Сүйікті Пайғамбарым

БӘДІР СОҒЫСЫ

Бұл ғазаны Екінші Бәдір, Бәдр-и Қитал және Бәдр-и Кубра деп те атайды. Жасақтарда құрметті сахабалардың табысқа жетуі кәпірлерді қорқыта бастады. Енді олардың керуендері топ-топ болып және қастарында әскерлермен жолға шығатын болды. Хижреттің екінші жылында меккелік мүшріктер әр отбасынан қаржы жинап, мың түйелік бір керуенді Шамға жіберді. Оның басында Меккенің игі жақсыларынан Әбу Суфйан тұрды, ол әлі мұсылман болмаған еді.1 Керуенді қорғау үшін қырық шақты күзетші де тағайындалған еді… Тауарлар сатылғаннан кейін бүкіл ақшаға қару сатып алмақ болатын, ол қару мұсылмандармен соғыста қолданылмақ еді.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүшріктердің сауда үшін Шамға үлкен керуен жібергенін естіген соң, олардың жағдайын барлау үшін мұхажирлерден бірнеше адамға тапсырма берді. Олар Зул-Ушәйра деген жерге жеткенде, керуеннің өтіп кеткенін біліп, Мәдинаға қайтты. Егер күпірлік иелерінің қаруы мен малы қолдарынан алынса, олар ислам иелеріне зиян келтіре алмас еді, қарсылықтары сынар еді. Сондықтан Расулуллаһ жағдайды бағалап, дереу соғысқа дайындала бастады.

Пайғамбарымыз өз орнына намаз оқыту үшін Абдуллаһ ибн Үммү Мәктумды қалдырды.2 Хазреті Талха бин Убәйдуллаһ пен Саид бин Зәйдті керуеннің қайтуын білу үшін барлаушы етіп жіберді.3 Хазреті Османның әйелі қатты науқас болғандықтан, оған Мәдинада қалуды бұйырды. Сосын тағы төрт адамға тапсырма берді. Осылайша тапсырма алғандар сегіз адам болды.

Мұндай мүмкіндікті қолдан шығаруға болмайтын еді. Пайғамбарымыз дереу дайындық жасап, мұхажирлер мен ансарлардан үш жүз бес сахабаны ертіп, мүбәрәк Рамазан айының он екінші күні Бәдірге қарай жолға шықты. Тапсырма алғандармен бірге олардың саны 313 адамға жететін.4 Олардың алпыс төртеуі мұхажирлер еді.

Бәдір – Меккеге, Мәдинаға және Сирияға баратын жолдар түйісетін жер еді.

Бұл жорыққа шығу үшін жаңа ер жеткен жастар, тіпті әйелдер де Пайғамбарымызға жалынды. Үммү Уарақа Расулуллаһтың алдына келіп: «Ата-анам саған пида болсын, йа, Расулаллаһ! Рұқсат етсең, сендермен бірге барғым келеді. Жаралылардың жарасын таңып, науқастарға қызмет етер едім. Бәлкім, Аллаһу та’ала маған да шәһидтікті нәсіп етер!» – дегенде, Хабиб-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Сен үйіңде отыр, Құран кәрім оқы. Күмәнсіз, Аллаһу та’ала саған шәһидтікті нәсіп етеді», – деді.

«Сен (Үммү Уарақа) үйіңде отыр, Құран кәрім оқы. Күмәнсіз, Аллаһу та’ала саған шәһидтікті нәсіп етеді» Хадис шәриф

Бәдір соғысының жолы

Са’д бин Әби Уаққас былай деп баяндады: «Расулуллаһ бізбен бірге ғазаға барғысы келген балаларды кері қайтармақ болғанда, інім Умәйрдің бір шетке тығылып, көзге түспеуге тырысқанын көрдім. Ол кезде ол он алты жаста еді. „Саған не болды, неге бұлай тығыласың?“ – дедім. „Расулуллаһ мені де кішкентай санап, кері қайтарып жібере ме деп қорқамын! Ал мен ғазаға қатысып, Аллаһу та’аланың маған шәһидтікті нәсіп етуін қалаймын“, – деді. Сол кезде ол туралы Расулуллаһқа айтқанда, ол ініме: „Сен кері қайт“, – деді. Сонда інім Умәйр жылай бастады. Рақым теңізі Хабиб-и әкрам Пайғамбарымыз оның көз жасына шыдай алмай, рұқсат берді. Ал інімнің қылышын, ол өзі байлай алмағандықтан, беліне мен байлап берген едім».5 Әлемдердің мырзасы сүйікті Пайғамбарымыздың туын Мусаб бин Умәйр, Са’д бин Муаз және хазреті Әли көтеріп жүрді.6 Құрметті сахабалардың қасында тек үш ат пен жетпіс түйе ғана бар еді. Аттардың бірі Миқдадтікі, бірі Зубәйрдікі, бірі Мәрсәд бин Әби Мәрсәдтікі еді. Бір түйеге екі немесе үш адам кезектесіп мінетін. Расулуллаһ хазреті Әли, Әбу Лубаба және Мәрсәд бин Әби Мәрсәдпен кезектесіп мінетін. Бірақ олардың бәрі Расул алейһиссалам жаяу жүрмей, әрдайым түйе үстінде болсын деп: «Жанымыз саған пида болсын, йа, Расулаллаһ! Сен түйеден түспе. Сенің ұлы тұлғаңның орнына біз жаяу жүреміз», – деп жалынды. Бірақ Ғаламның Сұлтаны өзін олардан бөлек санамай: «Сендер жаяу жүруде менен күштірек емессіңдер, мен де сауап пен сыйға сендерден кем мұқтаж емеспін», – деді. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) және оның ұлы сахабалары шөлдегі күйдіріп тұрған аптапта жол жүрді. Оның үстіне олар ораза ұстап жүрген еді. Құрметті сахабалар исламды тарату үшін көптеген қиыншылықтарға төзіп, Пайғамбарымыздың соңынан ғашықтықпен және ынтамен еріп келе жатты. Өйткені соңында Аллаһу та’ала мен Оның Расулының разылығы, өздері қатты аңсаған шәһидтік пен жәннат бар еді… Сүйікті Пайғамбарымыз сахабаларының жағдайына қарап: «Аллаһым! Олар жаяу – Сен оларға мінетін көлік бер! Аллаһым! Олар жалаңаш – Сен оларды киіндір! Аллаһым! Олар аш – оларды тойдыр! Олар кедей – Өз кеңшілігің мен кереметіңмен оларды бай ет!» – деп дұға етті.

Пайғамбарымыз және оның мүбәрәк әскері осы қатты аптапта Бәдірге қарай ілгерілеп келе жатқанда, мүшріктердің Шамнан келе жатқан керуені де Бәдірге жақындап қалған еді. Пайғамбарымыздың керуен туралы хабар білу үшін жіберген екі сахабасы керуеннің бір-екі күннің ішінде Бәдірге жетіп келуі мүмкін екенін біліп, тез кері қайтты. Керуендегілер олар хабар білген ауылға келгенде, ауыл адамдарынан: «Мұсылмандардың тыңшылары туралы хабарларың бар ма?» – деп сұрады. Олар: «Білмейміз. Бірақ екі адам келіп, мына жерде біраз отырды да, кейін тұрып кетті», – деді.

Әбу Суфйан айтылған жерге барып тексергенде, жердегі түйе қиын езіп, оның ішінен жем дәндерін көрді де: «Бұл – Мәдинаның жемі. Меніңше, әлгі екі адам – Мұхаммедтің (алейһиссалам) тыңшылары», – деді. Мұсылмандар өте жақын жерде деп шамалап, Әбу Суфйан қатты қорықты. Керуеннің тағдырынан алаңдап, ол күндіз-түні жол жүріп, уақыт жоғалтпастан Қызыл теңіздің жағалауымен Меккеге тез жетуге шешім қабылдады. Сондай-ақ ол жағдайды хабарлау үшін Меккеге Дамдам бин Амр Ғифари деген бір адамды шабарман етіп жіберді.7

«Аллаһым! Олар (сахабаларым) жаяу – Сен оларға мінетін көлік бер! Аллаһым! Олар жалаңаш – Сен оларды киіндір! Аллаһым! Олар аш – оларды тойдыр! Олар кедей – Өз кеңшілігің мен кереметіңмен оларды бай ет!» Хадис шәриф

Бұл адам Меккеге келгенде көйлегін алдынан да, артынан да жыртты. Түйесінің ер-тоқымын теріс аударып қойды. Ғажап бір кейіпте: «Көмектесіңдер! Көмек!.. Ей, құрайыштықтар! Асығыңдар!.. Керуендеріңе, Әбу Суфйанның қасындағы малдарыңа Мұхаммед пен оның сахабалары шабуыл жасады. Үлгерсеңдер, керуендеріңді құтқара аласыңдар!..» – деп, зар еңіреп айқайлай бастады.

Мұны естіген меккеліктер дереу жиналып, дайындық жасады. Жеті жүз түйелі, жүз атты және жүз елу жаяу әскер жинады. Әбу Ләһәбке: «Жүр, сен де қосыл!» – дегенде, ол қорыққанынан ауруын сылтау етті. Өз орнына Ас бин Хишамды жіберді. Умәййә бин Халәф деген мүшрік соғысқа өте сылбыр дайындалды. Өйткені ол Пайғамбарымыздың: «Менің сахабаларым Умәййәні өлтіреді», – дегенін естіген еді. Оның ешқашан шындықтан таймағанын білгендіктен, Умәййә қорқатын. Сондықтан Әбу Жәһлдің қайта-қайта қыстағанына қарсы ол өзінің қартайғанын және өте семіз екенін сылтау етті. Бірақ Әбу Жәһл оны қорқақтықпен айыптағанда, баруға мәжбүр болды.

Мүшрік әскері мың адамнан тұрды. Барлығы темір сауыт киген еді. Олармен бірге әсем дауысты әйелдер бар еді. Аспаптар мен ішімдік алуды да ұмытпаған еді. Осындай күшті әскермен үш жүз адамды былай қойғанда, мың адамдық әскерді де бір сәтте жеңеміз деп ойлайтын. Жолға шықпай жатып-ақ кімдерді өлтіретінін, қандай олжа алатынын есептегендер де бар еді. Бірақ олардың бәрінің ең үлкен мақсаты исламды жою еді. Бұл құтырған мүшрік тобыры әйелдер соққан дабылдар мен олар айтқан әндермен жолға шықты.

Бұл арада Әбу Суфйан Бәдірден едәуір алыстап, Меккеге қарай біраз жол жүріп қойған еді. Қауіптің өткеніне көзі жеткен соң, ол Қайс бин Имрул-Қайс деген адамын құрайыштықтарға жіберіп: «Ей, Құрайыш жамағаты! Сендер керуендеріңді, адамдарыңды және малдарыңды қорғау үшін Меккеден жолға шыққан едіңдер. Біз қауіптен құтылдық. Енді кері қайтыңдар!..» – деді. Сондай-ақ: «Мұсылмандармен соғысу үшін Мәдинаға барудан сақтаныңдар!» – деп кеңес берді.

Қайс бұл хабарды мүшрік әскеріне жеткізгенде, Әбу Жәһл былай деді: «Ант етемін, біз Бәдірге барып, үш күн, үш түн той жасаймыз, түйелер сойып, шарап ішеміз. Маңайдағы тайпалар бізді тамашалап, жағдайымызға қызығады және ешкімнен қорықпайтынымызды көреді. Бұдан кейін айбатымыздан ешкім бізге шабуыл жасауға батылы бармайды. Ей, жеңілмес Құрайыш әскері! Алға!..» Қайс Әбу Жәһлдің сөз тыңдайтын күйде емес екенін көріп, кері қайтып, жағдайды Әбу Суфйанға жеткізді. Алдын болжай білетін әрі сақ адам болған Әбу Суфйан: «Әттең! Құрайыш құрыды!.. Бұл – Амр бин Хишамның (Әбу Жәһлдің) жоспары. Ол бұл істі, күмәнсіз, елге басшы болу құмарлығымен істеді. Ал мұндай құтырыну әрдайым үлкен кемшілік әрі сұмдық. Егер мұсылмандар оларға кездессе, құрайыштықтардың күні бітті!..» – демей тұра алмады.

Әбу Суфйан керуенді Меккеге тез жеткізіп, әскерге қосылды. Бұл арада әлем сардары Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларымен Бәдірге жақындап келе жатқан еді. Бір кезде ол ислам әскерінің арасынан Мәдина мүшріктерінен Хубәйб бин Йәсаф пен Қайс бин Мухарристі көрді. Хубәйбтің басында темір дулыға болса да, ол оны таныды да, хазреті Са’д бин Муазға: «Мынау Хубәйб емес пе?» – деді. Ол: «Иә, йа, Расулаллаһ!» – деді. Хубәйб соғыс өнерін жақсы білетін батыр палуан еді. Ол Қайспен бірге Расулуллаһтың алдына келді. Пайғамбарымыз олардан: «Сендер бізбен бірге неге келе жатырсыңдар?» – деп сұрады. Олар: «Сен біздің жиенімізсің әрі көршімізсің. Біз де қауымымызбен бірге олжа жинауға бара жатырмыз!» – деді. Пайғамбарымыз Хубәйбтен: «Сен Аллаһу та’алаға және Оның Расулына иман келтірдің бе?» – деп сұрағанда, ол: «Жоқ», – деді. Расул алейһиссалам: «Олай болса, кері қайт! Біздің дінімізде болмаған адам бізбен бірге бола алмайды!» – деді. Хубәйб: «Менің жігіттігімді, батырлығымды және дұшпанның көкірегіне жара салатын палуан екенімді жұрттың бәрі біледі. Олжа үшін сенің жаныңда сенің дұшпаныңа қарсы соғысайын», – деді. Пайғамбарымыз оның көмегін қабылдамады.

Біраз жүргеннен кейін Хубәйб өтінішін қайталады, бірақ Пайғамбарымыз мұсылман болмайынша оның тілегі қабылданбайтынын білдірді. Рауха деген жерге жеткенде, Хубәйб Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алдына келіп: «Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’аланың әлемдердің Раббысы екеніне және сенің пайғамбарлығыңа сендім, иман келтірдім», – деді. Сонда әлем сардары Пайғамбарымыз қатты қуанды. Қайс та Мәдинаға қайтқаннан кейін иманмен мәртебеленді (радиаллаһу анһу).

Ислам әскері Сафра алқабына жеткенде, меккеліктердің әскер жинап, керуендерін құтқару үшін Бәдірге қарай келе жатқаны туралы хабар алды. Пайғамбарымыз сахабаларын жинап, бұл жағдай туралы олармен кеңесті. Өйткені мәдиналық мұсылмандар Ақабада Расулуллаһқа ант бергенде: «Йа, Расулаллаһ! Сен біздің қаламызға кел. Біз онда сені жанымызды қиып болса да дұшпаныңнан қорғаймыз және саған еретін боламыз», – деп уәде берген еді. Ал қазір олар Мәдинадан сыртқа шыққан еді. Алдарында болса олардан саны, қаруы және малы жағынан әлденеше есе басым дұшпан әскері тұрды.

Расулуллаһ сахабаларынан пікірлерін сұрағанда, мұхажирлерден Әбу Бәкір Сыддық пен Омар Фаруқ жеке-жеке тұрып, дұшпан әскерімен соғысу керек екенін білдірді. Сондай-ақ мұхажирлерден Миқдад бин Әсуад тұрып, былай деді: «Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’аланың әмірі қандай болса, соны орында. Оның пәрменімен алға бас. Біз әр сәт сенімен біргеміз, бір сәт те қасыңнан айрылмаймыз. Біз Исраил ұлдарының Мұса алейһиссаламға: „Ей, Мұса! Залымдар, зұлымдық жасаушылар қауымы ол жерде тұрғанда, біз онда бармаймыз және ол елге мәңгі кірмейміз. Енді сен және Раббың барып, екеуің олармен соғысыңдар. Біз осында отырып қаламыз…“8 – дегені сияқты сөз айтпаймыз. Жанымыз бен басымызды Аллаһу та’ала мен Оның Расулының жолында пида етеміз. Сені хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етеміз: теңіздің арғы жағындағы Хабашстанға жіберсең де, барамыз. Ешбір нәрседе саған ешқашан қарсы шықпаймыз. Әр тілегіңді орындауға әзірміз. Ата-анам, жаным саған пида болсын, йа, Расулаллаһ!..»

«Біздің дінімізде болмаған адам бізбен бірге бола алмайды!» Хадис шәриф

Бәдір соғысы

Миқдадтың бұл сөздері сүйікті Пайғамбарымызды қатты қуантты, ол оған қайырлы дұға етті.9

Бұл жерде мәдиналық мұсылмандардың пікірі өте маңызды еді. Өйткені олар саны жағынан да көп еді, Расулуллаһты Мәдинада қорғауға уәде де берген еді. Мәдинадан тыс жерде соғысуға уәделері жоқ еді. Бұл ой түсінікті болғанда, ансарлардан Са’д бин Муаз орнынан тұрып: «Йа, Расулаллаһ! Рұқсат етсең, ансарлардың атынан сөйлейін», – деді. Рұқсат берілгенде, ол былай деді: «Йа, Расулаллаһ! Біз саған иман келтірдік, пайғамбарлығыңды растадық. Не әкелсең де – хақ, дұрыс. Бұл жайында тыңдауға және бағынуға саған берік уәде бердік, ант іштік. Біз ол сөзімізден ешқашан қайтпаймыз, қайда барсаң да, әміріңдеміз. Әміріңді бас үстіне қоямыз. Жанымыз бен басымызды сенің жолыңда пида етеміз. Сені хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етеміз: теңізге сүңгісең, соңыңнан біз де сүңгиміз. Ешқайсымыз бір қадам да артта қалмаймыз. Мүбәрәк көңіліңде не болса, әмір ет – біз соны ұстанамыз. Малымыз да жанымызбен бірге саған пида болсын. Дұшпаннан ешқашан бет бұрмаймыз. Соғыста сабырлымыз. Үмітіміз – сені қуанту және разылығыңа жету. Аллаһу та’аланың рақымы сендердің үстеріңде болсын…» Бұл сөздерді тыңдаған құрметті сахабалар қатты толқыды. Барлығы бұл сөздерге жан-тәнімен қосылатындарын білдірді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өте риза болып, хазреті Са’дқа және сахабаларына дұға етті. Енді барлық күдік сейілді. Дұшпан қаншалықты көп, қаншалықты күшті болса да, даңқты сахабалар сүйікті Пайғамбарымыздың соңынан еш қаймықпастан шәһидтікке аттанбақ, Аллаһу та’ала мен Оның Расулының разылығына жетпек еді. Бастарында Ғаламның мырзасы тұрғанда, олар бармайтын жер жоқ еді… Әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыз сахабаларының өзіне деген адалдығы мен ынтасын көріп, оларға: «Қане, алға жүріңдер! Аллаһу та’аланың лұтфына қуаныңдар. Аллаһпен ант етемін, мен қазір құрайыш қауымының соғыс алаңында жараланып құлайтын жерлеріне қарап тұрғандай, оларды көріп тұрмын!» – деп сүйінші хабар берді. Бұл сүйінші хабардан кейін құрметті сахабалар ғашықтықпен Расулуллаһтың соңынан ерді.

Періштелердің көмекке келуі

Бәдірдің маңына жеткенде, жұма түні еді. Сүйікті Пайғамбарымыз сахабаларына: «Анау кішкене төбенің жанындағы құдықтың басынан кейбір мәліметтерді біле аласыңдар деп үміттенемін», – деді. Ол сол жерге Аллаһу та’аланың арыстаны хазреті Әлиді, Са’д бин Әби Уаққасты, Зубәйр бин Аууамды және тағы басқа кейбір сахабаларын жіберді. Хазреті Әли мен оның жолдастары дереу құдықтың басына барды. Онда құрайыштықтардың түйешілері мен су тасушыларын көрді. Олар мұсылмандарды көрісімен қашып кетті. Бірақ олардың екеуі ұсталды. Олардың бірі Хажжаж ұлдарының құлы Әшләм, ал екіншісі Ас бин Саид ұлдарының құлы Ариз Әбу Йәсар еді.

Оларды Пайғамбарымызға әкелгенде, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) олардан: «Құрайыштықтар қайда?» – деп сұрады. Олар: «Анау көрініп тұрған құм төбенің арғы жағына қонды», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз: «Құрайыштықтар қанша адам?» – деп сұрады. «Білмейміз», – деді. «Күніне қанша түйе сояды?» деген сұраққа: «Бір күні – тоғыз, бір күні – он», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз: «Олар мыңнан аз, тоғыз жүзден көп», – деді. Тағы да: «Құрайыштың игі жақсыларынан кімдер бар?» – деп сұрады. Олар: «Утбә, Шәйба, Харис бин Амр, Әбул-Бухтәри, Хаким бин Хизам, Әбу Жәһл, Умәййә бин Халәф…» – дегенде, Расулуллаһ сахабаларына бұрылып: «Мекке халқы сендерге өздерінің бауыр еттерін пида етті», – деді. Сосын әлгі екеуінен: «Келе жатқанда құрайыштықтардан кері қайтқан адам болды ма?» – деп сұрағанда, олар: «Иә. Бәни Зухрадан Ахнәс бин Әби Шәрик кері қайтты», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз: «Ол тура жолда болмаса да, ахиретті, Аллаһу та’аланы және кітапты білмесе де, Бәни Зухраға тура жолды көрсетіпті… Олардан басқа кері қайтқан адам болды ма?» – деп сұрағанда: «Ади бин Ка’б ұлдары қайтты», – деген жауап алды.10

«Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’аланың әмірі қандай болса, соны орында. Оның пәрменімен алға бас. Біз әр сәт сенімен біргеміз, бір сәт те қасыңнан айрылмаймыз» Миқдад бин Әсуад (радиаллаһу анһу)

Пайғамбарымыз құрайыштықтарды соңғы рет ескерту үшін оларға хазреті Омарды бітім ұсынысымен жіберді. Омар бин Хаттаб оларға былай деді: «Ей, қыңыр қауым! Расул алейһиссалам былай дейді: „Әркім бұл істен тоқтап, аман-есен кері қайтсын. Өйткені сендерден басқа біреумен соғысу маған сендермен соғысқаннан гөрі ұнамдырақ!..“»

Бұл ұсынысқа қарсы құрайыштық мүшріктерден Хаким бин Хизам алға шығып: «Ей, Құрайыш жамағаты! Мұхаммед сендерге өте әділ қарады. Оның қалағанын дереу қабылдаңдар. Егер оның айтқанын істемесеңдер, ант етемін, бұдан кейін ол сендерге ешқандай әділдік көрсетпейді!..» – деді. Хакимнің бұл сөзіне ашуланған Әбу Жәһл: «Біз мұны ешқашан қабылдамаймыз және мұсылмандардан кек алмайынша кері қайтпаймыз. Бұдан кейін ешкім біздің керуенге шабуыл жасай алмайтын болсын», – деп, бітімнің жолын жапты. Хазреті Омар кері қайтты.

Сол түні Пайғамбарымыз бен оның даңқты сахабалары Бәдірге мүшріктерден бұрын келіп, құдықтардың жанындағы бір жерге қонды. Пайғамбарымыз сахабаларымен кеңесіп, әскери тұрақты қай жерде құру керек деп олардың пікірін сұрады. Олардың арасынан сол кезде небәрі отыз үш жастағы Хубаб бин Мунзир тұрып, сөз сұрады. Рұқсат берілгенде: «Йа, Расулаллаһ! Бұл – Аллаһу та’ала саған қос тігуді әмір еткен және міндетті түрде тұруға тиісті жер ме? Әлде жеке пікірмен, соғыс амалы ретінде таңдалды ма?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Жоқ! Бұл жер соғыс амалы ретінде таңдалды», – деді.

Осыдан кейін хазреті Хубаб былай деді: «Ата-анам, жаным саған пида болсын, йа, Расулаллаһ!

Біз – соғыс адамдарымыз. Бұл жерлерді де жақсы білеміз. Міне, құрайыштықтар қонатын жердің жанындағы құдықта тұщы әрі мол су бар. Рұқсат етсең, сол жерге қонайық. Маңайдағы барлық құдықтарды көміп тастайық. Сосын бір су қоймасын жасап, оны суға толтырайық. Дұшпанмен соғысып жатқанда, шөлдеген сайын қоймамызға келіп су ішеміз. Ал дұшпан су таба алмай, әлсірейді».11 Сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам бұл пікірдің дұрыс екенін білдіретін уахи әкелді. Пайғамбарымыз: «Ей, Хубаб! Сен көрсеткен пікір – дұрыс», – деп, орнынан тұрды. Бәрі бірге айтылған құдықтың басына келді. Суы тұщы құдықтан басқа барлық құдықтарды көміп, бір үлкен су қоймасын жасады. Оны суға толтырып, ішу үшін ыдыстар қойды.

Сол кезде хазреті Са’д бин Муаз Пайғамбарымызға келіп: «Йа, Расулаллаһ! Саған ішінде отыру үшін құрма бұтақтарынан көлеңкелік жасап берейік пе?» – деп ұсыныс жасады. Әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыз Са’дтың бұл пікіріне риза болып, оған дұға етті. Дереу көлеңкелік жасалды. Пайғамбарлардың сұлтаны мәртебелі сахабаларымен соғыс алаңын аралап шығып, тексеріп көрді. Анда-санда тоқтап, мүбәрәк қолымен құрайыштық мүшріктердің өлтірілетін жерлерін бір-бірлеп көрсетіп: «Иншаллаһ, ертең таңертең пәленшенің жараланып құлайтын жері – міне, осы жер! Иншаллаһ, ертең таңертең пәленшенің жараланып құлайтын жері – міне, осы жер! Міне, осы жер! Осы жер!..» – деді.

Кейін хазреті Омар былай деп хабар берді: «Олардың әрқайсысының Расул-и әкрам мүбәрәк қолын қойған жердің дәл үстінде жараланып өлтірілгенін көрдім. Ешқайсысы сәл алдырақ та, сәл артырақ та емес еді».

Әлемдердің мырзасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) құрметті сахабаларды үш топқа бөлді. Мұхажирлердің туын Мусаб бин Умәйрге, Әус тайпасының туын Са’д бин Муазға, Хазрәж тайпасының туын Хубаб бин Мунзирге берді. Әркім өз туының астына жиналды.12 Пайғамбарымыз әскерді сапқа тұрғызып, тәртіпке келтірді.

Әскерді тәртіпке келтіріп жатқанда, ол мүбәрәк қолындағы таяғымен саптан алға шығып тұрған Сәуад бин Ғазияның көкірегіне түртіп: «Түзел, ей, Сәуад!» – деді. Сәуад: «Йа, Расулаллаһ! Қолыңдағы таяқ жанымды ауыртты. Сені хақ дінмен, кітаппен және әділдікпен жіберген Аллаһу та’ала үшін, мен де саған таяқпен солай түрткім келеді», – деді. Оның бұл сөзіне барлық құрметті сахабалар таң қалды. Ғаламның мырзасынан қысас (кек) талап етуге бола ма екен? Мұндай нәрсе істелуі мүмкін бе? Бірақ Расулуллаһ мүбәрәк көйлегінің алдын ашып: «Қане, қысас ал, ақыңды ал», – деді. Сонда хазреті Сәуад зор қуаныш пен махаббатпен Хабиб-и әкрам Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүбәрәк көкірегін сүйді.

Барлығы қысас күтіп тұрғанда, көрген жағдайларына сүйсініп, дін бауырлары Сәуадқа қызықты. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Неге бұлай істедің?» – деп сұрағанда, Сәуад: «Ата-анам, жаным саған пида болсын, йа, Расулаллаһ! Бүгін мен Аллаһу та’аланың әмірімен ажалымның жеткенін көріп тұрмын әрі сенен айрылудан қорқамын. Сондықтан арамыздағы осы соңғы сәттерде еріндерімнің сенің мүбәрәк денеңе тиюін қаладым. Мұны қиямет күні сенің маған шапағат етуіңе, осылайша азаптан құтылуыма себеп еткім келді», – деді. Оның бұл махаббатына Пайғамбарымыз да қатты әсерленіп, хазреті Сәуадқа дұға етті.

Мүбәрәк ислам әскерінің оң қанатын батыр мүжаһид Зубәйр бин Аууам, ал сол қанатын Миқдад бин Әсуад басқаруға тиіс еді.13

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мәртебелі сахабаларымен соғысты қалай бастау керектігі туралы кеңескісі келіп: «Сендер қалай соғысасыңдар?» – деп сұрады. Асым бин Сабит қолына садағы мен жебесін ұстап тұрып, өз пікірін білдірді: «Йа, Расулаллаһ! Құрайыштықтар бізге жүз метрдей жақындағанда, оларға оқ атайық. Сосын қолмен тас лақтыратындай қашықтыққа келгенде, тас атайық. Найза жететіндей жақындағанда, найзаларымыз сынғанша олармен алысайық. Сосын қылыштарымызды суырып соғысайық!» Бұл тәсіл Пайғамбарымызға ұнады. Ол сахабаларына мынадай нұсқау берді: «Саптарыңды тастап кетпеңдер. Орындарыңнан қозғалмай, берік тұрыңдар. Мен әмір бермейінше соғысты бастамаңдар. Дұшпан сендерге жақындамай тұрып, оқтарыңды бекер шашпаңдар. Дұшпан қалқанын ашқанда, оқтарыңды атыңдар. Дұшпан едәуір жақын келгенде, қолдарыңмен тас атыңдар. Жақындағанда, найзаларыңды қолданыңдар. Дұшпанмен қоян-қолтық кездескенде, қылыштарыңмен соғысыңдар…»

«Иншаллаһ, ертең таңертең пәленшенің жараланып құлайтын жері – міне, осы жер! Иншаллаһ, ертең таңертең пәленшенің жараланып құлайтын жері – міне, осы жер! Міне, осы жер! Осы жер!..» Хадис шәриф

Сосын күзетшілер қойылып, құрметті сахабаларға демалыс берілді. Аллаһу та’аланың хикметімен олардың ұйқысы соншалық терең болды, тіпті қабақтарын да көтере алмайтын халде еді. Пайғамбарымыз құрма бұтақтарынан жасалған көлеңкелікке кіргенде, хазреті Әбу Бәкір, сосын Са’д бин Муаз қылыштарын қынаптарынан суырып, көлеңкеліктің есігінің алдында күзетте тұрды. Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүбәрәк қолдарын көтеріп, зор қайғымен: «Йа, Раббым! Егер Сен мына бір уыс жамағатты жойсаң, енді жер бетінде Саған ешқашан ғибадат етілмейді…» – деп, Аллаһу та’алаға жалбарына бастады. Бұл мұңды дұға таң атқанша жалғасты.

Мүбәрәк ислам әскері қос тіккен жер құмды еді. Сондықтан жүру қиын, аяқтар құмға бататын. Аллаһу та’аланың ихсаны мен Расулуллаһтың дұғасының берекесімен сол түні барған сайын күшейе түскен жаңбыр жауа бастады, өзендерден тасып шығатындай сулар ақты. Су ыдыстары толтырылды, ал жер аяқ батпайтындай болып қатайды.

Ал мүшріктер батпақ пен сел ішінде қалды.

Таң атқаннан кейін Расулуллаһ сахабаларын намазға оятты.

Таң намазын оқытқаннан кейін дұшпанмен жиһад етудің және шәһидтіктің абзалдығы туралы айтып, оларды соғысқа жігерлендірді. Ол былай деді: «Күмәнсіз, Аллаһу та’ала хақ әрі дұрыс нәрсені әмір етеді. Ол Аллаһу та’аланың разылығы үшін істелмеген ешкімнің амалын қабыл етпейді… Раббымыздың бұл жерлерде сендерге рақымы мен кешірімін уәде еткен әмірін орындауға тырысыңдар және сынақтан сүрінбей өтіңдер! Өйткені Оның уәдесі – хақ, сөзі – шындық, ал жазасы – қатаң. Мен де, сендер де Хаййу уә Қаййум болған Аллаһу та’алаға тәуелдіміз. Оны паналадық, Оны ұстандық, Оған сүйендік. Ең соңғы қайтатын жеріміз де – Ол. Аллаһу та’ала мені және барлық мұсылмандарды кешірсін!..»

Мүбәрәк Рамазан айының он жетісінде, жұма күні күн шықты. Біраздан кейін тарихтың ең аяусыз, ең теңсіз, ең маңызды, ең үлкен соғысы басталмақ еді…

Бір жақта – Әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) және жандарын пида етуден бір тозаңдай да тартынбаған бір уыс мәртебелі сахабасы; ал екінші жақта исламды бір қасық суға батыруға, Аллаһу та’аланың хабибі болу мәртебесіне жеткен бір пайғамбарды жоюға жиналған құтырған, шектен шыққан кәпірлер тобыры тұр еді. Өкінішке қарай, олардың арасында Расул-и әкрамның туыстары да бар еді. Олар да сүйікті бауырларының ұлымен соғысу үшін Бәдірге келген еді.

Пайғамбарымыз әскерінің тәртібін қайтадан қарап шығып, берген нұсқауларын қайталады. Сол кезде құрайыштық мүшріктер әскери тұрақтарынан шығып, Бәдір алқабына қарай ағыла бастады. Олардың көбі сауыт киген еді. Зор менмендік пен тәкаппарлықпен ислам әскеріне шабуылға ұмтылды. Расулуллаһ мүшріктердің бұл күйін көргенде, хазреті Әбу Бәкірмен бірге шатырға кірді де, мүбәрәк қолдарын көтеріп, Хақ та’алаға жалбарына бастады: «Йа, Раббым! Міне, құрайыштық мүшріктер бар менмендігі мен тәкаппарлығымен келе жатыр!.. Олар Саған қарсы шығып, Пайғамбарыңды өтірікке шығаруда. Аллаһым! Маған берген көмек пен жеңіс уәдеңді орындауыңды Сенен сұраймын!.. Аллаһым! Егер мына бір уыс мұсылманның жойылуын қаласаң, бұдан кейін Саған ғибадат ететін ешкім болмайды!..»

Ол осылай тынымсыз, қайта-қайта көмек сұрап, Аллаһу та’алаға жалбарынды. Пайғамбарымыздың бұл аса мұңды, жүрек тілгендей жалбарынысы өзін-өзі ұмытып, ридасы (сырт киімі) мүбәрәк иығынан түсіп кеткенге дейін жалғасты. Бұл зарлы жалбарынысқа шыдай алмаған хазреті Әбу Бәкір мүбәрәк ридасын зор құрметпен жерден көтеріп, Пайғамбарымыздың мүбәрәк иығына жауып жатып, оны жұбатып былай деді: «Жаным саған пида болсын, йа, Расулаллаһ! Осынша жалбарынғаның жетер!.. Раббыңа дұға етуде қатты ұмтылдың! Күмәнсіз, Аллаһу та’ала саған уәде еткен жеңісті жақында береді». Сол сәтте Әлемдердің мырзасы мына аят кәрималарды оқып, шатырдан шықты. Оларда мағынасы бойынша былай делінеді: «Бұл топ (Бәдірдегі) жақында, күмәнсіз, талқандалады, олар арттарын беріп қашады. Дұрысы, олардың нағыз азап уақыты – қиямет. Ол кездегі азап одан да сұмдық, одан да ащы».14

Сүйікті Пайғамбарымыз әскерінің алдына келді. Даңқты сахабаларына мына аят кәрималарды оқыды: «Ей, иман келтіргендер! Сендер бір дұшпан тобымен кездескенде, берік тұрыңдар және құтылу үшін Аллаһу та’аланы көп зікір етіңдер… Осылайша, бәлкім, сендер құтылуға жетерсіңдер. Аллаһқа және Оның Расулына бағыныңдар. Өзара таласпаңдар, әйтпесе сәтсіздікке ұшырайсыңдар және қолдарыңдағы күштерің (құдіреттерің) кетеді. Сабыр етіңдер, өйткені Аллаһу та’ала сабыр етушілермен бірге».15

Бұл дұшпанмен бүкіл әскер бірге жүргізілген алғашқы соғыс болмақ еді. Соғыс басталғалы тұрды. Толқу ең жоғары шегіне жеткен еді. Расул-и әкрам «Аллаһу та’аланы көп зікір етіңдер…» деген мағынадағы аят кәриманы оқығанда, барлық құрметті сахабалар бірге «Аллаһу әкбар!.. Аллаһу әкбар!..» деп, жеңіс беруін сұрап, Хақ та’алаға жалбарына бастады. Енді олар Пайғамбарымыздың бір ишаратын ғана күтіп тұрды. Сол заманның әдеті бойынша екі әскер кездеспес бұрын, екі жақтан да батырлар алаңға шығып, бір-бірімен жекпе-жек шайқасатын. Бұл жекпе-жекте екі жақтың да соғыс ашуы мен құлшынысы артып, олар соғысқа қызып кететін. Мүшріктерден Амир бин Хадрами бұл ережеге бағынбай, оны аяқасты етіп, ислам әскеріне оқ атты. Оқ мұхажирлерден Михжаға тиді; ол шәһид болды және оның мүбәрәк рухы жәннатқа көтерілді. Пайғамбарлардың мырзасы бұл алғашқы шәһид туралы: «Михжа – шәһидтердің мырзасы», – деп сүйінші хабар берді. Құрметті сахабалар орындарында тұра алмас халге жетті. Бірақ Пайғамбарымыздан әмір келмейінше, олар кішкене ғана қимыл да жасай алмайтын еді.

«Йа, Раббым! Міне, құрайыштық мүшріктер бар менмендігі мен тәкаппарлығымен келе жатыр!.. Олар Саған қарсы шығып, Пайғамбарыңды өтірікке шығаруда. Аллаһым! Маған берген көмек пен жеңіс уәдеңді орындауыңды Сенен сұраймын!..» Хадис шәриф

Әрқайсысының іші жанартаудай қайнай бастады!..

Сол кезде мүшрік әскерінен үш адамның алға ұмтылғаны көрінді. Олар Рәбиа ұлдарынан ислам дұшпандары – зұлым Утбә, оның інісі Шәйба және ұлы Уәлид еді. Олар мүжаһидтерге: «Араларыңда бізбен шайқаса алатын адам бар ма?» – деп айқайлады. Құрметті сахабалардан ең алдымен хазреті Әбу Хузәйфә әкесі Утбәге қарсы шайқасу үшін алға шыққанда, Әлемдердің сұлтаны оған: «Сен тоқта!» – деді. Сонда мәдиналық мүжаһидтерден Афра ханымның ұлдары – Муаз бен Муаууиз және Абдуллаһ бин Рауаха алға шықты. Олар Утбә, Шәйба және Уәлидтің алдына барып тұрды. Қолдарында қылыш, дайын тұр еді.

Мүшріктер: «Сендер кімсіңдер?» – деп, олардың өздерін таныстыруын қалады. Олар: «Біз – мәдиналық мұсылмандармыз», – дегенде, мүшріктер: «Біздің сендермен шаруамыз жоқ! Бізге Абдулмутталибтің ұлдары керек. Біз солармен шайқасқымыз келеді», – деді де, ислам әскеріне бұрылып: «Ей, Мұхаммед! Бізге қарсы өз қауымымыздан теңдерімізді шығар!» – деп айқайлады.

Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алаңдағы осы үш батыр сахабасына дұға еткеннен кейін, оларға орындарына қайтуды бұйырды. Сосын сахабаларының арасына көз жүгіртіп: «Ей, Хашим ұлдары! Тұрыңдар! Аллаһу та’аланың нұрын жалған діндерімен сөндіруге келгендерге қарсы Хақ жолында соғысыңдар, өйткені Аллаһу та’ала Пайғамбарларыңды да дәл осы үшін жіберген. Тұр, ей, Убайда! Тұр, ей, Хамза! Тұр, ей, Әли!» – деді.

Аллаһу та’аланың арыстандары – хазреті Хамза, хазреті Әли және хазреті Убайда дулығаларын киіп, алаңға шықты. Олар алдарына барып тұрғанда, мүшріктер: «Сендер кімсіңдер? Егер бізге тең болсаңдар, сендермен шайқасамыз», – деді. Олар: «Мен – Хамза! Мен – Әли! Мен – Убайда!» – деп жауап бергенде, мүшріктер: «Сендер де біз сияқты мәртебелі адамдарсыңдар. Сендермен шайқасуға келісеміз», – деді. Батыр ислам мүжаһидтері мүшріктерді алдымен иманға шақырды, бірақ олар қабылдамады. Осыдан кейін үшеуі бір мезгілде қылыштарын қынаптарынан суырып, мүшріктерге ұмтылды. Хазреті Хамза мен хазреті Әли кәпірлер Утбә мен Уәлидті бір шабуылмен өлтірді. Хазреті Убайда Шәйбаны жаралады. Шәйба да Убайданы жаралады. Хазреті Хамза мен хазреті Әли Убайдаға көмекке асығып, Шәйбаны сол жерде өлтірді. Хазреті Убайданы көтеріп, Расулуллаһтың қасына алып келді.16 Хазреті Убайда бин Харистің мүбәрәк балтыры мен тобығынан қан мен жілік майы ағып тұрды. Ол өзінің бұл халіне мүлдем назар аудармай: «Жаным саған пида болсын, йа, Расулаллаһ! Мен осы күйімде өлсем, шәһид болмаймын ба?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Иә, сен шәһидсің», – деп, оның жәннаттық екені туралы сүйінші хабар берді. (Хазреті Убайда (радиаллаһу анһу) соғыстан қайтып келе жатқанда Сафра деген жерде қайтыс болды.) Бұл жекпе-жекте үш маңызды адамынан айрылған мүшріктер абдырап қалды. Солай болса да Әбу Жәһл әскерінің рухын көтеру үшін: «Сендер Утбәнің, Шәйбаның, Уәлидтің өлгеніне қарамаңдар, олар соғыста асығыстық жасап, бекер өлді! Ант етемін, мұсылмандарды ұстап, арқанмен байламайынша кері қайтпаймыз!..» – деп жұбатуға тырысты. Ал батыр құрметті сахабалар бұл мүшрік тобын қылыштарымен тезірек жазалауға шыдамсыздана күтіп тұрды. Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүбәрәк тілінен тастамаған мына дұғаны қайталап тұрды: «Аллаһым! Маған берген уәдеңді орында!.. Аллаһым! Мына бір уыс мұсылман жамағатын жойсаң, енді жер бетінде Саған ғибадат ететін ешкім қалмайды!..»

Сол кезде мүшріктердің сапынан құрайыштықтардың ең батыл әрі мерген садақшыларының бірі, әлі мұсылман болмаған хазреті Әбу Бәкірдің ұлы Абдуррахман алаңға шығып, жекпе-жекке адам сұрады. Шілде айының осы түскі аптабында мүжаһидтердің сапынан да бір адамның дереу қылышына қол созып, алға шыққаны көрінді. Бұл кісі алғашқы мұсылман болу және Сыддық дәрежесімен мәртебеленген, пайғамбарлардан кейінгі адамдардың ең абзалы, батыр хазреті Әбу Бәкір еді… Ол ұлына қарсы шайқасу үшін алға ұмтылған еді. Бірақ Әлемдердің мырзасы оған: «Ей, Әбу Бәкір! Сенің мен үшін көретін көзім, еститін құлағым орнында екеніңді білмейсің бе? Қасымнан кетпе! Денеме және жүрегіме келген әрбір ауыртпалық сенің мүбәрәк жүзіңді көргенде жеңілдейді. Сенімен жүрегім бекиді», – деді.

Осылайша ол оны шайқасудан тыйды. Әбу Бәкір Сыддық ұлына: «Ей, зұлым! Менімен туыстығың қайда қалды?» – демей тұра алмады.

Сосын пайғамбарлардың сұлтаны Хабиб-и әкрам Пайғамбарымыздың жерге еңкейіп, бір уыс құм алғаны көрінді. Бұл құмды дұшпанға қарай шашып: «Жүздері қара болсын!.. Аллаһым! Жүректеріне қорқыныш сал, аяқтарына діріл бер!» – деді де, сахабаларына бұрылып: «Шабуылға!.. Ұмтылыңдар!» – деп әмір берді. Бір ишаратты күтіп тұрған даңқты сахабалар алдын ала берілген нұсқау бойынша қимылдай бастады. «Аллаһу әкбар!.. Аллаһу әкбар!..» деген дауыстардың арасында оқтар ысқырып, тастар нысанаға тиіп, найзалар сауыттарға соғыла бастады… Аллаһу та’аланың арыстандары: хазреті Хамза екі қолына екі қылыш ұстап соғысып жүрді; хазреті Әли, хазреті Омар, Зубәйр бин Аууам, Са’д бин Әби Уаққас, Әбу Дужанә17 және Абдуллаһ бин Жахш мүшрік саптарының бір басынан кіріп, екінші басынан шығып, кәпірлерді абдыратып жүрді. Әрқайсысы алынбас бір қамалға айналған еді. «Аллаһу әкбар!.. Аллаһу әкбар!..» деген дауыстар әлемді кернеп, Аллаһу та’аланың шанының ұлылығы кәпірлердің бастарына балғадай түсіп жатты. Пайғамбарымыз: «Йа, Хаййу! Йа, Қаййум! Йа, Хаййу! Йа, Қаййум!» – деп, Аллаһу та’алаға жалбарынып тұрды. Хазреті Әли былай деген: «Бәдірде бәріміздің ең жүректісі, ең батыры Расул алейһиссалам еді. Мүшрік саптарына ең жақын тұрған да сол еді. Қысылған кезде біз оны паналайтынбыз».

Мүшріктер өздерінің басшысы Әбу Жәһлді ортаға алды. Араларындағы біреуді Әбу Жәһл сияқты киіндіріп, оған ұқсатты. Бұл бақытсыздың есімі Абдуллаһ бин Мунзир еді. Хазреті Әли Абдуллаһқа ұмтылып, Әбу Жәһлдің көз алдында оның басын шапты. Сосын Әбу Қайсты солай киіндірді. Оны да хазреті Хамза өлтірді.

Хазреті Әли бір мүшрікпен шайқасып жатқан еді. Мүшрік қылышын хазреті Әлиге сілтегенде, қылыш қалқанға қадалып қалған еді. Хазреті Әли Зулфиқарын мүшріктің сауытты денесіне сілтеп, оны сауытымен қоса иығынан көкірегіне дейін турап жатқан сәтте, басының үстінде бір қылыштың жарқ еткенін көрді. Ол тез басын иді. Қылышты жарқылдатқан кісі: «Ал! Мынау – Хамза бин Абдулмутталибтен!» – дегенде, мүшріктің басы дулығасымен бірге жерге домалады. Хазреті Әли бұрылып қарағанда, көкесі хазреті Хамзаның екі қылышпен соғысып жатқанын көрді. Пайғамбарымыз сахабаларының осылай батырлықпен соғысқанын көрген сайын: «Олар – Аллаһу та’аланың жер бетіндегі арыстандары», – деп, оларды мақтайтын.

«Аллаһым! Маған берген уәдеңді орында!.. Аллаһым! Мына бір уыс мұсылман жамағатын жойсаң, енді жер бетінде Саған ғибадат ететін ешкім қалмайды!..» Хадис шәриф

Бір кезде Пайғамбарымыздың қасында соғысып жүрген хазреті Укашаның қылышы сынып қалды. Мұны көрген сүйікті Пайғамбарымыз жерде жатқан бір таяқты алып, оған ұсынды да: «Ей, Укаша! Мұнымен соғыс!..» – деді. Укаша таяқты қолына алысымен, Пайғамбарымыздың мұғжизасымен таяқ ұзын, жарқыраған, арқасы берік әрі өткір қылышқа айналды. Ол бұл қылышпен соғыстың соңына дейін көптеген мүшрікті өлтірді.

Әлемдердің мырзасы Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір жағынан соғысып, екінші жағынан сахабаларын жігерлендіретін мына мүбәрәк хадис шәрифті айтып тұрды: «Жаным құдірет қолында болған Аллаһу та’алаға ант етемін: бүгін Хақ та’аланың разылығын үміт етіп, сабыр мен табандылық танытып соғысқандарды, арттарына бұрылмай, алға ұмтылып өлтірілгендерді Хақ та’ала, күмәнсіз, Өзінің жәннатына кіргізеді». Бұл мүбәрәк сөзді естіген Умәйр бин Хумам: «Қандай жақсы! Қандай жақсы! Демек, жәннатқа кіру үшін маған шәһид болудан басқа ештеңе керек емес екен ғой!» – деп, шабуылдарын одан сайын үдетті. Бір жағынан дұшпанмен соғысып, екінші жағынан: «Аллаһу та’алаға дүниелік азықпен емес, тек Хақ та’аладан қорқумен, ахирет амалымен, жиһадта сабыр мен табандылық танытумен ғана барылады. Одан басқа барлық азық, күмәнсіз, таусылады, бітеді!..» – деп айтып тұрды. Осылайша ол шәһид болғанша соғысты.

Соғыс қатты қызды!.. Бір сахабаға бір мезгілде кем дегенде үш мүшрік ұмтылатын. Олардың әрқайсысына қылыш жеткізуге тырысқан даңқты құрметті сахабаларды ештеңе қорқыта алмады. «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!..» деген сайын олар жаңа күш алып, қайта-қайта шабуыл жасаудан шаршамайтын. Бір кезде мүшріктердің шабуылы күшейіп, құрметті сахабалар ауыр жағдайға тап болды. Сол кезде Расулуллаһ хазреті Әбу Бәкірмен бірге құрма бұтақтарынан жасалған шатырына кірді. Пайғамбарымыз тағы да Аллаһу та’алаға мінәжат ете бастады: «Йа, Раббым! Маған уәде еткен көмегіңді бер!..» – деп жалбарынды. Сол сәтте уахи келді. Онда мағынасы бойынша былай делінді: «Сол кезде сендер Раббыларыңнан көмек пен жеңіс сұрап жатқан едіңдер, ал Ол сендерге: „Күмәнсіз, Мен сендерге бірінен соң бірі келетін мың періштемен көмекке келемін“, – деп, бұл тілектеріңе жауап берді және дұғаларыңды қабыл етті».18 Пайғамбарымыз дереу орнынан тұрып: «Сүйінші, ей, Әбу Бәкір! Саған Аллаһу та’аланың көмегі келіп жетті! Міне, мынау – Жәбрейіл. Құм төбелерінің үстінде атының тізгінін ұстап, қаруланып, әмір күтіп тұр», – деді. Әнфал сүресінде білдірілгендей, Хақ та’ала періштелерге мағынасы бойынша былай деген еді: «Сол кезде Раббың періштелерге: „Мен сендермен біргемін (мұсылмандарға жеңіс пен көмек беруде). Қане, мүминдерге (жеңіс сүйіншісімен) тірек болыңдар, оларға күш-қуат беріңдер. Мен қазір кәпірлердің жүректеріне үрей мен қорқыныш саламын. Олардың мойындарының үстінен ұрыңдар, қол және аяқ саусақтарының буындарын, түйіскен жерлерін сындырыңдар“, – деп уахи түсірді. Өйткені олар Аллаһу та’алаға және Оның Расулына қарсы шықты. Кім Аллаһу та’алаға және Оның Расулына қарсы шықса (Оның азабына ұшырайды), Аллаһу та’аланың жазасы өте қатты!»19

Бұл әмірден кейін Жәбрейіл, Микаил және Исрафил алейһимуссалам қастарына мыңнан періште алып, тәртіппен сүйікті Пайғамбарымыздың қасында, оң жағы мен сол жағында орын алды.20

Жәбрейіл алейһиссалам басына сары сәлде орап алған еді. Ал басқа періштелердің бастарында ақ сәлделер бар еді. Сәлделерінің ұштарын арқаларына түсіріп, ақ аттарға мінген еді. Әлем сардары Пайғамбарымыз сахабаларына: «Періштелердің белгілері мен таңбалары бар. Сендер де өздеріңе белгі мен таңба жасаңдар!» – деді.

Зубәйр бин Аууам басына сары, Әбу Дужанә қызыл матаны сәлде етіп орады. Хазреті Әли ақ үкі, ал хазреті Хамза кеудесіне түйеқұстың қанатын қадады. Періштелер соғысқа кіргенде, жағдай бір сәтте өзгерді. Құрметті сахабалар алдарындағы кәпірге қылыш сілтеп үлгермей жатып-ақ, оның басы денесінен бөлініп, жерге түсетін. Пайғамбарымыздың оң және сол жағында, алдында және артында таныс емес адамдардың мүшріктермен соғысып жатқаны көрінетін.

Хазреті Сәһл былай деп баяндады: «Бәдір соғысында біреуіміз мүшріктің басына қылыш сілтегенде, қылыш нысанасына жетпей жатып-ақ оның басының денесінен бөлініп, жерге домалағанын көретінбіз!..»

Әбу Жәһлдің өлтірілуі

Мүшріктердің ту ұстаушысы Әбу Азиз бин Умәйр тұтқынға алынды. Ал олардың әскер басшысы Әбу Жәһл құрайыштықтарды батылдандыру үшін тоқтаусыз өлеңдер оқып, әскерінің рухын көтеруге тырысты. Ол жас жігіттей шабуыл жасап, «Анам мені осы күндер үшін туған!..» – деп мақтанып, жастарды жігерлендіріп жүрді. Мүшріктерден Убайда бин Саид басынан аяғына дейін сауыт киген еді. Оның тек көздері ғана көрінетін. Ол ат үстінде біресе бір жаққа, біресе екінші жаққа бұрылып: «Мен – Әбу Затул-Кәриш! Мен – Әбу Затул-Кәриш!», яғни «мен үлкен қарындымын, қарын атасымын» деп, өзінше жекпе-жекке шақырып жүрді. Батыр мүжаһид хазреті Зубәйр бин Аууам оған жақындап, найзасын тура көзіне бағыттады да: «Аллаһу әкбар!» – деп лақтырды. Нысанаға тиген найза оны атынан жерге құлатты. Хазреті Зубәйр жүгіріп қасына барғанда, Убайда өліп қалған еді. Аяғын оның бетіне тіреп, бар күшімен тартса да, найза әрең суырылды, ол майысып қалған еді. Хазреті Зубәйрдің Бәдір соғысында көрсеткен ерлігі өте зор еді. Оның денесінде жараланбаған жер қалмаған еді. Ұлы Урва мұны былай деп баяндаған: «Әкем үш ауыр қылыш жарасын алған еді. Олардың бірі мойнында болатын. Жара соншалықты терең із қалдырған еді, тіпті мен оның ішіне саусағымды сұға алатынмын». Абдуррахман бин Ауф та құрайыштықтармен аяусыз соғысып, алған жараларынан аққан қанға қарамастан, алдына келгенді жығып жатты. Хазреті Абдуррахман өзі куә болған бір оқиғаны былай деп баяндады: «Бір кезде алдымда ешкім қалмады. Оңыма-солыма қарағанымда, ансарлардан екі жігіт көзіме түсті. Мен олардың күштірегі әрі батылырағымен бірге болғым келді. Бұл екі жігіттің бірі маған көз қиығын бір салып алды да, бұрылып: „Ей, ағай! Әбу Жәһлді танисың ба?“ – деп сұрады. Мен: „Иә, танимын“, – дедім. „Ей, бауырымның ұлы, Әбу Жәһлді не істемекшісің?“ – деп сұрағанымда, ол: „Маған жеткен хабар бойынша, ол Расулуллаһты балағаттайды екен. Аллаһу та’алаға ант етемін: оны бір көрсем, өлтіргенше немесе өзім өлгенше одан ешқашан ажырамаймын“, – деді. Бір жігіттің толқып айтқан бұл кесімді әрі батыл сөзіне, шынымды айтсам, таң қалдым.

«Ей, Әбу Бәкір! Сенің мен үшін көретін көзім, еститін құлағым орнында екеніңді білмейсің бе? Қасымнан кетпе! Денеме және жүрегіме келген әрбір ауыртпалық сенің мүбәрәк жүзіңді көргенде жеңілдейді. Сенімен жүрегім бекиді» Хадис шәриф

Бұл екі жігіттің екіншісі де мені көзімен шолып өтіп, әлгінің айтқанын айтты. Сол кезде мен Әбу Жәһлді көрдім! Ол құрайыш әскерінің арасында тоқтамастан ары-бері бұрылып жүрген еді. Мен: „Ей, жігіттер! Анау ары-бері асығып жүрген адам – Әбу Жәһл“, – дегенімде, олар дереу қылыштарына жармасып, Әбу Жәһлге қарай кетті.

Олар шайқаса бастады. Бұл жігіттер Афра ханымның ұлдары – Муаз бен Муаууиз деген ағайынды еді». Сол кезде құрметті сахабалардың батырларынан Муаз бин Амр Әбу Жәһлдің қасына жақын келуге мүмкіндік тапты. Ол ұзын құйрықты ат үстінде отырған Әбу Жәһлге ұмтылып, бар күшімен аяғына қылыш сілтеді. Әбу Жәһлдің аяғы жерге ұшып түсті. Сол кезде әкесіне көмекке асыққан, әлі мұсылман болмаған Икримә хазреті Муаз бин Амрмен шайқаса бастады.

Сол сәтте ағайынды Муаз бен Муаууиз сұңқардай алға ұмтылды. Алдарына келгенді жығып, Әбу Жәһлге жетті. Өлді деп ойлағанға дейін оны қылыштарымен шапты.

Ал хазреті Муаз бин Амр Икримәмен шайқасқанда қолынан және білегінен жараланған еді. Оның мүбәрәк қолы білезік тұсынан кесіліп, терісіне ілініп қалған еді. Соғысқа беріліп кеткен Муаз бин Амрдың қолымен әуреленуге, оны емдеу үшін таңуға уақыты жоқ еді. Кесілген қолы терісіне ілініп, бұлғақтап тұрса да, ол батырларша соғысты.

Аллаһу әкбар!.. Бұл қандай күшті иман!.. Бұл қандай көрініс еді!.. Хазреті Муаз біраз уақыт осылай соғысқаннан кейін қимылдау мүмкіндігінің азайғанын көрді. Оның себебі кесілген қолы еді. Ол дереу оны аяғының астына басып, жұлып тастады…21

Ислам дұшпандарының зұлымдарынан Нәуфәл бин Хууәйлид құрайыштықтардың ең атақты палуандарынан еді. Ол тоқтаусыз айқайлап, мүшрік тобырын толқытуға және арандатуға тырысып жүрді. Оның бұл күйін көргенде, Пайғамбарымыз: «Аллаһым! Нәуфәл бин Хууәйлидке қарсы маған көмекші бол. Оның ісін бітір», – деп дұға еткен еді. Аллаһу та’аланың арыстаны хазреті Әли мүшрік Нәуфәлді көрісімен, дереу оған ұмтылды. Қылышын соншалықты күшпен түсірді, тіпті аяқтары сауытпен жабылған болса да, екеуі бірге кесілді. Сосын қылышын мойнына сілтеп, басын денесінен бөлді.22

Біләл Хабашиді ыстық құмға жатқызып, кеудесіне үлкен-үлкен тастар қойған Умәййә бин Халәф мүшріктердің ең зұлымдарынан еді. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жапа шектіру үшін әр мүмкіндікті пайдаланған бұл ірі ислам дұшпаны Бәдір алқабында да мүшріктерді біріктіруге, ислам нұрын сөндіруге тырысып жүрді. Оның бұл күйін көрген хазреті Біләл жалаң қылышпен оған жақындап, алдына тұрды да: «Ей, күпірліктің басы Умәййә бин Халәф!.. Сен құтылсаң, мен құтылмайын!» – деп ұмтылды. Сонымен бірге: «Ей, ансар бауырлар! Асығыңдар, күпірліктің басы мұнда!» – деп айқайлағанда, құрметті сахабалар Умәййәні қоршап алып, сол жерде өлтірді.23

Мүшрік әскерінде енді басшы қалмаған еді. Олардың әрқайсысы не істерін білмей, қайда тап келсе, сонда қашуға тырысты. Күпірлік қамалы құлады. Даңқты сахабалар қуа берді. Мүшріктердің бір бөлігі тұтқынға алынды. Тұтқындардың арасында сүйікті Пайғамбарымыздың көкесі Аббас та бар еді.24

Жеңіс иман келтіргендердікі болды

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) даңқты сахабаларынан: «Нәуфәл бин Хууәйлид туралы бір нәрсе білетін адам бар ма?» – деп сұрады. Хазреті Әли алға шығып: «Йа, Расулаллаһ! Оны мен өлтірдім», – деді. Бұл хабарға қатты қуанған сүйікті Пайғамбарымыз: «Аллаһу әкбар!» – деп тәкбір айтты да: «Аллаһу та’ала ол туралы дұғамды қабыл етті», – деді.

Умәййә бин Халәфтің өлтірілгенін айтқанда да, ол қатты қуанып: «Әлхамдулиллаһ! Аллаһу та’алаға шүкір болсын. Раббым Өз құлын растады, Өз дінін үстем етті», – деді.

Расул-и әкрам Әбу Жәһл туралы: «Әбу Жәһл не болды екен, оған не болды, кім барып қарап келеді?» – деп, өліктердің арасынан оны іздеуді бұйырды. Іздеді, бірақ таппады. Пайғамбарымыз: «Іздеңдер, ол туралы менің сөзім бар. Егер оны тани алмасаңдар, тізесіндегі жараның ізіне қараңдар. Бір күні ол екеуміз Абдуллаһ бин Жуд’анның қонақасында болдық. Екеуміз де жас едік. Мен одан сәл үлкенірек едім. Қысылыста мен оны итеріп жібердім. Ол тізесімен құлады. Тізесінің бірі жараланып, бұл жараның ізі оның тізесінен кетпей қалды», – деді.

Осыдан кейін Абдуллаһ бин Мәсуд Әбу Жәһлді іздеуге кетті. Оны жаралы күйде тауып алып, таныды. «Әбу Жәһл сенсің бе?» – деді. Оның мойнын аяғымен басты. Сақалынан ұстап тартып: «Ей, Аллаһу та’аланың дұшпаны! Ақыры Аллаһу та’ала сені қор әрі бейшара етті ме?» – деді. Әбу Жәһл: «Ол мені неге қор әрі бейшара етсін! Ей, қойшы! Аллаһ сені қор әрі бейшара етсін. Сен шығуға болмайтын өте биік жерге шығыпсың! Сен маған бүгін жеңіс пен үстемдік қай жақта екенін айт», – деді. Хазреті Ибн Мәсуд: «Жеңіс Аллаһ пен Оның Расулы жағында», – деді. Әбу Жәһлдің басынан дулығасын шешкізгенде: «Ей, Әбу Жәһл! Мен сені өлтіремін», – деді. Әбу Жәһл: «Сен өз қауымының ұлы адамын өлтіргендердің алғашқысы емессің. Бірақ, шынымды айтсам, мені сенің өлтіруің маған өте ауыр болмақ. Ең болмаса мойнымды кеудеме жақынырақ етіп кес, басым айбынды көрінсін!» – деп, күпірлігінің, менмендігі мен тәкаппарлығының қандай дәрежеге жеткенін көрсетті.

Ибн Мәсуд Әбу Жәһлдің басын өз қылышымен кесе алмаған соң, Әбу Жәһлдің қылышымен кесті. Сосын оның қаруын, сауытын, дулығасын және басын әкеліп, Пайғамбарымыздың алдына қойды да: «Ата-анам саған пида болсын, йа, Расулаллаһ! Бұл – Аллаһу та’аланың дұшпаны Әбу Жәһлдің басы», – деді. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Ол – Одан басқа илаһ жоқ Аллаһ», – деді. Сосын тұрып, сахабаларымен бірге Әбу Жәһлдің өлігінің қасына дейін барды. Сонда былай деді: «Сені қор әрі бейшара еткен Аллаһу та’алаға хамд болсын.

Ей, Аллаһтың дұшпаны! Сен осы үмметтің перғауыны едің». Сосын: «Йа, Раббым! Маған берген уәдеңді орындадың», – деп, Аллаһу та’алаға шүкір етті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жаралы құрметті сахабалардың жараларын таңдырды. Шәһид болғандарды анықтатты. Мұхажирлерден алты, ансарлардан сегіз адам – барлығы он төрт шәһид берілген еді. Олардың бәрінің мүбәрәк рухтары жәннатқа ұшқанда, ислам нұрын сөндіруге әрекеттенген мүшріктерден жетпіс адам өлтірілді, жетпіс адам тұтқынға алынды. Расулуллаһ жеңіс сүйіншісін жеткізу үшін Мәдинаға Абдуллаһ бин Рауаха мен Зәйд бин Харисаны жіберді. Пайғамбарымыз шәһидтердің жаназа25 намазын оқып, оларды қабірге жерлетті. Мүшріктердің өліктерінен жиырма төртеуін бір көне құдыққа, қалғандарын шұңқырларға бірге тастап, үстерін көмді. Әлемдердің мырзасы мәртебелі сахабаларымен құдықтың басына келіп: «Ей, құдыққа тасталғандар!» – деді. Сосын өлтірілген мүшріктердің есімдерін әкелерінің есімдерімен бірге атап: «Ей, Утбә бин Рәбиа! Ей, Умәййә бин Халәф! Ей, Әбу Жәһл бин Хишам!.. Сендер өз Пайғамбарларыңа қандай жаман қауым болдыңдар! Сендер мені өтірікке шығардыңдар, ал басқалар мені растады, дұрыс деп таныды. Сендер мені қаламнан, елімнен қуып шығардыңдар, ал басқалар маған есіктерін ашып, мені бауырларына басты. Сендер менімен соғыстыңдар, ал басқалар маған көмектесті. Раббыларыңның уәде еткеніне жеттіңдер ме? Мен Раббымның уәде еткен жеңісіне жеттім», – деді.

«(Ей, сахабаларым!) Періштелердің белгілері мен таңбалары бар. Сендер де өздеріңе белгі мен таңба жасаңдар!» Хадис шәриф

Хазреті Омар: «Йа, Расулаллаһ! Сасып кеткен адамдарға сөйлеп тұрсың ба?» – деп сұрады. Сонда Расул-и әкрам: «Мені хақ пайғамбар етіп жіберген Раббыма ант етемін: сендер мені олардан артық естімейсіңдер. Бірақ олар жауап бере алмайды», – деді.

Соғыс алаңынан жандарын сақтап қалу үшін тез қашқан мүшріктер өздерімен бірге әкелген ештеңені алып кете алмады. Бәрі мұсылмандардың қолына өтті. Пайғамбарымыз ғанимет малдарын Бәдір соғысына қатысқан және тапсырма алған барлық сахабаларына бөліп берді. Олар Бәдірде тағы үш түн қалды да, он тоғыз күннен кейін Мәдинаға қайтты. Бұл арада сүйінші хабаршылары етіп жіберілген Абдуллаһ бин Рауаха мен Зәйд бин Хариса Мәдинаға жақындап қалған еді. Жексенбі күні сәскеде Ақиқ деген жерге жеткенде, олар бөлінді. Абдуллаһ бин Рауаха бір жақтан, ал Зәйд бин Хариса екінші жақтан Мәдинаға кірді. Олар үйден-үйге аралап, жеңіс туралы хабарлады. Расулуллаһтың ақыны Абдуллаһ бин Рауаха қатты дауыспен мына өлеңді оқып, жеңіс сүйіншісін жеткізіп жүрді:

Ей, ансар жамағаты! Сендерге сүйінші хабарым:
Аман-есен Аллаһтың Пайғамбары.
Мүшріктер өлтірілді, тұтқынға алынды,
Тұтқындардың арасында атақтылары көп.
Рәбиа мен Хажжаждың ұлдары бәрі де,
Бәдірде өлтірілді Әбу Жәһл Амр бин Хишам да.

Хазреті Асым бин Ади: «Ей, Ибн Рауаха! Айтқаның рас па?» – деп сұрады. Абдуллаһ бин Рауаха: «Иә, Аллаһпен ант етемін, рас! Иншаллаһ, ертең Расулуллаһ та қолдары байланған тұтқындармен бірге қайтып келеді!» – деді.

Хазреті Руқайяның қайтыс болуы

Сол күні сүйікті Пайғамбарымыздың қызы хазреті Руқайя (радиаллаһу анһа) қайтыс болған еді. Оның күйеуі хазреті Осман жаназа намазын оқытқан еді. Бұл қайғының үстіне келген жеңіс хабары олардың көңілін біраз жеңілдетті.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларымен бірге өзіне Бәдір жеңісін нәсіп еткен Аллаһу та’алаға хамд айтып, шүкір сәждесін жасады. Сосын тұтқындармен бірге Мәдина-и Мунаууараға қарай жолға шықты.

Сүйінші хабарын алдын ала жеткізген Абдуллаһ бин Рауаха мен Зәйд бин Хариса Бәдір соғысында болған жайттарды және кімдердің шәһид болғанын айтып берген еді. Мәдинада қалған балалар, әйелдер және тапсырма алғандар жеңіске қатты қуанды. Олар Пайғамбарымызды қарсы алуға шықты. Шәһидтердің арасында Хариса бин Сүрақа да бар еді. Хазреті Харисаның анасы Рубаййи’ ұлының су қоймасынан су ішіп тұрғанда дұшпанның оғы тиіп, шәһид болғанын білген еді. Анамыз Рубаййи’ бұл хабарды естігенде: «Расул алейһиссалам келмейінше, ұлым үшін жыламаймын. Ол бақытпен Мәдинаға қайтқанда, одан сұраймын. Егер ұлым жәннатта болса, мүлде жыламаймын. Ал тозақта болса, көзімнен жас орнына қан төгемін», – деген еді.

Сүйікті Пайғамбарымыз құрметті сахабаларымен Мәдинаға қайтқанда, Рубаййи’ оның қасына барып: «Ата-анам саған пида болсын, йа, Расулаллаһ! Ұлым Харисаға деген махаббатымды білесің. Ол шәһид болып, жәннатқа кірді ме екен? Егер солай болса, сабыр етейін. Олай болмаса, көзімнен қанды жас төгейін», – деді. Хабиб-и әкрам Пайғамбарымыз оған: «Ей, Үммү Хариса! Сенің ұлың бір ғана емес, көп жәннаттарда. Оның орны – Фирдаус», – деп сүйінші хабар берді. Осыдан кейін Рубаййи’: «Енді ұлым үшін жыламаймын», – деді. Ғаламның Сұлтаны бір ыдыс су сұрады. Рақым етіп, мүбәрәк қолын суға батырып шығарды. Бұл суды хазреті Харисаның анасы мен қарындасына ішкізді. Сонымен қатар бұл суды олардың бастары мен беттеріне сүртті. Сол күннен кейін Рубаййи’ мен оның қызының жүздері өте нұрлы болды. Өмірлері де өте ұзақ болды. Ғаламның ұстазы (Хажа-и кәинат) Пайғамбарымыз (алейһи әфзалус-салауат) Мәдинаға әкелінген жетпіс тұтқынды сахабаларының арасында бөліп беріп, оларға жақсы қарауды бұйырды. Тұтқындардың тағдыры туралы Аллаһу та’аладан әлі уахи келмеген еді. Расулуллаһ сахабаларымен кеңескеннен кейін тұтқындарды фидия (құн төлемі) арқылы босатуға шешім қабылдады.

Әр тұтқынның малына қарай фидия мөлшері белгіленді. Ақшасы жоқтардың ішінен оқып-жаза білетіндері Мәдинада оқу-жазуды білмейтін он адамға хат танытуға тиіс еді, тек содан кейін ғана Меккеге кете алатын еді. Пайғамбарымыз тұтқындардың арасындағы көкесі Аббасқа: «Ей, Аббас! Өзің үшін, бауырыңның ұлы Уқайл бин Әби Тәліп және Нәуфәл бин Харис үшін құн төле. Өйткені сен байсың», – деді. Хазреті Аббас: «Йа, Расулаллаһ! Мен мұсылманмын. Құрайыштықтар мені күштеп Бәдірге алып келді», – деді. Расулуллаһ: «Сенің мұсылмандығыңды Аллаһу та’ала біледі. Егер шын айтсаң, Аллаһу та’ала саған, әрине, оның сауабын береді. Бірақ сен сырттай бізге қарсысың. Сондықтан құныңды төлеуге тиіссің», – деді. Аббас: «Йа, Расулаллаһ! Сендер менен олжа етіп алған 800 дирхамнан басқа байлығым жоқ», – дегенде, Пайғамбарымыз: «Ей, Аббас! Ал әлгі алтындар туралы неге айтпайсың?» – деді. Ол: «Қандай алтындар?» – деді. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Меккеден шығып кеткен күні әйеліңе – Харистің қызы Үммүл-Фадлға берген алтындарың! Оларды бергенде қастарыңда сендерден басқа ешкім жоқ еді. Сен оларды Үммүл-Фадлға беріп: „Бұл сапарда басыма не түсерін білмеймін. Егер бір бәлеге ұшырап қайта алмасам, мынаншасы – сенікі, мынаншасы – Фадл үшін, мынаншасы – Абдуллаһ үшін, мынаншасы – Убәйдуллаһ үшін, мынаншасы – Қусам үшін“, – деген едің», – дегенде, хазреті Аббас таң қалып: «Ант етемін, мен бұл алтындарды әйеліме бергенде, қасымызда ешкім жоқ еді. Мұны қайдан білесің?» – деді. Пайғамбарымыз: «Аллаһу та’ала хабар берді», – дегенде, Аббас: «Сенің Аллаһу та’аланың расулы екеніңе және шын айтатыныңа куәлік беремін», – деп, шаһадат кәлимасын айтты.26 Хазреті Аббас мұсылман болғаннан кейін Пайғамбарымыз оған Меккеде тапсырма берді: ондағы мұсылмандарды қорғауды, исламға дұшпан болғандар туралы хабар жіберіп тұруды бұйырды.

«Мені хақ пайғамбар етіп жіберген Раббыма ант етемін: сендер мені олардан (мүшрік өліктерінен) артық естімейсіңдер. Бірақ олар жауап бере алмайды» Хадис шәриф

Бәдір соғысында жеңілген құрайыштықтарға хабар жіберіліп, оларға тұтқындарын фидия төлеп алып кете алатыны білдірілді. Бірақ хижретке дейін Пайғамбарлардың мырзасына көптеген жәбір-жапа көрсеткен Надр бин Харистің басы шабылды. Сондай-ақ Расул алейһиссалам Қағбаның жанында намаз оқып тұрғанда, оның мүбәрәк арқасына түйенің ішек-қарнын салуға батылы барған пасық Уқбә бин Әби Муайт өлтірілді. Бұл зұлым ислам дұшпанының басы денесінен бөлінгенде, Расулуллаһ Аллаһу та’алаға хамд айтты. Оның қасына барып: «Аллаһпен ант етемін, Аллаһу та’аланы, Оның расулын және Құран кәрімді теріске шығарған, Оның пайғамбарын азаптан азапқа салған сен сияқты жаман адамды білмеймін», – деді.

Тұтқындар туыстары фидия төлеп алғанша құрметті сахабалардың (алейһимур-ридуан) қасында қалды. Сахабалардың бәрі тұтқындарға өте жақсы қарап, оларды өз ризықтарына ортақ етті.

Мусаб бин Умәйрдің інісі Әбу Азиз тұтқындардың арасында еді. Ол былай деп баяндады: «Мен де мәдиналық бір мұсылманның үйінде тұтқын едім. Олар маған өте жақсы қарайтын: таңертең және кешке жейтін нандарын маған беріп, өздері тек құрма жеуге мәжбүр болатын. Олардың бірінің қолына бір үзім нан түссе, тура маған әкеліп беретін. Мен ұялғанымнан нанды әкелген адамға қайтарып беретінмін. Бірақ ол нанды қайтадан маған беретін».

Сондай-ақ тұтқындардан Йәзид деген бір құрайыштық былай деп баяндады: «Мұсылмандар Бәдірден Мәдинаға қайтқанда, бізді – тұтқындарды малға мінгізді, ал өздері жаяу жүрді».

Тұтқындардың арасында Хадишаның (радиаллаһу анһа) апасының ұлы, Пайғамбарымыздың күйеу баласы Әбул-Ас бин Рәби де бар еді. Әбул-Ас Меккенің саудагерлерінен еді, оның өте көп малы бар еді. Ол сенімділігімен және адалдығымен атағы шыққан еді. Меккеден тұтқындардың фидиясы жіберілгенде, хазреті Зейнеп фидияны толықтыру үшін анасы оған тойында сыйлаған алқасын да жіберген еді. Фидиялар келгенде, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алқаны таныды да: «Ей, сахабаларым, егер лайық көрсеңдер, қызым Зейнептің тұтқынын фидиясымен бірге оған қайтарыңдар», – деді. Сахабалар келісті. Зейнепті Мәдинаға жіберу шартымен Әбул-Асқа малымен бірге Меккеге қайтуға рұқсат етілді. Әбул-Ас Зейнепті және оның қасындағыларды інісі Кинанәмен бірге жолға шығарып салды. Мұны естіген мүшріктер ашуланып, адамдарынан бірнешеуін олардың соңынан жіберді. Олар Зи Тууада қуып жетті. Һаббар бин Әсуад найзасын лақтырғанда, түйе үркіп, хазреті Зейнепті үстінен жерге түсіріп жіберді. Кинанә жебелерін алдына төгіп, кім Зейнепке қол көтерсе, оны оқпен өлтіремін деді. Ол Зейнепті Меккеден алып шығып, тиісті жерге жеткізді. Хазреті Зейнеп алған жарақаттарынан ауырып қалды. Ол жүкті еді, Мәдинаға жеткенде, баласын түсіріп тастады. Расул алейһиссалам мұны естігенде, қатты қайғырды.

Мүшріктердің Бәдірде жеңіліп, соғыс алаңынан бейшара күйде қашуы Меккеде үлкен абдырау тудырды. Олар мүлде күтпеген, тіпті ойларына да келмеген нәтиже шыққан еді. Хабарды алғаш әкелген адамның сөздеріне Әбу Ләһәб пен басқа мүшріктер сенбеді. Соғыс алаңынан қашқан Әбу Суфйан Меккеге қайтқанда, оны дереу қастарына шақырды. Әбу Ләһәб одан: «Ей, бауырымның ұлы! Айтшы, қалай болды?» – деп сұрады. Әбу Суфйан сол жерде бір орынға отырды. Көп адам тік тұрып тыңдап тұрды. Әбу Суфйан былай деп баяндады:

«Сұрамаңдар, мұсылмандармен кездескенде, қолымыз байланып қалғандай болды. Олар қалағандарынша әрекет етті: біразымызды өлтірді, біразымызды тұтқынға алды. Ант етемін, мен өзімізден ешкімді сөкпеймін, айыптамаймын. Өйткені ол кезде біз жер мен көктің арасында ақбоз аттардың үстінде ақ киімді адамдармен кездестік. Оларға ештеңе төтеп бере алмайтын, ешкім қарсы шыға алмайтын еді!»

Сол жерде исламның алғашқы кезеңдерінде-ақ мұсылман болса да, мүшріктердің зұлымдығынан қорқып, мұсылмандығын білдірмеген Аббастың құлы хазреті Әбу Рафи бар еді. Оларды үнсіз тыңдап отырған Әбу Рафи қуанғанынан бәрін ұмытып, кенет: «Аллаһпен ант етемін, олар – періштелер», – деп айтып қалды.

Әбу Ләһәб оны қатты ұрып, көтеріп жерге соқты. Сосын оны біраз сабады. Сонда сол жерде болған хазреті Аббастың әйелі Үммүл-Фадл шыдап тұра алмады. Өйткені ол да бұрынырақ мұсылман болған еді. Үммүл-Фадл бөлмедегі бағаналардың бірін алып: «Оның ешкімі жоқ деп, оны әлсіз санадың ба?» – деп, Әбу Ләһәбті қатты ұрды. Әбу Ләһәбтің басы жарылды. Ол қаны сорғалап, қор, бейшара әрі масқара күйде бұрылып кетті. Жеті күннен кейін Аллаһу та’ала оған «қарақызыл» деп аталатын бір ауру берді. Ол сол аурудан өлді. Ұлдары оны екі немесе үш түн жерлемей қалдырды. Ақырында мәйіт саси бастады. Әбу Ләһәбке жабысқан аурудан әркім обадан қашқандай қашып, жиіркенетін. Осыдан кейін құрайыштықтардың бірі Әбу Ләһәбтің ұлдарына: «Ұят-ай сендерге! Ұялмайсыңдар ма? Әкелеріңді сасығанша үйде қалдырдыңдар. Ең болмаса оны бір жерге көміп қойыңдар», – деді. Ұлдары әлгі адамға: «Біз ондағы аурудан қорқамыз!» – деп жауап берді. Бұл жолы әлгі адам оларға: «Сендер барыңдар, мен де барамын, сендерге көмектесемін», – деді. Сосын үшеуі бірге жиналды. Мәйітті көтеріп, бір алыс жерге апарып қойды. Тастың астында көрінбей қалғанша үстіне тас лақтырды. Әбу Ләһәб осылайша мәңгі азап пен оттың ішінде қалатын мекеніне – қараңғылық пен тозақ шұңқыры болған қабіріне кірді.

Бәдірде тұтқынға алынған құрайыштықтардың арасында Уәлид бин Уәлид те бар еді. Оны Абдуллаһ бин Жахш тұтқынға алған еді. Уәлидтің бауырлары Хишам мен әлі мұсылман болмаған Халид бин Уәлид Мәдинаға келді. Абдуллаһ бин Жахш оны фидиясыз (құнсыз) жібергісі келмеді. Халид бұған келіскенімен, әкесі бір, анасы бөлек бауыры Хишам қабылдамады. Расулуллаһ әкелерінің қару-жарағы мен жабдығын беруді ұсынды. Бұған Хишам келіскенімен, Халид қабылдамады. Бірақ соңында әкелерінің жүз динар тұратын қылышы, сауыты және дулығасы есебіне келісті. Уәлидті тұтқыннан құтқарып, Меккеге жолға шықты. Бірақ Уәлид Мекке жолында Мәдинадан төрт миль қашықтықтағы Зул-Хулайфада олардан бөлініп, Пайғамбарымызға келіп, иман келтіріп, құрметті сахабалардан болды. Мұсылман болғаннан кейін біраз уақыт өткенде, ол Меккеге бауырларының қасына барды. Сонда Халид бин Уәлид: «Мұсылман болғың келсе, құн төленбей тұрып-ақ болсаң еді! Әкемізден қалған ескерткіштен айырдың. Неге бұлай істедің?» – деп сұрағанда, Уәлид: «Құрайыштықтардың: „Тұтқындыққа шыдай алмай, Мұхаммед алейһиссаламға ілесті“, – деуінен қорықтым», – деп жауап берді.

«Ей, Аббас! Сенің мұсылмандығыңды Аллаһу та’ала біледі. Егер шын айтсаң, Аллаһу та’ала саған, әрине, оның сауабын береді. Бірақ сен сырттай бізге қарсысың. Сондықтан құныңды төлеуге тиіссің» Хадис шәриф

Бұл жауапқа қатты ашуланған бауырлары оны Махзум ұлдарынан кейбір мұсылмандардың – Аййаш бин Әби Рәбиа мен Сәләмә бин Хишамның (радиаллаһу анһума) қасына зынданға қамады. Уәлид бин Уәлид (радиаллаһу анһу) иман келтіргені үшін жылдар бойы зынданда отырды. Исламның зұлым дұшпандарынан болған ағасы Хишамнан және мүшрік туыстарынан көп зұлымдық пен азап көрді. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүшріктердің зұлымдығына ұшыраған Аййаш бин Әби Рәбиа, Сәләмә бин Хишам және Уәлид үшін былай деп дұға етті: «Аллаһым! Уәлид бин Уәлидті, Сәләмә бин Хишамды, Аййаш бин Рәбианы және (кәпірлердің қолында қиналып) әлсіз (әрі көмексіз) саналған басқа мүминдерді құтқар. Аллаһым, Мударды (құрайыштықтарды) одан да қаттырақ (өте қатты) тапта. Бұл жылдарды (оларға) Жүсіптің жылдарына ұқсат».

Расулуллаһтың дұғасының берекесімен хазреті Уәлид бір амалын тауып, байлаулы жерінен қашып шықты. Ол Мәдина-и Мунаууараға келіп, сүйікті Пайғамбарымызға қауышты. Хабибуллаһ Пайғамбарымыз Аййаш бин Рәбиа мен Сәләмә бин Хишамның жағдайын сұрағанда, Уәлид олардың аяқтары бір-біріне байланғанын, қатты азап пен жапаның астында қиналып жатқанын хабарлады.

Ғаламның Сұлтаны олардың жағдайына қатты қайғырып, оларды құтқарудың жолдарын іздеді. Оларды кім құтқара алады деп сұрағанда, өзі жылдар бойы азап астында қалса да, Уәлид зор батылдықпен және ғашықтықпен: «Йа, Расулаллаһ! Оларды мен құтқарамын, саған алып келемін», – деп жауап берді. Ол қайтадан Меккеге барып, оларға тамақ апаратын бір әйелді аңдып, азап шегіп жатқан мұсылмандардың орнын білді. Екеуі де төбесі жоқ бір үйде тұтқында еді. Уәлид түнде өлімнен де қорықпай, батылдықпен қабырғадан түсіп, жолдастарының қасына жетті. Иман келтіруден басқа ешқандай айыбы болмаған бұл екі жәбірленушіні мүшріктер бір тасқа байлап, Арабстан шөлінің күйдіріп тұрған аптабында түрлі-түрлі жәбір-жапаға салатын. Уәлид бұл мүбәрәк дін бауырларын құтқарып, түйесіне мінгізді. Ал өзі Мәдина-и Мунаууараға – қатты жақсы көретін Расулуллаһтың қасына тезірек жету үшін жаяу, жалаңаяқ жолға шықты. Оны шөлдің күйдіргі аптабы емес, Әлемдердің мырзасына қауышу ғашықтығы өртеп келе жатты.

Мәдинаға ол үш күнде – аш, шөлдеген, жалаңаяқ күйде жетті. Оның саусақтары тастардан тілініп біткен еді. Уәлид бин Уәлид қанға малшынып, қатты жақсы көретін Хабибуллаһқа қауышты.

Бәдір жеңісі мұсылмандарды зор қуанышқа бөледі. Ал мүшріктер үлкен қайғы мен түңілуге түсті. Хабашстан патшасы Нәжаши де Расулуллаһтың жеңісі туралы естігенде, дереу өз еліндегі құрметті сахабалардың қасына барып: «Өз Расулын Бәдірде жеңімпаз етіп, оған жеңісті нәсіп еткен Аллаһу та’алаға хамд болсын», – деп сүйінші хабар берді.

Бәдір соғысынан кейінгі оқиғалар

Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинада яһудилермен де, Абдуллаһ бин Убәй сияқты мұсылман болып көрінген мұнафықтармен де, мүшріктермен де күресіп жүрді. Сонымен қатар ол Мәдинадан тыстағы мүшрік тайпаларды исламға шақырып, олардың мұсылман болу мәртебесіне жетуі үшін тырысты. Қарқара, Бәни Қайнуқа, Сәуиқ, Ғатафан, Бахран… сияқты ғазалардың бәрі Бәдір соғысынан кейін болды.

Хижреттің екінші жылында болған кейбір оқиғалар

Бұл жылы зекеттің парыз болуы, пітір садақасын беру, айт намаздарын оқу және құрбан шалу туралы әмір келді. Расулуллаһ қызы Үммү Гүлсімді хазреті Османға тұрмысқа берді. Пайғамбарымыз хазреті Омардың қызы Хафсаны және Зейнеп бинт Хузәйманы (радиаллаһу анһума) некесіне алды. Хазреті Әлидің ұлы хазреті Хасан дүниеге келді.

Хазреті Айшамен некелесуі

Пайғамбарымыз хазреті Айшамен Меккеде жүргенде-ақ құда түскен еді, бірақ әлі тойлары болмаған еді. Бір күні хазреті Әбу Бәкір әлем сардары Пайғамбарымыздан: «Йа, Расулаллаһ! Саған жұбайыңмен қосылуға не кедергі болып тұр?» – деп сұрады. Расулуллаһ: «Мәһр», – деді. Осыдан кейін хазреті Әбу Бәкір Расулуллаһқа мәһр ақшасын жіберді.27

Осыдан кейін анамыз хазреті Айшаның тойы болды. Ол кезде Пайғамбарымыз елу бес жаста еді.28 Анамыз хазреті Айша өте зерек әрі қабілетті болып, оқиғаларды дереу өлеңмен айта алатын. Үйренген және жаттаған нәрсесін ешқашан ұмытпайтын. Ол өте ақылды, зерек, ғалым, әдиба, ибалы әрі салиха еді. Жады өте күшті болғандықтан, құрметті сахабалар одан көп нәрселерді сұрап үйренетін. Ол аят кәримамен мақталды.

Қарқаратул-Кудр жорығы

Бәни Сүләйм және Ғатафан тайпаларынан бір топтың Қарқарада жиналғаны туралы хабар келді. Осыдан кейін Пайғамбарымыз мұхажирлер мен ансарлардан екі жүз адаммен Мәдинадан жолға шықты. Мәдинада хазреті Ибн Үммү Мәктум орынбасар етіп қалдырылды. Ақ туды хазреті Әли көтеріп жүрді. Олар ол жерге жетті, бірақ ешкімді таппады: ислам әскерінің келе жатқанын естіген мүшріктер ол жерді тастап кеткен еді. Алқап бойымен келе жатып, бір түйешіге кездесті. Одан Бәни Сүләйм мен Ғатафан адамдарының қайда екенін сұрады. Түйеші: «Олар мені малдарын бағу үшін бес күнге жалдаған еді. Қазір қайда екендерін білмеймін», – деді. Бес жүз түйе ғанимет ретінде алынды. Бақташы Ясар да тұтқынға алынды. Қарқаратул-Кудр алқабында үш түн қонғаннан кейін түйелерді айдап, Мәдинаға қарай қозғалды. Пайғамбарымыз Дырар деген жерде түйелердің бестен бірін бөліп алып, қалғанын бөліп берді. Әркімге екі түйеден тиді. Келесі күні таң намазын оқығанда, олар Ясар деген бұл түйешінің өздерімен бірге намаз оқығанын көрді. Осыдан кейін Пайғамбарымыз бұл құлды азат етті. Сосын аман-есен Мәдинаға қайтты.

«Аллаһпен ант етемін, Аллаһу та’аланы, Оның расулын және Құран кәрімді теріске шығарған, Оның пайғамбарын азаптан азапқа салған (Уқбә бин Әби Муайт) сен сияқты жаман адамды білмеймін» Хадис шәриф

Шексіз сағыныш отында жанған әр жан нұрға айналады,
Ғашықтық құштарлығымен қираған көңіл қайта тұрғызылып гүлдейді.

Бәни Қайнуқа жорығы

Бір күні Бәни Қайнуқа яһудилері бір мұсылман әйелді келеке еткісі келді. Сахабалардың бірі мұны көріп, дереу қылышын суырып, әлгі яһудиді өлтірді. Яһудилер жиналып, бұл мүбәрәк сахабаны өлтірді, ол шәһид болды. Бұл оқиға туралы Пайғамбарымызға хабар берілді. Расул-и әкрам оларды Қайнуқа базарының алаңына жинап, былай деді: «Ей, яһуди жамағаты! Аллаһу та’аланың құрайыштықтарға берген жазасы сияқты жазаға ұшыраудан қорқыңдар және мұсылман болыңдар. Менің Аллаһу та’ала жіберген пайғамбар екенімді сендер жақсы білесіңдер. Мұны да, Аллаһу та’аланың сендермен жасасқан антын да өз кітаптарыңнан оқығансыңдар…»

«Өз Расулын Бәдірде жеңімпаз етіп, оған жеңісті нәсіп еткен Аллаһу та’алаға хамд болсын» Нәжаши Әсхамә (рахматуллаһи алейһ)

Бәни Қайнуқа жорығы

Осындай рақым көрсетілсе де, жасасқан келісімді бұзған яһудилер Әлемдердің сұлтанына қарсы шығып: «Ей, Мұхаммед! Соғыса білмейтін бір қауымды жеңгенің сені алдамасын! Ант етеміз, біз – соғысқұмар адамдармыз! Сен бізбен соғыса бастағанда ғана біздің қандай батырлар екенімізді түсінесің!..» – деді. Осылайша олар бұрынғы келісімді бұзып, ашықтан-ашық қарсы шығатындарын білдірді. Осыдан кейін Жәбрейіл алейһиссалам уахи әкелді, онда мағынасы бойынша былай делінген еді: «(Йа, Хабибім!) Егер (сенімен) келісім жасасқан бір қауымның опасыздығынан (келісімге қайшы әрекет етуінен) қорықсаң, (соғыс ашпас бұрын) ақиқат пен әділдікпен олардың анттарын бұзғаныңды тура өздеріне білдір. Өйткені Аллаһу та’ала опасыздарды жақсы көрмейді».29

Тағы бір аят кәримада мағынасы бойынша былай делінді: «Йа, Расулым! Ол кәпір яһудилерге айт: сендер, күмәнсіз, жеңілесіңдер және жиналып тозаққа айдаласыңдар. Ол қандай жаман орын!»30

Хабиб-и әкрам Пайғамбарымыз дереу, Шәууәл айының ортасында, сенбі күні әскер жинап, Қайнуқа яһудилері тұратын бекініске қарай аттанды. Ақ туды хазреті Хамза көтеріп жүрді, ал Мәдинада орынбасар етіп Әбу Лубаба қалдырылған еді.31

Мүбәрәк әскер Қайнуқа бекінісін қоршап алды. «Біз қандай соғысқұмар батырлармыз!..» деген яһудилер қарсы тұру былай тұрсын, бекіністерінен бір оқ атуға да батылдары бармады. Расулуллаһ кіру және шығу жолдарын бақылауға алды. Ешкім сыртқа шыға алмады. Бұл жағдай он бес күнге созылды.32

Яһудилер қорқып, берілді. Әрқайсысы өлтірілуге тиіс болса да, әлемдерге рақым етіп жіберілген сүйікті Пайғамбарымыз рақым етіп, Қайнуқа яһудилеріне Шамға кетуге рұқсат берді. Олардың ешқайсысына сол маңда қалуға рұқсат етілмеді. Осылайша олар Мәдина жерінен шығарылды.33 Бәни Қайнуқа өз елдерінен көшіп кетті. Олардың малдары мен қарулары мұсылмандарға олжа болды.

Сәуиқ жорығы

Әбу Суфйан Бәдір соғысынан қашып, Меккеге қайтқанда, Мұхаммедтен (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) кек алғанша «басына май жақпауға және әйелдерінің қасына бармауға» нәзір етті. Нәзірін орындау үшін хижреттің екінші жылында, Зұлхижжа айының бесінші күні, жексенбі күні ол екі жүз аттымен Мәдинаға қарай жолға шықты. Бір түні Мәдинада ол біреудің үйіне барып, Пайғамбарымыз туралы сұрастырды. Әлгі адам оған назар аудармады.

Тіпті есігін де ашпады. Әбу Суфйан одан кетіп, Сәлам бин Мишкамға қонаққа түсті. Келесі күні ол жерден қозғалып, Ариз деген жерге келді. Онда ол ансарлардан Ма’бәд бин Амрға және оның қызметшісіне кездесіп, оларды жұмыс үстінде өлтірді, олар шәһид болды. Бір құрма бағына өрт қойды да: «Антым орындалды», – деп, ол жерден кетті.

Бұл оқиға Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жеткізілгенде, ол Мәдинада Әбу Лубабаны орынбасар етіп қалдырып, екі жүз адаммен Әбу Суфйанның соңынан шықты.

«Сендер, күмәнсіз, жеңілесіңдер және жиналып тозаққа айдаласыңдар. Ол қандай жаман орын!» Али Имран: 12

Мүшріктер мұны естігенде, қаша бастады. Құтылу үшін олар жүктерін және пісіру үшін алып келген қазандарымен бірге «сәуиқ» деп аталатын бір түрлі дән тағамын сол жерге тастап қашты. Мұсылмандар оларды тауып, олжа етіп алды. Сондықтан бұл ғазаны Сәуиқ жорығы деп атайды.

Хазреті Әли мен хазреті Фатиманың некелесуі

Хижреттің екінші жылы еді. Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қызы хазреті Фатима он бес жасқа толған еді.

Бір күні хазреті Фатима бір шаруамен Расул-и әкрамның қасына кірген еді. Расулуллаһ қызының тұрмысқа шығатын жасқа жеткенін көрді. Сол күннен кейін анамыз Фатиматуз-Зәһраны көптеген адамдар айттырды. Расул алейһиссалам оларға назар аудармай: «Оның ісі Хақ та’аланың әміріне байланысты», – деді.

Бір күні Әбу Бәкір, Омар және Са’д бин Муаз мешітте отырып: «Хазреті Фатиманы хазреті Әлиден басқа әркім айттырды. Ешкімге келісім берілмеді», – деп сөйлесті. Хазреті Сыддық: «Меніңше, ол Әлиге нәсіп болады. Жүріңдер, оның қасына барып, бұл мәселені ашып айтайық. Егер ол кедейлігін сылтау етсе, көмектесеміз», – деді. Са’д: «Ей, Әбу Бәкір! Сен әрдайым жақсылық жасайсың. Тұр, біз де сенімен бірге барамыз», – деді. Үшеуі мешіттен шығып, хазреті Әлимен кездесуге кетті. Хазреті Әли түйесін алып, ансарлардың бірінің құрма бағын суаруға кеткен еді. Оларды көргенде, қарсы алып, хал-жағдайларын сұрады. Хазреті Әбу Бәкір: «Ей, Әли! Әрбір қайырлы істе сен – алдыңғы қатардасың, Расул-и әкрамның алдында ешкімге нәсіп болмаған дәрежедесің. Хазреті Фатиманы әркім айттырды. Ешкімге келісім берілмеді. Біз оның саған нәсіп болатынын ойлаймыз. Неге ұмтылмайсың?» – деп сұрады.

Хазреті Әли мұны естігенде, оның мүбәрәк көздері жасқа толып: «Ей, Әбу Бәкір! Сен мені қатты өртедің. Оған менен артық ұмтылатын ешкім жоқ. Бірақ қолымның қысқалығы бұған кедергі болып тұр», – деді. Хазреті Әбу Бәкір: «Олай деме. Аллаһу та’ала мен Оның Расулының алдында дүние ештеңе емес. Бұған кедейлік кедергі бола алмайды. Бар, айттыр», – деді.

Хазреті Әли былай деп баяндайды: «Расулуллаһтың қасына ұялып әрі қысылып кірдім. Расулуллаһтың бүкіл айбыны мен салмақтылығы үстінде еді. Оның алдына отырдым, бірақ сөйлей алмадым. Расулуллаһ: „Неге келдің, бір шаруаң бар ма?“ – деп сұрады. Мен үндемедім. „Фатиманы айттыруға келген шығарсың“, – дегенде, мен: „Иә“, – деп қана айта алдым. (Пайғамбарымыз хазреті Фатимаға хазреті Әлидің оны айттырғанын жеткізді. Ол да үндемеді.) Пайғамбарымыз: „Фатимаға мәһр етіп беретін нең бар?“ – деп сұрады. „Йа, Расулаллаһ, қасымда оған беретін ештеңем жоқ“, – дедім».

Ол тағы: «Мен саған берген Хутами сауытты көйлек қайда, оған не болды?» – деп сұрады. «Ол менде», – дегенімде, ол: «Соны сатып, ақшасын маған әкел. Мәһр ретінде сол жетеді», – деді.34 Басқа бір риуаятта Расулуллаһ хазреті Әлиден: «Сенің не нәрсең бар?» – деп сұрағанда, ол: «Атым мен сауытты көйлегім бар», – деп жауап берген, ал Расулуллаһ: «Атың өзіңе керек болады, ал сауытыңды сат», – деген. Тағы бір риуаятта ол: «Ей, Әли, барып өзіңе бір үй жалдап ал», – деген.

Хазреті Әли үйленгенге дейін Пайғамбарымызбен бірге тұратын. Пайғамбарымыздың әмірімен ол Мәсжид-и Нәбәуидің жанындағы, хазреті Айшаның бөлмесінің қарсысында орналасқан Хариса бин Нұғманның үйін жалдады. Сауытын базарға жіберді. Хазреті Осман (радиаллаһу та’ала анһу) базарда жүріп, хазреті Әлидің сауытын таныды. Делдалды шақырып: «Бұл сауытқа иесі қанша сұрайды?» – деді. Делдал: «Төрт жүз дирхам сұрайды», – деді. Осман (радиаллаһу анһу): «Кел, ақшасын ал», – деді. Сосын сәадатханасына қайтты. Сауытты делдалдан алып, ақшасын төледі. «Бұл сауыт одан басқаға лайық емес. Бұл ақшаны да тойға жұмсасын. Біздің кешірім өтінгенімізді де қабыл етсін», – деді. Төрт жүз дирхамды беріп, сауытты да оның үстіне қойып, сыйлық етіп хазреті Әлиге жіберді. Хазреті Әли сауыт пен дирхамдарды алып Пайғамбарымызға келгенде, Пайғамбарымыз хазреті Осман үшін көп қайырлы дұға етіп: «Осман – жәннатта менің жолдасым», – деді. Сосын Біләл Хабашиді шақырып, ақшаның бір бөлігін берді де: «Мына ақшаны ал да, базарға шық! Біраз гүл суын, қалған ақшаға бал ал да, мешіттің бір бұрышында таза ыдыста сумен езіңдер. Неке қиылғаннан кейін ішу үшін бал шәрбатын жасаңдар. Ансарлар мен мұхажирлерден осында болған сахабаларымды мешітке шақыр және Фатима мен Әлидің некесі қиылатынын халыққа жария ет», – деп әмір берді.

Біләл Хабаши сыртқа шығып, хазреті Әли мен хазреті Фатиманың некесі қиылатынын халыққа жария етті. Құрметті сахабалар Мәсжид-и Нәбәуиге келіп, оның ішін де, сыртын да толтырды. Сонда Пайғамбарымыз тұрып, мынадай хұтба оқыды: «Барлық хамд пен шүкір әлемдердің Раббысына тән. Ол – берген ниғметтері үшін мақталатын, шексіз құдіреті мен күші үшін Оған ғибадат етілетін, азабынан және есебінен қорқылатын, үкімі мен пәрмені жерде де, көктерде де үстем болған Зат. Жаратылыстарды құдіретімен жаратқан, әділ үкімдерімен оларды бір-бірінен ажыратқан, адамдарды (ислам) дінімен және Пайғамбары Мұхаммедпен (алейһиссалам) мәртебелеген – Ол… Аллаһу та’ала маған қызым Фатиманы Әли бин Әби Тәліпке некелеп беруді әмір етті. Енді мен сендерді куә етемін: мен (Аллаһу та’аланың әмірімен) 400 мысқал күміс мәһрмен Фатиманы Әли бин Әби Тәліпке некелеп бердім. Раббым оларды қауыштырсын және мұны оларға мүбәрәк етсін. Ұрпақтарын пәк, рақымның кілті, хикметтің қайнары, Мұхаммед үмметіне амандық етсін.

Айтатын сөзім осы. Раббымнан өзім үшін де, сендер үшін де кешірім сұраймын».

Осыдан кейін хазреті Әли тұрып, мынадай қысқа хұтба оқыды: «…Алдымызда тұрған Мұхаммед алейһиссаламға салауат пен сәлем айтамын, ол өзінің мүбәрәк қызы Фатиманы 400 мысқал күміс мәһрмен маған некелеп берді. Ей, дін бауырларым! Күмәнсіз, сендер Пайғамбарымыздың айтқандарын естідіңдер және куә болдыңдар. Мен де бұған куәмін әрі разымын. Оны дәл солай қабылдаймын. Аллаһу та’ала барлығымыздың сөздерімізге куә, барлығымызға уәкіл».35

«Осман – жәннатта менің жолдасым» Хадис шәриф

Неке аяқталғанда, Пайғамбарымыз жаңа құрма алдырып: «Қане, бұл құрмадан алыңдар, жеңдер», – деді. Әркім алып жеді. Сосын хазреті Біләл бал шәрбатын таратты, оны да ішті және барлық сахабалар: «Бәракаллаһу фикума уә алейкума уә жәмаға шәмләкума», – деп дұға етті. Неке қиылғанда Фатима (радиаллаһу анһа) он бес, Әли (радиаллаһу анһу) жиырма бес жаста еді.

Некеден кейін хазреті Фатима жылап отырды. Пайғамбарымыз оның қасына келіп: «Ей, Фатима! Саған не болды, неге жылайсың? Аллаһу та’алаға ант етемін, мен сені айттырғандардың ең білімдісіне, жұмсақтық пен ақылдылықта ең абзалына және алғашқы мұсылман болғанына некелеп бердім», – деді. Хазреті Фатима: «Әкетай! Тұрмысқа шығатын әр қыздың мәһрі алтын және күміспен бағаланып, белгіленеді. Менің мәһрім де солай белгіленсе, сен мен басқалардың арасында қандай айырмашылық болады? Қиямет күні сен мүминдердің күнәкарларынан қанша адамға шапағат етсең, мен де олардың әйелдеріне шапағат еткім келеді. Менің тілегім осы», – деді.

Аллаһу та’ала хазреті Фатиманың бұл тілегі қабыл болғанын білдіргенде, Расулуллаһ: «Ей, Фатима, пайғамбардың баласы екеніңді көрсеттің!» – деді.

Хазреті Әли былай деген: «Бұл істерден кейін бірнеше ай өтті. Бұл туралы мәжілісте ешқандай сөз болмады. Мен де ибамнан, яғни ұялғанымнан ауыз аша алмадым. Бірақ Расулуллаһ кейде мені оңаша көргенде: „Сенің әйелің қандай жақсы әйел! Саған сүйінші, ол – әлемдегі әйелдердің ханымы (сәйидасы)“, – дейтін».

Сол күндері хазреті Әлидің ағасы хазреті Уқайл: «Ей, Әли! Бұл некеге біз қуандық. Бірақ менің тілегім – бұл екі бақытты жан бір-біріне жақын болса екен», – дегенде, хазреті Әли: «Менің де тілегім сол, бірақ ұяламын», – деді. Хазреті Уқайл хазреті Әлидің қолынан ұстап, Пайғамбарымыздың үйіне бара жатқанда, Расулуллаһтың күңі Үммү Әймәнге кездесті. Жағдайды оған айтты. Үммү Әймән: «Бұл іс үшін сендердің келулерің керек емес. Біз пәк әйелдермен (әзуаж-и таһират) келісіп, сендерге хабар береміз. Өйткені бұл істе әйелдердің сөзі тыңдалады», – деді.

Үммү Әймән бұл жағдайды Расулуллаһтың әйелдеріне айтты. Осыдан кейін басқа пәк әйелдер хазреті Айшаның үйіне келді. Хазреті Хадишаны еске алып: «Егер ол тірі болса, бізде ешқандай уайым болмас еді», – деді. Расулуллаһ жылады да, былай деді: «Хадиша сияқты әйел қайда? Халық мені өтірікке шығарғанда, ол мені растады және бүкіл малын менің жолыма жұмсады. Ислам дініне көп көмек берді. Ол тірі кезде Хақ та’ала маған: „Хадишаға сүйінші хабар бер: жәннатта ол үшін зүмірәттан бір сарай салынған“, – деп әмір етті». Расулуллаһтың әйелдері хазреті Әлидің тілегін жеткізді. Осыдан кейін Расулуллаһ Үммү Әймәнге хазреті Әлиді шақыруды бұйырды. Әли келгенде, мәжілістегі әйелдер тұрып шығып кетті. Хазреті Әли басын төмен иіп отырды. Расулуллаһ: «Жұбайыңды қалайсың ба, ей, Әли?» – деп сұрады.

Әли (радиаллаһу анһу): «Иә, йа, Расулаллаһ! Ата-анам саған пида болсын», – деді. Расул-и әкрам Әсма бинт Умәйске: «Бар, Фатиманың үйін дайында», – деді. Әсма хазреті Фатима келін болып түсетін үйге барды. Бір жастықты жаңа теріден, бір жастықты жамаулы теріден, ал бір жастықты шиден жасап, іштерін құрма қабығының талшығымен толтырды. Расулуллаһ құптан намазынан кейін Фатиманың үйіне келіп, дайындалғандарды қарап шықты.

Пайғамбарымыз хазреті Әли әкелген ақшаның үштен екісіне тағам, сәндік бұйымдар, хош иіс сияқты нәрселер, ал үштен біріне киім алуды бұйырды және үй жиһаздарын толықтыртты. Хазреті Фатиманың жасауы мен үй жиһаздарында мыналар бар еді: Әсма бинт Умәйс дайындаған үш жастық, шашақты бір кілем, іші құрма қабығының талшығымен толтырылған бір жастық, екі қол диірмен, бір су мес, балшықтан жасалған бір құмыра, теріден жасалған бір су ыдысы, бір орамал, бір белдемше, иленген бір теке терісі, ескіріп, жүні түскен бір ала Йемен кілемі, құрма жапырағынан өрілген бір сәкі, Йемен ісі болған екі ала киім және бір барқыт көрпе. Сосын Расулуллаһ хазреті Әлиге біраз ақша беріп, құрма мен май алуды бұйырды. Хазреті Әли одан кейінгі жайттарды былай деп баяндады:

«Бес дирхамға құрма, төрт дирхамға май алдым. Расулуллаһқа әкелдім. Ол теріден бір дастарқан сұрады. Құрманы, ұнды, майды және айранды мүбәрәк қолымен араластырып, бір түрлі тағам жасады да: „Ей, Әли! Бар, кімді тапсаң, соны алып кел“, – деді. Мен сыртқа шығып, көп адамды көрдім, бәрін шақырдым да ішке кіріп: „Йа, Расулаллаһ! Халық өте көп“, – дедім.

Әлемдердің мырзасы, Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз: „Оларды он-оннан ішке кіргізіп тұр, тамақ жесін“, – деді. Мен солай істедім. Санап көрді: ерлер мен әйелдерден жеті жүз адам жеп, тойған еді».

Хазреті Әли мен Фатиманың уәлимасы (той дастарқаны) желінгеннен кейін, Үммү Әймән хабарлағандай, Пайғамбарымыз хазреті Әлиге: «Ей, Әли, қызым Фатима келін болып сендердің үйлеріңе кетті. Мен де ақшам намазынан кейін келіп дұға етемін. Мені күтіңдер», – деді.

Хазреті Әли үйге келгенде, бір бұрышқа отырды. Хазреті Фатима да үйдің екінші бір бұрышына отырды. Сосын Расулуллаһ келіп, есік қақты. Есікті Үммү Әймән ашты.

Расулуллаһ: «Бауырым осында ма?» – деп сұрады. Үммү Әймән: «Ата-анам саған пида болсын, йа, Расулаллаһ! Сенің бауырың кім?» – деді. Расулуллаһ: «Ол – Әли бин Әби Тәліп», – дегенде, Үммү Әймән: «Қызыңды бауырыңа тұрмысқа бердің бе?» – деді. Расулуллаһ: «Иә», – деді. Расулуллаһтың «Бауырым осында ма?» деп сұрағанынан Үммү Әймән бұл неке дұрыс болмайды деп ойлады. Ал Расулуллаһ «Иә» деп, некеге кедергі болатыны – бір анадан туу екеніне ишарат етті.

Сосын Расулуллаһ Үммү Әймәннен: «Әсма бинт Умәйс те осында ма?» – деп сұрады. «Иә», – деп жауап бергенде: «Демек, Расулуллаһтың қызына қызмет етуге келген екен», – деді. Үммү Әймән: «Иә», – дегенде: «Қайырға жетсін», – деп, оған дұға етті.

«Ей, Фатима! Саған не болды, неге жылайсың? Аллаһу та’алаға ант етемін, мен сені айттырғандардың ең білімдісіне, жұмсақтық пен ақылдылықта ең абзалына және алғашқы мұсылман болғанына некелеп бердім» Хадис шәриф

Сосын ол бір ыдыспен су алдырды. Мүбәрәк қолдарын жуды. Суға біраз жұпар салды. Сосын хазреті Фатиманы шақырды. Хазреті Фатима ұялғанынан киіміне қарап тұрды. Расулуллаһ судан біраз алып, Фатиманың кеудесіне, басына және арқасына шашты да: «Аллаһумма инни у’изуһа бикә уә зуррийятаһа минаш-шайтанир-ражим» (Йа, Раббым, оны және оның ұрпағын ражим, яғни таспен қуылған шайтанның жамандығынан сақтауыңды сұрап, Саған сиынамын), – деп дұға етті. Сосын хазреті Әлиге де солай істеп: «Аллаһумма барик фиһима уә барик алейһима уә барик ләһума фи нәслиһима», – деп дұға етті. Ықылас және Муаууизатайн сүрелерін оқып: «Аллаһу та’аланың есімі және берекесімен жұбайыңның қасына кір», – деді. Сосын мүбәрәк қолдарымен есіктің екі жармасын ұстап, береке сұрап дұға етті де, ол жерден кетті.36

Хазреті Әли былай деді: «Тойымыздан төрт күн өткен соң Расулуллаһ біздің үйге келіп, бізді мәртебеледі. Көңілдерді баурайтын, хикметке толы сөздерімен бізге насихат етті де: „Ей, Әли! Су әкел!“ – деді. Мен тұрып, су әкелдім. Ол бір аят кәрима оқыды да: „Бұл судан біраз іш. Біразы қалсын“, – деді. Мен солай істедім. Қалған суды менің басыма және кеудеме шашты. Тағы да: „Су әкел“, – деді. Мен тағы су әкелдім. Маған істегеніндей, Фатимаға да істеді. Сосын мені сыртқа шығарып жіберді».

Әли шыққанда, ол қызынан хазреті Әли туралы сұрады. Фатима: «Әкетай, оның бойында барлық кемел сипаттар бар. Бірақ кейбір құрайыш әйелдері маған: „Сенің күйеуің кедей“, – дейді», – дегенде, Расулуллаһ былай деді: «Ей, қызым! Сенің әкең де, күйеуің де кедей емес. Маған бүкіл жер мен көктің қазыналары мен байлықтары ұсынылды. Мен оларды қабылдамадым. Аллаһу та’аланың алдында қабыл болғанды қабылдадым. Ей, қызым! Егер менің білгенімді сен білсең, дүние сенің көзіңде қор әрі төмен болар еді. Аллаһу та’ала үшін айтамын, сенің күйеуің – сахабалардың біріншісі. Исламда да ұлы, ілім жағынан да ең терең. Ей, қызым! Аллаһу та’ала Әһли бәйттен (Пайғамбардың отбасынан) екі адамды таңдады. Бірі – әкең, бірі – күйеуің. Оған ешқашан бас көтерме және оның әміріне қарсы шықпа».

Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз (алейһи әфзалус-салауат) қызына насихат еткеннен кейін, хазреті Әлиді шақырды. Оған Фатиманы тапсырып: «Ей, Әли! Фатиманың көңілін аяла. Ол – менің бір бөлшегім. Оны қадірле. Егер сен оны ренжітсең, мені ренжіткен боласың», – деді. Екеуін де Аллаһу та’алаға тапсырды. Сосын тұрып, кетуге ыңғайланғанда, хазреті Фатима: «Йа, Расулаллаһ! Үй ішіндегі қызметті мен атқарайын, сырттағы қызметті Әли атқарсын. Маған бір күң берсең, ол кейбір істерімде көмекші болар еді. Мені қуантар едің», – деді. Расулуллаһ: «Ей, Фатима! Саған қызметшіден жақсырақ нәрсе берейін бе, әлде қызметші берейін бе?» – деді.

Анамыз хазреті Фатима: «Қызметшіден жақсырағын бер», – деді. Сонда Расулуллаһ: «Күн сайын жатарда отыз үш рет „Субханаллаһ“, отыз үш рет „Әлхамдулиллаһ“, отыз үш рет „Аллаһу әкбар“ және бір рет „Лә илаһә иллаллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уә һуә ала кулли шәйин қадир“ деп айт. Барлығы жүз сөз болады. Қияметте мың хасана (жақсылық) табасың. Мизанда (таразыда) хасаналарың ауыр басады», – деді. Сосын Пайғамбарымыз қызының үйінен шығып, сәадатханасына кетті.

Ка’б бин Әшрәфтің өлтірілуі

Бәдір жеңісімен Мәдинадағы яһудилердің және пұтқа табынатын мүшріктердің жүректеріне қорқыныш түсті. Кейбір яһудилер инсапқа келіп: «Сипаттарын кітаптарымыздан оқыған кісі, күмәнсіз, осы. Енді оған қарсы тұру мүмкін емес. Өйткені ол әрдайым жеңеді», – деп, мұсылман болды. Ал кейбірі: «Мұхаммед соғысты түсінбейтін құрайыштықтармен соғысты. Сондықтан жеңді. Егер бізбен соғысса, біз оған соғыстың қалай жүргізілетінін, жеңістің қалай алынатынын көрсетер едік», – деді.

Ка’б бин Әшрәф деген бір яһуди Бәдірде ислам әскерінің жеңгенін естіген соң, мұсылмандарға деген кегінен Меккеге кетті. Ондағы мүшріктерді жинап, оларды Мәдинаға шабуыл жасауға арандатып, өлеңдер айтты, оларды жігерлендіріп, қоздырды. Пайғамбарымызбен соғысу үшін олармен келісті. Тіпті сүйікті Пайғамбарымызды жасырын өлтіруге қастандық жасады. Аллаһу та’ала бұл жағдайды Расулуллаһқа хабар етіп, мағынасы бойынша былай деді: «Олар – Аллаһу та’ала лағнет еткен (рақымынан алыстатқан) адамдар…»37

Осыдан кейін Расул-и әкрам мәртебелі сахабаларына: «Ка’б бин Әшрәфті кім өлтіреді? Өйткені ол Аллаһу та’ала мен Оның Расулына жапа шектірді», – деді.

Мұхаммед бин Мәсләмә: «Йа, Расулаллаһ! Оны менің өлтіруімді қалайсың ба?» – деп сұрады. Расулуллаһ: «Иә, қалаймын», – деді. Мұхаммед бин Мәсләмә бірнеше күн бұл іс туралы ойланып, жоспар құрды. Жолдастарынан Әбу Наилә, Аббад бин Бишр, Харис бин Әус, Әбу Абс бин Жәбрге барып, мәселені оларға айтты. Барлығы құптап: «Бірге өлтіреміз», – деді. Бірге Пайғамбарымызға келіп: «Йа, Расулаллаһ! Рұқсат етсең, біз онымен сөйлескенде сен туралы Ка’бқа ұнайтын кейбір сөздер айта аламыз ба?» – деді. Пайғамбарымыз оларға қалағандарын айтуға рұқсат берді.

Осыдан кейін Мұхаммед бин Мәсләмә жолдастарымен Ка’б бин Әшрәфтің қасына барды. «Мына Мұхаммед бізден садақа сұрады. Бізге көп салық салды. Сондықтан сенен қарызға бір нәрсе алуға келдім», – деді. Ка’б Мұхаммед бин Мәсләмә өзі сияқты ойлайды деп қуанып: «Ол сендерді әлі де жалықтырады», – деді. Мұхаммед бин Мәсләмә: «Біз оған бір рет ілестік қой. Оған ілесуді жалғастырамыз. Көрейік, соңы не болар екен? Қазір сен бізге қарызға біраз құрма бер», – деді. Ка’б: «Жарайды, берейін, бірақ сендер маған бір нәрсені кепілге беруге тиіссіңдер!» – деді. Мұхаммед бин Мәсләмә мен оның қасындағылар: «Не қалайсың?» – деді. Ка’б: «Әйелдеріңді кепілге қалаймын», – дегенде, олар келіспеді. Ка’б: «Олай болса, ұлдарыңды кепілге беріңдер», – деді. Олар: «Оларды да кепілге бере алмаймыз. Олардың бірі туралы бір-екі түйе жүгі құрма үшін кепілге берілген деп айтады, бұл біз үшін ұмытылмас дақ болады. Бірақ саған қаруларымыз бен сауыттарымызды кепілге бере аламыз», – деді. Ка’б бұл ұсынысты қабылдады. Оларға қашан келу керек екенін де айтты.38

«Ей, Әли! Фатиманың көңілін аяла. Ол – менің бір бөлшегім. Оны қадірле. Егер сен оны ренжітсең, мені ренжіткен боласың» Хадис шәриф

Бір түні Мұхаммед бин Мәсләмә Ка’бқа келді. Онымен бірге Әбу Наилә де бар еді. Ка’б оларды бекініске шақырды, ал өзі оларды қарсы алу үшін төмен түсті. Ка’бтың әйелі: «Мына уақытта қайда шығасың?» – деді. Ка’б: «Келгендер – Мұхаммед бин Мәсләмә мен бауырым Әбу Наилә», – деді. Әйелі: «Мен естіген мына дауыс маған мүлде ұнамайды. Одан қан тамып тұрғандай», – деді. Ка’б: «Жоқ, олар – Мұхаммед бин Мәсләмә және сүт бауырым Әбу Наилә. Ол жақсы жігіт. Түнде қылыш шайқасына шақырса да, ешбір ойланбастан келеді. Ол сондай адам», – деді. Мұхаммед бин Мәсләмә өзімен бірге екі, бір риуаят бойынша үш адамды бекініске кіргізді. Олар Әбу Абс бин Жәбр, Харис бин Әус және Аббад бин Бишр еді.39 Хазреті Мұхаммед бин Мәсләмә жолдастарына: «Ка’б келгенде, мен оған шашын иіскегім келетінін айтамын, басын ұстап иіскеймін. Ка’бтың басын мықтап ұстағанымды көргенде, қылыштарыңмен шабыңдар», – деді. Ка’б бин Әшрәф әдемі киініп, хош иіс аңқытып, олардың қасына шықты. Ибн Мәсләмә: «Осы уақытқа дейін мұндай хош иіс иіскеген емеспін», – деп, Ка’бтың қасына келді. Ка’б: «Арабтардың ең хош иісті әйелдері менің қасымда», – деп мақтанды. Мұхаммед бин Мәсләмә: «Басыңды иіскеуге рұқсат етесің бе?» – деді. Ка’б рұқсат ететінін айтты. Ибн Мәсләмә оны иіскеді, жолдастарына да иіскетті. Сосын тағы иіскегісі келетінін айтты. Бұл жолы Мұхаммед бин Мәсләмә Ка’бтың басын ұстап алып, жолдастарына қылыштарымен шабуға ишарат етті.

Бірінші қылыш соғылғанда, Ка’б қатты айқайлады, бірақ өлмеді. Осыдан кейін Мұхаммед бин Мәсләмә оны қанжарымен өлтірді. Ка’бты өлтірген мүжаһидтер дереу ол жерден кетіп, Мәдинаға жетті. Олар Расулуллаһқа сүйінші хабар жеткізгенде, Пайғамбарымыз Аллаһу та’алаға хамд айтып, мүжаһидтерге дұға етті. Кәпір Ка’б бин Әшрәфтің өлтірілуі яһудилерді қатты қорқынышқа салды. Өйткені Ка’б сияқты атақты басшы өлтірілгеннен кейін олардың өлтірілуі де уақыт мәселесі ғана еді. Таңертең олар жиналып, Пайғамбарымызға келді. Түнде болған оқиғадан шағымданды. Расул-и әкрам: «Ол бізді әрдайым мазалап, бізге қарсы өлеңдер айтатын. Егер сендердің араларыңнан кім де болса солай істесе, білсін: оның жазасы – қылыш», – деді. Бұл ескертуден кейін яһудилер қорыққанынан Расулуллаһпен қайтадан келісім жасасты…40

Ғатафан жорығы

Бұл ғазаны «Әнмар жорығы» деп те, «Зи Әмр жорығы» деп те атайды. Бәни Са’ләба және Бәни Мухариб тайпаларынан бір топ Зи Әмр деген жерде жиналып, Мәдинаның маңынан не тапса, соны талауға шешім қабылдаған еді. Олардың басшысы Ғаурас деген лақап аты бар Да’сур бин Харис бин Мухариб деген біреу еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинада Осман бин Аффанды (радиаллаһу анһу) орынбасар етіп қалдырып, төрт жүз елу адамдық әскермен Мәдинадан жолға шықты. Жолда Жаббар деген бір адамға кездесті. Дұшпан туралы одан сұрастырды. Ол: «Олар сендермен соғысқысы келмейді. Сендерді көргенде, тауларға қашып кетті», – деді. Расулуллаһ оған исламды ұсынды. Ол қабылдап, мұсылман болды.

Ислам әскері аңғарға қарай ілгерілеп келе жатқанда жаңбыр жауа бастады. Ол біраз уақыт бар қарқынымен жауды, кейін бәсеңдеп, басылды. Пайғамбарымыздан бастап барлық мүжаһидтер басынан аяғына дейін малшынып су болды. Әркім бір шетте үсті-басын кептіріп жатты. Расулуллаһ та оңаша бір жерде киімін кептіру үшін шешіп, бір ағаштың үстіне жайды. Ол ағаштың түбінде демалып жатқанда ислам әскерін аңдып жүрген кәпірлер Расулуллаһтың жалғыз екенін көріп, Да’сур бин Хариске хабар берді. Ол Расулуллаһты өлтіру үшін оның демалып жатқан жеріне дыбыссыз жақындады. Қылышын суырып: «Сені менің қолымнан кім құтқара алады?» – деді. Расулуллаһ: «Аллаһу та’ала құтқарады», – деді. Сол сәтте Жәбрейіл алейһиссалам келіп, Да’сурдың кеудесінен соғып, оны жерге құлатты. Қылышы қолынан түсіп кетті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Да’сурдың қылышын алып: «Сені менің қолымнан кім құтқарады?» – деді. Да’сур: «Ешкім құтқара алмайды», – деп, шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болды. Оның себебімен көп адам иман келтірді.41 Ол енді ешқашан соғыс үшін әскер жинамауға сөз берді. Қарулы қақтығыссыз Мәдинаға қайтты. Жорық он бір күнге созылды.

Бахран жорығы

Бұл жорықты «Бәни Сүләйм» немесе «Нәжран жорығы» деп те атайды. Бәни Сүләймде жиналған көптеген мүшріктің Мәдинаға шабуыл жасамақ болғаны туралы хабар келді. Мәдинада хазреті Ибн Үммү Мәктум орынбасар етіп қалдырылды. Расулуллаһ үш жүз адамдық күшпен жауға қарсы аттанды. Ислам әскерінің келе жатқанын естіген жау тауларға қашып кетті. Сондықтан кездесу мүмкін болмады. Жорық он екі күнге созылды.

«Ол (Ка’б бин Әшрәф) бізді әрдайым мазалап, бізге қарсы өлеңдер айтатын. Егер сендердің араларыңнан кімде-кім осылай істесе, біліп қойсын: оның жазасы – қылыш» Хадис шәриф

Ғашқың алды менен мені;
сүйемін Сені, Раббым!
Сенің махаббатың тәтті екен;
сүйемін Сені, Раббым!
Байлыққа да қуанбаймын,
жоқтыққа да қамықпаймын.
Ғашқыңменен ләззат табам;
сүйемін Сені, Раббым!
Ғибадатты бұйырдың Сен,
жақсы халді мақтадың Сен,
шексіз ниғмет бердің Сен;
сүйемін Сені, Раббым!
Нәпсім неткен опасыз, ә:
ләззаты үшін мені құртады!
Ал мен шынайы ләззат таптым:
сүйемін Сені, Раббым!
Ғибадатты көркем ету,
дүние үшін де еңбек ету –
күні-түні ісім осы, өйткені
сүйемін Сені, Раббым!
Сөзбен болмас сүю, Хилми!
Раббың: «Еңбек етіңдер!» – деді.
Халіңнен де білінсін:
сүйемін Сені, Раббым!
Ислам жауы сансыз көп,
дінге жасырын шабуылдар;
қарап отырсаң, дұрыс па?
Сүйемін Сені, Раббым!
Ғашық жалқауланып отырар ма?
Мағшұғына шаң жұқтырар ма?
Жауды тыйып, айта бер:
«Сүйемін Сені, Раббым!»