Салман Фарисидің мұсылман болуы
Күн өткен сайын ислам нұры тарала бастады, Расулуллаһтың мүбәрәк есімі естілген сайын жүректерден орын ала бастады. Оның келуін сағына күткен ілім иелері іздену үстінде, толқып Мәдинаға асығып, иман келтіру құрметіне ие болып жатты. Солардың бірі – хазреті Салман Фариси еді. Ол өзінің мұсылман болуын былай деп әңгімелеген: – Мен Парсы (Иран) еліндегі Исфахан қаласына қарасты Жәй ауылынанмын. Әкем ауылдың ең байы еді, жеріміз бен малымыз көп болатын. Мен үйдің жалғыз баласы әрі әкемнің жалғыз сүйіктісі едім. Сондықтан ол мені қыз баладай өсірді. Үйден шығуыма рұқсат бермейтін. Ол отқа табынушы (мәжуси) болғандықтан, маған мәжусилікті өзі қалағандай, кемшіліксіз үйретті. Үйде үнемі от жанып тұратын, біз оған табынып, сәжде ететінбіз.
Әкемнің мал-мүлкі көп болғандықтан, бірде ол мені сыртқа алып шығып: «Балам! Мен өлгенде бұл малдардың иесі сен боласың, сондықтан барып, малдарың мен жерлеріңмен таныс», – деді. Мен де: «Жарайды», – деп, бақшаларымызды аралап шықтым.
Бір күні егістіктерді қарауға бара жатып, бір шіркеуге тап болдым. Христиандардың дауыстарын естідім, қастарына барғанда олардың ішінде ғибадат етіп жатқанын көрдім. Бұрын мұндай нәрсе көрмегендіктен, таң қалдым. Өйткені біздің ғибадатымыз от жағып, оған сәжде етуден басқа ештеңе емес еді. Ал олар көрінбейтін Аллаһқа ғибадат етіп жатты. Мен іштей: «Аллаһпен ант етемін, бұлардың діні – хақ, ал біздікі – батыл», – дедім. Кешке дейін оларды қызыға бақылап тұрдым. Егістіктерімізге жетпей жатып-ақ қараңғы түсе бастады. Мен олардан: «Бұл діннің негізі қайда?» – деп сұрағанымда, олар: «Шамда», – деді. Сосын: «Шамға барсам, мені де қабылдай ма?» – деп сұрағанымда: «Иә, қабылдайды», – деп жауап берді. «Араларыңда жақын арада Шамға баратын адамдар бар ма?» – деп сұрағанымда, біраздан кейін бір керуеннің аттанатынын айтты. Мен сөйлескен адамдар аз еді, олар Шамнан Исфаханға келген екен. Мен олармен әуре болып жүріп, үйге қайтуға кешіктім. Менің қайтпағанымды көрген әкем мені іздей бастап, адам жіберіпті.
Іздепті, таба алмапты. Олар әбігерге түсіп жүргенде, мен үйге қайттым. Әкем: «Осы уақытқа дейін қайда жүрдің? Сені іздемеген жеріміз қалмады», – деді. Мен: «Әкетай! Мен бүгін егістіктерді аралап қайтуға шыққан едім. Бірақ жолда бір христиан шіркеуіне тап болдым. Ішке кірдім. Қарасам, олар өздері көрмейтін, бәріне билігі мен құдіреті жететін Аллаһқа иман келтіреді екен. Олардың ғибадаттарына таң қалдым. Кешке дейін оларды бақылап тұрдым. Олардың дінінің хақ екенін түсіндім», – дедім. Мұны естіген әкем: «Ей, ұлым! Сен қате ойлап жүрсің, ата-бабаларыңның діні олардың дінінен дұрысырақ. Олардың діні бұзық. Абайла, алданып, сеніп қалма!» – деді. Ал мен: «Жоқ, олардың діні біздікінен қайырлырақ; олардікі – хақ, біздікі – батыл», – дедім. Әкем бұған қатты ашуланып, қол-аяғымды байлап, мені үйге қамап қойды.
Осы халде жүріп, мен үнемі Шамға аттанатын керуен туралы хабар күтетінмін. Ақыры христиан раһибтерінің керуенді дайындағанын білдім.
Байлауымды шешіп, қашып шықтым да, керуен тұрған шіркеуге бардым. Бұл жақта тұра алмайтынымды айттым да, керуенге қосылып, Шамның жолына түстім. Шамда христиан дінінің ең үлкен ғалымын сұрадым. Маған бір кісіні көрсетті, мен оның қасына барып, халімді айттым. Оның қасында қалғым, оған қызмет еткім келетінін айтып, маған христиандықты үйретуін, Аллаһу та’аланы танытуын өтіндім. Ол келісті. Енді мен оған қызмет етіп, шіркеудің істерін атқара бастадым. Ол да маған христиандықты үйрететін.
«Менен естігендеріңді дін бауырларыңа да айтыңдар! Бір-біріңе естіртіңдер!» Хадис шәриф
Бірақ кейін мен оның жаман адам екенін түсіндім. Өйткені христиандардың кедейлерге беру үшін әкелген садақаларын, алтын-күмістерін ол жасырып қойып, мұқтаждарға бермейтін. Ол толық жеті құмыра алтын мен күміс жинаған еді. Менен басқа мұны білетін ешкім жоқ еді. Біраздан кейін ол өлді.
Христиандар оны жерлеуге жиналды. Мен оларға: «Неге оған соншалық құрмет көрсетесіңдер, ол бұл құрметке лайық адам емес!» – дедім. Олар: «Мұны сен қайдан шығарып тұрсың?» – деп, маған сенбеді. Сонда мен оның жинаған алтындарының орнын көрсеттім. Олар жеті құмыра алтын мен күмісті қазып шығарды да: «Бұл кісі кебіндеуге және жерлеуге лайық емес», – деп, оны бір жерге тастап, үстін тастармен үйіп тастады. Оның орнына басқа біреу келді.1
Бұл кісі шынымен-ақ ілім иесі, зәһид адам еді, дүниеге мүлде мән бермейтін. Ол ахиретті қалаушы еді әрі әрдайым ахирет үшін еңбек етіп, күндіз-түні ғибадат ететін. Мен оны қатты жақсы көріп, ұзақ уақыт қасында қалдым. Оған ықыласпен қызмет ететінмін. Бірге ғибадат ететінбіз.
Бір күні мен одан: «Ей, мырзам! Мен көптен бері сіздің қасыңыздамын және сізді қатты жақсы көріп қалдым. Өйткені сіз Аллаһу та’аланың бұйрықтарына бағынып, Ол тыйған нәрселерден сақтанасыз. Сіз қайтыс болғанда, мен не істеймін, маған не кеңес бересіз?» – деп сұрадым. Ол былай деп жауап берді: «Ұлым, Шамда адамдарды түзейтін бір кісі де қалмады. Кімге барсаң да, ол сені бұзады. Бірақ Мосулда бір кісі бар, соны табуыңа кеңес беремін».
Ол қайтыс болғанда, мен Мосулға өттім, ол сипаттаған кісіні тауып, басымнан өткендерді айтып бердім. Ол мені қызметке алды. Ол да әлгі кісідей өте қадірлі, дүниеге берілмеген және үнемі ғибадат ететін адам еді. Оған да ұзақ уақыт қызмет еттім. Бірақ бір күні ол науқастанып қалды. Қайтыс болар алдында мен оған да сол сұрақтарды қойдым. Ол маған Нусайбиндегі бір кісіге баруға кеңес берді. Ол қайтыс болғанда, мен дереу Нусайбинге аттандым. Ол айтқан адамды тауып, оның қасында қалғым келетінін білдірдім. Ол келісті, мен біраз уақыт оның қызметінде болдым. Ол науқастанғанда, мені басқа біреуге жіберуін өтіндім. Бұл жолы ол маған Рум жеріндегі Амурия қаласындағы басқа бір кісіні сипаттап берді. Ол қайтыс болғаннан кейін мен Амурияның жолына түстім. Ол айтқан бұл кісіні де тауып, қызметіне кірдім де, ұзақ уақыт қалдым.
Сосын оның да қазасы жақындады. Мені біреуге тапсыруын өтінгенімде, ол: «Аллаһпен ант етемін, қазір мен ондай адамды білмеймін. Бірақ ақырзаман Пайғамбарының келуі жақындады», – деді де, оның белгілерін санап шықты: «Ол арабтардың арасынан шығады, отанынан хижрет етіп, тасты жерлердің арасындағы құрмасы көп бір қалаға қоныстанады.
Ол сыйлықты қабылдайды, садақаны қабылдамайды. Екі жауырынының арасында пайғамбарлық мөрі бар». Бұл кісі де қайтыс болғанда, оның сөздеріне сүйеніп, араб еліне баруға бел будым. Амурияда жұмыс істеп, бірнеше өгіз бен біраз қойға ие болған едім. Бәни Кәлб тайпасынан бір керуен араб еліне аттанғалы жатыр еді. Мен оларға: «Мына өгіздер мен қойлар сендердікі болсын, мені араб еліне апарыңдар!» – дегенімде, олар ұсынысымды қабылдап, мені өздерімен бірге алды. Бірақ Уадил-Қура деген жерге келгенде, олар маған опасыздық жасап, мені құл деп бір яһудиге сатып жіберді. Яһуди тұрған жерде құрма бақтарын көрдім. «Ақырзаман Пайғамбары хижрет ететін жер, сірә, осы шығар», – деп ойладым. Бірақ еш бауыр баса алмадым. Бұл яһудиге біраз уақыт қызмет еттім. Сосын ол мені немере бауырына сатты. Ол мені сатып алып, Мәдинаға әкелді. Мәдинаға жеткенде, бұл жерді бұрын көргендей бірден бауыр бастым. Енді күндерім Мәдинада өтіп, мені сатып алған яһудидің жүзімдігі мен бақшасында жұмыс істеп, оның қызметін атқаратынмын. Сонымен бірге негізгі мақсатыма жетуді шыдамсыздана күтетінмін.
Бір күні мен бір құрма ағашына шығып, жұмыс істеп жүр едім. Қожайыным біреумен ағаштың түбінде сөйлесіп тұрды. Бір кезде олар: «Әус пен Хазрәж тайпалары құрып кетсін! Меккеден Қубаға бір адам келіпті. Өзін пайғамбармын дейді. Бұл тайпалар да оны қабылдап, оның дініне кіріп жатыр…» – деп сөйлесті. Бұл сөздерді естігенде, есімнен танып қала жаздадым. Дереу төмен түсіп, әлгі кісіге: «Не дейсің?» – дедім. Қожайыным маған: «Саған не керек, неге сұрайсың, сен өз жұмысыңды істе!» – деп, бір шапалақ салып жіберді. Сол күні кеш батқанда, біраз құрма алып, дереу Қубаға бардым. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қасына кіріп: «Сен салих адамсың, қасыңда кедейлер де бар. Бұл құрмаларды садақа етіп әкелдім», – дедім.
Расулуллаһ қасындағы сахабаларға: «Келіңдер, құрма жеңдер», – деді. Олар жеді. Бірақ өзі мүлде жемеді. Мен іштей: «Міне, белгілердің бірі осы. Ол садақа қабылдамайды», – дедім. Расулуллаһ Мәдинаға келгеннен кейін мен тағы біраз құрма алып, Расулуллаһқа әкелдім. «Бұл – сыйлық», – дедім. Бұл жолы ол қасындағы сахабаларымен бірге жеді. «Міне, екінші белгі де шықты», – дедім. Мен апарған құрма жиырма бестей еді. Ал жеген құрмалардың сүйектері мыңдай болды. Расулуллаһтың мұғжизасымен құрма көбейген еді. Мен іштей: «Тағы бір белгі көрдім», – дедім. Мен Расулуллаһтың қасына тағы бардым. Олар бір мәйітті жерлеп жатыр еді. Пайғамбарлық мөрін көргім келгендіктен, мен әбден жақын бардым. Ол менің ниетімді түсініп, көйлегін көтерді. Мүбәрәк арқасы ашылғанда, мен пайғамбарлық мөрін көрдім; дереу оны сүйіп, жыладым. Сол сәтте шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болдым.
Сосын мен Расулуллаһқа басымнан өткен оқиғаларды бір-бірлеп айтып бердім. Бұл оған ұнады. Ол маған мұны құрметті сахабаларға да айтып беруді бұйырды. Құрметті сахабалар жиналды, мен де басымнан өткендерді ең ұсақ егжей-тегжейіне дейін айтып бердім…2
Салман Фариси иман келтірген кезде араб тілін білмегендіктен, аудармашы сұраған еді. Келген яһуди аудармашы оның сүйікті Пайғамбарымызды мадақтағанын керісінше жеткізіп тұрды. Сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам келіп, хазреті Салманның сөздерін Расулуллаһқа дұрыс етіп білдірді. Яһуди жағдайды түсінгенде, шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болды.
Салман Фариси мұсылман болғаннан кейін тағы біраз уақыт құл болып қалды. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Өзіңді құлдықтан құтқар, ей, Салман!» – дегенде, ол қожайынына барып, азат болғысы келетінін айтты. Бұған амалсыз көнген яһуди үш жүз құрма көшетін отырғызып, оларды жеміс беретіндей етіп өсіру және мың алты жүз дирхам алтын (бір риуаятта төрт мың дирхамдай күміс) беру шартымен келісті.
Ол мұны Расулуллаһқа хабарлады. Пайғамбарымыз сахабаларына: «Бауырларыңа көмектесіңдер», – деді. Олар ол үшін үш жүз құрма көшетін жинады. Расулуллаһ: «Олардың шұңқырларын дайында да, біткенде маған хабар бер», – деді. Ол шұңқырларды дайындап хабар бергенде, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сол жерге келіп, көшеттерді өзінің мүбәрәк қолдарымен отырғызды. Олардың бірін хазреті Омар отырғызған еді. Хазреті Омар отырғызғанынан басқасының бәрі Аллаһу та’аланың рұқсатымен сол жылы-ақ құрма берді. Расулуллаһ әлгі жалғыз көшетті де қазып алып, мүбәрәк қолымен қайта отырғызды, ол отырғызылған сәтте-ақ құрма берді.
«Ақырзаман Пайғамбарының келуі жақындады. Ол арабтардың арасынан шығады, отанынан хижрет етіп, тасты жерлердің арасындағы құрмасы көп бір қалаға қоныстанады. Ол сыйлықты қабылдайды, садақаны қабылдамайды. Екі жауырынының арасында пайғамбарлық мөрі бар» Амуриядағы раһиб
Хазреті Салман Фариси былай деп әңгімеледі: «Бір күні бір кісі мені іздеп: „Кедей мүкатаб (азаттыққа жету үшін қожайынымен белгілі бір мөлшерге келіскен құл) Салман Фариси қайда?“ – деп сұрап жүр екен. Ол мені тауып, қолындағы жұмыртқадай алтынды маған берді. Мен оны алып, Пайғамбарымызға бардым да, жағдайды айттым.
Расулуллаһ алтынды маған қайтарып беріп: „Мына алтынды ал да, қарызыңды төле!“ – деді. Мен: „Йа, Расулаллаһ! Бұл алтын яһуди сұраған салмақта емес“, – дегенімде, Расулуллаһ ол алтынды алып, мүбәрәк тілінің үстіне тигізді. Сосын: „Мынаны ал! Аллаһу та’ала бұл арқылы сенің қарызыңды өтейді“, – деді. Аллаһтың хақы үшін, мен ол алтынды өлшедім, ол дәл сұралған мөлшерде еді. Оны да апарып бердім. Осылайша құлдықтан құтылдым».3
Сол күннен кейін Салман Фариси Әсхаб-и Суффаға қосылды.
Періштелер тыңдауға келетін
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Құран кәрімді соншалық әдемі, соншалық тәтті әрі әсерлі оқитын, тіпті оны тыңдаған мұсылман емес адамдар да тамсанып қалатын. Оны тыңдап мұсылман болғандардың саны көп еді.
Хазреті Бәра бин Азиб былай деп әңгімеледі: «Бірде құптан намазынан кейін Расулуллаһтың Тин сүресін оқығанын тыңдадым. Ол соншалық әдемі оқыды: даусы мен оқуы одан кемелірек бір адамды естіген емеспін».
Құрметті сахабалардың арасында даусы өте әдемі, Құран кәрімді оқығанда өзі жылап, басқаларды да жылататындар көп еді. Солардың бірі – Усәйд бин Худайр еді. Бір түні ол атын қасына байлап, Бақара сүресін оқи бастады. Оқып отырғанда ат кенет үркіп кетті. Хазреті Усәйд үнсіз қалды, ат тынышталды. Ол оқи бастады, ат тағы үркіді. Үнсіз қалғанда, ат тынышталды. Ол қайтадан оқи бастағанда, ат тағы үркіді. Усәйд бин Худайрдың ұлы Яхья атқа жақын бір жерде жатқан еді. Ат балаға зиян келтіріп қояр деп қорқып, ол оқуын тоқтатты.
Аспанға қарағанда, ол ақ бұлттың көлеңкесіне ұқсас бір тұманның ішінде шамдай жылтыраған нәрселерді байқады. Оқуын тоқтатқанда, ол сол жылтыраған нәрселердің көкке қарай көтеріліп бара жатқанын көрді.
Таң атқанда ол сүйікті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алдына барып, басынан өткенін айтты.
Пайғамбарымыз: «Олардың не екенін білесің бе?» – деп сұрағанда, хазреті Усәйд: «Ата-анам саған құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Білмеймін», – деп жауап берді.
Пайғамбарымыз былай деді: «Олар періштелер еді. Сенің дауысыңа жақындаған еді. Егер оқуыңды жалғастырғаныңда, таң атқанша сені тыңдар еді, адамдар да оларды көріп, тамашалар еді. Олар халықтың көзінен жасырынбас еді».
Құран кәрімді аса мұңды әуенмен оқитындардың бірі – хазреті Әбу Бәкір Сыддық еді. Намаз оқып жатып қырағат ете бастағанда, ол өзін ұстай алмай, мүбәрәк көздерінен жас парлайтын. Көргендер оның бұл халіне тәнті болатын. Бір күні мүшріктер жиналып: «Бұл кісі пайғамбардың әкелгендерін мұңды әуенмен оқып жылайды. Балаларымыз бен әйелдеріміз оның бұл халіне ғашық болып, мұсылман болып кете ме деп қорқамыз», – деді.
Абдуллаһ бин Сәламның мұсылман болуы
Сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк жүзін көріп, оған ғашық болғандардың, оның мүбәрәк сөздерін және оқыған Құран кәрімін тыңдап, тәнті болып мұсылман болғандардың бірі – хазреті Абдуллаһ бин Сәлам.
Тәурат пен Інжілді жақсы білген Абдуллаһ бин Сәлам иман келтірмей тұрып яһуди ғалымы еді. Ол өзінің мұсылман болуын былай деп әңгімелейді: «Мен Тәуратты және оның түсіндірмелерін әкемнен оқып үйренген едім. Бір күні әкем маған ақырзаманда келетін пайғамбардың сипаттарын, белгілерін және атқаратын істерін айтып берді де: „Егер ол Һарун әулетінен келсе, оған ілесемін; әйтпесе ілеспеймін!“ – деді. Ол Расулуллаһ Мәдинаға келмей тұрып қайтыс болды.
Расулуллаһтың Меккеде пайғамбарлығын жариялағанын естігенде, мен оның сипаттарын, есімін және келетін уақытын білетінмін. Сондықтан оны күтіп жүрдім. Расулуллаһтың Мәдинаның жанындағы Қуба деген жерде Амр бин Ауф ұлдарының үйінде қонақ болғанын біреуден естігенге дейін, мен бұл халімді яһудилерден жасырып, үндемей жүрдім.
Бір күні бақшамда құрма ағашынан жас құрма жинап жүргенімде, Нәдир ұлдарынан біреу: „Бүгін арабтардың адамы келді!“ – деп айқайлады. Мені діріл басты. Дереу: „Аллаһу әкбар“, – деп тәкбір айттым. Сол кезде әкемнің қарындасы Халида бинт Харис ағаштың түбінде отыр еді. Ол өте қарт әйел еді. Менің тәкбірімді естігенде, ол маған ашуланып: „Аллаһ қолыңды бос қалдырсын, үміт еткеніңе жеткізбесін! Аллаһпен ант етемін, сен Мұса бин Имранның4 келетінін естігенде де, бұдан артық қуанбас едің!“ – деді. Мен оған: „Ей, апа! Аллаһпен ант етемін, ол – Мұса бин Имранның бауыры әрі сол сияқты бір пайғамбар. Ол соның жолында және ол қандай тәухидпен жіберілген болса, дәл сол тәухидпен жіберілген“, – дедім.
Осыдан кейін ол маған: „Ей, бауырымның ұлы! Әлде ол қиямет жақындағанда жіберілетіні бізге хабарланған пайғамбар ма?“ – деді. „Иә“, – дедім. „Олай болса, сен хақсың“, – деді.5
Расулуллаһ Мәдинаға хижрет еткенде, оны көру үшін дереу халықтың арасына араластым. Оның мүбәрәк жүзін, нұрлы шырайын көрісімен: „Оның жүзі өтірікшінің жүзі бола алмайды!“ – дедім. Расулуллаһ жиналған адамдарға исламды түсіндіріп, насихат беріп жатыр еді. Сонда мен Расулуллаһтан естіген алғашқы хадис шәриф мынау еді: „Араларыңда сәлемді таратыңдар, аш адамдарды тойындырыңдар, туыстық байланысты сақтаңдар (жақын туыстарыңды зиярат етіңдер), адамдар ұйықтап жатқанда намаз оқыңдар. Сонда жәннатқа аман-есен кіресіңдер“.
Әлемнің мақтанышы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мені пайғамбарлық нұрымен танып: „Сен Мәдина ғалымы Ибн Сәлам емессің бе?“ – деді. Мен: „Иә“, – дегенімде, сүйікті Пайғамбарымыз: „Жақынырақ кел“, – деді де, былай деп сұрады: „Ей, Абдуллаһ! Аллаһу та’ала үшін айтшы! Сен Тәураттан менің сипаттарымды оқып білмедің бе?“ Мен: „Аллаһу та’аланың сипаттары қандай, айта аласыз ба?“ – дедім.
Бұл сұраққа жауап ретінде Расулуллаһ сәл күтті, сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам Ықылас сүресін түсірді. Расулуллаһ оқыған бұл сүрені естігенде, мен Пайғамбарымызға дереу: „Иә, йа, Расулаллаһ! Сен шындықты айтасың, куәлік етемін: Аллаһу та’аладан басқа илаһ жоқ. Сен – Оның құлы әрі расулысың“, – деп, шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болдым. Сосын: „Йа, Расулаллаһ! Яһудилер – адамды таң қалдыратындай өтірік айтатын, негізсіз айып тағатын және жала жабатын залым халық. Егер сіз менің мінезім мен бүкіл жағдайымды олардан сұрап білмей тұрып, олар менің мұсылман болғанымды естіп қойса, сөзсіз, сіздің алдыңызда маған ақылға сыймайтын жала жабады. Әуелі мені олардан сұраңыз!“ – дедім де, үйдің бір бұрышына тығылдым. Менің артымнан яһудилердің игі жақсыларынан бір топ ішке кірді. Расулуллаһ яһудилерден: „Араларыңдағы Абдуллаһ бин Сәлам қандай адам?“ – деп сұрады. Яһудилер: „Ол – біздің ең жоғары ғалымымыз әрі ең үлкен ғалымымыздың ұлы! Ибн Сәлам – біздің ең қайырлымыз әрі ең қайырлымыздың ұлы!“ – десті. Осыдан кейін Расулуллаһ яһудилерден: „Егер ол мұсылман болған болса, сендер бұған не дейсіңдер?“ – деп сұрады.
«Аллаһу та’ала маған төрт адамды жақсы көретінін білдірді. Осы төртеуін жақсы көруді маған бұйырды. Олар – Әли, Әбу Зәрр, Миқдад және Салман» Хадис шәриф
Яһудилер: „Аллаһ оны ондай нәрседен сақтасын!“ – деп жауап берді.
Сол кезде жасырынған жерімнен шығып, оны растап былай дедім: „Ей, яһуди жамағаты! Аллаһу та’аладан қорқыңдар! Өздеріңе келгенді қабылдаңдар. Аллаһу та’алаға ант етемін, өздерің де білесіңдер: қолдарыңдағы Тәуратта есімі мен сипаттары жазылғанын көрген Аллаһу та’аланың расулы – міне, осы кісі. Куәлік беремін: Аллаһу та’аладан басқа илаһ жоқ. Және куәлік беремін: Мұхаммед алейһиссалам – Оның құлы әрі расулы“. Осыдан кейін яһудилер: „Ол – біздің ең жаманымыз әрі ең жаманымыздың ұлы!“ – деп, маған түрлі кемшіліктер таңып, жала жауып, мені жамандай бастады. Мен: „Менің қорыққаным дәл осы еді. Йа, Расулаллаһ! Мен саған олардың залым, өтірікші, жамандықтан тайынбайтын, жала жабатын халық екенін айтпап па едім? Міне, бәрі ашылды“, – дедім. Расулуллаһ яһудилерге: „Бірінші куәліктерің бізге жетеді, ал екіншісі керек емес“, – деді. Осыдан кейін мен дереу үйіме қайттым.
Отбасым мен туыстарымды исламға шақырдым. Барлығы, тіпті әкемнің қарындасы да мұсылман болды.
Менің иман келтіруім яһудилерді қатты ашуландырды. Сондықтан олар мені қыса бастады. Тіпті кейбір яһуди ғалымдары: „Арабтардан пайғамбар шықпайды, сенің адамың – жай ғана билеуші“, – деп, мені исламнан бас тартқызуға әрекеттенді, бірақ қолдарынан келмеді».
Онымен бірге Са’ләба бин Са’йә, Усәйд бин Са’йә, Әсад бин Убәйд және кейбір басқа яһудилер шын көңілмен мұсылман болды. Бірақ кейбір яһуди ғалымдары: «Мұхаммедке тек біздің жаманларымыз ғана иман келтірді. Егер олар жақсыларымыздан болса, ата-бабаларының дінін тастамас еді», – деді. Осыдан кейін Аллаһу та’ала оларға жауап ретінде аят кәрима түсіріп, мағынасы бойынша былай деді: «Олардың (кітап иелерінің) барлығы бірдей емес. Кітап иелерінің ішінде ғибадат пен бойұсынуда болатын бір жамағат бар: олар түн уақыттарында сәждеге жығылып, Аллаһу та’аланың аяттарын оқиды».6
Күннен-күнге халім нашар, тым нашар, йа, Расулаллаһ!
Түзелсін енді амалым, жәрдем ет, йа, Расулаллаһ!
Мына пасық нәпсім азды, шайтанға ілестірді мені,
Осынша күнәммен пана табу мүмкін бе, йа, Расулаллаһ?
Нәпсі мен шайтан қалауынан құтылу мүмкін бе екен,
Егер сенен маған жетпесе хидаят, йа, Расулаллаһ?
Сенің файзың мен ихсаның бір сәт күнәкарға жетсе,
Оның жолы екі дүниеде – амандық, йа, Расулаллаһ!
Әмір мен тыйымды құрметтедім, харамды халал демедім.
Әр күнәмнің соңы болды өкініш, йа, Расулаллаһ!
Йа, адам мен жынның Расулы, адамдардың ең абзалы,
Ықыласыма бола шапағат сыйла, йа, Расулаллаһ!
«Араларыңда сәлемді таратыңдар, аш адамдарды тойдырыңдар, туыстық байланысты жалғаңдар (сыла-и рахм) және адамдар ұйықтап жатқанда намаз оқыңдар. Осылайша жәннатқа аман-есен кіресіңдер» Хадис шәриф
Мәдина-и Мунаууараның бұрынғы көрінісі (1890)
Хижреттің бірінші жылында болған кейбір оқиғалар
Хижреттің бірінші жылында ансарлардан Әсад бин Зурарә, Бәра бин Ма’рур, Күлсүм бин Хидм, мұхажирлерден Осман бин Мазун қайтыс болды. Сондай-ақ Мәдинаның ауасы мен суына шыдай алмаған хазреті Әбу Бәкір мен Біләл Хабаши (радиаллаһу анһума) безгек ауруына шалдықты. Осыдан кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Йа, Раббым! Меккені бізге сүйкімді еткеніңдей, Мәдинаны да сүйкімді ет және мұнда бізге береке мен мол ризық бер», – деп дұға етті. Хақ та’ала оның дұғасын қабыл етіп, мұхажирлерге Мәдинаны сүйкімді етті.
Алғашқы жазбаша келісім
Расулуллаһ хижрет етпес бұрын Мәдинадағы Хазрәж тайпасының басшысы Абдуллаһ бин Убәй Мәдинаға билеуші болып сайлануы тиіс еді. Ақаба анттарынан, кейін хижрет оқиғасынан соң Әус пен Хазрәж тайпаларының көбі мұсылман болғанда, Абдуллаһ бин Убәйдің билеушілігі жүзеге аспады. Сол себепті Абдуллаһ бин Убәй алдымен Пайғамбарымызға және мұхажир болған құрметті сахабаларға, кейін мәдиналық сахабаларға тісін қайрап жүрді, бірақ дұшпандығын ашық көрсете алмады. Өзі сияқты бірнеше адаммен бірге мұнафықтар (екіжүзділер) тобын құрды. Олар мұсылмандардың жанында ислам дінін қабылдағандарын айтып, ал сырттарынан келеке ететін. Жасырын түрде нифақ (екіжүзділік) дәнін сеуіп, фитна (бүлік) шығара бастады. Олардың асқынғаны сонша, тіпті әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүбәрәк сөздерін теріс жеткізуге және өзгертуге дейін барды.
Бұл арада меккелік мүшріктер де қарап отырмады: Расулуллаһқа Меккеде істей алмағандарын Мәдинада істеуге әрекеттенді. Олар мәдиналық мүшріктерге қорқыту хаттарын жібергені сияқты, Мәдинадағы яһуди тайпаларына да қорқытуға толы хаттар мен хабарлар жіберіп тұрды. Олардың бұл қорқытулары яһудилердің Расулуллаһқа жақындауына себеп болды.
Сол кезде яһудилер Расулуллаһтың алдына келіп: «Біз сіздермен бітім жасауға келдік. Бір-бірімізге зиян келтірмес үшін келісім жасасайық», – деді. Пайғамбарымыз олармен елу бес баптан тұратын келісім жасасты. Онда қабылданған шешімдердің кейбірі мыналар:
1. Бұл келісім – Расулуллаһ Мұхаммед алейһиссалам тарапынан меккелік және мәдиналық мұсылмандар, оларға ілескендер, кейіннен оларға қосылғандар және олармен бірге соғысқандар арасында жазылған құжат.
2. Күмәнсіз, олар басқа адамдардан бөлек бір жамағат.
3. Әрбір тайпа өз тұтқындарын құтқару үшін төленетін төлемді (мұсылмандар арасындағы әділдік бойынша) ортақтасып төлейді.
4. Мұсылмандар өз араларында бүлік шығарушыларға, олар өз балалары болса да, қарсы тұрады.
5. Яһудилерден мұсылмандарға ілескендерге ешқандай зұлымдық жасалмайды, сонымен бірге оларға көмек те беріледі.
6. Яһудилер мұсылмандармен бірге бір топ құрайды, әркім өз дінінің талаптарын орындайды.
7. Яһудилердің ешқайсысы Мұхаммед алейһиссаламның рұқсатынсыз әскери жорыққа шыға алмайды.
8. Ешкім келісім жасасқан адамына жамандық жасамайды, зұлымдыққа ұшыраған адамға міндетті түрде көмек беріледі.
9. Бұл келісімді жасасқандар үшін Мәдина алқабы қол сұғылмайтын, харам (тыйым салынған) аймақ.
10. Меккелік мүшріктер мен оларға көмектескендер ешқандай жағдайда қорғауға алынбайды.
11. Мәдинаға шабуыл жасаушыларға қарсы мұсылмандар мен яһудилер бір-біріне көмектеседі.
Бұл келісім бойынша яһудилер мұсылмандармен (сырттай) дос болуға, оларға кек сақтамауға және дұшпандық жасамауға тиіс еді.7
Йа, Хабибім! Қайғырма
Дұшпандықтарын іштеріне бүккен яһудилер бұл келісімге қол қойғаннан кейін Пайғамбарымыздың алдына топ-топ болып келе бастады. Өздерінше өте қиын деп санаған сұрақтар қойды. Алған жауаптарынан оның хақ пайғамбар екенін түсінді. Бірақ қырсықтығы мен қызғаныштары себепті иман келтірмеді. Осыдан кейін сүйікті Пайғамбарымыз: «Маған яһуди ғалымдарынан он адам иман келтірген болса, яһудилердің барлығы иман келтірер еді», – деді. Расулуллаһтың осылай қайғыруын Аллаһу та’ала мына аят кәримамен жұбатты: «(Йа, Хабибім!) Йа, мәртебелі Расул! Жүректерімен сенбей тұрып, ауыздарымен „иман келтірдік“ дегендер (мұнафықтар) мен яһудилерден күпірлік ішінде жүгіргендер(дің жайы) сені қайғыртпасын. Олар үздіксіз өтірік тыңдаушылар және сенің алдыңа келмеген басқа бір қауым (Хайбар яһудилері) үшін (Құрайза ұлдарынан) тыңшылық жасаушылар. Олар естіген сөздерінің, ақиқаттардың орнын өзгертеді, оларды хақтан алыстататындай етіп баяндайды. Және: „Егер сендерге мына (пәтуа) берілсе, оны қабылдаңдар, берілмесе, сақтаныңдар“, – дейді. Аллаһу та’ала кімнің фитнаға түсуін қаласа, сен Аллаһу та’аланың қалауын ешбір жолмен тоқтата алмайсың. Олар – Аллаһу та’ала (олардың) жүректерін тазартуды қаламаған адамдар. Оларға дүниеде қорлық пен күйзеліс, ал ахиретте өте үлкен азап бар».8
Жасалған келісім себепті сахабалардың кейбірі көршілері болған яһудилермен достасқан еді. Аллаһу та’ала оларды да бұдан тыйып, былай деді: «Ей, иман келтіргендер! Дін бауырларыңнан басқаларды (кәпірлер мен мұнафықтарды) жақын дос тұтпаңдар. Олар сендерге жамандық жасаудан, бүлік шығарудан тартынбайды және сендердің қиыншылыққа түсулеріңді қалайды. Олардың сендерге деген кегі мен дұшпандығы ауыздарынан төгіліп шықты. Ал жүректерінде жасырған дұшпандықтары одан да үлкен. Егер ойланып түсінсеңдер, Біз сендерге олардың дұшпандығы туралы аяттарды түсіндірдік (назар аударуларың қажет нәрселерді өте айқын көрсеттік)».9
Меккелік мүшріктер Мәдинадағы мүшріктерді, мұнафықтарды, яһудилерді және Мәдина маңындағы тайпаларды үздіксіз арандатып әрі қорқытып отырды. Олар ислам нұрын тезірек сөндіруге тырысты, сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк өмірін қиюдың жолдарын іздеді.
«Маған яһуди ғалымдарынан он адам иман келтірген болса, яһудилердің барлығы иман келтірер еді» Хадис шәриф
Мұнафықтар мен мүшріктердің мұндай әрекеттеріне қарсы Расулуллаһ әрдайым бейбіт жолды таңдады. Құрметті сахабалардың кейбірі енді дұшпанға қарсы шығу керек деп сеніп, былай деп дұға ететін: «Йа, Раббым! Біз үшін Сенің жолыңда мына мүшріктермен күресуден қымбат нәрсе жоқ. Мына құрайыштық мүшріктер Сенің хабибіңнің пайғамбарлығын өтірікке шығарды және оны Меккеден шығып кетуге мәжбүр етті. Аллаһым! Сен, әрине, бізге олармен соғысуға рұқсат етерсің!..» Ал Расулуллаһ бұл істе Аллаһу та’аланың әмірін күтіп, қалай бұйырылса, солай әрекет ететін. Міне, уақыт жетті. Жәбрейіл алейһиссалам әкелген уахиде былай делінді: «Сендерге қарсы соғыс ашқандармен сендер де Аллаһу та’аланың жолында соғысыңдар. Бірақ шектен шықпаңдар, асып кетпеңдер. Күмәнсіз, Аллаһу та’ала шектен шығушыларды жақсы көрмейді. Оларды (кәпірлерді) қай жерде кездестірсеңдер, сол жерде өлтіріңдер. Олар сендерді (Меккеден) шығарғаны сияқты, сендер де оларды шығарыңдар. Олардың ширк фитнасы адам өлтіруден де жаман. Олар Мәсжид-и Харамда сендермен соғыспайынша, сендер де онда олармен соғыспаңдар. Бірақ олар сендерді онда өлтірсе, сендер де оларды онда өлтіріңдер. Кәпірлердің жазасы осындай. Егер олар Аллаһу та’аланы теріске шығарудан және соғысудан тоқтаса, (сендер де тоқтаңдар. Өйткені) күмәнсіз, Аллаһу та’ала өте кешірімді, аса рақымды».10
Кейін түсірілген бір аят кәримада былай делінді: «Ширк фитнасынан із қалмайынша және дін тек Аллаһу та’аланікі болғанға дейін (тек Аллаһу та’алаға ғана ғибадат етілгенге дейін) ол мүшріктермен соғысыңдар. Егер олар (ширктен) тоқтаса, (оларға зұлымдық жоқ.) Дұшпандық (жаза) тек залымдарға ғана».11
Мә мәдәхту Мұхаммадан би мақалати,
Ләкин мәдәхту мақалати би Мұхаммадин.
(Мұхаммед алейһиссаламды мадақтай алмаймын мен,
Онымен жазбаларымды қымбат етемін.)
Имам Раббани (рахматуллаһи алейһ)
