БӘНИ НӘДИР ЖОРЫҒЫ
Амр бин Умәййә (радиаллаһу анһу) Мағунада тұтқында жүргенде байлауынан босап шықты да, Мәдинаға қайтып келе жатып, жолда Бәни Амирден екі мүшрікке кезікті. Ол бұл екі кәпірді өлтірді. Олар Расулуллаһтың қорғауында еді, бірақ Амр мұны білмеген болатын. Ол Мәдинаға келіп, жағдайды Расулуллаһқа баяндады. Пайғамбарымыз Амрдың қателескенін айтып, олардың мұрагерлеріне құн (дия) төлеуді бұйырды.
Бәни Амир мен Бәни Нәдир тайпаларының арасында достық бар еді. Бәни Нәдир көршілік хақын да сақтайтын. Сондықтан бұл құнды төлеуде Бәни Нәдир тайпасының дәнекерлігі қажет болды.
Ухуд соғысынан кейін, хижреттің төртінші жылы Рабиул-әууәл айында Расулуллаһ құрметті сахабалардан хазреті Әбу Бәкірді, Омарды, Әлиді, Зубәйрді, Талханы, Са’д бин Муазды және Усәйд бин Худайрды (радиаллаһу анһум) ертіп, Бәни Нәдирге барды. Олар істің мән-жайын білдірді. Бәни Нәдир сол екі кәпірдің құнын төлеуге көмектесуге дайын екендерін айтып: «Біраз күте тұрыңдар, тамақ дайындайық», – деді. Расул алейһиссалам сол кезде олар тоқтаған үйдің қабырғасына арқасын сүйеп отырды, сахабалар да жиналып, оның айналасында отырды. Осы арада Хуяй бин Ахтаб былай деді: «Ей, яһудилер! Мұхаммедті мұндай оңаша күйде табу мүмкіндігі ешқашан қолға түспейді. Біреуің осы үйдің төбесіне шығып, сол жерден оның басына тас тастасын, біз одан құтылайық». Амр ибн Жаххаш: «Бұл істі мен істеймін», – деді. Сәлләм ибн Мишкам оларды бұдан қанша тыйса да, пайдасы болмады. Ол: «Бұл істен бас тартыңдар. Оған мұны хабарлайды. Бұл іс келісіміміздің бұзылуына себеп болады. Бұдан өте жаман нәрселер шығуы мүмкін», – деді. Бәни Нәдир яһудилері оны тыңдамады. Сол сәтте Жәбрейіл алейһиссалам келіп, бұл жағдайды Расулуллаһқа хабарлады. Пайғамбарымыз сахабаларға ештеңе демей, бір шаруамен бара жатқандай, сол мәжілістен тұрып, Мәдинаға кетті. Осылайша олардың арам ниеті жүзеге аспады.
Сосын Әлемдердің мырзасы келісімді бұзған бұл яһуди тайпасына Мұхаммед бин Мәсләмәні жіберіп, былай деді: «Нәдир ұлдарының яһудилеріне бар! Оларға айт: „Расулуллаһ мені сендерге мына әмірді білдіру үшін жіберді: жерімнен шығып кетіңдер! Мұнда менімен бірге тұрмаңдар! Сендер мені өлтіруге айла құрдыңдар. Мен сендерге он күн мұрсат беремін. Осы мерзімнен кейін мұнда араларыңнан кім көрінсе, оның басы шабылады“».
Хазреті Мұхаммед бин Мәсләмә бұл әмірді жеткізгенде, олар қорыққаннан жолға дайындала бастады. Бірақ мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ бин Убәй оларға: «Бекіністеріңнен әсте шықпаңдар. Мал-мүліктерің мен жерлеріңді тастап кетпеңдер. Адамдарымнан екі мың кісімен сендерге көмекке келеміз», – деп хабар жіберді.
Мұны естіген Ғаламның Сұлтаны құрметті сахабаларымен Мәсжид-и Нәбәуиден төрт шақырым жердегі Нәдир ұлдарының бекінісіне қарай аттанды. Мәдинада хазреті Ибн Үммү Мәктум орынбасар етіп қалдырылды. Туды хазреті Әли көтеріп жүрді. Бекініс қоршалып, қамау басталды. Осы уақытқа дейін құрметті сахабаларды соғысқа шақырып жүрген яһудилер бекіністен шығуға батылы бармады. Мұнафықтардың көмегі де келмеді.
Құрметті сахабалар бекіністі бақылауға алып, құс ұшырмады. Жиырма күннен астам созылған қамаудың соңында яһудилер берілді. Барлық қаруларын, алтын-күмістерін мұсылмандарға қалдырып, бір бөлігі Шамға, бір бөлігі Хайбарға айдалды. Осылайша Мәдина өңірінде яһудилерден тек Құрайза ұлдары ғана қалды.1
«Яһудилер мені өлтіруді жоспарлады! Жәбрейіл маған мұны хабарлағанда, тұрып кеттім!» Хадис шәриф
Хижреттің төртінші жылында болған маңызды оқиғалар
Бұл жылы ішімдік ішуді харам еткен аят кәрима түсті.2 Расул-и әкрамның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүбәрәк әйелдерінен хазреті Зейнеп бинт Хузәйма Расулуллаһтың некесімен мәртебеленген Рабиул-ахыр айынан сегіз ай өткен соң, отыз жасында қайтыс болды.3 Сондай-ақ осы жылы хазреті Әли мен хазреті Фатиманың екінші баласы хазреті Хусейн дүниеге келді.4 Ухуд соғысында жараланып, кейін қайтыс болған хазреті Үммү Сәләмәнің күйеуі артында бірнеше бала қалдырған еді. Үммү Сәләмә анамыз егде жасында қиын жағдайда қалған еді. Сүйікті Пайғамбарымыз оны қатты аяп, оған мейірім көрсетіп, некесіне алып мәртебеледі.5
Фатима бинт Әсадтың қайтыс болуы
Хазреті Әлидің анасы Фатима бинт Әсад та осы жылы қайтыс болды.6 Бұған сүйікті Пайғамбарымыз қатты қайғырып: «Бүгін анам қайтыс болды!» – деді. Сүйікті Пайғамбарымыз атасы Абдулмутталиб қайтыс болғаннан кейін оның қолында өскен еді. Ал ол пайғамбарлығын жария еткенде, Фатима дереу мұсылман болу мәртебесіне жеткен еді. Сондықтан Ғаламның Сұлтаны оны ана орнында көріп, оған қатты құрмет көрсететін. Оған деген мейірімінен ол үстіндегі мүбәрәк көйлегін шешіп, оны сол көйлекпен кебіндеуді бұйырды. Жаназа намазын оқытқаннан кейін, намазда жетпіс мың періште болғанын хабарлады. Ол қабірге дейін барып, оның ішіне түсті. Қабір өмірі оған тыныш әрі жайлы болуы үшін, қабірдің бұрыштарына қарай кеңейткендей ишарат жасап, қабірге созылып жатты.
Қабірден шыққанда оның мүбәрәк көздері жасқа толып, мүбәрәк көз жастары қабірге тамған еді. Йа, Раббым! Бұл неткен мейірім еді?.. Және бұл неткен бақытты әйел еді?.. Тіпті хазреті Омар да шыдай алмай: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Ешкімге жасамағаныңызды осы әйелге жасадыңыз!» – дегенде, опалылардың ең опалысы болған сүйікті Пайғамбарымыз былай деді: «Әбу Тәліптен кейін осы бейшара әйелдей маған жақсылығы тиген адам болған жоқ. Ол менің анам еді. Өз балалары аш отырғанда, ол ең алдымен менің қарнымды тойдыратын. Өз балаларының үсті-басы шаң-топырақ болып жүргенде, ол ең алдымен менің шашымды тарап, гүл майымен майлайтын. Ол менің анам еді! Оған жәннат киімдерінен кигізілуі үшін көйлегімді кебін етіп кигіздім. Қабір өмірі оған жұмсақ әрі жеңіл болуы үшін қабірде оның қасына жаттым. Жәбрейіл маған Аллаһу та’аладан: „Бұл әйел – жәннаттық“, – деген хабар әкелді». Бұдан кейін ол Фатима бинт Әсад анамыз үшін былай деп дұға етті: «Аллаһу та’ала сені жарылқасын, кешірсін, саған сый берсін. Ей, анам! Аллаһу та’ала саған рақым етсін. Өзің аш болғанда, мені тойдырдың. Өзің кимей, маған кигізетін, өзің жемей, маған жегізетін едің. Тірілтуші де, өлтіруші де – Аллаһу та’ала. Ол әрдайым тірі. Ол өлмейді. Аллаһым! Анам Фатима бинт Әсадты кешір, жарылқа! Оған дәлелін білдір. Қабірін кеңейт. Ей, мейірімділердің ең мейірімдісі болған Аллаһым! Пайғамбарыңның, яғни менің хақым үшін және өткен пайғамбарлардың хақы үшін бұл дұғамды қабыл ет».
Хижреттің төртінші жылында болған басқа маңызды оқиғалар
Хазреті Османның хазреті Руқайядан туған алты жасар ұлы Абдуллаһ қайтыс болды. Әлемдердің мырзасы немересінің жаназа намазын оқытып, оны өзі қабірге қойды. Ол қатты қайғырды, мүбәрәк көз жастары қабірге тамды. Құлпытасын мүбәрәк қолдарымен орнатып: «Аллаһу та’ала құлдарының ішінен мейірімді әрі жұмсақ жүректілерге рақым етеді», – деді.7
Сен – расулдардың сұлтаны, даңқты шаһсың, мырзам.
Сен – бейшаралардың мәңгілік бақытысың, мырзам.
Илаһи диуанда сен – ең алдыңғысың, мырзам.
«Ләғамрук» жарлығымен қуатталғансың, мырзам.
Ахмед те, Махмуд та, Мұхаммед те – сенсің, мырзам,
Хақтан бізге қуатталған сұлтансың, мырзам.
Пәк рухтарға жарқыл беретін – сенің гауһарың.
Періштелер жүз сүртетін жер – есігіңнің топырағы.
Тәжәлли жамалының айнасы – сенің назарың,
Әбу Бәкір, Омар, Осман мен Әли – сенің достарың.
Ахмед те, Махмуд та, Мұхаммед те – сенсің, мырзам,
Хақтан бізге қуатталған сұлтансың, мырзам.
Мәңгілік елдің мінберінде сенің хұтбаң оқылады.
Жаза күнінде сенің үкімің орындалады.
Келуіңді мадақтаған үн Аллаһтың Аршында естіледі.
Мәртебелі есімдерің жерде де, көкте де аталады.
Ахмед те, Махмуд та, Мұхаммед те – сенсің, мырзам,
Хақтан бізге қуатталған сұлтансың, мырзам.
Şeyh Galib
«Әбу Тәліптен кейін осы бейшара әйелдей (Фатима бинт Әсадтай) маған жақсылығы тиген адам болған жоқ. Ол менің анам еді» Хадис шәриф
Кіші Бәдір жорығы
