ПАЙҒАМБАРЫМЫЗБЕН ТӘУӘССУЛ
Пайғамбарымызбен әрдайым – ол жаратылмай тұрып та, жаратылғаннан кейін де, дүниедегі өмірінде де, қайтыс болғаннан кейін бәрзах (қабір) әлемінде де – тәуәссул1 етілген; қиямет күні тірілгеннен кейін Арасат алаңында және жәннатта да етіледі. Уәсила – Аллаһу та’ала Өз құзырында жақындыққа және қажеттердің өтелуіне себеп еткен әрбір нәрсе. Расул-и әкраммен тәуәссул, яғни Расулуллаһты Аллаһу та’аланың құзырында уәсила ету, оның жәрдемі мен шапағатын сұрау – жаиз. Бұлар – сәләф-и салихин (сахабалар, табиғиндер және табағ-и табиғин), ғалымдар және басқа мұсылмандар істеген істерден. Мұсылмандардың ешқайсысы мұны жаман санамаған. Бүгінге дейін бұзық ақида иелерінен басқа мұны қабылдамайтын ешкім кездеспеген. Адамдардың атасы Адам алейһиссалам жерге түсірілгенде, Пайғамбарымызды уәсила еткен. Мұны сүйікті Пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде былай баяндаған: «Адам (алейһиссалам) қателігі себебінен жәннаттан шығарылғанда: „Йа, Раббым! Мені Мұхаммедтің құрметіне кешір“, – деді. Аллаһу та’ала: „Ей, Адам! Сен Мұхаммедті қайдан білдің? Мен оны әлі жаратқан жоқпын ғой?“ – деді. Адам (алейһиссалам): „Йа, Раббым! Сен мені жаратып, маған рух бергенде, көзімді ашып қарасам, Арштың шетінде «Лә илаһә иллаллаһ Мұхаммадур-расулуллаһ» деп жазылғанын көрдім. Сен есімін Өз есіміңмен бірге сүйген жан – сол“, – деді. Аллаһу та’ала: „Дұрыс айттың, ей, Адам! Жаратылыстарымның ішінде Мен ең жақсы көретінім – сол. Соның құрметіне кешірім сұрағаның үшін Мен сені кешірдім“, – деді».2 Бір риуаятта Ол: «Бұл – сенің ұрпағыңнан келетін бір пайғамбар. Мен оны жаратпасам, сені де, балаларыңды да жаратпас едім. Оны шапағатшы еткенің үшін Мен сені кешірдім, жарылқадым», – деді.3
Бұған байланысты мыңдаған мысал бар. Солардың бірнешеуі төменде келтіріледі. Екі көзі де соқыр бір адам көздері ашылуы үшін Расулуллаһтан дұға сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Қаласаң, дұға етемін. Бірақ сабыр етіп шыдасаң, сен үшін жақсырақ болады», – деді. «Сабыр етуге күшім қалмады. Дұға етуіңізді жалбарынып сұраймын», – деді соқыр мұсылман. Осыдан кейін Пайғамбарымыз оған: «Олай болса, дәрет алып, мына дұғаны оқы!» – деді:
«Аллаһумма инни әс’әлукә уә әтәуәжжәһу иләйкә би-Нәбиййикә Мұхаммадин Нәбиййир-рахмә. Йа Мұхаммад! Инни әтәуәжжәһу бикә илә Рабби фи хажати һәзиһи, ли-туқдә ли. Аллаһумма шәффи’һу фиййә».
Ол адам бұл дұғаны оқығанда, Аллаһу та’ала қабыл етіп, оның көздері ашылғанын хадис ғалымдарынан имам Нәсаи білдіреді. Расулуллаһты уәсила етуге байланысты хазреті Осман бин Ханиф мынадай оқиғаны баяндайды: «Осман бин Аффан халифа болған кезде, үлкен мұқтаждығы бар бір адам халифаның алдына шығуға ұялып, маған мұңын шақты. Мен оған: „Тез дәрет ал! Мәсжид-и сәадатқа бар! Жоғарыда айтылған дұғаны жаса да, тілегіңді айт“, – дедім. Бейшара дұға еткеннен кейін халифа тұрған жерге барған екен, оны халифаның құзырына кіргізіпті. Халифа оны өзінің жайнамазына отырғызып, мұңын тыңдап, тілегін орындапты. Бейшара ісінің кенеттен бітіп кеткенін көріп, қуанып маған келді. „Аллаһу та’ала сенен разы болсын! Халифаға сен айтпағанда, мен бұл қиыншылықтан құтыла алмас едім“, – деді. Ол менің халифамен сөйлескенімді ойлаған еді».
«(Ей, Адам!) Бұл – сенің ұрпағыңнан келетін бір пайғамбар. Мен оны жаратпасам, сені де, балаларыңды да жаратпас едім. Оны шапағатшы еткенің үшін Мен сені кешірдім, жарылқадым» Хадис құдси
Хазреті Омар халифа болған кезде бір рет құрғақшылық болды. Құрметті сахабалардан Біләл бин Харис Расулуллаһтың кесенесіне барып: «Йа, Расулаллаһ! Үмметің аштықтан өлгелі тұр. Жаңбыр жаууы үшін уәсила болуыңды жалбарынып сұраймын», – деді. Расулуллаһ сол түні оның түсіне кіріп: «Халифаға бар! Менен сәлем айт! Жаңбыр дұғасына шықсын!» – деді. Хазреті Омар жаңбыр дұғасына шыққанда, жаңбыр жауа бастады. Аллаһу та’ала Өзі сүйгендердің құрметіне дұғаларды қабыл етеді. Аллаһу та’ала Мұхаммед алейһиссаламды қатты сүйетінін білдірген. Сондықтан бір адам: «Аллаһумма инни әс’әлукә би-жәһи Нәбиййикәл-Мұстафа», – деп дұға етсе, оның дұғасы қайтарылмайды. Сонымен бірге ұсақ-түйек дүние істері үшін Расулуллаһты уәсила ету әдепке сай келмейді. Бурханаддин Ибраһим Мәлики былай деді: «Қатты аш болған бір кедей Хужра-и сәадатқа барып: „Йа, Расулаллаһ! Мен ашпын“, – деді. Біраздан кейін біреу келіп, кедейді үйіне алып кетіп, тойдырды. Кедей жасаған дұғасының қабыл болғанын айтқанда, анау: „Бауырым! Сен бала-шағаңнан айырылып, алыс жолдардан қиыншылық көріп, Расулуллаһты зиярат ету үшін келдің. Бір үзім нан үшін Расулуллаһтың құзырына шығу жараса ма? Ол ұлы құзырда жәннатты және мәңгілік ниғметтерді сұрау керек еді! Мұнда сұралған нәрселерді Аллаһу та’ала қайтармайды“, – деді. Расулуллаһты зиярат ету мәртебесіне ие болғандар қиямет күні оның шапағат етуін сұрап дұға етуі тиіс». Бір күні имам Әбу Бәкір Муқри имам Табарани және Әбуш-Шәйхпен бірге Мәсжид-и сәадатта отырған еді. Бірнеше күннен бері ештеңе жемегендіктен, олар қатты ашыққан еді. Имам Әбу Бәкір енді шыдай алмай: «Мен ашпын, йа, Расулаллаһ!» – деген соң, бір бұрышқа барып отырды. Сәйидтерден бір кісі екі қызметшісімен келіп: «Бауырларым! Атам Расулуллаһтан аштықтан қиналып жәрдем сұраған екенсіңдер. Ол сендерді тойдыруымды бұйырды», – деді. Әкелгендерін бірге отырып жеді. Қалғанын ол соларға қалдырып кетті. Ислам ғалымдарынан Әбу Абдуллаһ ибн Нұғман Марракуши Тилимсани (683 / милади 1284) «Мисбахуз-зулам» атты құнды кітабында Расулуллаһты уәсила етіп, тілектеріне жеткен жүздеген мұсылманды және олардың дұғаларын егжей-тегжейлі жазады. Расулуллаһты уәсила етіп тілектеріне жеткендердің бірі – Мұхаммед бин Мүнкәдир. Ол былай баяндайды: «Бір адам әкеме сексен алтын қалдырып, жиһадқа кеткен еді. „Мыналарды сақта! Өте мұқтаж болғанға да көмектесе аласың“, – деген еді. Мәдинада құрғақшылық болды. Әкем алтындардың бәрін аштықтан қиналғандарға таратты. Алтындардың иесі келіп, оларды сұрады. Әкем: „Бір түннен кейін кел“, – деді. Ол Хужра-и сәадатқа барып, таңға дейін Расулуллаһқа жалбарынды. Түн ортасында бір адам келіп: „Қолыңды соз!“ – деді. Бір қапшық алтын берді де, ғайып болды. Әкем үйде алтындарды санап, олардың сексен екенін көргенде, қуанып, дереу иесіне берді».
Хазреті Әбу Абдуллаһ Тилимсани бұл кітабында өз басынан өткен бір оқиғаны да былай баяндайды:
«637 (милади 1239) жылы Садар бекінісінен таңдаулы бір топпен бірге шықтық. Бізбен бірге жол көрсетуші бір адам бар еді. Біраз жүрген соң, суымыз таусылды. Су іздей бастадық. Мен де осы арада қажетімді өтеуге кеттім. Сол кезде мені қатты ұйқы басты. „Бәрібір, жолға шыққанда мені оятады ғой“, – деп, басымды жерге қойдым.
Оянсам, өзімді шөлдің ортасында жалғыз-жарым қалған күйде көрдім. Жолдастарым мені ұмытып кетіп қалыпты. Жалғыздықтан мені үлкен қорқыныш басты. Шөлде оңға-солға жүре бастадым. Қайда екенімді, қайда бару керек екенін білмедім. Жан-жақ тегіс құм еді. Біраздан соң қараңғы түсті. Біз жол жүрген керуеннің ізі де жоқ еді. Мен түнгі қараңғылықта жалғыз едім. Қорқынышым тіпті күшейді. Мазасызданып, тезірек адымдай бастадым. Біраз жүрген соң қатты шөлдеп, шаршап-шалдығып, әлсіреп жерге құладым. Енді өмірімнен күдер үзіп, ажалымның жақындағанын сезе бастаған едім. Айтып жеткізгісіз азапта едім, бейнетім мен қасіретім шегіне жеткен еді. Кенет ойыма бір нәрсе келді. Түнгі қараңғылықта бар күшімді жинап, шын жүректен, ықыласпен тағы бір рет: „Йа, Расулаллаһ! Жәрдем ет! Сізден Аллаһу та’аланың рұқсатымен жәрдем етуіңізді сұраймын!“ – деп ыңырсып айттым. Сөзімді айтып болар-болмастан біреудің маған үн қатқанын естідім. Дауыс шыққан жаққа қарасам, түнгі қараңғылықта айналасына нұр шашқан, аппақ киім киген, бұрын-соңды көрмеген бір кісінің мені шақырып тұрғанын көрдім. Ол маған жақындап, қолымнан ұстады. Сол сәтте бүкіл шаршағаным мен шөлім жоқ болды. Қайта туылғандай болдым. Жүрегім оған бірден жылып сала берді. Қол ұстасып біраз жүрдік. Өмірімнің ең тәтті сәттерінің бірін бастан кешіріп жатқанымды сездім. Құм төбешіктен асқанда, бірге жол жүрген керуенімнің оттарын көріп, жолдастарымның дауыстарын естідім. Соларға қарай жақындадық. Мен мінген жануар керуеннің ең соңында келе жатыр еді. Кенет ол келіп, менің алдымда тоқтады. Өз көлігімді алдымнан көргенде, қуанып айқайлап жібердім. Мен айқайлағанда, менімен келген кісі қолын қолымнан тартып алды. Сосын қолымнан ұстап, мені көлігіме мінгізді. Сосын: „Бізден бір нәрсе сұраған және жәрдем тілеген адамды біз бос қайтармаймыз“, – деп, кері бұрылып кетті. Сол кезде оның Расулуллаһ екенін түсіндім. Ол кері бұрылып бара жатқанда, айналасына шашқан нұрларының түнгі қараңғылықта көкке қарай көтерілгені көрініп тұрды. Ол көзден ғайып болғанда, кенет есімді жидым. „Қалайша мен Расулуллаһтың қол-аяғын сүймедім!“ – деп өкіндім, бірақ іс өтіп, мүмкіндік қолдан шығып кеткен еді». Әбул-Хайр Ақта’ Мәдинада бес күн аш қалды. Хужра-и сәадаттың жанына келіп, Расулуллаһқа сәлем берді. Аш екенін айтты. Бір жаққа барып ұйықтады. Түсінде Расулуллаһтың келгенін көрді. Оның оң жағында Әбу Бәкір Сыддық, сол жағында Омар Фаруқ және алдында Әли Муртаза бар еді.
Хазреті Әли келіп: «Ей, Әбул-Хайр! Тұр, неге жатырсың? Расулуллаһ келе жатыр!» – деді. Ол дереу тұрды. Расулуллаһ келіп, оған үлкен бір нан берді. Әбул-Хайр былай дейді: «Қатты аш болғандықтан, дереу жей бастадым. Жартысын жеп болғанда, оянып кеттім. Қалған жартысын қолымнан таптым».
«Бір нәрседен зиян көрген адам мінсіз дәрет алып, екі рәкат намаз оқысын! Сосын: „Йа, Раббым! Сенен сұраймын. Әлемдерге рақым болған Пайғамбарың Мұхаммед алейһиссаламды уәсила етіп, Саған жалбарынамын. Ей, Мұхаммед! Тілегімді қабыл етуі үшін Раббыма сені уәсила етемін. Йа, Раббым! Оны маған шапағатшы ет!“ – десін» Хадис шәриф
Сондай-ақ «Мисбахуз-зулам» кітабында баяндалады: Ахмед бин Мұхаммед Суфи былай дейді: «Хижаз шөлдерінде барлық дүние-мүлкім таусылды. Мәдинаға келдім. Хужра-и сәадаттың жанында Расулуллаһқа сәлем бердім. Бір жаққа отырып ұйықтадым. Расулуллаһ көрініп: „Келдің бе, Ахмед? Алақаныңды аш!“ – деді. Алақанымды алтынға толтырды. Ояндым. Қолдарым алтынға толы еді». Имам Сәмһуди де «Мәдина тарихы» атты кітабында өз басынан өткен бір оқиғаны былай баяндайды: «Есігімнің кілтін түсіріп алып, жоғалттым. Таба алмадым. Хужра-и сәадаттың алдына келіп: „Йа, Расулаллаһ! Кілтімді жоғалттым, үйіме кіре алмай тұрмын!“ – дедім. Сол кезде бір бала келді. Қолындағы кілтті көрсетіп: „Мен мұны тауып алдым. Сіздікі емес пе екен?“ – деді».
Килистік Мұстафа Ишқи әпенді «Mevârid-i Mecîdiyye» атты тарих кітабында былай дейді: «Меккеде жиырма жыл тұрдым. Алпыс алтын жинап, хижри 1247 (милади 1831) жылы әйелім және балаларыммен бірге Мәдинаға келдім. Жолда ақша таусылды. Бір танысымның үйіне қонақ болып, Хужра-и сәадатқа келдім. Расулуллаһтан жәрдем сұрадым. Үш күннен кейін біз тұрған үйге бір бек келіп, мен үшін бір үй жалдағанын айтты. Заттарымды сонда көшіртті. Бір жылдық үй ақысын төледі. Бірнеше айдан кейін ауырып, бір ай төсек тартып жаттым. Үйде жейтін де, сататын да ештеңе қалмады. Әйелімнің көмегімен төбеге шығып, Расулуллаһтың кесенесіне қарсы қарап, қиыншылығымды айтып, жәрдем сұрағым келді. Қолдарымды көтергенде, дүние нәрсесін сұраудан ұялдым. Ештеңе айта алмадым. Бөлмеме түстім. Келесі күні бір кісі келіп, пәлен әпенді бұл алтындарды саған сыйлық етіп жіберді, деді. Қапшықты алдым. Тұрмысымыз түзелсе де, аурудан құтыла алмадым. Көмекпен Хужра-и сәадаттың алдына келіп, Расулуллаһтан шипа сұрадым. Мешіттен шығып, ешкімнен көмек сұрамастан үйіме қарай жүрдім. Үйге кіргенде ауруымнан із де қалмаған еді. Көз тимеуі үшін бірнеше күн көшеге таяққа сүйеніп шықтым. Бірақ ақша таусылған еді. Бала-шағамды қараңғыда қалдырып, Мәсжид-и Нәбәуиге келдім. Құптан намазынан кейін қиыншылығымды Расулуллаһқа айттым. Жолда мен танымайтын бір кісі қасыма келіп, қолыма бір қапшық ұстатты. Онда әрқайсысы тоғыз куруштық қырық тоғыз алтын бар еді. Шам және қажетті нәрселерді алып, үйге қайттым».
«Şakâyık-i Nu’mâniyye» кітабы аудармасының екінші томында былай делінеді: Осман мемлекетінің алғашқы шайхул-исламы және өз заманының мүжаддиді болған ұлы ислам ғалымы Мәулана Шәмсәддин Мұхаммед бин Хамза Фәнаридің көздеріне перде түсіп, ол көрмей қалды. Бір түні Расулуллаһ түсінде оған: «Таһа сүресін тәфсир ет!» – дегенде, ол: «Ұлы құзырыңызда Құран кәрімді тәфсир етуге шамам жетпейтіні сияқты, көздерім де көрмейді», – депті. Пайғамбарлардың тәуіпі болған Расулуллаһ мүбәрәк шапанынан бір кесек мақта шығарып, оны мүбәрәк түкірігімен дымқылдағаннан кейін, оның көздерінің үстіне қойыпты. Молла Фәнари оянып, мақтаны көздерінің үстінен тауып, оны алғанда, көре бастапты. Аллаһу та’алаға хамд пен шүкір етіпті. Мақта талшықтарын сақтап, өлгенде көздерінің үстіне қойылуын өсиет етіпті. 834 (милади 1431) жылы Бурсада қайтыс болғанда, оның өсиетін орындаған.
Аббаси халифаларынан Әбу Жафар Мансур Мәсжид-и Нәбәуидің ішінде имам Маликпен сөйлесіп отыр еді. Имам Малик: «Ей, Мансур! Бұл – Мәсжид-и сәадат! Ақырын дауыспен сөйле! Хақ та’ала Хужурат сүресінде мағынасы бойынша: „Дауыстарыңды Расулуллаһтың даусынан жоғары көтермеңдер!“4 – деп, бір жамағатты сөккен. „Расулуллаһтың құзырында дауыстарын бәсеңдететіндер…“5 деген аятпен Ол дауыстарын бәсең ұстағандарды мақтады. Расулуллаһқа қайтыс болғаннан кейін құрмет көрсету тірі кезінде құрмет көрсету сияқты», – деді. Мансур басын иіп: «Ей, Әбу Абдуллаһ! Құбылаға қарап тұру керек пе, әлде Қабр-и сәадатқа қарап па?» – деп сұрады. Хазреті имам Малик: «Расулуллаһтан жүзіңді бұрма! Қиямет күнінің шапағатшысы болған сол ұлы Пайғамбар (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) қиямет күні сенің және әкең Адам алейһиссаламның құтылуына уәсила болады. Сен Қабр-и сәадатқа бет бұрып, Расулуллаһтың мүбәрәк рухына жабысып, шапағат сұрауың керек. Ниса сүресінің 64-аятында мағынасы бойынша былай делінген:
«Нәпсілеріне зұлымдық еткендер (өздеріне зиян келтіргендер) саған келіп, Аллаһу та’аладан кешірім сұраса, Расулым да олар үшін кешірім сұраса, Аллаһу та’аланы тәубелерді қабыл етуші әрі рақымды деп табар еді». Бұл аят кәрима Расулуллаһты уәсила еткендердің тәубелері қабыл болатынына уәде береді», – деді. Осыдан кейін Мансур орнынан тұрып, Хужра-и сәадаттың алдына тұрды да: «Йа, Раббым! Бұл аят кәримада Сен Расулыңды уәсила еткендердің тәубесін қабыл ететініңе уәде бердің. Мен де ұлы Пайғамбарыңның ұлы құзырына келіп, Сенен кешірім сұраймын. Пайғамбарың тірі кезінде кешірім сұрап, Сен кешірген құлдарың сияқты, мені де кешір! Йа, Раббым! Нәбиййур-рахма (рақым пайғамбары) болған ұлы Пайғамбарыңды уәсила етіп, Саған жалбарынамын. Ей, пайғамбарлардың ең абзалы болған Мұхаммед алейһиссалам! Саған тәуәссул етіп, Раббыма жалбардым. Йа, Раббым! Сол ұлы Пайғамбарды маған шапағатшы ет!» – деп жалбарына бастады. Ол арқасын құбылаға, жүзін Мууажаһа-и сәадат терезесіне қаратып тұрып, дұға етті. Мінбер-и Нәбәуи оның сол жағында қалған еді. Имам Маликтің халифа Мансурға берген насихаты Хужра-и сәадаттың алдында дұға ететіндердің өте сергек болуы керек екенін көрсетеді. Ол мақамға лайықты әдеп пен құрметті көрсете алмайтын адамдардың Мәдина-и Мунаууарада ұзақ тұруы дұрыс емес, делінді. Анадолы ауыл тұрғындарының бірі Мәдина-и Мунаууарада жылдар бойы тұрып, үйленіп, Хужра-и сәадатта белгілі бір қызметке кірген еді. Бір күні ол ыстығы көтерілетін ауруға шалдығып, айран ішкісі келді. «Егер ауылымда болсам, қатықтан айран жасатып ішер едім», – деген ой көңілінен өтті. Сол түні Расулуллаһ Шайхул-Харам әпендіге түсінде көрініп, сол адамның қызметін басқа біреуге беруді бұйырды. Шайхул-Харам: «Йа, Расулаллаһ! Ол қызметті үмметіңнен пәлен кісі атқарады», – дегенде, ол: «Ол кісіге айт! Ауылына барып, айран ішсін!..» – деді. Келесі күні бұл бұйрық жеткізілгенде, ауыл тұрғыны: «Құп болады!» – деп, туған жеріне кетті.
«Нәпсілеріне зұлымдық еткендер саған келіп, Аллаһу та’аладан кешірім сұраса, Расулым да олар үшін кешірім сұраса, Аллаһу та’аланы тәубелерді қабыл етуші әрі рақымды деп табар еді» Ниса: 64
Көңілден өткен бір ой ғана осынша зиян келтіргенде, Аллаһ сақтасын, әзілдеп айтылса да, орынсыз бір сөздің немесе әдепке сай келмейтін бір әрекеттің қаншалықты үлкен зиянды болатынын осыдан түсіну керек.
Сені сүйген мүминнің жүрегіндегі иманы – сенсің,
Қайғысы мүлде болмас, дертінің дәрмені – сенсің,
Шапағатыңды күтеді, көңілінің пәрмені – сенсің,
Медет күткен, әлбетте, жетер, йа, Расулаллаһ.
Расулуллаһқа салауат шәриф айтудың маңызы мен абзалдығы
Пайғамбарымыздың есімі айтылғанда, естілгенде және жазылғанда, құрмет пен ізет белгісі ретінде оған салауат шәриф айту – ең маңызды міндеттерімізден. Құран кәрімде Ахзаб сүресінің 56-аятында мағынасы бойынша былай делінген:
«Шүбәсіз, Аллаһу та’ала және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады (оның абыройы мен мәртебесін көтеру үшін). Ей, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат пен сәлем айтыңдар және оған шын жүректен мойынсұныңдар».
Тәфсир ғалымдары бұл аят кәримада аталған «салат» сөзінің Аллаһу та’аладан – рақым, періштелерден – истиғфар, мүминдерден – дұға мағынасында екенін білдірген. Барлық ислам ғалымдары бір ауыздан білдірді: өмірде бір рет салауат айту – парыз. Оның есімін әр айтқанда, естігенде, оқығанда, жазғанда бір рет салауат айту – уәжіп, есімі қайталанғанда – мустахаб.
Аллаһу та’аладан бір нәрсе сұраған адам алдымен Аллаһу та’алаға хамд пен сәна айтқаннан кейін Расулуллаһқа салауат айтуы тиіс. Мұндай дұға қабыл болуға өте лайық. Екі салауатпен (дұғаның басында және соңында) жасалған дұға қайтарылмайды. Хазреті Әбу Талха баяндайды: «Расулуллаһтың құзырына кірдім. Онда бұрын-соңды көрмеген қуаныш пен разылық көрдім. Себебін сұрағанымда, ол: „Қалай қуанбайын? Жаңа ғана Жәбрейіл (алейһиссалам) сүйінші хабар әкелді: Аллаһу та’ала айтады: үмметіңнен біреу саған бір салауат айтса, Аллаһу та’ала соның үшін оған он салауат етеді“, – деді».6
Бұл туралы хадис шәрифтердің кейбірі мынадай:
«Қасында менің есімім аталып, маған салауат пен сәлем айтпаған адамның мұрны жерге үйкелсін. Рамазан айы кіріп, күнәларын кешіртпей Рамазан айы шығып кеткен адамның да мұрны жерге үйкелсін. Ата-анасының қартайған шағына жетіп, олардың разылығын тауып жәннатқа кіре алмаған адамның да мұрны жерге үйкелсін».
«Қасында менің есімім аталып, маған салауат пен сәлем айтпаған адам – сараңдардың ең сараңы». Хазреті Әбу Хумайд Саиди білдіреді: «Құрметті сахабалардың кейбірі Расулуллаһтан: „Йа, Расулаллаһ! Саған қалай салауат пен сәлем айтайық?“ – деп сұрады. Расулуллаһ: „Аллаһумма салли ала Мұхаммадин уә әзуажиһи уә зуррийятиһи кәмә саллайтә ала Ибраһимә уә барик ала Мұхаммадин уә әзуажиһи уә зуррийятиһи кәмә бәрактә ала Ибраһимә иннәкә хамидун мәжид, – деп айтыңдар“, – деді».7
Кейбір салауаттар мынадай:
«Алейһиссалам».
«Саллаллаһу алейһи уә сәлләм».
«Алейһиссалату уәссаламу уәт-тахиййә».
«Аллаһумма салли ала сәййидинә Мұхаммад».
«Аллаһумма салли ала Мұхаммадин уә ала әлиһи уә сахбиһи әжмаин».
«Алейһи уә ала жәми’ин минәс-салауати әтәммуһә уә минәт-тахиййати әймәнуһә».
«Аллаһумма салли ала Мұхаммадин уә ала әли Мұхаммад, кәмә саллайтә ала Ибраһимә уә ала әли Ибраһим…»
Бір кісі былай баяндады: достарымның бірі жіберген бір хатында Расулуллаһтың мүбәрәк есімі аталған әр жерде «саллаллаһу алейһи уә сәлләм тәслимән кәсиран кәсира» деп жазыпты. Онымен кездесіп, себебін сұрағанымда, ол былай деді: «Жас кезімде хадис кітаптарын көшіріп жаздым. Расулуллаһтың мүбәрәк есімін жазған сайын салауатты жазбайтынмын. Түсімде Әлемдердің мырзасын көріп, оның қасына бардым. Ол мүбәрәк жүзін менен бұрды. Екінші жағына шықтым, тағы бұрды. Алдына барып: „Йа, Расулаллаһ! Неге менен жүзіңізді бұрасыз?“ – дедім. Ол: „Өйткені сен кітабыңда менің есімімді жазғанда, маған салауат жазбадың!“ – деді. Содан бері оның мүбәрәк есімін әрдайым салауатпен бірге жазамын».
Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Кім маған бір рет салауат айтса, Аллаһу та’ала оған он рет салауат (рақым) етеді, оның он күнәсін кешіреді және дәрежесін он есе көтереді».
«Қиямет күні маған ең жақын болатын, менің шапағатыма ең лайықты адам – маған ең көп салауат пен сәлем айтатын адам». Хақ та’ала хазреті Мұсаға: «Ей, Мұса, Менің сенің тіліңе сөзіңнен, жүрегіңе ойыңнан, тәніңе рухыңнан, көзіңе нұрыңнан да жақынырақ болуымды қалайсың ба?» – деді. Ол: «Иә, йа, Раббым!» – дегенде, Аллаһу та’ала: «Олай болса, Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) көп салауат айт», – деді. Сосын: «Ей, Мұса, қиямет күні шөлдеу азабын тартпауды қалайсың ба?» – деді. Ол: «Иә, йа, Раббым!» – дегенде, Аллаһу та’ала: «Олай болса, Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) көп салауат айт», – деді.8
Пайғамбарымыз былай деді:
«Қиямет күні әр мақамда маған ең жақын болатындарың – дүниеде маған көп салауат айтқандарың. Жұма күні және жұма түні маған жүз салауат айтқан адамның Аллаһу та’ала жүз қажетін өтейді. Олардың жетпісі ахиретке, отызы дүниеге қатысты істер. Сосын Аллаһу та’ала бір періште арқылы бұл салауаттарды менің қабіріме жеткізеді. Олар сендерге келген сыйлық сияқты болады. Ол періште маған жіберушінің есімін, тегін және тайпасын білдіреді. Оны менің қасымдағы бір ақ параққа жазады. Мен қайтыс болғаннан кейін білуім тірі кезімде білуім сияқты».9
«Кім маған бір рет салауат айтса, Аллаһу та’ала оған он рет салауат (рақым) етеді, оның он күнәсін кешіреді және дәрежесін он есе көтереді» Хадис шәриф
«Бейсенбі күні болғанда Аллаһу та’ала қолдарында күміс дәптерлер мен алтын қаламдар бар періштелерді жібереді. Олар бейсенбі күні мен жұма түнінде Пайғамбарға көп салауат айтқандарды жазып отырады». «Екі мұсылман кездесіп, мусафаха етсе (қол алысып амандасса) және Пайғамбарға салауат айтса, айрылыспай тұрып-ақ олардың бұрынғы және кейінгі күнәлары кешіріледі». «Біреулерің мешітке кіргенде Пайғамбарға сәлем берсін және: „Йа, Раббым! Мені шайтаннан сақта!“ – десін»10
Бір риуаятта: «Мешіттен шығарда „Аллаһумма инни әс’әлукә мин фадликә“ деп оқысын».
Дұғаның басында Аллаһу та’алаға мадақ (хамд) және Расулуллаһқа салауат болмаса, дұға перде артында қалады. Басында хамд пен салауат болған дұға қабыл болады. Расулуллаһқа және оның әулетіне (Әліне) салауат оқылмайынша, дұға мен көктің арасында перде тұрады. Салауат оқылғанда бұл перде жыртылып, дұға көкке көтеріледі. Салауат оқылмаса, дұға кері қайтады.
Бір жиында Аллаһу та’ала аталмаса және Расулуллаһқа салауат айтылмаса, ондағылардың үстінде қамшы тұрады: Ол қаласа, оларды азаптайды, қаласа – кешіреді.
«Құлағы шыңылдаған адам мені еске алсын және маған салауат айтсын».
«Бір іске ниет еткен адам ол жайында кеңессін. Сонда Аллаһу та’ала оған сол істе дұрыс жол (рүшд) нәсіп етеді. Бір адам бір сөз айтқысы келіп, оны ұмытып қалса, маған салауат айтсын. Өйткені оның маған айтқан салауатында айтпақ сөзінің орнын басатын нәрсе бар. Бәлкім, содан кейін ол оны есіне түсірер».11
«Қайырлы іс Аллаһтың есімімен және маған салауатпен басталмаса, ол істе қайыр жоқ, оның бүкіл берекесі кетеді».12 Ислам ұлыларынан Әбу Хафс Қағыди қайтыс болғанда, бір адам оны түсінде көріп: «Аллаһу та’ала саған қалай мәміле етті?» – деп сұрады. Ол: «Маған рақым етіп, мені кешірді және жәннатқа орналастырды», – деді. Әлгі адам: «Не себепті?» – деп сұрады. Ол былай деп жауап берді: «Мені періштелердің арасында тоқтатты. Олар менің күнәларымды және Расулуллаһқа айтқан салауаттарымды есептеп, салауаттарымды көбірек тапты. Сонда Аллаһу та’ала оларға: „Ей, періштелерім! Істерің бітті. Басқа есеп сұрамаңдар. Оны Менің жәннатыма апарыңдар!“ – деді».
Сәләфтен бірі былай деп баяндайды: «Бірге хадис үйренген бір досым қайтыс болды. Мен оны түсімде үстіне жасыл жәннат киімдерін киген күйде көрдім. Себебін сұрағанымда, ол былай деді: „Әр хадисте көрген Расулуллаһтың есімінің қасына саллаллаһу алейһи уә сәлләм деп жазатын едім. Хақ та’ала оның сыйын осылай берді“».
Сәләфтен тағы бірі былай деп баяндайды: «Хатшылықпен айналысқан бір көршім қайтыс болды. Мен оны түсімде көріп, Аллаһу та’ала оған қалай мәміле еткенін сұрадым. Ол Аллаһу та’ала оны кешіргенін айтты. Не себепті деп сұрағанымда, ол: „Расулуллаһтың есімін әр жазған сайын оның қасына саллаллаһу алейһи уә сәлләм сөздерін де жазатын едім, сол үшін“, – деді». Әбу Сүлеймен Дарани былай деп баяндайды: «Хадис жазғанда, Пайғамбарымыздың мәртебелі есімін жазған сайын саллаллаһу алейһ деп жазып, уә сәлләм сөздерін жазбайтын едім. Мен оны түсімде көрдім. Ол маған былай деді: „Ей, Әбу Сүлеймен! Хадисте менің есімімді жазғанда, салауатпен бірге уә сәлләм сөздерін де жаз. Ол – төрт әріп. Әр әрпіне он сауап бар. Жазбасаң, қырық сауапты тастап кетесің деген сөз“».
Мұндай әдет тағы бір адамда да бар еді. Расулуллаһ оған түсінде: «Саған не болды, маған айтылатын салауатты неге толық жазбайсың?» – деді.
Әбу Бәкір Сыддық былай деді: «Ұмытып қалудан қорыққан адам Расулуллаһқа көп салауат айтсын».
Салихтардың ұлыларынан Мұхаммед бин Саид бин Мутарриф былай деп баяндайды: «Әр түні ұйықтар алдында белгілі бір мөлшерде салауат айтатын едім. Бір түні түсімде Расулуллаһты көрдім. Ол менің бөлмеме кірді. Бөлмем нұрға толды. Сосын ол маған қарай келіп: „Әкел, маған көп салауат айтатын мына аузыңнан сүйейін“, – деді. Мен аузымды тосуға ұялып, бетімді тостым. Ол оны мүбәрәк ерінімен сүйді. Қуанып ояндым. Бөлмем жұпар иісіне толып тұр екен. Сегіз күн бойы бетімнен сол хош иіс кетпеді». Сәләфтің ұлыларынан Халлад бин Кәсир қайтыс болғанда, адамдар оның басының астынан: «Бұл – Халлад бин Кәсирдің тозақтан құтылу құжаты», – деп жазылған қағаз тауып алды. Сонда олар оның жақындарынан: «Оның қандай амалы бар еді?» – деп сұрады. Жақындары: «Әр жұма күні салауат айтатын», – деді. Шәйх Айнидің «Зәйнул-мәжалис» кітабында былай жазылған: Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Қиямет күні үш топ адам Арштың астында болады, сол күні оның көлеңкесінен басқа көлеңке болмайды», – деді. «Олар кімдер?» – деп сұралғанда, ол: «Үмметімді қиыншылықтан құтқарғандар, сүннетімді тірілткендер және маған көп салауат айтқандар», – деді.
Шәйх Әбу Мұса Дарири былай деп баяндайды: «Теңізде бізді қатты дауыл басты. Әркім өлімнен қорқып жылап жатты. Сол күйде мені ұйқы басты. Түсімде Расул-и әкрамды көрдім. Ол маған кемедегілерге мың рет: „Аллаһумма салли ала сәййидинә Мұхаммадин уә ала али сәййидинә Мұхаммад, салатән тунжинә биһә мин жәмиғил-әһуали уәл-афат, уә тақди ләнә биһә жәмиғал-хажат, уә тутаххирунә биһә мин жәмиғис-сәййиат, уә тәрфәғунә биһә ғиндәкә а’ләд-дәрәжат, уә тубәллиғунә биһә ақсал-ғаяти мин жәмиғил-хайрати фил-хаяти уә ба’дәл-мәмат“ деп оқысын деп айтуымды бұйырды. Біз әлі үш жүз рет те оқып үлгермеген едік, дауыл басылып, құтылдық». Бұл салауатты әр маңызды істе, әр бәле-жалада, апатта және жер сілкінгенде оқу ұсынылды.
Күндіз-түні тілімде – салауат пен сәлем сенің мүбәрәк рухыңа, ей, адамзаттың мақтанышы (Фахрул-әнам)!
Сенімді кітаптарда салауаттың қалай айтылатыны туралы қырықтан астам хадис бар.
Солардың бірі:
«Құлағы шыңылдаған адам мені еске алсын және маған салауат айтсын» Хадис шәриф
Аллаһумма салли ала Мұхаммадин уә ала али Мұхаммад, кәмә саллайтә ала Ибраһимә уә ала али Ибраһим, уә барик ала Мұхаммадин уә ала али Мұхаммад, кәмә бәрактә ала Ибраһимә уә ала али Ибраһим, иннәкә хамидун мәжид.
Аллаһумма салли уә сәллим уә барик уәрхам ала сәййидинә Мұхаммадин һуә сәййидул-араби уәл-ажәм.
Уә имамил-Мәккатил-мукаррамати уәл-Мәдинатил-мунаууарати уәл-харам. Алләмәл-инсанә ма ләм йа’ләм.
Аслуһу нурун уә нәслуһу Адам.
Ба’суһу муаххарун уә халқуһу муқаддам.
Исмуһуш-шәрифу мәктубун аләл-Ләухил-махфузи бияқутил-қалам.
Уә жисмуһуш-шәрифу мәдфунун фил-Мәдинатил-мунаууарати уәл-харам.
Йа ләйтә әктәхилу турабәлләзи тахтәл-қадам.
Фә туба суммә туба лимән даға уә тәбиғаһу уә лимән әсләма сахибәш-шафағати лил-аләмин.
Қаилән йа Рабби! Сәллим уммәти, уммәти, уә уммәта йа зәл-лутфи уәл-кәрам.
Фә йунадил-мунади мин қибәлир-Рахман, қабилту шафағатакә йа Нәбиййәл-мухтарам.
Удхулул-жәннәта лә хауфун алейкум уә лә хузнун уә лә әләм.
Суммә радиаллаһу та’ала ан Әби Бәкрин уә Умарә уә Усмана уә Алиййин зил-кәрам.
Уә саллаллаһу ала сәййидинә Мұхаммадин уәл-хамду ләкә йа Раббәл-аләмин.
Бихурмати Сәййидил-мурсалин.
Мүбәрәк шашына таң желі тисе,
ауа жұпар мен әнбәр иісіне толатын.
Інжу тістерінің нұрынан түнде
түскен инені де табуға болатын.
Нұрлы кеудесінің сәулесімен қараңғы түндерде жолда жастар да, қарттар да жүретін.
Хақтың сол сүйіктісі нұсқағанда
саусағымен айға – ай екіге бөлінді.
Терлесе, тердің әр тамшысы гүлге айналатын,
адамдар оның терінен гүлдерді қуана теретін.
Ол жиһан шаһы құрма ағашын отырғызды,
отырғызған сағатында-ақ ол жеміс берді.
Мұғжизаларын махшарға дейін үздіксіз айтсаң да,
қанша махшар өтсе де, олар таусылмас.
Оттан құтылуды тілесеңдер егер,
ғашықтықпен, сағынышпен айтыңдар салауат!
Әссалату уәссаламу алейкә йа Расулаллаһ!
Әссалату уәссаламу алейкә йа Хабибаллаһ!
Әссалату уәссаламу алейкә йа Нұра Аршиллаһ!
