РӘЖИ ОҚИҒАСЫ
Ухуд соғысының ең шебер садақшыларының бірі хазреті Асым бин Сабит бұл соғыста мүшріктерден Мусафи бин Талха мен оның бауыры Харисті өлтірген еді. Кекшілдігімен әйгілі болған олардың анасы Сулафа бинт Са’д екі ұлын өлтірген Асым бин Сабиттің басын әкелген адамға жүз түйе беремін деп уәде етті. Ол хазреті Асымның бас сүйегімен шарап ішуге ант етті. Сонымен қатар Расулуллаһ жіберген бір жасақта (сәрияда) Абдуллаһ бин Унәйс Лыхиян ұлдарынан Халид бин Суфйанды өлтіргендіктен, Лыхиян ұлдары Адал және Қара тайпаларымен келісті. Мекке маңында тұратын бұл екі тайпа жоспар құрып, елшілер дайындады. Оларға: «Мұсылман болғандарыңды айтасыңдар. „Біз зекет береміз, соны алу және бізге исламды үйрету үшін ұстаздар сұраймыз“, – дейсіңдер. Келгендердің бір бөлігін өлтіріп, кегімізді аламыз. Бір бөлігін Меккеге апарып, құрайыштықтарға сатамыз», – деді.
Хижреттің төртінші жылының Сафар айында бұл екі тайпадан алты немесе жеті адамдық өкілдер тобы Пайғамбарымызға келіп: «Біз мұсылман болдық, бізге Құран кәрімді және дінді үйрететін ұстаздар жіберіңіз», – деді.
Бұл кезде сүйікті Пайғамбарымыз меккелік мүшріктердің соғысқа дайындалып жатқан-жатпағанын тексеру үшін он адамнан тұратын бір жасақ дайындаған еді. Адал және Қара тайпасынан да осындай өкілдер келіп ұстаздар сұрағанда, ол жағдайды тексеріп, зерттеп, хабарлау үшін бұл он адамдық барлау тобын келгендермен бірге жіберді.
Бұл жасақта құрметті сахабалардан Мәрсәд бин Әби Мәрсәд, Халид бин Әби Букәйр, Асым бин Сабит, Хубәйб бин Ади, Зәйд бин Дәсинна, Абдуллаһ бин Тариқ, Муаттиб (Муғир) бин Убәйд және есімдері белгісіз тағы үш сахаба (радиаллаһу анһум) бар еді.
Бұл барлау тобы күндіз жасырынып, түнде жол жүріп, бір күні таң алдында Рәжи суының басына жетті. Сонда олар біраз демалып, ажуа деп аталатын жақсы сұрыпты Мәдина құрмасынан жеді. Сосын ол жерден кетіп, жақын маңдағы бір тауға шығып, жасырынды.
Хузәйл тайпасынан қой бағып жүрген бір әйел де Рәжи суының басына келген еді. Құрма сүйектерін көріп, ол мұнда Мәдина құрмасы жегенін түсінді. «Мұнда Мәдинадан келгендер болған!» – деп айқайлап, тайпасына хабар берді.
Осы кезде құрметті сахабалардың бұл он адамдық жасағының қасында болған Адал және Қара тайпасы өкілдерінің бірі бір сылтаумен олардың қасынан кетті. Дереу Лыхиян ұлдарына барып, хабар берді.
Бұл хабарды алған Лыхиян ұлдары қозғалысқа келді. Бұл шағын жасаққа қарсы жүзі садақшы болған екі жүз адамдық күш жіберді. Бұл мүшріктер тобы хазреті Асым бин Сабит пен оның жолдастарын тау басынан тауып, қоршап алды. Осы арада он сахабаның жай-күйін мүшріктерге хабарлаған адам да оларға қосылды. Құрметті сахабалар сол сәтте алданғандарын түсініп, соғысуға бел байлап, қылыштарын суырды. Мұны түсінген мүшріктер оларды алдауға тырысып: «Егер қасымызға түссеңдер, ешқайсыңды өлтірмейміз. Берік сөз береміз. Аллаһпен ант етеміз, біз сендерді өлтіргіміз келмейді. Бірақ сендер үшін меккеліктерден төлем (фидия) алғымыз келеді», – деді.
«Жараланғаннан кейін де Аллаһу та’аланың және Оның Пайғамбарының шақыруына асыққандар үшін, әсіресе олардың ішінен игілік жасап, жамандықтан сақтанғандар үшін өте зор сый бар» Али Имран: 172
Рәжи оқиғасы
Асым бин Сабит, Мәрсәд бин Әби Мәрсәд және Халид бин Әби Букәйр (радиаллаһу анһум): «Біз мүшріктердің сөздері мен анттарын ешқашан қабыл алмаймыз», – деп, олардың барлық ұсыныстарын кері қайтарды. Хазреті Асым бин Сабит: «Мен мүшріктердің қорғауын ешқашан қабыл алмауға ант еттім. Аллаһпен ант етемін, олардың қорғауы мен сөздеріне алданып, төмен түсіп берілмеймін», – деді. Ол қолдарын көтеріп: «Аллаһым! Пайғамбарыңа біздің халімізді білдір», – деп дұға етті. Аллаһу та’ала хазреті Асымның дұғасын қабыл етіп, Расулуллаһқа олар туралы хабар берді.
Хазреті Асым мүшріктерге: «Біз өлуден қорықпаймыз. Өйткені біз дінімізде көзі ашық жандармыз (өлсек, шәһид болып, жәннатқа кіреміз)», – деді. Мүшріктердің басшысы: «Ей, Асым! Өзіңді де, жолдастарыңды да құртпа, беріл!» – дегенде, Асым бин Сабит оқпен жауап берді. Оқ атып жатып, ол мына жолдарды оқыды:
Мен күштімін, еш кемшілігім жоқ.
Садағымның жуан кірісі керулі тұр.
Өлім – хақ, тіршілік – бос әрі өткінші.
Тағдырда жазылғанның бәрі басқа келер.
Адамдар ерте ме, кеш пе Аллаһқа қайтар.
Егер мен сендермен соғыспасам,
анам (қайғыдан) есінен адасар.
Асымның қорамсағында жеті оқ бар еді. Атқан әрбір оғымен ол бір мүшрікті өлтірді. Оқтары таусылғанда, көбін найзасымен тескілеп тастады. Бірақ оның найзасы да сынды. Ол дереу қылышын суырып, қынабын сындырып лақтырды. (Бұл «өлгенше соғысамын, берілмеймін» дегенді білдіретін.) Сосын былай деп дұға етті: «Аллаһым! Мен бүгінге дейін Сенің дініңді қорғадым. Бүгін күннің соңында менің денемді қорғап, аман сақтауыңды Сенен өтінемін». Хазреті Асым бин Сабит пен басқа сахабалардың «Аллаһу әкбар!» деген дауыстары тауларды жаңғыртып жатты. Екі жүз адамға қарсы он мүжаһид жандарын аямай соғысып, оларға жақындағандар істегендерінің жазасын тартып жатты. Ақыры Асым (радиаллаһу анһу) екі аяғынан жараланып, жерге құлады. Кәпірлер одан қатты қорыққандықтан, ол құлағанда да қасына жақындай алмады да, алыстан оқ атып, оны шәһид етті. Сол күні онда болған он сахабаның жетеуі шәһид болды, үшеуі тұтқынға алынды.
Лыхиян ұлдары Сулафа бинт Са’дқа сату үшін Асым бин Сабиттің мүбәрәк басын кесіп алмақ болды. Бірақ Аллаһу та’ала хазреті Асым бин Сабиттің дұғасын қабыл еткендіктен, сол жерге бір үйір ара жіберді. Олар бұлттай болып Асым бин Сабиттің үстінде тұрды. Мүшріктер оның қасына жақындай алмады. Ақыры олар: «Қоя тұрыңдар, кеш түскенде аралар тарайды, ал біз басын кесіп алып кетеміз», – деді.
Кешке қарай Аллаһу та’ала қатты жаңбыр жаудырды. Сайлардан сел ағып, хазреті Асым бин Сабиттің мүбәрәк денесін белгісіз бір жерге алып кетті. Мүшріктер қанша іздесе де, таба алмады. Сондықтан олар хазреті Асым бин Сабиттің бірде-бір мүшесін кесіп ала алмады.
«Аллаһым! Мен бүгінге дейін Сенің дініңді қорғадым. Бүгін күннің соңында менің денемді қорғап, аман сақтауыңды Сенен өтінемін» Асым бин Сабит (радиаллаһу анһу)
Аралардың хазреті Асымды қорғағаны еске алынғанда, хазреті Омар былай деді: «Аллаһу та’ала, әрине, мүмин құлын қорғайды. Асым бин Сабит тірі кезінде мүшріктерден қалай сақтанса, Аллаһу та’ала да өлгеннен кейін оның денесін қорғап, мүшріктерге тигізбеді». Сондықтан Асым бин Сабит еске алынғанда, оны «аралар қорғаған кісі» деп атайтын.1
Тұтқынға алынған үш сахаба Хубәйб бин Ади, Зәйд бин Дәсинна және Абдуллаһ бин Тариқ (радиаллаһу анһум) еді. Лыхиян ұлдары үшеуін де садақтың кірістерімен байлады. Олардың ішінен Абдуллаһ бин Тариқ меккелік мүшріктерге апарылуға көнбеді. Бармау үшін қарсылық көрсетті. «Шәһид етілген жолдастарым жәннатпен мәртебеленді!» – деп айқайлады. Ол қолындағы байлауды үзді, бірақ Лыхиян ұлдары таспен атқылап, оны да шәһид етті. Хазреті Хубәйб бин Ади мен Зәйд бин Дәсинна: «Бәлкім Расулуллаһ берген барлау міндетін орындауға мүмкіндік табармыз», – деген оймен сабыр етті.
Лыхиян ұлдары екеуін де Меккеге алып барды. Бәдір және Ухуд соғыстарында жақындары өлтірілген мүшріктер өшпенділік пен кек алу құмарлығымен өртеніп, сәт күтіп жүрген еді. Хазреті Хубәйбті мүшріктерден Хужәйр бин Әби Иһаб Тәмими Бәдір соғысында өлтірілген бауыры үшін, хазреті Зәйд бин Дәсиннаны Сафуан бин Умәййә Бәдір соғысында өлтірілген әкесі Умәййә бин Халәф үшін кек алу мақсатымен сатып алды. Мүшріктердің ниеті екеуін де өлтіру еді. Бірақ соғысуды тыйым салынған деп санайтын айлар болғандықтан, оларды абақтыда ұстап, уақыттың өтуін күтті. Оларды әр түрлі жерлерде қамады. Екі сахаба да тұтқында үлкен сабыр, төзім және асылдық көрсетті.
Хазреті Хубәйб бин Ади қамалған үйде тұрған азат етілген күң Мәуия (бұл әйел кейін мұсылман болды) былай баяндады:
«Хубәйб мен тұратын үйдегі бір бөлмеге қамалған еді. Мен одан қайырлырақ тұтқынды көрмедім. Бір күні қарасам, оның қолында құмыраның көлеміндей үлкен бір шоқ жүзім тұр. Ол одан жеп отыр екен. Ол күн сайын қолында сондай жүзім шоғымен көрінетін. Жылдың сол мезгілінде, оның үстіне Меккеде жүзім табу мүлдем мүмкін емес еді. Аллаһу та’ала оған ризық беріп тұрды. Ол қамалған бөлмесінде намаз оқып, Құран кәрім оқитын. Оның оқыған Құран кәрімін тыңдаған әйелдер жыласып, оны аяйтын. Кейде: „Бір тілегің бар ма?“ – деп сұрасам, ол: „Маған тұщы су бер, пұттарға шалынған малдың етін әкелме, тағы бір – мені өлтіретін уақытты алдын ала айт, басқа ештеңе қаламаймын“, – дейтін. Оны өлтіретін күн белгіленгенде, барып оған айттым. Мұны білгенде, ол еш өзгермеді және түк те қайғы белгісін көрсетпеді.
Ол күн жақындағанда, ол өлім алдында денесін тазартқысы келетінін айтып, ұстара сұрады. Мен баламның қолына ұстара беріп, оны жібердім. Бала оның қасына кіргенде, мен кенет қорқып кеттім. „Әттең-ай! Бұл адам баланы ұстарамен бауыздайды ғой. Оны бәрібір өлтіреді“, – дедім. Жүгіріп баланы көруге бардым. Хубәйб мен жіберген ұстараны баланың қолынан алып, баланы еркелету үшін тізесіне отырғызып қойған екен. Мен бұл жағдайды көріп, қатты қорқып, айқайлай бастадым. Жағдайды түсінгенде ол былай деді: „Мені бұл баланы өлтіреді деп ойлайсың ба? Біздің дінімізде мұндай нәрсе жоқ. Нақақтан-нақақ жан қию біздің халімізге де, шанымызға да жат“».
Мүшріктер Хубәйб бин Ади мен Зәйд бин Дәсиннаны өлтіруге белгілеген күн келді. Сол күні таңертең ерте олар тұтқындардың шынжырларын шешіп, оларды Меккенің сыртындағы Тәнғим деген жерге алып барды. (Тәнғим Қағбадан 5–8 км қашықтықта орналасқан. Ондағы таудың аты да Тәнғим тауы.) Мекке халқы мен мүшріктердің игі жақсылары олардың дарға асылып өлтірілуін көру үшін жиналған еді. Айналада үлкен жұрт бар еді.
Тұтқындарды өлтіретін жерге мүшріктер екі дар ағашын орнатқан еді. Хазреті Хубәйбті дар ағашына көтеріп байламақ болғанда, ол: «Мені босатыңдар, екі рәкат намаз оқиын», – деді. Оны босатып: «Әне, сол жерде оқы», – деді. Хубәйб дереу намазға тұрып, ықыласпен екі рәкат намаз оқыды. Жиналған мүшріктер, әйелдер мен балалар оған толқып қарап тұрды. Намазын аяқтаған соң, ол: «Аллаһпен ант етемін, егер сендер мені өлімнен қорқып намазды ұзартты деп ойламайтын болсаңдар, намазды ұзартып, көбірек оқыр едім», – деді. Осылайша өлтірілер алдында екі рәкат намазды алғаш оқыған және мұның әдет пен сүннет болуына себепкер болған – хазреті Хубәйб бин Ади. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оның өлтірілер алдында екі рәкат намаз оқығанын естігенде, бұл ісін орынды әрі дұрыс деп тапты.2
Намазын оқығаннан кейін хазреті Хубәйбті дар ағашына көтеріп байлады. Оның жүзін құбыладан Мәдинаға қарай бұрды. Сосын: «Қане, дініңнен қайт! Сені азат етеміз», – деді. Ол былай жауап берді: «Аллаһпен ант етемін, қайтпаймын! Бүкіл дүние менікі болса да, маған берілсе де, исламнан қайтпаймын!»
Бұл жауапты алған мүшріктер: «Қазір сенің орныңда Мұхаммед болғанын, оның өлтірілгенін қалайсың ба? „Иә“ десең, құтыласың, үйіңде тыныш отырасың!» – деді. Хубәйб: «Мен Мұхаммед алейһиссаламның аяғына тікен кіргеніне де мүлдем келіспеймін!» – деді.
Мүшріктер мазақтап, күлісіп: «Ей, Хубәйб! Ислам дінінен қайт! Қайтпасаң, сені міндетті түрде өлтіреміз!» – деді. Хубәйб оларға: «Аллаһу та’аланың жолында болғаннан кейін, мен үшін өлтірілуімнің ешқандай маңызы жоқ», – деп жауап берді.
Бұдан кейін Хубәйб: «Аллаһым! Мұнда мен жаудың жүзінен басқа жүз көрмей тұрмын. Аллаһым! Менен Расулыңа сәлем жеткіз. Бізге жасалған бұл істі Расулыңа білдір!» – деп дұға етті де: «Әссаламу алейкә йа Расулаллаһ», – деді. Хубәйб бұл дұғаны жасаған кезде сүйікті Пайғамбарымыз құрметті сахабалармен отырған еді. Зәйд бин Хариса былай баяндады: «Бір күні Расулуллаһ сахабаларымен отырғанда: „Уә алейһиссалам“, – деді. Құрметті сахабалар: „Йа, Расулаллаһ! Бұл кімнің сәлеміне жауап?“ – деді. Ол былай деді: „Бұл – бауырымыз Хубәйбтің сәлеміне жауап. Жәбрейіл (алейһиссалам) маған Хубәйбтің сәлемін жеткізді“».3
Хубәйбтің айналасына жиналған құрайыштық мүшріктер: «Міне, әкелеріңді өлтірген адам осы», – деп, жастарды найзаларымен оған шабуыл жасауға айдап салды, ал олар оның мүбәрәк денесін жаралай бастады. Сол кезде Хубәйбтің жүзі Қағбаға қарай бұрылды. Мүшріктер оны Мәдинаға қарай бұрды. Хазреті Хубәйб: «Аллаһым! Егер мен Сенің алдыңда қабыл болған құл болсам, жүзімді құбылаға бұр», – деп дұға етті. Оның жүзі қайтадан құбылаға бұрылды. Мүшріктердің ешқайсысы оның жүзін Қағбадан басқа жаққа бұра алмады. Осы арада Хубәйб дар ағашының үстінде, жаулардың арасында жалғыз, ғарып күйде шәһид етіліп жатқанын баяндаған бір өлең айтты. Мүшріктер қолдарындағы найзаларды оның денесіне қадап, азаптай бастағанда, ол былай деді: «Аллаһпен ант етемін, мұсылман болып өлтірілетін болғандықтан, шабылып, қай жағыммен құласам да, қайғырмаймын! Мұның бәрі Аллаһу та’аланың жолында».
«Мен Мұхаммед алейһиссаламның аяғына тікен кіргеніне де мүлдем келіспеймін!» Хубәйб бин Ади (радиаллаһу анһу)
Бұдан кейін Хубәйб мүшріктерге былай деп қарғыс айтты: «Аллаһым! Құрайыш мүшріктерінің бәрін жоқ қыл! Жамағаттарын тарат! Жандарын бір-бірлеп ал, оларды тірі қалдырма!» Бұл қарғысты естігенде, мүшріктер қатты қорқып, бір бөлігі ол жерден қашып кетті. Қалғандарының кейбірі бірінен соң бірі оған найза сұға бастады. Олардың бірі найзаны оның кеудесіне сұқты, найза арқасынан шықты. Денесінен қан шапшып, дар ағашында тербеліп соңғы демін беріп жатқанда, Хубәйб: «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһу уә расулуһ», – деп шәһид болды.4
Хубәйб бин Адидің (радиаллаһу анһу) денесі қырық күн дар ағашында ілулі тұрды. Денесі шірімеді, иіс шығармады. Одан үнемі жаңа қан ағып тұрды. Сүйікті Пайғамбарымыз оның денесін алып келу үшін құрметті сахабалардан хазреті Зубәйр бин Аууам мен Миқдад бин Әсуадты жіберді. Олар түнде жасырын Меккеге кірді. Хубәйбті асылған дар ағашынан түсіріп, түйеге артып, Мәдинаға қарай жолға шықты. Мұны білген мүшріктер көп болып оларға қарай аттанды. Екі сахаба да өздерін қорғау үшін денені жерге қойды. Біраздан соң олар денені қалдырған жердің айырылып, денені ішіне алып, жабылып қалғанын көрді де, Мәдина жолына түсті.
Хазреті Зәйд бин Дәсиннаны да орнатылған екінші дар ағашына байлады. Оны дінінен қайтаруға мәжбүрлемек болды. Бірақ мүшріктер Зәйдтің иманын бекіте түсуден басқа ештеңеге қол жеткізе алмады. Сосын Зәйдті оқ жаңбырының астына алды. Ақыры оны Сафуан бин Умәййәнің азат етілген құлы Нистас шәһид етті.
