Сүйікті Пайғамбарым

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ МҰҒЖИЗАЛАРЫ

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның Аллаһу та’аланың пайғамбары екенін көрсететін куәлер санап болмайтындай көп. Аллаһу та’ала: «Сен болмағанда, Мен әлемді жаратпас едім!» – деді.1 Барлық болмыстар Аллаһу та’аланың бар екенін және бір екенін көрсеткені сияқты, Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбар екенін және оның абзалдығын да көрсетеді. Оның үмметінің әулиелерінде болатын кәраматтардың барлығы – оның мұғжизалары. Өйткені кәраматтар оған ілескендерде, оның ізімен жүргендерде болады. Тіпті барлық пайғамбарлар оның үмметінен болуды қалағандықтан, дұрысырақ айтсақ, барлығы оның нұрынан жаратылғандықтан, олардың мұғжизалары да Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизаларынан саналады. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизалары уақыт жағынан үшке бөлінеді:

Біріншісі – оның мүбәрәк рухы жаратылғаннан бастап пайғамбарлығы білдірілген бисғат уақытына дейін болғандар. Екіншісі – бисғаттан бастап оның қайтыс болуына дейінгі уақыт ішіндегілер.

Үшіншісі – ол қайтыс болғаннан бастап қияметке дейін болған және болатын нәрселер. Бұлардың біріншілері ирхас деп аталады. Олардың әрқайсысы өз кезегінде көзбен көрілген және көрілмей ақылмен түсінілген мұғжизалар болып тағы екіге бөлінеді. Барлық мұғжизалар өте көп, оларды шектеу, санап шығу мүмкін болмады. Екінші түрдегі мұғжизалардың үш мыңдай екені білдірілген. Төменде олардың ең мәшһүрлерінің бірнешеуі келтіріледі. 1. Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизаларының ең ұлысы – Құран кәрім. Бүгінге дейін келген барлық ақындар мен әдебиетшілер Құран кәрімнің жүйесі (назымы) мен мағынасы алдында дәрменсіз қалып, таңғалды. Олар бірде-бір аят кәриманың ұқсасын айта алмады. Оның теңдессіздігі (иғжазы) мен шешендігі адам сөзіне ұқсамайды. Яғни одан бір сөзді алып тастасаң немесе оған бір сөз қоссаң, оның сөздеріндегі де, мағынасындағы да көркемдік бұзылады. Оның бір сөзінің орнына қою үшін басқа сөз іздегендер ондай сөз таба алмады. Оның жүйесі араб ақындарының өлеңдеріне ұқсамайды. Ол өткенде болған және болашақта болатын көптеген жасырын нәрселер туралы хабар береді. Оны естігендер де, оқығандар да оның дәмінен тоя алмайды. Шаршаса да, жалықпайды. Оны оқу мен тыңдаудың уайым-қайғыны кетіретіні сансыз тәжірибелермен белгілі болды. Оны естігенде жүрегіне үрей мен қорқыныш түсіп, тіпті сол себепті қайтыс болған адамдар да кездесті. Ислам дінін қатты жек көрген көптеген қас дұшпандардың Құран кәрімді тыңдағаннан кейін жүректері жұмсарып, олар иман келтірді. Ислам дұшпандарынан және муаттала, мәлахида, қарамита деп аталатын, мұсылман атын жамылған зындықтардан Құран кәрімді өзгертуге, бұрмалауға немесе оның ұқсасын айтуға тырысқандар болды, бірақ олардың ешқайсысы мақсатына жете алмады. Ал Тәурат пен Інжілді адамдар әрдайым өзгертті және әлі де өзгертіп келеді. Ешбір ғылыммен және тәжірибемен табуға болмайтын көркем нәрселер, көркем мінез, адамдарға артықшылық беретін қасиеттер, дүние мен ахирет бақытына жеткізетін жақсылықтар, болмыстардың басталуы мен соңы туралы білімдер, адамдарға пайдалы және зиянды нәрселердің барлығы Құран кәрімде ашық немесе жасырын түрде білдірілген. Жасырын болғандарын оның білгірлері түсіне алады. Барлық аспан кітаптарында – Тәуратта, Зәбүрде және Інжілде болған ілімдер мен сырлардың барлығы Құран кәрімде білдірілген. Құран кәрімдегі ілімдердің барлығын тек Аллаһу та’ала ғана біледі. Олардың көбін Ол сүйікті Пайғамбарына (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) білдірді. Әли мен Хусейн (радиаллаһу та’ала анһума) бұл ілімдердің көбін білетіндерін хабарлады. Құран кәрімді оқу – өте үлкен ниғмет. Аллаһу та’ала бұл ниғметті Өз хабибінің үмметіне берді. Періштелер бұл ниғметтен құр алақан. Сондықтан олар Құран кәрім оқылған жерге жиналып, тыңдайды. Барлық тәфсирлер Құран кәрімдегі ілімдердің өте аз бөлігін ғана білдіреді. Қиямет күні Мұхаммед алейһиссалам мінберге шығып Құран кәрім оқығанда, тыңдағандар оның барлық ілімдерін түсінеді. 2. Мұхаммед алейһиссаламның мәшһүр мұғжизаларының ең ұлыларының бірі – айды екіге бөлуі. Бұл мұғжиза басқа ешбір пайғамбарға нәсіп болмады. Мұхаммед алейһиссалам елу екі жаста болғанда, Меккеде құрайыш кәпірлерінің бастықтары оның қасына келіп: «Пайғамбар болсаң, айды екіге бөл», – деді. Мұхаммед алейһиссалам әркімнің, әсіресе таныстары мен туыстарының иман келтіруін қатты қалайтын еді. Ол қолдарын көтеріп дұға етті. Аллаһу та’ала дұғасын қабыл етіп, айды екіге бөлді. Оның жартысы бір таудың үстінде, екінші жартысы басқа таудың үстінде көрінді. Кәпірлер: «Мұхаммед бізді сиқырлады», – деп, иман келтірмеді.

«Мұхаммед алейһиссаламның мың мұғжизасы көрінді, досы да, дұшпаны да – әркім мұны айтты. Осынша мұғжизаның ең қымбаттысы – оның әдепті болуы және көркем мінезі еді» Рияд-ун-насихин

Өлең:
Айға қарап ит үреді, –
Айдың мұнда не кінәсі бар?
Иттер әрқашан үреді.
Ақымақ одан не ұғар?
Бәйт:
Ауыз дәмінің қашуы – аурудың белгісі:
Ең тәтті шәрбат та науқасқа ащы көрінеді.

3. Мұхаммед алейһиссалам кейбір ғазаларында сусыз қалғанда мүбәрәк қолын бір ыдыстағы суға батыратын; су оның саусақтарының арасынан ағып, ыдыс үздіксіз толып-тасып тұратын. Бұл судан кейде сексен, кейде үш жүз, кейде мың бес жүз адам, ал Тәбүк жорығында жетпіс мың адамның барлығы малдарымен бірге ішті және оны пайдаланды. Мүбәрәк қолын судан шығарғанда, судың ағуы тоқтайтын. 4. Бір күні ол көкесі Аббастың үйіне барып, оны және балаларын қасына отырғызды. Олардың үстін ихрамымен жауып: «Йа, Раббым! Мен осы көкемді және Әһли бәйтімді жапқаным сияқты, Сен де оларды тозақ отынан қорға!» – деді. Қабырғалардан үш рет «Әмин» деген дауыс естілді.2 5. Бір күні ол өзінен мұғжиза сұрағандарға жауап ретінде алыстағы бір ағашты шақырды. Ағаш тамырларын сүйретіп келіп, сәлем берді де: «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһу уә расулуһ», – деді. Содан кейін барып, қайтадан өз орнына тұрды. 6. Хайбар жорығында оның алдына уланған қуырылған қой етін қойғанда: «Йа, Расулаллаһ! Мені жеме, мен уланғанмын», – деген дауыс естілді.

7. Бір күні ол қолында пұты бар бір адамға: «Пұтың менімен сөйлессе, иман келтіресің бе?» – деді. Ол адам: «Мен оған елу жылдан бері табынамын. Ол маған бір ауыз сөз айтқан жоқ. Саған қалай айтсын?» – деді. Мұхаммед алейһиссалам: «Ей, пұт! Мен кіммін?» – дегенде, «Сен – Аллаһтың пайғамбарысың» деген дауыс естілді. Пұттың иесі сол сәтте иман келтірді.

8. Мәдинада, Мәсжид-и Нәбәуиде орнатылған бір құрма ағашының діңі бар еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хұтба оқығанда осы бағанаға сүйенетін. Бұл бағананы Ханнанә деп атайтын. Мінбер жасалғаннан кейін ол Ханнанәнің қасына бармайтын болды. Бүкіл жамағат оның жылаған дауысын естіді. Пайғамбарымыз мінберден түсіп, Ханнанәні құшақтады. Дауыс тынды. Расулуллаһ: «Егер мен оны құшақтамағанда, ол менен айырылғаны үшін қиямет күніне дейін жылайтын еді», – деді.

Мұндай мұғжизалар өте көп көрінді және хабарланды. 9. Оның қолына алған ұсақ тастардың және ұстаған тамақ үзінділерінің ара ызыңына ұқсас дауыспен Аллаһу та’аланы тәсбих еткені жиі көрінді.

10. Бір күні бір кәпір келіп: «Сенің пайғамбар екеніңді мен қайдан білейін?» – деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Әне, анау құрма ағашындағы шоқты шақырсам және ол келсе, иман келтіресің бе?» – деді. Кәпір: «Иә, иман келтіремін», – деді. Расулуллаһ құрма шоғын шақырды, ол секіре-секіре келді. Расулуллаһ: «Орныңа қайт!» – деді. Шоқ ағаштағы орнына көтеріліп, ілініп қалды. Мұны көрген кәпір иман келтірді. 11. Меккеде бірнеше қасқыр бір отардан қойларды іліп әкетті. Шопан ұмтылып, қойларды қасқырлардан тартып алғанда, қасқырлардың бірі: «Аллаһу та’ала жіберген ризығымызды қолымыздан тартып алғанда, Аллаһу та’аладан қорықпадың ба?» – деді. Шопан: «Қандай ғажап! Қасқыр да сөйлей ме екен?» – дегенде, қасқыр: «Бұдан да ғажап нәрсені хабарлайын ба? Мәдинада Аллаһу та’аланың Пайғамбары Мұхаммед (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) мұғжизалар көрсетіп жатыр», – деді. Шопан келіп, мұны Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтып берді де, мұсылман болды.

12. Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір шалғынды жерде келе жатқанда, үш рет: «Йа, Расулаллаһ!» – деген дауысты естіді. Ол сол жаққа қарап, байлаулы тұрған бір киікті көрді. Оның қасында бір адам ұйықтап жатыр еді. Киіктен не қалайтынын сұрағанда, киік: «Мына аңшы мені ұстап алды. Қарсыдағы төбеде менің екі лағым бар. Мені босатшы! Барып, оларды тойдырып, қайтып келейін», – деді. Расул алейһиссалам: «Сөзіңде тұрып, қайтып келесің бе?» – деді. Киік: «Аллаһ үшін сөз беремін. Қайтып келмесем, Аллаһтың азабы менің үстіме түссін!» – деді. Расулуллаһ киікті босатты. Біраздан соң ол қайтып келді. Әлгі адам оянып: «Йа, Расулаллаһ! Маған бір әміріңіз бар ма?» – деді. Пайғамбарымыз: «Мына киікті азат ет!» – деді. Адам киіктің байлауын шешіп, оны босатты. Киік: «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әннәкә Расулуллаһ», – деді де, кетті.

13. Бір күні ол бір ауыл адамын иманға шақырды. Әлгі адам: «Мұсылман көршімнің қайтыс болған қызын тірілтсең, иман келтіремін», – деді. Олар қыздың қабіріне барды, Расулуллаһ қызды атымен шақырды. Алдымен қабірдің ішінен дауыс естілді, содан кейін қыз сыртқа шықты. «Дүниеге қайтқың келе ме?» – деп сұрады Расулуллаһ. Қыз: «Йа, Расулаллаһ! Дүниеге қайтқым келмейді. Мұнда маған әкемнің үйіндегіден де жайлырақ. Мұсылманның ахиреті оның дүниесінен жақсырақ», – деді. Мұны көрген ауыл адамы сол сәтте иман келтірді. 14. Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу та’ала анһу) бір қой пісірді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларымен бірге оны жеді. «Сүйектерін сындырмаңдар!» – деді ол. Содан кейін сүйектерді жинап, мүбәрәк қолдарын олардың үстіне қойып, дұға етті. Аллаһу та’ала қойды тірілтті. 15. Расулуллаһтың қасына ер жетсе де, ешқашан сөйлемеген бір баланы алып келді. «Мен кіммін?» – деп сұрады ол. Бала: «Сен – Расулуллаһсың», – деп жауап берді. Содан кейін ол өле-өлгенше сөйледі.

«Йа, Раббым! Мен осы көкемді (Аббасты) және Әһли бәйтімді жапқаным сияқты, Сен де оларды тозақ отынан қорға!» Хадис шәриф

16. Бір адам жыланның жұмыртқасын басып алып, екі көзі де көрмей қалды. Оны Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алып келді. Ол мүбәрәк түкірігін оның көздеріне жаққанда, әлгі адам көре бастады. Тіпті сексен жасында да ол инеге жіп өткізетін.

17. Мұхаммед бин Хатиб былай деп баяндайды: «Мен кішкентай едім. Үстіме қайнаған су төгіліп, денем күйді. Әкем мені Расулуллаһқа (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) алып барды. Ол мүбәрәк қолдарымен түкірігін күйген жерлерге жағып, дұға етті. Күйген жерлер сол сәтте жазылды».

18. Бір әйел таз ұлын алып келді. Расулуллаһ мүбәрәк қолдарымен оның басынан сипады. Бала шипа тауып, шашы өсе бастады.

19. Тирмизи мен Нәсаидің «Сунан» кітаптарында былай делінген: екі көзі де соқыр бір адам келіп: «Йа, Расулаллаһ! Дұға етіңіз, көздерім ашылсын», – деді. Пайғамбарымыз оны аяп, оған мінсіз етіп дәрет алуды, содан кейін мына дұғаны оқуды айтты: «Йа, Раббым! Саған жалбарынамын. Сүйікті Пайғамбарың Мұхаммед алейһиссаламды арашы етіп, Сенен сұраймын. Ей, мен қатты жақсы көретін пайғамбарым хазреті Мұхаммед! Сені уәсила етіп, Раббыма жалбарынамын. Раббымның дұғамды сенің құрметің үшін қабыл етуін сұраймын. Йа, Раббым! Осы ұлы Пайғамбарды маған шапағатшы ет! Дұғамды оның құрметіне қабыл ет!» Әлгі адам дәрет алып, дұға еткенде, көздері ашылды. Мұсылмандар бұл дұғаны әрдайым оқып, тілектеріне жетіп отырды. 20. Расулуллаһ Әбу Тәліппен бірге бір шөлде келе жатыр еді. Әбу Тәліп қатты шөлдегенін айтты. Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) көліктен жерге түсіп: «Шөлдедің бе?» – деді де, мүбәрәк өкшесімен жерді ұрды. Жерден су атқылап шықты. «Көке, мына судан іш!» – деді ол. 21. Худәйбийа сапарында олар суы аз бір құдықтың қасына тоқтады. Әскерлер сусыздықтан шағымданды. Расулуллаһ бір шелек су сұрады. Ол сол судан дәрет алып, оған түкірді де, оны құдыққа төгуді бұйырды. Содан кейін бір жебе алып, құдыққа тастады. Көп ұзамай олар құдықтың аузына дейін суға толғанын көрді.

22. Бір ғазада әскер сусыздықтан шағымданды. Расул алейһиссалам екі әскерді су іздеуге жіберді. Олар түйенің үстінде екі толы мес суымен келе жатқан бір әйелді көріп, оны алып келді. Расул алейһиссалам әйелден біраз су сұрап, оны бір ыдысқа құйдырды. Бүкіл әскер кезекпен келіп, ыдыстары мен местерін толтырды. Әйелге біраз құрма беріп, оның местерін де суға толтырды.

Расулуллаһ оған: «Сенің суыңды азайтқан жоқпыз. Бізге суды Аллаһу та’ала берді», – деді.

23. Мәдинада ол мінберде хұтба оқып тұрғанда, бір адам: «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм)! Сусыздықтан балаларымыз, малдарымыз, егістіктеріміз құрып барады. Бізге жәрдем ет!» – деді. Ол қолдарын көтеріп, дұға етті. Аспанда бір де бұлт жоқ еді, бірақ ол мүбәрәк қолдарын бетіне сипап үлгергенше бұлттар жиналды. Сол сәтте жаңбыр жауа бастады. Ол бірнеше күн жалғасты. Ол тағы да мінберде хұтба оқып тұрғанда, әлгі адам: «Йа, Расулаллаһ! Жаңбырдан құрып кетеміз», – дегенде, Расул алейһиссалам жымиып: «Йа, Раббым! Рақымыңды басқа құлдарыңа да бере гөр!» – деді. Бұлттар тарап, күн көрінді. 24. Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу та’ала анһу) былай деп баяндайды: менің қарызым көп еді. Мұны Расулуллаһқа (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) хабарладым. Ол бақшама келіп, құрма үйіндісін үш рет айналып шықты. Содан кейін: «Қарыз берушілеріңді шақыр, келсін!» – деді. Олардың әрқайсысына өз ақысы берілді, ал үйінді мүлдем азаймады. 25. Бір әйел сыйлық ретінде бал жіберді. Расул алейһиссалам балды қабыл алып, бос ыдысты қайтарып жіберді. Аллаһу та’аланың құдіретімен ыдыс балға толы күйінде қайтып келді. Әйел келіп: «Йа, Расулаллаһ! Күнәм не? Сыйлығымды неге қабыл алмадыңыз?» – деді. Ол: «Сенің сыйлығыңды қабыл алдық. Сен көрген бал – Аллаһу та’аланың сенің сыйлығың үшін берген берекесі», – деді. Әйел қуанып, балды үйіне алып кетті. Ол бала-шағасымен оны айлар бойы жеді, ал бал мүлдем азаймады. Бір күні абайсызда балды басқа ыдысқа салып қойды. Одан жеп, тез тауысты. Мұны Расулуллаһқа хабарлағанда, ол: «Мен жіберген ыдыста қалғанда, дүние тұрғанша жейтін еді, ол мүлдем азаймайтын еді», – деді.

26. Әбу Хурайра былай деп баяндайды: мен Расулуллаһқа бірнеше құрма әкеліп, оларға береке берілуі үшін дұға етуін сұрадым. Ол олардың берекелі болуы үшін дұға етіп, маған: «Мыналарды алып, ыдысыңа сал. Одан алғың келгенде, қолыңмен ішінен ал, оны төгіп, жерден алма!» – деді. Құрма салынған дорбамды күндіз-түні қасымнан тастамай, Осман (радиаллаһу анһу) заманына дейін одан жедім. Қасымдағыларға да жегіздім, уыс-уыс садақа да бердім. Осман (радиаллаһу анһу) шәһид болған күні дорбам жоғалып кетті. 27. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Сүлеймен алейһиссалам сияқты барлық жануарлардың тілін түсінетін. Жануарлардың оның қасына келіп, иелерінен немесе басқалардан шағымданғаны жиі көрінді. Расулуллаһ мұны құрметті сахабаларға хабарлайтын. Хунәйн соғысында ол мініп жүрген «Дүлдүл» атты ақ қашырға: «Жерге шөк!» – деді. Дүлдүл сол сәтте шөккенде, ол жерден бір уыс құм алып, кәпірлердің үстіне шашты.

28. Бір күні ол әйелі Хафсаға (радиаллаһу анһа): «Әбу Бәкір мен сенің әкең үмметімнің басқаруын өз қолдарына алады», – деді. Бұл сөзімен ол Әбу Бәкірдің және Хафсаның әкесі Омардың (радиаллаһу анһума) халифа болатынын сүйіншілеп хабарлады.

«Ей, Хафса! Әбу Бәкір мен сенің әкең үмметімнің басқаруын өз қолдарына алады» Хадис шәриф

29. Ол Әбу Хурайраны (радиаллаһу та’ала анһу) Мәдинада зекет ретінде келген құрмаларды күзетуге қойған еді. Әбу Хурайра құрма ұрлаған бір адамды ұстап алып, оған: «Сені Расулуллаһқа алып барамын», – деді. Бірақ ұры: «Мен кедеймін, бала-шағам көп», – деп жалынғанда, Әбу Хурайра оны босатып жіберді. Келесі күні Расулуллаһ Әбу Хурайраны шақырып: «Кеше түнде сен босатқан адам не істеді?» – деп сұрады. Әбу Хурайра айтып бергенде, ол: «Ол сені алдаған. Ол тағы келеді», – деді. Келесі түні ол шынымен тағы келіп, ұсталды. Ол қайтадан: «Аллаһ үшін, мені босат», – деп жалынып, тағы құтылды. Үшінші түні келіп ұсталғанда, жалынғаны пайда бермеді. Сонда ол: «Мені босатсаң, саған өте пайдалы болатын бірнеше нәрсені үйретемін», – деді. Әбу Хурайра келісті. «Түнде ұйықтауға жатқанда Аятул-Күрси аятын оқысаң, Аллаһу та’ала сені қорғайды, қасыңа шайтан жоламайды», – деді де, кетіп қалды. Келесі күні Расулуллаһ Әбу Хурайрадан тағы сұрап, жауап алғаннан кейін: «Бұл жолы ол шындықты айтқан. Ал өзі – үлкен өтірікші. Үш түн бойы кіммен сөйлескеніңді білесің бе?» – деді. Әбу Хурайра: «Жоқ, білмеймін», – дегенде, ол: «Ол шайтан еді», – деді.

30. Ол Византия императорының әскерлерімен соғысу үшін Мутә деген жерге әскер жіберді. Сахабалардан үш әмір (Зәйд бин Хариса, Жафар бин Әби Тәліп және Абдуллаһ бин Рауаха) бірінен соң бірі шәһид болды, ал ол сол кезде Мәдинада мінбердің үстінде болса да, Аллаһу та’аланың көрсетуімен мұны көріп, қасындағыларға хабарлады. 31. Муаз бин Жәбәлді (радиаллаһу та’ала анһу) Йеменге әкім етіп жібергенде, ол оны Мәдинаның сыртына дейін шығарып салып, оған көп насихат берді де: «Сенімен қиямет күніне дейін енді кездеспейміз», – деді. Муаз Йеменде жүргенде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинада қайтыс болды.

32. Қайтыс болар алдында ол қызы Фатимаға: «Туыстарымның арасында маған ең бірінші болып сен қауышасың», – деді. Алты айдан кейін Фатима (радиаллаһу анһа) қайтыс болды. Оның туыстарынан одан бұрын ешкім қайтыс болмады.

33. Ол Қайс бин Шәммасқа (радиаллаһу анһу): «Көркем өмір сүресің және шәһид болып өлесің», – деді. Әбу Бәкір (радиаллаһу та’ала анһу) халифа болған кезде Қайс Йәмамада Мусәйләмәтул-Кәззабпен болған соғыста шәһид болды. Ол сондай-ақ хазреті Омарул-Фаруқтың, хазреті Османның және хазреті Әлидің (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) шәһид болатынын да хабарлады. 34. Ол Иран патшасы Кисраның және Византия императоры Қайсардың елдері мұсылмандардың қолына өтетінін және олардың қазыналары Аллаһ жолында таратылатынын сүйіншілеп хабарлады. 35. Ол үмметінен көп адамның теңіз арқылы ғазаға баратынын және сахабалардан Үммү Хирам атты әйелдің сол ғазада болатынын хабарлады. Хазреті Осман халифа болған кезде мұсылмандар кемелермен Кипр аралына барып соғысты. Бұл әйел де олармен бірге еді. Ол сол жерде шәһид болды.3

36. Бір күні Расул алейһиссалам бір биік жерде отыр еді. Ол қасындағыларға бұрылып: «Мен көріп тұрғанды сендер де көріп тұрсыңдар ма? Ант етемін, мен сендердің үйлеріңнің арасында, көшелерде шығатын бүліктерді (фитналарды) көріп тұрмын», – деді. Осман (радиаллаһу анһу) шәһид етілген күндерде және кейінірек Язид заманында Мәдинада үлкен бүліктер шықты, көшелерде көптеген адамның қаны төгілді.

37. Бір күні ол өз әйелдерінің бірінің халифаға қарсы бас көтеретінін хабарлады. Айша (радиаллаһу та’ала анһа) бұл сөзге күлгенде, ол: «Ей, Хумайра4! Бұл сөзімді ұмытпа! Ол әйел сен болмағай едің!» – деді. Содан кейін Әлиге (радиаллаһу анһу) бұрылып: «Оның ісі сенің қолыңа түссе, оған жұмсақ қара!» – деді. Отыз жылдан кейін Айша (радиаллаһу анһа) Әлимен (радиаллаһу анһу) соғысып, оған тұтқынға түсті. Әли (радиаллаһу анһу) оны құрмет пен ізетпен Басрадан Мәдинаға жөнелтті.

38. Ол хазреті Муауияға: «Бір күні үмметімнің үстінен билеуші болсаң, жақсылық жасағандарды марапатта, ал жамандық жасағандарды кешір!» – деді. Хазреті Муауия хазреті Омар мен хазреті Осман заманында Шамда жиырма жыл әкім болды, содан кейін жиырма жыл халифа болды. 39. Бір күні ол: «Муауия ешқашан жеңілмейді», – деді. Әли (радиаллаһу та’ала анһу) Сыффин соғысында бұл хадисті естігенде: «Егер мұны бұрын естігенімде, Муауиямен (радиаллаһу та’ала анһу) соғыспас едім», – деді. 40. Ол Аммар бин Ясәрге (радиаллаһу та’ала анһу): «Сені бағи, яғни бас көтерген, бүлікші адамдар өлтіреді», – деді. Аммар Әлимен (радиаллаһу анһу) бірге Муауияға (радиаллаһу анһу) қарсы соғысқанда шәһид болды. 41. Ол қызы Фатиманың ұлы Хасан (радиаллаһу та’ала анһума) туралы: «Бұл ұлым өте қайырлы. Аллаһу та’ала оны мұсылмандардың екі үлкен әскерінің арасында бітім жасалуына себеп етеді», – деді. Хасан үлкен әскермен Муауияға (радиаллаһу анһу) қарсы соғысуға жиналғанда, бүлік шықпасын және мұсылмандардың қаны төгілмесін деп, өз ақысы болған халифалықты Муауияға (радиаллаһу анһу) тапсырды. 42. Абдуллаһ бин Зубәйр (радиаллаһу та’ала анһума) Расулуллаһқа (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) қан алдырғанда (хижама жасағанда) шыққан қанын ішті. Мұны көрген Пайғамбарымыз: «Адамдардан сенің басыңа не келетінін білесің бе? Сенен де адамдарға көп нәрсе келеді. Тозақ оты сені күйдірмейді», – деді. Абдуллаһ бин Зубәйр Меккеде өзін халифа деп жариялағанда, Абдулмәлик бин Мәруан Шамнан Меккеге Хажжажды үлкен әскермен жіберді. Олар Абдуллаһты ұстап алып, өлтірді. 43. Ол Абдуллаһ ибн Аббастың анасына қарап: «Сенің бір ұлың болады. Ол туылғанда, оны маған алып кел!» – деді. Баланы алып келгенде, ол оның құлағына азан мен қамат оқып, мүбәрәк аузының суынан баланың аузына жақты. Оның атын Абдуллаһ деп қойып, анасының құшағына берді де: «Халифалардың әкесін ал да, алып кет!» – деді. Баланың әкесі хазреті Аббас мұны естіп, келіп сұрағанда, ол: «Иә, солай дедім. Бұл бала – халифалардың әкесі. Олардың арасында Сәффах, Мәһди және Иса алейһиссаламмен бірге намаз оқитын бір адам болады», – деді. Аббаси мемлекетінің басына көптеген халифалар келді. Олардың барлығы Абдуллаһ ибн Аббастың ұрпағынан еді.

«Ей, Муауия! Бір күні үмметімнің үстінен билеуші болсаң, жақсылық жасағандарды марапатта, ал жамандық жасағандарды кешір!» Хадис шәриф

44. Бір күні ол: «Үмметімнің арасында рафизи деп аталатын көп адам пайда болады. Олар ислам дінінен шығады», – деді.

45. Ол сахабаларынан көп адамға қайырлы дұғалар жасады, бұл дұғалардың барлығы қабыл болып, олар оның пайдасын көрді. Әли (радиаллаһу та’ала анһу) былай деп баяндайды: Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) мені Йеменге қазы (төреші) етіп жібергісі келді. Мен: «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм)! Мен қазылық етуді білмеймін», – дедім. Ол мүбәрәк қолын кеудеме қойып: «Йа, Раббым! Оның жүрегіне дұрысын білдір. Оған әрдайым дұрысын сөйлеуді нәсіп ет!» – деді. Осыдан кейін мен қасыма шағымданып келгендердің қайсысы ақ екенін сол сәтте түсініп, хақ бойынша үкім шығаратын болдым.

46. Расулуллаһ жәннатқа кіретінін сүйіншілеген он адамды Ашара-и мубашшара деп атайды. Ухуд соғысында ол олардың бірі – Са’д бин Әби Уаққас (радиаллаһу анһу) үшін: «Йа, Раббым! Оның жебелерін нысанасына жеткіз және дұғаларын қабыл ет!» – деді. Осыдан кейін Са’дтың әрбір дұғасы қабыл болды, ол атқан әрбір жебе дұшпанға тиді.

47. Ол көкесінің ұлы Абдуллаһ ибн Аббастың маңдайына мүбәрәк қолын қойып: «Йа, Раббым! Оны дінде терең ғалым ет, хикмет (даналық) иесі ет! Оған Құран кәрімнің ілімдерін бер!» – деді. Осыдан кейін Абдуллаһ ибн Аббас барлық ілімдерде, әсіресе тәфсир, хадис және фиқһ ілімдерінде өз заманының теңдессізі болды. Сахабалар мен табиғиндер барлық нәрсені одан үйренетін. Ол «Тәржуманул-Құран», «Бахрул-илм» және «Рәисул-мүфәссирин» деген есімдермен мәшһүр болды, ислам елдері оның шәкірттеріне толды.5

48. Ол қызметшілерінің бірі Әнәс бин Малик үшін: «Йа, Раббым! Оның малы мен балаларын көп, өмірін ұзақ ет, күнәларын кешір!» – деп дұға етті. Уақыт өткен сайын оның мал-мүлкі көбейе берді. Ағаштары, жүзім бақтары жыл сайын жеміс берді. Оның өте көп баласы болды. Ол жүз он жыл өмір сүрді. Өмірінің соңында ол: «Йа, Раббым! Хабибіңнің мен үшін жасаған дұғаларының үшеуін қабыл еттің, бердің! Төртіншісі – күнәларымның кешірілуі қалай болар екен?» – дегенде: «Төртіншісін де қабыл еттім. Көңіліңді тыныш ұста!» – деген дауысты естіді.

«Йа, Раббым! Оны (Абдуллаһ ибн Аббасты) дінде терең ғалым ет, хикмет (даналық) иесі ет! Оған Құран кәрімнің ілімдерін бер!» Хадис шәриф

49. Ол Малик бин Рәбиаға (радиаллаһу та’ала анһу): «Балаларың берекелі болсын!» – деп дұға етті. Маликтің сексен ұлы болды.

50. Нәбиға атты мәшһүр ақын өзінің бірнеше өлеңін оқығанда, Пайғамбарымыз арабтар арасында мәшһүр болған: «Аллаһу та’ала тістеріңді түсірмесін!» – деген дұғаны айтты. Нәбиға жүз жасқа келді, ал оның тістері аппақ әрі мөлдір болып, інжудей тізіліп тұратын. 51. Ол Урва бин Жағд (радиаллаһу та’ала анһу) үшін: «Йа, Раббым! Оның саудасына береке бер!» – деді. Урва былай деп баяндайды: «Осыдан кейін мен жасаған саудалардың барлығы табысты болды. Мен бір рет те зиян көрмедім». 52. Бір күні оның қызы Фатима (радиаллаһу та’ала анһа) оның қасына келді. Аштықтан оның жүзі сарғайып кеткен еді. Ол қолын оның кеудесіне қойып: «Йа, аштарды тойдырушы Раббым! Мұхаммедтің қызы Фатиманы аш қалдырма!» – деді. Фатиманың жүзіне сол сәтте қан жүгіріп, ол жанданып сала берді. Өле-өлгенше ол енді ешқашан аштық сезбеді.

53. Ол Ашара-и мубашшарадан Абдуррахман бин Ауф үшін береке тілеп дұға етті. Оның малы ел аузында аңызға айналарлықтай көбейді.

54. Ол: «Әрбір пайғамбардың дұғасы қабыл болады. Әрбір пайғамбар дүниеде өз үмметі үшін дұға етті. Ал мен қиямет күні маған үмметіме шапағат етуге рұқсат берілуі үшін дұға етемін. Иншаллаһ, дұғам қабыл болады. Мен мүшрік болмағандардың барлығына шапағат етемін», – деді.

55. Ол Мекке маңындағы кейбір ауылдарға барып, олардың иман келтіруі үшін көп тырысты. Олар қабыл алмады. Сонда ол олардың Жүсіп пайғамбар (алейһиссалату уәссалам) заманында Мысырда болған ашаршылық сияқты қиындық көруі үшін дұға етті. Сол жылы ол жерлерде қатты ашаршылық болып, адамдар тіпті өлексе жеді. 56. Оның көкесі Әбу Ләһәбтің ұлы Утәйбә Расулуллаһтың (алейһиссалату уәссалам) күйеу баласы бола тұра, Расулуллаһқа иман келтірмеді және ол Сардарды (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қатты ренжітті. Ол Пайғамбардың мүбәрәк қызы Үммү Гүлсім ханымды талақ етіп, жиіркенішті сөздер айтты. Пайғамбарымыз бұған қатты қайғырып: «Йа, Раббым! Оған Өз иттеріңнің бірін жібер!» – деді. Утәйбә саудамен Шамға бара жатқанда, бір түні жолдастарының арасында ұйықтап жатыр еді. Бір арыстан келіп, жолдастарын иіскеп шықты да, оларға тиіспеді. Кезек Утәйбәге жеткенде, арыстан оны іліп алып, жыртып тастады. 57. Бір адам сол қолымен тамақ жеп отыр еді. Пайғамбарымыз: «Оң қолыңмен же!» – деді. Әлгі адам: «Оң қолым қимылдамайды», – деп өтірік айтты. Пайғамбарымыз: «Олай болса, оң қолың бұдан былай қимылдамасын!» – деді.6 Ол адам өле-өлгенше оң қолын аузына апара алмады.

58. Ол Иран патшасы Хұсрау Пәруизге иман келтірсін деп хат жіберді. Пасық Хұсрау хатты жыртып тастап, оны алып келген елшіні шәһид етті. Расул алейһиссалам мұны естігенде қатты қайғырып: «Йа, Раббым! Ол менің хатымды жыртқаны сияқты, Сен де оның патшалығын парша-парша ет!» – деді. Расулуллаһ тірі кезінде-ақ Хұсрауды өз ұлы Ширауайһ қанжармен шауып өлтірді. Ал Омар (радиаллаһу та’ала анһу) халифа болған кезде мұсылмандар Иран елін түгелдей бағындырды, Хұсраудың не ұрпағы, не патшалығы қалмады.

59. Расул алейһиссалам базарда әмри мағруф және нәһи мүнкар жасап (жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып), насихат беріп тұрғанда, Мәруанның әкесі Хакем бин Ас атты бір пасық адам Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) артынан жүріп, көздерін ашып-жұмып, бетін тыжырайтып, оны мазақ ететін. Расул алейһиссалам артына бұрылып, оның бұл жиіркенішті қылығын көргенде: «Өзіңді қалай көрсеттің, солай қал!» – деді. Өле-өлгенше ол адамның беті-жүзі тартылып тұрды. 60. Аллаһу та’ала Өз хабибін бәледен қорғайтын. Әбу Жәһл Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ең үлкен дұшпаны еді. Ол Пайғамбардың мүбәрәк басына ұру үшін бір үлкен тасты көтергенде, Расулуллаһтың екі иығында бір-бір жыланды көрді. Тас оның қолынан түсіп, ол қашып кетті.

61. Пайғамбарымыз Қағба-и Муаззаманың қасында намаз оқып тұрғанда, пасық Әбу Жәһл тағы да: «Дәл уақыты», – деп, пышақпен оған ұмтылмақ болды, бірақ кенет кері бұрылып, қашып кетті. Достары кейін одан: «Неге қорықтың?» – деп сұрағанда, ол: «Мұхаммед (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) екеуміздің арамызда отқа толы бір ор көрдім. Онда көп адамдар мені күтіп тұрды. Бір адым аттасам, олар мені ұстап алып, отқа лақтыратын еді», – деді. Мұсылмандар мұны естіп, Расулуллаһтан (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) сұрағанда, ол: «Аллаһу та’аланың періштелері оны ұстап алып, парша-парша ететін еді», – деді.

62. Хижреттің төртінші жылында, Бәни Нәдир тайпасының қасында, Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) яһудилердің бекініс қабырғаларының түбінде сахабаларымен сөйлесіп тұрғанда, бір яһуди жоғарыдан оған үлкен диірмен тасын тастамақ болды. Ол тасқа қолдарын созғанда, екі қолы да семіп қалды. 63. Хижреттің тоғызыншы жылында алыс жерлерден адамдар топ-топ болып келіп, иман келтіріп жатты. Амир мен Арбад атты екі кәпір келгендердің арасына қосылды. Амир Расулуллаһқа (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) иман келтіруге келгендерін айтып тұрғанда, Арбад оның артына шығып, қылышын қынабынан суырмақ болды. Бірақ қолы бағынбады. Амир қарсы жақтан: «Неге тұрсың?» – дегендей ишара жасағанда, Расул алейһиссалам: «Аллаһу та’ала мені екеуіңнің де зиянынан қорғады», – деді. Олар ол жерден кеткенде, Амир Арбадтан: «Неге сөзіңде тұрмадың?» – деп сұрады. Анау: «Не істейін? Қанша рет қылышты суырмақ болдым, әр жолы сені екеуміздің арамыздан көрдім», – деді. Бірнеше күннен кейін, ауа райы ашық тұрғанда, кенет бұлттар торлады. Арбадқа найзағай түсіп, ол түйесімен бірге өлді.

64. Бір күні Расул алейһиссалам дәрет алып, мәсілерінің бірін киді, ал екіншісіне қолын созғанда, бір құс мәсіні іліп алып, ауада сілкіді. Одан бір жылан түсті. Содан кейін құс мәсіні жерге тастады. Сол күннен бастап аяқ киімді киер алдында оны алдымен сілку сүннет болды. 65. Расул алейһиссалам ғазаларда және шөлдерде өзін қорғау үшін сахабаларынан күзетшілер белгілеген еді. Маида сүресінің мағынасы бойынша: «Аллаһ сені адамдардың зиянынан қорғайды» деген алпыс жетінші аяты түскенде, ол күзетшілерден бас тартты. Ол дұшпандардың арасында жалғыз жүретін, жалғыз ұйықтайтын, ешқашан қорықпайтын.

«Йа, абыройлы Пайғамбар! Аллаһ сені адамдардың зиянынан қорғайды» Маида: 67

66. Хазреті Әнәс былай деп баяндайды: Расулуллаһтың мүбәрәк жүзін сүртетін бір орамалы бар еді. Ол сонымен бетін сүртетін, ал орамал кірлегенде, оны отқа салатын. Кір жанып кетіп, орамал жанбай, тап-таза болып шығатын. 67. Бір құдықтан шелекпен су алды, ол шелектен ішті, ал қалғанын құдыққа қайта төкті. Содан кейін құдықтан әрдайым жұпар иісі шығатын. 68. Утбә бин Фарқадтың (радиаллаһу анһу) денесіне есекжем (уртикария) деп аталатын ауру шықты. Расул алейһиссалам оны шешіндіріп, өзінің мүбәрәк қолдарына түкіріп, қолдарымен оның денесін сипады. Науқас шипа тапты. Оның денесінен жұпардай хош иіс аңқып тұратын, бұл жағдай ұзақ уақыт жалғасты. 69. Расул алейһиссалам намаз оқып тұрғанда, шайтан келіп оның намазын бұзбақ болды. Пайғамбарымыз оны мүбәрәк қолдарымен ұстап алды. Ол одан енді келмеуге және намазды бұздырмауға сөз алғаннан кейін ғана оны босатты.

70. Мәдинадағы мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ бин Убәй бин Сәлул өлер алдында Расулуллаһты шақырды. Ол: «Үстіңіздегі көйлекті маған кебін етіңіз», – деп жалынды. Пайғамбарымыздың өзінен сұрағанның бәрін беру әдеті болғандықтан, ол оған көйлегін сыйлады. Тіпті оның жаназа намазын да оқыды. Мәдинадағы мың мұнафық Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) бұл жақсылығына таңғалып, барлығы иман келтірді. 71. Құрайыш кәпірлерінен Уәлид бин Муғира, Ас бин Уаил, Харис бин Қайс, Әсуад бин Яғус және Әсуад бин Мутталиб Расулуллаһқа (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) жапа шектіріп, азап беруде басқалардан асып түсті. Жәбрейіл алейһиссалам келіп, Хижр сүресінің мағынасы бойынша: «Сені мазақ еткендерге Біз жазаларын береміз…» деген тоқсан бесінші аятын әкелді де, Уәлидтің аяғына, екіншісінің өкшесіне, үшіншісінің мұрнына, төртіншісінің басына, бесіншісінің көздеріне ишара етті. Уәлидтің аяғына бір жебе қадалды. Ол өте тәкаппар болғандықтан, еңкейіп жебені суырып тастау оған намыс болып көрінді. Жебенің темір ұшы өкше тамырына кіріп, ол шонданай жүйкесінің қабынуына (ишиасқа) шалдықты. Астың өкшесіне тікен қадалып, өкшесі мес сияқты ісіп кетті. Харистің мұрнынан үздіксіз қан ақты. Әсуад бір ағаштың түбінде көңілді отырғанда, басын ағашқа соқты, ал екінші Әсуад соқыр болды, олардың барлығы құрып кетті.

72. Мәдинада Бәни Нәжжар тайпасынан өте сұлу бір әйел бар еді. Бір жын оған ғашық болып, үнемі оның қасына келіп жүретін. Расул алейһиссалам Мәдинаға келгеннен кейін, бір күні бұл жын әйелдің үйінің алдындағы қабырғаның үстінде отырғанда, әйел оны танып: «Неге менің қасыма келмейтін болдың?» – деді. Жын: «Аллаһу та’аланың Пайғамбары (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) зинаны және барлық харамдарды тыйды», – деді.

73. Бир-и Мағуна деп аталатын соғыста кәпірлер берген сөздерін бұзып, жетпіс сахабаның бір-екеуінен басқасының бәрін шәһид етті. Олардың арасында Әбу Бәкір (радиаллаһу анһу) құлдықтан азат еткен және алғаш иман келтіргендердің бірі болған Амир бин Фухәйра (радиаллаһу та’ала анһу) да бар еді. Амир бин Фухәйраны найзамен шаншығанда, періштелер оны кәпірлердің көз алдында көкке көтерді. Мұны Расулуллаһқа (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) хабарлағанда, ол: «Оны жәннат періштелері жерледі, ал оның рухы жәннатқа көтерілді», – деді.

74. Са’д бин Муаз (радиаллаһу та’ала анһу) Хандек соғысында жараланып, біраз уақыттан кейін қайтыс болды. Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) оның жаназа намазында жетпіс мың періште болғанын хабарлады. Оның қабірін қазғанда, айналаға жұпар иісі тарады. 75. Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) әйелдерінен Үммү Сәләмә (радиаллаһу та’ала анһа) азат еткен Сафина атты сахаба Расулуллаһтың қызметінен ешқашан айырылмайтын. Византиялықтарға қарсы болған ғазада ол әскерден бөлініп қалып, кәпірлерге тұтқынға түсті. Ол қашып келе жатқанда, алдынан қорқынышты бір арыстан шықты. Сафина: «Мен – Расулуллаһтың қызметшісімін», – деп, басынан өткендерді арыстанға айтып берді. Арыстан оған басын, бетін үйкеп, оның қасында жүрді. Дұшпаннан бір зиян келмесін деп, одан айырылмады. Ислам әскері көрінгенде, бұрылып кетіп қалды. 76. Жахжах Ғифари деген біреу халифа Османға (радиаллаһу та’ала анһу) қарсы бас көтерді. Ол Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) әрдайым қолында ұстап жүретін таяғын тізесіне қойып сындырды. Бір жылдан кейін оның тізесінде шир-пәнжә (күйдіргі) деген ауру шығып, ол оның өліміне себеп болды.

77. Муауия (радиаллаһу та’ала анһу) Шамнан қажылыққа келгенде, Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) Мәдинадағы мүбәрәк мінберін береке үшін Шамға алып кеткісі келді. Мінберді орнынан қозғағанда, күн тұтылды. Айнала қараңғыланып, жұлдыздар көрінді. Муауия бұл ниетінен бас тартты. 78. Ухуд соғысында Әбу Қатадәнің бір көзі шығып, бетінің үстіне түсті. Оны Расулуллаһқа алып келді. Ол мүбәрәк қолымен көзді орнына қойып: «Йа, Раббым! Оның көзін көркем ет!» – деді. Бұл көз екіншісінен де әдемі болып, одан да жақсы көретін болды. Бір күні Әбу Қатадәнің немерелерінің бірі халифа Омар бин Абдулазиздің қасына келді. Халифа: «Сен кімсің?» – деп сұрады. Ол бір бәйт оқып, Расулуллаһ мүбәрәк қолымен көзін орнына қойған кісінің немересі екенін білдірді. Халифа бұл бәйттерді естігенде, оған зор құрмет көрсетіп, оны мол сыйлады. 79. Ияс бин Сәләмә былай деп баяндайды: Хайбар жорығында Расулуллаһ мені Әлиді (радиаллаһу анһума) шақыруға жіберді. Әлидің көздері ауырып жүрген еді. Мен оны қолынан жетектеп, әрең алып келдім. Расулуллаһ мүбәрәк саусақтарына түкіріп, Әлидің көздеріне жақты. Оған туды тапсырып, Хайбар қақпасында соғысуға жіберді. Әли (радиаллаһу анһу) көптен бері ашылмай келген қақпаны орнынан жұлып алды, құрметті сахабалар бекініске кірді. 80. Бір күні Пайғамбарымыз қызы хазреті Фатиманың үйіне соғып, олардың хал-жағдайын сұрады. Хазреті Фатима: «Әкетай! Үш күннен бері балаларыммен бірге ештеңе ішіп-жегеніміз жоқ. Аштыққа сабыр етіп отырмыз. Менің жағдайым маңызды емес. Бірақ Хасан мен Хусейннің жағдайы мені қатты уайымдатады», – деп жауап берді. Сонда әлем сардары Пайғамбарымыз: «Ей, Фатима! Жаным қызым! Сен үш күннен бері ашсың. Ал мен төрт күннен бері ашпын», – деді. Ол мүбәрәк немерелері хазреті Хасан мен хазреті Хусейннің аш болғанына қатты қайғырды… 81. Хазреті Әли еңбек етіп, табыс тауып, мүбәрәк балаларына бір нәрсе алып, оларды тойдыру үшін жолға шықты. Мәдинадан шыққанда, ол бір құдықтың басында түйелерін суаруға әрекеттеніп жүрген бір ауыл адамын көрді. Хазреті Әли оның қасына барып: «Ей, араб! Түйелеріңді ақыға суару үшін саған бір адам керек емес пе?» – деді. Ауыл адамы: «Иә. Мен де дәл сондай адамды іздеп жүр едім. Қаласаң, кел, түйелерімді суар! Тартып шығарған әрбір шелегің үшін үш құрма беремін», – деді. Хазреті Әли келісіп, су тарта бастады. Ол тоғыз шелек шығарған еді, кенет шелектің жібі үзіліп, шелек құдықтың ішінде қалды. Мұны көрген ауыл адамы ашуланып орнынан ұшып тұрды да, өзіне сор болып, хазреті Әлидің бетінен қолымен ұрды. Содан кейін сегіз шелек су үшін жиырма төрт құрма берді. Бұған қатты қайғырған хазреті Әли қолдарын құдыққа созды. Ол ішіндегі шелекті алып, құдықтың басына қойды да, кетіп қалды. Ауыл адамы таңғалғаннан сілейіп қатып қалды! Оның қолы осыншама терең құдықтың түбіне қалай жетті?! Әлде бұл адам келетіні алдын ала хабарланған діннің адамы ма екен? Осы ойлардың ішінде таңырқап қалған ауыл адамы: «Оның Пайғамбары – хақ пайғамбар. Мен иман келтірдім!» – деді. Ол жаңа ғана көрсеткен дөрекілігіне, жасаған үлкен қылмысына өкінді. «Мұндай адамға көтерілген қол кесілуі, сүйегі сындырылуы керек», – деп, бір қолына қылышын алды да, оны екінші қолының білегіне қатты сілтеді… Қалағаны болды. Ол өте қатты ауырсыну сезінді, бірақ енді оның жүрегі тыныш еді. Кесілген қолын екінші қолына алып, тура Мәсжид-и Нәбәуиге келді. Құрметті сахабалардан олардың Пайғамбары қайда екенін сұрады. Оған Пайғамбардың қызының үйіне кеткенін айтты. Хазреті Фатиманың үйін сұрастырып біліп, ол сол жаққа кетті. Сол кезде Пайғамбарымыз немерелері хазреті Хасан мен хазреті Хусейнді мүбәрәк тізесіне отырғызып, әкелінген құрмаларды жегізіп отыр еді. Ауыл адамы жасаған қатесінің үлкендігін ойлаған сайын есінен адасардай күйге жетіп, көздерінен бұлақтай жас ағып жатты. Осы күйде ол хазреті Фатиманың үйіне келіп, есікті қақты. Іштен күндей нұр шашып, Әлемдердің мырзасы шықты. Ауыл адамы Пайғамбарымызды көрер-көрмес: «Иман келтірдім, сен – Расулуллаһсың! Істегеніме өкіндім, мені кешір, йа, Расулаллаһ!» – деп жалынды. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Қолыңды неге кестің?» – деп сұрағанда, ол: «Саған иман келтірген адамның мүбәрәк жүзіне ұрған бұл қолды алып жүруге ұялғандықтан!.. Жаным саған құрбан болсын, йа, Расулаллаһ!» – деді. Рақым дариясы сүйікті Пайғамбарымыз ауыл адамының қолынан кесілген қолды алды да, «Бисмиллаһир-рахманир-рахим», – деп, оны қаны сорғалаған білегіне жалғады. Аллаһу та’аланың рұқсатымен және Пайғамбарымыздың мұғжизасымен қол бұрынғы қалпына келді. Аллаһу та’ала әрбір нәрсеге қадір, Оның әрбір нәрсеге күші жетеді.

«Йа, Раббым! Бұл – менің көкем, әкемнің бауыры. Ал мыналар – менің Әһли бәйтім. Мен оларды мына жамылғыммен жапқаным сияқты, Сен де оларды жауып, тозақ отынан қорға!» Хадис шәриф