Сүйікті Пайғамбарым

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ҚАЙТЫС БОЛУЫ

Хижреттің он бірінші жылы еді. Бұл жылы Жәбрейіл алейһиссалам келгенде сүйікті Пайғамбарымызға Құран кәрімді басынан аяғына дейін екі рет оқыды. Ал бұған дейінгі жылдарда ол Құран кәрімді бір рет оқитын. Жәбрейіл алейһиссалам ең соңынан жеткізген, мағынасы бойынша: «Аллаһу та’аланың жәрдемі мен жеңіс күні келіп, адамдардың Аллаһу та’аланың дініне (исламға) топ-тобымен кіріп жатқанын көргенде, Раббыңды хамдпен тәсбих айт! Одан кешірім тіле! Өйткені Ол тәубелерді әрдайым қабыл алады»1 деген Наср сүресін тыңдағаннан кейін Әлем сардары (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Ей, Жәбрейіл! Өлімімнің жақындағанын ішімнен сезіп тұрмын», – деді. Сонда Жәбрейіл алейһиссалам мағынасы бойынша: «Ахирет сен үшін дүниеден қайырлырақ. Сен „Разы болдым“ дегенше, Раббың саған әр қалағаныңды береді»2 деген аят кәрималарды оқыды.

Хижреттің он бірінші жылы, Сафар айының жиырма жетінші күні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүбәрәк басы ауыра бастады. Ол құрметті жұбайы хазреті Айшаның (радиаллаһу анһа) бөлмесіне кірді. Абдуррахман бин Әби Бәкірді шақырып, өзінен кейін Әбу Бәкір Сыддықтың халифа болып сайлануы үшін өсиет жаздыратынын айтып, сия сауыт пен қалам әкелуді бұйырды. Хазреті Әбу Бәкірдің ұлы Абдуррахман әмірді орындауға бара жатқанда, ол: «Кейін әкелерсің, әзірге тұра тұрсын!» – деді де, мүбәрәк мешітке шықты. Сүйікті Пайғамбарымыз сол күні Мәдинада болған барлық құрметті сахабаларға бесін намазына мешітке жиналу туралы хабар жіберді. Намазды оқытқаннан кейін Әлем сардары мінберге шығып, хұтба оқыды. Сахабаларына насихат айтып, олардан халалдық сұрады. Сосын Әбу Бәкір Сыддықтың сахабалар арасындағы артықшылығын, қадірін, одан өте риза екенін білдірді. Бұл хұтбаны тыңдаған барлық жүректер тебіреніп, көздерден жас парлап ақты. Сосын ол: «Ей, адамдар! Мені өз пайғамбарларың ретінде қалай таптыңдар?» – дегенде, құрметті сахабалар: «Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’ала сізге біздің атымыздан мол жақсылық берсін. Сіз біз үшін өте мейірімді әкедей, насихат айтатын мейірімді бауырдай едіңіз. Аллаһу та’ала сізге берген пайғамбарлық міндетін орындадыңыз. Сізге уахи етілгендерді бізге жеткіздіңіз. Раббыңыздың жолына, исламға даналықпен, көркем насихатпен шақырдыңыз. Аллаһу та’ала сізге ең көркем әрі ең ұлы сыйлар берсін», – деді.

Сонда Пайғамбарымыз: «Ей, мүминдер! Аллаһ үшін, кімнің менде хақы болса, тұрып келсін, қияметтен бұрын осында алсын», – деді.

Бірақ хақын алу үшін тұрып келген ешкім болмады. Расулуллаһ Аллаһу та’аланың атын атап, екінші және үшінші рет те: «Хақы бар адам келсін, алсын», – деді. Сонда құрметті сахабалардан әбден қартайған хазреті Укаша орнынан тұрды. Ол Расулуллаһтың алдына барып: «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Тәбүк жорығында мен сізбен бірге едім. Тәбүктен кетіп бара жатқанда менің түйем мен сіздің түйеңіз қатарласып қалды. Мен түйемнен түстім. Сізге жақындадым. Мақсатым сіздің мүбәрәк денеңізді сүю еді, сол кезде сіз менің арқамнан қамшымен ұрдыңыз. Неге ұрғаныңызды білмеймін», – деді.

«Ахирет сен үшін дүниеден қайырлырақ. Сен „Разы болдым“ дегенше, Раббың саған әр қалағаныңды береді» Духа: 4–5

Пайғамбарымыз: «Ей, Укаша! Аллаһу та’ала сені Өз Расулының әдейі ұруынан сақтасын», – деді де: «Ей, Біләл! Қызым Фатиманың үйіне бар. Сол қамшыны маған әкел», – деп бұйырды. Хазреті Біләл мешіттен шықты. Ол қолын басына қойып: «Расулуллаһ өзіне қысас жасатпақ!» – деп қатты таңғалды. Үйге жеткенде есікті қағып: «Ей, Расулуллаһтың қызы! Маған Расулуллаһтың қамшысын бер!» – деді. Хазреті Фатима анамыз: «Ей, Біләл! Қазір қажылықтың да, ғазаның да уақыты емес! Әкем қамшыны не қылады?» – деп сұрады. Хазреті Біләл: «Ей, Фатима! Хабарың жоқ па? Расулуллаһқа сонымен қысас жасалмақ!» – деді.

Фатима анамыз хазреті Біләлге қатаң тапсырды: «Ей, Біләл! Расулуллаһтан қысаспен хақын алуға кімнің көңілі разы болар екен? Ол сұраған екен, берейін. Бірақ Хасан мен Хусейнге айт: хақын кім алатын болса, қысасты соларға жасатсын. Ол кісі хақын солардан алсын. Ешқашан Расулуллаһқа қысас жасатпасын». Хазреті Біләл мешітке келіп, қамшыны Расулуллаһқа берді, ал ол оны хазреті Укашаға берді. Мұны көрген хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар: «Ей, Укаша! Міне, біз сенің алдыңда дайын тұрмыз, хақыңды бізден ал. Өтінеміз, Расулуллаһтан алма!» – деп жалынды. Сонда Пайғамбарымыз хазреті Әбу Бәкірге: «Ей, Әбу Бәкір! Сен қоя тұр, былай тұр. Ей, Омар! Сен де былай тұр. Аллаһу та’ала сендердің жоғары дәрежелеріңді біледі», – деді. Сосын хазреті Әли тұрып: «Ей, Укаша! Расулуллаһты ұруыңа көңілім разы емес. Міне, арқам мен ішім, кел, хақыңды менен ал, қаласаң, жүз рет ұр. Бірақ Расулуллаһқа тиіспе!» – дегенде, Пайғамбарымыз: «Ей, Әли! Сен де отыр. Аллаһу та’ала сенің де жоғары мәртебеңді, халіңді біледі», – деді. Бұл жолы хазреті Хасан мен Хусейн тұрып: «Ей, Укаша! Өзің де білесің, біз – Расулуллаһтың немерелеріміз. Сондықтан бізге қысас – Расулуллаһқа қысас деген сөз. Хақыңды бізден ал, өтінеміз, Расулуллаһты ұрма!» – дегенде, Пайғамбарымыз оларға: «Сендер де отырыңдар, ей, көздерімнің қуаныштары», – деді. Сосын: «Ей, Укаша! Кел, ұр!» – деді.

Укаша: «Йа, Расулаллаһ! Сіз мені ұрғанда, менің денем ашық еді», – дегенде, сүйікті Пайғамбарымыз мүбәрәк арқасын ашты. Сол кезде құрметті сахабалардың арасынан өксік естілді. Олар: «Ей, Укаша! Расулуллаһтың мүбәрәк арқасынан ұрмақсың ба?» – десті. Әркім қайғы ішінде күтіп тұрды. Хазреті Укаша Расулуллаһтың мүбәрәк арқасындағы пайғамбарлық мөрін көргенде, кенет: «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Хақын алу үшін сіздің мүбәрәк арқаңызды ұруға, сізге қысас жасауға кімнің күші жетсін, бұған кім батылы барсын?» – деді де, Ғаламның Сұлтанының мүбәрәк пайғамбарлық мөрін сүйіп алды. Сонда Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оған: «Жоқ, не ұрасың, не кешіресің», – деді. Хазреті Укаша: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Кешірдім. Аллаһу та’ала да қиямет күні мені кешірер ме екен?» – деді. Пайғамбарымыз: «Кімде-кім менің жәннаттағы жолдасымды көргісі келсе, мына қартқа қарасын», – деді. Расулуллаһтың бұл мүбәрәк сөзін естіген құрметті сахабалар оны екі көзінің арасынан сүйе бастады. Бәрі: «Бақыттысың, бақыттысың! Ей, Укаша! Расулуллаһпен бірге болудың құрметіне сен жәннатта жоғары дәрежелерге жеттің», – десіп жатты.3

Усамә бин Зәйдтің әскер басшысы болып тағайындалуы

Сафар айының соңғы күндері еді. Әлемдердің мырзасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) солтүстіктегі Византия империясы мұсылмандар үшін үлкен қауіпке айналмай тұрып, византиялықтарды тағы да исламға шақыруды, қабыл алмаса, олармен соғысып, ислам мемлекетіне бағындыруды қалады. Сондықтан ол батыр сахабаларына византиялықтармен соғысуға дайындалуды бұйырды. Құрметті сахабалар дайындалу үшін тарасты. Расул-и әкрам хазреті Усамә бин Зәйдті шақырып алып: «Ей, Усамә! Аллаһу та’аланың есімімен және берекесімен Шамға, Бәлқа шекарасына, Палестинадағы Дарумға, әкең шәһид болған жерге дейін бар. Ол жерлерді аттарға таптат. Мен сені бұл әскерге бас қолбасшы етіп тағайындадым. Убна халқының үстіне кенеттен барып, найзағайдай шабуыл жаса. Баратын жеріңе сенен бұрын хабар жетпейтіндей етіп жылдам бар. Өзіңмен бірге жол көрсетушілерді ал, тыңшылар мен бақылаушылар сенің алдыңда жүрсін. Аллаһу та’ала жеңіс нәсіп етсе, олардың арасында аз ғана тұр», – деді. Сосын Журфте әскери тұрағын құруды бұйырып, мүбәрәк қолдарымен туды байлап, оған тапсырды.4

Ол мешітте мінберге шығып: «Ей, сахабаларым! Усамәнің әкесі Зәйд әскер басшысы болуға лайық әрі менің алдымда ең сүйікті адам болғаны сияқты, одан кейін оның ұлы Усамә да әскер басшысы болуға сондай лайық. Усамә – менің алдымда адамдардың ең сүйіктілерінің бірі», – деді.

Хазреті Усамәнің басшылығымен соғысқа баратындардың арасында хазреті Әбу Бәкір, хазреті Омар, хазреті Әбу Убайда бин Жәррах, хазреті Са’д бин Әби Уаққас сияқты сахабалардың игі жақсылары да бар еді.

Бірақ келесі күні Ғаламның Сұлтаны кенеттен науқастанып қалғандықтан, әскердің аттануы Пайғамбарымыздың ахиретке көшуінен кейінге қалды. Сүйікті Пайғамбарымыз қатты безгек (қызба) ауруына шалдықты. Қызуы күннен-күнге көтеріліп, ауруы асқына берді.

Ауруы сәл басылған бір түні, түн ортасында ол төсегінен тұрды. Киініп, шығып кетуге дайындалды. Мұны көрген хазреті Айша анамыз: «Ата-анам, жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Қайда барасыз?» – деп сұрады. Әлем сардары (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Бақи қорымында жерленгендер үшін истиғфар етуге (кешірім тілеуге) әмір алдым. Соған бара жатырмын», – деп жауап берді.

Ол қасына Әбу Мууәйһиб пен Әбу Рафиді алып, сонда барды. Қорымда ұзақ-ұзақ дұға етіп, олардың кешірілуін және жарылқануын сұрап Аллаһу та’алаға жалбарынды. Пайғамбарымыздың соншалық табандылықпен жалбарынғанын көрген қасындағы сахабалар: «Біз де қазір осында жерленген болсақ еді, Расулуллаһтың осы дұғасына ие болу құрметіне лайық болсақ еді!» – деді. Сүйікті Пайғамбарымыз Әбу Мууәйһибке бұрылып: «Ей, Әбу Мууәйһиб! Маған дүние қазыналары мен ахирет ниғметтерінің арасында таңдау еркі берілді. Маған: „Қаласаң, дүниеде қал, сосын жәннатқа кір, қаласаң, Ликауллаһ (Аллаһу та’алаға қауышу) болсын да, жәннатқа кір“, – делінді. Мен Ликауллаһты, сосын жәннатты таңдадым», – деді.

«Ей, мүминдер! Аллаһ үшін, кімнің менде хақы болса, тұрып келсін, қияметтен бұрын осында алсын» Хадис шәриф

Бір күні ол Ухудта жатқан шәһидтер үшін кешірім сұрауға жолға шықты. Олар үшін Аллаһу та’алаға ұзақ-ұзақ жалбарынып дұға етті. Сосын мешітке келіп, құрметті сахабаларға: «Мен – Кәусар хауызына сендердің ең алдымен жететіндерің, сендерді қарсы алатындарың боламын. Біздің кездесетін жеріміз – сол жер… Менен кейін ширкке қайтады деп мен сендер үшін қорықпаймын. Бірақ дүниеге беріліп, сол үшін бір-біріңді қызғанып, бір-біріңді өлтіресіңдер де, ақырында сендерден бұрынғылар жоқ болып кеткендей, сендер де жоқ болып кетесіңдер деп қорқамын…» – деді. Сосын сәадатханасына кетті. Ауруы асқынды. Мүбәрәк жұбайлары сүйікті Пайғамбарымызға оның хазреті Айша анамыздың үйінде қалуын қалайтындарын, өз кезектерін соған беретіндерін білдірді. Ол пәк жұбайларының бұл жанқиярлығына қуанып, бәріне дұға етті де, қалған күндерін хазреті Айша анамыздың үйінде өткізе бастады. Расул-и әкрамның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қызуы қатты көтерілді. Қызудың қаттылығынан ол төсегінде бір жағынан екінші жағына аунауға мәжбүр болатын. Ол осы халде жатқанда, құрметті сахабалар оның халін білуге келіп, Пайғамбарымыздың қатты қиналғанына қатты қайғыратын. Әбу Саид Худри былай деп айтып берді: «Мен Расулуллаһтың мүбәрәк алдына кірген едім. Оның үстінде барқыт жамылғы бар еді. Безгектің қызуы жамылғының сыртына шығып тұрды, ыстығынан біз жамылғыға қолымызды тигізе алмадық. Біздің таңғалып, қайғырғанымызды көрген Расулуллаһ былай деді:

„Ең ауыр бәле пайғамбарларға келеді. Солай бола тұра, пайғамбардың бәлелерге қуанғаны сендердің өздеріңе берілген ниғметтерге қуанғандарыңнан артық“».

Үммү Бишр бинт Бәра былай деп айтып берді: «Мен Расулуллаһтың халін білуге барған едім. Оның мүбәрәк денесі оттай жанып тұрды. Мен: „Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Мен ешқашан мұндай ауыр ауру көрген емеспін!..“ – дедім. Ол былай деді: „Ей, Үммү Бишр! Безгектің қатты болуы – сауабымның көп болуы үшін. Бұл ауру – Хайбарда татып көрген улы еттің ізі. Сол еттің ащысын мен әрдайым сезіп жүрдім. Сол күні жеген у қазір менің әбһәрімді, яғни қолқа тамырымды үзіп барады“».5

Сүйікті Пайғамбарымыз хазреті Абдуллаһ бин Мәсудқа да былай деді: «Ауруға шалдыққан әрбір мұсылманның қателері мен күнәларын Аллаһу та’ала ағаштың жапырақтары түскендей түсіреді!»6 Ауру күннен-күнге асқынып бара жатты. Құрметті сахабалар бұған қатты қайғырып, үйлерінде тыныш отыра алмады. Олар мешітке жиналды. Пайғамбарымыздың халін білу үшін хазреті Әлиді оның алдына жіберді. Әлемдердің мырзасы ишарамен: «Сахабаларым не дейді?» – деп сұрады. Ол: «„Расулуллаһ арамыздан кетіп қалса!..“ – деп, қатты қайғырып, абыржып отыр», – деді. Сахабаларына мейірімі шексіз сүйікті Пайғамбарымыз ауруының қаттылығына шыдап, хазреті Әли мен хазреті Фадл бин Аббасқа сүйеніп мешітке келді. Мінберге шығып, Аллаһу та’алаға хамд пен мадақ айтқаннан кейін құрметті сахабаларға былай деді:

«Ей, сахабаларым! Менің өлімімді ойлап, уайымдап жүр екенсіңдер. Қай пайғамбар үмметінің арасында мәңгі қалып еді, мен де сендердің араларыңда мәңгі қалайын? Біліңдер, мен Раббыма қауышамын. Сендерге насихатым мынау: мұхажирлердің үлкендерін құрметтеңдер! Ей, мұхажирлер! Сендерге де өсиетім мынау: ансарларға жақсылық жасаңдар! Олар сендерге жақсылық жасады. Сендерді үйлеріне орналастырды. Өздерінің күнкөрісі қиын бола тұра, сендерді өздерінен жоғары қойды. Мал-мүліктеріне сендерді ортақ етті. Кімде-кім ансарларға басшы болса, оларға қамқор болсын, кемшілік жасағандары болса, кешірсін», – деді. Сосын өте көркем әрі әсерлі насихаттар айтып: «Аллаһу та’ала бір құлына дүниеде қалу мен Раббысына қауышудың арасында таңдау еркін берді. Ол құл Раббысына қауышуды қалады», – деді. Хазреті Әбу Бәкір Расулуллаһтың бұл сөздерімен өзінің қайтыс болатынын меңзегенін түсініп: «Жанымыз сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ!» – деп жылай бастады. Мейірім дариясы сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Жылама, ей, Әбу Бәкір!» – деп, оған сабыр етіп, шыдау керектігін бұйырды. Оның мүбәрәк көздерінен жас ағып тұрды. «Ей, сахабаларым! Ислам діні жолында адалдықпен әрі ықыласпен мал-мүлкін пида еткен Әбу Бәкірден мен өте разымын. Ахирет жолында өзіме дос таңдап алу мүмкін болса, мен оны таңдар едім», – деді де: «Мешітке ашылатын есіктердің Әбу Бәкірдікінен басқасының бәрін жабыңдар!» – деп бұйырды.

Сосын ол мінберден түсіп, хазреті Айша анамыздың бөлмесіне қайтты. Құрметті сахабалар жылай бастады. Осыдан кейін Пайғамбарымыз хазреті Әли мен Фадл бин Аббастың қолдарына сүйеніп, қайтадан мешітке келді. Мінбердің төменгі сатысында тұрып, құрметті сахабаларға былай деді: «Ей, мұхажирлер және ей, ансарлар! Уақыты белгілі болған нәрсеге қауышу үшін асығудың пайдасы жоқ. Аллаһу та’ала ешбір құлы үшін асықпайды. Кімде-кім Аллаһу та’аланың қаза мен қадарын өзгертуге, Оның еркінен үстем болуға әрекеттенсе, Ол оны қаһарына ұшыратып, құртады.

Аллаһу та’алаға айла жасап, Оны алдағысы келген адамның істері бұзылады, өзі алданады. Біліңдер, мен сендерге өте мейірімді әрі рақымдымын. Сендер де маған қауышасыңдар. Қауышатын жерлерің – Кәусар хауызының басы. Жәннатқа кіргісі, маған қауышқысы келетін адам бос сөз сөйлемесін. Ей, мұсылмандар! Кәпір болу, күнә жасау ниғметтің өзгеруіне, ризықтың азаюына себеп болады. Адамдар Аллаһу та’аланың бұйрықтарына бағынса, мемлекет басшылары, әмірлері мен билеушілері оларға рақым мен мейірім көрсетеді. Егер олар пасықтыққа, азғындыққа берілсе, шектен шығып, күнә жасаса, мейірімді басшыларға қауыша алмайды. Менің өмірім сендер үшін қайырлы болғаны сияқты, өлімім де қайыр әрі рақым. Егер біреуді орынсыз ұрған немесе оған жаман сөз айтқан болсам, маған дәл соны істеп, ақысын алуына разымын. Біреуіңнен орынсыз бір нәрсе алған болсам, оны қайтарып сұрауына разымын әрі халалдасуға дайынмын. Өйткені дүниенің жазасы ахиреттің жазасынан әлдеқайда жеңіл. Оған шыдау оңайырақ». Бұған дейін хазреті Әбу Бәкірге разылығын білдіргені сияқты, бұл хұтбада хазреті Омарға да разы екенін білдіріп: «Омар менімен бірге, мен де онымен біргемін. Менен кейін ақиқат Омармен бірге болады», – деді.

«Ең ауыр бәле пайғамбарларға келеді. Солай бола тұра, пайғамбардың бәлелерге қуанғаны сендердің өздеріңе берілген ниғметтерге қуанғандарыңнан артық» Хадис шәриф

Расулуллаһ осы хұтбадан кейін мінберден түсті. Намаздан соң қайтадан мінберге шығып, өсиет пен насихат айтты да: «Сендерді Аллаһу та’алаға тапсырдым», – деді де, сахабаларынан бөлініп, бөлмесіне кірді. Әлемдердің мырзасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ауруы қатты асқынған бір күні құрметті сахабалармен халалдасу, ахиретке құл ақыларымен кетпеу үшін Біләл Хабашиді шақыртты. Оған: «Халыққа жар сал! Мешітке жиналсын. Оларға соңғы өсиетімді айтқым келеді!..» – деді.

Хазреті Біләл сахабаларды мешітке жинады. Сүйікті Пайғамбарымыз хазреті Әли мен Фадлға сүйеніп, мешітке келді. Мінберге отырып, Аллаһу та’алаға хамд пен сәна айтқаннан кейін: «Ей, сахабаларым! Біліңдер, араларыңнан кететін уақытым жақындады. Кімнің менде ақысы болса, менен сұрасын. Мен үшін қымбат адам менен ақысын сұрасын немесе оны халал етсін, Раббыма және Оның рақымына бұл ақыларды өтеген күйде қауышайын», – деді. Сосын мінберден түсіп, бесін намазын оқытты. Намаздан соң тағы да мінберге шығып, намаздан бұрын айтқандарын қайталады. Пайғамбарымыз науқас кезінде азан оқылған сайын Мәсжид-и шәрифке шығып, құрметті сахабаларға имам болып, жамағатпен намаз оқитын.7 Сүйікті Пайғамбарымыздың қайтыс болуына үш күн қалғанда ауруы асқынды. Ол мешітке шығып, жамағатқа намаз оқыта алмады. Жамағатпен оқи алмаған алғашқы намазы құптан намазы еді.

Хазреті Біләл әдеттегідей сол уақытта есікке келіп: «Әс-салат йа Расулаллаһ!» – деді. Сүйікті Пайғамбарымыздың әлсіздіктен мешітке баруға шамасы жоқ еді. Ол: «Әбу Бәкірге айтыңдар! Сахабаларыма намаз оқытсын», – деді. Хазреті Айша анамыз: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Әкем жұмсақ жүректі әрі өте көңілшек адам. Сіздің орныңызға тұрып, ол жерде сізді көрмесе, жылағаннан оқи алмайды. Имамдыққа Омардың тұруын бұйырмайсыз ба?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз тағы да: «Әбу Бәкірге айтыңдар! Сахабаларыма имам болып, намаз оқытсын», – деді. Хазреті Біләл бұл туралы Әбу Бәкір Сыддыққа хабарлады. Хазреті Әбу Бәкір михрабта Расулуллаһты көрмеген соң, жүрегіне оқ тигендей болды, есінен айырыла жаздады. Жылады!.. Жылады!.. Құрметті сахабалар да жылай бастады. Хабибуллаһ мешіттен келген бұл жылау дауысының не екенін сұрағанда, хазреті Фатима анамыз: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Сахабаларыңыз сізден айырылуға шыдай алмай жылап жатыр!..» – деп, жағдайды жеткізді.8 Мейірім дариясы сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қатты тебіренді. Сахабаларын жұбату үшін ауруы қатты асқынғанына қарамастан, әрең дегенде орнынан тұрды. Хазреті Әли мен хазреті Аббасқа сүйеніп, мешітке келді. Намаздан кейін: «Ей, сахабаларым! Сендер Аллаһу та’аланың қорғауындасыңдар әрі мен сендерді Аллаһу та’алаға аманат еттім! Тақуа болыңдар. Аллаһу та’аладан қорқыңдар. Аллаһу та’аланың бұйрығын ұстаныңдар әрі бағыныңдар. Мен енді бұл дүниеден кетіп барамын», – деді.

Сүйікті Пайғамбарымыздың қайтыс болуына үш күн қалған еді. Жәбрейіл алейһиссалам Расулуллаһтың хал-жағдайын білуге келіп: «Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’аланың саған сәлемі бар. Жағдайыңды біле тұра, қалай екеніңді, өзіңді қалай сезінетініңді сұрайды», – деді. Әлемдердің мырзасы болса: «Қайғылымын!» – деді. Жәбрейіл алейһиссалам жексенбі күні де келіп, сол сөздерді айтты. Пайғамбарымыз тағы да бұрынғы жауабын берді. Бұдан басқа Жәбрейіл алейһиссалам Йеменде өзін пайғамбар деп жариялаған Әсуад-и Ансидің өлтірілгенін хабарлады. Расул-и әкрам мұны сахабаларына білдірді. Науқастанбай тұрып, оған бірнеше алтын келген еді; ол олардың бірнешесін кедейлерге, бірнешесін хазреті Айшаға берген болатын. Жексенбі күні Расулуллаһтың ауруы асқынды. Қасына келген әскер қолбасшысы хазреті Усамәге ол ештеңе айтпады. Бірақ мүбәрәк қолдарын көтеріп, оның үстінен сипады. Оған дұға еткені аңғарылды. Ауруының он үшінші әрі соңғы күні… Ол күн сүйікті Пайғамбарымыз дүниеге келіп, әлемді мәртебелі еткен күн сияқты Рабиул-әууәл айының он екісі және дүйсенбі еді. Ғаламның Сұлтаны мүбәрәк денесінде біраз жеңілдік сезінді… Құрметті сахабалар Әбу Бәкір Сыддықтың артында таң намазын оқуға дайындалып жатқанда, Әлемдердің мырзасы Мәсжид-и шәрифке келді. Үмметінің сап-сап болып тізіліп, ғибадат етіп тұрғанын көрді. Қуанып, жымиды. Құрметті сахабалар да Расулуллаһты мешітте көргенде, ауруы басылды деп ойлап, қуанды. Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһу) сүйікті Пайғамбарымыздың келгенін түсініп, артқа шегінгісі келді. Пайғамбарымыз оған «Орныңда тұр!» деген мағынада ишарат етті. Өзі хазреті Әбу Бәкірге ұйып, оның артында намаз оқыды.9 Осылайша Расулуллаһтың бұйрығымен хазреті Әбу Бәкір құрметті сахабаларға он жеті уақыт намаз оқытты. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) намаздан кейін хазреті Айшаның бөлмесіне кіріп жатты. Ол: «Аллаһу та’аланың құзырына дүние малын қалдырмай барғым келеді. Сенің қолыңда қалған алтындарды да кедейлерге тарат!» – деді. Сосын қызуы көтерілді. Біраздан соң ол қайтадан көзін ашып, хазреті Айшадан алтындарды таратты ма, жоқ па деп сұрады. Ол тарататынын айтты. Пайғамбарымыз оларды дереу таратуды қайта-қайта бұйырды. Алтындар дереу таратылып, бұл оған хабарланғанда: «Енді көңілім жайланды», – деді. Төсегінде біраз тынығып алған соң, ол қасына хазреті Әлиді шақыртты. Мүбәрәк басын оның құшағына қойды. Мүбәрәк маңдайы терлеп, мүбәрәк реңі өзгерген еді. Хазреті Фатима анамыз мүбәрәк әкесінің бұл халін көргенде, қарап тұруға шыдай алмай, ұлдары хазреті Хасан мен хазреті Хусейннің қасына кетті. Олардың қолдарынан ұстап, жылай бастады: «Ей, менің әкем! Қызыңызға кім қамқор болады? Хасан мен Хусейнді кімге аманат етесіз? Уа, әкетай! Жаным сізге құрбан болсын! Сізден кейін менің халім не болады? Сіздің мүбәрәк жүзіңізден кейін көзім кімге қарайды?» Расулуллаһ қызының жүректі өртейтін бұл сөздерін естігенде, мүбәрәк көздерін ашып, оны қасына шақырды да: «Йа, Раббым! Оған сабыр бер», – деп дұға етті. Сосын: «Ей, Фатима! Ей, көзімнің нұры! Әкең жан тапсырып жатыр!» – дегенде, оның өксіп жылауы тіпті күшейе түсті. Хазреті Әли: «Ей, Фатима! Өтінемін, тынышталшы, Расулуллаһты бұдан әрі қайғыртпа!» – дегенде, сүйікті Пайғамбарымыз: «Ренжітпе оны, ей, Әли! Әкесі үшін көз жасын төксін!..» – деді. Сосын мүбәрәк көздерін жұмып, есінен танғандай болды. Осыдан кейін хазреті Хасан мүбәрәк атасының қасына келіп, жылап: «Ей, менің мүбәрәк атам! Сізден айырылуға кім шыдай алады? Жүрегіміздің мұңын кімге шағамыз? Сізден кейін анама, әкеме және бауырыма кім мейірім көрсетеді? Жұбайларыңыз бен сахабаларыңыз сіздің сол көркем мінезіңізді қайдан табады?..» – дегенде, Пайғамбарымыздың мүбәрәк жұбайларының шыдауға шамасы қалмады, бәрі бірге үнсіз жылай бастады. Сыртта қатты қайғырып күтіп тұрған құрметті сахабалар Пайғамбарымыздың ауруы қатты асқынғанын естігенде, жүректері өртенді. Олар жылай бастады. Сүйікті Пайғамбарларының мүбәрәк жүзін соңғы рет болса да көру үшін есік алдында: «Өтінеміз, есікті ашыңдар! Расул алейһиссаламның мүбәрәк жүзін тағы бір рет көрейік!..» – деп жалынды. Әлемдерге рақым етіп жіберілген Аллаһу та’аланың хабибі, сүйіктісі сахабаларының бұл жалынышын естігенде, оларға мейірім етіп: «Есікті ашыңдар!» – деді. Сахабалардың игі жақсылары ішке кірді. Сүйікті Пайғамбарымыз оларға сабыр етуді насихаттағаннан кейін: «Ей, сахабаларым! Сендер адамдардың ең абзалы, ең мәртебелілерісіңдер. Сендерден кейін кім келсе де, сендер олардың бәрінен бұрын жәннатқа кіресіңдер. Дінді берік ұстауда табанды болыңдар және ұлы Құранды имам (жол көрсетуші) етіп алыңдар.

«Ей, сахабаларым! Сендер Аллаһу та’аланың қорғауындасыңдар әрі мен сендерді Аллаһу та’алаға аманат еттім! Тақуа болыңдар» Хадис шәриф

Діннің үкімдерінен ғапыл болмаңдар», – деді. Сосын: «Йа, Раббым! Жеткіздім бе?» – деп, мүбәрәк көздерін жұмды. Мүбәрәк жүзі терледі. Хазреті Әли сахабаларға ишаратпен шығуларын айтты. Олар шығып кеткен соң, оның қасына хазреті Айша анамыз келіп, насихат сұрады. Пайғамбарымыз: «Ей, Айша! Үйіңнің бір бұрышында отырып, өзіңді сақта!» – дегеннен кейін мүбәрәк көздерінен жас аға бастады. Ғаламның Сұлтаны жылап жатты… Ол жердегілердің жүректері жараланып, бауырлары езілді. Хазреті Үммү Сәләмә анамыз: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Неге жылайсыз?» – деп сұрағанда, ол: «Үмметіме рақым етілуі үшін жылаймын», – деді.

Күн төбеге қарай көтеріліп келе жатты. Уақыт жақындаған еді… Сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк басы хазреті Айша анамыздың кеудесіне сүйеулі тұрды. Әлемдердің мырзасы енді соңғы сәттерін өткеріп жатты, оның мүбәрәк ернінен мына сөздер төгілді: «Аман! Аман! Қол астарыңдағы құлдарыңа жақсы қараңдар! Оларға киім кигізіңдер, қарындарын тойдырыңдар. Олармен жұмсақ сөйлесіңдер. Намазды, намазды жалғастырыңдар. Әйелдерің мен құлдарың жайында Аллаһу та’аладан қорқыңдар!.. Аллаһым! Мені кешір! Маған рақымыңды бер!.. Мені Рафиқ-и а’ла тобына қауыштыр!..» Хазреті Фатима анамыздың көз жасы селдей ағып, ыңырсығаны бауырларды өртеп жатты. Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оны қасына отырғызып: «Қызым, сәл сабыр ет, жылама. Өйткені Хамәлә-и Арш (періштелер) сенің жылағаныңа қосылып жылайды», – деді. Ол хазреті Фатима анамыздың көз жасын сүртті. Оны жұбатып, Аллаһу та’аладан оған сабыр тіледі де: «Ей, қызым, менің рухым алынады. „Иннә лилләһи уә иннә иләйһи ражиун“ деп айт. Ей, Фатима! Келген әрбір қиындыққа сауап беріледі», – деді. Біраз мүбәрәк көздерін жұмып жатқан соң: «Бұдан кейін әкеңе қайғы-қасірет болмайды. Өйткені ол фәни дүниеден, бейнет мекенінен құтылады», – деді. Сосын хазреті Әлиге: «Ей, Әли! Менің мойнымда пәлен яһудидің осынша малы бар. Әскер жабдықтау үшін алған едім. Оны төлеуді ұмытпа. Әрине, сен мені бұл қарыздан құтқарасың, әрі Кәусар хауызының басында менімен кездесетіндердің біріншісі – сенсің. Менен кейін саған көп зиян келеді, сабыр ет. Адамдар дүниені қалаған кезде сен ахиретті таңда», – деді.

Хазреті Усамә тағы да келді. Расулуллаһ: «Аллаһу та’ала саған жәрдемші болсын! Қане, соғысқа аттан!» – деді. Ол да шығып, әскеріне барды да дереу жолға шығуға бұйрық берді.10

Әлемдердің мырзасы енді соңғы демдерін алып жатты… Уақыт әбден жақындаған еді… Аллаһу та’ала Әзірейіл алейһиссаламға: «Хабибіме ең көркем кейіпте бар! Егер рұқсат берсе, рухын өте жұмсақ әрі жеңіл етіп ал. Рұқсат бермесе, кері қайт!» – деп уахи түсірді. Әзірейіл алейһиссалам ең көркем кейіпте, адам бейнесінде сүйікті Пайғамбарымыздың сәадатханасының есігінің алдына келіп: «Әссаламу алейкум, ей, пайғамбарлық үйінің иесі! Ішке кіруге рұқсат бересіз бе? Аллаһу та’ала сізге рақым етсін!» – деді.

Хазреті Айша анамыз сүйікті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қасында отырған хазреті Фатимаға: «Мына келген адамға сен жауап бер», – деді. Хазреті Фатима есікке барып, өте мұңды дауыспен: «Ей, Аллаһу та’аланың құлы! Расулуллаһ қазір өз халімен әлек», – деді. Әзірейіл алейһиссалам тағы да рұқсат сұрады. Тағы сол жауап берілді. Үшінші рет сәлемін қайталап, міндетті түрде кіруі керек екенін қатты дауыспен айтқанда, Пайғамбарымыз мұны естіп: «Ей, Фатима! Есік алдында кім тұр?» – деді.

Хазреті Фатима: «Йа, Расулаллаһ! Есік алдында біреу кіруге рұқсат сұрап тұр. Мен оған бірнеше рет жауап бердім. Бірақ үшінші рет үн қатқанда денем түршігіп кетті», – деді. Осыдан кейін Расулуллаһ: «Ей, Фатима! Есік алдындағы кім екенін білесің бе? Ол – ләззаттарды бұзатын, жиындарды тарататын, әйелдерді жесір, балаларды жетім қалдыратын, үйлерді қаңыратып, қабірлерді толтыратын өлім періштесі Әзірейіл. Ей, Әзірейіл, кір!» – деді. Сол кезде хазреті Фатима анамыз айтып жеткізгісіз қайғыға батты, оның мүбәрәк аузынан: «Уа, Мәдина, қирадың!» – деген сөздер шықты. Пайғамбарымыз хазреті Фатиманың қолын ұстап, мүбәрәк кеудесіне қойды да, мүбәрәк көздерін жұмды. Ол жердегілер оның мүбәрәк рухы алынды деп ойлады. Хазреті Фатима анамыз шыдай алмай, әкесінің мүбәрәк құлағына қарай иіліп, жүректі жаралайтын үнмен: «Ей, әкетайым!..» – деп үн қатты. Ешбір жауап болмаған соң, бұл жолы: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Өтінемін, мүбәрәк көздеріңізді бір ашып, маған бір сөз айтыңызшы…» – деді. Әлемдердің мырзасы мүбәрәк көздерін ашып, қызының көз жасын сүртті де, оның құлағына қайтыс болатынын айтты. Осыдан кейін хазреті Фатима жылай бастады. Бұл жолы ол оның құлағына: «Әһли бәйтімнен ең алдымен менің қасыма келетін адам – сенсің», – деді. Ол бұл сүйінші хабарға қуанып, жұбаныш тапты.

«Аллаһым! Мені кешір! Маған рақымыңды бер!.. Мені Рафиқ-и а’ла тобына қауыштыр!..» Хадис шәриф

Хазреті Фатима анамыз: «Ей, әкетайым! Бүгін айырылысу күні! Сізге қайтадан қашан қауышамын?» – деп сұрады. Расулуллаһ: «Ей, қызым! Мені қиямет күні хауыздың жиегінен табасың. Үмметімнен хауызға келгендерге мен су беремін», – деді. Хазреті Фатима: «Егер сізді ол жерден таба алмасам, не істеймін?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Мизанның қасынан табасың. Ол жерде мен үмметіме шапағат етемін», – деді.

Хазреті Фатима анамыз: «Ол жерден де таба алмасам ше, йа, Расулаллаһ?» – дегенде, Пайғамбарымыз: «Сираттың қасынан табасың. Мен ол жерде Раббыма: „Йа, Раббым! Үмметімді оттан сақта!“ – деп жалбарынамын», – деді.

Осыдан кейін хазреті Әли мұңды дауыспен: «Йа, Расулаллаһ! Сіз рухыңызды тапсырғаннан кейін сізді кім жуады, қандай кебінге ораймыз, жаназа намазыңызды кім оқытады, қабірге кім қояды?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз былай деді:

«Ей, Әли, мені сен жу, Фадл бин Аббас саған су құйып тұрсын. Жәбрейіл сендердің үшіншілерің болады. Жуу (ғұсыл) ісін бітірген соң, мені кебіндейсіңдер. Жәбрейіл жәннаттан хош иіс әкеледі. Сосын мені мешітке апарып, өздерің шығыңдар. Өйткені ең алдымен Жәбрейіл, сосын Микаил, сосын Исрафил, сосын періштелер топ-топ болып менің жаназа намазымды оқиды. Одан кейін сендер кіріңдер, сап-сап болып тұрыңдар. Ешкім менен алға шықпасын».11 Сосын күтіп тұрған Әзірейіл алейһиссаламнан: «Ей, Әзірейіл! Халімді білуге келдің бе, әлде рухымды алуға ма?..» – деп сұрағанда, Әзірейіл алейһиссалам: «Мен әрі қонақ, әрі міндетімді атқарушы болып келдім. Аллаһу та’ала маған сенің құзырыңа тек рұқсатыңмен кіруді бұйырды. Мүбәрәк рухыңды тек сенің рұқсатыңмен аламын. Йа, Расулаллаһ! Рұқсат берсең, бұйрығыңа бағынып, рухыңды аламын. Әйтпесе кері қайтып, Раббыма барамын», – деді. Пайғамбарымыз: «Ей, Әзірейіл! Жәбрейілді қайда қалдырдың?..» – деді. Әзірейіл: «Жәбрейілді дүние аспанында қалдырдым. Періштелер оған сенің қайтыс болуыңа байланысты көңіл айтып жатыр», – деді. Олар осылай сөйлесіп тұрғанда, Жәбрейіл алейһиссалам келді. Расулуллаһ: «Ей, бауырым Жәбрейіл! Енді дүниеден көшетін уақыт келді. Аллаһу та’аланың құзырында мен үшін не бар? Соны маған сүйіншіле, көңілім жайланып, аманатты иесіне тапсырайын», – деді. Жәбрейіл алейһиссалам: «Йа, Аллаһу та’аланың сүйіктісі! Мен көктің есігін ашық қалдырдым. Періштелер сап-сап тізіліп, сенің рухыңды сүйіспеншілікпен күтіп тұр», – деді. Пайғамбарымыз: «Хамд тек Аллаһу та’алаға тән. Сен маған сүйінші айт! Раббымның құзырында мен үшін не бар?..» – деді. Жәбрейіл алейһиссалам: «Йа, Расулаллаһ! Сенің келуің құрметіне жәннат есіктері ашылды, жәннат өзендері ақты, жәннат ағаштары иілді, хор қыздары сәнденді», – деді.

Пайғамбарымыз тағы да: «Хамд тек Аллаһу та’алаға тән. Маған басқа бір сүйінші айт, ей, Жәбрейіл!..» – деді. Жәбрейіл алейһиссалам: «Йа, Расулаллаһ! Қиямет күні ең алдымен шапағат ететін және шапағаты ең алдымен қабыл болатын – сенсің», – деді. Сүйікті Пайғамбарымыз тағы да: «Хамд тек Аллаһу та’алаға тән. Ей, Жәбрейіл! Маған тағы бір сүйінші айт», – дегенде, Жәбрейіл алейһиссалам: «Йа, Расулаллаһ! Сен не туралы сұрап тұрсың?..» – деді. Осыдан кейін Пайғамбарымыз: «Менің бүкіл уайымым, қайғым және қасіретім – менен кейін артымда қалатын үмметім», – деді. Хазреті Жәбрейіл: «Йа, Аллаһу та’аланың хабибі! Аллаһу та’ала қиямет күні сен разы болғанша үмметіңді кешіреді. Барлық пайғамбарлардан бұрын сені, барлық үмметтерден бұрын сенің үмметіңді жәннатқа кіргізеді», – деді. Сүйікті Пайғамбарымыз Жәбрейіл алейһиссаламға: «Аллаһу та’аланың құзырында менің үш тілегім бар: біріншісі – мені үмметімнің күнәһарларына шапағатшы етуі. Екіншісі – дүниеде жасаған күнәлары үшін оларды азаптамауы. Үшіншісі – бейсенбі және дүйсенбі күндері үмметімнің амалдарының маған көрсетілуі. (Егер амалдары жақсы болса, дұға етемін, Аллаһу та’ала қабыл етеді. Жаман болса, шапағат етіп, амал дәптерінен өшірілуін сұраймын.)», – деді. Жәбрейіл алейһиссалам Аллаһу та’аладан оның осы үш тілегінің де қабыл болғаны туралы хабарды жеткізді. Осыдан кейін сүйікті Пайғамбарымыздың көңілі тынышталды.

Аллаһу та’ала: «Йа, Хабибім! Үмметіңе мұндай сүйіспеншілік пен мейірім көрсетуді мүбәрәк жүрегіңе кім салды?..» – деп уахи түсірді. Пайғамбарымыз: «Мені жаратып, тәрбиелеген Раббым та’ала», – деп жауап берді. Хақ та’ала: «Менің сенің үмметіңе деген рақымым, мейірімім сенікінен мың есе артық. Оларды Маған қалдыр», – деді. Сосын сүйікті Пайғамбарымыз: «Енді көңілім жайланды. Ей, Әзірейіл! Саған бұйырылған міндетті орында!» – деді. Әзірейіл алейһиссалам міндетін орындау үшін, өзі оның құрметіне жаратылған Ғаламның Сұлтанының құзырына жақындады. Сүйікті Пайғамбарымыз қасындағы су ыдысына екі мүбәрәк қолын батырып, дымқыл қолдарын мүбәрәк жүзіне сүртті де: «Лә илаһә иллаллаһ! Аллаһым! Рафиқ-и а’ла!..» – деді. Әзірейіл алейһиссалам Әлемдердің мырзасының мүбәрәк рухын ала бастады. Расулуллаһтың мүбәрәк жүзі бірде қызарып, бірде сарғайып тұрды. Ол Әзірейіл алейһиссаламға: «Үмметімнің жанын да осылай қатты әрі зорлықпен аласың ба?..» – дегенде, Әзірейіл: «Йа, Расулаллаһ! Мен ешкімнің жанын бұлай оңай алған емеспін», – деп жауап берді. Соңғы сәтінде де үмметін ұмытпаған сүйікті Пайғамбарымыз: «Ей, Әзірейіл! Үмметіме көрсететін қаттылығыңды маған көрсет! Өйткені олар әлсіз, шыдай алмайды…» – деді. Сосын: «Лә илаһә иллаллаһ! Рафиқ-и а’ла!..» – деді, оның мүбәрәк рухы алынып, а’ла-и иллиййинге жеткізілді…

Шапағат йа Расулаллаһ!
Дахиләк йа Расулаллаһ!
Әссалату уәссаламу алейкә йа Расулаллаһ!
Әссалату уәссаламу алейкә йа Хабибаллаһ!
Әссалату уәссаламу алейкә йа Сәййидәл-әууәлинә уәл-ахирин!

Жәбрейіл алейһиссалам Пайғамбарымызбен: «Әссаламу алейкум, йа, Аллаһу та’аланың Расулы! Менің мақсатым, қалауым сен едің. Енді мен жер бетіне қайта келмеймін!..» – деп қоштасты.

Расул-и әкрамның мүбәрәк рухы жоғарғы әлемге кеткенде, хазреті Фатима анамыз бен Пайғамбарымыздың пәк жұбайлары (әзуаж-и тахират) (радиаллаһу анһунна) үнсіз жылай бастады.12 Сол кезде иесі көрінбейтін бір дауыс:

«Ей, Фатима! Есік алдындағы кім екенін білесің бе? Ол – ләззаттарды бұзатын, жиындарды тарататын, әйелдерді жесір, балаларды жетім қалдыратын, үйлерді қаңыратып, қабірлерді толтыратын өлім періштесі Әзірейіл» Хадис шәриф

«Әссаламу алейкум, ей, Әһли бәйт! Уә рахматуллаһи уә бәракатуһ», – деп сәлем берді де, мағынасы бойынша: «Біліңдер, әрбір жан өлімді татады. Әрі қиямет күні сыйақыларың толық беріледі» делінген Али Имран сүресінің 185-аятын оқыды. Сосын оларды жұбатып: «Аллаһу та’аланың ихсандары мен игіліктеріне сеніңдер. Оған арқа сүйеп, Одан үміт күтіңдер. Шыңғырып жыламаңдар! Нағыз мұсибатқа ұшыраған адам – сауаптан махрұм қалған адам!» – деп көңіл айтты.

Бұл сөздерді ол жердегілердің бәрі естіп, сәлеміне жауап берді. Оларды айтқан Хызыр алейһиссалам еді.13 Расул-и әкрамда өлім белгілері байқалғанда, Үммү Әймән ұлы Усамәге хабар жіберді. Усамә, хазреті Омар және Әбу Убайда бұл ащы хабарды алғанда, әскерден бөлініп, Мәсжид-и Нәбәуиге келді. Айша Сыддықа мен басқа әйелдер жылай бастағанда, Мәсжид-и шәрифтегі құрметті сахабалар абдырап қалды. Не болғанын түсінбеді. Бастарынан ұрғандай болды. Хазреті Әли өлі адамдай қимылсыз қалды. Хазреті Османның тілі байланды. Хазреті Әбу Бәкір ол кезде үйінде еді. Ол жүгіріп келіп, бірден Хужра-и сәадатқа кірді. Әлемнің мақтанышының жүзін ашып, оның қайтыс болғанын көрді. Мүбәрәк жүзі мен бүкіл денесі нәзік, пәк күйде нұрдай жарқырап тұрды. «Өлімің де өміріңдей қандай көркем, йа, Расулаллаһ!» – деп, ол оны сүйді. Ұзақ жылады. Мүбәрәк жүзін жапты. Үйдегілерді жұбатты. Сосын Мәсжид-и шәрифке келді. Мінберге шығып, құрметті сахабаларға хұтба оқыды. Аллаһу та’алаға хамд пен сәна айтып, Расул-и әкрамға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) салауат айтқаннан кейін: «Кім Мұхаммед алейһиссаламға иман келтірген болса, білсін: Мұхаммед алейһиссалам қайтыс болды. Кім Аллаһу та’алаға ғибадат ететін болса, білсін: Ол – Хайй (тірі) әрі Бақи (өлмейтін, мәңгілік)», – деді. Сосын мағынасы бойынша: «Мұхаммед (алейһиссалам) – расул, одан бұрын да расулдар келген, ол да өледі. Егер ол қайтыс болса немесе өлтірілсе, діндеріңнен қайтасыңдар ма? Кім дінінен шықса, Аллаһу та’алаға зиян келтіре алмайды. Тек өзіне ғана зиян келтіреді. Дінінен қайтпағандарға Аллаһу та’ала сауаптар береді» делінген Али Имран сүресінің 144-аятын оқыды. Құрметті сахабаларға насихат айтып, тәртіп орнатты.14 Осылайша бәрі Расулуллаһтың қайтыс болғанына сенді. Қайғы мен қасірет құрметті сахабалардың жүрегіне улы қанжардай қадалды. Көздер жылап, көз жасы сел болып ағып, сағыныш оты әркімнің бауырын өртеп тұрды. Құрметті сахабалар (алейһимур-ридуан) ең алдымен бүкіл істерді басқаруы үшін хазреті Әбу Бәкірді халифа етіп сайлады. Оған ант беріп, бағынды және оның бұйрығы бойынша істерді атқара бастады.15 Расул-и әкрам хижреттің он бірінші жылында (милади 632), Рабиул-әууәл айының 12-сінде, дүйсенбі күні түске дейін ахиретке көшті. Сол кезде ол ай жылы бойынша 63 (күн жылы бойынша – 61) жаста еді.16

Пайғамбарымызды хазреті Әли, хазреті Аббас, хазреті Фадл бин Аббас және хазреті Усамә бин Зәйд жуды.17

«Аллаһу та’аланың ихсандары мен игіліктеріне сеніңдер. Оған арқа сүйеп, Одан үміт күтіңдер. Шыңғырып жыламаңдар! Нағыз мұсибатқа ұшыраған адам – сауаптан махрұм қалған адам!» Хызыр алейһиссалам

Михраб-и шәриф – Рауза-и мутаххара / Мәсжид-и Нәбәуи

Пайғамбарымыздың (алейһиссалату уәссалам) Мәсжид-и шәрифіндегі
«Рауза-и мутаххара / Жәннат бағы» деп аталатын бөлік.
Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) имам болып намаз оқытқан
михраб көрініп тұр.
Бұл суретте көрінбесе де, сол жақта оның мүбәрәк қабірі
(Хужра-и сәадат) орналасқан.

Мінбер-и шәриф – Рауза-и мутаххара / Мәсжид-и Нәбәуи

Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жұма хұтбасын оқыған мінбер көрініп тұр. Ол кездегі мүбәрәк мінбер үш сатылы әрі бір метр биіктікте еді. Ол 654 (милади 1256) жылғы өртте толық жанып кетті. Әр жылдары әртүрлі мінберлер жасалды. Бүгінгі он екі сатылы, жеті метр биіктіктегі мәрмәр мінберді сұлтан Мұрад хан III хижри 998 (милади 1590) жылы Стамбулдан жіберген.

Жуу кезінде оның мүбәрәк денесінен осы уақытқа дейін ешкім иіскемеген жұпар иісі таралды. Сосын мүбәрәк көйлегін шешпестен, оны үш рет жуып, үш қабат жаңа ақ кебінге орап кебіндеді. Оны бір сәкінің үстінде көтеріп, мешітке әкелді. Сүйікті Пайғамбарымыз бұрын айтқанындай, бәрі мешіттен шықты. Періштелер топ-топ болып келіп, оның жаназа намазын оқыды. Періштелер оқып болған соң, иесі көрінбейтін бір дауыс: «Кіріңдер! Пайғамбарларыңның жаназа намазын оқыңдар!» – деді. Осыдан кейін құрметті сахабалар ішке кірді. Олар да топ-топ болып келіп, имамсыз сүйікті Пайғамбарымыздың жаназа намазын оқыды. Мұны сәрсенбі күні кешке дейін ғана әрең бітірді. Құрметті сахабалар сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк қабірін қазуда хазреті Әбу Бәкір еске салған мына хадис шәрифке ілесті: «Пайғамбарлар рухтарын тапсырған жерде жерленеді». Пайғамбарымыз хазреті Әбу Талха Ансари лақат түрінде қазған мүбәрәк қабірге сейсенбіні сәрсенбіге жалғайтын түннің (сәрсенбіге қараған түннің) ортасына қарай жерленді. Хазреті Аббастың ұлы Қусам қабірдегі қызметті бітіріп, одан ең соңғы болып шықты. Ол былай деді: «Расулуллаһтың мүбәрәк жүзін ең соңғы көрген адам – менмін. Оның мүбәрәк еріндері қимылдап жатты. Оған иіліп, құлақ салдым. Ол: „Йа, Раббым! Үмметім!.. Йа, Раббым! Үмметім!..“ – деп жалбарынып жатты».18 Сүйікті Пайғамбарымыз ахиретке көшкен күні хазреті Абдуллаһ бин Зәйд: «Йа, Раббым! Мен бұл көзді хабибіңнің мүбәрәк нұрлы жүзіне қарау үшін қалайтынмын. Енді ол көрінбейтін болғанда, бұл көзді не істеймін! Йа, Раббым, көзімді ал!» – деп дұға етті де, соқыр болып қалды…

Расулуллаһ қайтыс болғанда, оның әкесінің құрметті қарындасы Сафия бинт Абдулмутталиб (радиаллаһу анһа) мынадай жоқтау айтты:

Йа, Расулаллаһ! Сен едің біздің үмітіміз,
Сен едің бізге әрдайым жақсылық етушіміз.
Сен ешқашан әділетсіздік етуші емес едің,
Сен мейірім иесі, жол көрсетуші едің.
Әрі айтып жеткізгісіз ілім дариясы едің.
Бүгін жылағандардың зары – сен үшін.
Сенің жолыңа бар ата-бабам пида болсын!
Малым, жаным, бар болмысым пида болсын.
Әттең! Қазір арамызда тірі болсаң еді,
Қалсаң, біз қаншалықты қуанар едік.
Хақ та’аланың үкімі осы, «Сабыр!» дейміз,
Не істерімізді білмей, зар еңірейміз.
Аллаһтың сәлемі саған болсын, йа, Расулаллаһ!
Адн жәннатына кіріп, сонда қал, йа, Расулаллаһ!