Сүйікті Пайғамбарым

МЕККЕНІҢ АЛЫНУЫ

Хижреттің сегізінші жылы еді. Худәйбийа бітім шартының бір бабында былай делінген еді: «Екі жақтан тыс қалған араб тайпалары қалаған жағының қамқорлығына кіре алады; олар мұсылмандармен де, мүшріктермен де бірігуге ерікті». Осыған орай Пайғамбарымыздың одақтасы Хузаа тайпасы мұсылмандар жағына, Бәни Бәкр тайпасы мүшріктер жағына шыққан болатын. Хузаа тайпасы мен Бәни Бәкрлер бұрыннан бері жау болатын, сәті түскен сайын бір-біріне шабуыл жасайтын. Худәйбийа бітімі бойынша олар да біраз уақытқа шабуылдарын тоқтатқан еді. Бірақ Бәни Бәкрлер мұны екі-ақ жыл сақтай алды. Бәкр ұлдарының бірі сүйікті Пайғамбарымызды қорлайтын өлең айтты; мұны естіген Хузаа тайпасының бір жігіті шыдай алмай, оның басын жарды. Бәкр ұлдары мұны сылтау етіп, келісім бойынша қауіпсіздікте отырған Хузаа тайпасына шабуыл жасады. Бұл шабуылға құрайыштық мүшріктер қару беріп, жасырын адам жіберіп көмектесті. Қасиетті жерде (Харам-и шәрифте) олар Хузаа тайпасынан жиырмадан астам адамды өлтірді. Қақтығыс кезінде Хузаа тайпасынан кейбір мұсылмандар Пайғамбарымыздан көмек сұрады. Хузаа тайпасына түнде жасалған бұл шабуылдарда Бәкр ұлдарының арасында құрайыштық мүшріктердің де болғанын көргендер бар еді.

Сол түні Мәдинада хазреті Мәймунә анамыздың үйінде болған сүйікті Пайғамбарымыз намаз оқуға тұрып, дәрет алып жатқанда, Аллаһу та’аланың рұқсатымен мұғжиза ретінде Меккедегі мұсылмандардың өзінен көмек сұрағанын естіді. Оларға жауап ретінде ол: «Ләббәйк! (Шақыруларыңа жауап беремін!)» – деді. Мәймунә анамыз Пайғамбарымыздың қасында ешкім жоқ бола тұра осылай сөйлегенін көріп: «Йа, Расулаллаһ! Қасыңызда біреу бар ма?» – деп сұрады.

Сүйікті Пайғамбарымыз оған Меккеде болған оқиғаны және құрайыштықтардың бұл іске қатысқанын айтып берді.

Құрайыш мүшріктері Бәни Бәкрлерге көмектесіп, Хузаа тайпасына шабуыл жасап, оның адамдарын өлтіру арқылы Худәйбийа бітім шартының баптарына қайшы әрекет етті. Осылайша олар бітім шартын бұзды.

Сүйікті Пайғамбарымыз бұл хабарды сол сәтте-ақ білді. Сонымен қатар оқиғадан үш күн өткен соң Хузаа тайпасынан Амр бин Салим қасына қырық салт атты ертіп келіп, жағдайды Расул-и әкрамға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) баяндап берді. Бірақ сол кезде сауда үшін Шамға кеткен Құрайыш көсемі Әбу Суфйанның бұл оқиғадан хабары жоқ еді. Хабибуллаһ: «Хузаа ұлдарына көмектеспесем, маған да көмек берілмесін!» – деп, хат жаздырды. Құрайыш мүшріктеріне жіберілген бұл хатта сүйікті Пайғамбарымыз былай деген еді: «…Не Бәкр ұлдарымен одақтастықтарыңнан бас тартып, шетке шығасыңдар, не Хузаа ұлдарынан өлтірілгендердің құнын төлейсіңдер! Егер бұл айтқандарымның бірін де орындамасаңдар, сендермен соғысатынымды білдіремін!..» Құрайыштықтар бұл мейірімнің өзін де түсінбеді. Олар: «Одағымызды да бұзбаймыз, құн да төлемейміз! Тек соғыса аламыз», – деп жауап жіберді. Бірақ бұлай істегендеріне мың қатла өкінді де, қорыққанынан келісімді жаңарту үшін Әбу Суфйанды күте бастады.

«(Ей, меккелік мұсылмандар!) Ләббәйк! Шақыруларыңа жауап беремін!» Хадис шәриф

Әбу Суфйан Шамнан оралғанда, оған болған оқиғаны айтып: «Бұл істі міндетті түрде түзету керек. Егер түзетілмесе, Мұхаммед бізді Меккеден қуып шығарады!» – десті. Әбу Суфйан: «Бұл оқиғадан менің хабарым болмаса да, бітімді жаңартып, мерзімін ұзарту үшін тезірек баруым керек», – деді де, дереу Мәдинаға қарай жолға шықты.1 Әбу Суфйан Мәдинаға жетпей тұрып-ақ сүйікті Пайғамбарымыз оның келетінін құрметті сахабаларына хабарлап: «Менің түсінуімше, Әбу Суфйан бітімді жаңартып, оның мерзімін ұзарту үшін келе жатыр. Бірақ мақсатына жете алмай, қалай келсе, солай кері қайтады!..» – деді.

Әлі мұсылман болмаған Әбу Суфйан Мәдина-и Мунаууараға келді. Ол өзінің қызы, мүминдердің анасы әрі сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк жұбайы Үммү Хабибаның (радиаллаһу анһа) үйіне барды. Сүйікті Пайғамбарымыздың төсегіне отырғысы келді. Хазреті Үммү Хабиба анамыз ол отырмай тұрып жетіп, төсекті жиып алды. Әкесі бұған қатты ренжіп, таңырқап: «Қызым! Бұл төсекті менен қызғанып тұрсың ба?» – деді. Сонда Расулуллаһқа деген сүйіспеншілікті бәрінен жоғары қойған мүминдердің анасы хазреті Үммү Хабиба әкесіне: «Бұл төсек – Аллаһу та’аланың Расулының төсегі. Оған мүшріктер отыра алмайды! Сен – мүшріксің әрі нәжіссің! Бұл төсекке отыру саған мүлде лайық емес!» – деп жауап берді.

Әкесі: «Қызым! Үйімнен кеткелі саған бірдеңе болған екен!» – дегенде, ол: «Әлхамдулиллаһ, Аллаһу та’ала маған исламды нәсіп етті. Ал сен болсаң, әлі күнге естімейтін де, көрмейтін де тас пұттарға табынасың! Ей, әке! Сен сияқты Құрайыштың үлкені әрі ақсақалы болған адам қалайша исламнан алыс қалады?..» – деді. Әкесі қатты ашуланып: «Маған соншалық құрметсіздік көрсетіп, мені надандықпен айыптайсың! Демек, мен ата-бабамның жылдар бойы табынғандарын тастап, Мұхаммедтің дініне кіруім керек пе?!» – деп, ол жерден шығып кетті.2

Сүйікті Пайғамбарымыздың алдына келген Құрайыш көсемі: «Мен Худәйбийа бітім шартын жаңартып, оның мерзімін ұзарту үшін келдім. Қане, арамыздағы бұл келісімді жазбаша жаңартайық!» – деді. Хабиб-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Біз Худәйбийа бітім шартына қайшы ешбір іс жасамаймыз және оны өзгертпейміз!» – деп жауап берді. Құрайыш көсемі қайта-қайта: «Бітім шартын өзгертейік! Жаңартайық!..» – десе де, сүйікті Пайғамбарымыз оған ешқандай жауап бермеді. Барлық әрекетінен ешбір пайда шықпағанын көрген Құрайыш көсемі Меккеге оралып, мүшріктерге жағдайды баяндап берді. Мүшріктер: «Демек, ештеңе істей алмай, кері қайттың, солай ма?!..» – деп, оны сөкті. Енді оларға күтуден басқа істейтін ештеңе қалмаған еді.

Кімде-кім Мәсжид-и Харамды паналаса

Әбу Суфйан Мәдинадан кеткен соң, сүйікті Пайғамбарымыз Меккені алуға шешім қабылдады. Өйткені құрайыштықтар сөзінде тұрмай, келісімді бұзған еді. Бірақ ол бұл құпияны қатты жасырды: мүшріктерге дайындалуға мүмкіндік бермей және қасиетті жерде (Харам-и шәрифте) қан төкпей Меккені алғысы келді. Бұл – бір соғыс тәсілі еді. Өйткені Мекке алынса, кім білсін, қаншама адам мұсылман болу құрметіне ие болар еді. Бұл туралы ол хазреті Әбу Бәкірге және сахабаларының игі жақсыларынан бірнешеуіне ғана айтты. Сахабаларына сапарға дайындалуды бұйырды, бірақ қайда баратындарын айтпады. Құрметті сахабалар жиһадқа дайындала бастады. Сонымен қатар Пайғамбарымыз айналадағы мұсылман тайпаларға – Әсләм, Әшжа’, Жухәйнә, Хусайн, Ғифар, Музәйнә, Сүләйм, Дамра тайпаларына және Хузаа ұлдарына хабар жіберді. Хабарда: «Аллаһу та’алаға және ахирет күніне иман келтіргендер мүбәрәк Рамазан айының басында Мәдинада болсын», – делінген еді. Осылайша олар соғысқа қатысуға шақырылды.

Хабибуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сақтық шарасы ретінде Меккеге баратын жолдарды бекітіп, онымен байланысты үзуді хазреті Омарға тапсырды. Хазреті Омар дереу тау соқпақтарына, асуларға және басқа да жол айрықтарына күзетшілер қойып: «Меккеге барғысы келген әр адамды кері қайтарасыңдар!» – деп бұйрық берді.

Бұл іс жасырын жүруі үшін сүйікті Пайғамбарымыз Аллаһу та’алаға былай деп дұға ететін: «Йа, Раббым! Біз олардың еліне кенеттен барып жеткенше, құрайыштықтардың тыңшылары мен хабаршыларын тоқтат, оларды көрмейтін және естімейтін қыл. Бізді олар кенеттен көрсін және естісін!»

Солтүстіктегі мүшріктерге немесе византиялықтарға қарсы жорыққа шығылады деген әсер қалдыру үшін Пайғамбарымыз хазреті Әбу Қатадәні әскери жасақпен солтүстікке, Изам алқабы жаққа жіберді. Осы арада сүйікті Пайғамбарымыз Мәдинадағы дайындықтарды меккелік мүшріктерге хабарлау үшін жіберілген бір хат туралы мұғжиза ретінде хабар берді. Ол хазреті Әлиді жіберіп, сол хатты ұстатты.

Рамазан айының екінші күніне дейін айналадағы тайпалардан көмек келіп, бәрі Әбу Инәбә құдығының басындағы әскери тұрағына жиналды. Құрметті сахабалардың саны он екі мыңға жетті. Олардың төрт мыңы ансарлар, жеті жүзі мұхажирлер, қалғандары айналадағы мұсылман тайпалардан еді.3

Сүйікті Пайғамбарымыз Мәдинада өз орнына хазреті Абдуллаһ бин Үммі Мәктумды қалдырды.4 Хазреті Зубәйр бин Аууамды екі жүз адамдық атты жасақтың басында алдыңғы шолғыншы топ ретінде алға жіберді. Хижреттің сегізінші жылы, мүбәрәк Рамазан айының оныншы күні, сәрсенбі күні Әлемдердің мырзасы Аллаһу та’аланың есімімен, көңілдері Аллаһу та’ала мен Оның Расулына деген сүйіспеншілікке толы он екі мың адамдық ұлы әскерінің басында Мәдинадан жолға шықты. Олар осыдан сегіз жыл бұрын қинау мен зұлымдыққа ұшырап, хижрет етуге мәжбүр болған туған жерлеріне – Меккеге бара жатты. Пұтханаға айналдырылған ұлы Қағбаны пұттардан тазартуға бара жатты…

Қыңырлығынан ешбір бас тартқысы келмеген мүшріктерге хақты, әділетті және мейірімді көрсетуге бара жатты… Аллаһу та’аланың дінін таратуға, ондағы адамдардың мәңгілік тозақ азабынан құтылуына себепші болуға бара жатты. Йа, Раббым! Бұл қандай ұлы мейірім еді!.. Ислам әскері Зул-Хулайфаға жеткенде, Меккеден отбасымен бірге хижрет етіп келе жатқан Пайғамбарымыздың көкесі хазреті Аббаспен кездесті. Сүйікті Пайғамбарымыз көкесінің келгеніне қатты қуанып: «Ей, Аббас! Мен пайғамбарлардың соңғысы болғаным сияқты, сен де мұхажирлердің соңғысысың», – деп, оның көңілін көтерді. Хазреті Аббастың жүктерін Мәдинаға жіберді. Хазреті Аббас Пайғамбарымыздың қасында қалып, Меккенің алынуына қатысты.5 Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Меккенің маңындағы Қудәйдке келгенде, даңқты сахабаларын соғыс сапына тұрғызды. Әр тайпаға бөлек ту берді де, оларды әр тайпаның ту ұстаушысына тапсырды. Мұхажирлердің туын хазреті Әли, Зубәйр бин Аууам және Са’д бин Әби Уаққас (радиаллаһу анһум) көтеріп жүрді. Ансарлардың он екі, Әшжа’ және Сүләйм тайпаларының бір-бір, Музәйнә тайпасының үш, Әсләм тайпасының екі, Хузаа ұлдарының үш, Жухәйнә тайпасының төрт ту ұстаушысы бар еді.6 Мәдинадан шыққандарына он күн болған еді. Кешке қарай олар Меккеге әбден жақындап, құптан уақытында Мәрруз-Захранға жетті. Пайғамбарымыз сахабаларына осы жерде тоқтауды бұйырды. Сонымен қатар ол хазреті Омарға тапсырма беріп, әр мүжаһидке от жағуды бұйырды.7 Бір сәтте он мыңнан астам от жанғанда, Мекке жарыққа бөленді. Ештеңеден хабарсыз меккелік мүшріктер абдырап қалды. Не болғанын білу үшін олар Әбу Суфйанды жіберді. Ол қасына бірнеше адамды алып, жасырына-жасырына ислам әскеріне жақындады. Осы кезде сүйікті Пайғамбарымыз кейбір сахабаларына: «Әбу Суфйанды аңдыңдар. Оны сөзсіз табасыңдар!» – деді. Құрайыштықтар алға жылжыған сайын таңданыстары арта түсіп, зәрелерін ұшырар үрей билеп алды. Меккенің айналасына қаншама әскер жиналып, қаншама от жағылған еді!.. Бұлар туралы айтыса-айтыса олар Әрак деген жерге жетті.

«Йа, Раббым! Біз олардың еліне кенеттен барып жеткенше, құрайыштықтардың тыңшылары мен хабаршыларын тоқтат, оларды көрмейтін және естімейтін қыл. Бізді олар кенеттен көрсін және естісін!» Хадис шәриф

Дәл сол кезде Пайғамбарымыз: «Әбу Суфйан қазір Әракта», – деді. Сонда хазреті Аббас өз-өзіне: «Ол жерден міндетті түрде біреуді тауып, Меккеге жіберейін, ол оларға ислам әскерінің үстеріне келе жатқанын хабарласын, меккеліктер де соғыс басталмай тұрып Расул алейһиссаламға келіп, аман (қауіпсіздік) сұрасын», – деді де, дереу Әрак жаққа жол тартты. Осы мақсатпен ол жерден біреуді іздеп жүргенде, Әбу Суфйанды дауысынан танып: «Ей, Әбу Ханзала!» – деп дауыстады. Әбу Суфйан да оны танып: «Ей, Әбул-Фадл! Бұл сен бе едің! Ата-анам саған құрбан болсын!» – деді. Сосын екеуі бірге ислам әскерінің тұрағына қарай жол тартты…

Жолда Әбу Суфйан хазреті Аббастан: «Қандай хабар бар?» – деп сұрады. Ол: «Ей, Әбу Суфйан! Халдерің мүшкіл! Расул алейһиссалам сендер қарсы тұра алмайтын әскермен үстеріңе келе жатыр. Ант етемін, құрайыштықтардың жағдайы жаман болады. Олардың басына не күндер түседі!» – деді. Әбу Суфйан мен оның қасындағылар зор үмітпен мүжаһидтердің арасынан өтіп, сүйікті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алдына келді. Ғаламның Сұлтаны оларды жақсы қарсы алды. Меккеліктер туралы сұрастырды. Түн ортасына дейін сөйлескеннен кейін оларды исламға шақырды. Хаким бин Хизам мен Будәйл дереу шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болды (радиаллаһу анһума). Бірақ Әбу Суфйан әлі де екіұдай күйде еді. Таң атқанда мейірім теңізі сүйікті Пайғамбарымыз: «Ей, Әбу Суфйан! Саған не болды? Аллаһу та’аладан басқа илаһ жоқ екенін білетін уақыт әлі келмеді ме?» – деді. Ол: «Ата-анам сізге құрбан болсын! Жұмсақ мінезділікте, мәртебелілікте және туыстық хақын сақтауда сізден асқан адам жоқ. Сізге сонша жапа шеккізгенімізден кейін де сіз бізді әлі тура жолға (хидаятқа) шақырып отырсыз. Қандай жомарт жансыз! Аллаһтан басқа илаһ жоқ екеніне сендім… Егер болса, оның маған бір пайдасы тиер еді. Сіз – Аллаһтың Расулысыз», – деп, құрметті сахабалардың бірі болу мәртебесіне ие болды, радиаллаһу анһу.8

Хазреті Аббас: «Йа, Расулаллаһ! Әбу Суфйанға меккеліктердің алдында абырой әперетін бір нәрсе бермейсіз бе?» – деді. Пайғамбарымыз мұны қабыл алып: «Кімде-кім Әбу Суфйанның үйіне кіріп, паналаса, оған аман берілді, ол өлтіруден құтылады», – деді. Хазреті Әбу Суфйан: «Йа, Расулаллаһ! Мұны тағы біраз кеңейтпейсіз бе?» – деп өтінгенде, сүйікті Пайғамбарымыз: «Кімде-кім Мәсжид-и Харамға кіріп, паналаса, оған аман берілді! Кімде-кім есігін жауып, үйінде отырса, оған аман берілді», – деді. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Әбу Суфйан ислам әскерінің айбыны мен көптігін көріп, мұны меккелік мүшріктерге айтып берсін деп, хазреті Аббасқа: «Оны алқап тарылып, аттар қысыла-қысыла өтетін тау шатқалына апар. Мұсылмандардың – Аллаһу та’ала әскерінің ұлылығын көрсін», – деді.

Әбу Суфйан мұны көруге тиіс еді – куә болған көрінісін мүшріктерге айтып берсін, қарсы шығатын ешкім болмасын деп… Осылайша қасиетті жерде қан төгілмесін деп… Хазреті Аббас Әбу Суфйанмен тау шатқалына бара жатқанда, мүжаһидтер соғыс сапына тізілді. Тайпа артынан тайпа туларын желбіретіп шатқалдан өте бастады. Әркім сауыт киіп, қаруланған еді. Әр топ өтіп бара жатып тәкбір айтатын. Хазреті Әбу Суфйан: «Бұлар кімдер?» – деп сұрайды, хазреті Аббас: «Бұлар – Сүләйм ұлдары! Қолбасшысы – Халид бин Уәлид!», «Бұлар – Ғифар ұлдары!», «Бұлар – Ка’б ұлдары!..» – деп жауап береді. «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» дауыстары жер мен көкті кернеп, мүжаһидтердің көптігі мен қаруларының жарқылы көз қарықтыратын. Хазреті Әбу Суфйанды ең көп қызықтырғаны әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) еді. Ол оның айналасындағы жауынгерлердің өтуін асыға күтіп, олар басқалардан ерекшеленіп тұрар деп ойлады. Сондықтан шыдамай, жиі-жиі: «Бұл Расулуллаһтың жасағы ма?» – деп сұрай берді… Ақырында пайғамбарлардың сұлтаны, Әлемдердің мырзасы күндей нұр шашып, Қасуа түйесінің үстінде көрінді. Оның айналасында мұхажирлер мен ансарлар бар еді. Олардың әрқайсысы бастан-аяқ Дәуіт сауыттарына оранып, үнді қылыштарын асынып, тұқымды аттар мен түйелерге мініп келе жатты.

Оларды көргенде хазреті Әбу Суфйан қызығып: «Бұлар кімдер, ей, Аббас?» – деп сұрады. Ол: «Ортадағысы – Расул алейһиссалам. Ал айналасындағылар – шәһид болу ынтасымен жанған ансарлар мен мұхажирлер!..» – деді. Олардың жанынан өтіп бара жатып, сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хазреті Әбу Суфйанға: «Бүгін – Аллаһу та’ала Қағбаның шанын асқақтататын күн. Бүгін – Бәйтуллаһқа жабу жабылатын күн! Бүгін – мейірім күні… Бүгін – Аллаһу та’ала құрайыштықтарды (исламмен) ардақты ететін күн», – деді.

Хазреті Әбу Суфйан көретінін көріп, еститінін естіген еді. Ол: «Мен Византия императорының (қайсардың) да, Иран патшасының (кисраның) да салтанатын көрдім. Бірақ мұндай ұлылықты ешқашан көрген емеспін. Бүгінгідей әскер мен жамағатқа ешқашан кезіккен емеспін. Мұндай әскерге ешкім қарсы тұра алмайды. Оларға ешкімнің күші жетпейді», – деді де, Мекке жолына түсті…

«Кімде-кім Әбу Суфйанның үйіне кіріп, паналаса, оған аман берілді, ол өлтіруден құтылады… Кімде-кім Мәсжид-и Харамға кіріп, паналаса, оған аман берілді! Кімде-кім есігін жауып, үйінде отырса, оған аман берілді» Хадис шәриф

Әбу Суфйан Меккеге оралып, өзін асыға күткен мүшріктерге мұсылман болғанын жария етті. Сосын ол: «Ей, Құрайыш жамағаты! Мұхаммед алейһиссалам сендер қарсы тұра алмайтын үлкен әскермен іргелеріңе келіп жетті. Өздеріңді бекер алдамаңдар. Құтылу үшін мұсылман болыңдар. Мен сендер көрмегенді көрдім. Сансыз батырларды, аттар мен қаруларды көрдім. Оларға ешкімнің күші жетпейді. Кімде-кім Әбу Суфйанның үйіне кірсе, оған аман берілді, ол өлтіруден құтылды. Кімде-кім Бәйтуллаһты паналаса, оған аман берілді. Кімде-кім үйіне кіріп, есігін бекітсе, оған да аман берілді», – деді.9

Сонда мүшріктердің ең зұлымдарының кейбірі хазреті Әбу Суфйанға қарсы шығып, оны қорлады. Тіпті ислам әскеріне қарсы шығу үшін асығыс дайындала бастады. Бірақ олардың саны өте аз еді. Қалғандары оларға мән бермей, үйлеріне жүгірді. Ал кейбірі Мәсжид-и Харамды паналады.

Әлем сардары (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мен даңқты сахабалар (радиаллаһу анһум) Зи Тууа алқабына келіп жиналды. Әлемдердің мырзасы құрметті сахабаларына мүбәрәк көздерімен бір шолып шыққанда, оның есіне сегіз жыл бұрын Меккеден кетуі, хижреті түсті. Сол кезде мүшріктердің оның үйін қоршап алғаны, оның Ясин сүресінен аят кәрималар оқи отырып шыққаны, хазреті Әбу Бәкір екеуі ешкімге көрінбей Сәур үңгіріне кіргендері, Мекке шекарасынан шықпай тұрып оған соңғы рет қарап, былай дегені есіне түсті:

«(Ей, Мекке!) Аллаһпен ант етемін, мен білемін: сен Аллаһу та’ала жаратқан жерлердің ең қайырлысысың. Раббымның алдында да, менің алдымда да сен олардың ең сүйіктісісің. Егер мені сенен күштеп шығармағанда, мен сенен ешқашан шықпас, айырылмас едім». Осы қайғылы халінде Жәбрейіл алейһиссаламның оған Қасас сүресінің 85-аят кәримасын оқып, мүбәрәк көңілін жұбатқаны және Мекке-и Мукаррамаға қайтып оралатыны туралы сүйінші хабар бергені, бір уыс сахабасымен Бәдірде, Ухудта, Хандекте, Хайбарда және Мутәда дұшпандарды қалай жеңгені де есіне түсті. Енді он екі мың сахабасы шырақ айналасындағы көбелектердей оны айнала қоршап, Меккеге кіру үшін оның бір бұйрығын ғана күтіп тұрды. Әлем сардары Пайғамбарымыз мұның бәрін берген Аллаһу та’алаға терең ризашылық пен шүкірге толы көңілмен хамд айтты. Кішіпейілділікпен мүбәрәк басын иді. Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз батыр сахабаларын төрт топқа бөлді. Оң қанаттың қолбасшысы етіп хазреті Халид бин Уәлидті, сол қанаттың қолбасшысы етіп хазреті Зубәйр бин Аууамды тағайындады, жаяу әскердің басына хазреті Әбу Убайда бин Жәррахты, қалған топтың басына хазреті Са’д бин Убадәні қойды. Хазреті Халид Меккеге оңтүстіктен кіріп, мүшріктерден кім қарсы шықса, соның жазасын беріп, Сафа төбесінде Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымызға қосылуға тиіс еді. Хазреті Зубәйр Меккеге солтүстіктен кіріп, Хажун деген жерге туын тігіп, Әлем сардары Пайғамбарымызды күтуге тиіс еді. Батыстан хазреті Са’д бин Убадә алға жылжуға тиіс еді.10

«Бүгін – Аллаһу та’ала Қағбаның шанын асқақтататын күн. Бүгін – Бәйтуллаһқа жабу жабылатын күн! Бүгін – мейірім күні… Бүгін – Аллаһу та’ала құрайыштықтарды (исламмен) ардақты ететін күн» Хадис шәриф

Расул-и әкрам әскер басшыларына: «Сендерге шабуыл жасамаса, ешкіммен шайқасқа кірмеңдер. Ешкімді өлтірмеңдер», – деді. Бірақ есімдері аталғандардың қайсысы ұсталса да, тіпті Қағбаның жабуының астына тығылса да, оның басы шабылуға тиіс еді.11

Хақ келді, жалған жойылды

Икримә бин Әби Жәһл, Сафуан бин Умәййә және Сухәйл бин Амр Бәни Бәкр мен Бәни Харис тайпаларынан кейбір адамдармен бірге Халид бин Уәлидтің келе жатқанын естіп, жолды бөгеп күте бастады. Мүжаһидтерден ең алдымен қимылға көшкен хазреті Халид бин Уәлид болды. Меккенің оңтүстігіндегі Хандәмә тауының етегіне жеткенде, ол зұлым құрайыштық мүшріктердің өздеріне оқ жаудырғанын көрді. Екі мүжаһид шәһид болды: бірі – Курз бин Жабир, екіншісі – Хабаш бин Әш’ар. Хазреті Халид соғыс сапындағы жауынгерлеріне: «Жеңіліп қашқандарды ғана өлтірмеңдер», – деп бұйрық берді де, олар алға ұмтылды. Бір сәтте мүшріктерді кері ығыстырып, Мәсжид-и Харамға дейін алға жылжыды. Қақтығыс кезінде жетпіс мүшрік өлтірілді.12 Мүшріктердің бір бөлігі тау басына, бір бөлігі үйлеріне қашты.

Мекке-и Мукарраманың алынуы

Қасиетті Меккеге басқа жақтардан кірген даңқты сахабалар ешқандай қарсылыққа кезікпеді. Өлтіру бұйырылғандардың бесеуі ұсталып, жазасы сол сәтте берілді. Қалғандары Меккеден қашып кетті. Рамазан айының жиырмасы, бейсенбі күні мүжаһидтер зор толқумен, толқын-толқын болып, «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» тәкбірлері арасында Меккеге кіріп жатты. Әлем сардары (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Қасуа түйесінің үстінде, артына Усамә бин Зәйдті мінгестірген күйде, зор кішіпейілділікпен өзі туған шаһар – қасиетті Меккеге кіріп келе жатты. Ол өзіне осы күндерді көрсеткен Аллаһу та’алаға хамд айтып, Меккенің алынатынын сүйіншілеген Фатх сүресін оқып келе жатты.

Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз зор қуанышпен жеңімпаз сахабаларының ортасында Қағба-и Муаззамаға қарай бет алды. Оң жағында хазреті Әбу Бәкір, сол жағында хазреті Усәйд бин Худайр бар күйде ол Қағба-и Муаззамаға жақындады. Хажар-и Әсуадты (Қара тасты) зиярат еткеннен кейін тәлбия мен тәкбір айтты. Сахабалар оған қосылды да, «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» дауыстарынан Мекке-и Мукарраманың аспаны күңіреніп кетті. Осы ұлы көрініс алдында мұсылмандар қуаныш жасын төкті, ал қасиетті жерді (Харам-и шәрифті) паналаған немесе үйлеріне тығылған мүшріктер қорқыныш ішінде күтіп отырды.

Сосын Әлемдердің мырзасы мен оның даңқты сахабалары тауап ете бастады. Жетінші айналымды аяқтаған соң, сүйікті Пайғамбарымыз түйесінен түсіп, Мақам-и Ибраһимде екі рәкат намаз оқыды. Сосын хазреті Аббас құдықтан тартып шығарған Зәмзәм суынан ішті. Зәмзәм суымен дәрет алғысы келді. Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз дәрет алып жатқанда, құрметті сахабалар сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк денесіне тиген дәрет суын жерге түсірмей, ауада іліп ала бастады. Мұны көрген мүшріктер: «Біз өмірімізде мұндай билеушіні көрген де, естіген де емеспіз», – деп таң қалды. Әлем сардары (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Қағбаның айналасындағы тастан және ағаштан жасалған барлық пұттардың қиратылуын қалады. Ол мағынасы бойынша: «Хақ келгенде жалған жойылады; жалған әрқашан жойылушы»13 деген аят кәриманы оқып, мүбәрәк қолындағы таяғын пұттарға қарай созды. Таяқ тиген әр пұт бірінен соң бірі бетімен құлап түсті. Үш жүз алпыс пұт жермен-жексен етілді.14 Бесін уақыты кіргенде Расул-и әкрам хазреті Біләлге Қағбада Мұхаммеди азанды оқуды бұйырды. Ол дереу бұл қасиетті міндетті атқарды. Азан оқылып жатқанда мүминдердің жүректерінде шексіз қуаныш пайда болды, ал мүшріктер қатты күйініш пен қайғыдан езіліп жатты.15

Сүйікті Пайғамбарымыз Қағбаның кілтін сұрады. Оны әкелді. Ішіндегі суреттерді және қиратылған барлық пұттарды шығартқаннан кейін ол Қағбаға кірді.

Онымен бірге хазреті Усамә бин Зәйд, хазреті Біләл және хазреті Осман бин Талха бар еді. Ішінде Пайғамбарымыз есікті артына қалдырып, екі рәкат намаз оқыды. Әр бұрышта тәкбір айтып, дұға етті. Хазреті Халид бин Уәлид есіктің алдында тұрып, халықтың ол жерге үймелеп жиналуына жол бермеуге тырысты.

«Хақ келгенде жалған жойылады; жалған әрқашан жойылушы» Исра: 81

Ғаламның Сұлтаны екі мүбәрәк қолымен Қағба есігінің екі жақтауынан ұстап тұрды. Барлық құрайыштықтар Мәсжид-и Харамға лық толып, қорқыныш аралас үмітпен сүйікті Пайғамбарымызға қарап тұрды. Өйткені олар Пайғамбарымызды қорлаған, оны ұрмақ болған, оның өміріне қастандық жасамақ болған еді!.. Оның сахабаларын түрлі-түрлі азаптарға салған еді. Мойындарына жіп байлап сүйреген еді. Отқа тастап өртемек болған еді. Қызған тастарды кеуделеріне қойып, есінен танғанша азаптаған еді. Отқа қыздырылған шіштерді денелеріне тыққан еді. Үш жыл бойы оларды аш-сусыз бір мәһәлләға қамап, бәрінен айырған еді. Аяқтарынан түйелерге байлап, түйелерді әр жаққа айдап, оларды жұлмалап өлтірген еді. Ең бастысы, оларды туған жерлерінен қуып шығарған еді. Бұл аз болғандай, оларды мүлде жойып жіберу үшін неше рет соғысқан еді. Бірақ осының бәріне қарамастан, олар үміттенді. Өйткені олардың алдында әлемдерге рақым етіп жіберілген мейірім теңізі тұрған еді. Оларға біраз қарап тұрғаннан кейін сүйікті Пайғамбарымыз: «Ей, Құрайыш жамағаты! Енді мен сендерге не істеймін деп ойлайсыңдар?» – деді. Олар: «Біз сенен жақсылық күтеміз, жақсылықтан үміттенеміз. Өйткені сен – жомарт бауырсың. Сен – жомарт әрі игі жақсы бауырымыздың ұлысың. Сен бізді жеңдің. Сенен жақсылық үміт етеміз», – деді. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оларға жымиып: «Менің жағдайым мен сендердің жағдайларың Жүсіптің (алейһиссалам) бауырларына айтқанындай болады. Ол сияқты мен де айтамын: „Бүгін мен енді сендерден істегендерің үшін есеп сұрамаймын (қателеріңді беттеріңе баспаймын). Аллаһу та’ала сендерді кешірсін“.16 Барыңдар. Сендер азатсыңдар, сендер еріктісіңдер», – деді.

Бұл ұлы мейірім қатыгез жүректерді жұмсартып, өшпенділікті сүйіспеншілікке айналдырды. Әлемдердің мырзасы оларды исламға шақырғанда, олар мұсылман болу үшін жиналды.

Сүйікті Пайғамбарымыз құрайыштықтарға пайғамбарлығын білдіріп, оларды тұңғыш рет исламға шақырған Сафа төбесіне шықты. Сол жерде ол қайтадан үлкен-кіші, әйел-еркек – барлық меккеліктердің антын (байғатын) қабыл алды. Осылайша құрайыштықтар мұсылман болып, құрметті сахабалардың қатарына қосылу мәртебесіне ие болды. Еркектермен уәделескеннен кейін әйелдерден де кейбір мәселелер бойынша уәде алынды.17 Аллаһу та’алаға серік қоспау, Пайғамбарымызға қарсы шығып, бой бермеушілік жасамау, ұрлық істемеу, ар мен намысын сақтау, жала (бұһтан) жаппау, қыз балаларды өлтірмеу – солардың қатарында еді. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алдында болған әйелдер мұның бәрін қабыл алып, тек сөзбен ғана ант берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оларға игі дұға жасап, олардың кешірілуін тіледі.

Әбу Суфйанның әйелі әрі Муауияның (радиаллаһу анһума) анасы Хинд (радиаллаһу анһа) да солардың арасында еді, тіпті олардың басшысы еді. Бұл әйелдер антында (байғат-и нисада) әйелдердің атынан сол сөйледі. (Осы анты және осы истиғфар (кешірім тілеу) дұғасына қол жеткізуі себебінен оның құтылатыны әбден үміт етіледі. Мұсылман әйелдердің кез келгені осы шарттарды қабыл алып, оларды орындаса, бұл уәдеге кірген болып саналады әрі осы дұғадан пайда алады.) Мұсылман болған әрбір адам үйіндегі барлық пұттарды сындырды. Айналадағы тайпаларға әскери жасақтар жіберіліп, ондағы пұттар да жермен-жексен етілді. Осылайша хақтың келуімен жалғанның тамырына балта шабылды.

Үкім шығарылғандар

Исламның алғашқы күндерінен хижреттің сегізінші жылына дейін түрлі қылмыстары үшін өлім жазасына кесілген адамдар бар еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) олардың (еркектерден он бірінің, әйелдерден алтауының) есімдерін атап: «Бұл адамдарды қай жерде көрсеңдер, сол жерде өлтіріңдер», – деп бұйырды. Үкім шығарылған еркектер мыналар еді: Икримә бин Әби Жәһл, Уахши бин Харб Хабаши, Абдуллаһ бин Әби Сарх, Һаббар бин Әсуад, Сафуан бин Умәййә, Ка’б бин Зухәйр, Абдуллаһ бин Зәбари, Абдулузза бин Хатал, Хуәйрис бин Муаз, Мақис бин Сабаба және Харис бин Тула. Ал әйелдер мыналар еді: Хинд бинт Утбә, Қарита, Қаритә, Ибн Ханзаланың тағы бір күңі (қызметшісі), Бәни Абдулмутталибтің күңі Сара және Үммү Са’д.

Мейірімге бөленгендер

Хинд бинт Утбә: мұсылман болған әйелдердің арасында өлтірілетін адамдардың тізімінде есімі бар, хазреті Әбу Суфйанның әйелі Хинд те бар еді. Бірақ әлемдерге рақым болған сүйікті Пайғамбарымыз оны да кешірді. Ол мұсылмандарға үнемі жәбір-жапа көрсететін. Хазреті Хамзаға және басқа Ухуд шәһидтеріне жасалған қорлық соның айтуымен жасалған еді. Мекке алынған күні әлемнің мақтанышы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Сафа төбесіне шығып отырды. Хазреті Омарул-Фаруқ одан төменірек отырды. Алдымен еркектер, сосын әйелдер келіп, бірінен соң бірі мұсылман болды. Әйелдердің арасында хазреті Әлидің қарындасы Үммү Хани мен хазреті Муауияның анасы Хинд бар еді. Ол Расулуллаһқа ант (байғат) берді. Әйелдердің атынан Расулуллаһпен уәделесті. Мүбәрәк дұғаға ие болды.

Икримә бин Әби Жәһл: ол Әбу Жәһлдің ұлы еді. Мейірімге бөленген еркектердің арасында ол да бар еді. Мекке алынған күні ол бір сахабаны шәһид етіп, Йеменге қашып кетті. Бұл хабар Расулуллаһқа жеткенде, ол жымиды. Сахабалар мұның себебін сұрағанда, ол: «Икримә мен ол шәһид еткен адам қол ұстасып жәннатта серуендеп жүр», – деді. Оның әйелі Үммү Хаким бинт Харис бин Хишам әйелдер антында (байғат-и нисада) мұсылман болып, Расулуллаһтан Икримә үшін аман (қауіпсіздік) сұраған еді. Икримә Үммү Хакиммен бірге Меккеге оралып, Расулуллаһтың алдына барып кешірім өтінді. Расулуллаһ қолын жайып, ол үшін кешірім тіледі. Икримә (радиаллаһу анһу) иман келтіргеннен кейін зор ынта мен жігер көрсетті. Ол құрметті сахабалардың батырларынан болды. Оманда, Йеменде жиһад етіп, Ярмук соғысында шәһид болды.

Уахши бин Харб Хабаши: ол Ухуд соғысында хазреті Хамзаны (радиаллаһу анһу) шәһид еткен еді. Мұсылмандар оны өлтіруге қатты ынталы еді. Ухудта Расулуллаһ бірнеше кәпірге қарғыс айтқан еді. Одан: «Неге Уахшиге лағнет айтпайсыз?» – деп сұрағанда, ол: «Миғраж түні мен Хамза мен Уахшидің қол тұтасып, бірге жәннатқа кіріп бара жатқанын көрдім», – деген еді. Мекке алынған күні Уахши қашып кетті. Ол өкініп, таифтіктермен бірге Мәдинаға, мешітке келіп, сәлем берді. Расулуллаһ оның сәлемін алды. Ол иман келтіріп, кешірімге ие болды. Бірақ оған Йәмама жаққа кету бұйырылды. Ол Расулуллаһтың алдында қатты ұялып, басын төмен салып өмір сүрді. Мәдинаға қайтып келмеді. Иман келтіргенде, ол тап-таза болды. Барлық әулиелерден жоғары болды.

«Менің жағдайым мен сендердің жағдайларың Жүсіптің (алейһиссалам) бауырларына айтқанындай болады. Ол сияқты мен де айтамын: „Бүгін мен енді сендерден істегендерің үшін есеп сұрамаймын (қателеріңді беттеріңе баспаймын). Аллаһу та’ала сендерді кешірсін“ (Жүсіп сүресі: 92). Барыңдар. Сендер азатсыңдар, сендер еріктісіңдер» Хадис шәриф

Хижреттің он бірінші жылы Йәмамада мүртәдтермен өте қатты соғыс болды. Мусәйләмәнің әскерінен жиырма мың, Халид бин Уәлидтің әскерінен екі мың адам өлді. Алғашында мұсылмандар жеңіле бастады. Сонда хазреті Уахши батырларша шабуыл жасап, хазреті Хамзаны шәһид еткен найзасымен Мусәйләмәтул-Кәззабты өлтірді.18 Мұны көрген мұсылмандар шабуылға ұмтылып, жеңіске қол жеткізілді. Расулуллаһтың кезінде Уахшиді Йәмама жаққа жіберуінің ұлы мұғжиза болғаны осылайша айқындалды. Ол хижри он екінші жылы болған Ярмук соғысына да қатысып, византиялықтарға қарсы зор ерліктер көрсетті. Хұмсқа қоныстанып, хазреті Османның заманында сонда қайтыс болды.

Кешірер еді кінәлілердің өтінішін кешірім, лұтфымен,
Ұлы мінезді, мейірімді, рақымды еді ол – жомарттық кені.
Байлықты сүймей, кедейлікті сүйіп, мақтаныш етер еді,
Міскіндерді өзіне бауыр етті ол – жомарттық кені.
Киіміне жамау салып, ағаш кебіс те киетін,
Әр науқасқа барып, дауа берер еді ол – жомарттық кені.
Отбасының қызметін өзі ықыласпен атқаратын,
Барлық қиындықты жеңіл етер еді ол – жомарттық кені.
Арпа наны, жасымық сорпасына ғана шақырса да,
Шақыруды қабыл алып, қонақ болар еді ол – жомарттық кені.
Кейде түйеге, кейде атқа, кейде қашырға, кейде есекке мінер,
Кейде жалаң аяқ жүрер еді ол сұлтан – жомарттық кені.