Сүйікті Пайғамбарым

ШАҚЫРУ ХАТТАРЫ

Билеушілерге жіберілген хаттар

Худәйбийадан оралғаннан кейін құрметті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) исламның бүкіл дүниеге таралуын, адамдардың тозақ азабынан құтылып, шынайы бақытқа қауышуын қалайтын еді. Өйткені ол бүкіл әлемге рақым етіп жіберілген еді. Сол себепті айналадағы билеушілерге елшілер жіберіп, оларды исламға шақыруды ойлады. Хижри алтыншы жылдың Зұлхижжа айының соңына қарай, жетінші жылдың Мұхаррам айының басында ол Амр бин Умәййәні (радиаллаһу анһу) Хабашстан билеушісіне, Дыхие Кәлбиді (радиаллаһу анһу) Византия билеушісіне, Хатиб бин Әби Бәлтәаны (радиаллаһу анһу) Мысыр билеушісіне жіберді. Осындай тапсырмамен Абдуллаһ бин Хузафәні (радиаллаһу анһу) Иран билеушісіне, Шужа бин Уәхбті (радиаллаһу анһу) Ғассанға, Салит бин Амрды (радиаллаһу анһу) Йәмамаға, ал Ала Хадрамиді Бахрейн әмірі Мунзир бин Сәуиге жіберді.1 Бұл елшілер құрметті сахабалардың ең таңдаулылары – келбеттері де, сөздері де ең көркемдері еді. Әр билеушіге исламға шақыру хаттары бөлек-бөлек жазылды. Сүйікті Пайғамбарымыз хаттардың астына күміс жүзігінің көзіне төменнен жоғары қарай үш жол болып «Мұхаммед, Расул, Аллаһ» деп жазылған мөрін басты. Пайғамбарымыздың мұғжизасымен билеушілерге жіберілетін елшілер таңертең оянғанда, әрқайсысы өзі баратын мемлекеттің тілін білетін болды.2

Нәжаши Әсхамәге хат

Хабашстанға баратын хазреті Амр бин Умәййә Нәжаши Әсхамәден бұрын сол жерге хижрет еткен құрметті сахабаларды Мәдинаға жіберуді де сұрауы керек еді. Расулуллаһ Нәжашиге екі хат жіберген болатын. Амр бин Умәййә қысқа уақытта Хабашстанға жетіп, патша Нәжаши Әсхамәнің алдына кірді. Алдымен бірінші хатты тапсырды. Нәжаши тағынан төмен түсіп, хатты үлкен құрмет пен махаббатпен қолына алды. Оны сүйіп, бетіне және көздеріне сүрткеннен кейін ашып оқытты: «Бисмиллаһир-рахманир-рахим! Аллаһу та’аланың расулы Мұхаммед алейһиссаламнан Хабаш патшасы Нәжаши Әсхамәге!.. Хидаятқа ілескенге сәлем болсын!..

«Ей, билеуші! Мен сені теңдесі де, серігі де жоқ Аллаһу та’алаға иман келтіруге, Оған ғибадат етуге, маған ілесуге және Аллаһу та’аланың маған түсіргендеріне сенуге шақырамын. Өйткені мен – Аллаһу та’аланың осыларды жеткізуге әмір етілген расулымын» Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)

билеушілерге жіберген хаттарының бірі

Хаттың сол жақ төменгі бұрышындағы мөрде үш жол болып төменнен жоғары қарай «Мұхаммед, Расул, Аллаһ» сөздері жазылған. Күміс жүзіктің көзіне ойып жазылған бұл мөр жіберілген әрбір шақыру хатының астына басылатын еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бұл жүзікті мемлекет мөрі ретінде ахиретке аттанғанға дейін қолданды. Кейін ол хазреті Әбу Бәкірдің, одан соң хазреті Омардың және үшінші болып хазреті Османның халифалық дәуіріндегі мөрі болды. Хазреті Осман оны тек алты ай ғана қолдана алды. Бір күні жүзік халифаның саусағынан сырғып, Әрис құдығына түсіп кетті. Оны қанша іздесе де, еш таба алмады.

Ей, билеуші! Саған амандық тілеймін және саған берген ниғметтері үшін Аллаһу та’алаға хамд етемін. Одан басқа илаһ жоқ. Ол – Мәлик (бүкіл ғаламда билік ететін тек Ол ғана). Ол – Қуддус (әр түрлі кемшілік пен міннен пәк). Ол – Сәлам (құлдарын барлық қауіп-қатерден аман сақтаушы). Ол – Мүмин (амандық беруші). Ол – Мүһәймин (барлық нәрсені бақылап қорғаушы).

Мен куәлік етемін: Иса (алейһиссалам) – Аллаһу та’аланың өте пәк, ар-намысты, дүние тіршілігінің барлық түрінен толықтай оқшауланған Мәриямға салған рухы мен сөзі. Осылайша ол Исаға жүкті болды. Аллаһу та’ала Адамды Өз құдіретімен қалай жаратса, Исаны да солай жаратты.

Ей, билеуші! Мен сені теңдесі де, серігі де жоқ Аллаһу та’алаға иман келтіруге, Оған ғибадат етуге, маған ілесуге және Аллаһу та’аланың маған түсіргендеріне сенуге шақырамын. Өйткені мен – Аллаһу та’аланың осыларды жеткізуге әмір етілген расулымын. Міне, мен саған қажетті нәрселерді жеткіздім, дүние мен ахирет бақытын қамтамасыз ететін насихатты айттым. Насихатымды қабыл алыңдар! Хидаятқа жеткен, тура жолға түскен адамдарға сәлем болсын».

Расул-и әкрамның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хатын үлкен әдеппен және кішіпейілділікпен тыңдаған билеуші Әсхамә дереу шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болды:

«Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһу уә расулуһ». Сосын: «Ант етемін, ол – кітап иелері болған яһудилер мен христиандардың келуін күткен, бұрынғы пайғамбарлар келетінін сүйіншілеген пайғамбар. Егер оның қасына баруға мүмкіндігім болса, міндетті түрде барып, оған қызмет ету мәртебесіне ие болар едім!» – деді. Ол хатты құрметпен бір әдемі сандыққа салып: «Бұл хаттар осында тұрғанда, Хабаштан қайыр мен береке кетпейді», – деді.3 Нәжаши Әсхамә екінші хатта білдірілген бұйрықтарды құрметпен оқыды да, Пайғамбардың әмірі бойынша сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк жұбайы Үммү Хабиба анамыздың Расул-и әкраммен некесін қиды. Одан кейін Үммү Хабиба анамызды және сол жердегі құрметті сахабаларды екі айдай қонақ етіп күтті, сосын оларды кемелерге мінгізіп, көптеген сыйлықтармен Мәдинаға шығарып салды. Олармен бірге жіберген хатында өзінің иман келтіргенін білдірді.

Византия императоры Ираклийге хат

Хазреті Дыхие Кәлбиге Византия императорын исламға шақыру міндеті жүктелген еді. Ол хатты Бусрадағы Ғассан билеушісі Хариске беруі, ал Харис оны Византия императоры Ираклийге жіберуі тиіс еді. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) шақыру хатын үлкен құрметпен алған хазреті Дыхие тез арада Бусраға келді. Харистің өзімен кездесіп, жағдайды түсіндірді. Харис Дыхиенің қасына әлі мұсылман болмаған Ади бин Хатимді қосып, оларды сол кезде Құдыста (Иерусалимде) болған Ираклийге жіберді. Екеуі бірге Құдысқа келіп, императормен кездесудің жолын іздей бастады. Императордың адамдары оған: «Қайсардың алдына кіргенде басыңды иіп жүресің, жақындағанда жерге жығылып, сәжде етесің. Сәждеден тұруға рұқсат бермейінше, басыңды жерден мүлде көтермейсің», – деді. Бұл сөздер хазреті Дыхиеге ауыр тиіп, ол оларға: «Біз, мұсылмандар, Аллаһу та’аладан басқа ешкімге сәжде етпейміз. Оның үстіне адамның адамға сәжде етуі оның жаратылысына қайшы», – деді. Сонда қайсардың адамдары: «Олай болса, қайсар сенің әкелген хатыңды ешқашан қабыл алмайды және сені алдынан қуып шығады», – деді. Хазреті Дыхие: «Біздің Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам басқалардың өзіне сәжде етуіне емес, тіпті алдында сәл ғана иілуіне де рұқсат бермейді. Онымен сөйлескісі келген адамға, ол құл болса да, ықылас көрсетеді. Оны алдына қабылдап, мұңын тыңдайды, қиындығын жояды, көңілін аулайды. Сондықтан оған ілескендердің бәрі азат әрі ардақты», – деді.

«Ант етемін, ол – кітап иелері болған яһудилер мен христиандардың келуін күткен, бұрынғы пайғамбарлар келетінін сүйіншілеген пайғамбар» Нәжаши Әсхамә (рахматуллаһи алейһ)

Бұл сөздерді тыңдағандардың бірі былай деді: «Қайсарға сәжде етпейтін болсаң, мойныңа алған міндетіңді атқара алуың үшін саған басқа жол көрсетейін. Сарайдың алдында қайсардың демалатын жері бар. Ол күн сайын түстен кейін сол аулаға шығып, сонда серуендейді. Онда бір мінбер бар. Оның үстінде қандай да бір жазу болса, алдымен соны алып оқиды, сосын демалады. Сен қазір барып, хатты сол мінберге қой да, сыртта күт. Хатты көрген соң, ол сені шақыртады. Сол кезде міндетіңді атқарасың».

Сонда хазреті Дыхие хатты айтылған жерге қалдырды. Ираклий хатты алып, арабша білетін тілмаш шақыртты. Тілмаш Расулуллаһтың хатын оқи бастады. Хаттың ең басында: «Бисмиллаһир-рахманир-рахим! Аллаһу та’аланың Расулы Мұхаммедтен (алейһиссалам) византиялықтардың ұлығы Ираклийге» деп жазылған еді. Ираклийдің бауырының ұлы Йәннақ хаттың бұлай басталғанына қатты ашуланып, тілмаштың кеудесінен жұдырықпен қатты ұрды. Жұдырықтың күшінен тілмаш жерге құлап, мүбәрәк хат қолынан түсіп кетті. Ираклий Йәннақтан: «Неге бұлай істедің?» – деп сұрағанда, ол: «Хатты көрмей тұрсың ба? Ол хатты сенің есіміңнен бұрын өз есімімен бастаған, сенің билеуші екеніңді де айтпай, „византиялықтардың ұлығы Ираклийге“ депті. Неге ол „византиялықтардың билеушісіне“ деп жазбаған және неге сенің есіміңмен бастамаған? Оның хаты бүгін оқылмайды», – деді.

Сонда Ираклий: «Аллаһпен ант етемін, сен не өте ақылсызсың, не мүлдем есуассың. Сенің мұндай екеніңді білмеппін. Мен хатта не жазылғанын әлі көрмей жатып, сен оны жыртып тастағың келе ме? Өмірімнің атымен ант етемін: егер ол өзі айтқандай Аллаһтың Расулы болса, хатына өз есімін менің есімімнен бұрын жазуға және мені византиялықтардың ұлығы деп атауға хақылы. Мен олардың тек иесімін, билеушісі емеспін», – деді де, Йәннақты алдынан қуып шықты. Сосын христиандардың ең ғалымы, басшысы әрі өзінің кеңесшісі болған Ускуф деген адамды шақыртты. Хатты соған оқытты. Хаттың жалғасында былай делінген еді: «Аллаһу та’аланың хидаятына ілескендерге, тура жолға түскендерге сәлем болсын!» Одан кейін: «(Ей, византиялықтардың ұлығы!) Мен сені исламға шақырамын. Исламды қабылда – құтыласың. Мұсылман бол – Аллаһу та’ала саған екі есе сауап береді. Егер жүз бұрсаң, барлық христиандардың күнәсі сенің мойныңда болады. (Расулым!) Айт: „Ей, кітап иелері (яһудилер мен христиандар)! Арамыздағы ортақ сөзге келіңдер: Аллаһу та’аладан басқа ешнәрсеге табынбаймыз, Оған ешнәрсені серік қоспаймыз, Аллаһу та’аланы қойып, арамыздан ешкімді жаратушы Рабб деп танымаймыз. Егер олар бұл сөзден жүз бұрса, айтыңдар: куә болыңдар, біз – шынайы мұсылмандармыз“».4

Расул-и әкрамның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хаты оқылып жатқанда, Ираклийдің маңдайынан тер тамшылары ағып жатты. Хат оқылып біткенде, ол: «Сүлеймен алейһиссаламнан кейін мен „Бисмиллаһир-рахманир-рахим“ деп басталған хатты көрген емеспін», – деді. Ираклий бұл мәселеде Ускуфтың пікірін сұрағанда, Ускуф былай деді:

«Аллаһпен ант етемін, ол – Мұса мен Иса (алейһимассалам) бізге келетінін сүйіншілеген пайғамбар. Біз оның келуін күтіп жүр едік қой».

Ираклий: «Бұл істе маған не істеуге кеңес бересің, нені дұрыс көресің?» – деп сұрады. Ускуф: «Оған ілескеніңді дұрыс көремін», – деп жауап берді. Ираклий: «Сенің айтқаныңды мен өте жақсы білемін. Бірақ оған ілесіп, мұсылман болуға шамам жетпейді. Өйткені онда билігімнен де айрыламын, өзімді де өлтіреді», – деді. Сосын ол хазреті Дыхие мен Ади бин Хатимді шақыртты. Ади: «Ей, билеуші! Қой-ешкі мен түйе бағатын арабтардан болған мына адам өз елінде болған таңғаларлық бір оқиға туралы айтып жүр», – деді. Ираклий: «Сендердің елдеріңдегі оқиға қандай?» – деп сұрағанда, хазреті Дыхие: «Арамыздан бір адам шықты. Ол өзінің пайғамбар екенін жариялады. Халықтың бір бөлігі оған ілесуде, бір бөлігі қарсы шығуда. Иман келтіргендер мен иман келтірмегендердің арасында қақтығыстар болып жатыр», – деді.

Осыдан кейін Ираклий Пайғамбарымыз туралы зерттей бастады. Ол Шам әкіміне Расул-и әкраммен тегі бір болған біреуді табуды бұйырды. Сол арада өзінің досы болған және ибрани тілін білетін Римдегі бір ғалымға да хат жазып, бұл мәселені сұрады. Римдегі досынан ол айтқан адамның ақырзаман Пайғамбары екенін білдірген хат келді. Шам әкімі болса саудаға бара жатқан бір құрайыш керуеніне жолықты. Олардың арасында әлі мұсылман болмаған Құрайыштың басшысы Әбу Суфйан да бар еді. Әбу Суфйан былай дейді: «Біз Ғаззада жүргенде, Ираклийдің Шам әкімі бізге шабуыл жасайтындай болып келіп: „Сендер анау Хижаздағы адамның қауымынансыңдар ма?“ – деп сұрады. „Иә“, – дедік. „Жүріңдер, бізбен бірге императордың алдына барасыңдар!“ – деді». Ол Әбу Суфйан мен оның жолдастарын Шамға алып кетті. Шам әкімі Әбу Суфйан мен оның қасындағыларды Ираклийдің алдына әкелді. Бұл кезде Ираклий Құдыста, Бәйтул-Муқаддаста еді. Ол уәзірімен бірге басына тәжін киіп отыр еді. Ираклий Әбу Суфйан мен оның қасындағы отыз шақты меккелікті сол жерде қабылдады.

Ол тілмаш шақыртып, олардан: «Араларыңда өзін пайғамбар деп айтып жүрген адамға тегі жағынан ең жақыны қайсыларың?» – деп сұрады. Әбу Суфйан: «Оған тегі жағынан ең жақыны – менмін», – деп жауап берді. Ираклий Әбу Суфйанды өзіне жақынырақ әкелуді, ал қалғандарының Әбу Суфйанның артында тұруын бұйырды. Ираклий: «Туыстықтарың қандай?» – деп сұрағанда, ол: «Ол – көкемнің ұлы», – деді. (Өйткені Әбу Суфйанның атасы – Умәййә, ал Расулуллаһтың атасы – Абдулмутталиб. Олардың аталары – екі туған бауырдың ұлдары. Сондықтан ол «көкемнің ұлы» деді. Олардың тегі аталарының атасы Абду Манафта тоғысады.) Әбу Суфйан алғашында өтірік айтса да, билеушінің қоқанлоққысынан қорқып, артық өтірік айта алмады.

«Аллаһпен ант етемін, ол – Мұса мен Иса (алейһимассалам) бізге келетінін сүйіншілеген пайғамбар. Біз оның келуін күтіп жүр едік қой» Құдыс Ускуфы

Сосын олардың арасында мынадай әңгіме болды. Ираклий: – Өзін пайғамбар деп айтып жүрген адамның араларыңдағы тегі қандай? – Ол – өз заманының ең текті адамы. Тегі жағынан ол біздің ең таңдаулымыз. – Араларыңда одан бұрын пайғамбарлықты дәмеленген адам болды ма? – Болған жоқ. – Оның ата-бабаларының арасында қандай да бір билеуші болған ба? – Жоқ. – Оған халықтың ақсүйектері ілесе ме, әлде кедейлері мен әлсіздері ме? – Оған ілескендер – кедейлер, әлсіздер, жастар мен әйелдер. Қауымының үлкендері мен ақсүйектерінен оған ілескендер өте аз. – Оған ілескендер көбейіп жатыр ма, азайып жатыр ма? – Көбейіп жатыр. – Оның дініне кіргеннен кейін ұнатпай немесе ашуланып, қайтып кеткен адам бар ма? – Жоқ. – Пайғамбар екенін айтпастан бұрын оның бір рет болса да өтірік айтқаны байқалды ма? – Жоқ. – Бұл пайғамбардың ешқашан ант-уәдесін бұзғаны, сөзінде тұрмағаны болды ма? – Жоқ, болған жоқ. Бірақ біз қазір онымен белгілі бір мерзімге соғыспауға келісім жасадық. Сол мерзім ішінде оның не істейтінін білмейміз. – Ол сендерге нені бұйырады? – Жалғыз Аллаһқа ғибадат етуді, Оған ешнәрсені серік қоспауды бұйырады. Ата-бабаларымыз табынған нәрселерге (пұттарға) табынуға тыйым салады. Намаз оқуды, турашыл болуды, кедейлерге көмектесуді, харамнан сақтануды, уәдеге адал болуды, аманатқа қиянат жасамауды және туыстарға барып-келіп тұруды бұйырады. Бұл әңгімелер Бәйтул-Муқаддаста болып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүбәрәк хаты сол жерде оқылды. Ираклий хатты сүйіп, көздеріне сүртіп, басына қойғанда, византиялықтардың арасындағы у-шу одан бетер күшейді.

Император Әбу Суфйан мен оның қасындағы құрайыштықтарды сыртқа шығаруды бұйырды. Әлі мұсылман болмаған Әбу Суфйан сол жерде ант етіп, сүйікті Пайғамбарымыздың ісі табыспен аяқталатынына сенетінін айтқан еді. Хазреті Дыхие Ираклийдің алдына барып, мүбәрәк көркем жүзімен және жағымды даусымен былай деді: «Ей, қайсар! Мені саған Бусрадан бір адам (Харис) жіберді, ол сенен қайырлырақ. Аллаһу та’алаға ант етемін, мені оған жіберген зат (Расулуллаһ) болса, одан да, сенен де қайырлырақ. Сен менің сөздерімді кішіпейілділікпен тыңдап, айтылған насихаттарды қабыл алуың керек! Өйткені кішіпейіл болсаң, насихаттарды ұғасың. Насихаттарды қабыл алмасаң, әділ бола алмайсың!»

Ираклий: «Жалғастыр», – дегенде, хазреті Дыхие былай деді: «Олай болса, мен сені Иса алейһиссалам намаз оқыған Аллаһу та’алаға иман келтіруге шақырамын. Мен сені алдымен Мұса алейһиссалам, одан кейін Иса алейһиссалам келетінін сүйіншілеген осы үмми (оқу-жазу білмейтін) пайғамбарға иман келтіруге шақырамын. Егер бұл туралы бірдеңе білсең және дүние мен ахирет бақытына ие болғың келсе, соларды көз алдыңа елестет. Әйтпесе ахирет бақытын қолдан шығарып, күпірлік пен ширктің ішінде қаласың. Мынаны да жақсы біл: сенің Раббың болған Аллаһу та’ала – залымдарды жоюшы және ниғметтерді өзгертуші».

Ираклий: «Мен қолыма түскен жазуды оқымай, алдыма келген ғалымнан білмегендерімді сұрап білмей қоймаймын. Мұнан тек қайыр мен жақсылық көремін. Маған ойланып, ақиқатты тапқанша уақыт бер», – деді. Кейін Ираклий хазреті Дыхиені қасына шақыртып, онымен бетпе-бет сөйлесті. Көңіліндегісін былай ашып айтты: «Мен білемін: сені жіберген зат – кітаптарда келетіні сүйіншіленген және келуі күтілген ақырзаман Пайғамбары. Бірақ оған ілессем, византиялықтардың мені өлтіруінен қорқамын. Мен сені Сафатырға жіберейін – ол олардың ең үлкен ғалымы, оны менен де қатты құрметтейді. Барлық христиандар соған ілеседі. Егер ол иман келтірсе, византиялықтардың бәрі иман келтіреді. Сонда мен де көңілімдегіні және сенімімді ашық жариялаймын».

Осыдан кейін Ираклий бір хат жазып, оны хазреті Дыхиеге берді де, Сафатырға жіберді.

Раһиб Сафатыр

Расулуллаһ Сафатырға да хат жіберген еді. Сафатыр хаттарды оқып, Пайғамбарымыздың сипаттарын естігенде, оның хазреті Мұса мен хазреті Иса келетінін хабарлаған ақырзаман Пайғамбары екеніне еш күмән жоқ екенін айтып, иман келтірді. Үйіне барып, есігін бекітіп алды да, әр жексенбі сайын айтатын уағыздарына үш апта шықпады. Христиандар: «Сафатырға не болды, анау арабпен сөйлескеннен бері сыртқа шықпайды? Біз оны көргіміз келеді!» – деп айқайлады.

Сафатыр үстіндегі қара раһиб киімін шешті. Ақ киім киіп, қолына таяғын алып, шіркеуге келді. Қала халқын жинағаннан кейін, орнынан тұрып былай деді: «Ей, христиандар! Біліңдер: бізге Ахмедтен (алейһиссалам) хат келді. Ол бізді хақ дінге шақырады. Мен анық білемін және сенемін: ол – Аллаһу та’аланың хақ расулы». Христиандар мұны естігенде Сафатырға тап беріп, ұрып-соғып шәһид етті. Хазреті Дыхие келіп, болған жағдайды Ираклийге хабарлады.

Ираклий: «Мен саған айтпап па едім? Христиандар үшін Сафатыр менен де сүйікті әрі қадірлі. Егер мұндай сөзді менен естісе, мені де ол сияқты өлтіреді», – деді. Бұхаридің «Сахих» кітабында келтірілген және Зухри риуаят еткен хабарда болса былай делінеді: «Ираклий византиялықтардың ұлықтарын Хумстағы сарайына шақыртып, есіктерді жабуды бұйырды. Сосын бір биік жерге шығып: „Ей, византиялықтар жамағаты! Бақытқа, тыныштыққа қауышуды, биліктеріңнің берік тұруын және хазреті Исаның айтқанына ілесуді қалайсыңдар ма?“ – деді. Византиялықтар: „Ей, біздің билеушіміз! Бұған жету үшін не істейік?“ – деп сұрады. Ираклий: „Ей, византиялықтар жамағаты! Мен сендерді бір қайырлы іс үшін жинадым. Маған хазреті Мұхаммедтен хат келді. Ол мені ислам дініне шақырады. Аллаһпен ант етемін, ол – біз келуін күтіп жүрген, кітаптарымызда жазылғанын тапқан және белгілерін білетін пайғамбар. Жүріңдер, оған ілесіп, дүниеде де, ахиретте де құтылайық“, – деді. Сонда бәрі жаман сөздер айтып, күңкілдесіп, сыртқа қашу үшін есіктерге ұмтылды. Бірақ есіктер жабық болғандықтан, шыға алмады. Ираклий византиялықтардың мұндай әрекетін көріп, исламнан осылай безетінін түсінгенде, жанынан қорқып: „Ей, византиялықтар жамағаты! Менің айтқан сөздерім сендердің діндеріңе қаншалықты берік екендеріңді сынау үшін еді. Діндеріңе берік екендеріңді және мені қуантқан әрекеттеріңді өз көзіммен көрдім“, – деді. Осыдан кейін византиялықтар Ираклийге сәжде етті де, сарай есіктері ашылған соң шығып кетті».5 Ираклий хазреті Дыхиені шақыртып, болған жайды айтты. Оған бірінен-бірі құнды сыйлықтар берді. Сонымен қатар Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хат жазды. Хатын және дайындатқан сыйлықтарын хазреті Дыхие арқылы сүйікті Пайғамбарымызға жіберді.

«Оның хазреті Мұса мен хазреті Иса келетінін хабарлаған ақырзаман Пайғамбары екеніне еш күмән жоқ» Раһиб Сафатыр

Ираклий мұсылман болғысы келген еді, бірақ орнынан айырылудан және өлімнен қорқып, иман келтірмеді. Пайғамбарымызға жазған хатында былай делінген еді: «Хазреті Иса сүйіншілеген Аллаһтың Расулы Мұхаммедке – Византия билеушісі қайсардан! Сенің елшің хатыңмен бірге маған келді. Мен куәлік етемін: сен – Аллаһтың хақ расулысың. Өйткені біз сені Інжілде жазылған күйінде таптық, хазреті Иса бізге сен туралы сүйіншілеген еді. Мен византиялықтарды саған иман келтіруге шақырдым, бірақ олар оған жуымады. Егер мені тыңдағанда, бұл, сөзсіз, олар үшін қайырлы болар еді. Сенің қасыңда болып, саған қызмет етуді және аяқтарыңды жууды қатты қалаймын». Хазреті Дыхие Ираклийдің қасынан кетіп, Хисмаға келді. Жолда, Жузам аңғарларының бірі болған Шәнар аңғарында Хунәйд бин Ус, оның ұлы және адамдары хазреті Дыхиені тонады. Ескі киімдерінен басқа не бары болса, бәрін алып қойды. Бұл маңда Дубәйб бин Рифаға бин Зәйд пен оның қауымы исламды қабылдаған еді. Дыхие оларға келіп, болған жағдайды айтқанда, олар Хунәйд бин Ус пен оның тайпасына барып, заттардың бәрін қайтарып алды.

Кейін Расулуллаһ Хунәйд бин Ус пен оның адамдарына Зәйд бин Харисаны жіберді. Ол маңда тұратындардың бәрі иман келтірді. Мәдинаға оралғанда хазреті Дыхие үйіне де соқпастан, тура Хабиб-и әкрамның есігіне барды. Есікті қақты. Пайғамбарымыз: «Бұл кім?» – деп сұрады. Дыхие: «Дыхиетул-Кәлби», – деді. Әлемдердің мырзасы: «Кір», – деді. Хазреті Дыхие ішке кіріп, болған жайдың бәрін егжей-тегжейлі айтып берді. Пайғамбарымызға Ираклийдің хатын оқыды. Расулуллаһ: «Оның тағы біраз уақыт (тақта) қалуы бар. Менің хатым олардың қолында тұрғанда, олардың билігі жалғаса береді», – деді.

Ираклий хатында Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) иман келтіргенін жазса да, Расулуллаһ: «Өтірік айтады. Ол дінінен қайтқан жоқ», – деді. Ираклий сүйікті Пайғамбарымыздың хатын жібек атласқа орап, дөңгелек алтын сандықтың ішінде сақтады. Ираклийдің әулеті бұл хатты сақтап, оны барлығынан жасырып ұстады. Бұл хат қолдарында тұрғанда билігіміз жалғасады деп айтып, соған сенетін еді. Шынында да солай болды.6

Мысыр патшасы Муқауқысқа хат

Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Хатиб бин Әби Бәлтәаны Мысыр билеушісіне жібермес бұрын: «Ей, сахабаларым! Сыйын Аллаһу та’аладан күтіп, бұл хатты Мысыр билеушісіне қайсыларың апарасыңдар?» – деп сұрағанда, хазреті Хатиб орнынан атып тұрып: «Йа, Расулаллаһ! Мен апарамын!» – деді. Пайғамбарымыз: «Ей, Хатиб! Аллаһу та’ала сенің бұл міндетіңді өзің үшін мүбәрәк етсін!» – деді. Хазреті Хатиб бин Әби Бәлтәа хатты сүйікті Пайғамбарымыздан алды. Қоштасып, үйіне барды. Жануарын дайындады. Отбасымен де қоштасқаннан кейін жолға шықты. Хазреті Хатиб Мысыр билеушісі Муқауқыстың Александрияда екенін біліп, оның сарайына жетті. Ішке кіргізбей жатып-ақ оның мақсатын білген есікші хазреті Хатибке үлкен құрмет көрсетіп, оны мүлде күттірмеді. Муқауқыс ол кезде теңізде, бір кеменің үстінде адамдарымен сөйлесіп отыр еді. Хазреті Хатиб бір қайыққа мініп, Муқауқыс отырған жерге келді. Оған Пайғамбарымыздың хатын берді. Хатты Хатибтен алған Муқауқыс оны оқи бастады:

«Бисмиллаһир-рахманир-рахим!

Аллаһу та’аланың құлы әрі расулы Мұхаммедтен қыбтилердің (көне Мысыр халқының) ұлығы Муқауқысқа! Хидаятқа ілескендерге сәлем болсын. Мен сені құтылуың үшін исламға шақырамын. Мұсылман бол – құтыласың және Аллаһу та’аланың екі есе сауабына ие боласың. Егер жүз бұрсаң, барлық қыбтилердің күнәсі сенің мойныңда болады! „(Расулым!) Айт: Ей, кітап иелері (яһудилер мен христиандар)! Арамыздағы ортақ сөзге келіңдер: Аллаһу та’аладан басқа ешнәрсеге табынбаймыз, Оған ешнәрсені серік қоспаймыз, Аллаһу та’аланы қойып, арамыздан ешкімді жаратушы Рабб деп танымаймыз. Егер олар бұл сөзден жүз бұрса, айтыңдар: куә болыңдар, біз – шынайы мұсылмандармыз!“»7

Ғаламның Сұлтанының хаты оқылғанда, Муқауқыс хазреті Хатибке: «Қайырлы болсын!» – деді. Мысыр билеушісі әскер басшыларын, мемлекет адамдарын жинап, Хатибпен сөйлесе бастады. Ол былай деді: «Түсінгім келген кейбір нәрселерді сұраймын, бұл туралы сенімен сөйлесемін». Хазреті Хатиб: «Мархабат, сөйлесейік!» – дегенде, Муқауқыс: – Сені жіберген зат туралы маған айтып бер. Ол пайғамбар ма? Ол туралы біраз айтшы! – Иә, ол – пайғамбар. – Егер ол шынымен пайғамбар болса, өзін туған жерінен қуып шығарып, басқа жерге пана іздеуге мәжбүр еткен қауымына неге қарғыс айтпады? – Сен Иса бин Мәриям алейһиссаламның пайғамбар екеніне сенесің ғой, солай емес пе? Қауымы оны ұстап өлтіргісі келгенде де, ол оларды қарғамады, ал Хақ та’ала оны дүние аспанына көтеріп, сыйлады. Қауымының жойылуын сұрап, Аллаһу та’алаға қарғыс айтуы керек емес пе еді? Ол олай істемеді.

«Ей, Хатиб! Аллаһу та’ала сенің бұл міндетіңді өзің үшін мүбәрәк етсін!» Хадис шәриф

– Өте жақсы жауап бердің. Шынында да, сен – хикмет иесі заттың қасынан келген хикметті адамсың. Бүгін түнде бізде қал, ертең саған жауабымды беремін.

Хазреті Хатиб хазреті Мұса заманындағы перғауынды меңзеп, Муқауқысқа былай деді: – Сенен бұрын мұнда бір билеуші болған. Ол өз халқына: «Ең ұлы илаһ – менмін!» – деп, өзін Рабб деп дәмеленді. Аллаһу та’ала оны дүние мен ахирет азабымен жазалап, одан кек алды. Сен бұдан ғибрат ал да, басқаларға ғибрат болма! – Біздің дініміз бар. Біз бұл дінімізді одан қайырлысы болмаса, тастамаймыз. – Сенің ұстанған және одан қайырлысы болмаса тастамайтыныңды айтқан дініңнен қайырлы дін – сөзсіз, ислам. Біз сені Аллаһу та’аланың осы соңғы дініне – исламға шақырамыз. Аллаһу та’ала Өз дінін онымен кемелдендірді, оны адамдарға жеткілікті етті, бұл – күмәнсіз. Бұл Пайғамбар тек сені ғана емес, бүкіл адамдарды ислам дініне шақырды. Сол кезде адамдардың арасында оған ең қатты қарсы шығып, дөрекілік көрсеткендер – құрайыштықтар, ең үлкен дұшпандық көрсеткендер – яһудилер, ал оған ең жақындары христиандар болды. Аллаһу та’алаға ант етемін, Мұса алейһиссаламның Иса алейһиссалам туралы сүйіншілеуі дәл Иса алейһиссаламның Мұхаммед алейһиссалам туралы сүйіншілеуі сияқты. Сондықтан біздің сені Құран кәрімге шақыруымыз сенің яһудилерді Інжілге шақыруың сияқты. Әрине, саған белгілі: әр пайғамбар оны түсініп-ұға алатын қауымға жіберілген. Ол қауымға сол пайғамбарға бағыну уәжіп болған. Міне, сен де осы Пайғамбардың заманына жеткендердің бірісің. Біз сені осы жаңа дінге шақырамыз.

Хазреті Хатибтің бұл сөздерінен кейін Муқауқыс былай деді: – Мен бұл пайғамбардың жағдайын зерттедім. Оның бұйрықтары мен тыйымдарынан ақылға қайшы келетін ешнәрсе таппадым. Менің түсінгенімше, ол сиқыршы да, көріпкел де, өтірікші де емес.

Мен одан пайғамбарлық белгілерінің кейбірін таптым. Жасырын нәрселерді жарыққа шығару – сол белгілердің бірі. Бұл заттан кейбір сырлар туралы хабарлар естілді. Сосын ол: «Әлі біраз ойланып көрейін!» – деп, уақыт сұрады.

Түнде Муқауқыс хазреті Хатибті оятып, Пайғамбарымыз туралы тағы көп сұрақтар қойғысы келетінін білдірді.

Сосын олардың арасында мынадай әңгіме болды:

– Ол туралы қоятын сұрақтарыма дұрыс жауап берсең, үш нәрсе сұрағым келеді.

– Қалағаныңды сұра! Мен саған әрқашан тек шындықты айтамын.

– Мұхаммед адамдарды неге шақырады?

– Жалғыз Аллаһу та’алаға ғана ғибадат етуге шақырады. Бір күн мен түнде бес уақыт намаз оқуды, Рамазан айында ораза ұстауды, берілген сөзде тұруды бұйырады. Өлексе етін жеуге тыйым салады.

«(Расулым!) Айт: „Ей, кітап иелері (яһудилер мен христиандар)! Арамыздағы ортақ сөзге келіңдер: Аллаһу та’аладан басқа ешнәрсеге табынбаймыз, Оған ешнәрсені серік қоспаймыз, Аллаһу та’аланы қойып, арамыздан ешкімді жаратушы Рабб деп танымаймыз. Егер олар бұл сөзден жүз бұрса, айтыңдар: куә болыңдар, біз – шынайы мұсылмандармыз!“» Али Имран: 64

Осыдан кейін Муқауқыс сұрады:

– Оның келбеті мен бейнесін (сыртқы түрін) маған сипаттап бер! Хатиб қысқаша сипаттап берді. Көп нәрсені санап шықпады. Сонда Муқауқыс былай деді:

– Сен айтпаған тағы кейбір нәрселер қалды: оның көздерінде сәл қызғылттық, арқасында пайғамбарлық мөрі бар. Ол есекке мінеді, суф (жүн мата) киеді, құрма мен еті аз тамақпен қоректенеді. Оны көкелері немесе көкелерінің ұлдары қорғайды. Хазреті Хатиб: – Бұлар да оның сипаттары, – деді.

Муқауқыс хазреті Хатибтен Пайғамбарымыз туралы тағы сұрады: – Ол сүрме қолдана ма? – Иә! Айнаға қарайды, шашын тарайды, сапарда да, үйде де айнаны, сүрмедонды, тарағын және мисуағын қасынан тастамайды! – Мен тағы бір пайғамбардың келуі керек екенін білетінмін және оны Шамнан шығады деп ойлайтынмын. Өйткені бұрынғы пайғамбарлар үнемі сол жерден шыққан еді. Дегенмен соңғы пайғамбардың Арабстанда – қаталдық, тарлық пен жоқшылық елінде шығатынын да кітаптардан көрген едім. Кітаптарда сипаттары жазылған пайғамбардың шығатын уақыты да, сөзсіз, осы заман. Біз кітаптан оның сипатын былай жазылған күйінде тапқан едік: «Екі апалы-сіңлілі қызды бір некеде біріктірмейді, сыйлықты қабыл алады, садақаны қабыл алмайды. Кедейлермен, міскіндермен бірге отырып-тұрады». Оған ілесу жөнінде қыбтилер мені тыңдамайды. Мен билігімнен де айрыла алмаймын. Бұл жөнінде мен өте сараңмын. Ол пайғамбар елдерге үстемдік етеді, одан кейін оның сахабалары біздің осы жерлерімізге дейін келіп қоныстанады. Ақыр соңында олар мұндағыларды жеңеді. Мен қыбтилерге бұл туралы бір ауыз сөз айтпаймын және бұл әңгімемді ешкімге білдіргім келмейді!

Осы әңгімеден кейін Муқауқыс арабша жазатын хатшысын шақыртып, Пайғамбарымыздың хатына мынадай жауап жаздырды: «Абдуллаһтың ұлы Мұхаммедке – қыбтилердің ұлығы Муқауқыстан! Саған сәлем болсын. Сен жіберген хатты оқыдым. Онда айтқан нәрсеңді және шақыруыңды түсіндім. Мен де бір пайғамбардың келетінін білетінмін. Бірақ оны Шамнан шығады деп ойлайтынмын. Елшіңді құрметтеп, қонақ еттім. Саған қыбтилер арасында құны жоғары екі күң мен киім-кешек жібердім. Сондай-ақ мініп жүретін бір ұрғашы қашыр да сыйладым». Муқауқыс бұдан басқа ешнәрсе істемеді, мұсылман да болмады. Хазреті Хатибті Мысырда бес күн қонақ етті. Оған үлкен құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Сосын: «Тезірек еліңе, иеңнің қасына қайт! Оған екі күң, екі мініс жануар, мың мысқал (бір мысқал – 4,8 г) алтын, Мысырда тігілген жиырма жиынтық жұқа киім және басқа да сыйлықтар жіберуді бұйырдым. Саған да жүз динар және бес жиынтық киім беруді тапсырдым. Қасымнан кет! Абайла, қыбтилер сенің аузыңнан бір ауыз сөз де естімесін!» – деді. Бұдан басқа Муқауқыс Пайғамбарымызға мөлдір кесе, хош иісті бал, сәлде, тек Мысырға тән зығыр мата, агар (уд ағашы, Aquilaria) және жұпар сияқты хош иістер, таяқ, қорапқа салынған сүрмедон, раушан майы, тарақ, қайшы, мисуақ, айна, ине және жіп те сыйға жіберді.

Муқауқыс ислам елшісі хазреті Хатиб бин Әби Бәлтәаға күзетші әскерлер қосып, оны жолға шығарып салды. Арабстан жеріне аяқ басқанда, олар Мәдинаға бара жатқан бір керуенге жолықты. Хатиб Муқауқыстың әскерлерін кері қайтарып, сол керуенге қосылды.

Хатиб бин Әби Бәлтәа сыйлықтармен Мәдинаға келіп, Расулуллаһтың алдына кірді. Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Муқауқыстың сыйлықтарын қабыл алды. Хатиб Муқауқыстың хатын беріп, оның сөздерін жеткізгенде, Пайғамбарымыз: «Қандай жаман адам! Билігін қимады. Ал оның иман келтіруіне кедергі болған билігі өзінде қалмайды ғой!» – деді.8

Муқауқыс Пайғамбарымызға сыйға жіберген екі күң – Мария және оның сіңлісі Сирин еді. Хатиб бин Әби Бәлтәа жолда оларға мұсылман болуды ұсынғанда, олар мұны қабыл алып, мұсылман болған еді. Пайғамбарымыз хазреті Мария анамыздың мұсылман болғанына қатты қуанып, оны некесімен құрметтеді. Одан Ибраһим есімді ұлы дүниеге келді. Ал Сиринді сахабаларынан Пайғамбардың ақыны болған Хассан бин Сабитке берді.

Ең асыл тұқымды, түсі аққа өте жақын сұр екі мініс жануардың қашырына Дүлдүл, есегіне Уфәйр немесе Яфур деген ат қойылды. Сол күнге дейін Арабстанда ақ түсті қашыр көрінбеген еді. Мұсылмандардың алғаш көрген ақ қашыры Дүлдүл болды. Пайғамбарымыз сыйға берілген мөлдір кеседен су ішетін. Муқауқыс Пайғамбарымыздың хатына үлкен құрмет көрсетіп, оны піл сүйегінен жасалған сандықтың ішіне салды.

Сандықты мөрлеп, күңдерінің біріне тапсырды. (Аталған бұл хат хижри 1267 жылы (милади 1850) Мысырдың Ахмим өңіріндегі бір көне ғибадатханада қыбти кітаптарының арасынан табылған. Оны Осман падишаһы, 96-халифа сұлтан Абдулмәжид хан сатып алып, Стамбулдағы Топқапы сарайының Қасиетті аманаттар бөліміне қойған.)

Иран кисрасы Хұсрау Пәруизге хат

Иран билеушісіне Абдуллаһ бин Хузафә жіберілген еді. Хазреті Абдуллаһ тәкаппар Иран шаһына (кисраға) Әлемдердің мырзасының құнды хатын тапсырғанда, шаһ оны оқу үшін хатшысына берді.

«Бисмиллаһир-рахманир-рахим!

Аллаһу та’аланың расулы Мұхаммедтен (алейһиссалам) парсылардың ұлығы Кисраға…»

Хатшы осы жерге дейін оқығанда-ақ, тәкаппар шаһтың қаны басына шауып, ашуы келді де, хатты жұлып алып жыртып тастады. Ол Пайғамбарымыздың хатты өзінің мүбәрәк есімімен бастағанына қатты ызаланған еді. Ислам елшісі хазреті Абдуллаһ бин Хузафәні де алдынан қуғысы келгенде, хазреті Абдуллаһ кисраға және оның айналасына жиналған отқа табынушыларға былай деді:

«Ей, парсы халқы! Сендер пайғамбарларға сенбейсіңдер, кітаптарды қабылдамайсыңдар. Өздерің тұрып жатқан осы жерлерде санаулы күндеріңді өткізіп, түс сияқты бір өмір сүріп жатырсыңдар!..

«Аллаһым! Ол (кисра) менің хатымды қалай жыртып тастаса, Сен де оны және оның мүлкін (билігін) солай жыртып таста!..» Хадис шәриф

Ей, кисра! Сенен бұрын көп билеушілер осы тақта отырып, билік құрды. Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындағандар ахиретін тауып, орындамағандар болса илаһи азапқа ұшырап, бұл дүниеден көшіп кетті!..

Ей, кисра! Мен әкеліп тапсырған бұл хат, шын мәнінде, сен үшін үлкен бақыт еді. Сен оны менсінбедің. Аллаһу та’алаға ант етемін, сен менсінбеген сол дін осында келгенде, қашатын жер іздейсің!..»

Сосын ол кисраның сарайын тастап, жануарына мінді. Тез арада ол жерден алыстады. Мәдинаға оралып, жағдайды Ғаламның Сұлтанына айтқанда, ол: «Аллаһым! Ол менің хатымды қалай жыртып тастаса, Сен де оны және оның мүлкін солай жыртып таста!..» – деді.

Аллаһу та’ала Расулының дұғасын қабыл етті: бір түнде кисраны өз ұлы қанжармен шаншып, бөлшек-бөлшек турады. Хазреті Омар заманында болса Иранның барлық жерлері алынып, мұсылмандардың қолына өтті.9

Ғассан билеушісі Харис бин Әби Шимрге хат

Хазреті Шужа бин Уәхб Ғассан билеушісіне жіберілген еді. Шужа (радиаллаһу анһу) алдымен билеушінің есікшісімен сөйлесті. Оны исламға шақырғанда, есікші қабыл алып, Расулуллаһқа құрметі мен сәлемін жеткізді. Ол хазреті Шужаны еш күттірместен билеушімен кездестірді. Харис бин Әби Шимр хатты оқығанда, ашуланып, оны жерге лақтырды. Хазреті Шужа дереу Мәдина-и Мунаууараға оралып, болған жағдайды Аллаһу та’аланың сүйіктісіне хабарлады. Сүйікті Пайғамбарымыз хатының жерге лақтырылғанына қапаланып: «Билігі жойылсын!» – деді. Көп ұзамай Харис бин Әби Шимр өліп, мемлекеті ыдырап кетті.10

Йәмама билеушісі Хауза бин Әлиге хат

Салит бин Амр Йәмама билеушісіне жіберілген еді. Хауза христиан еді. Пайғамбарымыз хатында былай деген еді: «Бисмиллаһир-рахманир-рахим! Аллаһу та’аланың расулы Мұхаммедтен (алейһиссалам) Хауза бин Әлиге! Хидаятқа жеткен, тура жолға түскен адамдарға сәлем болсын! (Ей, Хауза!) Біліп қой: ислам түйелер мен аттар бара алатын ең алыс жерлерге дейін таралады, барлық діндерді жеңеді. Сен де исламды қабылда – құтыласың. Мұсылман болсаң, билігіңнің астындағы жерлерді басқаруды қайтадан өзіңе қалдырамын…»

Йәмама билеушісі Хауза бұл мүбәрәк шақыруды қабыл алудан бас тартты. Тақ құмарлық пен мансапқорлық оның көзін байлап тастаған еді. Сондықтан ол Ғаламның Сұлтанының дұғасына ие болу сияқты ұлы бақыттан құр қалды. Ислам елшісі хазреті Салит бин Амр оны аяп, былай деді:

«Ей, Йәмама билеушісі Хауза! Сен – осы қауымның ұлығысың! Сен ұлы деп ойлаған қайсарлар өліп, топырақ болды.

Шынайы ұлылар болса – Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтанып, жәннатқа лайық болған адамдар. Егер бір қауым иман келтіру құрметіне ие болса, оларды өзіңнің бұзық сеніміңмен тура жолдарынан тайдырудан сақ бол!.. Шынымды айтсам, мен саған Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындауды, тыйымдарынан сақтануды кеңес етемін. Аллаһу та’алаға иман келтіріп, Оның бұйрықтарын орындасаң, жәннатқа кіресің. Шайтанға ілессең, тозақта қаласың.

Егер осы насихаттарымды қабыл алсаң, қорыққан нәрселеріңнен аман боласың, үміт еткен нәрселеріңе қол жеткізесің. Егер насихаттарымды кері қақсаң, енді сен үшін менің істей алатын ешнәрсем қалмады. Қалғанын өзің ойла!..»

Хауза ислам елшісінің бұл көркем насихаттарын да тыңдамады. Салит бин Амр енді Йәмамада қалудың қажеті жоқ екенін түсініп, тез арада Мәдинаға оралды. Сүйікті Пайғамбарымызға нәтижесін білдірді. Расул-и әкрам оның исламға кіру бақытынан құр қалғанына қапаланды. Көп ұзамай Хаузаның өлгені туралы хабар келді. Оның тақ құмарлығы мен мансапқорлығы тозақ шұқыры болған қабірінде тәмам болды.11

Бахрейн әмірі Мунзир бин Сәуиге хат

Ала бин Хадрами де Бахрейн әміріне хат апарды. Әмір мүбәрәк хатты махаббатпен оқып, мазмұнын түсінді де, иман құрметіне бөленді.

Ол (Нәжаши Әсхамәден басқа) өзгелер сияқты: «Басқалар маған олай да, бұлай да дейді, тағымнан айырыламын», – демеді.

«Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһу уә расулуһ!» – деп, ол өзін де, өзіне ілескен қол астындағыларды да тозақ отынан құтқарды. Хат арқылы мұсылман болуға шақырылғанда, тағы бір мансап иесі иман келтіретіндей парасат танытты. Қол астындағылардың кейбірі оған ілесіп мұсылман болды, ал кейбірі иман келтірмеді. Мунзир өз жағдайын жазып, Ала бин Хадрами (радиаллаһу анһу) арқылы сүйікті Пайғамбарымызға жеткізді. Пайғамбарымыздың жауап хаты мынадай еді: «Саған бағынғандарға ислам үйретілсін. Бой көтеріп, қасарысқандарға жизья салынсын. Мәжусилердің (отқа табынушылардың) сойғаны желінбесін, олармен қыз алыспасын да, бермесін де».

Осылайша жеті ислам елшісі өз міндеттерін атқарып, заманның ұлы мемлекеттеріне исламның бар екенін естіртті. Оларға шынайы бақыт туралы хабар беріп, қиямет күні «Біз естімеген едік» дейтін сөздерге орын қалдырмады. Қысқасы, мансап иелерінің екеуі иман келтірді: бірі – Нәжаши, екіншісі – Мунзир. Қалғандары күпірлікте қалды. Хабашстан билеушісі Әсхамә (рахматуллаһи алейһ) мұсылман болумен, құрметті сахабалардың кейбірін көрумен, Пайғамбарымыздың мүбәрәк дұғасына ие болумен және Расулуллаһ пен Үммү Хабибаның (радиаллаһу анһа) некесін қиюмен құрметке бөленді.

«Аллаһым! Үммү Руманның Сенің жолыңда және Расулың үшін көрген қиындықтары Саған жасырын емес» Хадис шәриф

Византия императоры Ираклий мен Мысыр сұлтаны Муқауқыс мұсылман болмады, бірақ келген хаттарға үлкен құрмет көрсетіп, жұмсақ жауаптар берді, елшілерге жақсы қарады және Расулуллаһқа сыйлықтар жіберді.

Ғассан мен Иран билеушілері елшілерге жаман қарап, дұшпандықтарын ашық көрсетті. Ал Йәмама билеушісі ислам елшісіне жұмсақ қарады.

Хижри алтыншы жылы болған басқа оқиғалар

Хаула бинт Са’ләба бин Қайс бин Малик Хазрәжи мен оның күйеуі Әус бин Самит бин Ахзам Ансаридің арасында зиһар болып, Мужадала сүресі түсті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ат пен түйе жарысына рұқсат берді. Сол уақытқа дейін ешкім оза алмаған оның түйесін бір бәдәуидің түйесі озып кеткенде, сахабалар қапаланды, сонда ол: «Әрбір кемелдіктің бір зауалы (кемуі) бар, яғни әрбір көтерілістің бір құлдырауы бар», – деді.

Айша анамыздың (радиаллаһу анһа) анасы Үммү Руман (радиаллаһу анһа) қайтыс болды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оның жаназа намазын оқытып, жерлеуіне қатысты. Оны қабіріне Расулуллаһтың өзі түсірді. Пайғамбарымыз оған жәннатпен сүйіншілеп: «Кімді жәннат хурларының біріне қарау қуантса, ол Үммү Руманға қарасын», – деді. Тағы оған кешірім тілегеннен кейін: «Аллаһым! Үммү Руманның Сенің жолыңда және Расулың үшін көрген қиындықтары Саған жасырын емес», – деді.