ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ФАЗИЛЕТТЕРІ
Мұхаммед алейһиссаламның фазилеттерін баяндайтын жүздеген кітап бар. Фазилет – «артықшылық» деген сөз. Оның артықшылықтарының кейбірі төменде келтіріледі: 1. Жаратылыстардың ішінде ең алдымен Мұхаммед алейһиссаламның нұры мен рухы жаратылды. 2. Аллаһу та’ала оның есімін Аршқа, жәннаттарға және жеті қат көкке жазды. 3. Үндістанда өсетін бір гүлдің жапырақтарында «Лә илаһә иллаллаһ Мұхаммадур-расулуллаһ» деп жазылған. 4. Басра қаласының маңындағы бір өзеннен ұсталған балықтың оң жағында «Аллаһ», сол жағында «Мұхаммед» деп жазылғаны көрілді. Бұған ұқсас оқиғалар көп. 1975 жылы Лондонда басылған A History of Fishes кітабының екі жүзінші бетінде құйрығында Құран кәрім әріптерімен «Шәнуллаһ» деп жазылған балықтың суреті бар. Берілген мәліметте құйрықтың екінші жағында «Лә илаһә иллаллаһ» деп жазылғаны хабарланған. Мұның мысалдары өте көп. 5. Мұхаммед алейһиссаламның есімін айтудан басқа міндеті жоқ періштелер бар. 6. Періштелерге хазреті Адамға сәжде етуге бұйырылуы оның маңдайында Мұхаммед алейһиссаламның нұры болғандықтан еді. 7. Аллаһу та’ала барлық пайғамбарларға Мұхаммед алейһиссаламның келетінін білдірді, сондай-ақ оларға өз үмметтеріне, егер олар оның заманына жетсе, оған иман келтіруді бұйыруды тапсырды. 8. Ол дүниеге келер кезде өте үлкен белгілер көрінді. Олар тарих және мәуліт кітаптарында жазылған. 9. Ол дүниеге келгенде кіндігі кесілген және сүндеттелген күйде көрінді. 10. Ол дүниеге келгенде шайтандар көкке шыға алмайтын, періштелерден хабар ұрлай алмайтын болды. 11. Ол дүниеге келгенде жер бетіндегі барлық пұттар, табынылатын мүсіндер бетімен құлады. 12. Оның бесігін періштелер тербететін. 13. Бесікте жатқанда көктегі аймен сөйлесетін. Ай оның мүбәрәк саусағымен нұсқаған жағына қарай ауатын. 14. Бесікте жатқанда-ақ сөйлей бастады. 15. Бала кезінде ашық жерлерде жүргенде, басының үстінде бір бұлт онымен бірге қозғалып, көлеңке түсіретін. Бұл жағдай оның пайғамбарлығы басталғанға дейін жалғасты. 16. Әр пайғамбардың оң қолының үстінде пайғамбарлық мөрі бар еді. Ал Мұхаммед алейһиссаламның мөрі мүбәрәк арқасының ортасында, сол жауырынына жақын, жүрегінің тұсында еді. Жәбрейіл алейһиссалам оның жүрегін жуып, кеудесін жапқанда, жәннаттан әкелген мөрмен оның арқасына мөр басқан еді.
17. Алдындағыны қалай көрсе, артындағыны да солай көретін.
18. Жарықта қалай көрсе, қараңғыда да солай көретін. 19. Оның түкірігі ащы суларды тұщы етті, науқастарға шипа берді, сәбилерге сүттей азық болды. 20. Көздері ұйықтағанда, жүрегі ояу болатын. (Барлық пайғамбарлар да солай еді.) 21. Өмірінде бір рет те есінеген жоқ. 22. Оның мүбәрәк тері гүлдей хош иісті еді. Бір кедей адам қызын ұзатарда одан көмек сұраған еді. Ол кезде оның беретін ештеңесі жоқ еді. Ол кішкентай бір шишаға өз терінен құйып берді. Ол қыз оны бетіне, басына жаққанда, оның үйі жұпар иісіне бөленетін. Оның үйі «хош иісті үй» деген атпен мәшһүр болды. 23. Орта бойлы болса да, ұзын бойлы адамдардың қасында олардан ұзынырақ көрінетін. 24. Күн мен ай жарығында жүргенде оның көлеңкесі жерге түспейтін. 25. Оның денесі мен киіміне шыбын, маса және басқа жәндіктер қонбайтын. 26. Іш киімдері қанша кисе де, ешқашан кірлемейтін. 27. Ол жүрген сайын артынан періштелер еріп жүретін. Сондықтан ол сахабаларын алдына жіберіп: «Артымды періштелерге қалдырыңдар», – дейтін.1 28. Тастың үстіне басса, тасқа оның табанының ізі түсетін. Ал құмның үстімен жүргенде мүлде із қалдырмайтын. Дәрет сындырғанда жер жарылып, нәжісі топырақтың ішінде қалатын. (Барлық пайғамбарлар да солай еді.) 29. Адамдар мен періштелердің ішінде ең көп ілім оған берілді. Ол үмми болса да, яғни ешкімнен ештеңе үйренбесе де, Аллаһу та’ала оған әр нәрсені білдірді. Адам алейһиссаламға әр нәрсенің аты білдірілгені сияқты, оған да әр нәрсенің аты мен ілімі білдірілді. 30. Оған үмметінің есімдері, кейіптері және олардың арасында болатын барлық нәрсе білдірілді. 31. Оның ақылы барлық адамдардың ақылынан көп. 32. Адамдарда болуы мүмкін барлық көркем мінездердің бәрі оған берілді. Ұлы ақын Омар ибн Фаридтен: «Расулуллаһты неге мадақтамадың?» – деп сұралғанда, ол: «Оны мадақтауға күшім жетпейтінін түсіндім. Оны мадақтайтын сөз таппадым», – деді.
«Үмметімнен біреуінің тозақта қалуына да разы болмаймын» Хадис шәриф
33. Шаһадат кәлимасында, азанда, қаматта, намаздағы тәшәһһудта, көптеген дұғаларда, кейбір ғибадаттар мен хұтбаларда, насихат айтқанда, қиын кездерде, қабірде, махшарда, жәннатта және әр жаратылыстың тілінде Аллаһу та’ала оның есімін Өз есімінің қасына қойды. 34. Оның артықшылықтарының ең абзалы – оның Хабибуллаһ болуы. Аллаһу та’ала оны Өзіне сүйікті, дос етті. Оны әркімнен, әр періштеден де артық сүйді. Ол: «Ибраһимді Халил етсем, сені Өзіме Хабиб еттім», – деді.
35. «Сен разы болғанға дейін („Жетеді!“ дегенге дейін) Мен саған әр қалағаныңды беремін»2 деген мағынадағы аят кәрима Аллаһу та’аланың Өз Пайғамбарына барлық ілімдерді, барлық артықшылықтарды, ислам үкімдерін, дұшпандарына қарсы көмек пен жеңісті, үмметіне жаулап алулар мен жеңістерді, ал қиямет күні түрлі шапағаттар мен тәжәллилерді беретінін уәде етеді. Бұл аят кәрима түскенде, ол Жәбрейіл алейһиссаламға қарап: «Үмметімнен біреуінің тозақта қалуына да разы болмаймын», – деді. 36. Аллаһу та’ала Құран кәрімде әр пайғамбарға өз есімімен, ал Мұхаммед алейһиссаламға «Йа, Расулым! Йа, Пайғамбарым!» деп тіл қатты. 37. Ол араб тілінің әр диалектісінде өте анық, оңай түсінікті етіп сөйлейтін. Түрлі жерлерден келіп сұрағандарға олардың өз диалектісінде жауап беретін. Естігендер таңғалатын. Ол: «Аллаһу та’ала мені өте көркем тәрбиеледі», – дейтін.3
38. Аз сөзбен көп нәрсені түсіндіретін. Оның жүз мыңнан астам хадис шәрифі оның «Жәуамиғул-кәлим» екенін көрсетеді.
Кейбір ғалымдар былай деді: «Мұхаммед алейһиссалам ислам дінінің төрт негізін төрт хадиспен білдірді:
- „Амалдар ниетке қарай бағаланады“.4
- „Халал айқын, харам айқын“.5
- „Дауагер куә көрсетуі, ал жауапкер ант етуі керек“.6 және
- „Адам өзіне қалағанын дін бауырына да қаламайынша, оның иманы кәміл болмайды“.7 Бұл төрт хадистің біріншісі – ғибадаттың, екіншісі – адамдар арасындағы қарым-қатынастардың (мұғамалат), үшіншісі – хусумат, яғни әділдік істері мен басқарудың, төртіншісі – әдеп пен ахлақ ілімдерінің негізі».8
39. Мұхаммед алейһиссалам масун (қорғалған) және мағсум (күнәсіз) еді. Біліп те, білмей де, үлкенін де, кішісін де – қырық жасқа дейін де, одан кейін де – бірде-бір күнә жасамады. Оның бірде-бір жағымсыз ісі көрінбеді. 40. Мұсылмандарға намазда отырғанда «Әссаламу алейкә әййуһән-нәбиййу уә рахматуллаһи» деп оқып, Мұхаммед алейһиссаламға сәлем беру бұйырылды. Намазда басқа бір пайғамбарға немесе періштелерге сәлем беруге болмайды. 41. Хадис құдсиде: «Сен болмағанда, Мен ештеңені жаратпас едім!» – делінді.9
42. Басқа пайғамбарлар кәпірлердің жалаларына өздері жауап берді. Ал Мұхаммед алейһиссаламға жабылған жалаларға Аллаһу та’ала Өзі жауап беріп, оны қорғады. 43. Мұхаммед алейһиссаламның үмметінің саны басқа пайғамбарлардың үмметтерінің бәрін қосқаннан да көп. Олар бұлардан абзалырақ әрі мәртебелірек. Жәннатқа кіретіндердің үштен екісі осы үмметтен болатыны хадис шәрифтерде білдірілді. 44. Расулуллаһқа берілетін сауаптар басқа пайғамбарларға берілетін сауаптардан әлденеше есе артық.
Қабыл болған бір ғибадат немесе қайырлы іс жасаған адамға берілген сауап мөлшерінде оның ұстазына да беріледі. Ұстазының ұстазына – төрт есе, оның ұстазына – сегіз есе, оның да ұстазына он алты есе артық, осылайша Расулуллаһқа дейін әр ұстазға шәкіртінікінен екі есе артық сауап беріледі. Мысалы, жиырмасыншы ұстазына 524 288 сауап беріледі. Мұхаммед алейһиссаламға үмметінің әр адамының әр ісі үшін сауап беріледі.
Мұхаммед алейһиссаламға әр іс үшін берілетін сауаптардың санын осы есеп бойынша ойласаң, олардың бәрінің мөлшерін Аллаһу та’аладан басқа ешкім білмейді. Сәләф-и салихиннің кейін келгендерден абзалырақ, жоғарырақ екені білдірілді. Сауап саны тұрғысынан бұл артықшылық айқын көрінеді. 45. Оны атымен шақыру, оның қасында дауыстап сөйлеу, алыстан оған айқайлап тіл қату, жолда оның алдына түсу харам етілді. Басқа пайғамбарлардың үмметтері өз пайғамбарларын есімдерімен шақыратын. 46. Ол Жәбрейіл алейһиссаламды періште кейпінде екі рет көрді. Басқа ешбір пайғамбар оны шынайы кейпінде көрмеді. 47. Оған Жәбрейіл алейһиссалам жиырма төрт мың рет келді. Басқа пайғамбарлардан ең көп Мұса алейһиссаламға келді – төрт жүз рет.
«Әһли бәйтіме дұшпандық еткен адам – мұнафық (екіжүзді)» Хадис шәриф
48. Исрафил алейһиссалам да Мұхаммед алейһиссаламға көп рет келді. Басқа пайғамбарларға (алейһимуссалауату уәттәслимат) тек Жәбрейіл алейһиссалам ғана келді. 49. Аллаһу та’аладан Мұхаммед алейһиссаламның хақысы үшін деп ант беріп сұрау дұрыс, ал басқа пайғамбарлар мен періштелердің атымен дұрыс емес. 50. Мұхаммед алейһиссаламнан кейін оның жұбайларына басқалардың үйленуі харам етілді, осы тұрғыдан олардың мүминдердің аналары екені білдірілді.
Басқа пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәттәслимат) жұбайлары оларға не зиян келтірді, не пайдасыз болды. Ал Мұхаммед алейһиссаламның мүбәрәк жұбайлары (радиаллаһу та’ала анһунна) дүние және ахирет істерінде оған көмекші болды, кедейлікке сабыр етті, шүкір етті және исламды таратуда көп қызмет етті. 51. Насаб пен сабаб, яғни қан мен неке жағынан болған туыстықтың қиямет күні пайдасы жоқ. Расулуллаһтың туыстары бұдан тыс. 52. Расулуллаһтың есімін алу дүниеде де, ахиретте де пайдалы. Оның есімін алып жүрген шынайы мүминдер тозаққа кірмейді. 53. Оның әр сөзі, әр ісі дұрыс. Оның әр ижтиһадын Аллаһу та’ала дұрыс деп растайды. 54. Оны сүю әркімге парыз. Ол: «Аллаһу та’аланы сүйген адам мені де сүйеді», – деді. Оны сүюдің белгісі – оның дініне, жолына, сүннетіне және ахлағына ілесу. Құран кәрімде оған: «Маған ілессеңдер, Аллаһу та’ала сендерді сүйеді», – деп айту бұйырылды.
55. Оның Әһли бәйтін сүю уәжіп. Ол: «Әһли бәйтіме дұшпандық еткен адам – мұнафық (екіжүзді)», – деді. Әһли бәйт – оның зекет алуы харам болған туыстары. Олар – оның жұбайлары және атасы Хашимнің тегінен шыққан мүминдер, яғни Әли, Уқайл, Жафар Таййар және Аббастың тегінен шыққандар.
56. Оның барлық сахабаларын сүю уәжіп. Ол: «Менен кейін сахабаларыма дұшпандық етпеңдер! Оларды сүю – мені сүю. Оларға дұшпан болу – маған дұшпан болу. Оларды ренжіткен адам мені ренжіткен болады. Ал мені ренжіткен адам Аллаһу та’аланы ренжітеді. Аллаһу та’ала Өзін ренжіткенді азаптайды», – деді.
57. Аллаһу та’ала Мұхаммед алейһиссалам үшін көкте екі және жерде екі көмекші жаратты. Олар – Жәбрейіл, Микаил, Әбу Бәкір және Омар (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин).10 58. Ер болсын, әйел болсын, ересек жаста қайтыс болған әркімнен қабірде Мұхаммед алейһиссалам туралы сұралады. «Раббың кім?» деп сұралғаны сияқты: «Пайғамбарың кім?» – деп те сұралады. 59. Мұхаммед алейһиссаламның хадис шәрифтерін оқу – ғибадат. Оқыған адамға сауап беріледі.
Хадис шәриф оқығанда дәрет алу, таза киім кию, хош иіс жағу, хадис шәриф кітабын биік жерге қою, оқушының сырттан кіргендер үшін орнынан тұрмауы және тыңдаушылардың өзара сөйлеспеуі мустахаб. Хадис шәрифтерді үнемі оқитындардың жүздері нұрлы, жарқын әрі көркем болады. Құран кәрім оқығанда да осы әдептерді сақтау керек. 60. Оның мүбәрәк рухын алу үшін Әзірейіл алейһиссалам адам кейпінде келді және ішке кіруге рұқсат сұрады. 61. Ол қабірінде біз білмейтін бір өмірмен тірі. Қабірде Құран кәрім оқиды, намаз оқиды. (Барлық пайғамбарлар да солай.) 62. Дүниенің әр түкпірінде Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) салауат айтқан мұсылмандарды естіген періштелер оның қабіріне келіп, оған хабарлайды. Оның қабірін күн сайын мыңдаған періште зиярат етеді. 63. Оның қабірінің ішіндегі топырақ әр жерден де, Қағбадан да, жәннаттардан да абзалырақ. 64. Үмметінің амалдары мен ғибадаттары оған әр таң мен кеш көрсетіледі. Ол оларды істегендерді де көреді, күнә жасағандардың кешірілуі үшін дұға етеді. 65. Оның қабірін зиярат ету әйелдерге де мустахаб. Ал басқа қабірлерді олар тек адам аз кездерде және мұсылман әйелге жарасатын киіммен ғана зиярат ете алады. 66. Тірі кезіндегі сияқты, қайтыс болғаннан кейін де дүниенің әр жерінде, әр уақытта оған тәуәссул еткендердің, яғни оның хақысы мен құрметі үшін сұрағандардың дұғасын Аллаһу та’ала қабыл етеді.
Бір ауылдық адам оның қабірінің қасына келіп: «Йа, Раббым! Сен құл азат етуді бұйырдың. Бұл – Сенің Пайғамбарың, ал мен – Сенің құлдарыңның бірімін. Пайғамбарыңның хақысы үшін мені тозақ отынан азат ет!» – деді. Сонда: «Ей, құлым! Неге тек өзіңді ғана азат етуді сұрадың? Барлық құлдарымды азат етуді неге сұрамадың? Бар, қайт! Мен сені тозақтан азат еттім», – деген дауыс естілді.
Атақты әулиелерден Хатим Әсам Расулуллаһтың қабірінің қасында тұрып: «Йа, Раббым! Мен Пайғамбарыңның қабірін зиярат еттім. Мені құр қол қайтарма!» – деді. Сонда: «Ей, құлым! Хабибімнің қабірін зиярат етуіңді қабыл еттім. Сені және сенімен бірге зиярат еткендерді кешірдім», – деген дауыс естілді.
Имам Ахмед Қасталани (рахматуллаһи алейһ) былай дейді: «Бірнеше жыл бір аурудан азап шектім. Дәрігерлер оған ем таба алмады. Меккеде бір түні Расулуллаһқа қатты жалбарындым. Сол түні түсімде бір адамды көрдім. Оның қолындағы қағазда: „Мұнда Расулуллаһтың рұқсатымен Ахмед Қасталанидің ауруына ем жазылған“, – дегенді оқыдым. Оянғанымда ауруым жазылып кеткен еді». Қасталани тағы былай дейді: «Бір бейшара қыз бала қояншық ауруына шалдыққан еді. Ол жазылсын деп Расулуллаһқа қатты жалбарындым. Түсімде бір адам қызды ауруға ұшыратқан жынды маған алып келді де: „Мұны саған Расулуллаһ жіберді“, – деді. Мен жынға ашуланып, оған айқайладым. Ол маған қызға зиян тигізбеуге ант берді, мен ояндым. Көп ұзамай қыздың қояншық ауруынан құтылғанын естідім».
67. Қиямет күні қабірден ең алдымен Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тұрады. Үстінде жәннат киімі болады. Ол Бурақпен махшар алаңына барады, қолында «Лиуа-и хамд» деп аталатын ту болады. Пайғамбарлар мен барлық адамдар осы туның астында тұрады. Мың жыл күтуден бәрі қатты қиналады. Адамдар кезекпен Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса және Иса пайғамбарларға (алейһимуссалам) барып, есеп басталуы үшін шапағат етулерін сұрайды. Олардың әрқайсысы өз сылтауын айтып, Аллаһу та’аладан ұялатынын және қорқатынын білдіріп, шапағат етуден тартынады. Ақырында олар Расулуллаһқа барып жалбарынғанда, ол сәждеге жығылып дұға етеді және оның шапағаты қабыл болады. Алдымен оның үмметінен есеп алынады, Сырат көпірінен ең алдымен солар өтеді, жәннатқа ең алдымен солар кіреді. Олар қайда барса да, әр жерді нұрландырады.
Хазреті Фатима (радиаллаһу анһа) Сырат көпірінен өткенде: «Әркім көзін жұмсын! Мұхаммед алейһиссаламның қызы келе жатыр», – делінеді.
68. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жәннаттағы мақамының аты – Уәсила. Бұл – жәннаттың ең жоғары дәрежесі. Жәннаттағы әркімге бір бұтағы созылатын Сидратул-мунтаһа ағашының тамыры сонда. Жәннаттағыларға ниғметтер осы бұтақтардан келеді.
69. Адам алейһиссаламның заманында намаз үшін оқылған азанда Мұхаммед алейһиссаламның есімі де айтылатын.
70. Тәуратта, Інжілде және Зәбүрде Мұхаммед алейһиссалам, оның төрт халифасы, сахабалары және үмметінен кейбірі көркем сипаттармен суреттеліп, мадақталып аталды. Аллаһу та’ала Өзінің Махмуд есімінен «Мұхаммед» сөзін шығарып, хабибіне есім етіп қойды. Аллаһу та’ала Өз есімдерінен Рауф және Рахим есімдерін хабибіне де берді. 71. Үш жасында, қырық жасында оған пайғамбарлық білдірілгенде және елу екі жасында Миғражға апарылғанда періштелер оның кеудесін жарды. Жәннаттан әкелген легеннің ішінде жәннат суымен оның жүрегін жуды. 72. Ол Сәур (Өгіз) шоқжұлдызының қасындағы «Сүрәйя» деп аталатын жұлдыздар шоғырындағы жеті жұлдызды көзімен көріп, олардың санын айтқан еді. Бұл жұлдыздар шоғырын Пәруин және Үркер деп те атайды. 73. Кейбіреулер оның хижама қанынан ішті. Біреуі оны ішкенде, ол: «Тозақ оты оны күйдірмейді», – деді. 74. Оның ұлы мұғжизаларының бірі – Миғражға апарылуы. Бурақ деп аталатын жәннат жануарымен ол Меккеден Құдысқа апарылды. Ол жерден көктерге және Аршқа апарылды. Оған ғажайып нәрселер көрсетілді. Ол Аллаһу та’аланы бас көзімен, бірақ қалай екені білінбейтін түрде көрді. (Алайда бұл көру материя әлемінен тыс, яғни ахирет әлемінде болды.) Бір сәтте ол қайтадан үйіне әкелінді. Миғраж мұғжизасы басқа ешбір пайғамбарға берілмеді.
75. Өмірлерінде бір рет оған салауат пен сәлем айту оның үмметіне парыз болды. Аллаһу та’ала мен періштелер де оған салауат пен сәлем жолдайды.
«Мен құл пайғамбар болғым келеді» Хадис шәриф
76. Түнде де, ояу кезде де, ұйқыда да, жалғыз кезде де, көп адамның арасында да, сапарда да, үйде де, соғыста да, күлгенде де, жылағанда да оның мүбәрәк жүрегі әрдайым Аллаһу та’аламен бірге еді. Кейбір уақыттарда тек Аллаһу та’аламен ғана болатын.
Дүниедегі міндеттерін атқара алу және мүбәрәк жүрегін адамзат әлеміне бұру үшін ол жұбайы Айшаға (радиаллаһу анһа) келіп: «Ей, Айша! Сәл менімен сөйлесші (өзіме келейін)», – дейтін, содан кейін сахабаларына насихат айтып, оларды тура жолға салуға баратын. Таң намазының сүннетін үйінде оқып, Айшамен (радиаллаһу анһа) біраз сөйлескеннен кейін, сахабаларына парызды оқыту үшін мешітке баратын. Бұл жағдай – Пайғамбарға ғана тән ерекшеліктердің (хасаистің) бірі. Егер ол Айшамен (радиаллаһу анһа) сөйлеспей сыртқа шықса, илаһи тәжәллилер мен нұрлар себепті оның жүзіне ешкім қарай алмас еді. 77. Ол мансап пен сұлтандықты қаламады, пайғамбарлық пен кедейлікті қалады. Бір күні таңертең Жәбрейіл алейһиссаламмен сөйлесіп отырғанда, ол бұл түні үйлерінде жейтін бір түйір тамақ та болмағанын айтты. Сол сәтте Исрафил алейһиссалам келіп: «Аллаһу та’ала сенің айтқаныңды естіп, мені жіберді. Қаласаң, қолың тиген әр тас алтын, күміс немесе зүмірет болсын. Қаласаң, патша болып пайғамбарлық ет», – деді. Расулуллаһ үш рет: «Мен құл пайғамбар болғым келеді», – деді.
78. Басқа пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттәслимат) белгілі бір заманда, белгілі бір елде пайғамбарлық етті. Ал Мұхаммед алейһиссалам жер бетіндегі барлық адамдарға және жындарға қиямет-қайым болғанға дейін пайғамбар етіп жіберілді. Оның періштелердің де, жануарлардың да, өсімдіктердің де, жансыз нәрселердің де, қысқасы, барлық жаратылыстардың пайғамбары екенін білдірген ғалымдар да бар.
79. Оның рақымы, пайдасы барлық болмысқа таралды. Мүминдерге оның пайдасы айқын көрінеді. Басқа пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәттәслимат) заманындағы кәпірлерге дүниеде-ақ азаптар берілетін, олар жойылатын. Ал оған иман келтірмегендерге дүниеде азап берілмеді. Бір күні ол Жәбрейіл алейһиссаламға: «Аллаһу та’ала менің әлемдерге рақым екенімді білдірді. Менің рақымымнан саған да үлес тиді ме?» – деді. Жәбрейіл: «Аллаһтың ұлылығы мен айбаты алдында соңым қалай болар екен деп әрдайым қорқыныш ішінде едім. Менің сенімді (әмин) екенімді білдірген аяттарды (Тәкуир сүресінің жиырмасыншы және жиырма бірінші аяттарын) әкелгенде, осы мадақпен қатты қорқыныштан құтылып, тыныштық таптым. Бұдан үлкен рақым бола ма?» – деді. 80. Аллаһу та’ала Мұхаммед алейһиссаламның разы болуын қалады. (Отыз бесінші фазилетте айтқанымыздай, Аллаһу та’ала оған ол разы болғанға дейін қалағанын береді. Бұл жайында Духа сүресінде білдірілді.)
81. «Мәуахиб-и ләдуния» кітабында: «Үмметімнің бәрі бірге адасушылық (залалат) үстінде бірікпеуін Раббымнан сұрадым. Ол қабыл етті» деген хадис шәрифтің мәшһүр екені айтылады.
Тағы бір хадис шәрифте ол былай деді: «Аллаһу та’ала сендерді үш нәрседен сақтады. Біріншісі – Ол сендерді адасушылық үстінде бірігуден сақтады. Екіншісі – жұқпалы аурудан өлген адам шәһидтік сауабына жетеді. Үшіншісі – екі салих мұсылман бір мұсылман туралы: „Ол – жақсы адам“, – деп куәлік берсе, ол мұсылман жәннатқа кіреді».
Бір хадис шәрифте ол: «Сахабаларымның ихтилафы – сендер үшін рақым» және «Үмметімнің ихтилафы (амалда мәзһабтарға бөлінуі) – рақым», – деді. Оның үмметі хақты, дұрысты табу үшін тырысқанда, ихтилафқа түседі. Ал бұл тырысулары рақымға себеп болады. Бұл хадис шәрифті екі адам терістеді: бірі – мажин, екіншісі – мүлхид. Мажин – дінді дүние табысына құрал ететін айлакер. Ал мүлхид – аят кәрималарға дүние мүддесіне қарай мағына беріп, кәпір болған адасқан адам. Яхья бин Саид былай дейді: ислам ғалымдары істерді жеңілдетушілер. Бір іске біреуі «халал», екіншісі «харам» деген. Салих адамдар үшін халал деген нәрсені бүлік (фасад) заманында харам деген. Жоғарыдағы хадис шәрифтер көрсеткендей, ижмағ-и үммет, яғни мүжтаһид деп аталатын ғалымдардың бірауызды пікірі, әдилла-и шарғия (шариғат дәлелдері) қатарына кіреді. Яғни ол – дін ілімдерінің төрт қайнарының бірі, және төрт мәзһаб хақ. Мәзһабтар – Аллаһу та’аланың мұсылмандарға рақымы. 82. Расулуллаһтың мүбәрәк қыздары мен жұбайлары (радиаллаһу та’ала анһунна) – дүние әйелдерінің ең абзалдары. Оның барлық сахабалары да пайғамбарлардан кейін барлық адамдардың ең абзалдары. Оның қалалары – Мекке-и Мукаррама, одан кейін Мәдина-и Мунаууара – жер бетінің ең қымбат жерлері. Оның мүбәрәк мешітінде оқылған бір рәкат намазға мың рәкат сауабы жазылады. Басқа ғибадаттар үшін де солай.
Оның қабірі мен мінберінің арасы – жәннат бақшасы. Ол былай деді:
«Қайтыс болғанымнан кейін мені зиярат еткен адам мені тірі кезімде зиярат еткендей. Харамайнның бірінде қайтыс болған мүмин қиямет күні аман күйде тірілтіледі». Мекке мен Мәдина қалаларын Харамайн деп атайды. 83. Әркімнің ұрпағы ұлы арқылы жалғасады. Ал Мұхаммед алейһиссаламның ұрпағы қызы Фатимадан жалғасады. Бұл жайында хадис шәрифте де білдірілген. 84. Әр адамның жындардан бір серігі бар. Бұл шайтан – кәпір. Ол көңілге уәсуәса салып, адамның иманын алуға, оған күнә істетуге тырысады. Расул алейһиссалам өзінің жын серігін иманға келтірді.
85. Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) қайтыс болар кезде Жәбрейіл алейһиссалам келіп, оған Аллаһу та’аладан сәлем әкелді және Аллаһу та’аланың оның халін сұрағанын айтты. Ол оның қайтыс болатынын білдірді, өзі және үмметі үшін көптеген сүйінші хабарлар берді.
Аяғыңның шаңына жиһанды да алмаймын, йа, Расулаллаһ!
Бір тал шашыңа жеті қат көкті айырбастамаймын, йа, Расулаллаһ!
Сыддықтың тілегі – сенің бір ғана жаңылысың, йа, Расулаллаһ!
Ирфанның мұраты – аяғыңдағы шаң болу, йа, Расулаллаһ!
