Сүйікті Пайғамбарым

Жаңбыр дұғасы

Хижреттің алтыншы жылында қатты құрғақшылық болды, көктен бір тамшы да түспеді. Сондықтан жерде шөп шықпады, адамдар да, малдар да аштық азабына ұшырады. Мүбәрәк Рамазан айының бір жұма күні адамдар сүйікті Пайғамбарымызға өз тілектерін білдірді: «Йа, Расулаллаһ! Дұға етсеңіз екен, Аллаһу та’ала бізге жаңбыр берсе екен!..» Пайғамбарымыз сахабаларымен бірге далаға шығып, азан мен қамат айтпастан екі рәкат намаз оқыды. Пайғамбарымыз мүбәрәк ридасын (үстіңгі киімін) теріс аударып, тәкбір айтты. Сосын мүбәрәк қолдарын жеңдерінің арасынан мүбәрәк қолтығының асты көрінгенше көтеріп: «Аллаһым! Бізге жаңбыр бер!..» – деп дұға ете бастады. Құрметті сахабалар: «Әмин! Әмин!» – деп тұрды. Сол сәтте аспан өте ашық еді, бірде-бір бұлт жоқ болатын. Расул-и әкрам дұға етіп тұрғанда, жел соға бастап, аспанды бұлт басты. Сосын жаңбыр сіркіреп жауа бастады. Осыдан кейін Әлемдердің мырзасы: «Аллаһым! Бұл жаңбырды шелектеп құйғандай жаудыр және оны біз үшін қайырлы ет!» – деп дұға етті. Сол сәтте жаңбыр шелектеп құйғандай жауа бастады. Пайғамбарымыз бен құрметті сахабалардың киімдерінде құрғақ жер қалмады. Үйге жеткенше су бүкіл айналаны көлге айналдырды. Әркім суды кешіп жүрді. Жаңбыр тоқтамады. Сол күні де, келесі күні де, одан кейін де… Келесі жұма намазы уақытында құрметті сахабалар: «Йа, Расулаллаһ! Жаңбыр суынан үйлеріміз құлап, малдарымыз суға батып жатыр. Аллаһу та’алаға дұға етсеңіз екен, жаңбыр тоқтаса екен!..» – десті. Сүйікті Пайғамбарымыз жымиып, мүбәрәк қолдарын көтеріп, былай деп дұға етті:

«Йа, Раббым! Бұл жаңбырды егістіктерге, ағаш өсетін жерлерге және аңғарларға жібер!» Сол сәтте бір апта бойы жауған жаңбыр тоқтап, дұға етілген жерлерге жаңбыр жауа бастады.

Әлемдер нұрға бөленді
Мұхаммед туған түні,
Мүмин, мұнафық айырылды
Мұхаммед туған түні.
Көктен жерге нұр төгілді,
Жетілер, қырықтар келді,
Раһибтің тілі байланды
Мұхаммед туған түні.

«Бүгін салт аттыларымыздың ең қайырлысы – Әбу Қатадә, жаяуларымыздың ең қайырлысы – Сәләмә бин Әкуағ» Хадис шәриф