Сүйікті Пайғамбарым

БИР-И МАҒУНА ОҚИҒАСЫ

Сол жылдың Сафар айында Арабстанның Нәжд өңіріндегі Амир ұлдарының басшысы Әбу Бәра Амир бин Малик Мәдинаға келді. Ол Расул-и әкрамды (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) зиярат етті. Пайғамбарымыз оған исламды түсіндіріп, мұсылман болуға кеңес берді. Әбу Бәра мұсылман болмады, бірақ исламның көркем әрі мәртебелі дін екенін айтты. Сонымен қатар ол Нәждте ислам таралуы үшін ол жаққа құрметті сахабалардан бірнеше кісі жіберуді сұрады. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Жіберетін адамдарым жөнінде Нәжд халқына сенбеймін!» – деді. Амир: «Оларды мен өз қорғауыма аламын. Сонда оларға ешкім зиян келтіре алмайды», – деді.

Әлемдердің мырзасы бұл берік міндеттемені қабыл етіп, Әсхаб-и Суффадан жетпіс адамдық өкілдер тобын дайындады. Олар түндерде Құран кәрім оқитын. Бәрі де Құран хафиздері еді. Оларды Әсхаб-и құрра (қарилар) деп атайтын. Олардың кейбірінің есімдері мынадай: Амир бин Фәһр, Амр ибн Замри, Атия бин Абдуллаһ, Әнәс бин Муауия, Хакем бин Кәйсан, Харис бин Сәмма, Ка’б бин Зәйд, Малик бин Сабит, Мунзир бин Амр, Рафи бин Мәзил, Саид бин Хузам, Сәлим бин Милхан, Сухәйл бин Амир, Туфәйл бин Әсад, Урва бин Салт (радиаллаһу та’ала анһум). Расулуллаһтың әмірімен олар хазреті Мунзир бин Амрдың басшылығымен жолға шықты. Расулуллаһ хаттар да жаздырып, оларды Бәни Амр және Бәни Нәжд басшыларына жіберді.

Өз тайпасының исламмен мәртебеленуін қалаған Әбу Бәра Әсхаб-и Суффадан бұрын жолға шығып, тайпасына келіп, өкілдерді өз қорғауына алғанын айтты және оларға ешкімнің тиіспеуін ескертті. Бауырының ұлы Амир бин Туфәйлден басқа әркім оларға тиіспеуге келісті. Ал Амир бин Туфәйл үш тайпаның адамдарын қаруландырып, оларға басшы болды да, Бир-и Мағунаға келген құрметті сахабаларды қоршап алды. Төрт жағынан қамалған сахабалар қылыштарына жармасып, бәрі де қанының соңғы тамшысына дейін батырларша соғысты. Олардың екеуінен басқасының бәрі шәһидтік шәрбатын ішті. Хазреті Амр бин Умәййәні тұтқынға алды. Хазреті Ка’б бин Зәйдті өлді деп ойлап, тастап кетті.

Шәһид болған бұл мүбәрәк сахабалардың соңғы сөздері мынадай болды: «Йа, Раббым! Қазір Расулуллаһқа біздің халімізді хабарлайтын Сенен басқа ешкім жоқ. Біздің сәлемімізді оған жеткіз!» Сол сәтте Жәбрейіл алейһиссалам қатты қайғылы күйде Пайғамбарымызға келіп, олардың сәлемін жеткізді де: «Олар Аллаһу та’алаға қауышты. Аллаһу та’ала олардан риза болды, олар да Аллаһу та’аладан риза болды», – деді.

Пайғамбарымыз: «Уә алейһиссалам», – деп жауап бергеннен кейін, қатты қайғырып, құрметті сахабаларға бұрылды да, оларға болған жағдайды хабарлады: «Бауырларың мүшріктермен кездесті. Мүшріктер оларды шауып, найзалармен тескілеп өлтірді…»

«Олар (Бир-и Мағуна шәһидтері) Аллаһу та’алаға қауышты. Аллаһу та’ала олардан риза болды, олар да Аллаһу та’аладан риза болды» Хадис шәриф

Бир-и Мағуна оқиғасы

Сенің рухың – Аллаһ нұрының бір нүктесі, йа, Расулаллаһ,
жамалың рухты көтеріп, жүректерді ашады, йа, Расулаллаһ.
Рақым белгілерін алып келген затыңның туылуы
күпірлік қараңғылығын кетірді – мұны әр мүмин біледі, йа, Расулаллаһ.
Пайғамбарлық гүлзарында сен – гүл бұтасысың,
сонда да Аллаһ өсірген ең соңғы көшет – сенсің, йа, Расулаллаһ.
Жомарттық ет, ей, мырзам, Мәуланың мәртебелі дәлелі!
Нәжибтің дертіне сенің мол ниғметің – дауа, йа, Расулаллаһ.
Sultan III. Ahmed (Necîb)

Бұл оқиғада жаумен соғысып жатқанда хазреті Амир бин Фухәйраның арқасына Жаббар деген бір адам найзасын қадады. Сол сәтте хазреті Амир: «Аллаһпен ант етемін, жәннатқа жеттім!» – деді. Сосын ол Жаббар мен басқа мүшріктердің көз алдында көкке қарай көтерілді. Бұған бәрі таңғалды, бірақ олардың ішінен оны шәһид еткен Жаббар ғана мұсылман болды.

Пайғамбарымыз Рәжи және Бир-и Мағуна оқиғаларына қатты қайғырды. Бұл қасіретті істі жасаған тайпаларға бәле тілеп, бір ай бойы әр намаздан кейін дұға етті. Аллаһу та’ала Расулының дұғасын қабыл етті. Ол тайпаларға сұмдық құрғақшылық пен ашаршылық жіберді. Сосын оларға жұқпалы ауру келіп, жеті жүз адам өлді.1

Сен – әлемдерге тәуіпсің, ал менің жүрегім қатты науқас,
шипа табу үмітімен оны саған алып келдім.
Арқамда – күнә тауы, қорқыныштан жүзім сабандай сарғайды,
бірақ үмітім зор: күнәларым жойылсын деп осында алып келдім.
Йа, әлемдердің сардары! Мен саған ғашық әрі хайранмын;
сенен айырылып, күні-түні жылаймын.
Сенің ұлы рақымың – әбілхаят, ал мен шөлдеген жанмын;
бір тамшысы болмаса, өлемін, жан беремін.
Оны мінезімен мадақтау – бекер әуре,
оны сөзбен жеткізу одан да қиын.
Ол кешірімді, кәрім әрі соншалық жомарт: судан інжу,
тастан гауһар, тікеннен гүл келеді.
Күн нұр шашса, ол оның нұрларынан,
гүлдегі шық тамшысы оның гүл жүзінен келеді.
Оны сипаттау бұдан да биік,
бірақ одан да асыра айтсам, жаттар теріске шығарады.
Әлемді бір тозаңға сыйғызу мүмкін болар,
ал оны сөзбен жеткізу одан да қиын.
Мәулана Халид Бағдади

«Аллаһпен ант етемін, жәннатқа жеттім!» Амир бин Фухәйра (радиаллаһу анһу)

Бәни Нәдир жорығы