Сүйікті Пайғамбарым

ДІННЕН ШЫҒУ ӘРЕКЕТТЕРІ

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жиырма үш жылдық пайғамбарлығы кезінде Араб түбегі түгелдей мұсылман болды, сондай-ақ басқа жерлерден де өте көп адамдар топ-топ болып келіп, исламды қабылдады. Олар Аллаһу та’алаға иман келтіріп, әрбір сөзінде және әрбір ісінде Ол жіберген Пайғамбарға ілесті. Расулуллаһ қайтыс болған кезде жер бетінде жүз жиырма төрт мыңнан астам (бір риуаятта жүз елу мыңға жуық) сахаба бар еді. Уәда қажылығынан кейін арабтар арасында кейбір адамдар пайғамбармын деп таласа бастады. Олардың алғашқысы Бәни Анс тайпасынан шыққан Әсуад-и Анси еді. Оның шын есімі – Абһала бин Ка’б. Ол түрлі айла-амалдармен Йемен халқынан көп адамды алдады. Нәжран тұрғындары да оған ілесті. Ол Сананы басып алып, бүлік шеңберін кеңейтті. Расулуллаһ науқас болса да, Әсуад-и Анси сияқты өтірікшілердің келтірген зияндарына ерекше назар аударды. Бұл өтірікшінің өлтірілгені Пайғамбарымызға уахи арқылы білдірілді. Расулуллаһ бұл оқиғаны ертесіне сахабаларға: «Кеше түнде өтірікші Әсуад-и Ансиді бауырларымыздың бірі өлтірді», – деп сүйіншіледі.

Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін мұнафықтардың, яһудилер мен христиандардың арандатуымен топ-топ болып иртидад (діннен шығу) әрекеттері басталды. Бұл әрекеттер үлкен көлемге жетті. Расулуллаһ қайтыс болған соң, құрметті сахабалар (алейһимур-ридуан) бір ауыздан Әбу Бәкір Сыддықты (радиаллаһу анһу) халифа етіп сайлады. Мұсылман болып көрінгенімен, исламға әлі жүректері жылымаған бәдәуи арабтардың бір бөлігі Пайғамбарымыздың қайтыс болуын сәтті сәт санап, парыз ғибадаттардан, әсіресе зекет беруден бас тартты. Құрметті сахабалардан (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) өздеріне міндетпен келгендерді шәһид етті. Мұсылман бола тұрып, ислам дінін тастады. Мүртәд болды. Йемендегі және басқа жерлердегі қызметкерлер кері қайтып, қаралы хабарлар әкеле бастады. Иртидад қаупі кенеттен ұлғайды. Жан-жақты үрей басты. Мүртәдтердің санымен салыстырғанда мұсылмандар өте аз еді. Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһу) мүртәдтермен соғысуға бел байлады. Мәдинаға шабуыл жасауға дайындалған жауға түнде қатты шабуыл жасап, таң атқанша соғысты. Олардың бәрін тоз-тоз етіп таратып жіберді. Алыстағы мүртәдтермен соғысуға бару үшін түйесіне мінді.

Хазреті Айша былай деді: «Арабтар діннен шыққан сол күндері әкем қылышын қынабынан суырып, түйесіне мінгенде, хазреті Әли оның қасына келіп, түйесінің жүгенінен ұстады да: „Ей, Расулдың халифасы! Қайда барасыз? Мен сізге Расулуллаһтың Ухуд соғысында айтқан сөзін айтамын. Ол сол күні сізге: «Қылышыңды қынабына сал! Өліміңмен бізді күйдірме!» – деген еді. Аллаһпен ант етемін, егер сізге бір нәрсе болса, сізден кейін мұсылмандар тәртіп таба алмайды“, – деді». Құрметті сахабалардың бәрі (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) хазреті Әлидің сөзін құптады. Хазреті халифа Мәдина-и Мунаууараға қайтты. Мүртәдтерге қарсы жасақтар жіберді. Халифа алдымен Мәдинаға жақын төрт тайпаға қарсы аттанып, оларды бағындырды. Сосын он бір тайпаға жасақтар жіберді. Солардың ішінде Икримәнің басшылығындағы әскер Йәмамада Мусәйләмәнің қырық мыңдық әскеріне қарсы тұра алмады.

«Йа, сүйікті Пайғамбарым! Оларға айт: „Егер Аллаһты сүйсеңдер және Аллаһтың да сендерді сүюін қаласаңдар, маған ілесіңдер! Аллаһ маған ілесушілерді сүйеді“» Али Имран: 31

Халифа көмекке Халид бин Уәлидті жіберді. Халид Тулайха бин Хууәйлидті, Сәжах бинт Харисті және Малик бин Нууайраны тас-талқан етіп, Мәдинаға оралды. Ол Йәмамада да үлкен жеңіске жетті. Жиырма мың мүртәдті өлтірді. Екі мыңға жуық мұсылман шәһид болды. Амр бин Ас та Хузаа тайпасын иманға келтірді. Ала бин Хадрами Бахрейнде ауыр соғыстар жүргізіп, мүртәдтерді таратты. Хузәйфә, Арфажа және Икримә Оман мен Бахрейнде бірігіп, мүртәдтерді жеңді. Он мың мүртәдті өлтірді. Халифа Халид бин Уәлидті Ирак жағына жіберді. Ол Хирадан жүз мың алтын жизья алды. Хурмуз басқарған Иран әскерін талқандады. Басрада отыз мыңдық әскерді тас-талқан етті. Көмекке келген жау әскерінен жетпіс мың кәпір өлтірілді. Сосын түрлі соғыстармен үлкен қалаларды алды. Халифа Мәдинада әскер жинап, Әбу Убайданы Шам жағына, Амр бин Асты Палестинаға жіберді. Сосын Язид бин Әби Суфйанды Шамға көмекке жіберді. Кейін тағы әскер жинап, хазреті Муауияны бауыры Язидке көмекке жіберді. Халид бин Уәлидті де Ирактан Шамға жіберді. Халид әскердің бір бөлігін Мусаннаға қалдырып, көптеген соғыстар мен жеңістермен Сирияға келді. Ислам әскерлері бірігіп, Әжнадайнда үлкен Византия әскерін жеңді. Сосын Ярмукта қырық алты мың ислам әскері Ираклийдің екі жүз қырық мың әскерімен ұзақ әрі өте ауыр соғыстар жүргізіп, жеңіп шықты. Жүз мыңнан астам Византия әскері өлтірілді. Үш мың мұсылман шәһид болды. Бұл соғыста мұсылман әйелдер де соғысты. Бас қолбасшы Халид бин Уәлид пен әскер бөлімінің басшысы Икримәнің таңғаларлық ерліктері көрінді. Бұл жеңістердің бәрі халифаның батылдығы, данышпандығы, көркем басқаруы және берекесі арқасында болды. Пайғамбарымыздың қайтыс болуымен бүкіл Араб түбегін өрттей шарпыған көтеріліс пен иртидад әрекеттері хазреті Әбу Бәкірдің ерен жігері, мызғымас еркі және әскерде жасаған орынды өзгерістері арқасында бір жыл сияқты қысқа уақыттың ішінде басылды. Хазреті Омар (радиаллаһу анһу) Усамә әскерінің Сирияға жіберілуінде және оқиғалардың алдын алуда үлкен қызмет атқарды. Абдуллаһ бин Сухәйл өз сөздерімен көп адамның діннен шығуына тосқауыл болды. Әбу Дужанә да оқиғаларды басуда өте үлкен қызмет атқарды. Нұғман бин Муқаррин мен Халид бин Саид мүртәдтермен болған соғыстарға қатысып, үлкен табыстарға жетті. Осылайша иртидад бүлігінің өршуіне жол берілмей, үлкен апаттың алды алынды, ислам бірлігін шайқалтуға бағытталған үлкен бүлік оты сөндірілді.

Алайда мақсаттарына ашықтан-ашық жете алмайтынын түсініп, діннен шығуға ұмтылған кейбір адамдар кейінгі дәуірлердегі бүлік әрекеттеріне де қатысты. Олар мұсылмандар арасында діни және саяси алауыздықтарға себеп болды.

Ислам тарихында осы оқиғалардан кейін дінді жоққа шығару, діннен шығу мағынасында «иртидад» (діннен шығу) және «мүртәд» (діннен шыққан адам) деген сөздер қолданыла бастады. Мүртәдтермен күресте хазреті Әбу Бәкірдің үлесі зор болды. Егер мұндай парасатты адам болмағанда, қауіп бүкіл Арабстанға тарар еді. Сондықтан хазреті Айша: «Расулуллаһтың рухы алынған соң, арабтар діннен шықты. Нифақ (екіжүзділік) бас көтерді. Әкемнің басына түскен ауыртпалық тауларға түссе, оларды, сөз жоқ, күл-талқан етер еді!» – деген.1

Хазреті Әбу Хурайра да: «Егер Әбу Бәкір болмағанда, Мұхаммед алейһиссалам қайтыс болғаннан кейін Мұхаммед үмметі құрып кетер еді!» – деген.2 Және: «Өзінен басқа илаһ жоқ Аллаһпен ант етемін, егер Әбу Бәкір халифалықты өз мойнына алмағанда, ұлы Аллаһқа ғибадат ететін ешкім қалмас еді!» – деп, бұл сөзін үш рет қайталаған.

Әбу Ража Утариди былай дейді: «Мәдинаға кіргенде, адамдардың жиналғанын және бір кісінің: „Мен саған құрбан болайын! Аллаһпен ант етемін, сен болмағанда, біз, сөз жоқ, құрып кетер едік!“ – деп, екінші бір кісінің басынан сүйгенін көрдім. „Бұл сүйіп тұрған және сүйілген кім?“ – деп сұрадым. „Мүртәдтермен соғысқаны үшін Омар Әбу Бәкірдің басынан сүйіп тұр!“ – десті».3

Хазреті Айша сол күндер туралы былай баяндайды: Расулуллаһ қайтыс болған соң араб тайпаларының көбі діннен шықты. Мұсылмандар қараңғы түнде жаңбыр астында қалғандай абдырап қалды. Тіпті сол кезде меккеліктердің көбі исламнан қайтуға дайындалды. Хазреті Сухәйл бин Амр Қағбаның есігінің алдына тұрып, меккеліктерге үн қатты. Оларға әсерлі сөз сөйлеп, күдіктерін сейілтті әрі діннен шығуларына жол бермеді. Ол оларға былай деді: «Ей, меккеліктер! Сендер мұсылман болғандардың ең соңғысы болдыңдар. Абайлаңдар, діннен шығатындардың, мұсылмандықтан қайтатындардың алғашқысы болмаңдар! Аллаһпен ант етемін, ұлы Аллаһ, Расул алейһиссалам айтқандай, бұл істі міндетті түрде толық аяқтайды! Мен оның дәл мен тұрған осы жерде жалғыз тұрып: „Менімен бірге «Лә илаһә иллаллаһ» деңдер, сендерге қарап арабтар дінге кірсін, араб еместер сендерге жизья төлесін! Аллаһпен ант етемін, Кисраның және Қайсардың қазыналары Аллаһ жолында жұмсалады!“ – дегенін естідім.

Мазақ еткендердің зекет пен садақа жинаушы болғанын көрдіңдер. Аллаһпен ант етемін, қалғаны да орындалады! Аллаһпен ант етемін, мен жақсы білемін: күн шығып, батып тұрғанша, бұл дін жалғаса береді! Араларыңдағы ана адамдар сендерді алдамасын! Мен білетін бұл істі олар да біледі. Бірақ Хашим ұлдарына деген көреалмаушылық олардың жүректерін мөрлеп тастады. Ей, адамдар! Мен – құрайыштықтардың арасында құрлықта да, теңізде де көлігі ең көп адаммын. Әміріңдерге бағыныңдар әрі зекеттеріңді соған төлеңдер. Егер ислам ісі соңына дейін жалғаспаса, мен сендердің зекеттеріңді өздеріңе қайтарып беруге кепілмін!» – деді де, жылады. Осыдан кейін халық басылды.4

Сухәйл бин Амр әсерлі сөзімен меккеліктерді иртидадтан бас тарттырғанда, Мекке әкімі Аттаб бин Әсид халықтың алдына шыға алды.

«Егер Әбу Бәкір болмағанда, Мұхаммед алейһиссалам қайтыс болғаннан кейін Мұхаммед үмметі құрып кетер еді!» Әбу Хурайра (радиаллаһу анһу)

Хужра-и сәадат / Мәсжид-и Нәбәуи

Сүйікті Пайғамбарымыздың (алейһиссалату уәссалам) және сахабаларының ішінде мұсылмандардың екі көз қарашығы болған
хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омардың (радиаллаһу анһума) мүбәрәк қабірлерінің
алдыңғы, яғни құбыла жағынан көрінісі.

Сухәйл бин Амр Бәдір соғысында тұтқындардың арасында еді. Хазреті Омар оның өлтірілуін қалады. Сол кезде Пайғамбарымыз хазреті Омарға: «Оны неге өлтіргің келеді? Қоя тұр, мүмкін Аллаһ оны сен де ұнататын бір мәртебеге жеткізер. Оның халық алдында сөз сөйлеуі де үміт етіледі!» – деген еді. Міне, хадис шәрифпен хабарланған сүйіншінің Сухәйл бин Амрдың (радиаллаһу анһу) көңілге қонымды мәртебеде сөйлеген осы сөзі екені белгілі болды.5 Хазреті Омар да Сухәйлдің сөзін естігенде, Пайғамбарымыздың хазреті Сухәйл туралы айтқан сөзін есіне алып, Пайғамбарымыз енді арада болмаса да: «Куәлік етемін: сен, сөз жоқ, Расулуллаһсың!» – деп айтудан өзін тыя алмады.6

Сенің ғашықтығың – барлық дертке дауа, йа, Расулаллаһ,
Сенің алдыңда тілектер қабыл, йа, Расулаллаһ.
Сенің нұрыңды көрген көз айға да, жұлдызға да қарамас,
Нұрыңнан түн де, күн де жарық, йа, Расулаллаһ.
Теріңнен гүлдер ашылар, сөзіңнен – бал мен шекер,
Сенімен сырқат жүректер шипа табар, йа, Расулаллаһ.
Патшаларға сүйіктісің, дерт пен зарға – емшісің,
Шапағатың күнәһарға – рахат, йа, Расулаллаһ.
Ай мен күн, жеті жұлдыз – бәрі сені мадақтайды,
Сенің сөзіңнен басқа сөз – қате, йа, Расулаллаһ.
Ібіліс сені қызғанады, ақымақ, айла құрады,
Сені сүйгені үшін Идрис – ұлы, йа, Расулаллаһ.
Әрдайым сенің дабылың соғылады, бес уақыт сүннетің тұрады,
Үйіңе кім келсе де, шақырылады, йа, Расулаллаһ.
Тікенекті бұталар жібек киді, шөлдер хош иіске толды,
Сен үшін тартқан азаптың дерті – адалдық, йа, Расулаллаһ.
Қанахандық Жүсіпті аз нәрсеге жасырын сатты,
Сені көру маған мың жанға тең, йа, Расулаллаһ.
Мүбәрәк қабірің жерде – нұрға толы,
Ал рухың көктерде жарқырайды, йа, Расулаллаһ.
Дәуіттің үстінде – сенің шапаның, Халилдің дастарханында – ниғметің,
Мұсаның қолындағы ғибратың – таяқ, йа, Расулаллаһ.
Мақамың – Қағба мен Зәмзәм, мәңгі берік әрі мықты,
Хызыр үмметіңе әрдайым су ішкізеді, йа, Расулаллаһ.
Шәййад Хамза сол Шаһтан мұңнан құтылуды тілейді,
Сені мадақтау – Аллаһтан сыйлық, йа, Расулаллаһ.
Şeyyâd Hamza

«Куәлік етемін: сен, сөз жоқ, Расулуллаһсың!» Хазреті Омар (радиаллаһу анһу)

Жәннатул-Бақи

Мәдина-и Мунаууарадағы Жәннатул-Бақи – мыңдаған құрметті сахабалардың (радиаллаһу анһум) кесенелері болған зират еді.

Мұндағы сол көркем кесенелер мен қабірлердің бәрі қиратылып, бұл жер, өкінішке қарай, жазық далаға айналдырылды.

АҚЫРЫН-АҚЫРЫН!

Әзірейіл басыңа келген заманда,
Сынар аяқ пен қол – ақырын-ақырын.
Мәулам нәсіп етсін дін мен иманды,
Ағар көзіңнен жас – ақырын-ақырын.
Биік ұшқан көңіл шаршар бір күні,
Өлшеу таразысы құрылар бір күні.
Әркімнің істегені сұралар бір күні,
Бұрылар ма, йа, Раббым, тіл ақырын-ақырын?
Тек нәпсіңе ердің, тәубе етпедің,
Не тапсаң, соны жедің, шүкір етпедің.
Ақыры осы қара топыраққа келдің,
Тартылар дүниеден қол – ақырын-ақырын.
Қабіріңнің үстіне орнатар тасты,
Бір уыс топыраққа қоярсың басты.
Әке ұлын көрмес, бауыр – бауырын,
Кетер, кері қайтпас жол – ақырын-ақырын.
Кафурлы жылы суды әкелер,
Сол нәзік денені түгел шешіндірер.
Өлгеніңді көрші-қолаң естір,
Кері қайтар достар – ақырын-ақырын.