Сүйікті Пайғамбарым

МУТӘ СОҒЫСЫ

Хижреттің сегізінші жылында әлемдерге рақым болған ғалам сардары (алейһи әфдалус-салауат) исламның таралуы үшін тағы да түрлі тайпаларға, мемлекеттерге елшілер жіберді. Олардың кейбірінен оң нәтижелер келді, бірақ Бусра әміріне жіберілген хазреті Харис бин Умәйрді Шамның Бәлқа өңіріндегі Мутә ауылында христиан әскерлері ұстап алды. Шам әмірі Шурахбил бин Амрдың алдына әкелінген хазреті Харисті елші бола тұра арамдықпен өлтірді – ол шәһид болды.1

Бұл хабарға сүйікті Пайғамбарымыз қатты қайғырып, дереу батыр сахабаларына жиналуды бұйырды. Бұл бұйрықты алған сахабалар балаларымен ризаласып, асығыс Журфтегі әскери тұраққа жиналды. Хабиб-и әкрам бесін намазын оқытқаннан кейін былай деді: «Жиһадқа шығатын мына адамдарға Зәйд бин Харисаны қолбасшы етіп тағайындадым! Зәйд бин Хариса шәһид болса, оның орнына Жафар бин Әби Тәліп тұрсын. Жафар бин Әби Тәліп шәһид болса, Абдуллаһ бин Рауаха тұрсын. Абдуллаһ бин Рауаха да шәһид болса, мұсылмандар өз араларынан лайықты біреуді таңдап, оны өздеріне басшы етсін!»

Осыдан кейін құрметті сахабалар есімдері аталған батырлардың шәһид болатынын түсініп, жылай бастады: «Йа, Расулаллаһ! Тірі қалса екен, біз олардан пайда көрсек екен!..» Пайғамбарымыз оларға жауап бермей, үндемей тұрды.2 Сол жерде болған хазреті Зәйд, Жафар және Абдуллаһ та мұны естіп, үлкен қуанышқа бөленді. Өйткені олардың ең үлкен мақсаты – Аллаһу та’аланың дінін таратып жүріп шәһид болу еді. Енді сүйінші хабар берілген еді, олар оны өз құлақтарымен естіді. Мүжаһидтер дайындықтарын аяқтап, қолбасшыларын күтіп тұрды. Сүйікті Пайғамбарымыз исламның ақ туын хазреті Зәйд бин Харисаға тапсырды. Оған Харис бин Умәйр шәһид етілген жерге дейін барып, онда исламды жеткізуді бұйырды. Қабыл алмаса, жаумен соғысуды тапсырды. Хазреті Абдуллаһ бин Рауаха қасындағы қолбасшы жолдастарымен бірге қоштасып тұрғанда жылады. Одан: «Ей, Рауаханың ұлы! Неге жылайсың?» – деп сұрады. Ақын Абдуллаһ бин Рауаха былай деді:

Менің жылауымның себебі
дүние махаббаты емес,
Аллаһпен ант етемін,
сендерді сағынуым да емес.
Шынайы себебі мынау:
Құран кәрімінде
Раббымыз бір аятта
былай деген:
«Анық біліңдер:
сендердің араларыңда
тозақтың үстінен
өтпейтін бірде-бір адам жоқ…»
Бұл аятты естідім
Расулуллаһ оқығанда.
Тозақтың үстінен өтсем,
қалай сабыр етермін мен!

Жолдастары ол үшін дұға етті: «Аллаһу та’ала сені Өзінің сүйікті құлдарының қатарына қоссын, сен салихтардан бол!» Сонда хазреті Абдуллаһ бин Рауаха былай деді: «Бірақ мен Аллаһу та’аладан кешірілуімді тілеймін. Тағы да қанды бұрқыратып көпіртетін қылыш соққысынан немесе бауыр мен ішектерімді күйдіріп өтетін найза қадалуынан шәһид болуды қалаймын!..» Әскер жолға шығуға дайындалып жатқанда хазреті Абдуллаһ бин Рауаха Пайғамбарымыздың қасына келіп қоштасты да: «Йа, Расулаллаһ! Маған жаттап алып, есімнен ешқашан шығармайтын бір кеңес бермейсіз бе?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз оған: «Сен ертең Аллаһу та’алаға өте аз сәжде етілетін бір елге барасың. Онда сәжделерді, намаздарды көбейт», – деді. Абдуллаһ бин Рауаха: «Йа, Расулаллаһ! Маған тағы насихат бермейсіз бе?» – дегенде, сүйікті Пайғамбарымыз: «Аллаһу та’аланы әрдайым зікір ет. Өйткені Аллаһу та’аланы зікір ету (еске алу) үміт еткеніңе жетуіңе көмекші болады», – деді.

Үш мың адамдық ислам әскері «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деген дауыстардың астында жолға шықты. Сүйікті Пайғамбарымыз бен Мәдинада қалған сахабалар мүжаһид ғазилерді Уәда беткейіне дейін шығарып салды. Мұнда Әлемдердің мырзасы мүбәрәк ислам әскеріне былай деп үн қатты: «Мен сендерге Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындауды, тыйымдарынан сақтануды, қастарыңдағы мұсылмандарға қайырлы болып, оларға жақсы мәміле жасауды кеңес етемін. Аллаһу та’ала жолында Оның есімін айтып соғысыңдар. Олжа малдарына қиянат жасамаңдар. Уәдеге опасыздық жасамаңдар. Балаларды өлтірмеңдер! Онда христиандардың шіркеулерінде адамдардан оқшауланып, өздерін ғибадатқа арнаған кейбір кісілерді табасыңдар. Оларға тиісуден сақтаныңдар! Олардан басқа, бастарына шайтандар ұя салған кейбір адамдарға да кезігесіңдер, олардың бастарын қылыштарыңмен шабыңдар. Әйелдерді, қартайған әлсіз шал-кемпірлерді өлтірмеңдер. Ағаштарды өртемеңдер және кеспеңдер. Үйлерді де қиратпаңдар!»

Бас қолбасшы Зәйд бин Харисаға да былай деді: «Мүшріктерден болған жауыңмен кездескенде, оларды үш нәрсенің біріне шақыр!.. (Егер мұсылман болса,) оларды мұхажирлердің мекені болған Мәдинаға хижрет етуге шақыр! Шақыруыңды қабыл алса, мұхажирлердің құқықтарына өздерінің де ие болатынын, мұхажирлерге жүктелген міндеттер оларға да жүктелетінін білдір.

Егер мұсылман болып, өз елдерінде тұруды артық көрсе, олардың мұсылмандардан көшпелі арабтар сияқты болатынын, көшпелі арабтарға қолданылатын илаһи үкімнің өздеріне де қолданылатынын, соғыс олжасынан оларға ешнәрсе бөлінбейтінін және олжаны тек мұсылмандардың жанында соғысқандар ғана пайдаланатынын білдір!

Егер исламды қабыл алмаса, оларды жизья төлеуге шақыр! Оны қабыл алса, оларға тиіспе! Жизья төлеуге де жуымаса, Аллаһу та’аланың көмегіне сыйынып, олармен соғыс!..»

Бұл насихаттардан кейін ол мүжаһидтермен қоштасты. Ислам әскері тәкбір дауыстарымен аттанып кетті. Қалғандар кеткендерге қол бұлғап: «Аллаһу та’ала сендерді әр түрлі қауіптен сақтасын, аман-есен қайтарсын…» – деп дұға етті. Олар көкжиекте көзден ғайып болғанша, жасқа толы көздерімен соңдарынан қызыға қарап қалды…

«Зәйд бин Харисаны қолбасшы етіп тағайындадым! Ол шәһид болса, оның орнына Жафар бин Әби Тәліп тұрсын. Ол шәһид болса, Абдуллаһ бин Рауаха тұрсын. Ол да шәһид болса, араларыңнан біреуді таңдайсыңдар» Хадис шәриф

Қасиетті ту Зәйд бин Харисаның қолында желбіреп, мүжаһидтер Аллаһу та’аланың дініне қызмет ету үшін белгісіз ұзақ жолға бара жатты. Ислам әскері Сирияға қарай жылдам ілгерілеп келе жатты. Жол оқиғасыз әрі көңілді өтті. Мүжаһидтер жаумен тезірек кездесуге асығып, шыдамсызданып келе жатты. Шәһидтікті қалағандардың ішіндегі ең құштарларының бірі хазреті Абдуллаһ бин Рауаха еді. Мұны Зәйд бин Әрқам былай баяндады: «Мен Абдуллаһ бин Рауаханың тәрбиесінде өскен бір жетім едім. Ол Мутә сапарына шыққанда, мені де түйесінің артына мінгізген еді. Түнде біраз жүргеннен кейін, оның ернінен мынадай бәйіттер төгілді:

Ей, түйем! Құмдағы құдыққа жеткізсең мені,
одан әрі төрт қонысқа алға апарсаң егер,
енді басқа сапарға шығармаймын сені,
көп ұзамай иесіз қаласың, соны біл.
Мен, сірә, үйіме қайтып оралмаспын,
үміттенем, бұл соғыста шәһид болармын.
Соңғы қоныста мүминдер мені жылдам озып кетті,
ей, Рауаханың ұлы, ең жақындарың да
туыстық жіптерін үзіп өтті,
сені Хақ та’алаға тапсырып кетті.
Енді ойламаймын, артта қандай малым бар,
ағаштар да, құрмалар да – мүлде қамым емес!

Мұны естігенде мен жыладым. Абдуллаһ бин Рауаха мені қамшысымен түртіп: „Ей, бұзық! Саған не болды? Менің осылай айтқанымның саған қандай зияны бар? Аллаһу та’ала маған шәһидтік нәсіп етсе, сен жануардың үстінде кері қайтып, орныңа жетесің. Ал мен дүниенің барлық қасіретінен, қайғы-мұңынан, оқиғаларынан құтылып, тыныштыққа қауышамын“, – деді. Ол түсіп, екі рәкат намаз оқыды. Соңында ұзақ дұға еткеннен кейін маған: „Ей, бала!“ – деп үн қатты. Мен: „Тыңдап тұрмын“, – дегенде, ол: „Бұл сапарда, иншаллаһ, шәһидтік нәсіп болады!“ – деді».

Батыр сахабалар Сирияға жақындағанда, Шам әмірі Шурахбил бин Амр ислам әскерінің жақындап келе жатқанын әлдеқашан естіген еді. Ол дереу Византия қайсары Ираклийге жағдайды хабарлап, одан үлкен көмек алып, көңілі жай тапқан еді. Өйткені ол жинаған мәліметтер бойынша мұсылмандар небәрі үш-бес мың адам ғана еді. Ал оның өз әскері жүз мыңнан асып жығылатын, қару-жарағының есебі жоқ еді. Құрметті сахабалар (алейһимур-ридуан) Шам жерінен Мағанға жеткенде, византиялықтардың жүз мың адамдық әскермен үстеріне келе жатқанын білді. Олар сол жерде тоқтап, екі түн тұрды. Қолбасшы хазреті Зәйд бин Хариса жолдастарын жинап, жағдайды білдірді. Византия әскеріне қарсы не істеу керек екені туралы олардың пікірін сұрады. Сахабалардың кейбірі: «Византия әскерімен кездеспей, олардың еліне кенеттен шабуылдар жасайық. Адамдарын тұтқынға алып, Мәдинаға қайтайық», – деді. Ал кейбірі: «Расул алейһиссаламға хат жазып, жаудың санын білдірейік. Бізге шұғыл әскер жіберуін немесе не істеуіміз керек екенін сұрайық», – деді. Екінші пікірдің қолайлырақ екені туралы шешім қабылдағалы жатқанда, хазреті Абдуллаһ бин Рауаха сөзге араласып, былай деді:

«Аллаһу та’аланы әрдайым зікір ет. Өйткені Аллаһу та’аланы зікір ету (еске алу) үміт еткеніңе жетуіңе көмекші болады» Хадис шәриф

Ей, қауымым, не себепті екіұдай болып тұрсыңдар?
Шәһид болу ниетімен соғысқа келмедік пе біз?
Қаруымыз, аттымыз көп болғаны үшін
ешқашан да соғысқан жоқпыз кәпірлермен біз.
Аллаһу та’ала бізге сыйлаған
осы дін күшімен арыстандай соғыстық.
Барыңдар, соғысыңдар, сөзсіз, қайыр бар,
бұл істің ақыры – не шәһидтік, не жеңіс.
Аллаһпен ант етем, Бәдір күні екі атымыз бар еді,
Ухудта бір атпен, өте аз еді қаруымыз.
Егер бұл соғыста жеңіс тағдырда болса,
Аллаһ та, Пайғамбар да солай уәде етті ғой.
Хақ та’ала уәдесінен еш қайтпайды,
олай болса, ей, мүминдер, алға басыңдар!
Егер шәһидтік жазылған болса бізге,
жәннатта шәһид бауырларымызға қауышармыз.

Хазреті Абдуллаһ бин Рауаханың бұл сөздері мүжаһидтерге батылдық қосты. «Аллаһпен ант етеміз, Рауаханың ұлы дұрыс айтады», – десті. Енді шешім қабылданды: олар шәһид болғанша соғысатын болды. Даңқты сахабалар Мутә ауылына келгенде, жүз мың адамдық Византия әскерімен бетпе-бет келді.

МУТӘ СОҒЫСЫ

Тау мен тас жау әскеріне толы еді. Бір жақта Аллаһу та’аланың дінін тарату үшін сонау Мәдинадан аттанып, Шамға дейін келген үш мың адамдық ислам әскері, екінші жақта исламды тұншықтыру үшін жиналған жүз мың адамдық кәпірлер тобыры тұрды… Сырттай қарағанда, күштердің арақатынасы салыстыруға келмейтін еді. Демек, бір мұсылманға отыздан астам византиялықпен соғысуға тура келетін еді. Екі жақ та соғыс сапына тұрды. Бұл кезде Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бұйрығы бойынша ислам әскерінен бір топ өкіл Византия әскерінің тұрағына қарай бет алды. Олар Византия әскеріне исламға келуді, әйтпесе жизья төлеуді ұсынды. Бірақ олар бұл шақыруды кері қақты. Енді жоғалтатын уақыт жоқ еді. Қолбасшы хазреті Зәйд бин Хариса қолында қасиетті ислам туымен әскеріне шабуылға шығуды бұйырды. Осы сәтті күтіп тұрған мүжаһидтер «Аллаһу әкбар!» деген дауыстармен оқтай алға атылды. Найзағайдай қылыштарын суырып, дауылдай жаудың ортасына кіріп кетті… Аттардың кісінегені, қылыштардың сыңғыры, тәкбір дауыстары және жараланғандардың ыңырсығаны көкке көтеріліп, соғыстың басында-ақ алаң қан көліне айналды. Даңқты сахабалар қылыш сілтеген сайын не бір бас, не бір қол түсіп жатты.

Қолында Расулуллаһтың ақ туы бар хазреті Зәйд жаудың дәл ортасында «Аллаһ, Аллаһ» деп соғысып жүрді. Сілтеген қылыштарымен айналасын лезде босатып, жауды өзіне қарсы шыққанына өкіндіріп жатты. Қолбасшыларының батырларша соғысып жатқанын көрген даңқты сахабалар да одан қалыспай, әрқайсысы жалғыз өзі отыз жауға қылыш жеткізіп, оларды жайратуға тырысып жатты. Бір кезде қолбасшы хазреті Зәйдтің мүбәрәк кеудесіне бір мезетте бірнеше найза қадалды. Олардың артынан басқа найзалар да келді. Даңқты сахабаның денесі тесік-тесік болып кетті. Ақырында Зәйд бин Хариса ыстық топыраққа құлап, қатты аңсаған шәһидтік шәрбатын ішті.

Зәйд бин Харисаның артынан келген хазреті Жафар дереу туды іліп алды. Ислам туының желбірегенін көрген мүжаһидтер жаңа құлшыныспен соғысты жалғастырды. Хазреті Жафар да Зәйд бин Хариса сияқты батырларша соғысып жатты. Бір жағынан жауға тап берсе, екінші жағынан жолдастарына батылдық пен құлшыныс беріп жатты. Ерлерше соғысқан бұл жаңа қолбасшы одан да жылдам, одан да шапшаң қимылдармен қылыш сілтеп, жауға көз ашқызбады. Хазреті Жафар өзін ұмытып соғысып жүргенде, жолдастарынан едәуір алға озып кеткен еді. Ол византиялықтардың ортасында жалғыз өзі соғысып, олардың әрқайсысына жеке-жеке қылыш шауып жатты. Бірақ бұл жолдан кері қайту жоқ екенін түсінуге көп уақыт керек болмады. Батыр қолбасшы: «Маған тиесілісі – кәпірлердің әрқайсысын қылышыммен шабу!» – деп, «Аллаһу әкбар!.. Аллаһу әкбар!..» деген мүбәрәк сөзден жаңа рухани күш алып жатты. Қылыш сілтеген сайын бір жауды жоқ қылып, айналасына ешкімді жақындатпады. Аллаһу та’аланың мүбәрәк есімін тілінен тастамай, таусылмас күшпен соғысып жатты. Ақырында бір жау әскері хазреті Жафардың оң қолына қылыш ұрды. Оң қолы шабылған хазреті Жафар қасиетті ислам туын жерге түспей тұрып сол қолымен іліп алды. Оны көтеріп, тағы желбіретті. Сол арада тағы бір қылыш соққысы… Сол қолы да шабылды. Бұл жолы ол туды шабылған қолдарының арасында кеудесіне қысып желбіретуге тырысты. Бірақ бірінен соң бірі қатты түскен жау қылыштарымен қатты аңсаған шәһидтік дәрежесіне жетті. Оның мүбәрәк рухы жәннаттың ең жоғары дәрежелеріне ұшты… Оның денесінде тоқсаннан астам қылыш пен найза жарасы саналды.3 Қолбасшыларының шәһид болғанын көрген батыр мүжаһидтер жерге түскен ислам туын іліп алып, оны хазреті Абдуллаһ бин Рауахаға тапсырды.

«Ей, қауымым, не себепті екіұдай болып тұрсыңдар? Шәһид болу ниетімен соғысқа келмедік пе біз?» Абдуллаһ бин Рауаха (радиаллаһу анһу)

Ол аттың үстінде туды желбіретіп, жауға қатты тап берді. Бір жағынан алдынан шыққан жауды жайратып, бір жағынан былай деп жатты:

Ей, нәпсім, сен маған, әрине, бағынарсың,
бүгін шәһид болармын, бұл соғыста ант еттім.
Не сен бұған өз еркіңмен разы боларсың,
не мен мұны саған күшпен қабылдатармын.
Егер бұл соғыста өлтірілмесең, айтшы, ей, нәпсім,
әлде сен ешқашан өлмейтін бе едің?
Жафар бин Әби Тәліп пен Зәйд бин Хариса
істегенді істесең, біл: жақсы істейсің.
Олар шәһид болды, ей, нәпсім, артта қалма,
әйтпесе бақытсыз боласың, алға ұмтыл!

Хазреті Абдуллаһ та «Аллаһу әкбар!» деген дауыстардың астында жаумен аяусыз айқасқа кірді. Бір кезде бір қылыш соққысы оның саусағына тиіп, шабылған саусақ қолында салбырап тұрды. Аллаһу та’ала мен Оның Расулының ғашықтығымен жанған бұл мүбәрәк қолбасшы дереу атынан жерге секіріп түсті. Соғысуына кедергі болған жаралы саусағын аяғының астына басып: «Сен тек жаралы бір саусақ қана емессің бе? Бұл бәлеге де сен Аллаһу та’ала жолында ұшырадың ғой!» – деп, тартып жұлып тастады. Найзағайдай атына секіріп мініп, бар күшімен қайтадан соғыса бастады. Бірақ қанша соғысса да, шәһидтік дәрежесіне жете алмағандықтан, өз-өзін кінәлай бастады… Қайта-қайта жауға тап берді. Ақыр соңында бір найза соққысынан жерге құлады. Аллаһу та’ала мен Оның Расулының жолында соғысып шәһид болды, оның мүбәрәк рухы жәннатқа ұшты… Сол сәтте хазреті Абдуллаһтың жанында соғысқан Әбул-Юср Ка’б бин Умәйр туды желбіретуге тырысты. Сахабалардың арасына көз жүгіртіп, өзінен үлкенірек әрі тәжірибелірек біреуді іздеді. Сабит бин Ақрамды көргенде, туды соған тапсырды. Хазреті Сабит туды мүжаһидтердің алдына қадап: «Ей, бауырларым! Тезірек араларыңнан біреуді қолбасшы етіп сайлап, соған ілесіңдер!» – деді. Олар: «Біз сені сайладық», – деді, бірақ хазреті Сабит мұны қабыл алмады. Оның көзі хазреті Халид бин Уәлидке түсті. Ол оған: «Ей, Әбу Сүлеймен! Туды сен ал!» – деді. Мұсылмандардың арасына жаңа ғана қосылған хазреті Халид әдептілігінен қасиетті туды алғысы келмеді, оның мүбәрәк ернінен мына сөздер шықты: «Мен бұл туды сенен ала алмаймын! Сен оған менен де лайықтырақсың. Өйткені сен жасы үлкенірексің және Бәдір соғысында Расулуллаһтың жанында соғысу құрметіне ие болғансың!..» Бірақ уақыт қымбат еді. Айналаларында құрметті сахабалар жаумен аяусыз соғысып, жүз мың адамдық жауды шегіндіруге тырысып жатты. Хазреті Сабит сөзін қайталады: «Ей, Халид! Расулуллаһтың қасиетті туын тезірек ал! Аллаһпен ант етемін, мен оны саған беру үшін алған едім. Сен соғыс тәсілдерін менен жақсырақ білесің!» – деді де, айналасындағы мүжаһидтерден: «Ей, бауырларым! Халидтің қолбасшы болуына пікірлерің қандай?» – деп сұрады. Олар бір ауыздан: «Біз оны өзімізге басшы еттік», – деді. Сонда хазреті Халид Әлемдердің мырзасы мүбәрәк қолымен тапсырған туды үлкен құрмет пен әдеппен алып, сүйді. Атына секіріп мініп, бар айбыны мен қуатымен жауға тап берді.4

Батыр сахабалар жаңа қолбасшыларының соңынан қайтадан шабуылға шықты. Хазреті Халид бұрын-соңды көрмеген батылдық пен шеберлікпен соғысып, алдынан шыққанды жайратып жатты. Бір кезде хазреті Қутба бин Қатадә жау қолбасшыларының бірі Малик бин Зафиланың басын денесінен айырды. Византиялықтардың рухы түсті. Бірақ уақыт тарылып, кеш түсіп, қараңғылық қоюлана бастаған еді. Қараңғыда соғысу өте қауіпті еді. Өйткені қателесіп өз жолдастарын өлтіріп алуы мүмкін еді…

Сондықтан екі жақ та өз тұрағына шегінді. Жаралыларды емдей бастады. Хазреті Халид соғыс өнерінде данышпан еді. Ол таңертең жаудың алдына жаңа соғыс тәсілімен шығып, оларды абдыратқысы келді. Сол түні ол әскерлердің орындарын ауыстырды: оң жақтағыларды солға, сол жақтағыларды оңға, алдыңғыларды артқа, арттағыларды алға шығарды.

Таңертең қайтадан шабуылға көтерілген батыр мүжаһидтер «Аллаһу әкбар» деген дауыстардың астында соғыса бастады. Жау әскерлері өздеріне шабуыл жасап жатқандарды алғаш рет көріп тұрды. Бұлар кеше олар соғысқан адамдар емес еді.

Сірә, мұсылмандарға көмекке жаңа әскер келген болар!.. Қосымша күш келді деп ойлап, қорқып кеткен Византия әскерлерінің рухы түсті. Олар абыржып, қаша бастады. Мұны сәтті кез деп білген ислам әскері оларға қатты шабуыл жасады.

Жау талқандалғаннан кейін олар Мутә бекінісіне келді. Бекіністі де алып, оның ақсүйектерінен де көп адамды өлтірді. Хазреті Халид пен батыр сахабалар ол күні одан да жақсы соғысып, жауға қылыш шауып, олардың мыңдағанының жанын тозаққа жөнелтті. Сол күні хазреті Халид бин Уәлидтің қолында тоғыз қылыш сынды.5 Аллаһу та’аланың жақсылығы және Расул-и әкрамның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дұғаларының берекесімен үш мың мүжаһид ғази жүз мың жау әскерін тас-талқан етті. Бұл үлкен алаң шайқасында он бес шәһид берілді. Осылайша Византия империясына өз шегі білдіріліп, оның оңтүстікке қарай жаңа шабуылдар ұйымдастыруына жол берілмеді… Расул-и әкрам, құрметті Пайғамбарымыз, оған соғыс алаңынан бір хабар келмей тұрып-ақ, Мутәда болған оқиғаларды білдіру үшін сахабаларын мешітке жинады. Сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк жүзінен оның қатты қайғылы екені аңғарылып тұрды, оны одан әрі қайғыға салудан қорқып, ешкім ешнәрсе сұрай алмады. Ақырында құрметті сахабалардың бірі: «Жанымыз сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Сіздегі қайғыны көргеннен бері іштеріміз қан жылап тұр, қайғымыздың қаншалықты үлкен екенін тек Хақ та’ала ғана біледі!» – деді. Сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк көздерінен жас ақты, сөйтіп ол былай деді: «Менде көрген қайғыларың, мені мұңға батырған нәрсе – сахабаларымның шәһид болуы еді. Бұл күй мен оларды жәннатта қарама-қарсы қойылған тақтардың үстінде отырған бауырлар ретінде көргенге дейін жалғасты. Зәйд бин Хариса туды қолына алды. Ақырында ол шәһид болды. Ол қазір жәннатқа кірді. Онда жүгіріп жүр. Сосын туды Жафар бин Әби Тәліп алды. Ол жау әскерлеріне тап беріп, соғысты, ақырында ол да шәһид болды. Ол шәһид болып жәннатқа кірді және жақұттан жасалған екі қанатпен қалағанынша ұшып жүр. Жафардан кейін туды Абдуллаһ бин Рауаха алды. Қолында туымен жаулармен соғысты, шәһид болды және жәннатқа кірді. Олар маған жәннатта алтын тақтардың үстінде көрсетілді. Аллаһым! Зәйдті кешір!.. Аллаһым! Жафарды кешір! Аллаһым! Абдуллаһ бин Рауаханы кешір!»

«Ей, Халид! Расулуллаһтың қасиетті туын тезірек ал! Аллаһпен ант етемін, мен оны саған беру үшін алған едім. Сен соғыс тәсілдерін менен жақсырақ білесің!» Сабит бин Ақрам (радиаллаһу анһу)

Әлемдердің мырзасының мүбәрәк көздерінен әлі де жас ағып жатты. Көз жасы арасында ол сөзін былай жалғастырды: «Абдуллаһ бин Рауахадан кейін туды Халид бин Уәлид алды. Міне, енді соғыс қызды. Аллаһым! Ол (Халид бин Уәлид) – Сенің қылыштарыңның бірі. Оған жәрдем бер!..»6 Сүйікті Пайғамбарымыз Аллаһу та’аланың рұқсатымен мың шақырымнан да алыс жердегі соғыс алаңындағы жағдайды мұғжиза ретінде көріп, сахабаларына хабарлады. Жафар бин Әби Тәліп шәһид болған күні ол осы оқиғаны айтып болған соң орнынан тұрып, хазреті Жафардың үйіне барды. Жафардың әйелі Әсма үй шаруасын бітіріп, балаларын жуындырып, шаштарын тарап қойған еді. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Ей, Әсма! Жафардың ұлдары қайда? Оларды маған алып кел!» – деді. Әсма ханым балаларды алып келгенде, Расулуллаһ оларды бауырына басып, тойғанша сүйіп, иіскеді. Мүбәрәк жүрегі шыдамады, мүбәрәк көздерінен жас тарам-тарам болып аға бастады. Мұны көрген хазреті Жафардың әйелі: «Ата-анам, тіпті жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Неге менің ұлдарыма жетімдерге көрсетілетін мейірімді көрсетіп отырсыз? Әлде Жафар мен оның жолдастары туралы қайғылы хабар алдыңыз ба?!» – деп жалынып сұрады. Әлемдердің мырзасы қатты тебіренген еді. Ол: «Иә!.. Олар бүгін шәһид болды!..» – деп жауап берді. Хазреті Әсма анамыз да жетім балаларын бауырына басып жылай бастады. Сүйікті Пайғамбарымыз бұл көрініске ұзақ қарап тұра алмай, ол жерден шығып кетті.7

Сәадатханасына (үйіне) оралған Хабиб-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) пәк әйелдеріне: «Жафардың отбасына тамақ дайындауды ұмытпаңдар!» – деді. Үш күн бойы шәһидтердің отбасыларына тамақ жіберіліп тұрды. Арадан бірнеше күн өткенде Мәдинаға сүйінші хабарды хазреті Я’ла бин Умәййә жеткізді. Ол болған оқиғаларды әлі айтып үлгермей жатып, Расул-и әкрам оған: «Қаласаң, болған жағдайларды сен айт, қаласаң, мен саған айтып берейін», – деді де, соғыс алаңында болған әрбір нәрсені егжей-тегжейлі баяндап берді. Сонда хазреті Я’ла бин Умәййә: «Сізді хақ дінмен және Кітаппен пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, мүжаһидтердің басынан өткен оқиғалардың бірде-бірін айтпай қалдырмадыңыз», – деді. Пайғамбарымыз: «Аллаһу та’ала мен үшін арадағы қашықтықты алып тастады, мен соғыс алаңын өз көзіммен көрдім», – деп жауап берді.

Бірнеше күннен кейін хабаршылар ислам әскерінің Мәдинаға жақындап келе жатқанын хабарлады. Пайғамбарымыз сахабаларымен бірге орнынан тұрып, оларды қарсы алу үшін Мәдинаның сыртына шықты. Алыстан шаң бұрқырап, қасиетті ислам туы желбіреп келе жатты. Қылыш пен қалқанның жарқылы айналаны айнадай жарқыратып тұрды… Әркімнің жүзінен терең толқу байқалатын. Біраздан соң бастарында хазреті Халид бин Уәлид бар мүжаһид ғазилер Мәдинаға кірді, радиаллаһу та’ала анһум әжмаин…

«Аллаһым! Зәйдті кешір!.. Аллаһым! Жафарды кешір! Аллаһым! Абдуллаһ бин Рауаханы кешір!» Хадис шәриф

Хор қыздары келді жетіп,
Нұрдан жөргекке орады,
Мұхаммедке жүзін тигізді,
Мұхаммед туған түні.
Көктің есігі ашылды,
Әлемге рақым шашылды,
Жәннат киімі пішілді,
Мұхаммед туған түні.
Жүніс айтар: «Ей, бауырлар,
Көзден ағар қанды жастар,
Сәжде қылды таулар, тастар
Мұхаммед туған түні».

Қағба-и Муаззаманың бұрынғы көрінісі /

Мекке-и Мукаррама [1890]