Сүйікті Пайғамбарым

БӘНИ ҚҰРАЙЗА ЖОРЫҒЫ

Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Хандек соғысынан кейін Мәдина-и Мунаууараға оралғанда, хазреті Айша анамыздың үйіне келді. Қаруы мен сауытын шешті. Мүбәрәк денесін шаң басқан еді. Ол жуынды. Сол сәтте хазреті Дыхиенің кейпінде, үстінде сауыты мен қаруы бар бір салт атты келді. Бұл Жәбрейіл алейһиссалам еді. Пайғамбарымыз оның қасына барғанда, ол: «Йа, Аллаһу та’аланың Расулы! Хақ та’ала саған дереу Құрайза ұлдарына қарсы аттануды бұйырады!» – деп, бұйрықты жеткізді. Ғаламның Сұлтаны хазреті Біләлді шақыртып, құрметті сахабаларға жариялау үшін мынадай бұйрық берді: «Ей, сахабаларым! Тұрыңдар, аттарыңа, түйелеріңе мініңдер! Бағынатындар екінті намазын Құрайза ұлдарының жұртында оқысын!»

Хабиб-и әкрам дереу сауытын киіп, қылышын байлады. Мүбәрәк басына темір дулығасын киіп, қалқанын арқасына асты, найзасын қолына алды. Сосын атына мінді. Сахабаларының арасына келіп, хазреті Әлиге ислам туын берді де, оны алдыңғы жасақ етіп Мәдинаның дәл оңтүстік-шығысындағы жазықта орналасқан Құрайза яһудилерінің бекінісіне жіберді. Мәдинада Абдуллаһ ибн Үммү Мәктумды орынбасар етіп қалдырды.1

Даңқты сахабалар сүйікті Пайғамбарымызды ортаға алып, «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деген тәкбірлердің арасында Мәдинадан шықты. Жолда олар Ғанм ұлдарына кездесті. Олар қаруланып, Расулуллаһты күтіп тұр еді. Пайғамбарымыз олардан: «Сендерге біреу кездесті ме?» – деп сұрады. Олар: «Йа, Расулаллаһ! Бізге Дыхие Кәлби кездесті. Ол ер-тұрманды ақ қашырға мініп алған еді. Ол қашырдың үстінде атластан жасалған бір барқыт жабу бар еді», – десті. Сүйікті Пайғамбарымыз оларға былай деді:

«Бұл – Жәбрейіл. Ол Бәни Құрайзаның бекіністерін сілкіндіріп, жүректеріне қорқыныш салсын деп, оларға жіберілді…» Құрайза яһудилерінің бекінісіне жеткенше ислам әскерінің саны үш мыңға жетті. Хазреті Әли ислам туын Құрайза яһудилерінің бекінісінің алдына қадады. Мұны көрген яһудилер Пайғамбарымыз туралы жаман сөздер айта бастады. Хазреті Әли барып, жағдайды Пайғамбарымызға айтып берді. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үш мың әскермен сол жерге келгенде, мейірімі арқасында яһудилерді исламға шақырды. Яһудилер бұл көркем ұсынысты қабыл етпеді. Сүйікті Пайғамбарымыздың: «Олай болса, Аллаһу та’аланың және Оның Расулының бұйрығына мойынсұнып, бекіністен түсіп, беріліңдер», – деген ұсынысын да қабылдамады.

Осыдан кейін Әлемдердің мырзасы садақшылардың ұстазы хазреті Са’д бин Әби Уаққасқа: «Ей, Са’д! Алға шығып, оларды оққа ал!» – деді. Хазреті Са’д пен басқа садақшылар тәкбір дауыстарының арасында қорамсақтарындағы оқтарды яһуди бекінісіне ата бастады. Яһудилер оқ пен тас атып жауап берді, осылайша шайқас басталды. Мұсылмандар қиын жағдайда қалғанда, оларға арттан соққы берген және қызғаныштан Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбарлығын мойындамаған бұл яһуди тобының бекініс қақпасын ашып, майданға шығатын батылы жоқ еді.

«Ей, сахабаларым! Тұрыңдар, аттарыңа, түйелеріңе мініңдер! Бағынатындар екінті намазын Құрайза ұлдарының жұртында оқысын!» Хадис шәриф

Соғыс қоршау түрінде жалғасты. Ислам әскерінің ішіндегі мұнафықтар да бекініске жасырын хабар жіберіп: «Әсте берілмеңдер! Мәдинадан кетулеріңді талап етсе де, келіспеңдер! Егер соғысты жалғастырсаңдар, біз сендерге бар күшімізбен көмектесеміз, ештеңемізді сендерден аямаймыз. Егер сендерді Мәдинадан қуып шығарса, біз де сендермен бірге шығып кетеміз!..» – дейтін. Бұл хабарды алған соң, мұнафықтардан көмек күткен яһудилер қорғануды жаңа бір табандылықпен және жаңа үмітпен жалғастырды. Қоршау ұзаққа созылды, бір айға жуық уақыт өтсе де, мұнафықтардан ешқандай көмек келмеді. Яһудилердің жүректеріне қорқыныш түсіп, олар келісім жасасқылары келетінін білдірді.

Келісім жасау үшін Нәббаш бин Қайс деген бір яһуди Расулуллаһқа келіп: «Ей, Мұхаммед! Нәдир ұлдарына көрсеткен мейіріміңді бізге де көрсет. Малымыз да, қаруымыз да сенікі болсын! Тек қанымызды төкпе. Бала-шағамызбен бірге жерімізден шығып кетуімізге рұқсат ет. Қарудан басқа әр отбасына бір түйе жүк алып кетуге де рұқсат бер!..» – деді. Әлемдердің мырзасы: «Жоқ! Бұл ұсынысты қабыл ете алмаймын!» – деп жауап берді. Бұл жолы Нәббаш: «Мал алып кетуден бас тарттық. Қанымызды төкпе! Әйелдеріміз бен балаларымызды алып кетуге рұқсат бер!» – деді. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Жоқ! Ешқандай шартсыз менің үкіміме мойынсұнудан, бағынып берілуден басқа амалдарың жоқ!» – деді. Яһуди Нәббаш аянышты күйде бекініске қайтып, келіссөзді жеткізді. Бұл жолы Құрайза ұлдары қатты күйзеліс пен қайғыға батты.2 Олардың басшыларынан Ка’б бин Әсад инсапқа келіп, қауымына былай деп мойындап, ұсыныс жасады: «Ей, қауымым! Көріп тұрғандарыңдай, басымызға үлкен бәле төнді. Бұл жағдайда менің сендерге үш кеңесім бар. Солардың қалағандарыңды таңдап, соған қарай әрекет ете аласыңдар! Біріншісі: мына кісіге ілесіп, оның пайғамбарлығын мойындайық! Аллаһпен ант етемін, оның Аллаһ жіберген, сипаттарын өз кітаптарымызда көрген пайғамбар екенін бәріміз де білеміз. Егер біз оған иман келтірсек, қанымыз, балаларымыз, әйелдеріміз және малымыз аман қалады. Біздің оған ілеспеуіміздің жалғыз себебі – арабтарды қызғануымыз және оның Исраил ұлдарынан болмауы. Бірақ бұл – Аллаһтың білетін ісі. Келіңдер, оған ілесейік!..» Яһудилер бәрі бірден қарсы шығып: «Жоқ! Біз мұны қабыл етпейміз және өзімізден басқа ешкімге ілеспейміз!» – десті.

Бұл жолы Ка’б екінші ұсынысын айтты: «Келіңдер, бәріміз балаларымызды және әйелдерімізді өлтірейік те, артымызда қамын ойлайтын ешкім қалмаған соң, мұсылмандарға қарсы шығып, өлгенше соғысайық!..» Яһудилер мұны да қабылдамады.

Үшінші ұсынысында Ка’б былай деді: «Бұл түн – сенбі түні. Мұсылмандар біздің бұл түні соғыспайтынымызды білгендіктен, алаңсыз әрі бейқам болуы мүмкін. Келіңдер, қылыштарымызды қынабынан суырып, қақпадан бәріміз бірге шығайық. Осындай кенет шабуылмен бәлкім жеңерміз!..»

Яһудилер: «Біз сенбі күнгі жұмыс тыйымын бұза алмаймыз!» – деп, бұл ұсынысты да қабылдамады. Олардың арасынан тек Әсид пен Са’ләба деген ағайындылар және олардың көкесінің ұлы Әсад қана бірінші ұсынысты қабылдап, мұсылман болу мәртебесіне жетті. Олар бекіністен шығып, құрметті сахабалардың арасына қосылды.3 Яһудилер өзара ұзақ таласты. Ақыры олар берілу туын көтеріп, Пайғамбарымыздан өздері туралы үкім шығару үшін бір адамды төреші етіп тағайындауын сұрады. Расулуллаһ: «Сахабаларымның ішінен қалаған адамдарыңды төреші етіп сайлаңдар», – деді. Олар: «Біз Са’д бин Муаздың шығаратын үкіміне разымыз», – десті. Пайғамбарымыз мұны қабыл етіп, хазреті Са’д бин Муазды алып келуді бұйырды.

Са’д бин Муаз Хандек соғысында ауыр жараланған еді. Расулуллаһ оны Мәсжид-и Нәбәуиде бір шатырдың ішінде емдетіп жатқан еді. Төреші болып сайланған соң, хазреті Са’дты зембілмен Құрайза бекінісіне алып барды. Жолда хазреті Са’д өз-өзіне: «Аллаһпен ант етемін, Аллаһу та’аланың жолында ешбір кінәлаушының кінәсіне құлақ аспаймын!» – деп келе жатты. Расулуллаһтың алдында оны зембілден түсірді. Пайғамбарымыз былай деді: «Ей, Са’д! Мыналар сенің үкіміңе сай берілуге келісті. Ал енді олар туралы үкіміңді маған білдір». Ал Са’д бин Муаз: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Әлбетте, үкім шығаруға Аллаһу та’ала мен Оның Расулы лайықтырақ», – деді. Расулуллаһ: «Олар туралы үкім шығаруды Аллаһу та’ала саған бұйырды», – деді. Хазреті Са’д яһудилерден өз үкіміне разы болатындары туралы берік сөз алды. Екі жақ та шығарылатын үкімді асыға күте бастады. Осыдан кейін хазреті Са’д өзінің артықшылығын көрсететін, сүйекті сырқыратар, өз мәртебесіне лайық мына ұлы үкімді жариялады:

«Менің үкімім мынау: ақыл-есі бүтін әрі балиғ болған барлық ер адамдардың басы шабылсын! Олардың әйелдері мен балалары тұтқынға алынсын, ал мал-мүлкі мұсылмандар арасында бөлінсін!..»

Бұл кесімді үкімді естігенде, яһудилер сілейіп қалды. Өйткені өз кітаптарында да мұндай азғындық жасағандарға берілетін жаза дәл осындай еді. Онда былай деп жазылған еді: «Соғысу үшін бір қалаға барсаң, оларды бітімге шақыр. Мұны қабыл етіп, қақпаларын ашса, ондағылардың бәрі саған алым (хараж) төлеп, қызмет етсін. Егер соғысуға шешім қабылдаса, оларды қоршауға ал. Аллаһу та’аланың ихсанымен оларды жеңген кезде, ер адамдарының бәрін қылыштан өткіз. Әйелдерін, балаларын және мал-мүлкін олжа етіп ал!..»

Са’д бин Муаз шығарған үкім илаһи үкімге сай келгендіктен, Әлемдердің мырзасы, сүйікті Пайғамбарымыз оны құттықтап: «Сен олар туралы Аллаһу та’аланың жеті қат көктің үстінде, Ләуһул-махфуздағы үкіміне сай үкім шығардың!» – деп, оны мақұлдағанын білдірді.

Яһудилер өз кітаптарында көрсетілген бұл үкімге қарсы ештеңе айта алмады. Ақыл-есі бүтін әрі балиғ болған барлық ер адамдардың қолдарын мойындарына байлап, Мәдинаға алып барды. Келесі күні Расулуллаһтың бұйрығымен хазреті Әли мен хазреті Зубәйр үкімді орындады. Балалар, әйелдер және мал-мүлік құрметті сахабалардың арасында бөлінді.4 Осылайша, мұсылмандардың ең қысылтаяң кездерінде арттан соққы берген, барлық келісімдерді бұзған, Пайғамбарымызды бала кезінен бері жоқ етуге тырысқан бұл айлакер, опасыз әрі бүлікшіл қауымнан Мәдина мен оның маңы тазартылды. Тұтқындардың арасынан бір әйел мұсылман болу бақытына жетті. Райхана есімді бұл әйел Пайғамбарымыздың үлесіне тиген еді. Расулуллаһ оған қаласа өз дінінде қалуға, қаласа мұсылман болуға ерік берді. Райхана өз дінінде қалғысы келетінін айтты. Оны Үммү Мунзирдің үйіне жіберді. Кейін Са’ләба бин Сағяның кеңесі мен талпынысының арқасында оның көңілі исламға жылыды. Осыдан кейін Пайғамбарымыз Райханаға: «Сен Аллаһу та’аланың және Оның Расулының жолын ұстанғың келе ме? Мен мұны жөн деп санаймын», – деді. Райхана: «Иә», – деді. Оның бұл қадамына қатты қуанған сүйікті Пайғамбарымыз оның да қуануы және жәннаттағы дәрежесінің өте жоғары болуы үшін мейірім танытып, оны азат етті де, әйелдікке алды. Мәһрін беріп, оны некесіне алды. Олардың тойы да Үммү Мунзирдің үйінде өтті. Осылайша Райхана (радиаллаһу анһа) барлық мұсылмандардың анасы болу мәртебесіне жетті.5

«Жоқ! Ешқандай шартсыз менің үкіміме мойынсұнудан, бағынып берілуден басқа амалдарың жоқ!» Хадис шәриф

Са’д бин Муаздың шәһид болуы

Са’д бин Муаз Бәни Құрайза яһудилері туралы үкім шығарған соң, оны қайтадан шатырына алып келді. Оның жарасы ауырлап, халі нашарлады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оның қасына келіп, оны құшақтады да, былай деп дұға етті: «Аллаһым! Са’д Сенің ризалығың үшін Сенің жолыңда жиһад етті. Сенің Расулыңды да растады. Оған жеңілдік бер…» Сүйікті Пайғамбарымыздың бұл мүбәрәк сөздерін естігенде, хазреті Са’д бин Муаз көзін ашып: «Йа, Расулаллаһ! Сізге сәлемім мен құрметімді жеткіземін. Сіздің Аллаһу та’аланың пайғамбары екеніңізге куәлік етемін», – деп сыбырлады. Осыдан кейін Са’д бин Муаздың жақындары оны жатқан шатырынан Абдуләшхәл ұлдарының үйіне алып кетті. Сол түні оның халі қатты ауырлады. Пайғамбарымызға Жәбрейіл алейһиссалам келіп: «Йа, Расулаллаһ! Бүгін түнде сенің үмметіңнен қайтыс болған және қазасы періштелер арасында сүйінші хабар болып таралған кім?» – деді. Осыдан кейін Ғаламның Сұлтаны дереу Са’д бин Муаздың халін сұрады. Оны үйіне алып кеткенін айтты. Пайғамбарымыз кейбір құрметті сахабаларымен бірге Са’д бин Муаздың қасына қарай жүрді. Жолда өте жылдам жүргендіктен, құрметті сахабалар: «Шаршадық, йа, Расулаллаһ!» – десті. Пайғамбарымыз неге асығып бара жатқандарын түсіндіріп, былай деді: «Періштелер Ханзаланың жаназасында бізден бұрын болғандай, Са’дтың жаназасында да бізден бұрын болады. Біз олардан бұрын жете алмаймыз».

Са’д бин Муаздың қасына келгенде, Пайғамбарымыз оны қайтыс болған күйінде тапты. Ол оның бас жағына тұрды да, Са’д бин Муазға күниесімен үндеп, былай деді: «Ей, Әбу Амр! Сен басшылардың ең жақсысы едің. Аллаһу та’ала саған бақыт, береке және ең қайырлы сый берсін! Сен Аллаһу та’алаға берген сөзіңді орындадың. Аллаһу та’ала да саған уәде еткенін береді!» Сол кезде Са’д бин Муаздың анасы жылап, мына бәйітті оқыды:6

Қалай шыдасын, қайран бейшара анасы!
Сабыр керек; басыма түскенге жылаймын!

Әсләм бин Харис былай деп баяндаған: «Расулуллаһ Са’д бин Муаздың үйіне келді. Біз есіктің алдында күтіп тұрдық. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ішке кірді; ол аттамын өте кең басып жүріп келе жатты. Біз де оның соңынан жүрдік. Расулуллаһ тоқтауымызды ишаратпен білдіргенде, біз тоқтап, кері бұрылдық. Ішінде Са’дтың мәйітінен басқа ешкім жоқ еді. Расулуллаһ іште біраз тұрғаннан кейін сыртқа шықты. Мен қызығып: „Йа, Расулаллаһ! Аттамыңызды кең басып жүруіңіздің хикметі неде?“ – деп сұрадым. Сонда ол былай деді: „Мен мұндай лық толы мәжілісте болған емеспін. (Періштелер толып кеткен еді.) Періштелердің бірі мені қанатының үстіне алды, сонда ғана отыра алдым“. Сосын ол Са’д бин Муазға күниесімен үндеп: „Саған амандық болсын, ей, Әбу Амр! Саған амандық болсын, ей, Әбу Амр! Саған амандық болсын, ей, Әбу Амр!“ – деді».

Оның қайтыс болуы Расулуллаһты және құрметті сахабаларды қатты қайғыртты, олар көз жасын төгіп жылады. Оның жаназасына барлық құрметті сахабалар жиналды. Сүйікті Пайғамбарымыз жаназа намазына имам болып, оның табытын көтерісті. Са’д бин Муаздың табытын көтеріп келе жатқанда, құрметті сахабалар: «Йа, Расулаллаһ! Біз мұндай жеңіл көтерілетін табытты көрген емеспіз!» – десті. Сонда Пайғамбарымыз: «Періштелер түсті, оны солар көтеріп келеді», – деді. Табыт апарылып бара жатқанда мұнафықтар да Са’дты кемсіту үшін: «Қандай жеңіл!» – дегенде, сүйікті Пайғамбарымыз былай деді: «Са’дтың жаназасына жетпіс мың періште түсті. Бұған дейін олар жерге мұншалықты көп болып түскен емес еді».

Әбу Саид Худри атасының былай дегенін жеткізген: «Са’д бин Муаздың қабірін қазғандардың бірі мен едім. Оған қабір қаза бастағанымызда, қабірден айналаға жұпар иісі тарады!» Шурахбил бин Хасана былай деген: «Са’д бин Муазды жерлегенде, біреу оның қабірінен бір уыс топырақ алған еді. Кейін оны үйіне апарғанда, ол топырақ жұпарға айналды. Мәйіті қабірге түсірілгенде, Пайғамбарымыз қабірдің басында отырды, мүбәрәк көздеріне жас толды, мүбәрәк сақалын қолымен ұстап, қатты қайғырды. Ол: „Са’д бин Муаздың өліміне байланысты Арш шайқалды“, – деді». Бірде Пайғамбарымызға өте қымбат бір киім сыйға тартылған еді. Құрметті сахабалар оның өте әдемі екенін айтқанда, ол: «Са’д бин Муаздың жәннаттағы орамалдары мұнан да әдемі», – деді.

Әбу Суфйанның кек алуға ұмтылуы

Хандек соғысынан қайтқаннан кейін бір күні Әбу Суфйан тайпасының ортасында отырып, оларға: «Мұхаммедтен кегімізді алатын бірде-бір адам жоқ па!» – деді. Бір бәдәуи бұл сөзді естіп, Әбу Суфйанның қасына келді. Ол: «Егер сен менің мұқтаждығымды өтесең, мен бұл істі атқарамын. Жолды да жақсы білемін. Өткір қанжарым да бар. Ешкімнен де қорықпаймын», – деді. Әбу Суфйан оның мұқтаждықтарын өтеп, тілектерін орындады. Бір түйе алып, оған тапсырды да, бұл істі құпия ұстауды тапсырды. Бәдәуи түнде Меккеден шығып, аз уақыттың ішінде Мәдинаға жетті. Пайғамбар алейһиссаламның Бәни Абдуләшхәл тайпасында екенін білді. Түйесін бір жерге байлап, сол жерге жаяу барды. Пайғамбар алейһиссалам сол тайпаның мешітінде насихат айтып отыр еді. Бәдәуиді алыстан көріп, ол былай деді: «Мына келе жатқан адамның көңілінде жаман ой бар. Бірақ Аллаһу та’аланың лұтфы мен ихсаны менің және оның арасында перде болады».

Бәдәуи Расулуллаһқа қарай жүрді. Сол кезде Усәйд бин Худайр оны ұстап, кейін тартты. «Расулуллаһтан аулақ бол, ей, лағнетті!» – деп, қолын оның белбеуіне созды да, беліне қыстырылған қанжарды көрді. Оның ниеті жаман екенін түсінді. Бәдәуи Усәйдтің аяғына жығылып: «Қаныма тиме!» – деп айқайлады. Усәйд оны Расулуллаһтың қасына алып келді. Пайғамбар алейһиссалам: «Ей, бәдәуи, шыныңды айт, сен кімсің? Саған шын сөзден басқа ештеңе пайда бермейді. Егер өтірік айтсаң, Аллаһу та’ала сенің ойыңды маған білдірді», – деді. Бәдәуи аман сұрап, жағдайды айтып берді. Расулуллаһ алейһиссаламның бұйрығымен оны қамап қойды.

Келесі күні ол бәдәуиді алдыртып, былай деді: «Мен саған аман бердім, қайда барғың келсе, сонда бар. Бірақ саған мұнан да қайырлы бір нәрсе ұсынайын». Бәдәуи: «Ол не?» – деп сұрады. Пайғамбар алейһиссалам: «Сенің Аллаһтың бірлігіне және менің пайғамбарлығыма куәлік етуіңді қалаймын», – деді. Бәдәуи дереу шаһадат кәлимасын айтып: «Йа, Расулаллаһ! Мен ешқашан ешкімнен қорықпайтын едім. Сізді көргенде, есімнен танып қалдым. Сіз менің көңілімдегіні білдіңіз. Мұны менен және Әбу Суфйаннан басқа ешкім білмейтін еді. Сіздің Аллаһтың Расулы екеніңізді және Оның қорғауында екеніңізді түсіндім; Әбу Суфйанның ойы – шайтани ой», – деді.

«Аллаһым! Са’д Сенің ризалығың үшін Сенің жолыңда жиһад етті. Сенің Расулыңды да растады. Оған жеңілдік бер» Хадис шәриф

Әбу Суфйаннан мұндай жамандық шыққан соң, Хажа-и кәинат (ғаламның ұстазы) (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Амр бин Умәййә мен Дамра бин Әсләмге Меккеге барып, сәті түссе, Әбу Суфйанды өлтіруді бұйырды. Бұл екі сахаба Харамға жетіп, тауап жасап жүргенде, оларды бір күң (жария) танып қойды. Ол: «Ей, меккеліктер, бейқам болмаңдар! Бұлар – Амр бин Умәййә мен Дамра бин Әсләм!» – деп айқайлады. Халық оларды таныған соң, екі сахаба екі жаққа бөлініп кетті. Амр Мекке тауларының біріндегі үңгірге кіріп жасырынды. Ал Ибн Әсләм Мәдинаға кетті. Бірнеше күннен кейін Амр үңгірден шықты. Оның алдынан Әбу Суфйанның екі тыңшысы шықты. Олардың бірін ол оқпен атып өлтірді, екіншісі қашып кетті. Сосын Амр аман-есен Мәдинаға жетті. Әбу Суфйан мұны білгенде, қатты қорқып қалды.

Хижреттің бесінші жылындағы кейбір маңызды оқиғалар

Расул-и әкрам Зұлқағда айында Зейнеп бинт Жахшқа үйленді.7 Осы жылы хижаб туралы аят кәрималар түсіп, мұсылман әйелдерге тәсәттүр (жабыну) бұйырылды.8 Мәдина-и Мунаууараның маңында тұратын Музәйнә тайпасы өкілдер жіберіп, мұсылман болды және мұхажирлердің қатарына саналды.9 Сондай-ақ осы жылы жер сілкінісі мен ай тұтылуы болды. Оның үстіне қажылық та осы жылы парыз етілді. Хандек соғысынан кейін айналадағы тайпалардың бір бөлігі ислам мемлекетінің күшін мойындады. Енді олар мұсылмандармен дос болып тұру, тіпті мұсылман болу ең дұрыс жол болады деп ойлай бастады. Кейбіреулері Пайғамбарымыздың алдына келіп, мұсылман болу мәртебесіне жетті.

Әлемдердің мырзасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ислам дінін тарату үшін сахабаларынан жасақтар құрып, айналадағы тайпаларды исламға шақыруға жіберді. Кейбір тайпаларға өзі барды. Думәтул-Жәндәл халқы сияқты тайпалар айтылған насихаттарды қабыл етіп, мұсылман болды. Ал ғатафандықтар, Лыхиян ұлдары сияқты тайпалар ислам әскерімен кездесуден қорқып қашты. Осылайша айналадағы тайпаларға ескерту жасалды.

Бәни Лыхиян жорығы

Мүшріктер Рәжи оқиғасында Асым бин Сабитті, Хубәйб бин Адиді және олардың жолдастарын (радиаллаһу анһум әжмаин) шәһид еткен еді. Пайғамбарымыз бұған қатты қайғырып, қасіретке батқан еді. Ол Бәни Лыхияннан бұл істері үшін жауап сұрауға қолайлы уақытты күтіп жүрді, өйткені олар опасыздық жасаған еді. Жағдай пісіп-жетілгенде, мұсылмандар екі жүз адамдық күшпен Бәни Лыхиянға қарсы аттанды. Пайғамбарымыз Мәдинада Абдуллаһ ибн Үммү Мәктумды орынбасар етіп қалдырды. Жауды адастыру үшін олар Шамға бара жатқандай кейіп танытып, әлгі мүминдер шәһид болған Рәжи суының басына келді. Сол жерде Асым мен оның жолдастары үшін Хақ та’аладан кешірім тіледі. Ислам әскерінің келгенін естіген Бәни Лыхиян халқы тауларға қашып кетті.

Пайғамбарымыз бен оның сахабалары ол жерде бір күн болды. Айналаға жауынгерлер жіберілді, бірақ қанша іздесе де, жауды табу мүмкін болмады. Алайда бұл қорқыныш оларға жеткілікті еді. Сосын құрметті сахабалар Усфанға жетті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хазреті Әбу Бәкірге (радиаллаһу анһу): «Он адамдық күшпен Ғанимге дейін айналаны барлап қайтыңдар», – деді. Кәпірлер ислам әскерінің дауысын естіп, жүректеріне қорқыныш түсті. Олар таулардың арасына жоғалып кетті. Мұсылмандар ешкімге кездеспеді. Бірақ бұл жорық айналадағы мүшріктер үшін мұсылмандардың үстемдігін растайтын бір құжат сияқты болды. Сосын олар Мәдинаға оралды. Бұл жорық он төрт күнге созылды.

Ғаба жорығы

Оны Зу-Қарад жорығы деп те атайды. Расулуллаһтың өрісте жайылып жүрген жиырма боталы інгені бар еді. Оларды Әбу Зәррдің (радиаллаһу анһу) ұлы жайылымда бағып жүретін. Фәзара тайпасынан Уяйна бин Хисн деген біреу сәрсенбі түні қырық салт аттымен келіп, Ибн Әби Зәррді шәһид етті. Түйелерді де айдап әкетті.

Бұл хабар Расулуллаһқа жеткенде, ол Мәдинада Абдуллаһ ибн Үммү Мәктумды орынбасар етіп қалдырды да, өзі бес жүз салт аттымен жолға шықты. Ол Миқдад бин Әсуадқа (радиаллаһу анһу) ту беріп, оны сахабалардың бір бөлігімен алдыңғы жасақ етіп алға жіберді. Кәпірлерге қарсы Сәләмә бин Әкуағты (радиаллаһу анһу) да жіберді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Зу-Қарад деген жерде әскери тұрағын құрды.

Алдыңғы жасақ жаудың артқы бөлігіне қуып жетті. Хазреті Әбу Қатадә кәпір Мәсғада Фәзариді өлтірді. Хазреті Укаша Иббан бин Амр деген бір кәпірді өлтірді. Мұсылмандардан бір адам шәһид болды. Хазреті Сәләмә бин Әкуағ кәпірлерді қуып кетті. Ол өте шебер оқ ататын. Лағнеттілердің көбін өлтіріп, көбін жаралады. Оларды көп заттарын тастап кетуге мәжбүр етті. Кәпірлердің қолынан он түйені тартып алды. Хазреті Әбу Қатадә әскери тұраққа келгенде, Расулуллаһ ол үшін былай деп дұға етті: «Аллаһым! Әбу Қатадәге денсаулық бер және оны өмірінің соңына дейін сау әрі қуатты етіп жасат!» Расулуллаһ Мәсғада Фәзаридің атын және қаруын хазреті Әбу Қатадәге берді. Әбу Қатадәден кейін хазреті Сәләмә бин Әкуағ та келді. Оның қасында мүшріктерден қалған екі ат та бар еді. Пайғамбарымыз оны қабыл алып, құттықтаған соң былай деді: «Бүгін салт аттыларымыздың ең қайырлысы – Әбу Қатадә, жаяуларымыздың ең қайырлысы – Сәләмә бин Әкуағ».

Бұл жорық үлкен тәкаппарлықпен Пайғамбардың малына қол сұққан мүшріктер үшін де, басқа тайпалар үшін де ұмытылмас сабақ болды. Зу-Қарадта бір түн мен бір күн болды. Сосын Мәдинаға оралды. Бұл жорық бес күнге созылды.

«Са’д бин Муаздың жәннаттағы орамалдары мұнан да әдемі» Хадис шәриф

Келуің – рақым да, ләззат та, сафа да, йа, Расулаллаһ,
Көрінуің – ғашықтар дертіне дауа, йа, Расулаллаһ.
Адам әлі су мен балшық арасында тұрғанда пайғамбар едің,
Сондықтан пайғамбарларға имам болуың – лайық, йа, Расулаллаһ.
Кемелдер тобының кемелдігі сенің нұрыңмен болған,
Болмысың – Хақтың толық көрінісі, йа, Расулаллаһ.
Сен арқылы Затқа да, түрлі ләззатқа да жетті олар,
Сенің ісің – мұқтаждарға сый, йа, Расулаллаһ.
Һүдайиге шапағат ет – жария да, жасырын да,
Ол – есігіңе бас ұрған бір қайыршы, йа, Расулаллаһ!
Aziz Mahmûd Hüdâyî