ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ПАРЫЗ БОЛУЫ
Исламның бес шартының бірі болған қажылық та хижреттің тоғызыншы жылы парыз етілді. Түскен аят кәримада мағынасы бойынша былай делінген: «Онда (Қағбада) ап-айқын белгілер, Ибраһимнің мақамы бар. Кімде-кім оған кірсе, шабуылдан аман болады. Оған баратын жолға мүмкіндігі барлардың (шамасы жететіндердің) сол Үйге қажылық (әрі зиярат) жасауы – Аллаһу та’аланың адамдар үстіндегі хақы, парызы. Кімде-кім бұл парызды теріске шығарса, сөзсіз, Аллаһу та’ала барлық әлемдерден бай (ешнәрсеге мұқтаж емес)».1 Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Аллаһу та’аланың бұл әмірін сахабаларына білдірді. Өзі Зұлқағда айының соңында қажылық жасағысы келді. Бірақ мүшріктердің жалаңаш күйде тауап ететіні туралы хабар келгенде, олармен мұндай жағдайда бірге болуды орынды санамады. Қажылық амалдарын (манасикті) үйрету үшін хазреті Әбу Бәкірді қажылық әмірі етіп тағайындады.
Хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Әлидің қажылыққа жіберілуі
Сол жылы құрметті сахабалар хазреті Әбу Бәкірдің әмірлігімен үш жүз адамдық керуенмен Меккеге аттанды. Осы кезде Бараа сүресінің алғашқы аят кәрималары түсті. Онда келісімдер туралы кейбір үкімдер білдірілді. Сүйікті Пайғамбарымыз бұл үкімдерді жариялау үшін хазреті Әлиді де Меккеге жіберді.2
Ол кезде арабтардың арасында кең тараған бір дәстүр бойынша келісім жасалса немесе жасалған келісім бұзылса, мұны сол істі жасаған адамның өзі немесе ол тағайындаған бір туысы жариялайтын. Пайғамбарымыз бұл іс үшін хазреті Әлиді қажылық керуенінің соңынан Меккеге жіберді. Хазреті Әли керуенді қуып жетіп, олар бірге Меккеге кірді.3 Хазреті Әбу Бәкір хұтба оқып, қажылық ғибадатын түсіндірді. Құрметті сахабалар (алейһимур-ридуан) үйретілген қағидалар бойынша қажылық жасады. Қажылық ғибадаты орындалып жатқанда хазреті Әли де Минада «Жәмрәтул-Ақаба» деп аталатын жерде хұтба оқыды. Хұтбасын ол былай бастады:
«Ей, адамдар! Мені сендерге Расулуллаһ жіберді». Сосын ол Бараа сүресінің алғашқы аят кәримасын оқыды. Одан кейін: «Мен сендерге төрт нәрсені білдіруге әмір алдым», – деді. Бұл төрт нәрсе мыналар еді:
1. Мүминдерден басқа ешкім жәннатқа кіре алмайды.
2. Осы жылдан кейін бірде-бір мүшрік Қағбаға жақындай алмайды.
3. Ешкім Қағбаны жалаңаш тауап етпейді. (Ол кезде мүшріктер Қағбаны жалаңаш күйде тауап ететін.)
4. Кімнің Расулуллаһпен келісімі болса, ол мерзімі біткенше күшінде болады. Қалғандарына төрт ай мұрсат берілді. Бұдан кейін бірде-бір мүшрік үшін не келісім, не қорғау жоқ.
«Онда (Қағбада) ап-айқын белгілер, Ибраһимнің мақамы бар. Кімде-кім оған кірсе, шабуылдан аман болады. Оған баратын жолға мүмкіндігі барлардың (шамасы жететіндердің) сол Үйге қажылық (әрі зиярат) жасауы – Аллаһу та’аланың адамдар үстіндегі хақы, парызы» Али Имран: 97
Сол күннен кейін бірде-бір мүшрік Қағбаға келмеді, ешкім Қағбаны жалаңаш тауап етпеді. Бұл нәрселер жарияланғаннан кейін мүшріктердің көбі мұсылман болды. Қажылық парызы орындалған соң, хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Әли қастарындағы құрметті сахабалармен бірге Мәдинаға оралды.4
Халид бин Уәлидтің Йеменге жасағы (сәриясы)
Сүйікті Пайғамбарымыз хижреттің оныншы жылы, Рабиул-әууәл айында Халид бин Уәлидті төрт жүз мүжаһидпен Йемен маңында тұратын Харис бин Ка’б ұлдарын исламға шақыру үшін жіберді. Расулуллаһтың әмірі бойынша хазреті Халид бин Уәлид бұл тайпаны үш күн қатарынан исламға шақырды. Олар да шақыруға жауап беріп, мұсылман болды.
Күн бұлағынан әрдайым файз суы ағар еді,
Қабіріңді жаңартатын шеберлерге керек болса – су.
Тозақ қорқынышы қайғы отын салды күйген жүрегіме;
Үмітім сол: жомарттығыңның бұлты сол отқа сепсін – су.
Сені мадақтаудың берекесінен Фузули сөздері гауһар болды,
Сәуір бұлтынан тамып, патша інжуіне айналған су сияқты.
Махшар күні ғапылдық ұйқысынан оянғанда
Әрі ояу көздер сағыныш жасынан төккенде – су,
Үмітім сол: махшар күні махрұм қалмасам,
Уисал бұлағың берсе маған – жамалыңа шөлдегенге – су.
Fuzûlî
Хижреттің оныншы жылы болған оқиғалар
Хижреттің оныншы жылы ислам бүкіл Араб түбегіне тарады. Тоғызыншы жылдағыдай, бұл жылы да Арабстанның түкпір-түкпірінен адамдар топ-тобымен Мәдинаға келіп, мұсылман болу мәртебесіне және мәңгілік бақытқа жету үшін бір-бірімен жарысып жатты. Енді Арабстанда мұсылмандарға қарсы тұра алатын бірде-бір күш қалмаған, ислам барлық жерде үстемдік алған еді. Тек кейбір яһуди және христиан тайпалары ғана мұсылман болмады.
Сол жылы Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Нәжран христиандарына хат жіберіп, оларды исламға шақырды. Олар он төрт адамды таңдап, Расулуллаһтың халін жақыннан зерттеу үшін Мәдинаға жіберді. Өкілдер біраз уақыттан кейін бітім келісімін жасасты. Олардың кейбірі кейін өз еркімен мұсылман болды. Сол жылы Йемен әкімі Базан қайтыс болды. Оның өлімі туралы хабар келгенде, Расулуллаһ оның елін бөліп, бір бөлігін ұлы Шаһрға, бір бөлігін Әбу Мұса Әш’ариге, бір бөлігін Я’ла бин Умәййәге және бір бөлігін Муаз бин Жәбәлге берді.
Пайғамбарымыз сол жылы ислам тараған барлық шаһарларға әкімдер жіберді. Хазреті Әли де үш жүз адаммен Йемендегі Мүдлиж тайпасын исламға шақыру үшін жіберілді. Алғашында олар қарсы шығып, ислам әскеріне оқ атты. Дереу оларға жауап қайтарылды. Жиырма адам өлтірілді. Көбі бытырап қашып кетті. Хазреті Әли (радиаллаһу анһу) сахабаларға жауды қуып баруға жол бермеді. Оларға насихат айтып, қайтадан исламға шақырды. Олар қабыл алып, иман келтірді. Хазреті Әли мен сахабалар дереу асығыс Мәдина жаққа жол тартып, Расулуллаһты Меккеде қуып жетті. Бұл жылы да, тоғызыншы жылдағыдай, елшілердің келуі жалғасты. Олардың бірі – Ғамид, бірі – Бәни Ханифа елшісі еді. Олар Расулуллаһтың мәжілісіне келіп, мұсылман болды.
Нәжашидің қарындасының ұлы Файруз келіп, мұсылман болды. Абдулқайстан да өкілдер тобы келіп, мұсылман болды.
Сол жылы Расулуллаһтың ұлы Ибраһим бір жарым жасында қайтыс болды. Расулуллаһ осы бауыр етінен айырылғанда, мүбәрәк көздері жасқа толды. Хазреті Ибраһимді Бақи қорымында Осман бин Мазунның қасына жерледі. Қабірінің үстіне тұңғыш рет су шашылған да сол болды.5
Міскін ғой үмметің; оның күнәларына қарама,
Қол сілтеп кері қақпа, сағынышпен тозақта жандырма.
Рақым ет, аман, айрылық отында бізді жандырма;
Қысқасы, күнәкар құлың Ғалибті тастама.
Сен – Ахмед, Махмуд және Мұхаммедсің, мырзам,
Хақтан бізге жәрдем берілген сұлтансың, мырзам.
Şeyh Galib
«Зұлымдық көргеннің қарғысынан сақтаныңдар. Зұлымдық көргеннің дұғасы мен Хақ та’ала арасында перде жоқ» Хадис шәриф
Исламның Араб түбегінде таралуы
