Сүйікті Пайғамбарым

ЕКІНШІ БӨЛІМ ҚАБІР ӨМІРІ

Пайғамбарымыздың қабірінде тірі болуы

Пайғамбарлар қабірлерінде біз білмейтін бір өмірмен тірі. Әулиелер мен шәһидтер де тірі. Олардың тірі болуы тек сөз жүзінде емес. Олар толық мағынасында тірі. Али Имран сүресінің 169-аятында мағынасы бойынша: «Аллаһу та’ала жолында өлтірілгендерді өлі деп ойламаңдар! Олар Раббыларының құзырында тірі. Ризықтандырылып отыр», – делінді.

Бұл аят кәрима шәһидтердің тірі екенін білдіреді. Ал пайғамбарлар, әрине, шәһидтерден ілгері әрі жоғары тұрады. Ислам ғалымдарының айтуынша, әрбір пайғамбар шәһид болып қайтыс болған. Расулуллаһ соңғы науқасында: «Хайбарда жеген тағамымның ащысын әрдайым сезетінмін», – деді.1 Бұл хадис шәриф Расулуллаһтың шәһид болып қайтыс болғанын білдіреді. Сондықтан Пайғамбарымыздың барлық шәһидтер сияқты қабірінде тірі екені осыдан да түсініледі.

«Бұхари» және «Мүслим» кітаптарында келтірілген хадис шәрифте: «Миғраж түнінде мені Мұсаның (алейһиссалам) қабірінің жанынан өткізді. Ол қабірінде тұрып намаз оқып жатыр еді», – делінді.2

Тағы бір хадис шәрифте: «Аллаһу та’ала топыраққа пайғамбарларды шірітуді харам етті», – делінді.3 Мұның дұрыс екенін ғалымдар бір ауыздан білдіреді. «Бұхари» мен «Мүслим» кітаптарында: «Аллаһу та’ала Миғраж түнінде барлық пайғамбарларды Пайғамбарымыздың қасына жіберді. Пайғамбарымыз оларға имам болып, екі рәкат намаз оқыды», – деп жазылған.

Намаз рүкуғ пен сәжде жасау арқылы болады. Бұл хабар олардың тірі күйде, денелерімен намаз оқығанын көрсетеді. Мұса алейһиссаламның қабірінде намаз оқуы да мұны көрсетеді. «Мишкат» кітабының соңғы томында, Миғраж бабының бірінші фаслының соңында Мүслимнен алынып, Әбу Хурайра жеткізген хадис шәрифте: «Аллаһу та’ала маған көрсетті. Мұса (алейһиссалам) тұрып намаз оқып жатыр еді, арық еді. Шаштары ұйпа-тұйпа да, салбыраңқы да емес еді. Ол Шәну’а тайпасынан шыққан бір жігітке ұқсайтын. Иса (алейһиссалам) Урва бин Мәсуд Сақафиге ұқсайтын еді», – делінді.4 Шәну’а – Йемендегі екі тайпаның аты. Бұл хадис шәрифтер пайғамбарлардың Раббыларының құзырында тірі екенін көрсетеді. Олардың денелері рухтары сияқты нәзік болған. Олар тығыз әрі қатты емес. Олар материя әлемінде де, рух әлемінде де көріне алады. Сондықтан пайғамбарлар рухтарымен де, денелерімен де көріне алады. Хадис шәрифте Мұса мен Иса алейһимассаламның намаз оқығаны білдіріледі. Намаз оқу – түрлі қимылдар жасау. Бұл қимылдар денемен жасалады, рухпен жасалмайды. Пайғамбарымыздың Мұса алейһиссалам туралы: «Мен оны орта бойлы, арық, шаштары жинақы күйде көрдім», – деп айтуы оның рухын емес, денесін көргенін көрсетеді.

«Аллаһу та’ала жолында өлтірілгендерді өлі деп ойламаңдар! Олар Раббыларының құзырында тірі. Ризықтандырылып отыр» Али Имран: 169

Имам Бәйһақи былай деді: «Пайғамбарлар қабірге қойылғаннан кейін олардың рухтары денелеріне қайтарылады. Біз оларды көре алмаймыз. Олар періштелер сияқты көрінбейтін болады. Оларды тек Аллаһу та’ала кәрамат берген таңдаулы адамдар ғана көре алады». Имам Суюти де осылай білдірген. Көп адамдар сәлемдерге Қабр-и сәадаттан жауап берілгенін талай рет естіген. Басқа қабірлерден де сәлемдерге жауап берілгені көп естілген.

Хадис шәрифте де: «Маған сәлем берілгенде, Аллаһу та’ала рухымды қайтарады, мен оған жауап беремін», – делінді.5

Хазреті имам Суюти былай деді: «Расулуллаһ илаһи жамалды көруге берілген. Ол денедегі сезімдерді ұмытқан. Бір мұсылман сәлем бергенде, оның мүбәрәк рухы бұл халден ажырап, дене сезімдерін алады. Дүниеде де мұндай адамдар аз емес. Бір дүние немесе ахирет ісі туралы қатты ойланғанда, адам қасында айтылғанды естімейді. Илаһи жамалға берілген адам бір дауысты ести ала ма?»

Хазреті Қади Ияз «Шифа» кітабында Сүлейман бин Сухаймның мынадай риуаятын келтіреді: «Бір түні түсімде Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымызды көріп: „Йа, Расулаллаһ! Келіп сізге сәлем берушілердің сәлемін білесіз бе?“ – дедім. Ол: „Иә, білемін әрі олардың сәлемін алып, жауап беремін“, – деді». Пайғамбарлардың қабірлерінде тірі екенін білдіретін хадис шәрифтер өте көп әрі олар бір-бірін қуаттайды. Мысалы: «Қабірімнің жанында маған оқылған салауатты естимін. Алыс жерлерде оқылғандары маған жеткізіледі», – делінген. Бұл хадис шәрифті Әбу Бәкір бин Әби Шәйба жеткізген. Бұл және осы сияқты хадис шәрифтер алты ұлы хадис имамының кітаптарында бар. Ибн Әбид-Дүния хазреті Абдуллаһ бин Аббастан жеткізген хадис шәрифте: «Бір адам бір танысының қабірінің жанына барып сәлем берсе, мәйіт оны таниды әрі жауап береді. Танымайтын мәйітке сәлем берсе, мәйіт қуанады әрі жауап береді», – делінді.

Егер Расулуллаһ дүниенің әр түкпірінде бір мезгілде салауат пен сәлем айтушылардың әрқайсысына жеке-жеке қалай жауап береді деп сұралса, бұл түс уақытында күннің бір сәтте мыңдаған қалаға жарық шашуы сияқты, деп жауап беріледі. Хазреті Ибраһим бин Бишар былай деді: «Қажылықтан кейін Қабр-и сәадатты зиярат ету үшін Мәдинаға бардым. Хужра-и сәадаттың алдында сәлем бердім де, „Уә алейкәс-сәлам“ деген жауапты естідім».

Бір хадис шәрифте: «Мен қайтыс болғаннан кейін де тірі кезімдегідей түсінемін», – делінді. Тағы бір хадис шәрифте: «Пайғамбарлар қабірлерінде тірі болып, намаз оқиды», – делінді.6

Әулиелердің ұлыларынан хазреті Сәйид Ахмед Рифаидің және көптеген уәлилердің Расулуллаһқа берген сәлемдерінің жауабын естігені және Ахмед Рифаидің Расулуллаһтың мүбәрәк қолын сүю мәртебесіне ие болғаны өте сенімді кітаптарда жазылған. Имам Суюти өз кітабында былай дейді: «Жоғары дәрежедегі уәлилер пайғамбарларды өлмегендей көреді. Пайғамбарымыздың Мұса алейһиссаламды қабірінде тірі күйде көруі мұғжиза еді. Әулиелердің де осылай көруі – кәрамат. Кәраматқа сенбеу надандықтан туады».

Ибн Хиббан, Ибн Мәжә және Әбу Дәуіт жеткізген хадис шәрифте: «Жұма күндері маған көп салауат оқыңдар! Олар маған жеткізіледі», – делінді. «Қайтыс болғаннан кейін де жеткізіле ме?» – деп сұралғанда, ол: «Топырақ пайғамбарлардың денесін шірітпейді. Бір мүмин маған салауат оқыса, бір періште маған хабарлап: „Үмметіңнен пәленшенің ұлы пәленше саған сәлем айтып, дұға етті“, – дейді», – деді.

Расулуллаһ тірі кезінде сахабалары үшін Аллаһу та’аланың бір рақымы, ұлы ниғметі болғаны сияқты, қайтыс болғаннан кейін де бүкіл үмметі үшін ұлы ниғмет. Ол – жақсылықтарға себеп. Бәкір бин Абдуллаһ Музани риуаят еткен хадис шәрифте Расул-и әкрам былай деді: «Менің өмірім сендер үшін қайырлы. Сендер маған айтасыңдар, мен де сендерге айтамын. Қайтыс болғаннан кейін өлімім де сендер үшін қайырлы болады. Амалдарың маған көрсетіледі. Жақсы істеріңді көргенде, Аллаһу та’алаға хамд айтамын. Жаман істеріңді көргенде, сендер үшін кешірім мен жарылқау тілеймін».7

Хазреті Қусам бин Аббас Расулуллаһты жерлеу қызметінде болу мәртебесіне ие болды. Қабірдегі қызмет біткенде, қабірден ең соңғы болып ол шықты. Ол былай деді: «Расулуллаһтың мүбәрәк жүзін ең соңғы көрген адам – менмін. Қабірінде оның мүбәрәк еріндері қимылдап жатты. Оған иіліп, құлақ салдым. Ол: „Йа, Раббым! Үмметім!.. Йа, Раббым! Үмметім!..“ – деп жатты».8

Пайғамбарымызды көру

Расулуллаһты түсте және ояу кезде көруге бола ма? Көруге болса, көрінетін оның өзі ме, әлде оған ұқсас біреу ме? Ғалымдарымыз бұған түрлі жауаптар берді. Оның қабірде тірі екенін бір ауыздан білдіргеннен кейін, көпшілігі оның өзі көрінетінін айтты. Солай екені хадис шәрифтерден де түсініледі. Бір хадис шәрифте: «Мені түсінде көрген адам ояу кезде көргендей болады», – делінді.9 Сондықтан хазреті имам Нәуәуи: «Оны түсте көру – толығымен оның өзін көру», – деді. Хадис шәрифте: «Мені түсінде көрген адам шын көрген. Өйткені шайтан менің кейпіме ене алмайды», – делінді.10

«Мені түсінде көрген адам ояу кезде көргендей болады» Хадис шәриф

Хазреті Ибраһим Ләқани былай дейді: «Хадис ғалымдары Расулуллаһтың түстегідей ояу кезде де көрінуі мүмкін екенін бір ауыздан білдірген». Екі жағдайға да көптеген мысалдар келтіруге болады. Солардың кейбірін баяндайық:

Хазреті Муинуддин Чишти барған әрбір қаласында зираттарды зиярат етіп, сол жерде біраз уақыт тұратын. Барған жерінде оны тани бастағанда, ол жерде тұрмай, ешкімге білдірмей, жасырын шығып кететін. Осы сапарларының бірі Меккеге болды. Ол Мекке-и Мукаррамаға барып, Қағба-и Муаззаманы зиярат етті. Меккеде біраз тұрған соң, ол жерден Мәдина-и Мунаууараға кетті. Бір күні Пайғамбарымыздың мүбәрәк қабірін зиярат етіп тұрғанда, кесенесінен: «Муинуддинді шақырыңдар!» – деген дауыс естілді. Осы бұйрық бойынша кесенені күтуші: «Муинуддин!» – деп айқайлады. Бірнеше жерден: «Ләббәй!» – деген дауыстар естілді. Сосын: «Қай Муинуддинді іздеп тұрсың? Мұнда Муинуддин есімді адамдар көп», – десті. Осыдан кейін кесене күтушісі кері қайтып, Рауза-и мутаххараның есігінің алдында тұрды. Екі рет: «Муинуддин Чиштиді шақыр!» – деп үн қатқан дауысты естіді. Бұл бұйрықты естігенде, ол жамағатқа: «Муинуддин Чиштиді шақырып жатыр!» – деп айқайлады.

Хазреті Муинуддин Чишти бұл сөзді естігенде, мүлде басқа халге түсті. Жылап, көз жасын төгіп, салауат айтып, сүйікті Пайғамбарымыздың кесенесіне жақындады да, әдеппен тұрды. Сол кезде ол: «Ей, Қутбул-мәшайих! Ішке кір!» – деген дауысты естіді.

Пайғамбарымыз былай деді: «Сен менің дініме қызмет етушісің. Саған Үндістанға бару керек. Үндістанға бар. Ол жерде Әжмир деген бір қала бар. Онда менің ұрпағымнан (немерелерімнен) Сәйид Хусейн деген бір адам бар. Ол онда жиһад пен ғаза ниетімен барған еді. Ол қазір шәһид болды. Әжмир кәпірлердің қолына түскелі тұр. Сенің онда баруың себебімен әрі оның берекесімен ислам таралады, кәпірлер қор болып, күшсіз әрі ықпалсыз қалады». Сосын оған бір анар беріп: «Мына анарға мұқият қара, қайда баратыныңды көріп, түсін», – деді. Хазреті Муинуддин Чишти Пайғамбарымыз берген анарды алып, бұйырылғандай қарады да, шығыс пен батыстың арасын толық көрді. Хазреті Ахмед Рифаи қажылыққа барған еді. Қайтар жолда Мәдина-и Мунаууарада Расул-и әкрамның мүбәрәк кесенесін зиярат етіп тұрғанда, ол мынадай мағынадағы өлең айтты:

Алыс едік, топырағыңды сүюге, ей, мырзам,
Өзім келе алмай, рухымды өкіл етіп жіберуші едім.
Енді сені зиярат ету ниғметі нәсіп болды,
Бер мүбәрәк қолыңды, ернім сүйсін, йа, Хабиб!

Өлең біткенде, сүйікті Пайғамбарымыздың қабірінен оның мүбәрәк қолдары көрінді. Сәйид Ахмед Рифаи ерекше тағзыммен әрі құрметпен Пайғамбарымыздың мүбәрәк қолын сүйді. Ол жердегілердің бәрі бұл оқиғаны таңғала көрді. Пайғамбарымыздың мүбәрәк қолдарын сүйгеннен кейін ол Рауза-и мутаххараның есіктерінің табалдырығына жатты. Жылап, ондағы жамағаттың бәріне: «Үстімнен басып өтіңдер!» – деп жалынды. Ғалымдар басқа есіктерден шығуға мәжбүр болды. Бұл кәрамат өте әйгілі болып, ауыздан-ауызға тарап, біздің күндерімізге дейін жетті. Хазреті Ибн Абидиннің дінге ілесудегі халдері әйгілі, оның кәраматтары мен ғибратты оқиғалары көп.

Ол бес уақыт намазда тахиятты оқығанда, Расулуллаһты өз көзімен көретін. Көре алмаған кезде, сол намазды қайта оқитын. Ислам ғалымдарының ең ұлыларынан, екінші мыңжылдықтың мүжаддиді хазреті имам Раббани Ахмед Фаруқи Сирһинди былай деді: «Рамазан шәрифтің соңғы күндерінде өте көркем бір хал ашылды. Төсегімде созылып жатыр едім. Көзімді жұмған едім. Төсегіме басқа біреудің келіп отырғанын сездім. Қарасам, ол – алғашқылар мен соңғылардың сәйиді, мырзасы екен. Мен бірден жиналып отырдым. Сүйікті Пайғамбарымыз: „Саған ижазат жазуға келдім. Ешкімге мұндай ижазат жазған емеспін“, – деді. Қарасам, ол ижазатнаманың мәтінінде осы дүниеге қатысты ұлы ілтипаттар, артқы жағында о дүниеге қатысты көптеген инаяттар жазылған екен».

Хазреті Абдулқадир Гейлани «Ғуния» кітабында хазреті Ибраһим Тәмимиден жеткізіп, былай баяндайды: Хызыр алейһиссалам маған былай деді: «Егер түсіңде Расулуллаһты көргің келсе, ақшам намазын оқығаннан кейін құптанға дейін ешкіммен сөйлеспей тұрып, ақшам намазынан кейінгі әууабин намазын оқисың. Әр екі рәкат сайын сәлем бересің.

Әр рәкатта бір рет „Хамдты“, яғни Фатиха сүресін, және жеті рет Ықылас сүресін оқисың. Құптан намазын да жамағатпен оқығаннан кейін үйіңе келіп, үтір намазын оқисың. Ұйықтауға жатқанда да екі рәкат намаз оқып, әр рәкатта „Хамдты“ және Ықылас сүресін жеті рет оқисың. Намаздан кейін сәждеге жығылып, жеті рет Аллаһу та’алаға истиғфар айтасың, жеті рет: „Субханаллаһи уәл-хамду лилләһи уә лә илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар уә лә хаула уә лә қуууата иллә билләһил-алиййил-азим“, – дейсің. Сосын басыңды сәждеден көтеріп отырасың да, қолдарыңды көтеріп: „Йа Хаййу, йа Қаййуму, йа Зәл-жәләли уәл-икрам, йа Иләһәл-әууәлинә уәл-ахирин, уә йа Рахманәд-дүния уәл-ахирати уә Рахимәһумә, йа Рабби, йа Рабби, йа Рабби, йа Аллаһ, йа Аллаһ, йа Аллаһ“, – дейсің.

Сосын орныңнан тұрып, сол дұғаны оқисың. Сосын сәждеге жығылып, сол дұғаны оқисың. Сосын басыңды сәждеден көтеріп, құбылаға бет алып, қалағаныңша жатып ұйықтайсың. Ұйқы басқанша Пайғамбарымызға салауат шәриф айтасың».

Мен: «Бұл дұғаны кімнен үйренген болсаң, соны маған білдіруіңді қалаймын», – дедім. Хазреті Хызыр: «Маған сенбейсің бе?» – деді. «Мұхаммед алейһиссаламды хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, мен саған сенемін», – дедім.

Хызыр алейһиссалам: «Мен Расулуллаһ бұл дұғаны үйретіп, өсиет еткен мәжілісте болдым. Бұл дұғаны ол үйреткен адамнан үйрендім», – деді. Мен де Хызыр алейһиссалам айтқандай істедім. Төсегімде Пайғамбарымызға салауат шәриф айта бастадым. Пайғамбарымызды көретініме қуанғаннан ұйқым қашып, таңға дейін ұйықтай алмадым.

«Хадис ғалымдары Расулуллаһтың түстегідей ояу кезде де көрінуі мүмкін екенін бір ауыздан білдірген» Ибраһим Ләқани (рахматуллаһи алейһ)

Таң намазын оқып, күн көтерілгенше отырдым. Духа, яғни күн көтерілгенде оқылатын сәске намазын оқыдым. Өз-өзіме: «Кешке дейін жетсем, кеше түнде істегенімдей істеймін», – дедім. Сол сәтте ұйықтап кетіппін. Түсімде періштелер келіп, мені жәннатқа алып кетті. Онда жақұт, зүбәржат және інжуден жасалған әсем үйлер мен сарайлар, бал, сүт және жәннат сусындарынан аққан өзендер көрдім. Мені жәннатқа алып барған періштелерден: «Мына үй кім үшін?» – деп сұрадым. Періштелер: «Сен істеген амалды істейтіндер үшін», – деді. Жәннат тағамдарынан жегізбей, жәннат суларынан ішкізбей, мені жәннаттан шығармады. Сосын мені жәннаттан шығарып, мен болған жерге әкелді.

Сосын Расулуллаһ қасында жетпіс пайғамбар және әр сапының арасы шығыс пен батыстың арасындай болған жетпіс сап періштемен маған келіп, сәлем берді де, қолымнан ұстады. Сол кезде мен: «Йа, Расулаллаһ! Хызыр алейһиссалам бұл хадисті сізден естігенін білдірді», – дедім. Пайғамбарымыз: «Хызыр дұрыс айтқан, айтқандары – ақиқат. Хызыр – жер бетіндегілердің ең ғалымы. Ол – әбдалдардың басшысы. Ол – жер бетіндегі Аллаһ әскерлерінен», – деді.

Мен тағы: «Йа, Расулаллаһ! Бұл амалды істеген адамға менің көргенімнен басқа сыйақы бар ма?» – дедім. Ол: «Сенің көргеніңнен, саған берілгеннен де артық қандай сыйақы болмақ? Сен жәннаттағы орныңды әрі мақамыңды көрдің. Жәннаттың жемістерінен жедің, сусындарынан іштің. Менімен бірге періштелер мен пайғамбарларды көрдің. Хор қыздарын көрдің», – деді.

«Йа, Расулаллаһ! Мен істеген амалды істеп, түсінде мен көргенді көрмеген адамға маған берілген беріле ме?» – дедім. Ол: «Мені хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, ол адамның істеген үлкен күнәлары кешіріледі. Аллаһу та’аланың ол адамға деген ашуы басылады. Мені хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, бұл амалды істеген адам түсінде сен көргенді көрмесе де, саған берілген оған да беріледі. Көктен бір дауыс: „Аллаһу та’ала бұл амалды істеген адамды және шығыстан батысқа дейінгі Мұхаммед үмметін кешірді“, – деп жар салады», – деді.

«Йа, Расулаллаһ! Мен сіздің жамалыңызды және жәннатты көргенімдей, ол адамның да бұлардан үлесі бар ма?» – дедім. Ол: «Иә, бәрі де беріледі», – деді.

«Йа, Расулаллаһ! Ерлер мен әйелдерге, барлық мүминдерге бұл дұғаны үйретіп, сауаптарын білдіру орынды бола ма?» – дегенімде, ол: «Мені хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, бұл амалды Аллаһу та’ала бақытты етіп жаратқан адамдардан басқа ешкім істемейді», – деді. Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламды түсінде шынайы бейнесінде көрген адам, сөз жоқ, оны көрген болады. Өйткені шайтан оның бейнесіне ене алмайды. Бірақ шайтан басқа бейнеге еніп көріне алады. Расулуллаһты танымайтын адамға мұны ажырату оңай болмайды. Кейбір ғалымдар: «Пайғамбарымызды басқа бейнеде көру де оны көру болып саналады. Бірақ бұл – сол адамның діндегі кемшілігінің белгісі. Пайғамбарымызды түсінде шынайы бейнесінде көрген әрі мүмин болып қайтыс болған әрбір адам жәннатқа кіреді», – деді.

Әбу Хурайра Пайғамбарымыздың мына хадис шәрифін білдірді: «Кімде-кім жұма түнінде екі рәкат намаз оқып, әр рәкатта Фатиха мен Аятул-Күрсиді бір реттен, Ықылас сүресін он бес рет оқыса, намаздан кейін мың рет: „Аллаһумма салли ала Мұхаммадин-нәбиййил-уммиййи“, – десе, келесі жұма келгенше мені түсінде көреді. Ол адамның өткен және келешек барлық күнәлары кешіріледі. Жәннат мені көргендер үшін».

Пайғамбарымыздың Қабр-и шәрифін зиярат ету

Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз былай деді: «Кім мен қайтыс болғаннан кейін мені зиярат етсе, мені тірі кезімде зиярат еткендей болады». «Mir’ât-i Medîne» кітабында білдірілген хадис шәрифте ол: «Қабірімді зиярат еткенге шапағатым уәжіп болды», – деді. Бұл хадис шәрифті Ибн Хузәйма, Бәззар, Дарақутни және Табарани риуаят етеді. Хазреті Бәззар жеткізген тағы бір хадис шәрифте: «Қабірімді зиярат еткенге шапағатым халал болды», – делінді. «Мүслим шәриф» жинағында және Әбу Бәкір бин Мәққаридің «Му’жам» кітабында білдірілген хадис шәрифте: «Бір адам мені зиярат ету үшін келсе әрі оның басқа ниеті болмаса, қиямет күні оған шапағат етуіме лайық болады», – делінді. Бұл хадис шәриф Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өзін зиярат ету үшін Мәдина-и Мунаууараға келгендерге шапағат ететінін хабарлайды.

Абайла, әдепті тастаудан – Аллаһтың сүйіктісінің көшесі бұл,
Илаһи назар түскен жер, Мұстафаның мақамы бұл!
Көктегі жаңа ай – Бабус-сәлам есігінің кеудесі жыртылған ғашығы,
Оның шамшырағы – Жәуза жұлдызы, нұр мен жарықтың шығар жері бұл.
Ұлы Аллаһтың хабибі жатқан мекен бұл, абзалдықта
Тіпті Ұлы Аллаһтың Аршынан да жоғары тұрған жер бұл.
Бұл топырақтың нұрынан жоқтықтың қараңғылығы сейілді,
Бүкіл болмыс екі көзіне сүрме етіп алып, соқырлықтан құтылды.
Әдепті сақтау шартымен кір, Нәби, бұл дәргейге,
Періштелер тауап ететін, пайғамбарлар сүйетін жер бұл!
Nâbî

Дарақутни риуаят еткен тағы бір хадис шәрифте: «Қажылық жасап, мені зиярат етпеген адам мені ренжіткен болады», – делінді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) зиярат етілуді қалауы – үмметінің осы жолмен де сауап табуы үшін. Сондықтан фиқһ ғалымдарымыз қажылық міндетін өтегеннен кейін Мәдина-и Мунаууараға келіп, Мәсжид-и шәрифте намаз оқитын. Сосын Рауза-и мутаххараны, Мінбер-и мунирді және Арш-и а’ладан абзал болған Қабр-и шәрифті, сосын Расулуллаһ отырған, жүрген, сүйенген жерлерді, уахи келгенде ол сүйенген бағананы және мешіт салынып, жөнделіп жатқанда жұмыс істеген, мал-мүлкі мен ақшасын беру мәртебесіне ие болған құрметті сахабалар мен табиғиндердің жүрген жерлерін зиярат етіп, оларды көріп береке алатын. Олардан кейін келген ғалымдар мен салихтар да қажылықтан кейін Мәдинаға келіп, фиқһ ғалымдарымыз сияқты істейтін. Кеше болғандай, бүгін де қажылар осыған адал болып, Мәдина-и Мунаууарада зияраттар жасайды.

«Бір адам мені зиярат ету үшін келсе әрі оның басқа ниеті болмаса, қиямет күні оған шапағат етуіме лайық болады» Хадис шәриф

Ислам ғалымдарының күні хазреті Әбу Ханифа былай деді: «Мустахабтардың ең абзалдарынан болған Қабр-и сәадатты зиярат ету – уәжіп дәрежесіне жақын бір ғибадат». Расулуллаһтың Қабр-и шәрифін зиярат етуге баратын адам көп салауат шәриф айтуы керек. Айтылған бұл салауат пен сәлемдердің Пайғамбарымызға жететіні хадис шәрифте білдірілген. Сүйікті Пайғамбарымызды зиярат ету әдебі былай білдірілді:

Мәдина-и Мунаууара қаласы алыстан көрінгенде, салауат пен сәлем айтылады. Сосын: «Аллаһумма һәзә харәму нәбиййикә, фәж’алһу уиқаятән ли минән-нәри уә әмәнән минәл-азаби уә су’ил-хисаб», – делінеді. Мүмкін болса, қалаға немесе мешітке кірмес бұрын ғұсыл алынады. Хош иіс жағылады. Жаңа, таза киім киіледі. Өйткені бұлар тағзым мен құрметті білдіреді. Мәдина-и Мунаууараға кішіпейіл, байсалды әрі сабырлы күйде кіріледі. «Бисмиллаһи уә ала милләти Расулиллаһ», – дегеннен кейін Исра сүресінің 80-аятын оқу керек. Оның артынша: «Аллаһумма салли ала Мұхаммадин уә ала әли Мұхаммад. Уағфир ли зунуби уәфтах ли әбуабә рахматикә уә фадликә», – деп, Мәсжид-и Нәбәуиге кіріледі. Сосын Расулуллаһтың мінберінің жанында, мінбердің бағанасы оң иыққа тура келетіндей етіп тұрып, екі рәкат тахиятул-мәсжид намазын оқу керек. Сүйікті Пайғамбарымыз осы жерде намаз оқитын. Бұл жер – Пайғамбарымыздың қабірі мен мінберінің арасы. Хадис шәрифте: «Қабірім мен мінберімнің арасы – жәннат бақтарының бір бағы. Мінберім хауызымның үстінде», – делінген.11 Сосын Расулуллаһтың мүбәрәк қабірін зиярат етуді нәсіп еткені үшін Аллаһу та’алаға сәжде ету керек.

Дұғадан кейін тұрып, Пайғамбарымыздың Қабр-и шәрифіне, Хужра-и сәадатқа келіп, арқаны құбылаға беріп, Расулуллаһтың мүбәрәк жүзіне қарсы екі метрдей қашықтықта әдеппен тұру керек. Одан жақын барылмайды. Көңілі мен тәні мойынсұнған күйде (хұшуғ пен құдуғта) болу, Аллаһу та’ала Құран кәрімде бұйырғандай, Расулуллаһ тірі болып, оның ұлы құзырында тұрғандай әдепте болу керек. Сабырлылық пен байсалдылықты тастауға болмайды. Қолды Қабр-и шәрифтің қабырғаларына қоймай, алысырақ әдеппен тұру құрметке көбірек сай келеді. Намаздағыдай тұру керек. Расулуллаһтың мүбәрәк, нәзік бейнесін көз алдыңа келтіріп, оның сені білетінін, сөзіңді, сәлеміңді және дұғаларыңды еститінін, жауап беретінін, «Әмин» дейтінін ойлау керек. Өйткені Расулуллаһ: «Кім маған қабірімнің жанында салауат айтса, мен оны естимін», – деді. Сондай-ақ хадис шәрифте Расулуллаһтың Қабр-и шәрифінде бір періште өкіл етіп қалдырылғаны, ол періштенің үмметінен сәлем бергендердің сәлемін оған жеткізетіні білдірілді. Сосын: «Әссаламу алейкә йа сәййиди йа Расулаллаһ! Әссаламу алейкә йа Нәбиййаллаһ! Әссаламу алейкә йа Сафиййаллаһ! Әссаламу алейкә йа Хабибаллаһ! Әссаламу алейкә йа Нәбиййәр-рахмәти! Әссаламу алейкә йа Шәфи’әл-үммәти! Әссаламу алейкә йа Сәййидәл-мурсәлин! Әссаламу алейкә йа Хатәмән-нәбиййин!» – деп айту керек.

«Аллаһу та’ала саған ең жоғары сыйақы мен сый берсін. Мен куәлік етемін: сен пайғамбарлық міндетіңді атқардың. Аманатты жеткіздің. Үмметіңе насихат еттің. Саған яқин (өлім) келгенше, Аллаһу та’ала жолында жиһад еттің. Аллаһу та’ала саған қиямет күніне дейін салауат пен сәлем жеткізсін. Йа, Расулаллаһ! Біз саған өте алыс жерлерден келдік. Сенің Қабр-и шәрифіңді зиярат ету, ақыңды өтеу, сенің жасағандарыңды орнында көру, сені зиярат етіп береке алу, Аллаһу та’аланың құзырында бізге шапағатшы болуыңды сұрау үшін келдік. Өйткені қателеріміз белімізді бүкті. Күнәларымыз иығымызға ауыр батты. Йа, Расулаллаһ! Сен әрі шапағат етуші, әрі шапағаты қабыл болатын жансың. Мақам-и Махмуд саған уәде етілген. Аллаһу та’ала да Құран кәрімде (Ниса сүресінің 64-аятында мағынасы бойынша): „Біз әрбір пайғамбарды тек Аллаһу та’аланың бұйрығымен (ол жіберілген қауымы) оған бағынсын деп қана жібердік. Олар өз нәпсілеріне зұлымдық еткеннен (өздеріне зиян келтіргеннен) кейін саған келіп, Аллаһу та’аладан кешірім сұраса, Расулым да олар үшін истиғфар етсе, Аллаһу та’аланы, әлбетте, тәубелерді қабыл етуші әрі рақымды деп табар еді“, – дейді. Біз сенің құзырыңа келдік. Бірақ біз нәпсілерімізге зұлымдық еттік. Күнәларымыздың кешірілуін сұраймыз. Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’аланың құзырында бізге шапағат ет. Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’аладан біздің рухымызды сенің сүннетіңде болған күйде алуын, ертең қиямет күні сенімен бірге махшар жеріне келетіндердің арасына қосуын, сенің хауызыңа келіп, одан ішуді нәсіп етуін сұра. Йа, Расулаллаһ! Сенің шапағатыңды сұраймыз», – деп дұға ету керек. Сосын мағынасы «…Йа, Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иманмен өткен бауырларымызды кешір! Иман келтіргендерге қарсы жүрегімізде ешбір кек қалдырма! Йа, Раббымыз! Шүбәсіз, Сен өте мейірімді әрі рақымдысың!» болған Хашр сүресінің 10-аятын оқу керек.

Сосын сәлем жіберушілердің сәлемін жеткізіп: «Әссаламу алейкә йа Расулаллаһ! Пәлен кісі сенің Аллаһу та’аланың құзырында оған шапағатшы болуыңды сұрайды. Оған және барлық мұсылмандарға шапағат ет», – деп айтып, қалағанынша салауат айту керек.

Сосын жарты метр оңға, хазреті Әбу Бәкір Сыддықтың мүбәрәк басының тұсына келіп: «Әссаламу алейкә йа халифәтә Расулиллаһ! Әссаламу алейкә йа рафиқаһу фил-ғар! Әссаламу алейкә йа әминәһу аләл-әсрар! Аллаһу та’ала саған, осы үмметтің имамына, ең жоғары сыйақы мен сый берсін. Сен Расулуллаһқа ең көркем түрде халифа болдың. Оның ұлы сүннетіне ең жақсы түрде ілестің. Мүртәдтермен (діннен шыққандармен) және тура жолдан тайғандармен соғыстың. Әрдайым ақиқатты айттың. Қайтыс болғанша хақ жолдағыларға жәрдемші болдың. Аллаһу та’аланың сәлемі, рақымы және берекесі саған болсын! Аллаһым! Рақымыңмен рухымызды оны сүйген күйде ал. Оны зиярат етуімізді босқа шығарма!» – деп дұға ету керек.

«Қабірім мен мінберімнің арасы – жәннат бақтарының бір бағы. Мінберім хауызымның үстінде» Хадис шәриф

Сосын тағы жарты метр оңға, хазреті Омардың қабірінің тұсына келіп: «Әссаламу алейкә йа Әмирәл-мүминин! Әссаламу алейкә йа Музһирәл-ислам! Әссаламу алейкә йа Муксирәл-әснам! Аллаһу та’ала саған ең жоғары сыйақы мен сый берсін. Тірі кезіңде де, қайтыс болғанда да исламға және мұсылмандарға жәрдем еттің. Жетімдерге кепіл болдың. Туыстарға жақсылық жасадың. Мұсылмандарға олар разы болған, өзі де хидаятта болған әрі адамдарды тура жолға бастаған бір жетекші болдың. Олардың істерін ретке келтірдің. Кедейлерін бай еттің, жараларын таңдың. Аллаһу та’аланың сәлемі, рақымы және берекесі саған болсын!» – деп айту керек.

Сосын хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омарға қарап: «Әссаламу алейкумә йа дажиғай Расулиллаһи уә рафиқайһи уә уәзирайһи уә муширайһи уәл-муғауинәйни ләһу аләл-қиями фид-дини уәл-қаимәйни ба’дәһу би-мәсалихил-муслимин! Аллаһу та’ала сендерге ең көркем сыйақы берсін. Расулуллаһтың бізге шапағат етуін, еңбегімізді қабыл етуін, бізді ислам дінінде өлтіріп, тағы да ислам дінінде тірілтуін, қиямет күні Расулуллаһқа жақын болғандардың арасында жинауын Аллаһу та’аладан сұрасаңдар екен деп, сендерді Расулуллаһтың құзырында уәсила етеміз», – деп айту керек.

Сосын өзіне, ата-анасына, дұға сұрағандарға және барлық мұсылмандарға дұға ету керек. Осыдан кейін Расулуллаһтың мүбәрәк жүзіне қарсы тұрып: «Аллаһым! Сен (мағынасы бойынша): „Біз әрбір пайғамбарды тек Аллаһу та’аланың бұйрығымен (ол жіберілген қауымы) оған бағынсын деп қана жібердік. Олар өз нәпсілеріне зұлымдық еткеннен (өздеріне зиян келтіргеннен) кейін саған келіп, Аллаһу та’аладан кешірім сұраса, Расулым да олар үшін истиғфар етсе, Аллаһу та’аланы, әлбетте, тәубелерді қабыл етуші әрі рақымды деп табар еді“12, – дейсің. Йа, Раббым! Сенің ұлы сөзіңе ілесіп, бұйрығыңа бағынып, сүйікті Пайғамбарыңның Сенің құзырыңда бізге шапағат етуін сұраймыз», – деп дұға еткеннен кейін бұрын оқыған дұғаны, яғни Хашр сүресінің 10-аятын (мағынасы бойынша) оқиды:

«…Йа, Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иманмен өткен бауырларымызды кешір! Иман келтіргендерге қарсы жүрегімізде ешбір кек қалдырма! Йа, Раббымыз! Шүбәсіз, Сен өте мейірімді әрі рақымдысың!» Сосын «Раббәнағфир ләнә уә ли-әбаинә уә ли-үммәһатинә уә ли-ихуанинәл-ләзинә сәбәқуна бил-иман», «Раббәнә әтинә…» және «Субханә Раббикә…» аяттарын оқып, Хужра-и сәадатты зиярат етуді аяқтайды. Сосын Расулуллаһтың қабірі мен мінберінің арасындағы Рауза-и мутаххараға келеді. Бұл – төртбұрышты бір жер. Мұнда қалағанынша намаз оқиды. Дұға етеді. Тәсбихтер айтады. Аллаһу та’алаға хамд пен сәна айтады. Сосын мінбердің жанына келеді. Расулуллаһтың берекесі өзіне жетсін деген ниетпен Пайғамбарымыз хұтба оқығанда мүбәрәк қолын қойған жерге қолын қояды. Мұнда екі рәкат намаз оқиды. Аллаһу та’аладан қалағандарын сұрайды. Аллаһу та’аланың ашуынан Оның рақымына сыйынады. Сосын бұрын Ханнанә бағанасы тұрған жерге қойылған бағананың жанына келеді. Ханнанә – Расулуллаһ хұтба оқу үшін мінберге ауысып, оны тастап кеткенде ыңырсып, сосын Расулуллаһ түсіп, оны құшақтағанда тынышталған бағана. Сосын хазреті Әбу Лубаба өзін байлап, тәубе еткен бағананың жанына келеді. Мұнда екі рәкат намаз оқиды әрі Аллаһу та’алаға тәубе мен истиғфар етеді. Қалаған дұғаларын жасайды.

Мұнда болған уақыт ішінде түндерді Құран кәрім оқып, Аллаһу та’аланы зікір етіп, мінбер мен қабірдің жанында жасырын және ашық дұға етіп, рабыта жасап өткізу керек. Расулуллаһты зиярат еткеннен кейін Бақи зиратына барып, оны да зиярат ету мустахаб. Сосын басқа қабірлерді, әсіресе Сәййидуш-шуһада (шәһидтердің мырзасы) хазреті Хамзаның қабірін зиярат ету керек. Сондай-ақ Бақиде хазреті Аббасты және сонда жерленген Хасан бин Әлиді, Зәйнул-Абидинді, оның ұлы Мұхаммед Бақирды және оның ұлы Жафар Садықты, мүминдердің әмірі хазреті Османды, Расулуллаһтың ұлы Ибраһимді, Расулуллаһтың сонда жерленген пәк жұбайларын, оның әкесінің қарындасы Сафияны және сахабалар мен табиғиндерден болған тағы да көптеген ұлы кісілерді (радиаллаһу анһум әжмаин) зиярат ету керек. Бақидегі Фатима мешітінде намаз оқу керек. Бейсенбі күні Ухуд шәһидтерін зиярат ету мустахаб. Онда: «Сәләмун алейкум бимә сабартум. Фәни’мә ұқбәд-дар. Сәләмун алейкум йа әһлә дарил-қаумил-мүминин, уә иннә иншаллаһу ан қарибин бикум ләхиқун», – деп айту керек. Сосын Аятул-Күрсиді және Ықылас сүресін оқу керек. Хужра-и сәадатты зиярат етушілер өте сергек болуы тиіс. Көңілдерінде дүние ойлары болмауы тиіс. Мұхаммед алейһиссаламның мүбәрәк нұрын және дәрежесінің ұлылығын ойлау керек. Дүние істері, ұлы адамдармен кездесіп пайда табу, сауда ойларымен жасалған дұғаларды Аллаһу та’ала қабыл етпейді, олар тілектеріне жете алмайды. Хужра-и сәадатты зиярат ету – мәртебелі ғибадат. Бұған сенбейтіндердің мұсылмандықтан шығып кетуінен қорқылады. Өйткені олар Аллаһу та’алаға, Оның Расулына және барлық мұсылмандарға қарсы шыққан болады. Мәлики ғалымдарының бірнешеуі Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) зиярат ету уәжіп десе де, оның мустахаб екені бір ауыздан білдірілген.

«Йа, Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иманмен өткен бауырларымызды кешір! Иман келтіргендерге қарсы жүрегімізде ешбір кек қалдырма! Йа, Раббымыз! Шүбәсіз, Сен өте мейірімді әрі рақымдысың!» Хашр: 10

ӘС-СУБХУ БӘДӘ
Әссубху бәдә мин тал’атиһи.
Уәл-ләйлу дәжә мин уафратиһи.
Фәқар-русулә фадлән уә улә.
Әһдәс-субулә ли дәләләтиһи.
Таң нұрын оның жүзінен алды.
Түн болса қараңғылығын оның қара шашынан алды.
Ол абзалдығы мен ұлылығымен барлық расулдардан жоғары болды.
Хидаят тапқандар жолды оның көрсетуімен тапты.
Кәнзул-кәрами мәулән-ни’ами.
Һәдил-умами ли шәри’атиһи.
Әзкән-нәсәби а’ләл-хасәби.
Куллул-арәби фи хидмәтиһи.
Ол – жомарттық қазынасы, сол қазынадан үлестіруші еді.
Үмметтерді дініне және хидаятқа жеткізді.
Тегі өте пәк, мәртебесі өте ұлы.
Барлық арабтар оның қызметінде.
Сә’атиш-шәжәру нәтақал-хажәру.
Шуққал-қамәру би ишаратиһи.
Жибрилу әтә ләйләтә әсра.
Уәр-Раббу дә’а ли-хадратиһи.
Ағаштар оның құзырына жүгірді, тастар тіл бітіп сөйледі.
Оның (мұғжизалы) ишаратымен ай екіге жарылды.
Исра түнінде оған Жәбрейіл (алейһиссалам) келді.
Әрі Раббысы оны Өз құзырына шақырды.
Нәләш-шәрәфә уаллаһу афа.
Аммә сәләфә мин үммәтиһи.
Фә Мұхаммадунә һуә Сәййидунә.
Фәл-иззу ләнә би ижабатиһи.
Ол ұлы дәрежелерге жетті.
Аллаһ (жәллә жәләлуһ) да оның үмметін кешірді.
Біздің Мұхаммедіміз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) – ол біздің мырзамыз.
Оны қабыл еткеніміз үшін мәртебе – бізге.
Абдуллаһ бин Рауаха (радиаллаһу анһу)