Сүйікті Пайғамбарым

УХУД СОҒЫСЫ

Хижреттің үшінші жылы, Шәууәл айы… Меккелік мүшріктер Бәдір соғысында ұшыраған жеңілістерінен сабақ алмағаны былай тұрсын, оның ащы қайғысын да еш ұмыта алмай жүрді. Құрайыш бұл соғыста игі жақсыларының көбінен айырылған еді. Сонымен қатар Шам сауда жолының мұсылмандардың бақылауына өтуі олардың ызасын шегіне жеткізді.

Әбу Суфйан басқарған сауда керуені Меккеге жүз пайыз пайдамен оралған болатын. Қаржыға үлес қосқандардың көбі Бәдір соғысында өлгендіктен, керуеннің пайдасы Дарун-Нәдуә деп аталатын, мүшріктер шешім қабылдау үшін жиналатын ғимаратта сақталып тұрды.

Сафуан бин Умәййә, Икримә бин Әби Жәһл, Абдуллаһ бин Рәбиа сияқты Бәдірде әкелерінен, бауырларынан, күйеулерінен, ұлдарынан айырылғандар Әбу Суфйанға барып: «Мұсылмандар біздің үлкендерімізді өлтірді. Бізді күйретті. Енді олардан кек алатын уақыт келді. Керуеннің пайдасына әскер жасақтайық. Мәдинаны басып алып, кегімізді қайтарайық!» – деді.

Әбу Жәһл, Утбә, Шәйба сияқты озбыр кәпірлер бұдан бұрын өлтірілгендіктен, мүшріктердің басында әлі мұсылман болмаған Әбу Суфйан тұрған еді. Шам саудасынан жүз мың алтын түскен болатын. Оның жартысы негізгі қаржы, жартысы пайда еді. Негізгі қаржы иелеріне дереу таратылды, ал пайда екіге бөлінді: жартысына қару алынды, қалған жартысына әскер жиналды. Сондай-ақ ақындар мен шешендерге де ақша берілді. Халықты қыздырып, соғысқа үгіттеу үшін шешендер мен ақындар өлеңдер, жоқтаулар оқитын, ал әйелдер дабыл мен дауылпаз қағып, оларға қосылатын. Мұсылмандарды Мәдинадан қуып шығаруды, сүйікті Пайғамбарымызды жоюды және исламды құртуды мақсат еткен мүшріктер маңайдағы тайпаларды да аралап, әскер жинады.

Ақыры Меккеде 3000 адамдық үлкен әскер дайындалды. Олардың 700-і сауытты, 200-і атты еді, сонымен бірге 3000 түйесі де бар еді. Сазгерлер мен әйелдер де қатысқан бұл үлкен әскерді Әбу Суфйан басқарды. Оның әйелі Хинд әйелдердің басында жүріп, мүшріктерді соғысқа айдап салуда тым асып кетті. Өйткені ол Бәдір соғысында әкесі мен екі бауырынан айырылған еді. Бұл қайғыны ұмыта алмайтын. Әйелдердің соғысқа қатыспағанын қалағандарды ол: «Бәдір соғысын еске түсіріңдер! Әйелдеріңе, балаларыңа жету үшін Бәдірден қаштыңдар!.. Бұдан кейін қашқысы келгендер алдарынан бізді көреді!..» – деп, аузын жабатын. Осылайша ол құрайыштықтарды қайрап, бар күшімен соғысқа үгіттеді.1

Мүшріктерден Жубәйр бин Мутимнің найза лақтыруға өте шебер Уахши деген құлы бар еді. Ол көздегенін мүлт жібермейтін мерген болатын. Хазреті Хамза Бәдірде Хиндтің әкесі Утбәні, Жубәйрдің көкесі Туайманы өлтіргендіктен, Хинд пен Жубәйр одан кек алу отымен өртеніп жүрген еді. Жубәйр құлы Уахшиге былай деді:

«Егер Хамзаны өлтірсең, сені азат етемін, бостандыққа жіберемін!» Хинд те: «Оны өлтірсең, саған көп алтын мен асыл тастар беремін!» – деп уәде етті.2

«Ухуд бізді жақсы көреді, біз де оны жақсы көреміз» Хадис шәриф

Барлық дайындығын аяқтаған Құрайыш әскері туларын көтерді: бірін Талха бин Әби Талхаға, бірін Ахабиштен бір кісіге, бірін Увәйф ұлы Суфйанға берді.

Меккеде дайындық аяқталған еді. Хазреті Аббас сенімді бір кісі арқылы Мәдинаға дереу хат жіберді. Онда ол мүшріктердің үш мың адамдық әскер құрғанын, олардың жеті жүзі сауытты, екі жүзі атты екенін, үш мың түйесі мен сансыз қару-жарағы бар екенін хабарлады. Аббас әскердің жолға шығайын деп тұрғанын да білдіріп, соған қарай шара қолдануды өтінді.

Осыдан кейін Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жағдайды анықтау үшін бірнеше жолдасына тапсырма берді. Бұл сахабалар Меккеге қарай жол тартты. Жолда мүшрік әскерінің келе жатқанын естіп, мәлімет жинай бастады. Істерін тез бітіріп, асығыс Мәдинаға қайтып оралды. Көргендері мен білгендері келген хатпен сәйкес келді.

Әлемдердің мырзасы дереу дайындыққа кірісті. Сонымен қатар тосын шабуылға ұшырамау үшін Мәдинаның айналасына күзетшілер қойып, шара қолданды. Құрметті сахабалар қысқа уақытта жиналып, дайындықтарын аяқтады. Үйде қалғандармен қоштасып, бір-бірімен разылық алысып, пайғамбарлардың сұлтанының айналасына жиналды.

Ол күн жұма еді. Пайғамбарымыз сахабаларына жұма намазын оқытты. Хұтбада ол Аллаһу та’аланың дінін тарату үшін жиһад етудің, Аллаһ жолында соғысудың маңызына тоқталды. Осы жолда өлгендердің шәһид болып, жәннатқа баратынын сүйіншіледі. Жау алдында табандылық танытқандарға, қиындықтарға кеуде тосқандарға Аллаһу та’аланың көмек беретінін хабарлады.

Расул-и әкрам құрметті сахабаларымен соғысты қай жерде жүргізу керектігі туралы кеңескісі келетінін айтып, сол түні көрген түсін баяндады. Ол былай деді: «Түсімде өзімді берік сауыттың ішінде көрдім. Зулфиқар қылышымның жүзінде бір кетік пайда болғанын, бауыздалған бір сиырды, артынан бір қошқардың әкелінгенін көрдім». Құрметті сахабалар: «Йа, Расулаллаһ! Бұл түсті қалай жорыдыңыз?» – деп сұрағанда, ол былай деді: «Берік сауыт кию – Мәдинаға, Мәдинада қалуға ишарат. Сонда қалыңдар…

Қылышымның жүзінде кетік көруім – маған бір зиян келетініне ишарат. Бауыздалған сиыр – сахабаларымның кейбірі шәһид болатынына ишарат. Артынан әкелінген қошқарға келсек, қошқар – бір әскери жасаққа ишарат, оларды, иншаллаһ, Хақ та’ала жояды».

Басқа бір риуаятта ол былай деді: «Түсімде қылышымды жерге ұрдым, оның жүзі сынды. Бұл – Ухуд күні сахабаларымның кейбірі шәһид болатынына ишарат. Қылышымды қайта жерге ұрдым, ол бұрынғы тегіс қалпына келді. Бұл Аллаһу та’аладан жеңіс (фатх) келетініне, мүминдердің бір жерге жиналатынына ишарат».

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өзіне уахи арқылы білдірілмеген істерде сахабаларымен кеңесетін және соған қарай әрекет ететін. Жауды қай жерде қарсы алу керектігі туралы сахабалардың кейбірі: «Мәдинада қалып, қорғаныс соғысын жүргізейік», – деді. Бұл ұсыныс Пайғамбарымыздың қалауына да сай келді. Хазреті Әбу Бәкір, Омар, Са’д бин Муаз (радиаллаһу анһум) сияқты үлкен сахабалар да Пайғамбарымыз сияқты ойлайтын. Алайда Бәдір соғысында бола алмаған батыр жас сахабалар Бәдір соғысына қатысқан сахабалардың тапқан әжірі мен сауабын3, Бәдір шәһидтерінің жеткен жоғары дәрежелерін Пайғамбарымыздан естіген сайын, ол соғыста бола алмағандарына қатты қайғыратын. Сондықтан олар жауды Мәдинаның сыртында қарсы алып, бетпе-бет соғысқысы келді. Хазреті Хамза, Нұғман бин Малик, Са’д бин Убадә солардың қатарында еді. Хазреті Хайсәмә рұқсат сұрап, былай деді: «Йа, Расулаллаһ! Құрайыштық мүшріктер әр түрлі араб тайпаларынан әскер жинады. Түйелеріне, аттарына мініп, жерімізге кірді. Бізді үйлерімізде және бекіністерімізде қоршап тұрады да, кейін бұрылып кетеді. Артымыздан неше түрлі сөз айтады. Бұл жағдай олардың батылдығын арттырады, олар жаңа шабуылдар ұйымдастырады. Қазір оларға қарсы шықпасақ, басқа араб тайпалары да бізге көз алартады. Аллаһу та’ала бізге мүшріктерге қарсы жеңіс береді деп үміттенемін.

Егер екіншісі болса, ол – шәһидтік; Бәдір мені одан құр қалдырды. Ал мен оны қатты аңсаған едім. Ұлым менің Бәдір соғысына қатысқым келетінін естігенде, менімен жеребе тартқан еді. Ол менен бақыттырақ болып шықты – шәһидтік мәртебесіне жетті.

Йа, Расулаллаһ! Шәһидтікті қатты аңсадым. Кеше түнде түсімде ұлымды көркем бір кейіпте көрдім. Ол жәннат бақтары мен өзендерінің арасында серуендеп жүр екен, маған: „Жәннат иелеріне қосыл! Мен Аллаһу та’ала уәде еткен ақиқатқа жеттім!“ – деді.

Йа, Расулаллаһ! Аллаһпен ант етемін, таңертеңнен бері ұлыма жәннатта жолдас болуды қатты қалай бастадым. Енді жасым да ұлғайды. Раббыма қауышудан басқа мұратым қалмады.

Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Шәһид болып, ұлыма жәннатта жолдас болу мәртебесіне жетуім үшін Аллаһу та’алаға дұға етіңіз!..» – деп жалбарынды. Пайғамбарымыз оның бұл өтінішін жерге тастамай, шәһид болуы үшін дұға етті.

Көпшіліктің осындай пікірде екенін көрген сүйікті Пайғамбарымыз жауды Мәдинаның сыртында қарсы алуға шешім қабылдады. Сосын былай деді: «(Ей, сахабаларым!) Сабыр етіп, табандылық танытсаңдар, Хақ та’ала бұл жолы да сендерге көмегін береді. Бізге тиесілісі – берік ниет пен жігер көрсету!»

Екінті намазын оқытқаннан кейін Ғаламның Сұлтаны бақытты әрі мүбәрәк үйіне барды. Артынан хазреті Әбу Бәкір мен Омар рұқсат алып кірді. Олар Расул-и әкрамға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сәлдесін орауға, сауытын киюге көмектесті. Пайғамбарымыз қылышын беліне байлап, қалқанын арқасына орнатты.

Бұл кезде сыртта құрметті сахабалар жиналып, Пайғамбарымызды күтіп тұрған еді. Мәдинада қалып, қорғаныс соғысын жүргізуді қалағандар басқаларға: «Расулуллаһ Мәдинадан сыртқа шығуды ойламаған еді. Ол мұны сендердің сөздеріңмен қабыл алды. Ал Расулуллаһ әмірді Аллаһу та’аладан алады. Сендер бұл істі оған қалдырыңдар. Ол не бұйырса, соны істеңдер», – деді. Басқалары да істегендеріне өкініп: «Расул-и әкрамға қарсы шыққан болып жүрмейік», – деп, бұл ойларынан бас тартты. Сүйікті Пайғамбарымыз сәадатханасынан шыққанда, олар оның алдына барып: «Жанымыз сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Қалай қаласаңыз, солай етіңіз. Мәдинада қалғыңыз келсе, қалайық. Біз сіздің әміріңізге қарсы шығудан Хақ та’алаға сыйынамыз», – деп кешірім сұрады.

«Сахабаларыма тіл тигізбеңдер! Ухуд тауындай алтын садақа берсеңдер де, ол олардың бір уыс арпа садақасының сауабындай бола алмайды!» Хадис шәриф

Хабиб-и әкрам Пайғамбарымыз былай деді: «Пайғамбар киген сауытын Хақ та’ала онымен дұшпанының арасында үкім шығарғанға дейін соғыспай шешпейді. Сендерге насихатым мынау: бұйырғандарымды орындасаңдар, Аллаһу та’аланың есімін еске алып, сабыр етіп, табандылық танытсаңдар, Аллаһу та’ала сендерге көмек береді…»

Осы кезде хазреті Амр бин Жәмух үйінде төрт ұлына: «Балаларым! Мені де осы жорыққа алып барыңдар!» – дейтін, ал ұлдары әкелерін көндіруге тырысып: «Әкетай! Аяғың ақсақ болғандықтан, Аллаһу та’ала сені үзірлі деп санады. Расулуллаһ та сені үзірлі деп санады. Жиһадқа шығу саған міндет етілмеген. Сенің орныңа біз барамыз!» – дейтін. Алайда хазреті Амр: «Сендей балаларға ұят-ай! Бәдір соғысында да осылай деп мені жәннатқа жетуден тыйдыңдар. Бұл жорықтан да құр қалдырмақсыңдар ма?..» – деді. Сосын ол сүйікті Пайғамбарымыздың алдына келіп: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Ұлдарым түрлі сылтаулар айтып, мені бұл жорықтан құр қалдырғысы келеді. Аллаһпен ант етемін, мен сізбен бірге жорыққа шығып, жәннатқа кіру мәртебесіне жеткім келеді. Йа, Расулаллаһ! Менің Аллаһ жолында соғысып, шәһид болып, мына ақсақ аяқтарыммен жәннатта жүруімді жөн деп таппайсыз ба?» – деді. Әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыз: «Иә, жөн деп табамын», – деді. Бұған қатты қуанған хазреті Амр бин Жәмух дайындалып, әскерге қосылды.4

Мәдинада намаз оқыту үшін Абдуллаһ ибн Үммү Мәктум қалдырылды.5

Расулдардың сұлтаны үш ту байлады. Бірін Хубаб бин Мунзирге, екіншісін Усәйд бин Худайрға, үшіншісін Мусаб бин Умәйрге берді. Мың адам шамасындағы әскерде екі атты және жүз сауытты жауынгер бар еді.6

Жұма күні екінтіден кейін сүйікті Пайғамбарымыз «Аллаһу әкбар!» деген тәкбір дауыстарының астында, айтқа бара жатқандай, Ухудқа қарай жолға шықты. Алдында сауыт киген хазреті Са’д бин Убадә мен Са’д бин Муаз, оң жағында мұхажирлер, сол жағында ансарлар келе жатты.

Жолда олар яһудилерден құралған алты жүз адамдық бір әскери жасаққа кезікті. Бұлар мұнафықтардың (екіжүзділердің) басшысы Абдуллаһ бин Убәй бин Сәлулдің одақтастары еді және ислам әскеріне қосылғысы келді. Пайғамбарымыз: «Олар мұсылман болған ба?» – деп сұрады. «Жоқ, йа, Расулаллаһ», – деп жауап берді. Сонда ол: «Барып айтыңдар, кері қайтсын. Өйткені біз мүшріктерге қарсы кәпірлерден көмек сұрамаймыз», – деді. Құрметті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдина мен Ухудтың арасындағы Шәйхайн деген жерге келді. Түнеу үшін осында тоқтады. Күн әлі батпаған еді. Әскердің ішінде жаумен соғысып, шәһидтік дәрежесіне жеткісі келген бала жастағы сахабалар да бар еді. Сүйікті Пайғамбарымыз мұнда әскерді қарап шыққанда, онда он жетідей бала бар екенін көрді.

Олардың арасынан Рафи бин Хадиж бойы ұзынырақ көріну үшін аяғының ұшымен тұрды. Хазреті Зухәйр: «Йа, Расулаллаһ! Рафи жақсы оқ атады», – дегенде, оны әскерге алды. Мұны көрген Сәмура бин Жүндүп: «Мен күресте Рафиді жеңе аламын. Сондықтан мен де жорыққа қатысқым келеді», – деді. Пайғамбарымыз жымиып, екеуін күрестірді. Хазреті Сәмура Рафиді жеңгенде, оны да мүжаһидтердің қатарына алды. Қалған балаларды сонда қалғандарды қорғау үшін Мәдинаға қайтарды.7

Ақшам және құптан намаздарының азанын Біләл Хабаши мұңды дауысымен айтты. Сүйікті Пайғамбарымыз намазды оқытқан соң, Мұхаммед бин Мәсләмәні елу адамдық жасақтың басына қойып, оларға таңға дейін күзетте тұруды бұйырды. Құрметті сахабалар демалуға тарасты. Сол түні Пайғамбарымыздың бас жағында күзетте тұру мәртебесі хазреті Зәкуанға нәсіп болды.

Осы аралықта жау әскері ислам әскерінің Шәйхайнда демалуға тоқтағанын біліп, Икримәнің басшылығымен бір атты жасақты барлауға жіберді. Әлі мұсылман болмаған Икримә өз жасағымен Харра деген жерге дейін ислам әскеріне жақындаса да, мүжаһидтердің күзетінен қорқып, кері шегінді. Таң атқанда Әлемдердің мырзасы сахабаларын оятты. Олар Ухуд тауына келді. Мұнда екі әскер бір-бірін көре алатын еді. Біләл Хабаши рухтарды тебірентетін, жүректерді елжірететін мұңды дауысымен таң намазының азанын айтты. Мүжаһидтер қаруларын шешпестен сүйікті Пайғамбарымыздың артында намаздарын оқып, дұғаларын жасады. Ғаламның Сұлтаны үстіне екінші сауытты, мүбәрәк басына дулыға киді.

Осы кезде мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ бин Убәй: «Біз мұнда өзімізді өлтірту үшін келдік пе? Мұны басында неге түсінбедік?» – деп, 300-дей мұнафықпен бірге ислам әскерін тастап, Мәдинаға қайтып кетті.

Иман келтірген, жүректері бір болған, еш қаймықпастан бұл жолға жандарын, бастарын тіккен және шәһидтік дәрежесіне жетуге құштар болған адамдардың саны жеті жүздей еді. Олардың бәрі сүйікті Пайғамбарымызды қанының соңғы тамшысына дейін қорғауға сөз берді.

Пайғамбарлардың мырзасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүжаһидтерді сапқа тұрғызды. Әскерді арты Ухуд тауына, алды Мәдинаға қарайтындай етіп орналастырды.

«Пайғамбар киген сауытын Хақ та’ала онымен дұшпанының арасында үкім шығарғанға дейін соғыспай шешпейді» Хадис шәриф

Ухуд соғысы

Оң қанатқа ол Укаша бин Михсанды, сол қанатқа Әбу Сәләмә бин Абдуләсадты басшы етіп тағайындады. Са’д бин Әби Уаққас пен Әбу Убайда бин Жәррах алдыңғы сапта садақшылар жасақтарының басында орын алды. Сауытты жасақтардың басына Зубәйр бин Аууам, алдағы сауытсыз жасақтардың басына хазреті Хамза тұрды. Миқдад бин Амрға арттағы жасақтардың басында тұру міндеті жүктелді.

Аллаһ үшін ғана сүйетін, Аллаһ үшін ғана жек көретін еді ол,
өзі үшін дос та, дұшпан да болмады ол – жомарттық кені.
Қарқылдап ешқашан күлмеді, ешкімді сөкпеді ол,
сөзі тәтті, жүзі жайдары еді әр сәт ол – жомарттық кені.
Ұят пен жұмсақтықпен, мейірім мен құрметпен безенген еді,
жалынып келгенді көз жасымен қайтармайтын еді ол – жомарттық кені.

Ислам әскерінің сол жағында Айнайн төбесі бар еді. Бұл төбеде тар өткел болатын. Расул-и әкрам бұл өткелге Абдуллаһ бин Жубәйрдің басшылығымен елу садақшы қойды. Садақшылар өткелде өз орындарын алды. Сүйікті Пайғамбарымыз олардың қасына келіп, мынадай қатаң әмір берді:

«Бізді арт жағымыздан қорғаңдар. Орындарыңда тұрыңдар және бұл жерден еш кетпеңдер. Жауды жеңгенімізді көрсеңдер де, біз сендерге хабар бермейінше, адам жібермейінше орындарыңнан ешқашан кетпеңдер. Жаудың бізді өлтіретінін, өлтіргенін көрсеңдер де, келіп бізге көмектеспеңдер.

Бізді олардан қорғауға тырыспаңдар. Жаудың атты әскері сендерге қарай ұмтылған сайын, оларды оққа ұстаңдар. Өйткені атты әскер атылған оқтарға қарсы келе алмайды. Аллаһым! Бұларды оларға жеткізгеніме Сені куә етемін!» Бұл әмірлерін бірнеше рет қайталаған соң, сүйікті Пайғамбарымыз былай деді: «Құстардың денелерімізді таласа-тармаса жеп жатқанын көрсеңдер де, мен сендерге адам жібермейінше, орындарыңнан ешқашан кетпеңдер.8 Кәпірлерді қырып, аяғымыздың астына таптағанымызды көрсеңдер де, мен сендерге хабар жібермейінше, орындарыңды ешқашан тастамаңдар!..» Сосын ол сол жерден кетіп, әскердің басына барып тұрды.

Туды ол Мусаб бин Умәйрге берді. Хазреті Мусаб қолында туымен Пайғамбарымыздың алдында өз орнын алды.9 Осы кезде жаңа үйленген хазреті Ханзала Мәдинадан асығыс Ухудқа келіп, мүжаһидтердің сапына қосылды.

Ухудқа үш күн бұрын келген мүшрік әскерін Әбу Суфйан басқарып тұрды. Олар Мәдинаны арқа жақтарына қалдыратындай етіп орналасты. Оң қанаттағы атты әскерді Халид бин Уәлид, сол қанаттағы атты әскерді Икримә басқаруға тиіс еді. Сафуан бин Умәййәнің де атты жасақтардың басында тұрғаны риуаят етіледі. Мүшріктердің туын Талха бин Әби Талха көтеріп жүрді.

Екі әскердің арасындағы күш арақатынасы мүлдем тең емес еді. Құрайыш әскері саны, қару-жарағы және жабдығы жағынан ислам әскерінен төрт еседен де артық болатын.

Құрайыш әскерінде у-шу мен айқай-шу бір сәт те басылмады; кек алу құмарлығынан көздерін қан басқан әйелдер дабыл мен дауылпаз қағып, ән салып, әскерді соғысқа айдап салатын, табынатын пұттарынан көмек сұрайтын.

Ал мүжаһидтер жағында дұғалар жасалып, «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!..» деп тәкбірлер айтылып жатты. Олар ислам діні қорғалып, таралуы үшін Аллаһу та’аладан көмек сұрады.

Сүйікті Пайғамбарымыз батыр сахабаларын жиһадқа, Хақ та’аланың жолында соғысуға үндеп, бұл жолда табатын сауаптарын баяндап, былай дейтін: «Ей, сахабаларым! Саны аз адамдарға жаумен соғысу ауыр тиеді. Егер олар табандылық пен жігер танытса, Аллаһу та’ала оларға жеңілдік береді. Өйткені Аллаһу та’ала Өзіне бағынғандармен бірге… Аллаһу та’ала сендерге уәде еткен сыйды сұраңдар…» Ухуд соғысына қатысты аят кәрималарда да мағынасы бойынша былай делінген: «(Ей, мүминдер!) Рақымға бөленулерің үшін Аллаһу та’алаға және Оның Расулына (бұйырғандарында) бағыныңдар.

Раббыларыңнан кешірім сұрауға және Аллаһу та’аладан қорқатындар үшін дайындалған, ені көктер мен жердей болған жәннатқа асығыңдар (бұл үшін бейне бір жарысыңдар). (Ол тақуалар) молшылықта да, таршылықта да малдарын Аллаһ жолында береді. Ашуларын ұстай біледі және адамдарды кешіреді. Аллаһу та’ала ихсан (игілік) жасаушыларды жақсы көреді».10

«Міне, олардың сыйы – Раббыларынан кешірім және ағаштарының астынан өзендер ағатын жәннаттар. Олар онда мәңгі қалады. Осылай істегендердің, Аллаһу та’алаға және Оның Расулына бағынғандардың сыйы қандай көркем!»11

«Кәпірлерді қырып, аяғымыздың астына таптағанымызды көрсеңдер де, мен сендерге хабар жібермейінше, орындарыңды ешқашан тастамаңдар!..» Хадис шәриф

Жүректері иманға толы, көздерінен батырлық ұшқындары шашыраған, шәһид болу арманымен жанған құрметті сахабалар орындарында тұра алмай, тезірек жауға атылу үшін әмір күтіп тұрды. Бәдір соғысындағыдай хазреті Әли ақ, Зубәйр бин Аууам сары, Әбу Дужанә қызыл түсті сәлделерін бастарына байлады. Хазреті Хамза да түйеқұстың қауырсынынан жасалған үкісін тақты. Екі әскер бір-біріне әбден жақындады. Толқу енді ең шегіне жеткен еді.

Біраздан соң бір жақта Аллаһу та’аланың дінін тарату үшін ең жақындарымен соғысудан да еш тайынбаған ислам мүжаһидтері, екінші жақта жалған жолдарында қасарысып тұрған ислам дұшпандары арасында үлкен майдан соғысы басталайын деп тұрды.

Әскерлер бір оқ жетер жерге жақындағанда, жау сапынан түйесін алға қарай айдаған сауытты бір мүшрік мүжаһидтерден өзімен жекпе-жекке шығатын батыр сұрады. Бәрі одан қорқады деп ойлап, ол бұл талабын үш рет қайталады. Сонда ислам әскерінен ұзын бойлы, сары сәлделі бір батыр мүжаһидтің жаяу майданға шыққаны көрінді. Бұл Пайғамбарымыздың әкесінің қарындасының ұлы Зубәйр бин Аууам (радиаллаһу анһу) еді. Ислам әскерінен «Аллаһу әкбар!..» деген дауыстар көтеріліп, хазреті Зубәйрдің жеңісі үшін дұға жасалып жатты. Зубәйр бин Аууам мүшрікке жақындай бере, оның түйесінің үстіне секіріп мінгені көрінді. Түйенің үстінде жан түршігерлік алысу басталды. Осы кезде сүйікті Пайғамбарымыздың: «Оны жерге құлат!» – дегені естілді. Хазреті Зубәйр бұл әмірді ала сала қарсыласын төмен итеріп түсірді. Сосын өзі де секіріп түсіп, қылышымен оның мойнын шапты. Мүшріктің дулығалы басы сауытты денесінен бөлініп түсті. Пайғамбарымыз хазреті Зубәйрге дұға етті.

Сосын мүшріктердің ту ұстаушысы Талха бин Әби Талха майданға атылып шығып: «Араларыңда маған қарсы шығатын адам бар ма?» – деп айқайлады. Оған қарсы Аллаһу та’аланың арыстаны хазреті Әли шықты. Ол басынан аяғына дейін сауытқа оранған мүшрік ту ұстаушының басын бір ұрғаннан иегіне дейін жарды. Мұны көрген сүйікті Пайғамбарымыз: «Аллаһу әкбар!.. Аллаһу әкбар!..» – деп тәкбір айтты. Оған құрметті сахабалар да қосылғанда, тәкбір дауыстары жер мен көкті күңірентті.12

Мүшріктердің туының жерге түскенін көрген Талханың бауыры Осман бин Әби Талха майданға жүгіріп шықты. Туларын көтеріп, өзімен жекпе-жекке батыр сұрады. Оған қарсы хазреті Хамза шықты. Ол «Йа, Аллаһ!» деп, Османның иығына қылышпен сондай қатты соқты, ту ұстаған қолы жұлынып түскен мүшрік жерге құлап, жан тапсырды.13

Бұл жолы да мүшріктер туының қайта жерге түскенін көрген Әбу Са’д бин Әби Талха жаяу майданға шықты. Ол да басынан аяғына дейін сауытта еді. Күпірліктің туын жерден көтеріп, ислам әскеріне бұрылды да: «Мен – Қусамның әкесімін. Маған қарсы кім шыға алады?» – деп айқайлай бастады. Пайғамбарымыз оған қарсы да хазреті Әлиді шығарды. Хазреті Әли бұл мүшрікті де өлтіріп, туларын жерге құлатқаннан кейін мүжаһидтердің сапында өз орнын алды.

Бұдан кейін көптеген мүшріктер кезек-кезек майданға шығып, жерге түскен туларын көтеріп, мүжаһидтерден өздеріне қарсы батыр шығаруды талап етті. Бірақ әр жолы Аллаһу та’аланың рұқсатымен батыр сахабалар жеңіп шықты. Әрбір ту ұстаушы өлтірілгенде ислам әскерінен тәкбір дауыстары көтеріліп, жау сапына үлкен қайғы мен үмітсіздік түсетін. Тіпті айқай-шуы көкке жеткен мүшрік әйелдері де бір жағынан өз әскерлерін: «Ұят-ай сендерге!..» – деп қорласа, екінші жағынан: «Тағы не күтіп тұрсыңдар?..» – деп соғысқа айдап салатын.

Бұл қылыштың хақын кім өтейді?

Екі жақ та орнында тұра алмай тұрған бір қызу сәтте сүйікті Пайғамбарымыз қолында ұстаған қылышын көрсетті. Оның бетіне мына бәйіт жазылған еді:

Қорқақтықта – ар, алға ұмтылуда – абырой мен құрмет бар.
Адам қорыққанымен тағдырдан құтыла алмас.

Және оның: «Бұл қылышты менен кім алады?» – дегені естілді. Мұны естіген құрметті сахабалардың көбі оны алу үшін бір мезетте қолдарын созды. Пайғамбарымыз қайтадан: «Оның хақын өтеу үшін кім алады?» – дегенде, құрметті сахабалар үнсіз қалып, кейін шегінді. Қылышты ынтыға сұрағандардың бірі Зубәйр бин Аууам: «Мен аламын, йа, Расулаллаһ», – деді. Пайғамбарымыз қылышты хазреті Зубәйрге бермеді. Әбу Бәкір, Омар, Әлидің (радиаллаһу анһум) өтініштерін де Пайғамбарымыз қабыл етпеді.

Әбу Дужанә: «Йа, Расулаллаһ! Бұл қылыштың хақы не?» – деп сұрады. Сүйікті Пайғамбарымыз былай деді: «Оның хақы – иіліп-бүгілгенше онымен жауды шабу. Оның хақы – онымен мұсылманды өлтірмеу, онымен кәпірлердің алдынан қашпау. Аллаһу та’ала саған жеңіс немесе шәһидтік нәсіп еткенше, онымен Аллаһ жолында соғысу». Сонда Әбу Дужанә: «Йа, Расулаллаһ! Мен оны хақын өтеу үшін аламын», – деді. Пайғамбарымыз қолындағы қылышты оған тапсырды.14

Әбу Дужанә (радиаллаһу анһу) өте батыл әрі батыр болумен қатар, соғыс майдандарында өте айлалы әрекет ететін, «Соғыс – айла»15 деген хадис шәрифті толық ұстанатын. Хазреті Әбу Дужанә қылышты алған соң, бәйіттер айта отырып, соғыс майданына қарай кердеңдеп, асықпай әрі мақтаныш кейіппен адымдап жүре бастады. Үстінде бір көйлегі мен басындағы қызыл сәлдесінен басқа ештеңе жоқ еді.

Хазреті Әбу Дужанәнің бұл жүрісін құрметті сахабалар онша құптамады. Сонда Пайғамбарымыз: «Бұл – мұндай жерлерден (соғыс майдандарынан) басқа жерде Аллаһу та’аланың қаһарына себеп болатын жүріс», – деп, кердең жүрістің тек жау алдында ғана рұқсат екенін білдірді.

Артық күте алмаған Халид бин Уәлид мүшріктер сапынан қарамағындағы әскермен шабуылға атылды. Сүйікті Пайғамбарымыз да орындарында тұра алмай тұрған құрметті сахабаларға шабуылға шығуды әмір етті. Бір сәтте соғыс майданы «Аллаһу әкбар!» деген дауыстарға толды. Ең алдында, сауытсыз жасақтардың басында хазреті Хамза қолындағы қылыштарымен әрбір кезіккен кәпірді шаба бастады. Үлкен ашу-ызамен келген Халид бин Уәлидтің әскері дереу кері қуылды. Содан кейін Халид бин Уәлид тау өткелі арқылы арттан соққы беру үшін кең айналып, Айнайн төбесіне жетті. Бірақ хазреті Абдуллаһ бин Жубәйр мен оның қарамағындағы елу батыр оларды оқ жаңбырымен кері қуып жіберді.

Енді соғыс қыза түсті. Екі жақ та бар күшімен соғысып жатты. Әрбір сахаба кемінде төрт мүшрікпен алысып, алға өтуге тырысты.

«Ей, сахабаларым! Саны аз адамдарға жаумен соғысу ауыр тиеді. Егер олар табандылық пен жігер танытса, Аллаһу та’ала оларға жеңілдік береді» Хадис шәриф

Хазреті Хамза бір жағынан: «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» – деп айқайлап, екінші жағынан: «Мен – Аллаһу та’аланың арыстанымын!» – деп, жауды қыра-жайрата алға жылжып келе жатты. Сафуан бин Умәййә айналасындағыларға: «Хамза қайда? Маған оны көрсетіңдер», – деп, соғыс майданын шолып тұрды. Кенет оның көзі екі қылышпен соғысып жүрген бір адамға түсті де: «Мына соғысып жүрген кім?» – деп сұрады. Айналасындағылар: «Сен іздеген адам! Хамза!» – деді. Сафуан: «Мен бүгінге дейін өз қауымын өлтіруге ұмтылған ол сияқты ызалы әрі жүректі басқа адамды көрген емеспін», – деді.

Соғыс әбден қызған кезде мұхажирлерден Зубәйр бин Аууам қылыштың өзіне берілмегеніне көңілі қалып, өз-өзіне: «Мен Расулуллаһтан қылышты сұрадым, бірақ ол оны Әбу Дужанәге берді. Мен оның әкесінің қарындасы Сафияның ұлымын ғой. Оның үстіне мен Құрайыштанмын. Әрі алдымен мен сұраған едім ғой. Барып көрейінші, Әбу Дужанә менен артық не істер екен?» – деді. Содан кейін ол Әбу Дужанәні бақылай бастады. Хазреті Әбу Дужанә «Аллаһу әкбар!» деп тәкбір айтып, мүшріктерден кімге кезіксе, соны шауып өлтіріп жүрді. Мүшріктердің ең озбырларының бірі, ірі денелі, бүкіл денесі сауытпен жабылып, тек көздері ғана көрініп тұрған бір адам Әбу Дужанәмен бетпе-бет келді. Алдымен ол өзі хазреті Әбу Дужанәге шабуыл жасады. Әбу Дужанә оның соққысынан қалқанымен қорғанды. Мүшріктің қылышы Әбу Дужанәнің қалқанына батып кетті. Ол қылышына жабысып тартты, бірақ суырып ала алмады. Енді кезек Әбу Дужанәге келген еді. Ол қылышпен бір шауып, қарсыласын өлтірді.

Бұдан кейін Әбу Дужанә алдынан шыққан әрбір имансызды жайратып, тау етегінде дабылдарымен мүшріктерді қайрап тұрған әйелдердің қасына дейін жетті. Бірақ қылышын көтерген күйі Әбу Суфйанның әйелі Хиндті өлтіруден бас тартты.16 Мұны көрген Зубәйр бин Аууам өз-өзіне: «Қылыштың кімге берілуі керек екенін Аллаһ пен Оның Расулы менен жақсырақ біледі», – деді. Және: «Аллаһпен ант етемін, мен одан жақсырақ соғысатын, шабатын адамды көрмедім», – деп қосты.

Миқдад бин Әсуад, Зубәйр бин Аууам, хазреті Әли, хазреті Омар, Талха бин Убәйдуллаһ, Мусаб бин Умәйр – бәрі де алынбас қамалдай еді. Пайғамбарымыздың жауға өте жақын тұрып соғысқанын, қайта-қайта шабуылдағанын көрген даңқты сахабалар орындарында тұра алмады. Расулуллаһқа зиян келуі мүмкін деп, оның айналасына жиналып, сауытқа оранған жауға көз аштырмады. Осы кезде хазреті Абдуллаһ бин Амрдың шәһид болғаны көрінді. Бұл – Ухудтың алғашқы шәһиді еді. Оның шәһид болғанын көрген жолдастары арыстанға айналып, Аллаһу та’аланың ризалығы үшін жаудың дәл ортасына атылды.

Соғыс әбден қызған бір сәтте батырлықтың нышаны хазреті Абдуллаһ бин Жахш пен садақшылардың пірі хазреті Са’д бин Әби Уаққас кездесті. Екеуі де әр жерінен жараланған еді. Хазреті Са’д бин Әби Уаққас былай баяндайды: «Ухудта соғыстың ең қызған сәттерінің бірі еді. Кенет Абдуллаһ бин Жахш қасыма келіп, қолымнан ұстап, мені бір жартастың түбіне тартты. Сөйтті де маған: „Қазір осы жерде сен дұға ет, мен «Әмин» деймін. Сосын мен дұға етейін, ал сен «Әмин» де!“ – деді. Мен: „Жарайды“, – дедім. Мен былай дұға еттім: „Аллаһым! Маған өте күшті әрі қатал дұшпандарды жібер. Олармен аяусыз соғысайын. Бәрін өлтірейін. Ғази болып қайтайын“. Менің бұл дұғама ол шын жүрегімен: „Әмин“, – деді.

Сосын ол өзі дұға ете бастады: „Аллаһым! Маған күшті дұшпандарды жібер, олармен аяусыз соғысайын. Жиһадтың хақын өтейін. Бәрін өлтірейін. Соңында олардың бірі мені шәһид етсін. Сосын еріндерімді, мұрнымды, құлақтарымды кесіп алсын. Мен Сенің алдыңа қанға малынып келейін. Сен: «Абдуллаһ! Еріндеріңді, мұрныңды, құлақтарыңды не істедің?» – деп сұрағаныңда, мен: «Аллаһым! Мен олармен көп күнә жасадым, оларды тиісті орнында қолданбадым. Оларды алдыңа әкелуге ұялдым. Сүйікті Пайғамбарым қатысқан бір соғыста шаң-топыраққа малынып, солай келдім», – дейін“. Көңілім мұндай дұғаға „Әмин“ дегісі келмеді. Бірақ ол соны қалағандықтан және алдын ала сөз бергендіктен, еріксіз: „Әмин“, – дедім.

Сосын қылыштарымызды суырып, соғысты жалғастырдық. Екеуміз де алдымызға келгенді өлтіріп жатыр едік. Ол өте батырлықпен шабуылдап, жау сапын бытыратып жіберді. Ол жауды қайта-қайта шауып, шәһид болуға деген сөнбес құштарлықпен қайтадан атылатын. „Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!..“ – деп соғысып жүргенде оның қылышы сынып қалды. Сол сәтте сүйікті Пайғамбарымыз оған бір құрма ағашының бұтағын ұсынып, соғысты жалғастыруды бұйырды. Бұл бұтақ мұғжиза ретінде қылышқа айналды да, ол алдынан келген әркіммен соғысуын жалғастырды. Көптеген жауды өлтірді. Соғыстың соңына қарай Әбул-Хакам деген бір мүшріктің атқан оқтарынан ол аңсаған шәһидтігіне жетті. Ол шәһид болғанда, кәпірлер оның денесіне жабылып, мұрнын, еріндерін және құлақтарын кесіп алды. Оның бүкіл денесі қанға боялды».

Мүжаһидтердің сапында Қузман деген бір адам бар еді. Ол қылышының қынабын сындырып: «Өлген қашқаннан әлдеқайда артық!» – деді де, жалаң қылышпен мүшріктердің арасына атылды. Қузман көп батырлық, ерлік көрсетті. Жалғыз өзі жеті-сегіз кәпірді өлтірді. Ақырында жараланып, жерге құлады. Құрметті сахабалар оның бұл батырлығына таңғалып, Пайғамбарымызға хабарлағанда, ол: «Ол – тозақтық», – деді. Хазреті Қатадә бин Нұғман Қузманның қасына барып: «Ей, Қузман! Шәһидтік саған мүбәрәк болсын!» – дегенде, Қузман: «Мен дін жолындағы ғайрат үшін емес, құрайыштықтар Мәдинаға келіп, құрмалығымды қиратпасын деп соғыстым!» – деді. Сосын ол оқпен білегінің тамырын тесіп, өз-өзін өлтірді. Осылайша Пайғамбарымыздың: «Ол – тозақтық!» – деген сөзінің хикметі түсінікті болды.

Соғыстың басынан-ақ Әлемдердің мырзасы сүйікті Пайғамбарымыздан бастап барлық құрметті сахабалар үлкен күрес жүргізді. Қатты шабуылдармен мүшрік әскерін кері қуды. Тастан, ағаштан жасаған және «Лат, Узза, Һубал!» деп табынған пұттарынан пайда мен көмек сұраған мүшріктердің тобыры мүжаһидтердің бұл батырлықтарының алдында сасқалақтап қаша бастады. Оларды соғысқа айдап салу үшін келген әйелдер зар илеп, қашқан әскерлерді қуып жетуге тырысты.

Құрайыштық мүшріктер соғыс майданын тастап, өздерімен бірге алып келген малдарын қалдырып, Меккеге қарай қаша бастағанда, ислам әскерлері қуанып, Аллаһу та’ала өздеріне уәде еткен жеңіске жеткендері үшін Оған хамд етті. Саны мен күші жағынан бірнеше есе басым болса да, мүшріктер мұсылмандардың алдында ойсырай жеңілген еді. Олар бірін-бірі таптап қашқанда, даңқты сахабалар оларды қуып, қуып жеткендерін шауып өлтіріп жатты. Осы абыр-сабырда жаңа үйленген хазреті Ханзала бин Әби Амир атымен қашуға тырысқан мүшрік әскерінің бас қолбасшысы Әбу Суфйанды қуып жетті. Аттың аяқтарына қылышпен шауып, атты жерге құлатты. Жерге құлаған Әбу Суфйан бар дауысымен: «Ей, құрайыштықтар!.. Көмекке келіңдер!.. Мен – Әбу Суфйанмын! Ханзала мені қылышпен турамақ!..» – деп ащы дауыспен айқайлай бастады. Онымен бірге қашуға тырысқан мүшріктер бұл жағдайды көрсе де, өз жандарының қамымен қолбасшыларына назар аудармады.

«Соғыс – айла» Хадис шәриф

Бірақ сол сәтте хазреті Ханзаланың дәл артында тұрған мүшрік Шәддад бин Әсуад найзасын Ханзаланың арқасына қадады. Хазреті Ханзала «Аллаһу әкбар!» деп бір ұмтылыс жасамақ болса да, жерге құлап шәһид болды, оның мүбәрәк рухы жәннатқа ұшты. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деді: «Мен періштелердің көк пен жердің арасында Ханзаланы күміс табақтың ішінде жаңбыр суымен жуғандарын көрдім». Әбу Усәйди былай баяндады: «Расулуллаһтың бұл сөзін естігенде, мен Ханзаланың қасына бардым. Оның басынан жаңбыр суы тамшылап тұр екен. Қайтып келіп, мұны Расул-и әкрамға хабарладым». Хазреті Ханзаланы «Ғасилул-мәләика», яғни періштелер жуған кісі деп атады.17

Мүшріктердің қашқанын көрген Айнайн өткеліндегі садақшылардың кейбірі соғыс бітті деп ойлап, орындарын тастап кетті. Олардың басшысы Абдуллаһ бин Жубәйр мен он екі адам ғана орындарында қалды.18

Хазреті Әлидің батырлығы

Осы кезде сақтықпен күтіп тұрған, әр мүмкіндікті пайдалануға тырысқан құрайыштықтардың садақшылар жасағының басшысы Халид бин Уәлид өткелдегі мүжаһидтердің азайғанын көріп, қарамағындағы атты әскерді қозғалысқа келтірді.

Халид пен Икримә бин Әби Жәһл әп-сәтте Айнайн өткеліне жетті. Хазреті Абдуллаһ бин Жубәйр мен оның опалы, адал жолдастары сап түзеп, жайыла орналасты. Қорамсақтарындағы оқтар таусылғанша жауға оқ жаудырды. Сосын найзалармен соғысты, ал бетпе-бет келгенде «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деп, қылыштарымен талай батырлық көрсетті. Иманды мен имансыздардың арасындағы ара салмақ мүлдем тең емес еді: біреуге – жиырма бес. Даңқты, құрметті сахабалар Пайғамбарларының әмірін орындау үшін қанының соңғы тамшысына дейін соғысты. Бірінен соң бірі шәһидтік шәрбатын ішіп, мүбәрәк денелері жерге құлады, рухтары жәннатқа ұшты (радиаллаһу анһум).

Мүшріктер ыза-кекпен хазреті Абдуллаһтың киімдерін шешіп алып, мүбәрәк денесін найзалармен тесіп-тесіп тастады. Қарнын жарып, ішек-қарнын сыртқа шығарды.

Халид бин Уәлид пен Икримә өткелдегі мүжаһидтерді шәһид еткен соң, ислам әскеріне арттан жедел шабуыл жасады. Құрметті сахабалар арттарында кенет пайда болған жауды көріп, жиналып үлгермеді. Өйткені олардың көбі тіпті қаруларын да қойып қойған еді. Бәрі кенет өзгерді. Алда қашып бара жатқан құрайыштық мүшріктер Халид бин Уәлидтің арттан шабуылға шыққанын көріп, кері бұрылды. Мүжаһидтер екі оттың ортасында қалды. Жау алдынан да, артынан да шабуылдап, мүжаһидтерді қыса бастады. Сахабалардың бір-бірімен байланысы үзілді. Олар тарауға мәжбүр болды.19

Хазреті Әли былай баяндады: «Араларында Икримә бин Әби Жәһл де бар мүшріктер жасағының ортасына атылдым. Олар мені қоршап алды, көбін қылыштан өткіздім. Тағы бір жасақтың ішіне кірдім, олардың да көбін саптан шығардым. Ажалым жетпегендіктен, маған ештеңе болмады. Бір сәт мен Расулуллаһты көре алмадым. Өз-өзіме: „Ант етемін, ол соғыс майданын тастап кететін адам емес. Сірә, Аллаһу та’ала біздің жөнсіз істеріміз үшін оны арамыздан алып, көтеріп алған шығар! Енді мен үшін соғыса-соғыса өлуден басқа жол қалмады“, – дедім де, қылышымның қынабын сындырдым. Мүшріктерге шабуылдап, оларды бытыратқанымда, Расулуллаһтың олардың ортасында қалғанын көрдім. Сонда мен Аллаһу та’аланың Расулуллаһты періштелерімен қорғап тұрғанын түсіндім».

Жау әскерлері Расул-и әкрамның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қасына дейін жақындап келген еді. Жағдай өте қауіпті болды. Сүйікті Пайғамбарымыз биік құз таудай мызғымай тұрды, табандылық танытып, орнынан қозғалмады. Ол бір жағынан жаумен соғысып, екінші жағынан тарап кеткен сахабаларын жинауға тырысып, былай дейтін: «Ей, пәленше, маған қарай кел! Ей, пәленше, маған қарай кел! Мен – Расулуллаһпын.

Маған оралған адамға жәннат бар!» Хазреті Әбу Бәкір, хазреті Омар, Абдуррахман бин Ауф, Талха бин Убәйдуллаһ, Әли бин Әби Тәліп, Зубәйр бин Аууам, Әбу Дужанә, Әбу Убайда бин Жәррах, Са’д бин Муаз, Са’д бин Әби Уаққас, Хубаб бин Мунзир, Усәйд бин Худайр, Сәһл бин Хунәйф, Асым бин Сабит, Харис бин Симмә (радиаллаһу анһум) бір сәтте сүйікті Пайғамбарымыздың айналасына сақина болып тізіліп, оны қорғау үшін тірі қамал қабырғасын құрды.

Осы кезде хазреті Аббас бин Убадәнің тарап кеткен құрметті сахабаларды жинау үшін айқайлаған дауысы естілді: «Ей, бауырларым! Басымызға түскен бұл бәле – Пайғамбарымыздың әмірін орындамағанымыздың салдары. Тарамаңдар! Пайғамбарымыздың айналасына келіңдер! Егер біз оны қорғаушылардың қатарынан орын алмасақ және біздің кесірімізден Расулуллаһқа зиян келсе, Раббымыздың алдында айтар ешқандай сылтауымыз қалмайды!» Хазреті Аббас бин Убадә Харижә бин Зәйд және Әус бин Әрқаммен бірге «Аллаһу әкбар!» деп жалаң қылышпен жаудың ішіне атылды. Олар Расулуллаһтың жолында, оны қорғау үшін батырларша соғысты. Харижә бин Зәйд он тоғыз жерінен жараланған еді. Қалғандарының жаралары да одан кем емес еді. Үшеуі де қатты аңсаған шәһидтік дәрежесіне жетті.

Осы өте қауіпті сәтте құрметті сахабалар Пайғамбарымыздың айналасына бірте-бірте жинала бастады. Мүшріктер сүйікті Пайғамбарымызды және оған денелерімен қалқан болған даңқты сахабаларын шеңбердің ішіне алды. Әр жақтан жасақтармен ілгерілеп, шеңберді тарылтып келе жатты. Құрайыштықтардан бір топтың алға ұмтылғанын көрген Әлемдердің мырзасы қасындағы, жандарын құрбан етуге дайын тұрған сахабаларына: «Мына жасақты кім қарсы алады?» – дегенде, хазреті Уәхб бин Қабустың: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Мен қарсы аламын!» – деп алға ұмтылғаны көрінді. Аллаһу та’аланың мәртебелі есімін аузынан тастамаған бұл батыр жалаң қылышпен мүшріктердің арасына кіріп кетті. Пайғамбарымыз: «Саған жәннатты сүйіншілеймін», – деді. Оның жау алдында көрсеткен табандылығы мен жігерін көріп: «Аллаһым! Оған рақым ет! Оны аяй гөр!» – деді.

Мүшріктердің хазреті Уәхбті ортаға алып, найзалармен шәһид еткенін көрген Са’д бин Әби Уаққас оған көмектесу үшін алға атылды, жаудың ортасына кіріп, бұрын-соңды көрілмеген батырлықтар көрсетті. Көптеген кәпірді саптан шығарып, қалғандарын кері қуып, сүйікті Пайғамбарының қасына қайтып келді. Расул-и әкрам хазреті Уәхб туралы: «Мен сенен ризамын. Аллаһу та’ала да риза болсын», – деді. Хабиб-и әкрам Пайғамбарымыз мүжаһидтердің шеңберін жарып, өзіне қарай бір мүшрік тобының келе жатқанын көріп, хазреті Әлиге: «Оларға шабуыл жаса!» – деді. Хазреті Әли шабуылдап, Амр бин Абдуллаһты өлтірді, қалғандарын қашырды. Оның қылышы сынғанда, Пайғамбарымыз оған Зулфиқарды берді. Тағы бір топ келе жатқанда Пайғамбарымыз: «Ей, Әли! Бұлардың жамандығын менен қайтар», – деді. Жанын Расулуллаһқа құрбан еткен Аллаһу та’аланың арыстаны дереу шабуылға шықты. Шәйба бин Маликті өлтіріп, қалғандарын кері қуды. Сол сәтте Жәбрейіл алейһиссалам келіп, Пайғамбарымызға: «Йа, Расулаллаһ! Бұл – Әлиден шыққан ерекше ерлік», – деді. Расулуллаһ: «Ол менен, мен де оданмын», – деді.

«Мен періштелердің көк пен жердің арасында Ханзаланы күміс табақтың ішінде жаңбыр суымен жуғандарын көрдім» Хадис шәриф

Жәбрейіл алейһиссалам да: «Ал мен екеуіңненмін», – деді. Сол сәтте: «Әлидей батыр, Зулфиқардай қылыш жоқ», – деген бір дауыс естілді.

Сүйікті Пайғамбарымыздың қасына жақындай алмайтындарын түсінген мүшріктер оқ ата бастады. Атылған оқтар не оның үстінен өтіп, не алдына, не оң жағына, не сол жағына түсіп жатты.

Жауды кері қайтару үшін жандарын шүберекке түйіп соғысқан құрметті сахабалар бұл жағдайды көре сала Әлемдердің мырзасының айналасына жиналып, келген оқтарға мүбәрәк денелерін қалқан ете бастады. Пайғамбарымыз сахабаларына оқпен жауап беруді әмір еткенде, сахабалар да жауға оқ ата бастады. Сүйікті Пайғамбарымыз хазреті Са’д бин Әби Уаққасты өз алдына отырғызды. Өте мерген хазреті Са’д жауға тез-тез, бірінен соң бірін оқ жаудыра бастады. Қорамсағынан әрбір оқты суырғанда ол: «Йа, Раббым! Бұл – Сенің оғың. Онымен жауды дәл тигіз!» – дейтін, ал Пайғамбарымыз: «Аллаһым! Са’дтың дұғасын қабыл ет! Аллаһым! Са’дтың оғын дәл бағытта! Жалғастыр, Са’д! Жалғастыр! Анам мен әкем саған құрбан болсын!» – дейтін. Осылайша әрбір оқ атылғанда Пайғамбарымыз сол дұғаларын қайталап отырды.

Хазреті Са’дтың оқтары таусылғанда, сүйікті Пайғамбарымыз оған өз оқтарын беріп аттырды. Хазреті Са’д бин Әби Уаққастың әрбір оғы не бір жауға, не оның мінген малына тиіп жатты.

Мүшріктер оқ атқанда, хазреті Әбу Талха сүйікті Пайғамбарымыздың алдын жауып, келген әрбір оққа өз денесі мен қалқанын тосып, анда-санда жауды абыржытатын айқай салып қоятын. Пайғамбарымыз: «Әскердің ішінде Әбу Талханың дауысы жүз адамнан қайырлы», – деді. Әбу Талха мүмкіндік туған сайын мүшріктерге оқ атудан тартынбады, қатты әрі өте жылдам атты, атқан оғы бос кетпейтін. Расул-и әкрам оның атқан оқтарына қызығып, мүбәрәк басын көтерген сайын Әбу Талха Расулуллаһқа оқ тиіп кетеді деп қорқып, былай дейтін: «Анам мен әкем, жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Мүбәрәк басыңызды көтермеңіз, сізге жаудың оғы тиіп, зиян келтірмесін! Денем сіздің мүбәрәк денеңізге қалқан және сізге құрбан! Мені бауыздамайынша, олар сізге жете алмайды! Мен өлмейінше, сізге ештеңе болмайды!..» Осылайша ол сүйікті Пайғамбарымызды өз жанынан артық көрді.

Ухуд майданының әр тұсында аяусыз, сұмдық соғыс бар қарқынымен жалғасып, кейбірі атпен, кейбірі жаяу иман мен күпірліктің күресін жүргізіп жатты. Құрметті сахабалар әлі жинала алмаған еді. Пайғамбарымыздың айналасында бар-жоғы отыздай сахаба шамның айналасындағы көбелектей айналып жүрді. Олар келген оқтарға, найзаларға, қылыш соққыларына өз денелерін қалқан етті. Олардың жалғыз тілегі – Пайғамбарымыздың әмірін орындау және оған келуі мүмкін кез келген зиянды аулақтату еді. Батырлардың сардары хазреті Хамза сол абыр-сабырда Пайғамбарымыздан ажырап қалған еді. Ол бір топтың ортасында екі қолына екі қылыш ұстап соғысып, «Аллаһу әкбар!..» деген дауыстарымен жау жүрегіне үрей салып жүрді. Осы уақытқа дейін ол жалғыз өзі отыз бір мүшрікті өлтіріп, көбін қолсыз не аяқсыз қалдырған еді. Ол ортасына түскен мүшріктер тобын бытыратып жатқан кезде Сибағ бин Үммү Әнмар: «Маған қарсы тұра алатын батыр бар ма?» – деп, хазреті Хамзаны жекпе-жекке шақырды. Хазреті Хамза: «Қасыма кел, ей, сүндетші әйелдің баласы! Демек, сен Аллаһқа және Оның Расулына қарсы шығасың, солай ма?» – деді де, оған көз аштырмай, аяқтарынан ұстап жерге алып ұрды.20 Хазреті Хамза оның үстіне шығып, басын денесінен бөлді. Сосын қарсыдағы жартастың ар жағынан әлі мұсылман болмаған Уахшидің қолына найза ұстап, өзін көздеп тұрғанын көрді. Дереу оған қарай ұмтылды, бірақ алдындағы сел қазған шұңқырға жеткенде аяғы тайып, шалқасынан құлады. Сол сәтте қарны тұсынан сауыты ашылып қалды. Сәтін тапқан Уахши найзасын лақтырды!.. Найза ұшып келіп, хазреті Хамзаның мүбәрәк денесіне қадалып, ар жағынан шықты. Батырлардың ең ұлысы «Аллаһым!» деп, сол жерге отыра кетті. Ол шәһид болып, аңсаған дәрежесіне жетті. Аллаһу та’аланың жолында, сүйікті Пайғамбары үшін жанын құрбан етті (радиаллаһу анһу).

«Ей, Са’д! Анам мен әкем саған құрбан болсын! Йа, Раббым! Оның оқтарын нысанасына жеткіз және дұғаларын қабыл ет!» Хадис шәриф

Осы кезде жау сапында біреу: «Ей, Құрайыш жамағаты! Туыстық хақтарын сақтамаған, қауымдарыңды бөлген Мұхаммедпен соғысуды тоқтатпаңдар. Егер Мұхаммед құтылса, мен құтылмайын!..» – деп, мүшріктерді Ғаламның мырзасына (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) шабуыл жасауға айдап салып жатты. Бұл Асым бин Әби Ауфтың дауысы еді. Хазреті Әбу Дужанә бұл дауысты естіді. Соғыса-соғыса ол Асым бин Әби Ауфты тауып алып, дереу өлтірді. Бірақ оның артындағы мүшрік Ма’бәд бар күшімен хазреті Әбу Дужанәге қылыш сілтеді. Аллаһу та’аланың бір игілігі ретінде кенет әрі өте жылдам қимылмен жерге еңкейген Әбу Дужанә ажал соққысынан құтылып кетті. Дереу тұрып, Ма’бәдке қылышпен шауып, оны өлтірді.

Құрайыштық мүшріктердің нысанасы Әлемдердің мырзасы еді. Соған жақындау үшін олар бар күштерін салып жатты. Бірақ оның айналасында шамның айналасындағы көбелектей айналған, оған зиян келеді деп қорқып, жандарын құрбан етуден түк те тартынбаған даңқты, мәртебелі сахабаларынан еш өте алмады. Бұл отыз батыр Расулуллаһтың алдында былай деді: «Йа, Расулаллаһ! Қасыңыздан еш кетпес үшін жүздеріміз сіздің мүбәрәк жүзіңіздің алдында қалқан әрі қамал; денелеріміз сіздің мүбәрәк денеңізге құрбан; тек сіз аман болыңыз!»

Мүшріктер топ-топ болып шабуыл жасап жатты. Әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыз бір топты көрсетіп, қасындағы, денелерін оған қалқан еткен батыр сахабаларына: «Аллаһу та’аланың жолында бізге өз денесін кім құрбан етеді?» – дегенде, мәдиналық бес сахаба алға атылды. Бұл батыр көбелектер Расулуллаһтың мүбәрәк көз алдында тәкбір айта отырып, оның айналасында айнала соғысты. Ақыры олардың төртеуі сол жерде шәһид болды. Бесіншісі он төрт жерінен жараланып жерге құлағанда, Әлемдердің мырзасы: «Оны менің қасыма әкеліңдер», – деді. Оның денесінің әр жерінен қан ағып жатты. Сүйікті Пайғамбарымыз отырып, мүбәрәк аяқтарын оның басына жастық етті. Сол күйінде шәһид болу мәртебесіне жеткен бұл бақытты сахаба хазреті Умарә бин Язид еді.

Талха бин Убәйдуллаһтың батырлығы

Мүшріктер әбден жақындап келген бір сәтте Пайғамбарымыз: «Мыналарды кім қарсы алады, кім тоқтатады?» – деді. Хазреті Талха бин Убәйдуллаһ: «Мен! Йа, Расулаллаһ!» – деп, алға атылмақ болды. Пайғамбарымыз: «Сендей тағы кім бар?» – деді. Мәдиналық сахабалардың бірі: «Йа, Расулаллаһ! Мен!» – деп, рұқсат сұрады. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Қане, сен қарсы ал», – дегенде, ол алға ұмтылып, мүшріктерге атылды.

Ол теңдессіз батырлықтар көрсетті. Бірнеше имансызды өлтіргеннен кейін шәһидтік шәрбатын ішті.21 Расул-и әкрам тағы да: «Мыналарға кім қарсы тұрады?» – деді. Бәрінен бұрын тағы да хазреті Талха шықты. Пайғамбарымыз: «Сендей тағы кім бар?» – деп сұрағанда, ансарлардан бір мүбәрәк кісі: «Мен қарсы аламын, йа, Расулаллаһ», – деді. Пайғамбарымыз: «Қане, оларды сен қарсы ал», – деді. Ол да мүшріктермен соғыса-соғыса шәһид болды. Осылайша сол сәтте Пайғамбарымыздың қасында болған барлық сахабалар соғыса-соғыса шәһидтікке жетті.

Енді Ғаламның Сұлтаны Пайғамбарымыздың қасында хазреті Талха бин Убәйдуллаһтан басқа ешкім қалмаған еді. Хазреті Талха Расулуллаһқа зиян келеді деп алаңдап, төрт жаққа жүгіріп, кәпірлермен аяусыз соғысты. Оның қылышты соншалық жылдам сілтеуі, бір сәтте Расулуллаһтың әр жағындағы жауға жауап қайтаруы, оқ, найза және қылыш соққыларына өз денесін қалқан етуі теңі көрілмеген жағдай еді. Хазреті Талха шамның айналасындағы көбелектей айналып, өзіне тиген қылыштарға мән бермеді. Оның тілегі – Ғаламның Сұлтанын қорғау, осы жолда басқа дін бауырлары сияқты шәһид болу еді. Денесінде жараланбаған жер қалмаған, киімінде қаннан басқа ештеңе көрінбейтін. Соған қарамастан ол төрт жаққа бірдей үлгеріп жүрді. Сол кезде Расул-и әкрамның қасына хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Са’д бин Әби Уаққас жетіп келді.

Осы арада батырлардың мырзасы хазреті Талха қан жоғалтудан ыстық топыраққа құлап, есінен танды. Оның бүкіл денесі қылыш, найза және оқ соққыларынан тесік-тесік болған еді. Оның алпыс алты үлкен және сансыз ұсақ жарасы бар еді. Сүйікті Пайғамбарымыз хазреті Әбу Бәкірге дереу хазреті Талхаға көмекке жетуді бұйырды. Әбу Бәкір Сыддық хазреті Талха есін жиюы үшін оның мүбәрәк жүзіне су шашты. Хазреті Талха бин Убәйдуллаһ есін жия сала: «Ей, Әбу Бәкір! Расулуллаһ аман-сау ма?» – деп, махаббат пен адалдықтың ең көркемін көрсетті. Расул-и әкрамды сүю, жанын оның мүбәрәк денесіне құрбан ету тек осылай ғана болса керек. Хазреті Әбу Бәкір: «Расулуллаһ аман. Мені ол жіберді», – дегенде, Талха жеңіл дем алып: «Аллаһу та’алаға шексіз шүкір болсын. Ол аман болса, әрбір бәле – түк емес», – деді. Сол кезде тағы бірнеше сахаба жетіп келген еді.

Әлемдердің мырзасы Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) хазреті Талханың қасына келді. Жаралы мүжаһид Расулуллаһты аман көріп, қуанғаннан жылап жіберді. Пайғамбарымыз оның денесін сипап, қолдарын көтеріп: «Аллаһым! Оған шипа бер, күш-қуат бере гөр», – деп дұға етті. Расул-и әкрамның бір мұғжизасы ретінде хазреті Талха сап-сау болып орнынан тұрды да, қайтадан жаумен соғыса бастады. Сүйікті Пайғамбарымыз ол туралы былай деді: «Ухуд күні жер бетінде оң жағымда Жәбрейілден, сол жағымда Талха бин Убәйдуллаһтан басқа маған жақын ешкімнің болмағанын көрдім».22 «Жер бетінде жүрген жәннаттық адамды көргісі келген кісі Талха бин Убәйдуллаһқа қарасын».

«Талха мен Зубәйр – жәннатта менің көршілерім» Хадис шәриф

Соғыс майданының барлық тұсында шайқас бар қарқынымен жалғасып жатты. Пайғамбарымыздың айналасында Әбу Дужанә, ту ұстаушы Мусаб бин Умәйр, Талха бин Убәйдуллаһ, Пайғамбарымызды қорғау үшін артқы саптардан жүгіріп жеткен Нәсиба ханым және бірнеше сахаба бар еді. Олар Расулуллаһпен бірге мүшріктерге қарсы соғысып жатты. Басынан аяғына дейін қаруланған, сауыт пен дулыға киген озбыр мүшрік Абдуллаһ бин Хунәйд сүйікті Пайғамбарымызды көргенде, атын қамшылап шаптырды. «Мен – Зухәйрдің ұлымын. Маған Мұхаммедті көрсетіңдер. Не мен оны өлтіремін, не оның қасында өлемін!» – деп айқайлап келе жатты. Ол атын Пайғамбарымызға қарай айдап келе жатқанда, хазреті Әбу Дужанә оның жолын көлденең кесіп тұрып, былай деді: «Қане, бері кел! Мен – өз денеммен Мұхаммед алейһиссаламның мүбәрәк денесін қорғап тұрған адаммын. Мені таптамайынша, оған жете алмайсың!» Аттың аяқтарына қылышпен шауып, Абдуллаһ бин Хунәйдті жерге құлатты да, қылышын көтеріп: «Мә, бұл – Харашәнің ұлынан!» – деп, бір ұрғаннан көзін жойды. Мұны көріп тұрған Әлемдердің мырзасы: «Аллаһым! Харашәнің ұлынан (Әбу Дужанәден) мен қалай риза болсам, Сен де одан солай риза бол!» – деп дұға етті.

Мүшріктерден өте мерген, атқан әрбір оғын нысанаға тигізетін садақшы Малик бин Зухәйр барлық жерден Пайғамбарымызды іздеп, сәті түскенде оны оқпен атып тигізбек болды. Ол Расулуллаһқа әбден жақын келіп, садағын керіп, сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк басын көздеп, оғын атып жіберді. Көзді ашып-жұмуға да уақыт жоқ еді. Хазреті Талха дереу алақанын ашып, оққа тосты. Оқ хазреті Талханың алақанына қадалып, қолын мертіктірді. Саусақтарының барлық сіңірлері кесіліп, қол сүйектері сынды. Болған жағдайды Әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) да көріп, қатты қайғырды да, былай деді: «Егер (мені қорғау үшін қолыңды оққа созғанда) „Бисмиллаһир-рахманир-рахим“ дегеніңде, адамдар саған қарап тұрғанда, періштелер сені көктерге көтерер еді».23

Меккелік мүшріктерден Абдуллаһ бин Қамиа, Убәй бин Халәф, Утбә бин Әби Уаққас, Абдуллаһ бин Шиһаб Зухри деген төрт мүшрік Расул-и әкрамның өмірін қиюға келісіп, ант еткен еді. Осы қысылтаяң сәтте Расулуллаһ қасындағы бірнеше сахабамен жауға қарсы аяусыз алысып жатты. Пайғамбарымыздың алдында ту ұстаушы хазреті Мусаб бин Умәйр тұрған еді. Хазреті Мусаб үстіне киген сауытының кесірінен сүйікті Пайғамбарымызға қатты ұқсайтын. Ол да оң қолына ислам туын ұстап, мүшріктермен сұмдық алысқа кірген еді. Сол кезде сауытқа оранған Ибн Қамиа атпен сол жерге жақындады. Ол: «Маған Мұхаммедті көрсетіңдер! Ол құтылса, мен құтылмайын!» – деп, бар дауысымен айқайлап, атын Пайғамбарымызға қарай айдады. Хазреті Мусаб пен Нәсиба ханым оған қарсы тұрып, денелерін Пайғамбарымызға қалқан етіп соғыса бастады. Бұл кәпірге қанша қылыш сілтесе де, сауытының арқасында әсер етпеді. Ибн Қамиа Нәсиба ханымға қылышпен шауып, иығын жарды. Сосын хазреті Мусабтың ту ұстаған оң қолына қылыш сілтеді. Оң қолы кесілген Мусаб бин Умәйр өз жанынан артық көрген мүбәрәк ислам туын жерге түсірмей, сол қолына алды.

Сол кезде ол мағынасы мынадай аят кәриманы оқып жатты: «Мұхаммед алейһиссалам – расул. Одан бұрын да расулдар келген еді».24 Бұл жолы Ибн Қамиа хазреті Мусабтың сол қолына шапты. Сол қолы да кесілген даңқты ту ұстаушы ислам туын сонда да жерге түсірмеді. Батыр сахаба туды білектерімен ұстап, денесіне қысып, оны желбіретуін жалғастырды. Содан кейін Ибн Қамиа даңқты сахабаның денесіне найзасын қадады. Ол да басқа жолдастары сияқты шәһид болып, ахиретке көшті.

Хазреті Мусаб жерге құлағанда, даңқты ислам туы жерге түспеді: оны дереу Мусабтың кейпіне енген бір періште іліп алды. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Алға, ей, Мусаб! Алға!» – дегенде, туды ұстаған періште: «Мен Мусаб емеспін», – деді. Сонда Ғаламның Сұлтаны Пайғамбарымыз оның періште екенін түсініп, туды хазреті Әлиге берді.25

Ал Ибн Қамиа хазреті Мусабты Пайғамбарымыз деп ойлағандықтан, асығыс мүшріктердің арасына барып: «Мұхаммедті өлтірдім!» – деп айқайлай бастады. Мұны естіген мүшріктер мақсатқа жеттік деген ләззаттан одан бетер құтырды. Ал істің ақиқатын біле алмаған құрметті сахабалардың аяқ-қолы әлсіреп қалды. Маңайды аза салған ауыр көңіл-күй басты. Тіпті хазреті Омардың да қолдары салбырап түсіп, жолдастарымен бірге тұрған жерлерінде отырып қалды. Әнәс бин Надр оларды осы күйде көріп: «Неге отырсыңдар?» – деп сұрады.

Олар: «Расулуллаһ шәһид етіліпті!..» – деп жауап берді. Хазреті Әнәс былай деді: «Расулуллаһ шәһид етілген болса, оның Раббысы (Аллаһу та’ала) мәңгі бар. Расулуллаһтан кейін біз тірі қалып не істейміз! Қане, тұрыңдар! Пайғамбарымыз не үшін соғысып, мүбәрәк жанын құрбан еткен болса, біз де сол үшін жанымызды құрбан етейік». Әнәс қылышының қынабын сындырды26 да, «Аллаһу әкбар!..» деген дауыспен жалаң қылышпен жаудың ортасына атылды. Кәпірлердің көбін қырып, шәһид болды. Оның тек бетінде ғана жетпіс жара бар еді. Денесінде сансыз жара болғандықтан, оны қарындасынан басқа ешкім тани алмады.

Құрметті сахабалардың көбі тарап кеткен, бір бөлігі шәһидтікке жеткен еді. Олардың осылай тарап кеткенін пайдаланып, мүшріктер Расул-и әкрамның айналасына жиналды. Таспен, қылышпен екі дүниенің сұлтанын шәһид етуге тырысты. Расулуллаһтың үстінде екі сауыт болғандықтан, соққылар әсер етпеді. Утбә бин Әби Уаққас лақтырған тастар сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк жүзіне тиіп, астыңғы ернін жаралады. Астыңғы жағындағы мүбәрәк оң рабағиясы, яғни күрек тісі сынды. Сол кезде Ибн Қамиа деген мүшрік те келіп, Әлемдердің мырзасының мүбәрәк басына қылыш сілтеді. Сүйікті Пайғамбарымыздың дулығасы жарылып, оның екі сақинасы мүбәрәк самайларына батып кірді.

Ибн Қамианың тағы бір қылыш соққысынан ол мүбәрәк иығынан жараланып, мұсылмандарды құлату үшін Әбу Амир қазған терең шұңқырға қырынан құлады. Сүйікті Пайғамбарымыз опасыз Ибн Қамиа туралы: «Аллаһу та’ала сені масқара әрі бақытсыз етсін!» – деп дұға етті. Ибн Қамиа қатты қуанып: «Мұхаммедті өлтірдім! Мұхаммедті өлтірдім!..» – деп айқайлай-айқайлай Әбу Суфйанның қасына кетті. Мүшріктер мақсатына жеткен еді! Енді олар Пайғамбарымызға назар аудармады. Пайғамбарымыз жатқан шұңқырдың маңынан кетіп, құрметті сахабалармен соғыса бастады.27

«Жер бетінде жүрген жәннаттық адамды көргісі келген кісі Талха бин Убәйдуллаһқа қарасын» Хадис шәриф

Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) шұңқырға құлағанда, оның мүбәрәк беттерінен қан ағып жатты. Ол мүбәрәк қолдарын бетіне сүрткенде, қолдары мен мүбәрәк сақалының қанға боялғанын көрді. Бір тамшысы да жерге түспей тұрып Жәбрейіл алейһиссалам жетіп келіп, сол мүбәрәк қанды іліп алды да, былай деді: «Йа, Хабибаллаһ! Аллаһу та’аланың хақы үшін, егер бұл қаннан бір тамшы жерге түссе, қиямет-қайым болғанша жерден шөп шықпас еді». Әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыз: «Егер менен бір тамшы қан жерге түссе, көктен азап түседі. Йа, Раббым! Қауымымды кешір. Өйткені олар білмейді», – деп, өзін өлтіруге ұмтылған, мүбәрәк денесіне қылыш сілтеген, мүбәрәк тістерін сындырған және мүбәрәк жүзін қанға бояған адамдардың тура жолға (хидаятқа) келуі үшін дұға етіп жатты.

Осы кезде хазреті Ка’б бин Малик: «Ей, мұсылмандар! Сүйінші! Міне, Расулуллаһ осында!..» – деп айқайлап жатты. Бұл дауысты естіген даңқты сахабалар қайта тірілгендей қуанып, сол жаққа жүгірді. Хазреті Әли мен Талха бин Убәйдуллаһ дереу келіп, Пайғамбарымызды шұңқырдан шығарды. Хазреті Әбу Убайда бин Жәррах сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк самайларына батқан дулыға сақиналарын тістерімен тартып шығарды. Бұл темір бөлшектерін шығарғанда, оның екі алдыңғы тісі де түсіп қалды. Құрметті сахабалардан хазреті Малик бин Синан Расулуллаһтың мүбәрәк жүзінен сыздықтап аққан қанды сорып алды. Сонда Пайғамбарымыз: «Қаны менің қаныма араласқан адамға тозақ оты тимейді», – деді.

Мүшріктер тағы да үстеріне төне бастады. Құрметті сахабалар Пайғамбарымызға қайта қауышқан қуанышпен бір сәтте Расулуллаһтың айналасына сақина болып тізіліп, бірде-бір мүшрікті жақындатпады. Пайғамбарымызға енді ештеңе істей алмайтындарын түсінген мүшріктер тау басына шыға бастады. Екі дүниенің сұлтаны қасындағы хазреті Са’д бин Әби Уаққасқа: «Оларды кері қайтар», – деді. Хазреті Са’д: «Йа, Расулаллаһ! Менде бір ғана оқ бар. Онымен қалай кері қайтарамын?» – деп сұрағанда, Расул-и әкрам сол әмірін қайталады. Сонда садақшылардың пірі хазреті Са’д бин Әби Уаққас қолын қорамсаққа салып, оғын атты. Нысанаға тиген оқ бір мүшрікті жайратты. Қолын қайта қорамсаққа созғанда, ол онда тағы бір оқ бар екенін көрді. Мұқият қараса, бұл оқ әлгінде өзі атқан оғы екен. Тағы бір мүшрік өлді. Бұл жағдай талай рет қайталанды. Бұл – сүйікті Пайғамбарымыздың бір мұғжизасы еді: хазреті Са’д әр жолы қорамсағынан әлгінде атқан оғын тауып отырды. Адамдарының бірінен соң бірі өлтірілгенін көрген құрайыштықтар тауға шығудан бас тартты. Төмен түсіп, кейін шегінді.

Олардың арасынан Убәй бин Халәф атын Пайғамбарымызға қарай айдап: «Қайда әлгі пайғамбармын деп дау қылған адам? Алдыма шықсын да, менімен соғыссын!» – деп айқайлай бастады. Құрметті сахабалар оған қарсы шыққысы келсе де, сүйікті Пайғамбарымыз рұқсат бермеді. Ол хазреті Харис бин Симманың найзасын алып, өзі алға шықты. Пасық Убәй атын қамшылап: «Ей, Мұхаммед! Сен құтылсаң, мен құтылмайын!» – деп жақындады. Ол басынан аяғына дейін сауытқа оранған еді. Әлемдердің мырзасы қолындағы найзаны Убәйдің мойнына қарай лақтырды. Найза ұшып барып, дулығасы мен сауытының жағасының арасынан оның мойнына қадалды. Убәй өгіздей өкіріп, атынан жерге домалап түсті. Оның қабырғалары сынды. Мүшріктер оны көтеріп алып кетті. Жолда ол: «Мұхаммед мені өлтірді!..» – деп айқайлап жатып, жан тапсырды. Расулуллаһ қасындағы сахабаларымен Ухуд жартастарына қарай көтеріле бастады. Жартастардың қасына жеткенде, жоғары шыққысы келді. Бірақ қатты шаршағандықтан, үстіне екі сауыт кигендіктен және мүбәрәк денесіне жетпістен астам қылыш соққысы тигендіктен, шамасы келмеді. Сонда хазреті Талха Пайғамбарымызды арқалап, жартастардың үстіне шығарды. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Талха Расулуллаһқа көмектескенде, оған жәннат уәжіп болды», – деді. Мүлде халі қалмағандықтан, бесін намазын отырып оқыды.

Тау етектерінде сахабалар әрқайсысы арыстанға айналып, мүшріктерге атылып жатты. Пайғамбарымызға қылыш сілтегендерге олар дүниені тар қапас етті. Бір кезде Хатиб бин Бәлтәа сүйікті Пайғамбарымыздың қасына келіп: «Жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Мұны сізге кім істеді?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз былай деді:

«Утбә бин Әби Уаққас маған тас лақтырып, бетімнен ұрды да, рабағия тісімді сындырды». Сонда хазреті Хатиб: «Йа, Расулаллаһ! Ол қай жаққа кетті?» – деп тағы сұрады. Пайғамбарымыз оның кеткен жағын ишаратпен көрсетті. Хазреті Хатиб дереу сол жаққа жүгірді. Ұзақ іздеп, Утбәні тапты. Оны атынан түсіріп, бір шапқаннан басын кесті де, басты Расулуллаһтың алдына әкеліп, сүйінші хабар берді. Пайғамбарымыз: «Аллаһу та’ала сенен риза болсын. Аллаһу та’ала сенен риза болсын», – деп, оған дұға етті. Жиналып, қайта шабуылға шыққан құрметті сахабалардың алдында мүшріктер төтеп бере алмады. Отызға жуық адамынан айырылып, соғыс майданын тастап, Меккеге қарай жолға шықты. Пайғамбарымыздың шәһид болғаны туралы хабар Мәдинаға жетіп қалған еді. Хазреті Фатима, хазреті Айша, Үммү Сүләйм, Үммү Әймән, Хамна бинт Жахш, Қуайба сияқты әйелдер Ухудқа жүгіріп келді. Хазреті Фатима әкесі Пайғамбарымызды жаралы күйде көріп, жылады. Расулуллаһ оны жұбатты. Хазреті Әли қалқанымен су әкелді. Фатима анамыз сол сумен Пайғамбарымыздың мүбәрәк жүзі мен қандарын жуды. Бірақ жүзіндегі қан тоқтамады. Хазреті Фатима бір кесек бойра өртеп, күлін жараға басқанда, қан тоқтады.28

Сосын олар соғыс майданына түсті. Алдымен жаралыларды тауып, жараларын таңды. Мүшріктер кейбір шәһидтерді танымастай күйге келтірген еді.

Олардың құлақтарын, мұрындарын және басқа мүшелерін кесіп, қарындарын жарып тастаған еді. Хазреті Абдуллаһ бин Жахш та солардың арасында еді. Бұл жағдайды көрген сүйікті Пайғамбарымыз бен оның сахабалары қатты қайғырды. Ең таңдаулы сахабалар шәһидтік шәрбатын ішіп, Ухуд топырағын қандарымен суарып, жәннатқа ұшқан еді. Бірақ шәһидтерге жасалған мұндай қорлыққа шыдау мүмкін емес еді. Пайғамбарымыздың ғана емес, барлық сахабалардың да іші қайғыдан удай ашыды. Бұл көріністі көріп, Әлемдердің мырзасы жылады. Мүбәрәк көздерінен жас ағып тұрып, ол былай деді: «Мен қиямет күні бұл шәһидтердің Аллаһу та’аланың жолында жандарын құрбан еткендеріне куәлік етемін. Оларды қандарымен жерлеңдер. Аллаһпен ант етемін, қиямет күні олар махшарға29 жараларынан қан ағып тұрған күйде келеді. Қандарының түсі – қанның түсі, иісі жұпар иісі болады».

Сосын сүйікті Пайғамбарымыз: «Хамзаны көрмей тұрмын. Оның халі не болды?» – деді. Хазреті Әли іздеп, оны тапты. Пайғамбарымыз сол жерге барып, ақылға сыймайтын көріністі көргенде, шыдай алмады. Хазреті Хамзаның құлақтары, мұрны және басқа мүшелері кесіліп, жүзі танымастай күйге келтіріліп, қарны жарылып, бауыры шығарылған еді. Пайғамбарымыз мүбәрәк көздерінен жас ағып тұрып, хазреті Хамзаға қарап былай деді: «Ей, Хамза! Ешқашан, ешкім сен сияқты бәлеге ұшыраған жоқ және ұшырамайды да. Ей, Расулуллаһтың көкесі! Ей, Аллаһу та’аланың және Оның Расулының арыстаны Хамза! Ей, игі істер жасаған Хамза! Ей, Расулуллаһтың қорғаушысы Хамза! Аллаһу та’ала саған рақым етсін!..»

«Талха Расулуллаһқа көмектескенде, оған жәннат уәжіп болды» Хадис шәриф

Осы кезде қарсы беттен асығып, абыржып келе жатқан бір әйел көрінді. Бұл сүйікті Пайғамбарымыздың әкесінің қарындасы хазреті Сафия анамыз еді. Ол да басқа әйелдер сияқты Расулуллаһтың шәһид болғаны туралы хабарды естігенде, бәрін ұмытып, жүгіре-жүгіре Ухудқа келген еді. Расул-и әкрам әкесінің қарындасын көріп, ол шәһидтердің халіне шыдай алмас деген оймен оның ұлы Зубәйр бин Аууамға: «Анаңды кері қайтар, бауырының денесін көрмесін», – деді. Хазреті Зубәйр жүгіріп анасының қасына барды. Мүбәрәк ханым толқып: «Балам! Расулуллаһтан хабар бер!..» – деді. Олардың қасына хазреті Әли де келген еді. Ол: «Әлхамдулиллаһ30, Расулуллаһ аман-сау», – дегенде, Сафияның көңілі жай тапты, бірақ ол: «Оны маған көрсетіңдер», – деуден өзін тыя алмады. Хазреті Әли Әлемдердің мырзасын ишаратпен көрсетті. Хазреті Сафия анамыз екі дүниенің күнін аман көріп, қатты қуанды да, Аллаһу та’алаға хамд айтты. Бұл жолы ол бауыры хазреті Хамзаның халін көру үшін алға жүргісі келді. Ұлы Зубәйр: «Анашым! Расулуллаһ саған кері қайтуды бұйырады», – дегенде, хазреті Сафия былай деді: «Егер оған жасалғанды маған көрсетпеу үшін кері қайтуым керек болса, мен онсыз да бауырымның денесінің тілім-тілім етілгенін білдім ғой. Ол бұл халге Аллаһу та’аланың жолында душар болды. Біз бұл жолда мұнан да жаманына разымыз. Мұның сауабын Аллаһу та’аладан күтеміз. Иншаллаһ, сабыр етіп, төземіз». Хазреті Зубәйр бин Аууам келіп мұны хабарлағанда, Пайғамбарымыз: «Олай болса, көруге рұқсат бер», – деді.

Хазреті Сафия хазреті Хамзаның денесінің қасына отырып, дыбыссыз жылады. Хазреті Сафия келгенде өзімен бірге екі шапан алып келген еді. Оларды шығарып: «Бұларды бауырым Хамза үшін алып келдім, оны соларға ораңдар», – деді. «Сәййидуш-шуһада», яғни шәһидтердің мырзасы болған хазреті Хамзаны сол шапандардың бірімен кебіндеді.31 Хабибуллаһ Пайғамбарымыз ту ұстаушы Мусаб бин Умәйрдің бас жағына келді. Хазреті Мусабтың қолдары кесілген, көп жерінен жараланған еді. Айналасы қан көліне айналған еді. Пайғамбарымыз мұнда да қатты қайғырды да, бұл қадірлі шәһидтерге арнап, Ахзаб сүресінің жиырма үшінші аятын оқыды, оның мағынасы: «Мүминдердің арасында Аллаһу та’алаға берген уәделерінде адалдық көрсеткен сондай ерлер бар. Олардың кейбірі шәһид болғанша соғысатыны туралы берген сөзін орындады (шәһид болды). Ал кейбірі шәһид болуды күтуде. Олар берген сөздерін ешқашан өзгертпеді». Сосын Пайғамбарымыз былай деді: «Аллаһу та’аланың Расулы да куә: қиямет күні сендер Аллаһу та’аланың алдында шәһидтер болып тірілесіңдер».

Сосын ол қасындағыларға бұрылып, былай деді: «Оларды зиярат етіңдер. Оларға сәлем беріңдер. Аллаһу та’аламен ант етемін, кімде-кім оларға бұл дүниеде сәлем берсе, қияметте бұл қадірлі шәһидтер оған жауап ретінде сәлем береді».

Хазреті Мусаб бин Умәйрге кебін болатын ештеңе таппады. Өзінің шапаны оның мүбәрәк денесін толық жаппайтын. Бас жағын жапса, аяқтары, аяқ жағын жапса, басы ашық қалатын. Хабиб-и әкрам Пайғамбарымыз: «Бас жағын шапанмен, ал аяқтарын изхир шөбімен жабыңдар», – деді.32

Өмірін исламға қызметпен өткізген және осы жолда шәһидтік дәрежесіне жеткен бұл бақытты сахаба дүниеден жарты кебінмен аттанды.33

Қалған шәһидтердің жаназа намаздары оқылып, олар қанды киімдерімен екеу-үшеуден бір қабірге қойылып жерленді (радиаллаһу анһум). Ухуд соғысында жетпіс адам шәһид болды. Олардың алпыс төртеуі ансарлардан, алтауы мұхажирлерден еді.

Құрметті сахабалардың көбінің жақындары шәһид болған еді. Сондықтан олардың жүректері жаралы еді. Қалғандарын жұбату үшін Хабиб-и әкрам Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деді: «Аллаһпен ант етемін, сахабаларыммен бірге мен де шәһид болып, Ухуд тауының қойнында түнегенді қаншалық қалар едім. Бауырларың шәһид болғанда, Аллаһу та’ала олардың рухтарын жасыл құстардың жемсауларына салды.

Олар жәннат өзендеріне келіп, олардың суынан ішеді. Жемістерінен жейді. Жәннаттың төрт бұрышын тамашалайды. Оның гүлзарларында ұшады. Сосын Арш-и а’ланың астына ілінген алтын шамдалдардың ішіне кіріп, кешті өткізеді. Мұндай тағам мен сусынның дәмділігін, көркемдігін көргенде, олар: „Аллаһу та’аланың бізге қандай ниғметтер бергенін бауырларымыз білсе екен де, жиһадтан бой тартпаса, соғысудан қорқып жаудан бет бұрмаса екен“, – дейді. Аллаһу та’ала: „Мен сендердің халдеріңді оларға білдіремін“, – деді». (Және Хақ та’ала аят кәрима түсіріп, мағынасы бойынша былай деді:) «Аллаһу та’аланың жолында шәһид болғандарды өлі деп әсте ойламаңдар! Керісінше, олар тірі, Раббыларының алдында ризықтандырылуда. Олар Аллаһу та’ала өздеріне берген нәрсемен (шәһидтік дәрежесімен) қуаныш үстінде. Арттарынан әлі өздеріне қосыла алмағандар (шәһид болып) туралы: „Оларға ешқандай қорқыныш жоқ, әрі олар қайғырмайды да“, – деп сүйінші хабар бергісі келеді. Олар Аллаһу та’аладан келген ниғмет пен рақым себебінен, Аллаһу та’аланың мүминдердің сыйын жоқ қылмайтыны туралы қуанышты хабармен шаттанады».34 «Аллаһу та’ала оларға көрініп: „Ей, құлдарым! Жандарың нені қалайды, айтыңдар, Мен соны сендерге молынан татқызайын“, – дейді. Олар: „Йа, Раббымыз! Сен бізге берген ниғметтерден артық, біз сұрайтындай ниғмет жоқ. Біз жәннатта қалаған нәрселерімізді жеп жүрміз. Бірақ сұрасақ, рухтарымыздың денелерімізге қайтарылуын, дүниеге қайта жіберілуімізді және Сенің жолыңда соғысып, қайтадан өлтірілуімізді сұрар едік“, – дейді».

Енді мұнда істейтін іс қалмаған еді. Олар жиналып, жолға дайындалды. Аллаһ жолындағы жиһад үшін, яғни Аллаһу та’аланың дінін тарату үшін келген Ухудта тарихта теңдесі жоқ бір соғыс болған еді. Мұнда құрметті сахабалардың көз көрмеген, қиялға сыймайтын талай батырлығы көрінген, кәпірлерге тағы бір сабақ берілген еді.

«Ей, Хамза! Ешқашан, ешкім сен сияқты бәлеге ұшыраған жоқ және ұшырамайды да. Ей, Расулуллаһтың көкесі! Ей, Аллаһу та’аланың және Оның Расулының арыстаны Хамза! Ей, игі істер жасаған Хамза! Ей, Расулуллаһтың қорғаушысы Хамза! Аллаһу та’ала саған рақым етсін!..» Хадис шәриф

Әлемдердің мырзасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүбәрәк сахабаларымен бірге нұрлы Мәдинаға қарай бет алды. Харра деген жерге жеткенде, ол сахабаларын сапқа тұрғызып, мүбәрәк қолдарын көтеріп, Аллаһу та’алаға жалбарынып, былай дұға ете бастады: «Аллаһым! Хамд пен мадақ ең алдымен Саған тән. Аллаһым! Сен адастырып қойғанды тура жолға салатын да, Сен тура жолға салғанды адастыратын да жоқ… Аллаһым! Бізге иманды сүйікті ет. Жүректерімізді иманмен безендір. Бізге күпірлікті, азғындықты және шектен шығуды жек көрсет. Бізді дінімізге және дүниемізге зиянды нәрселерді білетіндерден, тура жолға жеткендерден ет. Аллаһым! Бізді мұсылман күйде өмір сүргіз және мұсылман күйде жанымызды ал. Бізді салих әрі жақсы адамдардың тобына қос. Өйткені олар абыройлары мен ар-намыстарын жоғалтқандардан да, діндерінен шыққандардан да емес. Аллаһым! Сенің Расулыңды жалғаншы деген, Сенің жолыңнан бет бұрған, Пайғамбарыңмен соғысқан кәпірлерге жазаларын бер! Оларға хақ әрі ақиқат болған азабыңды түсір!.. Әмин!»

Құрметті сахабалар да: «Әмин! Әмин!» – деп бұл дұғаға қосылды. Сүйікті Пайғамбарымыз сахабаларымен бірге Мәдинаға жақындап қалған еді. Мәдинада қалған әйелдер мен балалар жолдарға шығып, алаңдап әрі қайғырып, қайтып келе жатқан әскердің ішінен Ғаламның мырзасын көруге тырысып жатты. Әлемді нұрландырған жарқын жүзін көргенде, Аллаһу та’алаға хамд айтты. Сосын көздер әскерге қадалып, әкелер, күйеулер, ұлдар, нағашылар мен көкелер ізделді. Көре алмаса… көз жастарын тыя алмайтын. Сахабаларының бұл қайғылы халін көрген мейірім теңізі Расул-и әкрам да қатты қайғырып, мүбәрәк көздерінен жас ағызды.

Бір кезде хазреті Са’д бин Муаздың анасы Кәбша ханымның Пайғамбарымызға жақындап келе жатқаны көрінді. Ухудта оның ұлы Амр шәһид болған еді. Пайғамбарымыздың алдына келгенде ол былай деді: «Анам мен әкем, жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Әлхамдулиллаһ, мен сізді аман-сау көрдім. Сіз аман болсаңыз, барлық бәле-қаза мен үшін түк емес!» Бауыр еті ұлы туралы ол сұрамады. Сүйікті Пайғамбарымыз оған ұлы Амр үшін көңіл айтқаннан кейін былай деді: «Ей, Са’дтың анасы! Саған және оның үй-ішіне сүйінші: олардан шәһид болғандардың бәрі жәннатта жиналып, бір-біріне дос болды. Олар үй-іштеріне де шапағат етеді».

Кәбша ханым: «Аллаһу та’аладан келген әрбір нәрсеге разымыз, йа, Расулаллаһ! Мына сүйінші хабарлардан кейін енді олар үшін кім жыласын! Сіз артта қалғандар үшін дұға етіңіз», – деді. Әлемдердің мырзасы былай деп дұға етті: «Аллаһым! Олардың жүректеріндегі қайғыны кетір! Артта қалғандарын да артта қалушылардың ең қайырлысы ет!»

Пайғамбарымыз тән қалауларымен күресті меңзеп, сахабаларына былай деді: «(Ей, сахабаларым! Енді) кіші жиһадтан қайттық, үлкен жиһадқа кірісеміз».35 Сосын ол әркімге үйлерінде демалуды, жаралыларға жараларын емдеуді кеңес етті. Өзі де жаралы еді. Ол тура сәадатханасына кетті.

Хамраул-Әсад жорығы

Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинаға қайтқан соң, мүшріктер кез келген сәтте кері келіп, Мәдинаға басып кіруі мүмкін болғандықтан, шара қолданды.

Ухуд соғысынан кейінгі дүйсенбі күні, өзі жаралы болса да, мұсылмандардың кешегі соғыстан әлсіремегенін көрсету және жауды қорқытып, олардың Мәдинаға қайта оралуына жол бермеу үшін ол Біләл Хабашиге былай деді: «„Расулуллаһ сендерге жауды қуып жетуді бұйырады! Кеше Ухудта бізбен бірге соғыспағандар келмесін, тек соғысқа қатысқандар ғана келсін!“ – деп айт». Біләл бұл әмірді сахабаларға жеткізгенде, олардың көбі жаралы болса да, дереу дайындалды. Тіпті ауыр жараланған Абдуллаһ пен Рафи есімді ағайындылар Расул-и әкрамның бұл шақыруын естісімен, ауырсыну мен сыздауларына қарамастан: «Расулуллаһпен жорыққа шығу мүмкіндігін қолдан шығарамыз ба?!» – деп, мүжаһидтердің сапына жүгірді.

Сүйікті Пайғамбарымыз даңқты сахабаларымен мүшріктерді қуа бастады. Рауха деген жерде олар мүшріктердің жиналып, Мәдинаға басып кіріп, мұсылмандарды жоюға шешім қабылдағанын білді. Бұл шараның да Пайғамбарымыздың бір мұғжизасы болғаны анықталды.

Расул-и әкрамның өздеріне қарай келе жатқанын естігенде, мүшріктер қорқып, тұрған жерлерін тастап, Меккеге қайтты.36

Пайғамбарымыз оларды Хамраул-Әсад деген жерге дейін қуды. Мүшріктерден екі адам қолға түсті. Мұсылмандар онда үш күн болып, сосын Мәдинаға қайтты.

Аллаһу та’ала Хамраул-Әсадқа барған бұл мәртебелі сахабаларды аят кәримасында мағынасы бойынша былай мадақтады: «Жараланғаннан кейін де Аллаһу та’аланың және Оның Пайғамбарының шақыруына асыққандар үшін, әсіресе олардың ішінен игілік жасап, жамандықтан сақтанғандар үшін өте зор сый бар».37

Ухудта сүйікті Пайғамбарымызды өлтіруге ант еткендердің бірі Ибн Қамиа Меккеге қайтқан соң, бір күні қойларын қарау үшін тауға шықты. Тау басынан қойларын тапты. Олардың арасынан бір қошқар жүгіріп келіп, Ибн Қамиаға сүзе бастады. Сүзе-сүзе оны тілім-тілім етіп өлтірді.

Абдуллаһ Шиһаб Зухриді де Меккеге бара жатқанда ақ дақты бір жылан шағып өлтірді.

Пайғамбарымызға қол көтергендердің бәрі бір жылдың ішінде жазаларын тартып өлді.

«Ей, сахабаларым! Енді кіші жиһадтан қайттық, үлкен жиһадқа кірісеміз» Хадис шәриф

Досы жылан уын ішсе – әбілхаят болар оған,
дұшпаны су ішсе, сөзсіз жылан уына айналар су.
Әр тамшысында мың рақым теңізі толқып шығар,
дәрет үшін қолын созып, гүл жүзіне алғанда су.
«Аяғының тозаңына жетейін» деп, ғасырлар бойы тынбай
басын тастан тасқа соғып, сенделіп жүрер су.
Табалдырығының топырағына әр тозаңымен нұр төккісі келер,
ол табалдырықтан қайтпас, пара-пара болса да су.
Күнәһарлар біледі: сені мадақтау – дәру,
мас адам мастығын басу үшін
ішкендей су.
Йа, Хабибаллаһ, йа, Хайрал-башар, мен сені аңсаймын,
шөлден жанған еріндер қалағандай су.
Сен – сондай жомарттық теңізісің, Миғраж түнінде
ниғметіңнің шығын жұлдыздар мен ғаламшарларға жеткізді су.