Сүйікті Пайғамбарым

Ләйлә-и Та’рис оқиғасы

Хайбар жорығынан қайтып келе жатқанда олар Та’рис деген жерде демалуға тоқтады. Сол түні Расулуллаһ хазреті Біләлді шақырып: «Ей, Біләл! Бүгін түнде ұйықтама! Таңды бағып, бізді намазға оят», – деді. Сосын Расулуллаһ сахабалармен бірге ұйықтауға жатты. Хазреті Біләл біраз намаз оқыды. Жүзін шығысқа қаратып, арқасын жүгіне сүйеді. Намаз уақытын күтіп отырып, ұйықтап кетті. Олардың шаршағаны сонша, күн сәулесі жер бетін жылытып, беттеріне түскенше ешкім көзін аша алмады. Бәрінен бұрын Расулуллаһ оянды. Олар тұрып, дәрет алды. Хазреті Біләл қамат айтып, олар таң намазын жамағатпен қаза етіп оқыды. Намаз біткеннен кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деді: «Бір адам намазын ұмытып кетсе, есіне түскен сәтте-ақ оны орындасын. Өйткені Хақ та’ала: „Ақимис-салата лизикри (намазды Мені еске алу, ұлылығымды есіңе түсіру үшін оқы)“, – деді».

Хазреті Әли үшін күннің қайта шығуы

Хайбар жорығынан қайтып келе жатқанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Сәһбада демалып жатқан еді. Ол мүбәрәк басын хазреті Әлидің (радиаллаһу анһу) тізесіне қойған еді. Сол кезде уахи түсе бастады. Күн көкжиекте тұрған еді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһу) әлі екінті намазын оқымаған еді. Уахи аяқталғанда, күн батып кетті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Йа, Раббым! Егер Әли Сенің және Расулыңның жағында болса, күнді қайтар», – деп дұға етті. Хазреті Әли намазын оқығаннан кейін күн қайтадан батты. Әсма бинт Умәйс былай дейді: «Мен батып кеткен күннің қайта шығып, жер бетін жарықтандырғанын көрдім».

Уадил-Қура жорығы

Бұл жорық Жұмадәл-ахыр айында Уадил-Қурада болды. Расулуллаһтың ислам әскерімен Уадил-Қураға келгенін естіген өңірдегі яһудилер араб мүшріктерінің бір тобының көмегімен соғысқа дайындалды. Орындарынан шығып, соғыс сапына тұрды. Пайғамбар алейһиссалам да соғыс сапын түзетіп, туды сахабалардың біріне берді. Кәпірлерді исламға шақырып: «Егер иман келтірсеңдер, жандарың мен малдарыңды құтқарасыңдар», – деді. Олар насихатты қабыл алмады. Мүшріктердің бірі алаңға шығып, жекпе-жекке шақырды. Зубәйр бин Аууам (радиаллаһу анһу) оны өлтірді. Тағы біреуі хазреті Әлидің қарсы алдына шықты. Хазреті имам ол кәпірді сол сәтте тозақ отына жөнелтті. Тағы біреуі келді, оны да өлтірді. Әбу Дужанә (радиаллаһу анһу) екі яһудиді өлтірді. Сол күні он бес кәпір өлтірілді. Кеш түскенде әркім өз орнына кетті. Таңертең екі жақ та қайтадан қылыштарын қынабынан суырып, соғысқа дайындалды. Күн бір найза бойы көтерілгенде, кәпірлерге қорқыныш түсіп, олар қашып кетті. Мүжаһидтер көп мал мен олжа алды. Тәйма яһудилері де Уадил-Қура яһудилерінің бұл тағдырынан қорқып кетті. Мүліктерін сақтап қалу үшін олар жизья төлеуге келісті, сөйтіп бітім жасалды.

«Хайбар бекінісінің қақпасын мен тән күшімен емес, рухани күшпен көтердім» Хазреті Әли (радиаллаһу анһу)

Уадил-Қура жорығы