызы және екі ұлы болды. Жесір кезінде ол саудамен айналысатын. Оның қызметкерлері, хатшылары және құлдары бар еді. Ол өте бай, ғалым әрі ақылды еді. Ол – иман келтірген алғашқы азат әйел. Жәбрейіл алейһиссалам Расулуллаһқа алғаш рет көрінгенде, ол қорқып кеткен еді. Ол бұл жағдайды Хадишаға айтты. Ең алдымен Хадиша (радиаллаһу анһа) иман келтірді. Кәпірлер пұттарға табынып, Расулуллаһқа сенбей, оны мазақ ететін. Олар оған қатты азап көрсететін. Хадиша (радиаллаһу анһа) Расулуллаһты жұбатып, оған күш-жігер беретін. Ол бүкіл мал-мүлкін оның жолында құрбан етті. Жиырма бес жыл бойы Расулуллаһқа адалдықпен қызмет етті. Бір рет те оның көңілін қалдырмады.

Ол хижреттен үш жыл бұрын, Әбу Тәліп қайтыс болғаннан үш күн кейін, алпыс бес жасында Мекке-и Мукаррамада қайтыс болды.

Расулуллаһ қайтыс болғанға дейін оны әрдайым мақтайтын. Тіпті бір күні үйде оны мақтап отырғанда, Айша анамыз шыдай алмай: «Хақ та’ала сізге одан да жақсысын берді», – деді. Сонда ол: «Жоқ! Одан жақсысы берілген жоқ. Бәрі мені өтірікші деген күндері ол маған сенді. Бәрі маған азап көрсеткенде, ол маған тірек болды. Ол менің қайғыларымды сейілтті», – деді.

Хазреті Хадиша мен оның қызы Фатиматуз-Зәһра – бір хадис шәрифте дүниедегі барлық әйелдердің ең абзалы деп білдірілген төрт әйелдің екеуі. Үшіншісі – Перғауынның әйелі хазреті Асия, төртіншісі – хазреті Мәриям (радиаллаһу та’ала анһунна).

«Барлық әйелдеріммен некелерім және қыздарымды күйеуге беруім – бәрі Жәбрейілдің (алейһиссалам) Аллаһу та’аладан әкелген рұқсатымен болды» Хадис шәриф

Айша (радиаллаһу анһа): Ол – Расулуллаһтың екінші пәк әйелі. Ол – Әбу Бәкір Сыддықтың қызы. Анасы – Үммү Руман. Ол хижреттен сегіз жыл бұрын дүниеге келді. Оның балалары болмады. Онымен неке Хадиша Кубра қайтыс болғаннан бір жыл кейін және хижреттен екі жыл бұрын қиылды. Үш жылдан кейін, Мәдинада, ол Сәадат бөлмесіне (Хужра-и сәадат) әкелінді. Оның ақылы, зеректігі, арлылығы және тақуалығы таңғаларлықтай зор еді. Расулуллаһ оны қатты жақсы көріп, көп мақтайтын. Оның некесі Аллаһу та’аланың әмірімен болды. Ол аят кәримамен мадақталды. Құрметті сахабалар өздерінің қиын мәселелерін шешу үшін оған жүгінетін. Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) қайтыс болғанда, ол он сегіз жаста еді. Оның ижтиһады хазреті Әлидікіне сәйкес келмегендіктен, Түйе оқиғасында ол хазреті Әлимен соғысқан құрметті сахабалармен бірге болды. Хазреті Әли шәһид етілгенде, ол қатты қайғырды. Хуруфилер оған көп жала жабады. Ол хазреті Әлиді жақсы көрмейтін, дейді олар. Бірақ «Әлиді жақсы көру – иманнан» деген хадис шәрифті хазреті Айшаның өзі хабарлады ғой. Осылайша ол оны жақсы көретінін және әркімнің оны жақсы көруге тиіс екенін білдірді. Ол хижреттің елу жетінші жылында, алпыс бес жасында Мәдинада қайтыс болды. Оның қабірі – Бақи зиратында.

Сәудә бинт Зам’а (радиаллаһу анһа): Ол – Расулуллаһтың үшінші әйелі. Ол күйеуімен бірге иман келтіріп, Хабашстанға хижрет еткен еді. Меккеге қайтып оралғанда, күйеуі қайтыс болды. Расулуллаһ алдымен хазреті Айшамен, содан кейін Сәудәмен некелесті. Сәудәні ол Меккеде, ал хазреті Айшаны Мәдинада үйіне алды. Ол өте мейірімді әрі арлы ханым еді. Хазреті Омар заманында қайтыс болды.5

Хафса (радиаллаһу анһа): Ол – хазреті Омардың (радиаллаһу анһу) қызы. Оның бірінші күйеуі Хунайс еді. Олар бірге Хабашстанға және Мәдинаға хижрет етті. Жас кезінде жесір қалғанда, әкесі оны хазреті Әбу Бәкірге, содан кейін Османға ұсынды. Екеуі де кешірім сұрап, бас тартты. Хазреті Омар қайғырды. Хижреттің үшінші жылында ол Расулуллаһтың некесімен абыройға бөленді. Расулуллаһ біраз уақыттан кейін Хафсаны талақ етті. Содан кейін Жәбрейіл алейһиссаламның ишарасымен онымен қайта некелесті. Ол көп ораза ұстап, көп намаз оқитын. Ол хижреттің 41-жылында, алпыс жасында қайтыс болды.

Зейнеп бинт Хузәйма (радиаллаһу анһа): Ол көп ғибадат етіп, көп садақа беретін. Бұрын ол Абдуллаһ бин Жахштың әйелі еді. Абдуллаһ Расулуллаһтың әкесінің қарындасы Үмәймәнің ұлы еді. Ол Ухуд соғысында шәһид болды. Зейнеп Расулуллаһтың некесімен абыройға бөленсе де, сегіз айдан кейін қайтыс болды.6

Үммү Сәләмә (радиаллаһу анһа): Оның есімі Хинд еді. Ол күйеуі Әбу Сәләмәмен бірге Хабашстанға алғашқылардың бірі болып хижрет етті. Әбу Сәләмә Расулуллаһтың әкесінің қарындасы Бәррәнің ұлы Убәйдуллаһ бин Жахштың бауыры еді; ол Мәдинада, хижреттің төртінші жылында, Ухуд соғысында алған жарасынан қайтыс болды. Үммү Сәләмә Әбу Бәкір мен Омардың неке туралы ұсыныстарын қабыл алмады. Ол Расулуллаһтың некесімен абыройға бөленді. Ол елу тоғызыншы жылы Мәдинада сексен төрт жасында қайтыс болды. Пайғамбардың әйелдерінің ішінде ең соңынан қайтыс болғаны осы еді.7

«Жоқ! Одан (Хадишадан) жақсысы берілген жоқ. Бәрі мені өтірікші деген күндері ол маған сенді. Бәрі маған азап көрсеткенде, ол маған тірек болды. Ол менің қайғыларымды сейілтті» Хадис шәриф

Жууәйрия (радиаллаһу анһа): Ол Бәни Мусталық тайпасының басшысы Харистің қызы еді. Ол хижреттің бесінші жылында болған Мурайси соғысында тұтқынға алынған еді. Оның көкесінің ұлы болған күйеуі соғыста өлтірілді. Ол жиырма жаста әрі өте сұлу еді. Бір риуаят бойынша, Жууәйрияны сатуға шығарғанда, әкесі оны сатып алу үшін Мәдинаға бір үйір түйе алып келді. Ең жақсы екі түйені қимай, оларды қаланың сыртында жасырып қалдырды. Расул алейһиссалам: «Пәлен жерде жасырған екі түйеңді де алып кел», – деді. Харис таңғалып, екі ұлымен және тағы көптеген адамдармен бірге иман келтірді. Расул алейһиссалам түйелерді алып, қызын қайтарып берді. Қызы да иман келтірді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Жууәйрияны әкесінен сұрап, онымен некелесті. Ол хижреттің елу алтыншы жылында қайтыс болды.

Зейнеп бинт Жахш (радиаллаһу анһа): Ол Расулуллаһтың әкесінің қарындасы Үмәймәнің қызы, Абдуллаһ бин Жахштың қарындасы еді. Оның әкесінің аты Бұррә болатын. Ол иман келтірмегендіктен, оны Жахш деп атады. Зейнеп алғаш иман келтіргендердің бірі еді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оны алдымен өзінің асырап алған ұлы Зәйд бин Харисаға күйеуге берді. Зәйд Зейнептің ақысын сақтай алмағандықтан, хижреттің үшінші жылында олар ажырасты. Расул алейһиссалам онымен некелескісі келді. Зейнеп мұны естігенде, қуанғанынан екі рәкат намаз оқып: «Йа, Раббым! Сенің Расулың мені әйелдікке қалап отыр. Егер Сен маған оның әйелі болу абыройын тағдыр еткен болсаң, мені оған Өзің бер», – деп дұға етті. Оның дұғасы қабыл болып, Ахзаб сүресінің мағынасы бойынша: «Зәйд одан қалағанын орындағаннан кейін (яғни Зейнепті талақ еткеннен соң), Біз оны саған әйел етіп бердік» деген отыз жетінші аяты түсті. Зейнептің некесін Аллаһу та’ала Өзі қиғандықтан, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бөлек неке қидырмады. Зейнеп (радиаллаһу анһа) мұнымен әрдайым мақтанып: «Әр әйелді әкесі күйеуге береді. Ал менің некемді Аллаһу та’ала қиды», – дейтін. Ол кезде ол отыз сегіз жаста еді. Ол хижреттің жиырмасыншы жылында, елу үш жасында қайтыс болды.8 Оның қайыры мен жақсылығы мол еді, ол садақа бергенді өте жақсы көретін. Ол қолөнерге де шебер еді. Өзі жасаған бұйымдарды және қолына түскен әрбір нәрсені туыстары мен кедейлерге беретін. Халифа Омар Пайғамбардың пәк әйелдерінің әрқайсысына он екі мың дирхам беретін. Зейнеп бинт Жахш оны алысымен түгелдей садақа етіп таратып жіберетін. Хазреті Айша оны бұл үшін қатты мақтады. «Әйелдерімнің арасында маған ең бірінші қауышатыны – қолы ашық болғаны»9 деген хадис шәриф оның ең бірінші қайтыс болатынын хабарлаған еді, өйткені ең көп садақа беретін сол еді.

Әдепсіз әрі жалақор француз ақыны Вольтер Расулуллаһтың хазреті Зейнепті әйелдікке алуы туралы тарихтарға, оқиғалар мен хабарларға мүлдем қайшы келетін, ойдан шығарылған пасық жалалармен өлең құрап, бір театр шығармасын жазды. Әдебиет пен ой адамына жараспайтын бұл жиіркенішті, ұятсыз жазбасы оны шіркеуден қуған үлкен дұшпаны – Рим папасына ұнады, папа оған жағымпаздана хат жазды. Мұсылмандардың халифасы сұлтан Абдулхамид хан II бұл пьесаның сахнада қойылатынын естігенде, Франция мен Англия үкіметтеріне ультиматум қойып, мұның жолын дереу кесті және бүкіл адамзатты ұятқа батыратын пасықтықтан құтқарды.

Хазреті Сафия (радиаллаһу анһа): Ол Хайбар яһудилерінің басшысы Хуяй бин Ахтабтың қызы еді. Ол Хайбарда бір яһудиге айттырылған еді. Кейін өте бай болған Кинанә бин Хақиқпен некелесті. Хижреттің жетінші жылында Хайбар алынғанда, Сафия да тұтқынға алынды. Ол Расулуллаһтың үлесіне тиіп, Расулуллаһ оны азат етті. Ол иман келтіріп, Расулуллаһтың некесімен абыройға бөленді. Ол хижреттің елуінші жылында Мәдинада қайтыс болды.10

Үммү Хабиба (радиаллаһу анһа): Ол Әбу Суфйан бин Харб бин Умәййәнің қызы, хазреті Муауияның қарындасы еді. Анасының есімі Хинд еді. Ол күйеуі Убәйдуллаһ бин Жахшпен бірге мұсылман болып, Хабашстанға хижрет етті. Қызы Хабиба Хабашстанда туылғандықтан, өзі де Үммү Хабиба (Хабибаның анасы) күниесімен мәшһүр болды. Оның күйеуі сол жерде шіркеу қызметшілеріне алданып, мүртәд болды да, өлді. Ол жат жерде жалғыз әрі кедей болып қалды. Ол: «Расулуллаһтың дінінен айырылмаймын», – деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оны қуанту үшін онымен некелескісі келді. Ол хижреттің жетінші жылында Нәжашиге хат жазды. Нәжаши Пайғамбардың бұл әмірі бойынша оны Расул-и әкрамға некелеп берді де, Мәдинаға жіберді. Ол хижреттің қырық төртінші жылында Мәдинада қайтыс болды.

Хазреті Мәймунә (радиаллаһу анһа): Оның есімі Бәррә еді, Расулуллаһ оның есімін Мәймунә деп өзгертті. Мәймунәнің күйеуі қайтыс болған еді. Хайбар алынғаннан кейін Меккеге умра жасауға барылды; Мәдинаға қайтып келе жатқанда, ол Расулуллаһтың некесімен абыройға бөленді. Хижреттің елу үшінші жылында ол Меккеде науқастанып қалды. Ол: «Мені Меккеден алып шығыңдар! Өйткені Расулуллаһ менің Меккенің сыртында қайтыс болатынымды хабарлаған», – деді. Оны алып шыққанда, ол Расулуллаһпен некесі қиылған жерде (Сәриф деп аталатын жерде) қайтыс болды.11

Хазреті Мария (радиаллаһу анһа): Ол Пайғамбарымыздың күңі болып жүргенде иман келтіріп, оның некесімен абыройға бөленді. Марияны Мысыр мен Александрияның билеушісі Муқауқыс сыйлық ретінде жібергендіктен, оның тегі (ата шежіресі) мен туған жылы нақты белгілі емес. Расул-и әкрамның хазреті Мария анамыздан бір ұлы болды. Оның есімі Ибраһим еді. Хазреті Мария өте салмақты, үнсіз әрі момын еді. Ол хазреті Омардың халифалығының соңғы жылдарында, милади 637 (хижри 16) жылы қайтыс болды. Ол Бақи зиратына жерленді.12

Хазреті Райхана (радиаллаһу анһа): Ол Пайғамбарымыздың күңі болып жүргенде мұсылман болды. Ол Мәдинада тұрған яһудилердің Бәни Құрайза тайпасынан еді. Оның тегі – Райхана бинт Шәмғун ибн Язид немесе Райхана бинт Зәйд ибн Амр ибн Ханафа ибн Шәмғун ибн Язид. Оның туған жылы нақты белгілі емес. Ол Пайғамбарымыздан бұрын, милади 631 (хижри 10) жылы Мәдинада қайтыс болды. Ол Бақи зиратына жерленді.13

«Сәйидтер мен шәрифтерді жақсы көру соңғы демде иманмен кетуге себеп болады» Әбу Мүжаһид Әнуар бин Назиф (рахматуллаһи алейһ)