Сүйікті Пайғамбарым

ХУНӘЙН СОҒЫСЫ

Хунәйн – Мекке мен Таиф арасындағы бір алқап. Бұл соғысты «Хәуазин соғысы» деп те атайды. Әлем сардары (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Меккені алу ниетімен Мәдинадан шыққанда, Меккенің маңында тұратын Хәуазин және Сақиф деген екі үлкен тайпа мұсылмандар бізге қарсы келе жатыр деп ойлап, соғысуға дайындала бастады. Әлемдердің мырзасының Меккені алу үшін келгенін білгенде, олар біраз тынышталса да, «Құрайыштықтардан кейін кезек сөзсіз бізге келеді», – деген оймен дайындықтарын жеделдетті. Сонымен қатар олар: «Ант етеміз, мұсылмандар әлі жақсы соғыса білетін қауыммен кездескен жоқ. Мұхаммед бізге қарсы келмей тұрып, біз оған қарсы барайық та, соғыстың қандай болатынын көрсетейік!» – деді. Хәуазиннің басшысы Малик бин Ауфтың қолбасшылығымен жиырма мың адамдық өте күшті әскермен жолға шықты. Жауынгерлерінің батылдығын арттыру және қиындық көрген кезде қашпауы үшін олар барлық бағалы мал-мүлкін, әйелдері мен балаларын да өздерімен бірге ала жүрді.

Бұл хабар көп ұзамай Меккеде естілді. Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз хабардың рас-өтірігін білу үшін Абдуллаһ бин Әби Хадрадты Хәуазин тайпасына жіберді. Хазреті Абдуллаһ кейпін өзгертіп, жаудың арасына кірді. Олардың ойлары мен қалай әрекет етпек болғанын біліп, жағдайды дереу сүйікті Пайғамбарымызға хабарлады.

Расул-и әкрам дереу даңқты сахабаларын жинады. Меккеге жиырма жастағы хазреті Аттаб бин Әсидті әкім етіп тағайындап, тез арада жолға шықты. Он екі мың адамдық әскерімен ол мүшрік Хәуазин және Сақиф тайпаларына өз тұрақтарында тұтқиылдан шабуыл жасағысы келді. Мүжаһидтердің туын хазреті Әли көтеріп келе жатты,1 ал алдыңғы жасақтарды хазреті Халид бин Уәлид басқарды.2 Әлемдердің мырзасы басына дулыға киіп, екі сауытты бірінің үстіне бірін киіп, Дүлдүл деген қашырына мінген еді. Шәууәл айының 11-күні олар Хунәйн алқабына жетті. Сол түні Әлем сардары Пайғамбарымыз әскерін тексеріп шығып, оны соғыс сапына тұрғызды. Таң намазын имам болып оқытқаннан кейін алға қозғалды.

Мүшріктердің қолбасшысы түннің қараңғылығын пайдаланып, әскерін Хунәйн алқабының екі жағындағы тау етектеріне орналастырып, оларды жасырынып күтуге қойған еді. Алдыңғы жақта жасақтарымен келе жатқан хазреті Халид бин Уәлид бұл жасырын әскерден бейхабар күйде шатқалға қарай атын қоя берді. Таңның әлі алагеуім болуы жауды көруге кедергі болды. Кенет мүжаһидтердің үстіне мыңдаған оқ жауа бастады. Бұл күтпеген оқ жаңбырынан құтылу үшін мүжаһидтер кері шегінуге мәжбүр болды.

«Иншаллаһ, ертең олар (Хәуазин мен Сақиф) мұсылмандарға олжа болады» Хадис шәриф

Хунәйн соғысы

Әулиелер мен пайғамбарлар дағдарып қалған сол сәтте,
Барлығы «Нәпсім, нәпсім!» деп үреймен зар илегенде,
Күнәһарлардың халі үмітсіздіктен аянышты болғанда,
Шапағат рұқсатымен майдан тағы да сенікі.
Сен – Ахмед, Махмуд және Мұхаммедсің, мырзам,
Хақтан бізге жәрдем берілген сұлтансың, мырзам.
Şeyh Galib

Бұл жылдам шегініс арттан келе жатқан жауынгерлердің ретін бұзды. Олар да шегінуге бұрылғанда, жиырма мың адамдық жау жасақтарының алқапқа селдей ағып келе жатқаны көрінді. Сүйікті Пайғамбарымыз жалғыз өзі шабуылға шыққан мүшріктерге қарай алға ұмтылды. Тек хазреті Аббас, хазреті Әбу Бәкір және жүзге жуық батыр сахаба ғана өлімнен қорықпай Расул-и әкрамға жетіп келді. Олар өз денелерін сүйікті Пайғамбарымызға қалқан етті. Хазреті Аббас қашырдың тізгінінен, хазреті Суфйан бин Харис үзеңгісінен ұстап, оның екпінін бәсеңдетуге, Расулуллаһтың жау жасақтарының арасына кіріп кетуіне жол бермеуге тырысты. Әлемдердің мырзасы Аллаһу та’аланың діні жойылып кете ме деп қайғырып: «Ей, Аббас! Оларға: „Ей, мәдиналықтар! Ей, Сәмура ағашының астында ант (байғат) берген сахабалар!“ – деп дауыста», – деді.

Хазреті Аббас денелі әрі айбынды кісі еді. Ол айқайлағанда дауысы өте алыстан естілетін. Ол бар күшімен: «Ей, мәдиналықтар! Ей, Сәмура ағашының астында Пайғамбарымызға сөз берген сахабалар! Тарамаңдар! Осында жиналыңдар!» – деп айқайлады. Мұны естіген құрметті сахабалар кері бұрылғысы келді. Бірақ мінген малдарының қатты үркуі оларға бұрылуға кедергі болды. Ақырында олар сауыттарын, қылыштары мен найзаларын алып, малдарынан секіріп түсуге мәжбүр болды. Тез арада Расулуллаһтың қасына жетіп, жаумен жан түршігерлік шайқасқа кірді. «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» дауыстары жер мен көкті күңірентіп, жауды қорқынышқа, үрейге салды. Бәдірде, Ухудта, Хандекте және Хайбарда зор ерлік көрсеткен сахабалар, әсіресе хазреті Әли, Әбу Дужанә және Зубәйр бин Аууам, қайта-қайта ұмтылып шайқасып, дұшпандарды жайратып, кері қуып тастады.

Әлемдердің мырзасы сахабаларының жандарын аямай жүргізген бұл шайқасын бақылап тұрды, оның мүбәрәк ернінен: «Аллаһым! Бізге жәрдеміңді түсір. Сөзсіз, Сен олардың бізді жеңуін қаламайсың» деген дұғалар естіліп жатты. Аллаһу та’алаға жалбарыну арасында сүйікті Пайғамбарымыз жерден бір уыс құм алып: «Беттері қарайсын!» – деп, оны мүшріктердің үстіне шашты. Сүйікті Пайғамбарымыздың мұғжизасымен жау жауынгерлерінің ішінде көзіне құм толмаған бірде-бір адам қалмады. Періштелер де көмекке келген еді. Пайғамбарымыз: «Аллаһу та’алаға ант етемін, олар жеңілді», – деді. Мүшріктер бытырап, кері бұрылып қаша бастады. Артына бұрылған сайын олар соңдарынан келе жатқан даңқты сахабаларды көріп, соғыс алаңына алып келген әйелдерін, балаларын, мал-мүліктерін тастап, бар күштерімен қашып бара жатты. Қашқандардың бір бөлігі Таиф бекінісін паналады.3 Ал бір бөлігі Нахлә мен Әутасқа кетті. Соғыс алаңында олар жетпіс өлік, алты мың тұтқын және есепсіз-сансыз мал-мүлік тастап кетті.

Бұл соғыста Аллаһу та’аланың рұқсатымен, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) рухани жәрдемімен (химмәтімен) және берекесімен жеңіс тағы да мұсылмандарға бұйырды. Төрт адам шәһид болды, кейбір сахабалар жараланды. Хазреті Халид бин Уәлидтің де жараланғанын естіген сүйікті Пайғамбарымыз оның қасына барды, ол мүбәрәк қолдарымен жарасын сипағанда, жара сол сәтте жазылды.

Әутас жасағы (сәриясы)

Хунәйн соғысында тас-талқан болғаннан кейін Хәуазин мүшріктері Әутаста жиналды. Расулуллаһ Әутасқа Әбу Мұса Әш’аридің көкесі Әбу Амирдің басшылығымен бір жасақ жіберді. Әутаста тағы да қатты қақтығыстар болды. Әбу Амир шәһид болды. Оның орнына хазреті Әбу Мұса Әш’ари келіп, жауды тас-талқан етті.4 Мүжаһидтер көптеген тұтқын және мол олжамен оралды.

«Ей, Аббас! Оларға: „Ей, мәдиналықтар! Ей, Сәмура ағашының астында ант (байғат) берген сахабалар!“ – деп дауыста» Хадис шәриф

Тұтқындардың арасында Расулуллаһтың сүт бауыры Шәйма да бар еді. Ол: «Мен сендердің Пайғамбарларыңның сүт бауырымын», – деді. Оған сенбеді. Оны бір түйеге мінгізіп, Расулуллаһтың алдына алып барды. Шәйма балалық шағына қатысты көптеген естеліктерді егжей-тегжейлі айтып берді. Расул алейһиссалам жамылғысын (ридасын) жерге төсеп, сүт бауырын соның үстіне отырғызды. Өзі де отырып, ұзақ жылады.5 Ол Халима ханымның және Шәйманың әкесінің халін сұрады. Шәйма: «Олар қайтыс болғалы көп болды», – деп жауап берді. Көрген құрметі мен ілтипаты себебінен ол иман келтірді.6 Расул алейһиссалам: «Қаласаң, біздің қасымызда қал.7 Мұнда саған әр түрлі қызмет көрсетіледі. Қаласаң, баратын жеріңе жіберейік», – деді. «Отанды сүю – иманнан» деген хадис шәрифке сай Шәйма отанына қайтқысы келді. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оған бір күң, үш құл, біраз түйе мен қой сыйлап, оны отанына аттандырды.

Таиф жорығы

Ғаламның Сұлтаны (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Хунәйннен Таифке қашқан жауға да қарсы барып, түпкілікті нәтижеге қол жеткізгісі келді. Олардың қолбасшысы Малик бин Ауф Таифті паналағандардың арасында еді. Меккеге жақын бұл бекініс күпірліктің соңғы, бірақ ең мықты бекіністерінің бірі еді. Пайғамбарымыз хижреттен бұрын Таифке келіп, бір ай бойы оларға насихат айтқан еді. Бірақ таифтіктер Әлемдердің мырзасына бұрын-соңды көрілмеген қорлық пен зұлымдық жасаған еді. Тіпті оның мүбәрәк аяқтарын қанға бояған еді. Пайғамбарымыз сол жерде хазреті Зәйд бин Хариса екеуі өмірінің ең аянышты әрі ең азапты күндерін бастан кешірген еді.

Сүйікті Пайғамбарымыз хижреттің сегізінші жылы, Шәууәл айында Хунәйн соғысынан кейін алған олжаны Жи’ранада қалдырып, Таифке қарай жол тартты. Хазреті Халид бин Уәлидті алдын ала жіберді.8 Ал өзі даңқты сахабаларымен арттан келіп, Таифтің түбіне жетті. Сақиф тайпасы мықты бекінісіне алдын ала мол азық жинап алған еді. Құрметті сахабалардың келгенін көргенде, олар қақпаларды жауып, қорғанысқа көшті. Бекініске жақын келген мүжаһидтерді оқпен қарсы алатын. Соғыс осылай жалғаса берді. Таифтіктер бекіністен шығып, ашық алаңда бетпе-бет шайқасуға ешбір батылы жетпеді.

Құрметті сахабалардың кейбірі бекіністің ішіне қалбағаймен тас атуды ұсынды. Пайғамбарымыз мұны құптап, дәббәбә деп аталатын тас атқыштар жасатты. Олармен мүшріктерге тас аттырып, қоршауды жалғастырды. Құрметті сахабалар жандарын аямай тырысып, бекіністі тезірек алуға ұмтылды. Бірақ бекініс өте мықты еді, оны алу мүмкін болмады. Осы арада он екі сахаба шәһидтік дәрежесіне жетті. Әбу Суфйан бин Харб батырларша шайқасып жүргенде бір көзінен айырылды.9

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Ей, Әбу Суфйан! Қайсысын қалайсың? Қаласаң, дұға етейін, көзің орнына келсін. Қаласаң, Аллаһу та’ала саған жәннатта көз берсін», – деді. Әбу Суфйан: «Йа, Расулаллаһ! Маған жәннатта көз берілуін қалаймын», – деді де, алақанындағы көзін жерге тастады.10 Қоршаудың жиырмасыншы күні жақындағанда, бір түні Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) түсінде өзіне сыйға тартылған бір ыдыс толы сары майды бір қораздың шоқып, жерге төгіп жібергенін көрді. Ол мұны Таифтің биыл алынбайтынына жорып, қоршауды тоқтатты.

Мейірім теңізі сүйікті Пайғамбарымыз осыдан сегіз жыл бұрын өзіне сол кезде жапа шеккізген таифтіктер туралы «Рұқсат етсең, мына тауларды олардың бастарына төңкерейін» деген періштеге: «Мен әлемдерге рақым етіп жіберілдім. Менің жалғыз қалауым – Аллаһу та’аланың осы мүшріктердің ұрпағынан Хақ та’алаға ешбір нәрсені серік қоспай ғибадат ететін бір ұрпақ шығаруы», – деген еді. Ал енді ол тағы да мейірім көрсетіп: «Йа, Раббым! Сақиф адамдарына тура жолды көрсет! Оларды бізге әкел», – деп дұға етті.

Хабиб-и әкрам сахабаларымен Таифтен кетіп, Зұлқағда айының алғашқы аптасында Хунәйнде қолға түскен тұтқындар мен олжалар жиналған Жи’ранаға келді. Алты мың тұтқыннан бөлек, олжа ретінде жиырма мыңнан астам ірі қара, қырық мыңнан астам ұсақ мал және есепсіз әшекей бұйымдар алынған еді. Ол оларды хақы бар мүжаһидтер арасында бөлуді бұйырды. Сол кезде Хәуазин тайпасынан бір топ өкілдің қабылдауға кіруді өтінгені белгілі болды. Сүйікті Пайғамбарымыз оларды қабыл алды. Өкілдер бүкіл Хәуазин тайпасының мұсылман болғанын хабарлағанда, Әлемдердің мырзасы қатты қуанды. Сонда ол өз үлесіне тиген тұтқындарды дереу азат етіп, кері қайтарды. Құрметті сахабалар да сүйікті Пайғамбарымызға еріп, солай істеді. Расулуллаһтың бір мейірімі бір сәтте алты мың тұтқынның азаттыққа қауышуына себеп болды. Бұл хабар Таифті паналаған Хәуазин тайпасының басшысы Малик бин Ауфқа жеткенде, ол да келіп мұсылман болды, ал Пайғамбарымыз оны сыйлыққа көміп тастады.11 Бұл жерде енді істейтін іс қалмаған еді. Ол жерде он үш күн тұрғаннан кейін Расулуллаһ сәрсенбіге қараған түні умра ниетімен ихрамға кірді. Ғаламның Сұлтаны әрдайымғыдай жеңімпаз болып, сахабаларымен Меккеге келді. Қағба-и Муаззаманы тауап етіп, умрасын орындады. Аттаб бин Әсидке қажылық әмірлігін де жүктеп, оны Меккеге әкім етіп тағайындады.12

«Отанды сүю – иманнан» Хадис шәриф