ХАЙБАРДЫҢ АЛЫНУЫ
Нұрлы Мәдинада сырттай мұсылман, ал шын мәнінде мұнафық (екіжүзді) болған яһудилер бар еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинаға хижрет етпес бұрын Мәдина халқы Абдуллаһ бин Убәй бин Сәлулді өздеріне басшы етіп сайлаған еді. Оған асыл тастармен әшекейленген тәж де берген еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинаға келгенде, Мәдина халқы толығымен сүйікті Пайғамбарымызға құрмет пен ықылас көрсете бастап, оған ілесті. Ибн Сәлул бір бұрышта қадірсіз күйде қалды. Ибн Сәлулге ешкім ықылас көрсетпейтін болды. Сонда Ибн Сәлул Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өлтіру немесе оған бір зиян келтіру үшін іске кірісті. Бір күні яһудилер оның қасына жиналды. Бұл жөнінде кейбір жоспарлар құрып, Ләбид бин Асымнан көмек сұрады. Ләбид: «Пәлен маһаллада Хайра деген бір кемпір бар. Ол сиқыр жасауда өте шебер. Соны табыңдар», – деді. Олар әлгі лағнетті әйелді тауып, оған мың дирхам алтын және он орам мата берді. «Егер Мұхаммедті жойсаң, саған тағы көп нәрсе береміз», – деді. Кемпір бір көгершін балапанына инелер қадап, жіптерді түйіп, көгершін балапанының үстіне орады. Оны Мәдинаның сыртындағы бір қараусыз құдыққа салып, аузын жауып тастады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) науқастанып қалды. Мүшелері қимылсыз қалды. Түрлі дәрілер берсе де, пайдасы болмады. Бұл жағдай тоғыз күнге созылды.
Сосын Жәбрейіл алейһиссалам келіп, жағдайды хабарлады. Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сол жерге алып барды. Ол құдықтың аузын ашып, көгершінді шығарды. Бірақ жіптердегі түйіндерді шешу мүмкін болмады. Жәбрейіл алейһиссалам Муғаууизатайн (Фәлақ пен Нас) сүрелерін әкелді. «Ей, Мұхаммед алейһиссалам! Бұл сүрелерді сол түйіндердің үстіне оқы», – деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ол сүрелерді оқи бастады. Әр аятты оқыған сайын түйіндердің бірі шешіліп, инелердің бірі шыға бастады. Сүрелерді (екі сүредегі 11 аятты) толық оқып біткенде, түйіндердің бәрі шешілді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) аурудан толық құтылып, сауығып кетті. Сосын ол әлгі лағнетті адамдарды шақыртып, сөкті. Мәдина халқы оларға қатты жаза берді, сөйтіп олар жойылды. Яһуди Ләбидті де ұстап, Расулуллаһтың алдына әкелді. Пайғамбарымыз оған: «Мұны неге істеттің?» – дегенде, ол: «Алтынды жақсы көргендіктен», – деп жауап берді. Құрметті сахабалардың кейбірі: «Йа, Расулаллаһ! Рұқсат етсеңіз, мына яһудидің басын шабайық!» – дегенде, өзі үшін ешкімді жазаламайтын сүйікті Пайғамбарымыз: «Оның ақыр соңында көретін илаһи азабы қаттырақ», – деп, оны өлтіруге рұқсат бермеді.1 Мәдинадан қуылғаннан кейін яһудилер Арабстанның солтүстік жақтарына кеткен еді. Олардың бір бөлігі Хайбарда қалып қоныстанды. Ал бір бөлігі солтүстіктегі Шамға кетті. Расулуллаһқа қастандық ұйымдастырғандары үшін олар туған жерлерінен қуылған еді. Бірақ мұсылмандарға деген іштеріндегі кек, қызғаныш және өш алу сезімдері ешқашан сөнбеді. Керісінше, күннен-күнге күшейді: олар Аллаһу та’аланың хабибі болған Ғаламның Сұлтанының өмірін тезірек қиюды, ислам дінін жоюды қалайтын еді.
Олардың белгілі адамдарының кейбірі: «Ғатафан тайпасына барып көмек сұрайық, мұсылмандарға қарсы солармен бірге соғысайық!» – деді. Ал кейбірі: «Фәдәк, Тәйма және Уадил-Қура яһудилерін де көмекке шақырып, мұсылмандар бізге шабуыл жасамай тұрып, біз олардың қаласына шабуыл жасайық, бүкіл кегімізді алайық!..» – деді. Хайбар яһудилері бұл сөзді құптап, айналадағы яһуди тайпалары мен Ғатафан тайпасын көмекке шақырды. Тек Ғатафан тайпасының өзінен ғана өте көп таңдаулы жауынгер келіп, Хайбарда дайындық басталды. Олар осылай дайындалып жатқанда, Әлемдердің мырзасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) яһудилердің жағдайынан хабардар болды. Ол хазреті Абдуллаһ бин Рауахаға үш сахабаны қосып, Хайбарда не болып жатқанын білу үшін оны дереу жіберді. Абдуллаһ бин Рауаха мен оның үш жолдасы тез арада Хайбарға келді. Бұл – сегіз мықты бекінісі, тағы да басқа ұсақ-түйек бекіністері, құнарлы жерлері, өте көп жүзімдіктері мен жеміс бақтары бар бай қала еді. Хазреті Абдуллаһ жолдастарының бірін Шиқ бекінісіне, екіншісін Кәтиба бекінісіне, үшіншісін Натат бекінісіне жіберді. Өзі басқа бір бекініске кірді. Үш күн бойы олар яһудилердің жағдайын, соғысқа дайындықтарын жақыннан зерттеді. Үш күннен кейін кездесу орнында бас қосып, тез арада Мәдинаға оралды да, яһудилердің дайындықтарын Пайғамбарымызға бір-бірлеп айтып берді.
Сүйікті Пайғамбарымыз сахабаларына шұғыл дайындалуды бұйырды. Яһудилердің Мәдина-и Мунаууараға шабуыл жасауына жол бермеу үшін ол Хайбарға аттануға шешім қабылдады. Бұл шешімді естігенде Мәдинадағы яһудилер үрейленіп қалды. Мұсылмандардың рухын түсіру үшін олар: «Ант етеміз, егер сендер Хайбардағы бекіністерді, онда жиналған батыр жауынгерлерді көргенде, ол жерге ешқашан аяқ баспас едіңдер!.. Тау басындағы биік мұнаралы бекіністерді сауыт киген батырлар қорғап тұр. Айналадан оларға мыңдаған әскер көмекке келді!.. Сендер Хайбарды ала аласыңдар ма?!..» – деп айтып жүрді. Оларға қарсы батыр сахабалар: «Аллаһу та’ала Өзінің хабибіне Хайбарды алатынын уәде етті», – деп, яһудилерден ешқашан қорықпайтындарын білдіретін. Сахабалардың мұндай табанды күйі яһудилерді одан бетер қынжылтып, мазасыздандыратын еді. Мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ бин Убәй: «Мұхаммед аз ғана күшпен үстеріңе келе жатыр. Қорқатын жағдай жоқ, бірақ сақ болып, малдарыңды бекіністеріңе толтырыңдар. Оларды бекіністен шығып қарсы алыңдар!» – деп, Хайбарға шұғыл хабар жіберді. Құрметті сахабалар дайындықтарын аяқтап, үйдегілерімен ризаласып, қоштасып, Пайғамбарымыздың айналасына жиналды. Олар екі жүз атты әскер және мың төрт жүз жаяу әскер еді. Олар Аллаһу та’аланың дінін тарату, жиһад ету және шәһидтік дәрежесіне жету үшін сүйікті Пайғамбарларының әміріне әзір тұрды. Осы кезде кейбір әйелдер соғыста құрметті сахабаларға тамақ әзірлеу, жаралылар мен науқастарға қарау, жараларды таңу, дәрі дайындау және қолдарынан келетін басқа да істерді атқару үшін Пайғамбарымыздан міндет сұрады. Расулуллаһ оларға мейірім көрсетіп, оларды бұл сауаптан құр қалдырмады. Осылайша мүжаһидтерге сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк жұбайы хазреті Үммү Сәләмә бастаған жиырма мүжаһида әйел де қосылды.2
Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинада өз орнына орынбасар етіп Ғифар тайпасынан хазреті Сибаны қалдырып, Хайбарға аттануды бұйырды. (Нумәйла бин Абдуллаһтың қалдырылғаны да хабарланады.) Сапар тәкбірлермен басталды. Түрлі себептермен соғысқа қатыса алмаған, жасы кіші болғандықтан рұқсат берілмеген сахабалар Пайғамбарымызға және батыр әкелеріне, аталарына, көкелеріне, нағашыларына және ағаларына қызыға қарап, оларды тәкбір мен дұғалармен шығарып салып жатты.
«Хайбар бекінісі Әли бин Әби Тәліптің қолымен алынады» Хадис шәриф
Күнтізбе хижреттің жетінші жылының Мұхаррам айын көрсетіп тұрған еді. Пайғамбарымыздың қасиетті туын хазреті Әли көтеріп келе жатты, оң қанатты хазреті Омар басқарды.3 Сол қанатқа да ол басқа бір сахабаны тағайындады. Сапар көңілді өтіп жатты. Ақындар өлеңдерімен Аллаһу та’алаға берген ниғметтері үшін хамд айтып, сүйікті Пайғамбарымызға салауат айтып, даңқты сахабаларды мадақтап жатты. Сахабалар болса, айтқа бара жатқандай, бәрі бірге «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Лә илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар!» деп, айналаны жаңғыртып келе жатты.
Әр аялдамада Ғаламның Сұлтаны: «Аллаһым! Болашақ үшін уайымдаудан, өткен үшін қайғырудан, әлсіздік пен жалқаулықтан, сараңдықтан, қорқақтықтан және бел бүктіретін қарыздан, залым әрі әділетсіз адамдардың үстемдігінен Саған сыйынамын!» – деп дұға ететін.
Хайбарға жақындағанда сүйікті Пайғамбарымыз сахабаларын тоқтатты. Қолдарын көтеріп: «Ей, көктердің және олар көлеңкелеген нәрселердің Раббысы болған Аллаһым! Ей, жерлердің және олардың үстіндегілердің Раббысы болған Аллаһым! Ей, шайтандардың және олар адастырғандардың Раббысы болған Аллаһым! Ей, желдердің және олар ұшырғандардың Раббысы болған Аллаһым! Біз Сенен осы жердің қайыры мен жақсылығын, осы жерде тұратын адамдардың қайыры мен жақсылығын, сондай-ақ осы жердегі әрбір нәрсенің қайыры мен жақсылығын сұраймыз. Осы жердің жамандығынан, адамдардың жамандығынан және ондағы әрбір нәрсенің жамандығынан Саған сыйынамыз!» – деп мінәжат ете бастады.
Сахабалардың ернінен «Әмин, әмин» деген дыбыстар шықты. Сосын ол сахабаларына: «„Бисмиллаһир-рахманир-рахим“ деп алға жүріңдер», – деді.
Құрметті сахабалар Расул-и әкрамның айналасына топтасып, қайтадан жолға шықты. Олар Хайбардың ең мықты бекіністерінің бірі болған Натат бекінісінің жанына келді.
Сол жерде олар қос тікті. Ақшам уақыты еді. Расулуллаһтың мүбәрәк әдеті бойынша, таң атпайынша шабуыл жасалмайтын, әрі алдымен исламға шақыру болатын. Ұсынысты қабылдамаса, соғыс басталатын. Сондықтан құрметті сахабалар таңды күтті. Яһудилердің ешқайсысы ислам әскерінің келгенін сезбеген еді. Әлемдердің мырзасы таң намазын оқытқаннан кейін дайындықтарын аяқтап, мүжаһидтерді қозғалысқа келтірді. Екі жүз атты және мың төрт жүз жаяу әскер тізілген сап болып Натат бекінісінің алдына жақындады. Бұл кезде жүзімдіктер мен жеміс бақтарында, егістікте жұмыс істеу үшін бекіністен шыққан яһудилер кенеттен ислам әскерімен бетпе-бет келіп, абдырап қалды.
Олар: «Ант етеміз, бұлар – Мұхаммед және оның тәртіпті әскері!..» – деп, кері қаша бастады. Олардың мұндай күйін көріп, сүйікті Пайғамбарымыз: «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Хайбар қирады», – деді де, бұл мүбәрәк сөзін үш рет қайталады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) яһудилерге не мұсылман болуы, не беріліп, хараж бен жизья төлеуі керек екенін, әйтпесе соғыс болып, қан төгілетінін білдірді. Яһудилер өздерінің белгілі адамдарынан Сәллам бин Мишкамға барып, жағдайды жеткізді. Сәллам: «Мен сендерге бұдан бұрын Мұхаммедке қарсы аттаныңдар деген едім, сендер қабылдамадыңдар. Ең болмаса енді онымен соғысуда босаңдық көрсетпеңдер. Мұсылмандармен соғыса-соғыса өлгендерің өмірде жетім-жесір болып қалғандарыңнан қайырлырақ!..» – деп, оларды соғысқа үгіттеді. Яһудилер тез арада бала-шағалары мен әйелдерін Кәтиба бекінісіне, азық-түліктерін Наимге, ал әскерлерін Натат бекінісіне жинады.
Ислам әскерінің мұсылман болу ұсынысына яһудилер оқ атып жауап берді. Мүжаһидтер оқтарды қалқандарымен қарсы алды. Сүйікті Пайғамбарымыздың бұйрығымен садақтар тартылып, «Аллаһу әкбар!..» деген дауыстар астында бекініс мұнараларындағы яһудилерге оқтар ұшты. Енді соғыс басталған еді. Бір жақта Ғаламның Сұлтаны мен оның батыр сахабалары исламды тарату, яһудилердің мұсылман болып, тозақтан құтылуына себеп болу үшін соғысып жатты. Екінші жақта болса насихат түсінбейтін, әр сәтте мұсылмандарды арқасынан ұрғысы келетін, ақиқатты көрмеуге қасарысқан яһудилер тұрды. Пайғамбарлардың соңғысы (Хатәмул-Әнбия) болған Пайғамбарымыздың өз қауымдарынан шықпағанын көргенде, олар қызғанып, оны қабылдамады. Пайғамбарымызды бала кезінен-ақ жою үшін ақылдарына келген әр түрлі айлаға жүгінді, бірақ Аллаһу та’аланың қорғауымен ешнәрсе істей алмады.
Мың алты жүз даңқты мүжаһидке он мыңнан астам яһуди әскері оқ жаудырып жатты. Құрметті сахабалар бірінен соң бірі келген бұл оқтардан қалқандарымен қорғанып, сәті түскен сайын жерге түскен оқтарды яһудилерге қайта атып жатты. Бірақ кейбір сахабалар жараланды.
Бір кезде Хабибуллаһтың алдына хазреті Хубаб бин Мунзир үлкен әдеппен жақындап: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Әскери тұрағымызды басқа жерге көшірсек, болмас па екен?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Иншаллаһу та’ала, кеш түскенде көшіреміз!» – деді. Мүжаһидтер оқ жететін аралыққа кіріп кеткен еді. Яһудилердің бекіністен атқан оқтары ислам әскерінің тұрағының артқы жағына дейін жетіп жатты.4 Сол күні кешке дейін соғыс оқ атумен жалғасты. Елу шақты сахаба атылған оқтардан жараланды. Кеш түскенде, жаңа тұрақ орнын іздеу хазреті Мұхаммед бин Мәсләмәге тапсырылды. Ол Рәжи деген жердің қолайлы екенін айтқанда, ислам әскерінің тұрағы сол жерге көшірілді.
«Біз, пайғамбарлар, мұра қалдырмаймыз. Қалдырғандарымыз кедейлерге садақа болады» Хадис шәриф
Хайбар жорығы
Жаралыларды емдей бастады.5 Ертеңіне батыр сахабалар Нататтың алдына келіп, кешке дейін соғысты. Үшінші, төртінші және бесінші күндері де қоршау жалғасты. Яһудилер үнемі қорғаныста қалды. Сол күндері сүйікті Пайғамбарымыздың басы қатты ауырып, ол екі күн мүжаһидтердің арасында бола алмады. Бірінші күні туды хазреті Әбу Бәкірге, екінші күні хазреті Омарға берді. Екеуі де құрметті сахабаларды бастап, яһудилерге қарсы өте қатты соғысты, бірақ бекіністі алу мүмкін болмады. Сол арада батылдығы артқан яһудилер бекініс қақпаларын ашып, шабуылға шықты. Енді кеудеме-кеуде соғыса бастады. Соғыс қатты қызды. Пайғамбарымыз сахабаларына: «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!.. деп тәкбір айтыңдар», – деген сайын, олар тәкбір дауыстарының астында ғашықтықпен әрі құлшыныспен жауға қылыш сілтеді. Бір кезде Мұхаммед бин Мәсләмәнің бауыры Махмуд шәһид болды. Қатты қақтығыстар кешке дейін жалғасты.
Ертеңіне Хайбардың ең атақты қолбасшыларының бірі Мәрхаб сауыттарға оранып, бекіністен шықты. Ол алып денелі, күшті-қуатты, дәу сияқты адам еді. Осы уақытқа дейін оның қарсы алдына оны жеңетіндей бірде-бір палуан шықпаған еді. Ол мүжаһидтерге бұрылып: «Мен – батырлығымен, ержүректігімен танылған Мәрхабпын!» – деп мақтана бастады. Ол осылай мақтанып тұрғанда, сахабалардың арасынан бір мүжаһид алға атылды. Ол Мәрхабқа: «Мен де – қорқынышты әрі қатты соғыстардың ортасына атылудан қорықпайтын Амирмін!» – деп айқай салды да, дереу оның қарсы алдына тұрды. Дәу Мәрхаб «Кімге тисе, соны жояды!..» деп жазылған қылышымен хазреті Амирді бар күшімен шапты. Батыр Амир сол сәтте қалқанын көтерді. Жалпақ қылыш қалқанға соғылғанда, қатты дыбыс айналаны жаңғыртты да, қылыш қалқанға қадалып қалды.
Хазреті Амир Жаратушыға сыйынып: «Йа, Аллаһ!» – деп, қылышын Мәрхабтың сауытты аяқтарына сілтеді. Қылыш болат сауытқа тие сала кері серпіліп, кенеттен сахабаның өз аяғына тиді. Қылыштың қатты кері серпілуі хазреті Амирдің аяғындағы күре тамырдың қиылуына себеп болды. Құрметті сахабалар жүгіріп келіп, Амирді көтеріп алды да, емдеу үшін әскери тұраққа алып кетті. Бірақ Амир (радиаллаһу анһу) сол жерде шәһид болып, жәннаттың ең жоғары дәрежелеріне ұшты.6
Соғыс бар күшімен жалғасып жатты. Кешке қарай сүйікті Пайғамбарымыз яһудилерге төрт мың әскермен көмекке келіп, соғысқа қосылған мүшрік ғатафандықтарға бөлініп, елдеріне қайтып кетуді ұсынды. Егер солай етсе, Хайбардың бір жылдық құрма өнімін оларға беретінін де уәде етті. Бірақ ғатафандықтар бұл ұсынысты қабылдамады. Сонда Әлемдердің мырзасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларына ғатафандықтар тұрған бекіністің айналасында таң атқызуды бұйырды. Ғатафандықтар түнде мүжаһидтердің шабуылынан қатты қорқып, мүлде ұйықтай алмады. Сол түні қайдан шыққаны белгісіз бір дауыс Ғатафан еліне шабуыл жасалғанын, бала-шағалары мен малдарының қолға түскенін хабарлап тұрды. Бұл дауыс үш рет қайталанды, барлық ғатафандықтар оны қатты үрей ішінде тыңдады. Олардың қолбасшысы Уяйна да дәл сол дауысты үш рет естіп, таң атар алдында әскерін алып, Хайбардан асығыс кетіп, еліне қарай жол тартты. Таңертең яһудилер ғатафандықтардың Хайбарды себепсіз тастап кеткеніне таң қалып, үміттері үзілді. Оларды көмекке шақырғандарына да қатты өкінді.
«Хайбар бекінісін алған күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үй есегінің етін жеуге және мут’а некесімен әйел алуға тыйым салды» Хазреті Әли (радиаллаһу анһу)
Хазреті Әлидің батырлығы
Сол күні де Хайбардың алдында қатты қақтығыстар болды, бірақ бекініс алынбады. Кешке Ғаламның Сұлтаны: «Ертең туды Аллаһу та’аланы және Оның Расулын жақсы көретін, Аллаһу та’ала мен Оның Расулы да жақсы көретін бір батырға беремін. Аллаһу та’ала оның қолымен жеңіс береді!» – деп сүйіншіледі.
Сол түні құрметті сахабалар толқып, таңды күтті. Әрқайсысы туның өзіне берілуінен үміттеніп, сол үшін Аллаһу та’алаға дұға етіп жатты. Хазреті Біләл Хабаши таң азанын мұңды әрі әсем даусымен оқыды. Азан оқылғанда әр адамда ерекше бір толқу, ерекше бір ләззат пайда болатын, ол илаһи ләззатқа тоюға болмайтын еді. Сүйікті Пайғамбарымыз сахабаларына таң намазын оқытқаннан кейін орнынан тұрды. Мүбәрәк ислам туын әкелуді бұйырды. Қасиетті ту әкелініп жатқанда, құрметті сахабалар түрегеп тұрып күтті, Расул-и әкрамның мүбәрәк ернінен шығатын сөздерді есту үшін құлақ түріп тұрды.
Ақырында Әлемдердің мырзасы: «Мұхаммедті пайғамбарлықпен құрметтеген Аллаһу та’алаға ант етемін, мен бұл туды қашудың не екенін білмейтін бір батырға беремін», – деді де, мүбәрәк көздерімен сахабаларына көз жүгіртіп: «Әли қайда?» – деп сұрады. Сахабалар: «Йа, Расулаллаһ! Оның көздері ауырып жатыр», – деді. Пайғамбарымыз: «Оны маған шақырыңдар», – деді. Сол күндері хазреті Әлидің көздері ауырып, ол оларды аша алмай жүрген еді. Оның қасына барып, жағдайды білдірді де, мүбәрәк қолынан жетектеп, Расулуллаһтың алдына алып келді. Ғаламның Сұлтаны хазреті Әлиге шипа беруін сұрап, Аллаһу та’алаға дұға етті де, мүбәрәк саусақтарын аузында сулап, оның көздеріне жақты. Сол сәтте хазреті Әлидің көздерінде ешқандай ауру қалмады. Пайғамбарымыз ол үшін тағы: «Йа, Раббым! Ыстық пен суықтың азабын бұдан кетір!» – деп дұға етті. Сосын мүбәрәк қолдарымен хазреті Әлиге сауыт кигізіп, беліне өз қылышын байлады, қолына исламның ақ туын берді де: «Аллаһу та’ала саған жеңіс нәсіп еткенше соғыс. Абайла, артыңа бұрылма!» – деді. Хазреті Әли: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Олар ислам дініне кіргенше олармен соғысамын», – деді. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Аллаһпен ант етемін, сенің себебіңмен Аллаһу та’аланың олардан бір ғана адамды болса да хидаятқа жеткізуі сен үшін көптеген қызыл түйеге ие болып, оларды Аллаһу та’ала жолында садақаға беруіңнен қайырлырақ», – деді.7
Хазреті Әли қолында туымен яһуди бекінісіне қарай жүріп бара жатқанда, даңқты сахабалар да оның соңынан ерді. Бекініске әбден жақындап, туды бір тастың түбіне қадағанда, Натат бекінісінің қақпасы ашылды.
Яһудилердің шабуыл жасақтары сыртқа шықты. Бұлар Хайбардың ең таңдаулы батырлары еді. Әрқайсысы қос сауыт киіп, темір қорғаныш киімдерге оранған еді. Олардың бірі хазреті Әлиге қарай аяңдап, соғысу үшін оның қарсы алдына тұрды. Бұл – Мәрхабтың батырлықта теңдесі жоқ бауыры Харис еді. Ол ентелей ұмтылды… Екі болаттың үні алаңды кернегенде, Зулфиқар найзағайдай түсіп, Харистің басын денесінен айырды. Сол сәтте «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деген дауыстар көкке көтерілді. Бауырының өлтірілгенін естіген Мәрхаб қол астындағы әскерлерімен ағызып алаңға келіп, хазреті Әлидің қарсы алдына тұрды. Оның да үстінде қос сауыт бар еді. Қос қылыш асынған, үлкен денелі Мәрхаб бейне бір дәуді еске түсіретін. Бар ашуымен ол: «Мен – соғыстың ең қызған шағында алаңға атылып, батырларша соғысатын Мәрхабпын! Мен ақырған арыстандарды да найзаммен не қылышыммен тесіп-тесіп тастаймын!..» – деп өзін мақтай бастады.
Хазреті Әли (кәррамаллаһу уәжһәһу уә радиаллаһу анһу) былай деп жауап берді: «Мен – анам Хайдар (Арыстан) деп ат қойған адаммын. Мен – айбатты арыстан сияқтымын! Мен – сені бір сілтегенде жерге жығатын батыр адаммын!..»
Мәрхаб хазреті Әлиден «Хайдар» деген сөзді естігенде, оның жүрегіне қорқыныш ұялады. Өйткені түнде түсінде оны бір арыстан жыртып тастаған еді. Түсінде көрген арыстан осы емес пе еді? Сол арада дәу Мәрхаб шабуыл жасады, хазреті Әли оны қалқанымен қарсы алды. Сосын Аллаһу та’алаға сыйынып: «Йа, Аллаһ!..» – деп, Зулфиқарды кәпірдің басына сондай күшпен түсірді, тіпті үлкен денелі Мәрхабтың Зулфиқарға қарсы тосқан қалың болат қалқанын да, болаттан жасалған дулығасын да екіге бөліп, басын төбесінен желкесіне дейін екі бөлікке айырды. Оның мойнынан қан бұлақтай атқылап, дәу сияқты денесі жерге құлады. Зулфиқардың қорқынышты үні Хайбардың барлық түкпірінде естілді. Пайғамбарымыз: «Қуаныңдар! Хайбарды алу енді жеңілдеді», – деді. Құрметті сахабалар хазреті Әлидің бұл батырлығына қайран қалып, «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!..» деген дауыстарымен көкті жаңғыртты.
Қақтығыс бар күшімен жалғасып жатты. Құрметті сахабалар соғыса-соғыса бекініс қақпасының жанына келген бір сәтте, бір яһуди қылышымен хазреті Әлидің қалқанын шапты. Қалқан жерге түсті, бірақ еңкейіп алуға уақыт жоқ еді. Сәтті қолдан шығарғысы келмеген яһуди қалқанды іліп алып, артқа қашты. Бұған қатты қапаланған Аллаһу та’аланың Арыстаны Зулфиқармен айналасындағы жауларды ыдыратқаннан кейін, бекіністің қақпасын қалқан етуге ниет етті. «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» – деп, ол үлкен темір қақпаның сақиналарына жармасты. Ілмектерін қабырғадан сілкілеп суырып алды… Хазреті Әли қақпаны суырғанда, бекініс орнынан шайқалып кетті. Сегіз-он палуан орнынан да қозғалта алмайтын бұл қақпаны бір қолымен қалқан етіп, ол соғыса бастады. Бұл сенгісіз оқиға сүйікті Пайғамбарымыздың бір мұғжизасы және хазреті Әлидің бір кәраматы еді.8
Оның қарсы алдына яһудилердің ең батыр палуандарынан тағы алтауы бірінен соң бірі шықты. Оларды да Аллаһу та’аланың рұқсатымен жеңген хазреті Әли батыр жолдастарымен бекініске кірді. Енді соғыс бекіністің ішінде жүріп жатты. Аз уақыттың ішінде оларға қарсы шығатын адам қалмады. Ислам туын бекініске қадады. Осылайша олардың ең мықты бекінісі болған Натат алынды. Сүйікті Пайғамбарымыз хазреті Әлидің көздерінен сүйіп: «Көрсеткен батырлығың үшін Аллаһу та’ала мен Оның Расулы сенен разы болды», – деді. Бұл мүбәрәк сөзді естіген Әли қуанғанынан жылап жіберді. Пайғамбарымыз: «Неге жылайсың?» – деп сұрағанда, ол: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Қуанғанымнан жылап тұрмын. Өйткені Аллаһу та’ала мен Оның Расулы менен разы болды», – деді. Сонда сүйікті Пайғамбарымыз: «Тек мен ғана емес, Жәбрейіл, Микаил және барлық періштелер сенен разы болды», – деді. Осы кезде Пайғамбарымызға көмекке Дәус тайпасынан төрт жүз мұсылман келді.9 Осыдан кейін қалған бекіністерді алу үшін қақтығыстар қатты жалғасты. Хайбардың қалған жеті мықты бекінісі де бірінен соң бірі құлағанда, шарасыз қалған яһудилер өкілдер жіберіп, бітім сұрады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бұл ұсынысты қабыл алып, олармен мына шарттар бойынша келісті: 1. Бұл жорықта мұсылмандармен соғысқан яһудилердің қаны төгілмейді. 2. Хайбарды тастап кететін яһудилер өздерімен бірге тек балаларын және бір түйе жүгі қажетті үй заттарын ғана алып кете алады. 3. Қалған жылжымалы және жылжымайтын мүліктің бәрі; сауыт, қылыш, қалқан, садақ, оқ сияқты барлық қару-жарақ, үстеріндегі киімнен басқа барлық киім-кешек; маталар, алтындар, сондай-ақ қазыналар, ат, түйе, қой сияқты барлық мал… не бар болса, бәрі мұсылмандарға қалады. 4. Мұсылмандарға қалдырылуға тиіс ешбір нәрсе ешбір жолмен жасырылмайды. Жасырғандар Аллаһу та’ала мен Оның Расулының кепілдігі мен қорғауынан тыс қалады…
«Мен – анам Хайдар (Арыстан) деп ат қойған адаммын. Мен – айбатты арыстан сияқтымын!» Хазреті Әли (радиаллаһу анһу)
Бұл шарттарды орындамаған, қазыналарын тері қаптарға салып жерге көмген Кинанә бин Рәби жазаланды. Қолға түскен соғыс олжасының есебі жоқ еді. Хайбардың сол құнарлы жерлері, құрма бақтары толығымен ислам әскеріне қалды.10 Бұл кезде еліне қайтып кеткен ғатафандықтар яһудилерге көмектесу үшін Хайбарға қайта келген еді. Пайғамбарымыздың Хайбарды алып, яһудилерді берілуге мәжбүр еткенін көргенде, олар: «Ей, Мұхаммед! Сен, біз Хайбарды тастап кетсек, бізге Хайбардың бір жылдық құрмасын беруге уәде еткен едің. Біз сөзімізде тұрдық. Қане, оларды бізге бер!» – деді. Пайғамбарымыз оларға: «Пәлен тау сендердікі болсын», – деді. Ғатафандықтар: «Олай болса, біз сендермен соғысамыз», – деп қоқан-лоққы жасамақ болды. Расул-и әкрам: «Соғысатын жеріміз Жәнәфа болсын», – деді. Жәнәфа ғатафандықтардың бір өңірінің атауы еді. Ғатафандықтар мұны естігенде, қорқып, шегініп кетті.
Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) және оның батыр сахабалары Хайбарды алу кезінде қатты шаршаған еді. Бір жағынан жаралыларды емдеп, екінші жағынан демалды.
Яһудилердің белгілі адамдарының бірі Сәллам бин Мишкамның әйелі Зейнеп Пайғамбарымызды у беріп өлтірмек болды. Сол үшін ол бір қой сойып пісірді де, етке көп у салды. Сосын Расулуллаһтың алдына келіп, сыйлық әкелгенін айтты. Расул-и әкрам оны қабыл алып, сахабаларын шақырды, бәрі бірге тамақ жеуге отырды. Әлемдердің мырзасы қой кәуабынан бір кесек үзіп алды да, «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» – деп, мүбәрәк аузына салды. Бірнеше рет шайнағаннан кейін дереу мүбәрәк аузынан шығарып: «Ей, сахабаларым! Бұл тамақтан қолдарыңды тартыңдар! Өйткені мына жауырын еті маған уланғанын хабарлады», – деді. Сахабалар дереу тамақтан қолдарын тартты. Бірақ еттен бір асам жеген хазреті Бишр бин Бәраның денесі сол сәтте көгеріп, ол шәһид болды. Сүйікті Пайғамбарымызға Жәбрейіл алейһиссалам келіп, мүбәрәк сілекейіне араласқан удың әсерінен құтылу үшін мүбәрәк иықтарының арасынан хижама (қан алдыру) жасатуды айтты. Солай істелді. Сосын уланған кәуапты жерге көмді. Бұл істі істеген Зейнепті ұстап, Пайғамбардың алдына әкелді.
Пайғамбарымыз оған: «Бұл қой кәуабын сен уладың ба?» – деді. Ол істегенін мойындап: «Иә! Мен уладым!» – деді. Пайғамбарымыз: «Мұны неге істегің келді?» – деп сұрағанда, ол: «Сен менің күйеуімді, әкемді, көкемді өлтірдің. Мен өз-өзіме: „Егер ол шынымен пайғамбар болса, Аллаһ оған білдіреді. Олай болмаса, бұл у оған әсер етіп, ол өледі. Сөйтіп одан құтыламыз“, – дедім», – деді. Құрметті сахабалар бұл оқиғаға қатты қапаланды. Олар: «Жанымыз сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Мұны өлтірейік пе?» – деп сұрағанда, өзіне жасалған әрбір қорлықты кешіретін Әлемдердің мырзасы мұны да кешірді. Бұл үлкен рақымды көрген Зейнеп шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болды.11 Хайбарда қолға түскен олжалар мен тұтқындардың арасында Хуяй бин Ахтабтың қызы Сафия да бар еді. Ол бас қолбасшының ақысы ретінде Пайғамбарымыздың үлесіне тиді. Әлемдердің мырзасы өз тұтқынын азат етті. Ол бұған қатты әсерленіп, шын жүректен шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болды. Бұған қатты қуанған сүйікті Пайғамбарымыз хазреті Сафия анамызды некесімен құрметтеп, қуантты. Осылайша хазреті Сафия мүминдердің анасы болды. Сәһба деген жерде тойы жасалып, қауын мен құрмадан уәлима, яғни той дастарқаны берілді.12
Сафия анамыздың мүбәрәк көздерінде бір көгерген із көрініп тұрды.
Сүйікті Пайғамбарымыз: «Бұл не із?» – деп сұрағанда, ол былай деді: «Бір түні түсімде айдың көктен түсіп, қойныма кіргенін көрген едім. Мұны күйеуім Кинанәге айтқанымда, ол: „Сен бізге қарсы келе жатқан анау араб патшасының әйелі болуға көз тігіпсің!“ – деп, көзімнен ұрды, көріп тұрғаныңыздай, ол көгеріп кетті». Хайбар алынғаннан кейін яһудилер Пайғамбарымызға мынадай ұсыныспен келді: «Ей, Мұхаммед! Біз Хайбардан кетеміз. Бірақ біз егіншілікті, егістік, жүзімдік пен жеміс бақтарын күтуді жақсы білеміз. Қаласаң, осы құнарлы жерлерді бізге жалға бер. Біз бұл мүліктерді өңдейік те, шыққан өнімнің жартысын саған берейік!» Сүйікті Пайғамбарымыз бен сахабалардың егістік жұмыстарымен айналысуға уақыттары жоқ еді. Олар ислам дінін тарату үшін еңбек етіп, Аллаһ жолындағы жиһад (жиһад фи сәбилиллаһ) үшін күнді түнге жалғап, тынбай жұмыс істеп жүрген еді.13 Бұл ұсынысқа Пайғамбарымыз риза болып: «Қалаған уақытымызда сендерді шығару шартымен», – деді. Яһудилер мұны қабыл алып, Хайбар жерлерін өңдей бастады.14 Пайғамбарымыз сахабаларымен бірге жеңімпаз болып Мәдинаға оралды. Сол күндері, араларында Үммү Хабиба (радиаллаһу анһа) да бар, Хабашстанға хижрет еткен мұхажирлерден ең соңғы қалған сахабалар Жафар бин Әби Тәліптің басшылығымен Нәжаши берген екі кемеге мініп, Жар айлағына түсті. Одан түйелерге мініп, Мәдинаға келді. Он екі жыл бұрын Хабашстанға хижрет еткен сахабаларының Жафар бин Әби Тәліптің басшылығымен оралғанын көріп, Пайғамбарымыз қатты қуанды. Хазреті Жафардың маңдайынан сүйіп, оны бауырына басты да, былай деді:
«Ей, сахабаларым! Бұл тамақтан қолдарыңды тартыңдар! Өйткені мына жауырын еті маған уланғанын хабарлады» Хадис шәриф
«Хайбардың алынуына қуанарымды, әлде Жафардың келуіне қуанарымды білмеймін. Сендердің хижреттерің екі рет: сендер Хабаш еліне де, менің еліме де хижрет еттіңдер». Олар Нәжаши Әсхамә жіберген сыйлықтар мен хатты Расулуллаһқа тапсырды. Үммү Хабиба анамызбен тойы да сол жылы болды. Үммү Хабиба анамыз ол кезде отыз алты жаста еді. Хайбарда алынған олжалар Худәйбийа келісіміне қатысқан барлық құрметті сахабаларға, Хайбар жорығына қатысқандарға, Хабашстаннан хижрет етіп оралған сахабаларға және бекіністерді алуға қатысқан Дәус тайпасына бөліп берілді.15
Хайбардың алынуымен Арабстандағы барлық яһудилер Пайғамбарымыздың әміріне бағынды. Енді олардың мүшріктерге көмектесу мүмкіндіктері қалмады. Айналадағы тайпалар мен мемлекеттер де қаруы мен әскері жағынан алу мүмкін емес сияқты көрінген Хайбар бекінісін алған мұсылмандардың қаншалықты күшті екенін түсініп, бұл ислам мемлекетінен сескене бастады. Мекке мүшріктері Хайбардың алынуынан қатты қайғы мен түңілуге ұшырады. Бұл жеңістен кейін кішілі-үлкенді өте көп тайпалар мұсылман болу үшін Мәдина-и Мунаууараға келіп, құрметті сахабалардан болу құрметіне ие болды, тіпті ғатафандықтар да… Ал жолға түспеген кейбір тайпалар әскер жіберіліп бағындырылды.
