Сүйікті Пайғамбарым

КІШІ БӘДІР ЖОРЫҒЫ

Бұл жорықты «Бәдр-и Мәуғуд» және «Бәдр-и Суғра» деп те атайды. Әбу Суфйан Ухудтан қайтып бара жатып: «Келесі жылы Бәдірде тағы соғысайық», – дегенде, хазреті Фарук-и Ағзам Омар (радиаллаһу анһу) Хабиб-и әкрамның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ишаратымен: «Солай болсын», – деп жауап берген еді. Әбу Суфйан әскер жинап, құрайыштықтарды соғысқа үгіттейтін. Бірақ іштей мұны қаламайтын. Алайда «Сөзінде тұрмады» демесін деп, халықтың алдында жүретін. Сол кезде Меккеге Нуайм бин Мәсуд Әшжағи келген еді. Ол ислам әскерінің соғысқа дайын екенін айтып, олардың күш-қуаты мен айбынын баяндады. Әбу Суфйан оған: «Егер Мәдинаға барып, Мұхаммед пен оның сахабаларын соғысқа шығудан айнытсаң, саған үш жасар жиырма түйе беремін. Бұл уәдеме Сухәйл бин Амр кепіл болсын», – деді. Нуайм келісті. Ол Мәдинаға келіп, кәпірлер әскерінің өте көп екенін хабарлады. Сахабалардың бір бөлігі екіұдай күйде қалды. Алайда Әбу Бәкір мен Омар (радиаллаһу анһума) Пайғамбарымыздың алдына барып, Мәдинадан шығуды ұсынды. Расулуллаһ бұған қатты қуанды. Ол былай деді: «Жаным құдірет қолында болған Аллаһқа ант етемін, мен міндетті түрде соғысқа шығамын». Ол Абдуллаһ бин Рауаханы Мәдинада орынбасар етіп қалдырып, туды хазреті Әлиге берді.

Сол кезде меккелік мүшріктер исламның таралуына жол бермеу үшін Әбу Суфйанның қолбасшылығымен екі мың әскермен Бәдірге қарай аттанды. Әлемдердің мырзасы мың бес жүз батыр сахабасымен олардан бұрын Бәдірге жетті. Мүжаһидтердің өздерінен бұрын Бәдірге келгенін білген мүшріктердің жүрегіне қорқыныш ұялады. Олар тек Мәрруз-Захранға дейін ғана бара алды. Батыр ислам әскерімен бетпе-бет келуге батылдары жетпеді. Жүректеріне үрей кіріп, сол жылғы жұтты сылтау етіп, Меккеге кері қайтты. Мекке халқы оларды келемеждеп, мазақ етті.

Мұсылмандардың екі-ақ аты бар еді. Бірақ сауда тауарлары көп болатын. Бәдірде оларды өте қымбат бағаға сатты. Зұлқағда айының ортасы еді. Олар көп пайда тапты. Расул-и әкрам даңқты сахабаларымен мүшріктерді Бәдірде сегіз күн күтті. Сосын қуаныш пен абыроймен Мәдинаға қарай жолға шықты.

Затур-Риқа жорығы

Бұл жорық Мұхаррам айында болды. Мәдинаға қой сатуға келген бір кісі мұсылмандарға Бәни Әнмар мен Бәни Сәләмәнің оларға қарсы әскер жинап жатқанын хабарлады. Бұл хабар Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жетті. Хазреті Османды Мәдинада орынбасар етіп қалдырып, мұсылмандар төрт жүз, бір риуаятта жеті жүз адамдық жасақпен сол айдың оныншы күні, жексенбі түні Мәдинадан шықты. Олар мүшріктер тұрған жерге жетті. Бірақ ол жерде әйелдерден басқа ешкімді таппады. Мүшріктердің ер адамдары тауларға қашып кеткен еді. Мүшріктер тасада тұрып шабуыл жасамасын деп, ол жерлер олжаланып, айналадағы мүшрік тайпалары қорқытылып, тыныштандырылды.1 Он бес күн жорықта болғаннан кейін, олар Мәдинаға оралды.

«Жаным құдірет қолында болған Аллаһқа ант етемін, мен міндетті түрде соғысқа шығамын» Хадис шәриф

Мурайси соғысы

Думәтул-Жәндәл жорығы

Расулуллаһ Думәтул-Жәндәлде тұратын, Шамға барып-келетін жолаушыларды мазалаған және Мәдина-и Мунаууараға қауіп төндірген тайпаларға қарсы мың адамдық әскермен жорыққа шықты. Рабиул-әууәл айының соңына қарай, дүйсенбі күні еді. Ол Мәдинада Сибағ бин Уртуфаны орынбасар етіп қалдырды. Ислам әскерінің келе жатқанын естіген жау тайпалары қашып кетті. Ол жерде бірнеше күн болғаннан кейін, мұсылмандар Рабиул-ахыр айының жиырмасына қарай Мәдинаға оралды.2

Мурайси соғысы

Бұл соғысты Бәни Мусталық соғысы деп те атайды. Мурайси – Хузаа тайпасының Қудәйдтегі су құдықтарының және осы құдықты қорғау үшін салынған бекіністің атауы. Бұл жер сонымен қатар Бәни Хузаа тайпасының алдыңғы күзет бекеті еді.

Хижреттің бесінші жылында Мусталық ұлдарының басшысы Харис бин Әби Дырар Пайғамбарымызбен соғысу үшін көп адам жинаған еді. Ол оларды қаруландырып, Мәдинаға шабуыл жасамақ болды. Бұл хабар сүйікті Пайғамбарымызға жеткенде, Мусталық ұлдарына қарсы дереу жеті жүз адамдық жасақ аттанды. Әскер Мурайси құдығының басына тоқтады. Алдымен Мусталық ұлдары исламға шақырылды. Олар қабылдамай, оқ атып, соғысты бастады. Расулуллаһтың: «Бәрің бірге кенеттен шабуылға шығыңдар!» – деген бұйрығын орындаған құрметті сахабалар Мусталық ұлдарынан он адамды өлтірді. Тайпа басшысы қашып құтылды, бірақ оның қызы Бәррә және тайпасынан 600 адам тұтқынға түсті. Олжа бөлініп берілді. Бәррә Пайғамбарымыздың алдына келіп: «Мен кімнің үлесіне тисем, сол қожайыныммен тоғыз алтын төлеп, азат болуға келістім. Маған көмектесіңіз!» – деді. Пайғамбарымыз мейірім танытып, оның бұл тілегін орындады да, оны сатып алды. Сосын оны азат етіп, бостандыққа шығарды. Сүйікті Пайғамбарымыз оған исламды түсіндіргеннен кейін, ол мұсылман болды. Оның мұсылман болғанына қатты қуанған Әлемдердің мырзасы сый ретінде оны некесіне алып мәртебеледі. Мұны көрген құрметті сахабалардың бәрі: «Расулуллаһтың отбасынан болған анамыздың туыстарын қызметші етіп ұстаудан ұяламыз», – деп, өз тұтқындарын азат етті. Бұл неке жүздеген тұтқынның азат болуына себеп болды.

Сүйікті Пайғамбарымыз мүбәрәк әйелінің Бәррә деген есімін Жууәйрия деп өзгертті. Хазреті Жууәйрия анамыз туралы хазреті Айша анамыз: «Мен Жууәйриядан қайырлырақ, берекелірек әйелді көрмедім», – дейтін еді.3

Ислам әскері жеңіспен нұрлы Мәдинаға қайтып келе жатқанда, айналадағы мүшрік тайпаларының зәресі ұшып, мұсылмандарға шабуыл жасауға батылы бару қаншалықты қауіпті екенін түсінді.

Хижреттің бесінші жылында болған кейбір оқиғалар

Мусталық соғысынан қайтып келе жатқанда қатты жел тұрды. Сахабалар жау Мәдинаға келіп, оны тонағысы келеді деп ойлады. Расулуллаһ былай деді: «Қорықпаңдар. Мәдина – қауіпсіз мекен, оның әр бұрышында қорғаушы періштелер бар. Алайда бүгін бір мұнафық өлді. Ол Убәй Сәлулдің досы Зәйд ибн Фураға еді».

«Мен Жууәйриядан қайырлырақ, берекелірек әйелді көрмедім» Хазреті Айша (радиаллаһу анһа)

Бұл жорыққа мүминдердің аналары хазреті Айша мен Үммү Сәләмә де барған еді. Мұнафықтар хазреті Айша анамызға жала жапты. Кейбір мұсылмандар да бұл жалаға алданды. Аят кәрималар түсіп, мұнафықтардың жалалары әшкере болды, ал хазреті Айша мадақталды.4 Расулуллаһ былай деді: «Сүйінші саған, ей, Айша! Хақ та’ала сені ақтады. Сенің пәктігіңе куәлік етті». Пайғамбар алейһиссалам сахабаларды мешітке жинады. Хұтба оқып, түскен ұлы аяттарды оқыды. Бұл аят кәрималардың берекесімен мүминдердің жүректеріндегі күмән жойылды. Бұл жалаға батылы барғандар да жазаларын алды. Бұл жорықтан қайтарда тәйәммум аяты түсті.5

Айшаның (радиаллаһу анһа) алқасы Мәдинаға жақын Салсала деген жерде тағы бір рет жоғалды. Алқа табылғанша олар сол жерде күтті. Ол жерде су жоқ еді, сахабалардың өздерінде де су жоқ болатын. Расулуллаһ алейһиссалам Айша Сыддықаның тізесіне басын қойып ұйықтап жатыр еді. Құрметті сахабалар судың жоқтығын хазреті Әбу Бәкірге айтты. Ол Расулуллаһтың қасына барды, сонда Расулуллаһ алейһиссалам оянды. Аллаһу та’ала тәйәммум аятын түсірді. Сахабалар тәйәммум жасап, таң намазын оқыды. Сосын Айшаны (радиаллаһу анһа) түйеге мінгізді. Түйе орнынан тұрғанда, алқа табылды.

Бүгін сен – әлемнің нұры, Хақтың сүйіктісі де өзің,
Ғашықтарыңды бір сәтке де есігіңнен айырма.
Мүбәрәк есімің тілімнен бір сәт те түспесін,
Ол – жаралы көңілге дауа, жан одан рахат табар.
Үміттенемін: әр есімің бөлек шапағат етер –
Ахмед пен Махмуд, Әбул-Қасым Мұхаммед Мұстафа.
Оған «Уәш-шәмси» де, «Уәд-духа» да делінгенде,
Жүзі мен маңдайын күн мен айға теңесем – не ғажап?
Kanûnî Sultân Süleymân (Muhibbî)