ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ИСТИҒФАРЫ1
Пайғамбарымыз жаратылғандардың ең абзалы болғаны сияқты, Аллаһу та’аланы шынайы танып, Одан ең көп қорқатын да еді. Хақ та’ала оны күнә жасаудан сақтаса да, ол тынбай ғибадат ететін, Аллаһу та’алаға дұға және истиғфар ететін. Түннің басында (құптан намазынан кейін) ұйықтап, соңында ғибадат ететін. Ибн Аббас былай деп баяндайды: «Бір түні мүминдердің анасы хазреті Мәймунәнің үйінде қонақ болдым. Расулуллаһ түн ортасына дейін, не одан сәл бұрын, не сәл кейінге дейін ұйықтады. Сосын оянып отырды, қолымен бетінен ұйқының ізін сипап кетірді. Тұрып, ілулі тұрған су құмғанын алып, дәрет алды. Али Имран сүресінің соңынан он аят оқыды да, намазға тұрды. Мен де тұрып, Расулуллаһ алғандай дәрет алдым да, намазда сол Сардардың қасына тұрдым. Расулуллаһ екі рәкат намаз оқыды. Сосын тағы екі рәкат оқыды. Одан кейін тағы да екі рәкат оқыды. Сосын үтір намазына тұрды. Осыдан кейін таң намазының азаны оқылғанға дейін жатты. Сосын тұрып, тағы екі рәкат намаз оқыды да, мешітке шығып, таң намазының парызын оқыды».2 Хазреті Айша анамыз былай деп баяндайды: «Расулуллаһ бір түні ұйықтап жатқан еді. Оянғанда: „Ей, Айша, рұқсат етсең, бұл түні Раббыма ғибадатпен айналысайын“, – деді. Сосын тұрды. Құран кәрім оқып, жылады. Тіпті көз жасынан екі тізесі де су болды. Ол оқуын жалғастырды, оқыған сайын мүбәрәк көз жасы денесінің тиген әр жерін суландырды. Бұл жағдай таңға дейін жалғасты.
Таңертең Біләл Хабаши келіп, бұл жағдайды көргенде: „Ата-анам сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’ала сіздің өткен және келер қателеріңізді кешірмеді ме?“ – деді. Расулуллаһ: „Ей, Біләл! Мен қалайша шүкір етуші құл болмайын? Аллаһу та’ала бұл түні3 мағынасы бойынша: «Көктер мен жердің жаратылуында, түн мен күндіздің бірінен соң бірі ауысып келуінде ақыл иелері үшін, әрине, көп белгілер бар», – деген Али Имран сүресінің жүз тоқсаныншы аятын түсірді“, – деді». «Мүслим» жинағында келтірілген хадис шәрифте де ол: «Жүрегіме сондай нәрселер келеді, солар себепті әр күні және әр түні Аллаһу та’алаға жетпіс рет истиғфар етемін» және «Жүрегімде (илаһи нұрлардың келуіне кедергі болатын) перде пайда болады. Сондықтан әр күні жетпіс рет истиғфар етемін», сондай-ақ «Аллаһу та’алаға күн сайын жүз рет истиғфар етемін», – деді.4
Пайғамбарымыздың Аллаһу та’аладан қорқуы соншалық зор еді, тіпті оның қарқылдап күлгенін де ешкім көрмеді. Имам Тирмизи Әбу Зәрден мәрфуғ5 түрде риуаят еткен хадис шәрифте былай делінеді: «Күмәнсіз, сендер көрмегенді мен көремін, сендер естімегенді мен естимін. Көкте періштелер сәжде етпеген төрт елі де бос орын жоқ. Аллаһпен ант етемін, менің білгенімді білсеңдер, аз күліп, көп жылар едіңдер. Жолдарға шығып, дауыстарың жеткенше айқайлап, Аллаһу та’алаға жалбарынар едіңдер».6
Әбу Хурайра риуаят еткен хадис шәрифте Расулуллаһ былай деді: «Ешкімді оның амалы жәннатқа апармайды». «Сізді де апармай ма, йа, Расулаллаһ?» – деп сұралғанда, ол: «Иә, мені де амалым жәннатқа апармайды. Бірақ Аллаһу та’аланың кеңшілігі мен рақымы мені бүркейді», – деді.
Ибн Омар былай деп баяндайды: «Расулуллаһпен бір жиында болғанда, біз оның жүз рет: „Йа, Раббым! Мені кешір және тәубемді қабыл ет. Сен – тәубелерді қабыл етуші әрі Рахимсің“, – дегенін санайтынбыз».7
Әнәс бин Малик былай деп жеткізді: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үнемі: „Аллаһумма йа муқаллибәл-қулуб, саббит қалби ала диник“, – дейтін».8 Тирмизи Әбу Саид Худриден риуаят еткен хадис шәрифте Пайғамбарымыз былай деді: «Төсегіне жатқанда үш рет: „Әстағфируллаһәл-азим, әлләзи лә илаһә илла һуәл-хаййул-қаййум, уә әтубу иләйһ“, – деген адамның күнәлары теңіз көбігіндей, не Тәмим елінің құмындай, не ағаш жапырақтарының санындай, не дүние күндеріндей көп болса да, Аллаһу та’ала оның күнәларын кешіреді».
Бұхари мен Мүслим жеткізгендей, Расулуллаһ былай истиғфар ететін: «Аллаһуммағфир ли хати’ати уә жәһли уә исрафи фи әмри уә ма әнтә а’ләму биһи минни». (Аллаһым! Сен білетін және менің (біліп немесе) білмей шектен шығып жасаған қателерімді кешір!)
Әбу Мұса Әшғариден (радиаллаһу анһу) риуаят етілгендей, Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай да истиғфар ететін:
«Аллаһуммағфир ли һәзли уә жиддий уә хата’и уә амди уә куллу заликә инди. Аллаһуммағфир ли ма қаддамту уә ма аххарту уә ма әсрарту уә ма а’лянту уә ма әнтә а’ләму биһи минни, әнтәл-муқаддиму уә әнтәл-му’аххиру уә әнтә ала кулли шәй’ин қадир».9 (Аллаһым! Әзілмен де, шынымен де, ұмытып та, біле тұра да жасауым мүмкін барлық кемшіліктерімді кешір. Аллаһым! Бұрын және кейін жасағандарымды, жасырын және ашық жасағандарымды – Сен білетін әр түрлі кемшіліктерімді кешір. Алға оздырушы да – Сен, кейін қалдырушы да – Сен. Сен – әр нәрсеге құдіреті жетушісің.)
Расулуллаһ күндіз ораза ұстайтын,
түндерін намазда тік тұратын.
Егер сен сол Таңдаулының үмметі болсаң,
сүннетке, мәкруһқа әрдайым көңіл бөл.
«Жүрегімде (илаһи нұрлардың келуіне кедергі болатын) перде пайда болады. Сондықтан әр күні жетпіс рет истиғфар етемін» Хадис шәриф
