УМРАТУЛ-ҚАЗА САПАРЫ
Худәйбийа бітімінен бері бір жыл өтті. Құрбан айтқа бір ай қалғанда, Зұлқағда айының басында Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) құрметті сахабаларына умраға дайындалуды бұйырды. Худәйбийаға барып, Ридуан антына қатысқандардың қайтыс болғандарынан басқасының бәрі умраға қатысуы тиіс еді. Бұл бұйрықтан кейін екі мың сахаба дайындықтарын аяқтады. Құрбандыққа шалу үшін жетпіс түйе алынды. Оларды Меккеге дейін жол бойы жайып апару Нажия бин Жундуб пен оның төрт жолдасына тапсырылды. Сонымен қатар хазреті Мұхаммед бин Мәсләмәнің қол астына жүз атты әскер беріліп, ол соғыста қолданылатын сауыт, найза, қылыш сияқты қаруларды апару үшін алдын ала жіберілді. Мүшріктерге сенуге болмайтын еді. Бір шабуыл бола қалса, осы қаруларды пайдаланатын еді. Құрметті сахабалардың кейбірі: «Йа, Расулаллаһ! Худәйбийа бітімі бойынша біз умраға қынабындағы қылыштардан басқа қарумен келмеуге тиіс едік қой!» – деді. Әлемдердің мырзасы: «Біз бұл қаруларды Харамға, құрайыштықтардың қасына кіргізбейміз. Бірақ құрайыштықтар бізге бір шабуыл жасай қалса деп, олар жақынымызда, қол астымызда тұрады», – деді.
Мәдина-и Мунаууарада уәкіл етіп Әбу Зәрр Ғифари қалдырылды.1 Әбу Руһм Ғифаридің қалдырылғаны да риуаят етіледі. Екі мың сахаба сүйікті Пайғамбарымызбен бірге Меккеге қарай жолға шықты. Құрметті сахабалар қатты толқып тұрды. Олар жылдар бойы Аллаһу та’ала жолында, сүйікті Пайғамбарымыз үшін тастап кеткен үйлерін, ошақтарын, туған жерлерін көретін еді… Бес уақыт намазда жүздерін бұратын Қағба-и Муаззаманы зиярат ететін еді… Мұсылман болса да, келісім бойынша Мәдинаға келе алмаған туыстарымен қауышатын еді. Жылдар бойы олардың көздерінен жас орнына қан ағызған, зұлымдықпен еңірете ыңырсытқан, пұттарына табындыру үшін көптеген бауырларын шәһид еткен құрайыш мүшріктеріне исламның абыройы мен мәртебесін көрсететін еді. Мүмкін, мұны көрген мүшріктердің көңіліне ислам махаббаты ұялап, олар мұсылман болар!..
Мәдинада қалғандар Әлемдердің мырзасын Уәда беткейіне дейін тәкбірлермен шығарып салып, қоштасып, кері қайтты… Сүйікті Пайғамбарымыз Мәдинадан он шақырымдай қашықтықтағы Зул-Хулайфаға келгенде, ихрамға кірді. Даңқты сахабалар да оған ілесті. Әркім аққа оранған еді. Умра жасау үшін Мекке-и Мукаррамаға сапар басталған еді. Енді «Ләббәйк, Аллаһумма ләббәйк! Ләббәйк, лә шәрикә ләкә ләббәйк! Иннәл-хамдә уән-ни’мәтә ләкә уәл-мулк, лә шәрикә ләк!» (Міне, мен, Аллаһым, міне, мен! Шақыруыңа сөзіммен де, өзіммен де қайта-қайта жауап бердім, әміріңе мойын ұстым. Сенің серігің жоқ, бар болмысыммен Саған бет бұрдым. Хамд пен ниғмет тек Саған тән. Мүлік те Сенікі. Сенің теңдесің жоқ) деген дауыстармен жер мен көк жаңғырып тұрды.
Аллаһу та’алаға хамд етіп, жалбарынып, Оның мүбәрәк есімін зікір етіп келе жатқандықтан, сапар өте көңілді өтіп жатты.
Мұхаммед бин Мәсләмә басқарған алдыңғы жасақ Меккеге жақындағанда, оны құрайыш мүшріктері көріп қалды. Олар бір жыл бұрын біз осылай келісіп пе едік дегендей, қорқа-қорқа жақын келіп: «Бұл не?» – деп сұрады. Мұхаммед бин Мәсләмә оларға жандарын түршіктіретін мынадай жауап берді: «Бұлар – Аллаһу та’аланың Расулының аттылары… Аллаһу та’ала рұқсат етсе, ертең өзі де осында келіп жетеді!..» Мүшріктер қорқа-қорқа кері қайтып, хабарды Меккеге жеткізді. Мекке мүшріктері: «Ант етеміз, біз келісімге адал болдық. Мұхаммед бізбен неге соғыссын?..» – десіп жатты. Олар дереу Пайғамбарымызбен сөйлесу үшін өз араларынан бір топ өкіл жіберді.
«Ләббәйк, Аллаһумма ләббәйк! Ләббәйк, лә шәрикә ләкә ләббәйк! Иннәл-хамдә уән-ни’мәтә ләкә уәл-мулк, лә шәрикә ләк!» Тәлбия
Бұл кезде Әлемдердің мырзасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мекке көрініп тұратын Батн-и Йә’жаж деген жерге келіп жеткен еді. Олар мұнда беліне таққан қылыштарынан басқа барлық қаруларын қалдырды. Қаруларды күзету үшін екі жүз сахабаны қарауылға қойды. Бұл дайындықтар біткенде, құрайыш өкілдері Пайғамбарымызбен сөйлесуге және оның алдына кіруге рұқсат сұрады. Рұқсат берілгенде, олар: «Ей, Мұхаммед! Худәйбийа келісімінен бері біз сендерге ешқандай опасыздық жасаған жоқпыз. Соған қарамастан, сен Меккеге, өз қауымыңның қасына осы қарулармен кірмексің бе? Біздің келісім бойынша сендердің жандарыңда қынабындағы қылыштардан басқа ешнәрсе болмауы тиіс еді ғой!..» – деді. Бұған Әлемдердің мырзасы былай деп жауап берді: «Мен бала кезімнен бүгінгі күнге дейін берген сөзімде тұруыммен және адалдығыммен танылдым. Харамға біз қынабындағы қылыштарымыздан басқа қарумен кірмейміз. Бірақ қарулардың менен алыс емес жерде тұрғанын қалаймын». Өкілдер өздеріне жеткізілген хабардың басқаша екенін түсініп, көңілдері орнықты да: «Ей, Мұхаммед! Шынын айтқанда, біз сенен үнемі адалдық пен жақсылық қана көрдік. Саған жарасатыны да сол», – деп кері кетті. Меккеге оралып, жағдайды құрайыштықтарға білдірді. Олар да тынышталды.
Құрайыштың игі жақсылары кек пен қызғаныштың кесірінен Пайғамбарымыз бен оның сахабаларының бұл бақытты сәттерін көрмеу үшін Меккені тастап, тауларға шығып кетті. Сүйікті Пайғамбарымыз белгі салынған құрбандық түйелерді Зи Тууа деген жерге алдын ала жіберді. Сосын сахабаларымен дайындықтарын аяқтап, қасиетті Мекке қаласына кіру үшін жолға шықты. Құрметті сахабалар Әлемдердің мырзасын ортаға алған еді. Ғаламның Сұлтаны Қасуа түйесінің үстінде, мыңдаған жұлдыздың болмысын көлегейлейтін күн сияқты, айналасына нұр шашып келе жатты. Йа, Раббым! Қандай көркемдік! Бұл қандай сәулетті көрініс еді!..
Тілдерде «Ләббәйк, Аллаһумма ләббәйк! Ләббәйк, лә шәрикә ләкә ләббәйк!..» деген дауыстар, көңілдерде Аллаһу та’ала мен Оның Расулының махаббаты бар еді.
Олар қадам сайын ұлы Қағбаға жақындай берді. Жақындаған сайын толқулары одан бетер артып, бейне бір тасып тұрды. Бір ауыздан айтылған тәлбия дауыстары Меккені кернеп, мүшріктер бұл көркем көріністі көрген сайын жүректері жібіп, көңілдеріне жып-жылы бір махаббат шәрбатының ағып жатқанын сезінетін еді. Көбінің көңіліне ислам махаббаты ұялап та үлгерген еді… Ақыр соңында Ғаламның Сұлтаны, екі дүниенің мырзасы, сүйікті әрі мәртебелі Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жеңіске жеткен еді…
Міне, сүйікті Пайғамбарымыз бен оның даңқты сахабалары беліне қылыштарын таққан күйі Қағба-и Муаззамаға кіріп келе жатты. Пайғамбарымыздың Қасуа түйесінің шылбырын хазреті Абдуллаһ бин Рауаха ұстап, алдында жүрді. Кейбір меккелік мүшріктер әйелдері мен балаларымен Дарун-Нәдуәде тізіліп тұрып, сүйікті Пайғамбарымыз бен оның батыр сахабаларын тамашалап тұрды. Абдуллаһ бин Рауаха алға жылжыған сайын өлең оқи бастады, оның бәйіттері мүшріктердің басына балғадай тиіп, көңілдерінің түкпіріне дейін жетіп жатты:
Ей, кәпірлер, жол беріңдер Пайғамбардың жолынан,
Аллаһу та’ала түсірген-ді оған Құран.
Бүкіл қайыр, жақсылық жиналған оның дінінде,
Ең қайырлы өлім – осы дін жолындағы өлімде.
Ол – хақ Расулуллаһ, қабыл еттім жүректен,
Бар сөзіне иландым, иман еттім, жоқ күмән.
Ей, кәпірлер, Құранның түскенін бір Аллаһтан
Мойындамай тұрғанда, тап бергенде біз жақтан,
Соққыларды кенеттен қалай түсірген болсақ,
Бастарыңды кеудеден қалай айырған болсақ,
Оның мағынасына да сенбеушілік етсеңдер,
Бастарыңа тағы да дәл сол соққылар келер.
Бастаймын сол Аллаһтың мүбәрәк есімімен,
Жоқ өзге дін шынайы Оның хақ дінінен.
Тағы бастап сөзімді Аллаһтың атымен,
Мұхаммед – Оның құлы, расулы деп білем.
Хазреті Омар шыдай алмай, оны ескерткісі келді: «Ей, Ибн Рауаха! Сен Расулуллаһтың алдында және Харам-и шәрифте қалайша өлең оқисың?» Бірақ Пайғамбарымыз: «Ей, Омар! Оған кедергі болма! Аллаһу та’алаға ант етемін, оның сөздері мына құрайыш мүшріктеріне оқ жаудырғаннан да тезірек әрі күштірек әсер етеді. Ей, Ибн Рауаха, жалғастыр!» – деді.
Сәлден кейін Пайғамбарымыз хазреті Абдуллаһ бин Рауахаға: «Айт: „Аллаһу та’аладан басқа илаһ жоқ! Ол – Жалғыз! Уәдесін орындаушы – Ол! Бұл құлына көмектесуші – Ол! Әскерлерін күшейтуші – Ол! Жиналған тайпаларды тас-талқан етуші де тек Ол ғана!“» – деді.
Сонда Абдуллаһ бин Рауаха былай деп оқи бастады:
Аллаһу та’аладан өзге ешқандай жоқ илаһ!
Жоқ Оның еш серігі, Лә илаһә иллаллаһ!
Ислам әскеріне күш-қуат беруші – Ол!
Кәпірлерді таратып, жеңіп шығушы да – Ол!
Мұсылмандар да бұл сөздерді қайталап жатты. Сүйікті Пайғамбарымыз Бәйтуллаһқа кіргенде, мүбәрәк оң иығын ашты. Оның мүбәрәк тәнінің көркемдігі көз қарықтырып, көңілдерді өзіне тартып, күн сияқты нұр шашып тұрды. Сосын ол: «Бүгін мына ширк иелеріне өзін күшті әрі қуатты етіп көрсететін батырларды Аллаһу та’ала Өз рақымымен кешірсін!» – деді. Осыдан кейін құрметті сахабалар оң иықтарын ашып, айбынды түрде жылдам басып, Қағбаны үш рет тауап етті. Бірақ Рүкн-и Йәмани мен Хажар-и Әсуад бұрышының арасында ақырын басып жүрді. Пайғамбарымыз бен оның сахабалары Хажар-и Әсуадқа жақындап, оны сүйді немесе алыстау тұрып, қолдарын Хажар-и Әсуадқа қаратып көтерді.
«Аллаһу та’алаға ант етемін, оның (Ибн Рауаханың) сөздері мына құрайыш мүшріктеріне оқ жаудырғаннан да тезірек әрі күштірек әсер етеді» Хадис шәриф
Мүшріктер сахабаларды алыстан бақылап, олардың бұл айбынды әрі мағрур жүрісіне таң қалып тұрды. Өйткені оларға мұсылмандар Мәдинаға кеткеннен бері әлсіреп, ауруға шалдыққан деп айтылған, осындай хабарлар таратылған еді. Ал қазір олар мұның керісіне куә болып, таңдануы арта түсті.
Қалған төрт тауап болса ақырын, байыпты қадамдармен аяқталды. Тауаптан кейін Мақам-и Ибраһимде екі рәкат намаз оқыды. Сосын Сафа мен Мәруа төбелерінің арасында жеті рет сағи жасады. Құрбандықтар шалынғаннан кейін Пайғамбарымыз мүбәрәк басын қырдырды. Оның мүбәрәк шаштарын сахабалар ауада-ақ таласа іліп алды. Құрметті сахабалар да шаштарын алдырды. Осылайша Расул-и әкрамның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дәл бір жыл бұрын көрген түсі ақиқатқа айналды. Умра зияраты аяқталып, бесін уақыты кірді. Әлемдердің мырзасы хазреті Біләлге Қағбада азан айтуды бұйырғанда, Біләл Хабаши әмірді дереу орындады. Ол Қағбада Мұхаммеди азанды айтқанда, бүкіл Мекке толқып кетті. Құрметті сахабалар азанды үлкен ықыласпен тыңдап, оны ақырын дауыспен қайталап отырды. Азан біткенде Хабибуллаһ имам болды. Бәрі бірге оқыған бесін намазының мүшріктердің көңіліне әсері ерекше болды.
Сүйікті Пайғамбарымызға Әбтахта теріден шатыр тігілген еді. Сахабалар да оның айналасындағы шатырларда үш күн тұрды. Намаз уақыттарында олар Бәйтуллаһқа жиналып, намаздарын жамағатпен оқитын. Басқа уақыттарда туыстарына барып, исламның оларға сыйлаған көркем мінезімен оларға үлгі болатын. Ал олар болса сахабалардың бұл көркем күйінің алдында бейне бір еріп, таңданыстарын жасыра алмайтын. Бұл үш күннің ішінде Мекке бейне бір іштей алынғандай болды.
Үш күн толды… Енді айырылысу уақыты келді. Кешке қарай Пайғамбарымыз: «Мұсылмандардан (умраға келгендерден) бірде-бір адам кешті Меккеде өткізбейді, жолға шығады!» – дегенде, әркім жиналып, Мәдинаға қарай жолға шықты… Жухфада болғанда Расулуллаһ хазреті Аббаспен кездесті, сонда хазреті Аббас: «Йа, Расулаллаһ! Мәймунә бинт Харис жесір қалды. Оны өзіңізге әйелдікке алсаңыз, қалай болар еді?» – деп ұсыныс жасады. Осыдан кейін Пайғамбарымыз Әбу Рафи мен ансарлардан бір кісіні Меккеге құдалыққа жіберді. Хазреті Мәймунә Расулуллаһтың өзіне үйленгісі келетіні туралы хабарды түйенің үстінде отырғанда алып: «Түйе де, оның үстіндегі де – Расулуллаһтікі», – деді. Ол өзін Пайғамбарымызға сыйға тартты. Бұл істі тиісінше атқаруды апасы Үммүл-Фадлға тапсырды, ал ол оны күйеуі хазреті Аббасқа тапсырды. Умрадан Мәдинаға қайтып келе жатып, Сәриф деген жерге жеткенде, хазреті Аббас Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) төрт жүз дирхам мәһр алып, хазреті Мәймунәнің Расулуллаһпен некесін қиды. Той да сол жерде болды. Хазреті Мәймунә Расулуллаһтың некесімен құрметке бөленіп, оның соңғы жұбайы болды. Пайғамбарымыз бұдан кейін басқа үйленбеді.
«Бүгін мына ширк иелеріне өзін күшті әрі қуатты етіп көрсететін батырларды Аллаһу та’ала Өз рақымымен кешірсін!» Хадис шәриф
Шамдал сыйлауға батылым барды, йа, Расулаллаһ!
Мұратым – ұлы табалдырығыңа қызмет, йа, Расулаллаһ!
Рауза бағыңа лайық емес менің болмашы сыйым,
Қабыл ал, жақсылық пен рақым қыл, йа, Расулаллаһ!
Сенен басқа кімім бар, халімді айтып жалынар?
Жақсылық та, жомарттық та сенен, йа, Расулаллаһ!
Пана сұраймын, аман, жүз мәрте аман, есігіңе жығылдым,
Мейірім ет, маған шапағат ет, йа, Расулаллаһ!
Екі дүниеде де қанатыңның астына ал әділ хан Махмудты,
Әуелде де, ақырда да мәртебе – сенікі, йа, Расулаллаһ!
II. Mahmud Hân
Халид бин Уәлидтің мұсылман болуы
Әлемдерге рақым етіп жіберілген Хабиб-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Меккеге умра жасауға барғанда сахабаларынан хазреті Уәлид бин Уәлидке былай деген еді: «Халид қайда жүр? Ол сияқты адамның исламды танымауы, білмеуі мүмкін емес. Егер ол бар жігері мен батырлығын мұсылмандар жағында, мүшріктерге қарсы көрсетсе, қандай қайырлы болар еді! Біз оны жақсы көріп, жоғары ұстар едік». Уәлид бин Уәлид бұған дейін де ағасына анда-санда хат жазып, оны мұсылман болуға үгіттейтін. Пайғамбарымыздың бұл мүбәрәк сөздерін де жеткізгенде, Халид бин Уәлидтің исламға ынтасы күннен-күнге арта түсті. Умра жасаған сахабалар Мәдинаға оралды. Күндер өтіп, хижреттің сегізінші жылы кірді. Ал Халид бин Уәлид енді орнында тұра алмай, тезірек Мәдинаға жетіп, Әлемдердің мырзасының алдында тізе бүгіп, мұсылман болу құрметіне ие болуды жанын сала аңсады. Ол өзі былай баяндаған:
«Аллаһу та’ала маған Пайғамбарымыздың махаббатын нәсіп етті. Көңіліме ислам махаббатын орнықтырды. Мені жақсылық пен жамандықты ажырата алатын халге жеткізді. Мен өз-өзіме: „Мен Мұхаммед алейһиссаламға қарсы барлық соғыстарда болдым. Бірақ әр соғыс алаңын тастап кеткенде, бұзық әрі қате күйде екенімді және оның бір күні міндетті түрде бізді жеңетінін білетінмін, сондай сезіммен кететінмін“, – дедім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Худәйбийаға келгенде де мен жау аттыларының қолбасшысы едім. Усфанда оларға жақындап, көзге түстім. Расулуллаһ бізден қауіптенбестен сахабаларына бесін намазын оқытып жатыр еді. Біз олардың үстіне кенеттен шабуыл жасағымыз келді, бірақ мүмкін болмады. Солай болғаны да қайырлы болды. Расулуллаһ көңілімізден не өткенін түсінген болса керек, өйткені екінті намазын сақтықпен оқыды. Бұл жағдай маған қатты әсер етті. Бұл затты, сірә, Аллаһ қорғайтын болар, – дедім. Біз айырылыстық. Мен түрлі ойлардың ішінде жүргенде, Мұхаммед алейһиссалам умра үшін Меккеге келді, бірақ мен оған көрінбедім. Бауырым Уәлид олармен бірге келген, бірақ мені таппаған еді. Бауырым мынадай хат қалдырған екен: „Бисмиллаһир-рахманир-рахим! Аллаһу та’алаға хамд пен мадақтан және Расулуллаһқа салауат пен сәлемнен кейін айтарым: шын мәнінде, мен сенің исламнан жүз бұрып кетуіңнен асқан таңғаларлық нәрсені білмеймін. Сен өзің жүрген жолдың қате екенін түсінуге қабілетті адамсың ғой. Неге ақылыңды пайдаланбайсың? Ислам сияқты дінді танып-түсіне алмауың қандай оғаш! Пайғамбарымыз менен сен туралы сұрады. Ол сенің исламды танып, жігерің мен батырлығыңды мұсылмандардың арасында, мүшріктерге қарсы жұмсағаныңды қалайды. Ей, бауырым! Көп мүмкіндіктерді қолдан шығардың, енді одан әрі кешікпе!“
Бауырымның хаты маған жеткенде, менде мұсылман болу ниеті қатты күшейді. Мен жолға шығуға асығып жүрдім. Расулуллаһтың айтқандары мені қатты қуантқан еді. Сол түні ұйықтап жатқанда, түсімде қапырық, тар әрі шөл сияқты сусыз жерлерден жап-жасыл, кең әрі жайлы бір жерге шықтым. Мәдинаға барғанда, бұл түсімді хазреті Әбу Бәкірге айтып, оны жорып беруін одан сұрауды ұйғардым. Мен Расулуллаһқа баруға жиналып жатқанда: „Ол жаққа бара жатқанда маған кім жолдас болар екен?“ – деп ойладым. Сол кезде Сафуан бин Умәййәге кезіктім. Жағдайды оған айттым. Ол ұсынысымды қабылдамады. Сосын Икримә бин Әби Жәһлге кезіктім. Ол да бас тартқан соң, үйіме қайттым. Жануарыма мініп, Осман бин Талханың қасына бардым. Оған да мұсылман болу үшін Расулуллаһқа баратынымды айтып, маған жолдас болуын сұрадым. Ол ойланбастан келісті, сөйтіп ертеңіне сәһәр уақытында бірге жолға шықтық. Хира деген жерге жеткенде, Амр бин Аспен кездестік. Ол бізден қайда бара жатқанымызды сұрады. Мақсатымызды айтқанда, ол да Хабаш елінен келе жатқанын, Нәжаши Әсхамәнің қасында мұсылман болғанын және Расулуллаһқа ант беру үшін Мәдинаға бара жатқанын айтты. Үшеуміз Мәдинаға жеттік. Пайғамбарымыз біздің келгенімізді білгенде: „Мекке бауыр еттерін біз жаққа лақтырды“, – депті. Мәдинаға келгенде, сапар киімімді шештім. Ең әдемі киімімді киіп, Расулуллаһпен кездесуге дайындалдым. Сол кезде бауырым Уәлид келіп: „Асық. Өйткені Пайғамбарымызға сендердің келгендеріңді хабарлапты, ол қатты қуаныпты. Қазір ол сендерді күтіп отыр“, – деді. Асығып, сол ұлы Пайғамбардың алдына бардым. Ол жымиып отыр еді. Сәлем бердім де: „Аллаһу та’аладан басқа илаһ жоқ екеніне және сенің Аллаһу та’аланың пайғамбары екеніңе куәлік етемін“, – дедім. Ол: „Сені хидаятқа жеткізген, тура жолды көрсеткен Аллаһу та’алаға хамд болсын“, – деді. Сосын күнәларымның кешірілуі үшін Аллаһу та’алаға дұға етуін сұрадым. Ол мен үшін дұға етіп: „Ислам өзінен бұрын жасалған күнәларды кесіп тастайды“, – деді. Екі жолдасым да мұсылман болды».2 Осылайша Мекке батырларының ең батырларынан болған, отқа да, суға да түсуден тайынбаған, мақсаттары жолында жан беруден бір мысқал да тартынбаған бұл үш палуан көңілдерінен тасып тұрған ықыласпен Расул-и әкрамның алдында құрметті сахабалардан болу құрметіне ие болды. Енді олар бар күштерімен күпірлікті жою үшін еңбек ететін еді. Олардың мұсылман болғанына сахабалар қатты қуанып, қуаныштарын «Аллаһу әкбар!» деген тәкбірлермен білдірді.
Хазреті Мұхаммед – Хақтың үні,
ол – екі дүниенің мырзасы.
Араб та, ажам да – оның құлы.
Заман ол Гүлдей гүлді көрген емес,
сен де сол Көркемге бас и.
Имам Бусири
«Ислам өзінен бұрын жасалған күнәларды кесіп тастайды» Хадис шәриф
