Сүйікті Пайғамбарым

ХУДӘЙБИЙА ОҚИҒАСЫ

Ниеті – умра, соңы – Худәйбийа

Хижреттің алтыншы жылының Зұлқағда айы еді. Бір түні құрметті Нәби (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) түсінде құрметті сахабалармен бірге Мекке-и Мукаррамаға барып, Қағба-и Муаззаманы тауап еткендерін, олардың бір бөлігі шаштарын қысқартқанын, бір бөлігі шаштарын алдырғанын көрді. Расулуллаһ бұл түсін сахабаларына айтқанда, олар қатты толқыды. Хижреттен бері алғаш рет олар туып-өскен, ащы-тұщы естеліктерге толы әсем туған жерлері – Меккеге баратын болды. Бес уақыт намазда бет бұратын, сағынышпен аңсап жүрген қасиетті Қағбаны зиярат етіп, тауап жасайтын болды. Бұл қандай керемет сүйінші еді!.. Сүйікті Пайғамбарымыздың: «Сендер міндетті түрде Мәсжид-и Харамға кіресіңдер!» – деген сүйінші хабарын алысымен, құрметті сахабалар дереу дайындала бастады. Дайындықтар біткен соң, Хабиб-и әкрам Мәдинада Абдуллаһ ибн Үммү Мәктумды орынбасар етіп қалдырды. Зұлқағда айының бірінші дүйсенбісінде ол Қасуа деген түйесіне мінді. Жолға дайындалған мың төрт жүз сахабасымен бірге олар Мәдинада қалатындармен қоштасты. Умраға ниет етіп, қасиетті қала Меккеге қарай жолға шықты. Өздерімен бірге жолаушы қаруы болып саналатын қылыштарын және құрбандыққа шалу үшін жетпіс түйе алды. Жолаушылардың екі жүзі салт атты, төртеуі әйел сахабалар еді. Бұл әйелдердің бірі сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк әрі пәк әйелі, хазреті Үммү Сәләмә анамыз еді. Зул-Хулайфа деп аталатын миқат орнына жеткенде, олар ихрамға кіріп, бесін намазын оқыды. Сосын құрбандыққа шалынатын түйелердің құлақтарына ен салып, мойындарына жіп байлады. Нажия бин Жундуб Әсләмиге көмекшілер беріліп, оған түйелерді бағу міндеті жүктелді. Аббад бин Бишр жиырма адамдық салт атты жасаққа басшы болып тағайындалып, алдын барлауға жіберілді. Бишр бин Суфйан Меккеге хабаршы етіп жіберілді.1 Ихрам киімін киген, аққа оранған сүйікті Пайғамбарымыз бен батыр сахабалар Аллаһу та’алаға хамд айтып, Оның шанының ұлылығын растап, Оған жалбарына бастады:

«Ләббәйк, Аллаһумма ләббәйк! Ләббәйк, лә шәрикә ләкә ләббәйк! Иннәл-хамдә уән-ниғмәтә ләкә уәл-мулк, лә шәрикә ләк!»

(Міне, мен, Аллаһым, міне, мен! Шақыруыңа сөзіммен де, бүкіл болмысыммен де қайта-қайта жауап бердім, бұйрығыңа мойынсұндым. Сенің теңдесің жоқ, бар болмысыммен Саған бет бұрдым. Хамд та, ниғмет те тек Саған ғана тән. Мүлік те Сенікі. Сенің серігің жоқ.) Бұл мүбәрәк тәлбиямен жер мен көк жаңғырып, Зул-Хулайфа нұрлы бір ауаға бөленді. Әркім толқып тұрды, сөйтіп мүмкіндігінше тезірек Меккеге жету үшін олар Зул-Хулайфадан аттанды.

Жолда хазреті Омар мен хазреті Са’д бин Убадә Хабиб-и әкрамға жақындап, алаңдаушылықтарын білдірді: «Йа, Расулаллаһ! Сізбен соғыс жағдайындағы адамдарға қарусыз барамыз ба? Құрайыштықтар сізге шабуыл жасап, мүбәрәк денеңізге зиян келтіреді деп қорқамыз!..» Екі дүниенің сардары оларға: «Мен умраға ниет еттім. Бұл халде қару алып жүргім келмейді», – деді.

Жол тыныш өтті. Жол бойындағы әртүрлі тайпаларға соғып өтті, Пайғамбарымыз оларды исламға шақырды. Кейбіреулері қабыл етуден тартынды, кейбіреулері сыйлықтар жіберді. Осылайша олар жолдың жартысын жүріп өтіп, Усфанның арғы жағындағы Ғадирул-Әштат деген жерге жетті. Мұнда бұған дейін меккеліктерге хабар апаруға тапсырма алған хазреті Бишр бин Суфйан құрайыштықтармен сөйлесіп қайтып келген еді. Ол көргендерін Пайғамбарымызға былай деп баяндады: «Йа, Расулаллаһ! Құрайыштықтар сіздің келе жатқаныңызды естіпті. Қорыққандарынан айналадағы тайпаларға қонақасы беріп, олардан көмек сұрапты. Сіздерге қарсы барлау үшін екі жүз адамдық салт атты жасақ шығарды. Айналадағы тайпалар бұл өтінішті қабыл етіп, Бәлдах деген жерде бірікті. Көптеген әскер жинап, сіздерді Меккеге кіргізбеуге ант ішті».

Бұл хабарға Әлемдердің мырзасы қатты қайғырып, былай деді: «Құрайыш құрыды. Соғыс оларды онсыз да жеп бітірген… Құрайыш мүшріктері өздерінде бір күш бар деп ойлай ма? Аллаһпен ант етемін, Аллаһу та’ала мені тарату үшін жіберген бұл дін үстем болмайынша, басым денемнен ажырамайынша, мен олармен күресуден әсте тоқтамаймын!» Сосын ол батыр сахабаларына бұрылып, бұл іс туралы олардың пікірі мен көзқарасын сұрады. Бүкіл болмысымен Расулуллаһқа өздерін арнаған даңқты сахабалар: «Аллаһу та’ала мен Оның Расулы жақсырақ біледі. Жанымыз сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Біз Бәйтуллаһты тауап ету ниетімен жолға шықтық. Біз ешкімді өлтіру үшін де, соғысу үшін де келген жоқпыз. Бірақ олар Қағбаны зиярат етуімізге кедергі жасағысы келсе, олармен міндетті түрде соғысамыз және мақсатымызға жетеміз!..» – десті. Құрметті сахабалардың бұл табандылығы сүйікті Пайғамбарымызға ұнады. Ол былай деді: «Олай болса, Аллаһу та’аланың мүбәрәк есімімен алға жүріңдер!..» Сахабалар Пайғамбарымызды қоршап, «Ләббәйк, Аллаһумма ләббәйк!..» деп тәлбия және «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!..» деп тәкбір айта отырып, Меккеге қарай ілгерілей берді.

Бір күні бесін уақытында Біләл Хабаши даусының бар әсемдігімен Мұхаммеди азанды оқып, намаз уақыты кіргенін білдірді. Сол кезде Құрайыштың екі жүз адамдық салт атты жасағы сол жерге жетіп, Мекке мен сахабалардың арасына кіріп, шабуылға дайын күйде тұрды. Соған қарамастан Әлемдердің мырзасы ұлы сахабаларымен сап түзеп, намазға тұрды. Сүйікті Пайғамбарымыздың артында мың төрт жүзге жуық сахабаның сап болып қиямда қимылсыз тұруы, рүкуғқа иілуі – көз тоймас көрініс еді. Ал бәрінің бірге сәждеге баруы айбынды бір таудың иіліп, қайта түзелгеніне ұқсайтын.

«Аллаһу та’аланың хақы үшін, Құрайыш менен не талап етсе де, Бәйт-и шәрифті құрметтеу шартымен қабыл етемін» Хадис шәриф

Худәйбийа сапары

Олардың Аллаһу та’аланың алдында мәртебелі маңдайларын топыраққа қойып көрсеткен кішіпейілдігі Құрайыштың кейбір салт аттыларының жүрегіне исламның сүйіспеншілігін ұялатты. Құрметті сахабалар сәлем беріп, намаздан шыққанда, Құрайыш салт аттыларының басшысы: «Мұсылмандардың осы халін пайдаланып шабуыл жасағанымызда, олардың көбін өлтірер едік!.. Олар намазда тұрғанда неге шабуыл жасамадық?» – деп өкінді. Сосын жолдастарына бұл жолы сәтті қолдан шығармайтындарын білдірді: «Уайымдамаңдар. Бәрібір олар өз жандарынан да, балаларынан да қымбат тағы бір намазға тұрады!..» Олардың бұл сөздерін Аллаһу та’ала Жәбрейіл алейһиссалам арқылы уахи жіберіп, Пайғамбарымызға білдірді. Түскен аят кәримада мағынасы бойынша былай делінді: «(Йа, Хабибім!) Сен олардың арасында болып, (жаудың алдында) оларға (сахабаларыңа) намаз оқытатын болсаң, (оларды екі бөлікке бөл,) бір бөлігі сенімен бірге (намазда, екіншісі жаудың алдында) тұрсын. Қаруларын жандарына алсын. Сенімен бірге намазда бір рәкат оқығандар (намазды бұзатын әрекеттерден сақтанып) жаудың алдына барсын. Сосын намазын оқымаған екінші бөлігі келіп, екінші рәкатты сенімен бірге оқысын, және олар да сауыттарын, қорғаныс құралдарын және қаруларын жандарына алсын. (Тәшәһһудті сенімен бірге оқысын. Сен сәлем бергенде, олар сәлем бермей жаудың алдына барсын; алдымен бір рәкат оқығандар қайтып келіп, өздері тағы бір рәкат оқысын және сәлем берсін. Екінші рәкатты имаммен бірге оқығандар да қайта келіп, тағы бір рәкат оқып, намазды аяқтасын және сәлем берсін.) Кәпірлер сендердің қаруларың мен заттарыңнан бейқам қалуларыңды, сендерге кенеттен шабуыл жасауды қалайды… Егер сендерге жаңбырдан қиындық туса немесе ауру болсаңдар, қаруларыңды қоюларыңда сендерге күнә жоқ. Бірақ бәрібір барлық сақтық шараларын қолданыңдар. Шүбәсіз, Аллаһу та’ала кәпірлерге қорлайтын азап дайындаған».2 Екінті уақытында хазреті Біләл азан айтқанда, Құрайыш салт аттылары тағы да Мекке мен құрметті сахабалардың арасында шабуылға дайын күйде тұрды. Пайғамбарымыз сахабаларына аят кәримада көрсетілгендей намаз оқытты. Мұсылмандардың осылай сақтықпен намаз оқуына мүшріктер таң қалды. Аллаһу та’ала олардың жүректеріне қорқыныш салды. Олар ешқандай әрекет жасауға батылы бармады. Меккеге хабар апару үшін ол жерден кетіп қалды. Пайғамбарымыз бен оның сахабалары да бұл жерден Меккеге қарай аттанды. Қасиетті Мекке шекарасына жеткенде, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) түйесі Қасуа ешқандай көрінер себепсіз кенеттен шөгіп қалды. Оны тұрғызуға көп әуреленді, бірақ ол тұрмады. Осыдан кейін Ғаламның Сұлтаны былай деді: «Оның мұндай шөгу әдеті жоқ. Бірақ кезінде (Абраханың) пілін Меккеге кіруден тоқтатып қалған Аллаһу та’ала енді Қасуаны да тоқтатып қалды. Болмысым құдірет қолында болған Аллаһу та’алаға ант етемін: Құрайыш Аллаһу та’ала Харамның ішінде істеуді харам еткен нәрселерден (соғысуды, қан төгуді тоқтату сияқты) қайсысын менен сұраса да, олардың бұл өтініштерін міндетті түрде орындаймын!»

Осыдан кейін Қасуаны тұрғызғысы келді. Түйе атып тұрды. Ол Харам шекарасынан ішке кірмей, дәл шекараның үстінде орналасқан Худәйбийа деген жерге барып тоқтады. Пайғамбарымыз бен құрметті сахабалар суы аз осы жерге аялдады.

«Құрайыш мүшріктері өздерінде бір күш бар деп ойлай ма? Аллаһпен ант етемін, Аллаһу та’ала мені тарату үшін жіберген бұл дін үстем болмайынша, басым денемнен ажырамайынша, мен олармен күресуден әсте тоқтамаймын!» Хадис шәриф

Расул-и әкрам өзінің шатырын мүбәрәк Мекке шекарасының сыртына тіктірді. Ол сахабаларымен сол жерде күте бастады. Намаз уақыты кіргенде, олар намаздарын Мекке-и Мукаррама шекарасының ішінде оқитын. Құдықтарда ішуге де, пайдалануға да су қалмаған еді. Су тек Пайғамбарымыздың құманында ғана бар еді. Қиын жағдайда қалған сахабалар: «Жанымыз сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Бізде су тек сіздің құманыңызда ғана бар. Біз құрыдық», – десті.

Әлемдердің мырзасы: «Мен сендердің араларыңда болғанда, сендер құрымайсыңдар», – деді. Сосын ол «Бисмиллаһ» деп, мүбәрәк қолын құманның үстіне қойды. Қолын көтеріп: «Алыңдар!..» – дегенде, мүбәрәк саусақтарының арасынан бұлақтай су аға бастады. Құрметті сахабалар қанғанша су ішті, дәрет алды, барлық торсықтарын толтырды, аттары мен түйелерін суарды. Сахабаларына жымия қараған мейірім теңізі сүйікті Пайғамбарымыз Аллаһу та’алаға хамд айтты. Сол күні сол жерде болған хазреті Жабир бин Абдуллаһ: «Біз мың төрт жүз адам едік. Тіпті жүз мың адам болсақ та, ол су бәрімізге жетер еді», – деді.

Ридуан анты

Расул-и әкрам Худәйбийада болғанда, бұрыннан мұсылмандармен дос болып келген Хузаа тайпасының басшысы Будәйл оның қасына келіп, айналадағы тайпалар қосылып, Құрайыш әскерінің Худәйбийаның маңына тоқтағанын, әскерлері тарап кеткенше соғысуға ант ішкендерін хабарлады. Осыдан кейін Пайғамбарымыз былай деді: «Біз мұнда ешкіммен соғысу үшін келген жоқпыз. Біз тек умра жасау, Қағба-и Муаззаманы тауап және зиярат ету үшін келдік. Солай болса да, кімде-кім бізді Бәйтуллаһты зиярат етуден тоспақ болса, біз онымен соғысамыз. Шүбәсіз, соғыстар құрайыштықтарды қатты тоздырып, әлсіретіп, оларға көп зиян келтірді. Егер олар қаласа, мен олармен уақытша бітім мерзімін белгілейін. Бұл мерзім ішінде олар менен қауіпсіз болсын. Олар менің және басқа тайпалардың арасына килікпесін; мені олармен бетпе-бет қалдырсын. Егер мен бұл тайпаларды жеңіп, Хақ та’ала оларға хидаят (тура жол) беріп, олар мұсылман болса, Құрайыш мүшріктері де қаласа, олар сияқты мұсылман бола алады. Ал егер мен, олар ойлағандай, басқа қауымдарды жеңе алмасам, онда олардың өздері де тынығып, күш жинайды. Егер Құрайыш мүшріктері бұларды қабыл етпей, менімен соғысуға кіріссе, болмысым құдірет қолында болған Аллаһу та’алаға ант етемін, мен тарату үшін тырысқан осы дін жолында басым денемнен ажырағанша олармен соғысамын. Сонда Аллаһу та’ала да маған көмектесу туралы уәдесін міндетті түрде орындайды!»

Хузаа тайпасының басшысы Будәйл Пайғамбарымыздың сөздерін Құрайыштың әскери тұрағына жеткізу үшін жолға шықты. Расулуллаһтың сөздерін Будәйлден тыңдағаннан кейін, мүшріктер келіссөз жүргізу үшін Пайғамбарымызға өздерінің игі жақсыларынан Урва бин Мәсудты жіберді. Урва құрайыштықтардың ешкімді Меккеге кіргізбеуге үзілді-кесілді шешім қабылдағанын білдіргенде, Хабиб-и әкрам былай деді: «Ей, Урва! Аллаһ үшін айтшы! Мына құрбандық түйелерді құрбандыққа шалуға, мына Қағба-и Муаззаманы зиярат және тауап етуге кедергі жасауға бола ма?» Сосын ол Хузаа тайпасының басшысына айтқандарын Урваға да айтып берді.

Урва бір жағынан Пайғамбарымызды тыңдай отырып, екінші жағынан құрметті сахабалардың жүріс-тұрысына және мінез-құлқына, олардың бір-біріне және Әлемдердің мырзасына деген қарым-қатынасына, құрметі мен ізетіне назар салып отырды. Сүйікті Пайғамбарымыздың ұсынысын тыңдағаннан кейін, ол орнынан тұрып, мұны құрайыштықтарға айту үшін кетті. Олардың қасына барып: «Ей, Құрайыш жамағаты! Менің Византия императоры (қайсар), Нәжаши, Иран патшасы (кисра) сияқты көптеген патшалардың алдына елші болып барғанымды білесіңдер. Ант етемін, мен бұған дейін ешбір патшаға мұсылмандардың Мұхаммедке көрсеткеніндей құрмет пен ізет көрсетілгенін көрмедім. Оның сахабаларының ешқайсысы оның рұқсатынсыз сөйлемейді. Оның басынан бір тал шаш түссе, оны қағып алып, береке үшін қойындарында сақтайды. Оның қасында сөйлескенде, дауыстарын естілмейтіндей етіп бәсеңдетеді. Оған деген құрметтерінен оның жүзіне қарай алмай, көздерін төмен салады. Ол сахабаларына бір ишарат жасаса немесе бір бұйрық берсе, жандары құрбан болса да, оны орындауға тырысады.

Ей, Құрайыш жамағаты! Қаншалықты қылыштарыңа жармассаңдар да, барлық амалға жүгінсеңдер де, олар сендерге Пайғамбарларының бір тал шашын да бермейді. Тіпті оған ешқандай зиян тиюіне де, біреудің оған қол тигізуіне де жол бермейді. Жағдай осындай. Бұдан арғысын жақсылап ойланыңдар! Жағдай осылай болғанда, Мұхаммед бізге жақсы бір бітім ұсынып отыр, соны пайдаланыңдар!» – деді.

Құрайыш мүшріктері бұл сөздерді қабыл етпеді, Урваға дөрекі мәміле жасап, оның көңілін қалдырды. Құрайыштың әскери тұрағынан ешқандай хабар келмеген соң, Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ұсыныстарын қайталау үшін Хираш бин Умәййәні елші етіп жіберді. Мүшріктер ислам елшісіне өте дөрекі мәміле жасады. Оның түйесін сойып жеді, өзін өлтіруге ұмтылды. Олардың қолынан әрең құтылған Хираш бин Умәййә Пайғамбарымызға келіп, жағдайды айтқанда, ол елшісін осылай қорлағандарына қатты қайғырды. Сол кезде мүшріктердің әскери тұрағынан Ахабиш тайпасының басшысы Хулайс көрінді. Ол Пайғамбарымызға қарай келе жатты. Мүшріктер оған елшілік міндетін жүктеген еді. Хулайстың келе жатқанын көрген сүйікті Пайғамбарымыз былай деді: «Мына келе жатқан адам құрбандықты құрметтейтін, Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындауға және ғибадат етуге ынталы бір қауымнан. (Ей, сахабаларым!) Құрбандық түйелерді оған қарай айдаңдар, көрсін!» Құрметті сахабалар құрбандық түйелерді оған қарай жіберіп: «Ләббәйк, Аллаһумма ләббәйк!» – деп тәлбия айтты. Мойындары байланған, құлақтарына ен салынған құрбандықтарды көргенде, Хулайс оларға ұзақ қарап тұрды. Оның көзіне жас толып, жан түкпірінен шыққан мұңды дауыспен: «Мұсылмандардың Қағбаны тауап және зиярат етуден басқа ешқандай ниеті жоқ. Оларды бұдан тосу – қандай жаман іс! Қағбаның Раббысына ант етемін, құрайыштықтар осы қате ісі үшін құрып кетеді!» – демей тұра алмады. Бұл сөздерді естіген Әлемдердің мырзасы: «Иә, солай, ей, Кинанә ұлдарынан шыққан бауыр», – деді. Хулайс ұялғаннан Расулуллаһтың алдына келе алмағаны былай тұрсын, оның мүбәрәк жүзіне де қарай алмады. Ол Құрайыштың әскери тұрағына қайта оралды. Көргендерін айтып, өз пікірін ашық білдірді: «Сендердің оны Қағбаны зиярат етуден тосуларыңды дұрыс деп таппаймын». Құрайыш мүшріктері қатты ашуланып, Хулайсты надандықпен айыптады.

«Ей, Урва! Аллаһ үшін айтшы! Мына құрбандық түйелерді құрбандыққа шалуға, мына Қағба-и Муаззаманы зиярат және тауап етуге кедергі жасауға бола ма?» Хадис шәриф

Бұл жолы мүшріктер елші етіп қатыгездігімен атағы шыққан Микраз бин Хафсты жіберді. Ол да жауабын алып, кері қайтты. Микраздың елшілігінен кейін мүшріктерді мұсылмандар кенеттен шабуыл жасайды деген қорқыныш биледі.

Пайғамбарымыз істі жарты жолда қалдырғысы келмей, құрайыштықтар арасында беделді бір сахабасын жібергісі келді. Ақыры хазреті Османды жіберуге шешім қабылданды. Сүйікті Пайғамбарымыз Осман бин Аффанға былай деді: «Оларға: „Біз мұнда ешкіммен соғысу үшін келген жоқпыз. Біз тек Қағба-и Муаззаманы тауап және зиярат ету үшін келдік. Өзімізбен бірге алып келген құрбандық түйелерді шалып, қайтамыз“, – деп айт және оларды исламға шақыр!» Сонымен қатар ол оған Меккедегі мұсылмандарға Меккенің жақын арада алынатыны туралы сүйінші хабарды жеткізуді де тапсырды.3

Хазреті Осман мүшріктерге барып, Пайғамбарымыздың сөздерін сол қалпында жеткізді. Олар хазреті Осман әкелген ұсынысты да қабылдамады. Қаласа, тек өзінің ғана Бәйтуллаһты тауап ете алатынын айтты. Ал хазреті Осман: «Расул алейһиссалам Бәйтуллаһты тауап етпейінше, мен де тауап етпеймін!» – деді. Бұған қатты ашуланған мүшріктер оны ұстап қалды. Бұл хабар сахабаларға «Осман шәһид етіліпті» деген күйде жетті. Мұны Пайғамбарымызға жеткізгенде, ол қатты қайғырып: «Бұл хабар рас болса, бұл қауыммен соғыспайынша, бұл жерден кетпейміз», – деді. Сосын сол жерде өскен Сәмура деген ағаштың астына отырып: «Аллаһу та’ала маған сендерден ант (байғат) алуды бұйырды», – деп, сахабаларын ант беруге шақырды. Батыр сахабалар қолдарын Пайғамбарымыздың мүбәрәк қолының үстіне қойып: «Аллаһу та’ала саған жеңіс нәсіп еткенше, сенің алдыңда соғыса-соғыса жеңісті жүзеге асыруға немесе осы жолда шәһид болуға ант бердік!» – деп сөз берді. Пайғамбарымыз бір қолын екінші қолының үстіне қойып, сол жерде болмаған хазреті Османның атынан өзі өзіне ант берді. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларының бұл антына қатты қуанып: «Ағаштың астында шын көңілмен ант бергендердің ешқайсысы тозаққа кірмейді», – деді. Бұл антты Ридуан анты деп атады.4 Құрметті сахабалар (радиаллаһу анһум) енді қылыштарын қынабынан суырып, орындарында тұра алмай, Расул алейһиссаламның бір ишаратын күтіп тұрды. Сол кезде ислам әскерінің тұрағын бақылап жүрген Құрайыш тыңшылары мүжаһидтердің сүйікті Пайғамбарымызға шәһидтік шәрбатын ішкенше осы жолда соғысуға ант бергенін және дайындық жасап жатқанын көрді. Олар дереу Құрайыштың әскери тұрағына барып, болған жайды айтып берді. Пайғамбарымыз кез келген жағдайға қарсы түнде сахабаларын қорғау үшін күзетшілер қалдыратын. Хазреті Осман ұстап қалынған күндердің бір түнінде Микраздың басшылығымен елу адамдық мүшрік тобы ислам жауынгерлерін ұйықтап жатқан күйінде басып алу үшін шабуыл жасады. Сол түні Мұхаммед бин Мәсләмә мен оның жолдастары күзетте тұрған еді. Келген кәпірлерді олар қысқа қақтығыстан кейін қолға түсірді. Тек Микраз ғана қашып құтылды. Тұтқындарды Расулуллаһтың алдына алып келді. Олардың бір бөлігі қамалды, бір бөлігі кешірілді. Мүшріктер келесі түні де шабуыл жасамақ болды, бірақ тағы да ұсталды. Пайғамбарымыз оларды да кешіріп, босатып жіберді.

Худәйбийа бітім келісімі

Ислам әскерінің күні-түні соғысқа дайын тұрғанын және кез келген сәтте шабуыл жасай алатынын түсінген кәпірлер әскерінің жүрегіне қорқыныш түсті. Келісім жасаудан басқа шығар жол жоқ екенін көріп, олар шұғыл түрде елшілер тобын сайлады. Сухәйл бин Амрдың басшылығымен сайланған бұл топқа: «Биыл Меккеге кірмеу шартымен келісім жасаңдар», – делінді.

Сүйікті Пайғамбарымыз Құрайыш елшілерін қабыл алды. Елшілердің бірінші талабы қамалған адамдарын босату болды. Әлемдердің мырзасы: «Меккеде ұстап қалған сахабаларымды босатпайынша, мен сендердің бұл адамдарыңды жібермеймін!» – деді. Сухәйл: «Шынында, сен бізге өте әділ әрі инсапты мәміле жасадың», – деп, Меккеде ұстап қалынған хазреті Османды және бұған дейін құрайыштықтар қамап қойған он шақты сахабаны босаттырды. Осыдан кейін шабуыл кезінде ұсталып, қамалған мүшріктер босатылды.

Ұзақ келіссөздерден кейін келісімге қол жеткізілді. Оны жазу кезегі келді. Хатшы болып хазреті Әли сайланды. Бітім келісімін жазу үшін қағаз бен қалам-сия дайындалды. Әлемдерге рақым етіп жіберілген Хабибуллаһ хазреті Әлиге: «Жаз:

„Бисмиллаһир-рахманир-рахим!“» – деді. Сухәйл дереу бұған қарсы шықты: «Ант етемін, мен „Рахман“ сөзінің не екенін білмеймін. Бұлай жазба; „Бисмикә Аллаһумма“ деп жаз! Әйтпесе бітімге келіспеймін!» Пайғамбарымыз бітім жасасудан өте үлкен хикметтер көріп тұрды. Сондықтан ол: «„Бисмикә Аллаһумма“ да жақсы», – деп, хазреті Әлиге солай жазуды бұйырды. Жазылып болған соң, Пайғамбарымыз: «Бұлар – Аллаһтың Расулы Мұхаммедтің Сухәйл бин Амрмен келісіп, бітім жасасқан және шарттарын екі жақ орындау үшін қол қойған баптары», – дегенде, Сухәйл хазреті Әлидің қолынан ұстап алды. Ол Пайғамбарымызға бұрылып: «Ант етеміз, егер біз сенің Аллаһтың Расулы екеніңді мойындағанымызда, саған қарсы шықпас едік, Қағбаны зиярат етуіңе кедергі жасамас едік. Сондықтан „Аллаһтың Расулы“ дегеннің орнына „Абдуллаһтың ұлы Мұхаммед“ деп жаз!» – деді.

Пайғамбарымыз мұны да қабыл етіп, былай деді: «Аллаһпен ант етемін, сендер мені өтірікші санасаңдар да, мен бәрібір, шүбәсіз, Аллаһу та’аланың Расулымын. Есімімді және әкемнің есімін жаздыру менің пайғамбарлығымды жоймайды ғой. Ей, Әли! Оны өшіріп таста да, „Мұхаммед бин Абдуллаһ“ деп жаз».

Құрметті сахабалардың ешқайсысының көңілі «Аллаһтың Расулы» деген сөздердің өшірілуіне разы болмады. Бір сәтке бәрін ұмытып, олар: «Ей, Әли! „Аллаһтың Расулы Мұхаммед“ деп жаз, әйтпесе біз бен мына мүшріктердің арасындағы істі тек қылыш қана шешеді!..» – десті. Пайғамбарымыз сахабаларының бұл жігеріне қуанды, бірақ мүбәрәк қолдарымен оларға үндемеуді ишарат етті. Хазреті Әлиге оны өшіруді бұйырғанда, ол: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Сіздің бұл мүбәрәк сипатыңызды өшіруге қолым бармайды!..» – деп кешірім сұрады. Сүйікті Пайғамбарымыз оған сол жерді көрсетуді айтты. Көрсеткенде, ол жазуды оның қолынан алып, бұл сөздерді өзінің мүбәрәк саусағымен өшірді де, «Абдуллаһтың ұлы» деп жаздырды. Сосын баптарды жаза бастады: 1) Келісім он жыл күшінде болады; бұл мерзім ішінде екі жақ бір-бірімен соғыспайды.

«Ағаштың астында шын көңілмен ант бергендердің ешқайсысы тозаққа кірмейді» Хадис шәриф

  1. Мұсылмандар биыл Қағбаны зиярат етпейді, бірақ бір жылдан кейін зиярат ете алады. 3) Қағбаны зиярат етуге келген мұсылмандар үш күн болады және жандарында жолаушы қаруынан басқа қару алып жүрмейді. 4) Мұсылмандар Қағбаны тауап еткенде, Мекке мүшріктері Қағбадан шетке шығып, мұсылмандарға еркін тауап жасауға мүмкіндік береді.

  1. Құрайыштықтардан мұсылман болған біреу өз уәлиінің рұқсатынсыз Мәдинаға кетсе, ол кері қайтарылады; ал мұсылмандардың бірі Құрайыш жағына өтіп, Меккеге кетсе, кері қайтарылмайды. Бұл бап туралы хазреті Омар: «Йа, Расулаллаһ! Бұл шартты да қабыл етесіз бе?» – деп сұрағанда, сүйікті Пайғамбарымыз жымиып: «Иә. Бізден оларға кететіндерді Аллаһу та’ала бізден алыс етсін!» – деді.

  2. Сахабалардың біреуі қажылық немесе умра жасау ниетімен Меккеге келсе, оның жаны мен малы қауіпсіз болады.

  3. Мүшріктердің біреуі Шамға, Мысырға немесе басқа жерге бара жатып Мәдинаға соқса, оның да жаны мен малы қауіпсіз болады.

  4. Басқа араб тайпалары қалаған жақтың қамқорлығына кіре алады, мұсылмандармен де, мүшріктермен де бірігуге ерікті болады.5

Келісімге қол қою кезегі келді. Сол кезде аяғындағы шынжырларын сүйретіп, ислам әскеріне қарай бір адамның келе жатқаны көрінді. Ол жақындап-жақындап келіп: «Құтқарыңдар мені!..» – деп айқайлады. Бұл дауысты естігенде, Құрайыш елшілерінің басшысы дереу орнынан атып тұрды. Қолына тікенді ағаш бұтағын алып, оның басы мен бетінен ұра бастады. Ол бар күшін жинап, өзін Расулуллаһтың мүбәрәк тізесінің түбіне тастады да: «Құтқара гөр мені, йа, Расулаллаһ!» – деп жалбарынды. Бұл Меккеде мұсылман болу мәртебесіне жеткені үшін әкесі шынжырмен байлап қойған бір мұсылман еді. Оны күн сайын қатты азаптап, пұттарға табынуға мәжбүрлейтін. Мүшріктердің Худәйбийаға кеткенін пайдаланып, ол шынжырларын үзіп, ешкімге көрінбестен Меккеден шығып, мұсылмандарға қарай асыққан еді. Хидаятқа жеткен бұл мүбәрәк адам мүшрік елшілерінің басшысы Сухәйлдің ұлы хазреті Әбу Жәндәл еді. Сухәйл ұлы Әбу Жәндәлді көрсетіп, Пайғамбарымызға: «Жаңа ғана жазған келісіміміз бойынша сен маған қайтаруға тиіс бірінші адам – міне, осы!» – деді.

Пайғамбарымыз да, сахабалар да қатты күйзелді. Әркім Расулуллаһтың қандай жауап беретінін асыға күтті. Бір жақта – бітім келісімі, екінші жақта – азап астында қалған бір сахаба… Әлемдердің мырзасы Сухәйлге: «Біз бұл бітім келісіміне әлі қол қойған жоқпыз!» – деді. Сухәйл қасарысты: «Ей, Мұхаммед! Келісімнің баптарын біз ұлым мұнда келмей тұрып-ақ жазып бітірген едік. Егер ұлымды қайтармасаң, мен ешқашан бұл бітім келісіміне қол қоймаймын!» Пайғамбарымыз: «Оны менің құрметім үшін келісімнен тыс қалдыр», – десе де, мүшріктер мұны қабыл етпеді. Сухәйл бин Амр ұлын сүйреп әкетіп бара жатқанда, Әбу Жәндәл зарлап айқайлап жатты: «Йа, Расулаллаһ! Ей, мұсылман бауырларым!.. Мұсылман болу мәртебесіне жетіп, сендерді паналап келсем де, мені мүшріктерге тапсырасыңдар ма? Маған күн сайын шыдап болмайтын азаптар көрсетілуін лайық көресіңдер ме? Йа, Расулаллаһ! Дінімнен айнытсын деп мені қайтарып жатырсыздар ма?!..»

Жүректі езген бұл жалбарынуға шыдау өте қиын еді. Көңілдері жараланған сахабалар жылай бастады. Мейірім теңізі сүйікті Пайғамбарымыздың да мүбәрәк көздеріне жас толды. Ол Сухәйлдің қасына барып: «Қойшы! Оны маған сыйла!» – деп өтінді. Бірақ Сухәйл: «Мүмкін емес, бермеймін!» – деп жауап берді. Осыдан кейін сүйікті Пайғамбарымыз Әбу Жәндәлді жұбатып: «Ей, Әбу Жәндәл! Тағы біраз сабыр ет! Саған көрсетілгендерге шыда! Бұлардың сауабын Аллаһу та’аладан тіле. Аллаһу та’ала саған және сен сияқты әлсіз, қамқоршысыз мұсылмандарға міндетті түрде бір кеңшілік, бір шығар жол нәсіп етеді», – деді де: «Берген сөзімізде тұрмау бізге жараспайды», – деп қосты. Әбу Жәндәл: «Жарайды, йа, Расулаллаһ», – деп, сабыр ететінін білдірді.

Жүректі езген бұл жағдайға тіпті елшілер тобындағы мүшріктер де шыдай алмай: «Ей, Мұхаммед! Сенің құрметің үшін біз Әбу Жәндәлді өз қамқорлығымызға аламыз. Сухәйлге оны азаптауға жол бермейміз!» – десті.

Осыдан кейін Расулуллаһ пен құрметті сахабалардың көңілі біраз орнықты. (Сухәйл бин Амр Мекке алынғаннан кейін мұсылман болып, құрметті сахабалардың қатарына қосылды.) Бітім келісімі екі нұсқада жазылып, оған екі жақ та қол қойды. Мүшріктер өз әскери тұрақтарына қайтты.6 Мұсылмандарға пайдасыз сияқты көрінген бұл баптар үшін Құрайыш елшілері қатты қуанышты еді. Алайда, керісінше, бұл бітім келісімі мүминдер үшін үлкен жеңіс еді, ал бұл баптар мұсылмандардың пайдасына еді. Біріншіден, мүшріктер мұсылмандардың мемлекет екенін мойындады. Меккеден бір мүшрік сауда немесе басқа бір іспен Шамға, Мысырға бара жатып Мәдинаға соқса, оның жаны мен малы қауіпсіз болатын еді. Осылайша мүшріктер мұсылмандардың өмір сүруін жақыннан көріп, исламның әділдігіне, сахабалардың бір-біріне деген көркем мәмілесіне тәнті болып, исламды сүйетін еді. Ақырында олар мұсылман болып, сахабалардың сапына қосылатын еді. Он жылға созылуға тиіс бұл келісіммен мұсылмандар көбейіп, нығаятын еді. Ислам жан-жаққа таралатын еді. Алайда «Құрайыштықтардан біреу мұсылман болып, Мәдинаны паналағысы келсе, кері қайтарылады» деген бап Пайғамбарымызды қатты алаңдатты, сонда ол: «Аллаһу та’ала олар үшін, әрине, бір кеңшілік, бір шығар жол жаратады», – деді. Енді мүшріктермен істейтін іс қалмаған еді. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) құрметті сахабаларға: «Тұрыңдар! Құрбандықтарыңды шалыңдар. Шаштарыңды алдырғаннан кейін ихрамнан шығыңдар», – деді. Пайғамбарымыз бәрінен бұрын өзінің құрбандығын шалды. Сосын оның шаштаразы хазреті Хираш бин Умәййә оның шашын алды. Құрметті сахабалар ол мүбәрәк шаштарды жерге түсірмей, ауада қағып алып, береке үшін сақтап қойды. Сахабалар да құрбандықтарын шалды; олардың бір бөлігі шаштарын алдырды, бір бөлігі қысқартты.7

«Ей, Әбу Жәндәл! Тағы біраз сабыр ет! Саған көрсетілгендерге шыда! Бұлардың сауабын Аллаһу та’аладан тіле. Аллаһу та’ала саған және сен сияқты әлсіз, қамқоршысыз мұсылмандарға міндетті түрде бір кеңшілік, бір шығар жол нәсіп етеді» Хадис шәриф

Худәйбийада олар жиырма күндей болды. Пайғамбарымыз жолдастарымен бірге Мәдинаға қайтуға аттанды. Жолда Аллаһу та’ала Пайғамбарымызға Фатх сүресін уахи етіп түсірді және Өз ниғметін әрі көмегін толық ететіні туралы сүйінші хабар берді. Ғаламның Сұлтаны (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жеңімпаз болып нұрлы Мәдинаға оралған күндерде Құрайыштың Сақиф тайпасынан Әбу Басир мұсылман болу мәртебесіне жетті. Мүшріктердің арасында өмір сүре алмайтынын түсінген Әбу Басир Мәдинаға жаяу келді. Бірақ Худәйбийа келісімі талап еткендей, ол Мәдинадан кетіп, Қызыл теңіз жағалауындағы Ис деген жерге қоныстанды.8

Бұл жер Құрайыш мүшріктері Шамға баратын сауда жолының үстінде еді. Осыдан кейін Құрайыштан мұсылман болғандар Меккені тастап, Мәдинаға емес, Иске, Әбу Басирдің қасына бара бастады. Олардың біріншісі хазреті Әбу Жәндәл еді. Содан кейін бұл тоқтамады. Олар елу, жүз, екі жүз, үш жүз адам болды. Шамға бара жатқанда Құрайыш керуені осы жерден өтуге мәжбүр еді. Хазреті Әбу Басир мен оның қасындағы мұсылмандар осы жерден өткен мүшріктерді ұстап, оларға мұсылман болуды ұсынатын. Мұсылман болмағандармен соғысып, оларды қиын жағдайға қалдыратын. Шам сауда жолдарының кесілгенін көрген Мекке мүшріктері Мәдинаға елшілер тобын жіберді. Олар Худәйбийа бітім келісімінің: «Құрайыштықтардан мұсылман болған біреу өз уәлиінің рұқсатынсыз Мәдинаға кетсе, ол кері қайтарылады!..» – деген бабын алып тастауды жалбарына өтінді. Пайғамбарымыз мейірім танытып, олардың бұл өтінішін қабыл етті. Осылайша құрайыштықтар үшін Шамға апаратын сауда жолы қайта ашылды. Ал мұсылмандар сабырларының сыйы ретінде Мәдинаға, Пайғамбарымыздың қасына келді.

ЕЙ, СҰЛУЛАРДЫҢ СҰЛУЫ!

Ей, сұлулардың сұлуы, мені ғашықтығыңмен өртедің!
Көзім ештеңе көрмейді, ақылым әр сәт сенің қиялыңда!
Сен – «Қаба қаусайн» шаһысың, мен болсам – азғын бір құл,
Саған қонақ болуды бұл абдыраған қалай айтсын?
Аяп бір қарағаныңда, өлі жүректерді тірілттің,
Шексіз мейіріміңе сиынып, есігіңді қақтым!
Сен – жақсылық бұлағысың, шипалардың теңізісің!
Маған бір тамшы лұтфыңды бер: дертіме дауа таппадым!
Әркім Меккеге келеді – Қағбаға, Сафа мен Мәруаға,
Ал мен сен үшін таулар мен төбелерден астым!
Кеше түсімде көрдім: басым көкке тиді,
Есігіңдегі қызметшілер желкемнен басты деп ойладым!
Ей, хазреті Жами, сүйіктімнің бұлбұлы!
Өлеңдеріңнің ішінен мына бәйітті таңдап алдым:
«Тілі салбырап түскен қотыр иттер сияқты,
Бір тамшы үміт етіп, ихсан теңізіңе келдім».
Мәулана Халид Бағдади (қуддиса сирруһ)

«Біз саған әлбетте анық бір жеңіс нәсіп еттік» Фатх: 1

Расулуллаһтың шақыру хаттары

Күн нұрын шашпас еді әлемге,
ол асыл жан келмесе,
жарық бермес еді ғаламға,
мүбәрәк туған сәт келмесе.
Мөлдірлікпен, қуанышпен
гүл жүзі иленбес еді,
жүректерге шағылған нұрмен
тән болып бейнеленбесе.
Eyyübî