УӘДА ҚАЖЫЛЫҒЫ
Хижреттің оныншы жылы Пайғамбарымыз қажылыққа дайындалып, Мәдинадағы мұсылмандарға да қажылыққа дайындалуды бұйырды. Мәдинадан тыс тұратындарға да хабар жіберді. Сонда Мәдинаға мыңдаған мұсылман жиналды. Расулуллаһ құрбандыққа жүз түйе сатып алды. Жолға шығар алдында ол ғұсыл алды. Мүбәрәк шашын тарап, хош иіс сеуіп, изары мен ридасын киді. Дайындық аяқталғанда, сүйікті Пайғамбарымыз Зұлқағда айының 25-күні бесін намазынан кейін отыз мыңнан астам адамдық керуенмен Мәдинадан қозғалды. Шәжара жолымен Зул-Хулайфаға келді. Мұнда сахабалардың саны қырық мыңнан асып кетті. Түнді сонда өткізді. Сүйікті Пайғамбарымыз өзімен бірге алып келе жатқан жүз түйенің біреуін алдыртты. Құрбандық белгісі болсын деп оның өркешінің оң жағын тіліп, қанатып, мойнына екі ағаш кебіс асып, сахабаларға да солай істеуді бұйырды. Екі рәкат ихрам намазын оқыды. Аллаһу та’алаға хамд пен мадақ айтқаннан кейін Ғалам сардары: «Аллаһым! Мұны мен үшін ішінде риякерлік, көзбояушылық пен атақ құмарлық жоқ, мәбрур әрі қабыл болған қажылық ет!» – деп дұға етті. Ол ихрамға кіріп, Жәбрейіл алейһиссалам хабар бергенде, дауыстап тәлбия айта бастады. Оған құрметті сахабалар да қосылғанда, жер мен көк тәлбия дауыстарымен күңіреніп кетті: «Ләббәйк, Аллаһумма ләббәйк! Ләббәйк, ла шәрикә ләкә ләббәйк! Иннәл-хамдә уән-ни’мәтә ләкә уәл-мулк, ла шәрикә ләк!..»
Олар Бәйда жолымен Мәләлге бет алды. Сахабалар оның соңынан селдей ағып келе жатты. Жолда оларға қосылатындар көбейе берді. Арасында Мұса алейһиссалам да бар жетпіске жуық пайғамбар намаз оқыған Рауха алқабына келгенде, Расулуллаһ: «Бұл алқап – жәннат алқаптарының бірі», – деді. Мұнда намаз оқыды. Сосын Мунсарафқа қарай қозғалып, таң намазын Әсасада оқыды. Ләхй-и Жәмәлге келгенде Пайғамбарымыздың халі нашарлап, ол қан алдырды (хижама жасатты) да, Суқяда тоқтады. Ардақты анасы хазреті Әмина қайтыс болған Әбуаға келгенде, ол оның қабірін зиярат етіп жылады. Қасындағыларды да жылатты. Сосын олар Тәләғатул-Йәмәнге, Жухфаға, Ғадир-и Хумға, Қудәйдке және Усфан алқабына жетті. Мұнда Пайғамбарымыз хазреті Әбу Бәкірге: «Һуд пен Салих алейһимассалам белдеріне аба орап, үстеріне ала мата киіп, ноқталары құрма талшығынан өрілген жас қызыл түйелерге мінген күйде, қажылық үшін тәлбия айта-айта осы жерден өткен еді», – деді.1 Ғаним, Мәрруз-Захран және Сәриф арқылы олар Зи Тууаға келді. Түнді осында өткізіп, таң намазын оқығаннан кейін Хажуннан өтіп, Кәда төбесінен Меккеге кірді. 10 күнге созылған жолдан кейін олар Зұлхижжаның 4-күні Меккеге келіп жетті. Йеменнен және басқа жерлерден қажылық жасауға келгендер қосылғанда, мұсылмандардың саны 90 мыңнан асты. (Бір риуаятта – жүз он төрт мың, екінші бір риуаятта жүз жиырма мыңға жуық еді.)
«Аллаһым! Мұны мен үшін ішінде риякерлік, көзбояушылық пен атақ құмарлық жоқ, мәбрур әрі қабыл болған қажылық ет!» Хадис шәриф
Бәйтуллаһты көргенде Расулуллаһ былай деп дұға етті:
«Аллаһым! Бұл Үйдің мәртебесін, ұлылығын, айбынын және абыройын арттыр. Оны қажылық және умрамен ұлықтағандардың да мәртебесін, айбынын, құрметін және жақсылығын арттыр».
Сосын ол қажылық амалдарына (манасикке) кірісті. Қажылық бойы ол Мекке мен Минаның арасында, Әбтахта тігілген шатырда тұрды. Сүйікті Пайғамбарымыз Зұлхижжаның 8-(Тәруия) күні Минаға, 9-(Арафа) күні Арафатқа барды. Арафат алқабының ортасындағы Урана алқабына келіп тоқтады. Түстен кейін Қасуа атты түйесінің үстінде Уәда хұтбасын оқып, құрметті сахабалармен қоштасты, радиаллаһу анһум.2
САҒАН КЕЛДІМ!
Ей, күнәкарлардың панасы, саған паналауға келдім!
Көп кінә істедім, саған жалбарынуға келдім!
Қараңғы жерлерге бұрылып адастым, батпақтарға баттым,
Тура жолды жарық еткен нұр бұлағына келдім.
Шығатын бір жаным қалды, ей, барлық жандардың жаны!
Айтуға жарасар ма: «Жанымды пида етуге келдім»?
Дерттілерге тәуіпсің, ал мен – көңіл науқасы.
Жүрек жарама дауа іздеп, есігіңді қағуға келдім.
Жомарттардың есігіне бір нәрсе апару – қате,
Басып мәртебе берген топырағыңды сүюге келдім.
Күнәларым тау сияқты көп, жүзім қара, қара майдай!
Бұл жүктен және қаралықтан біржола құтылуға келдім.
Тазартар әлбетте бәрін жомарттық теңізіңнен бір тамшы,
Жүзім сияқты қара болса да, амал дәптеріммен келдім.
Есігіңе жүз сүрте алсам еді, ей, жанымнан аяулы жанан!
Сумен болмайтын істер сол топырақтан хасил болар!
