Сүйікті Пайғамбарым

ҚҰРМЕТТІ САХАБАЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУ

Мәсжид-и Нәбәуи

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинаға келгенде, ең алғашқы іс ретінде сахабаларын тәрбиелейтін, жамағатпен намаз оқылатын бір мешіт салуды қалады. Сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам келіп: «Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’ала саған Өзі үшін тастан және кесектен бір үй (мешіт) салуды бұйырады», – деді. Хабиб-и әкрам Пайғамбарымыз Мәдинаға келгенде Қасуа түйесі шөккен жерді дереу иелерінен сатып алғысы келді. Иелері: «Йа, Расулаллаһ! Біз оның ақысын тек Хақ та’аладан күтеміз. Бұл жерді сізге Аллаһтың разылығы үшін сыйға береміз», – деп, оны тегін бергілері келді. Соған қарамастан Пайғамбарымыз сыйды қабылдамай, оның ақысын артығымен төледі.1

Бір жақта жер телімі тегістеліп, реттеліп жатса, екінші жақта кесектер құйылып, тастар тасылып жатты. Ақыры барлық дайындық аяқталғаннан кейін іргетас қалау үшін жиналды. Іргетасқа алғашқы тасты Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) мүбәрәк қолдарымен қойды. Сосын кезекпен: «Әбу Бәкір өз тасын менің тасымның жанына қойсын! Омар өз тасын Әбу Бәкірдің тасының жанына қойсын! Осман өз тасын Омардың тасының жанына қойсын! Әли өз тасын Османның тасының жанына қойсын!» – деді. Бұйрығы орындалғаннан кейін ол жердегі құрметті сахабаларға: «Сендер де тастарыңды қойыңдар», – деді. Олар да қоя бастады.

Мешіт құрылысында сүйікті Пайғамбарымыздан бастап барлық құрметті сахабалар тоқтаусыз, тынбай еңбек етті. Мүбәрәк арқаларымен тас пен кесек тасыды. Тастан іргетасты бір жарым метр биіктікке көтеріп, үстін кесекпен өрді. Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) кесек арқалап бара жатқан еді. Сахабаларының бірі оның қасына келіп, аса зор әдеппен: «Йа, Расулаллаһ! Кесекті мен тасуыма рұқсат етесіз бе?» – деді. Хатәмул-Әнбия Пайғамбарымыз оған одан да үлкен сыпайылықпен өзінің сауап табуға одан да көбірек мұқтаж екенін білдіріп, кесекті бермеді. Оған да барып тас әкелуге кеңес берді.

Мәсжид-и Нәбәуидің құрылысында ең көп еңбек еткендердің бірі – Расулуллаһ еді. Ол ең ауыр тастарды арқалап, мүбәрәк кеудесі қысыла-қысыла, оларды шеберлердің қасына жеткізетін. Осы тастар мен кесектерді тасып жүріп, атқарылған істің қадірін айтып, қауышатын ниғметтерді сүйіншілеп, сахабаларын жігерлендіретін.

Пайғамбарымыздың мұндай ынтасын көрген мұсылмандар зор ғашықтықпен еңбек ететін. Тіпті әркім бір-бір кесектен тасып жүргенде, Аммар бин Ясәр екі-екіден – бірін Пайғамбарымыз үшін, бірін өзі үшін тасыды. Мұны көргенде Расулуллаһ оның қасына келді. Мүбәрәк қолымен хазреті Аммардың арқасын сипап: «Ей, Сумәййәнің ұлы! Сенің екі, басқалардың бір сауабы бар!» – деді.

Мешіттің қабырғалары тез арада бітіп, үсті жабылды. Бөлмелер араб әдетімен құрма бұтақтарынан жасалып, үстері қылдан басылған киізбен жабылған еді. Есіктерінде тек перде ғана ілулі тұратын. Бөлмелер мешіттің оңтүстік-шығыс және солтүстік жақтарында еді. Көбінің есігі мешітке ашылатын. Төбелерінің биіктігі орта бойлы адамның бойынан бір сүйем артық еді. Хазреті Фатима мен хазреті Айшаның бөлмелерінің арасында есік бар еді. Бұдан бөлек мешітке іргелес Расулуллаһ үшін кесектен екі бөлме салынды. Олардың үсті де құрма бөренелері мен бұтақтарымен жабылды. Уақыт өте бұл бөлмелер тоғызға дейін көбейтілді. Мешіттің құрылысы біткеннен кейін Пайғамбарымыз хазреті Халид бин Зәйдтің үйінен өзі үшін салынған үйге көшті.2

«Мүминдер тек бауырлар ғана» Хужурат: 10

ЙА, РАСУЛАЛЛАҺ!
Ғашықтарды әрдайым сағыныштан есінен тандыратын
– сенің жүзің, йа, Расулаллаһ.
Таңертең де, кешке де оларды зармен аһ ұрғызатын
– саған деген сағыныш, йа, Расулаллаһ!
Күндіз-түні ісімді зар-мұң еткен,
сағыныш отымен жүрегімді жандырған,
үздіксіз көздерімді жылатқан
– сенен айрылу, йа, Расулаллаһ!
Асфия көрген Аллаһтың лұтфы,3
әулиелер татқан ләззат пен сафа,4
пайғамбарлар жеткен биіктік, ей, шах,
– сенің бақытың, ұлылығың, йа, Расулаллаһ!
Мейірім ет маған – ғарып, сергелдеңге,
күнәкармын, рақым ет қара жүзге,
жетім мен шарасызға мейірім ету
– сенің әдетің, йа, Расулаллаһ!
Ей, күнәкарлардың шапағатшысы, Жалғыз Аллаһтың нұры,
Насухи – өз құлың, оны қума.
Жомарттық ет, лұтфыңның есігінен қайтарма,
ол – сенің үмметіңнен, йа, Расулаллаһ!
Nasûhî Üsküdârî

Құрма бөренесінің ыңырсуы

Мәсжид-и Нәбәуиде тігінен орнатылған бір құрма бөренесі бар еді. Пайғамбарымыз жұма күндері мешіттегі Ханнанә деп аталатын осы бағанаға сүйеніп, хұтба айтатын.

Кейін ол үш басқышты мінбер жасатты. Бір жұма күні Расулуллаһ пен құрметті сахабалар Мәсжид-и Нәбәуиде жиналды. Пайғамбарымыз хұтба айту үшін жаңа мінберге шыққанда, бұрын сүйеніп тұратын құрғақ құрма бөренесі әркім еститіндей, буаз түйенің боздағанын еске түсіретін үнмен жылап, ыңырси бастады. Барлық құрметті сахабалар таңырқап бұл үнді тыңдады. Бірақ үн еш басылмады. Осыдан кейін Әлемдердің мырзасы мінберден түсіп, мүбәрәк қолдарымен бөренені сипады. Сол сәтте жылау мен ыңырсу басылды. Құрғақ құрма бөренесінің Пайғамбарымызға деген осы махаббаты мен ғашықтығын көрген сахабалар көз жастарын тыя алмады.

Бұл оқиға туралы хазреті Әнәс бин Малик: «Оның үнінен тіпті мешіт те теңселді», – деген, ал Ибн Әби Уәда’а: «Құрма бөренесі жарылып, орнынан қозғалды. Расулуллаһ келіп, мүбәрәк қолын оның үстіне қойғаннан кейін ғана ол басылды», – деген.

Пайғамбарымыз былай деді: «Жаным құдірет қолында болған Аллаһу та’алаға ант етемін, егер мен оны сипамағанымда, ол маған деген сағынышы мен қайғысынан қиямет-қайымға дейін осылай жылайтын еді». Басқа бір риуаятта былай білдіріледі: Расул алейһиссалам құрғақ құрма бөренесіне бұрылып: «Қаласаң, сені бұрын өскен бақшаңа қайтарайын. Қайта бұтақ-жапырақ жайып, бұрынғы қалпыңа келесің. Қаласаң, сені жәннатқа отырғызайын, Аллаһу та’аланың достары сенің жемісіңнен жесін», – деді. Расулуллаһ оған құлақ салып, оның былай дегенін естіді: «Мені жәннатқа отырғыз, Аллаһу та’аланың достары менен жесін, мен ескірмейтін, шірімейтін бір жерде болайын». Ағаштың бұл сөздерін Пайғамбарымыздың қасындағылар да естіді. Осыдан кейін Расулуллаһ оған: «Қалағаныңды істеймін», – деп жауап берді. Сосын сахабаларына бұрылып: «Ол Дар-и бақаны Дар-и фәнадан (бұл дүниеден) артық көрді», – деді.5 Осыдан кейін Расулуллаһтың бұйрығымен құрма бөренесі жерге көмілді.

Отбасы мүшелерінің Мәдинаға келуі

Әлем сардары Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мен хазреті Әбу Бәкір хижрет еткенде, балаларын Меккеде қалдырған еді. Имам Бұхари риуаят еткен хадис шәрифте хазреті Айша Расулуллаһтың оған былай дегенін айтты: «Ей, Айша! Сен маған түсімде екі рет көрсетілдің. Мен, сірә, жасыл жібек матаның бір бөлігінен сенің суретіңді көрдім, маған: „Бұл суреттің иесі – сенің болашақ жұбайың“, – делінді». Бұл түстен кейін (хазреті Хадиша анамыз қайтыс болғаннан бір жыл өткен соң) Пайғамбарымыз бен хазреті Айша анамыз Меккеде жүргенде-ақ атастырылған еді. Бірақ үйлену тойы әлі жасалмаған еді. Хазреті Айша анамыз мұны былай деп әңгімеледі: «Расулуллаһ Мәдинаға хижрет еткенде, бізді және өзінің қыздарын Меккеде қалдырған еді. Мәдинаға келіп орналасқан соң, ол бізге азат етілген құлы Зәйд бин Хариса мен Әбу Рафиді екі түйемен және қажет болатын нәрселерді сатып алу үшін 500 дирхам жол қаржысымен жіберді.

Әкем де Абдуллаһ бин Урәйқитті екі-үш түйемен оларға қосып жіберді және бауырым Абдуллаһқа хат жазып, анамды, мені және әпкем Әсманы түйелерге отырғызып жолға шығаруды бұйырды. Мен, анам Үммү Руман, Расулуллаһтың қыздарынан хазреті Фатима Зәһра мен Үммү Гүлсім, оның әйелі Сәудә, сондай-ақ Үммү Әймән мен Усамә – бәріміз бірге жолға шықтық. Қудәйд деген жерге жеткенде, Зәйд 500 дирхамға тағы үш түйе сатып алды. Керуенге Талха бин Убәйдуллаһ та қосылды. Минадан Бәйд деген жерге жеткенде, менің түйем қашып кетті. Мен кежімде едім. Анам да қасымда еді. Анам: „Ойбай, қызым-ай, ойбай, келіншегім-ай!“ – деп, шырылдап жатты. Аллаһу та’ала түйемізді тыныштандырып, бізді құтқарды. Ақыры біз Мәдинаға келдік. Мен әкемнің отбасымен бірге түстім. Ал Расулуллаһтың отбасы оның бөлмелерінің алдына түсті».

«Егер мен оны (Ханнанәні) құшақтамағанымда, ол менен айырылғаны үшін қиямет-қайымға дейін жылайтын еді» Хадис шәриф

Хазреті Айша анамыз біраз уақыт әкесі хазреті Әбу Бәкірдің үйінде тұрды. Олардың үйлену тойы Бәдір соғысынан кейін болды.

Қандай бақытты сол кісі,
оқығаны Құран болса!
Азан, қамат естігенде,
жүрегі иманға толса!

Азан-и Мұхаммеди

Мәсжид-и Нәбәуи салынғаннан кейін намаз уақыттарында уақыттың кіргенін білдіретін және мұсылмандарды мешітке шақыратын бір тәртіп жоқ еді. Тек: «Әссалату жәми’а (Жүріңдер, намазға)», – дейтін.

Бір күні Расулуллаһ сахабаларымен кеңесіп, намаз уақыттарында мүминдерді мешітке қалай шақыру керектігін сұрады. Кейбірі намаз уақыттарын білдіру үшін насаралар сияқты нақус, яғни қоңырау соғайық десе, кейбірі яһудилер сияқты керней тартылсын деді. Ал кейбірі: «Намаз уақытында от жағып, оны жоғары көтерейік», – деп өз пікірлерін айтты. Расулуллаһ олардың ешқайсысын қабылдамады.6

Абдуллаһ бин Зәйд бин Са’ләба мен хазреті Омар түсінде азан оқылғанын көрді. Хазреті Абдуллаһ сүйікті Пайғамбарымызға келіп, түсін былай деп айтып берді: «Мен иығына жасыл шәлі салып, беліне белдемше байлаған, қолына қоңырау ұстаған бір адамды көрдім. Одан: „Қолыңдағы қоңырауды сатасың ба?“ – деп сұрадым. Ол маған: „Оны не істейсің?“ – деді. Мен: „Намаз уақыттарын білдіру үшін соғамын“, – дегенде, әлгі кісі: „Мен саған бұдан да қайырлысын үйретейін“, – деді де, құбылаға бұрылып, дауыстап: „Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар…“ – деп оқи бастады. Аяқтағаннан кейін: „Намазға тұрарда да“, – деп, азанды қайталады және соңына қарай „Қад қаматис-салату“ деген сөйлемді қосты».

Осыдан кейін Расулуллаһ: «Түс – хақ. Ол сөздерді Біләлге үйрет, ол оқысын!» – деді. Бұған азан деген ат берілді.7

Хазреті Біләл де Мәсжид-и шәрифтің жанындағы биік бір үйдің төбесіне шығып, алғашқы азанды үйретілген сөздермен оқыды.

Хазреті Омар азан үнін естігенде, жүгіре басып Расулуллаһтың алдына келді. Хазреті Біләл айтқан сөздерді түсінде дәл солай көргенін айтты. Сол түні құрметті сахабалардың кейбірі де дәл сондай түс көрген еді. Дәл осы кезде Жұма сүресінің 9-аят кәримасы түсіп, бұл уахи арқылы да білдірілді.

Бір күні таң намазы уақытында Біләл Хабаши сүйікті Пайғамбарымыздың есігінің алдында екі рет: «Әссалату хайрум минән-наум», – деп дауыстады.8 Бұл Пайғамбарымызға ұнады. Ол: «Ей, Біләл, бұл қандай көркем сөз! Таң азанын оқығанда мұны да айт», – деді. Осылайша таң азанында бұл сөз де айтыла бастады.

Пайғамбарымыз қайтыс болғанға дейін азаншылық еткен Біләл Хабашидің даусы зор, өте әдемі әрі аса әсерлі еді. Ол азан оқи бастағанда, әркім үлкен ғашықтық пен шабытпен тыңдап, өзін ұмытатын. Азан оқығанда ол әркімді жылататын.

Құрметті сахабалардың намаз уақыттарында бір-бірін мешітке Азан-и Мұхаммедимен шақыруы мәдиналық мүшріктер мен яһудилерге өте оғаш көрінді. Азан оқылғанда олар оны мазақтап, күлкіге айналдыратын. Олардың осы мазақтауына қарсы Аллаһу та’ала Құран кәрімде мағынасы бойынша былай деді: «Сендер намазға азанмен шақырған кезде, олар оны ойын мен күлкіге айналдырады. Бұл – олардың ақылы жетпейтін бір қауым болғандарынан».9

Азаншы азан айтты, тұрды, қамат етті,
Қағбаға бет бұрып, ниет те етті.
Мұны естіп, иман иелері құрметпен тыңдады,
Сосын намазға тұрып, Раббысына құлдық етті.

Әсхаб-и Суффа

Пайғамбарымыз Мәсжид-и Нәбәуидің солтүстік қабырғасына құрма бұтақтарынан бір көлеңкелік жасатты. Онда Меккеден хижрет еткен, мал-мүлкі жоқ бойдақ сахабаларға жатып-тұруды бұйырды.10 Бұл бойдақ сахабалар, сондай-ақ ансарлар мен мұхажирлердің кедейлері Мәсжид-и Нәбәуидің жанындағы Суффа деп аталатын үлкен күрке астында тұрып, ілім үйренумен және үйретумен айналысатын. Олардың саны оннан төрт жүзге дейін өзгеріп отыратын. Көбінесе олар жетпіс адам болатын. Бұл сахабалар Расулуллаһтың қасынан ешқашан айырылмай, оның сұхбаттарынан еш қалмайтын. Күндіз-түні Құран кәрім оқып, ілім алып, хадис шәрифтерді жаттайтын. Күндерінің көбін ораза ұстап өткізіп, ғибадат пен тағаттан бір сәт те айырылмайтын. Мұнда тәрбиеленгендер жаңа ғана мұсылман болған тайпаларға жіберіліп, оларға Құран кәрім мен сүннет шәрифті, яғни ислам дінін үйрететін. Көптеген артықшылықтарға ие болған бұл мүбәрәк сахабалар үлкен ғирфан (ілім-мағрифат) әскері еді. Пайғамбарымыз оларды қатты жақсы көріп, олармен бірге отырып сұхбаттасатын және бірге тамақтанатын. Онда тұратындарды Әсхаб-и Суффа деп атайтын. Бір күні Расулуллаһ Әсхаб-и Суффаға қарап, олардың өте кедей екенін ойлады. Осындай халде болса да, олар жан тыныштығы мен көңіл нұрлылығымен ғибадат ететін. Пайғамбарымыз оларға мейірім танытып: «Ей, Суффа сахабалары! Сендерге сүйінші болсын! Егер үмметімнен сендер өмір сүріп жатқан осы ауыр жағдайларға разы болған бір адам қалса, ол, әрине, менің достарымнан болады», – деді.

«Сендер намазға азанмен шақырған кезде, олар оны ойын мен күлкіге айналдырады. Бұл – олардың ақылы жетпейтін бір қауым болғандарынан» Маида: 58

Хабиб-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бәрінен бұрын осы таңдаулы сахабаларының мұқтаждықтарын өтеп, содан кейін ғана Әһли бәйтінің мұқтаждығын өтеуге тырысатын. Әбу Хурайра былай деп әңгімеледі: «Одан басқа илаһ жоқ Аллаһу та’алаға ант етемін, мен кейде аштықтан қарнымды жерге тіреп жататынмын, кейде жерден алған бір тасты қарныма басатынмын. Тағы да сондай халде едім. Сол күні мен Расулуллаһ мешітке баратын жолдың үстінде отыр едім. Сол кезде әлемдерге рақым етіп жіберілген екі дүниенің сәні нұр шашып, менің қасыма келді. Ол менің халімді түсініп, күлімсіреді де: „Ей, Әбу Хурайра!“ – деді. Мен: „Жаным саған құрбан болсын, тыңдап тұрмын, йа, Расулаллаһ!“ – дегенімде, ол: „Менімен бірге жүр“, – деді. Мен дереу оның соңынан ердім. Ол сәадатханасына кірді. Үйде бір тостаған сүт бар еді. Ол: „Бар, Суффа әһліне бар. Оларды маған шақыр“, – деді. Оларды шақыруға бара жатып, мен іштей: „Бір тостаған сүт бүкіл Суффа әһліне қалай жетеді? Маған бір жұтым тиер ме екен?..“ – деп ойладым. Мен оларды шақырдым, сәадатханаға келдік, рұқсат сұрап ішке кірдік. Лайықты орындарға отырғаннан кейін Расулуллаһ: „Ей, Әбу Хурайра! Мына сүт тостағанын алып, оларға бер!“ – деді. Мен тостағанды алып, жолдастарыма кезекпен бере бастадым. Әрқайсысы тостағанды алып, тойғанша ішіп, маған қайтарып беретін. Әркімнен қайтып алғанда, тостағанның мүлде азаймағанын, бұрынғыдай сүтке толы екенін көретінмін. Осылайша мен келген барлық жолдастарыма ұсындым. Олардың бәрі ішіп тойды. Сосын Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тостағанды алып, маған күлімсіреп: „Ей, Әбу Хурайра! Сүт ішпеген бір мен қалдым, бір сен. Ал, сен де отыр, іш!“ – деді. Мен отырып іштім. Ол: „Тағы іш!“ – деді, мен іштім. Пайғамбарымыз бірнеше рет: „Іш!“ – деді, мен де әр жолы іштім. Ақыры мен: „Ата-анам саған құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Енді іше алмаймын. Сені хақ дінмен жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, әбден тойдым“, – дедім. Ол: „Олай болса, тостағанды маған бер“, – деді. Мен бердім. Ол Аллаһу та’алаға хамд пен мадақ айтып, Бисмиллаһты айтты да, сүтті ішті».

Мешітте Расулуллаһтың бірде-бір сұхбатын жібермей ілім үйренген осы таңдаулы сахабаларға мәдиналық сахабалар бұрын-соңды көрілмеген махаббатпен қарайтын. Бір кеште аштықтан әлі құрыған Суффадағы бір сахаба Расулуллаһтың алдына келіп, халін айтты. Пайғамбарымыз сәадатханасынан жейтін бірдеңе бар ма деп сұрады. «Қазір үйде судан басқа жейтін ештеңе жоқ», – деген жауап алғанда, ол сол жерде отырған сахабаларына: «Мына аш кісіні кім қонақ етеді?» – деді. Мәдиналық құрметті сахабалардың бірі бәрінен бұрын: «Ата-анам саған құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Оны мен қонақ етемін», – деді. Ол қонағымен үйіне барып, әйеліне: «Расулуллаһтың қонағын күтетін бірдеңе дайында», – деді. Әйелі: «Қазір үйімізде балалардың тамағынан басқа ештеңе жоқ», – деп жауап берді. Сахаба: «Алдымен балаларды ұйықтат. Сосын сол тамақты әкел», – деді де, тек бір адамға жететін тамақты алып, қонақ отырған бөлмеге кірді. Дастарқанды жайып, оны тамаққа шақырды. Бірге жей бастағаннан кейін ол орнынан тұрып, шамды түзеткен болып, оны сөндіріп тастады. Қайтадан қараңғыда дастарқан басына отырды. Жеп отырған кейіп танытып, қонақтың тойғанын күтті. Қонақ тойғаннан кейін дастарқанды жинады. Сол түні олар балаларымен бірге аш күйінде таң атырды. Таңертең Пайғамбарымыздың алдына барғанда, Расулуллаһ: «Аллаһу та’ала сендердің бүгінгі түнгі істеріңе разы болды», – деді. Осыдан кейін Аллаһу та’ала Хашр сүресінің 9-аят кәримасын түсіріп, мағынасы бойынша былай деді: «Олар (ансарлар) өздері кедейлік пен мұқтаждықта болса да, (мұхажирлерді) өздерінен артық көреді».

Өлең жолы:

Не болса да, Дос туралы сөйлеу – бәрінен тәттірек!

Жүректер Сұлтанының сұхбаты

Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) құрметті сахабаларын тәрбиелеп, кемелдендіру үшін Мәсжид-и Нәбәуиде теңдессіз сұхбаттар жүргізіп, Аллаһу та’аланың өзіне берген файз бен берекелерін олардың жүректеріне құятын. Пайғамбарымыздың сұхбатына қатысу құрметіне ие болғандар алғашқы сұхбаттың өзінде-ақ жүректерінде үлкен өзгеріс сезіп, өте жоғары илаһи мағрифаттарға қауышатын. Осы сұхбаттардың берекесімен құрметті сахабалар ең алдымен сүйікті Пайғамбарымызды, сосын барлық сахаба бауырларын өз жандарынан да артық жақсы көретін халге жететін. Аллаһу та’ала оларды аят кәрималарда мадақтады. Олар Расулуллаһтың алдында бейне бір бастарына құс қонып, қозғалса ұшып кететіндей, аса әдепті әрі өте ықыласпен отыратын. Осылайша құрметті сахабалар пайғамбарлар мен ұлы періштелерден кейін жаратылыстардың ең абзалы әрі ең жоғарысы болды. Расулуллаһ сахабаларына дініміздің бұйрықтары мен тыйымдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, үйрететін: иманның, исламның шарттары; намазға, оразаға, қажылыққа, зекетке қатысты барлық үкімдер; аят кәрималардың тәфсирлері; харам және халал болған тағамдар, киімдер; ант, нәзір11 және кәффараттар; сауда ілімдері; ішіп-жеу, киіну, кездесіп-сөйлесу, сәлемдесу әдептері; көршілік, туыстық және достық қарым-қатынастары; некелесу, нафақа, мұрагерлік және мирас үкімдері; даулар, жазалар, келісімдер мен серіктестіктер; денсаулық, саулық ілімдері; дұшпанмен соғысу, соғыс құқығы… қысқасы, ислам дініне қатысты ахиреттік және дүниелік барлық білімді «а»-дан «я»-ға дейін әркім түсінетіндей етіп түсіндіріп, маңызды деп санаған мәселені үш рет қайталайтын.12 Әйелдерге қатысты білімдерді болса мүбәрәк жұбайлары арқылы үйрететін.

Жәбрейіл хадис шәрифі

Мұсылмандардың батыр имамы, құрметті сахабалардың ұлыларынан, әрдайым тек шындықты айтушы ретінде танылған сүйікті ұлы тұлғамыз Омар бин Хаттаб радиаллаһу анһу былай дейді:

– Сондай бір күн еді: құрметті сахабалардан бірнешеуіміз Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алдында әрі қызметінде едік. Ол күн, ол сағат соншалық мәртебелі, соншалық қадірлі әрі ешқашан қолға түспейтін бір күн еді. Сол күні бізге Расулуллаһтың сұхбатында, оның қасында болу құрметіне ие болу, рухтарға азық болған, жандарға ләззат пен сафа сыйлаған көркем жүзін көру насип болды. (Осы күннің мәртебесін, қадірін түсіндіру үшін ол: «Сондай бір күн еді…» – деді. Жәбрейіл алейһиссаламды адам кейпінде көру, оның даусын есту, құлдарға қажет білімді өте әдемі әрі айқын түрде Расулуллаһтың мүбәрәк аузынан есту насип болған күн сияқты мәртебелі әрі қадірлі бір уақыт бола ма?)

«Ей, Суффа сахабалары! Сендерге сүйінші болсын! Егер үмметімнен сендер өмір сүріп жатқан осы ауыр жағдайларға разы болған бір адам қалса, ол, әрине, менің достарымнан болады» Хадис шәриф

Сол кезде қасымызға ай туғандай бір кісі келді. Оның киімі аппақ, шашы қап-қара еді. Оның үстінде шаң, топырақ, тер сияқты жолаушылық белгілері көрінбейтін. Расулуллаһтың сахабалары болған біздің ешқайсымыз оны танымайтынбыз. Яғни ол біз көріп білетін адамдардан емес еді. Ол Расулуллаһтың алдына отырды. Тізелерін оның мүбәрәк тізелеріне тіреді. (Бұл келген – Жәбрейіл еді. Ол адам кейпіне енген еді. Жәбрейіл алейһиссаламның осылай отыруы бір маңызды нәрсені білдіру үшін еді. Яғни бұл дін ілімін үйрену үшін ұялудың дұрыс емес екенін және ұстазға менмендік пен тәкаппарлықтың жараспайтынын көрсетеді. Әркімнің діннен білгісі келгендерін мұғалімдерден еркін әрі қысылмай сұрауы керек екенін Жәбрейіл алейһиссалам құрметті сахабаларға осы күйімен түсіндіріп отыр. Өйткені дін үйренуде ұялу, Аллаһу та’аланың хақын өтеуде, үйретуде және үйренуде қысылу дұрыс болмайды.)

Сол мәртебелі кісі қолдарын Расул-и әкрамның мүбәрәк тізелерінің үстіне қойып: «Йа, Расулаллаһ! Маған исламды, мұсылмандықты түсіндір», – деді.

Расул-и әкрам былай деді: «Исламның шарттарының біріншісі – шаһадат кәлимасын айту. (Шаһадат кәлимасын айту дегеніміз – „Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһу уә расулуһ“ деп айту. Яғни ақыл-есі бар, балиғатқа толған және сөйлей алатын адамның: „Жерде де, көкте де Одан басқа ғибадат етілуге және табынуға лайықты ешбір нәрсе де, ешбір кісі де жоқ.

Шынайы мағбұд (ғибадат етілуші) – тек Аллаһу та’ала. Ол – уәжибул-ужуд (болуы міндетті). Барлық кемелдік – Онда. Онда ешбір кемшілік жоқ. Оның есімі – Аллаһ“, – деп айтуы және бұған жүрегімен нық сенуі. Сондай-ақ: „Гүл түсті, ақ-қызыл, нұрлы, сүйкімді жүзді, қара қасты және қара көзді, мүбәрәк маңдайы ашық, көркем мінезді, көлеңкесі жерге түспейтін және тәтті сөзді, Арабстанда, Меккеде туғандықтан араб деп аталған, Хашим әулетінен Абдуллаһтың ұлы Мұхаммед есімді ұлы тұлға – Аллаһу та’аланың құлы және расулы, яғни пайғамбары“, – деп айтуы.)

Сосын – уақыты келгенде намаз оқу. Малдың зекетін беру. Рамазан шәриф айында күн сайын ораза ұстау. Шамасы жеткен адамның өмірінде бір рет қажылық етуі».

Ол кісі Расулуллаһтан осы жауаптарды естігенде: «Дұрыс айттың, йа, Расулаллаһ!» – деді. Біз, тыңдаушылар: «Өзі сұрайды, өзі растайды!» – деп, оның бұл сөзіне таң қалдық.

Бұл кісі тағы: «Йа, Расулаллаһ! Иманның не екенін де маған білдір», – деді. (Бұл хадис шәрифте иманның сөздік мағынасын ойлауға болмайды. Өйткені сөздік мағынасы – растау және сену, ал араб надандарының арасында бұл мағынаны білмейтін адам жоқ еді. Құрметті сахабалар (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) оны қалай білмесін? Жәбрейіл алейһиссалам құрметті сахабаларға иманның мағынасын үйреткісі келді. Мұнда исламда неге иман деп аталатыны сұралып отыр.) Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) да иманның белгілі алты нәрсеге сену екенін былай білдірді: «Ең алдымен Аллаһу та’алаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, расулдарына, ахирет күніне, тағдырға (қадарға), жақсылық пен жамандықтың Аллаһу та’аладан екеніне сену». Ол кісі тағы: «Дұрыс айттың», – деп растады.

Сосын ол тағы: «Йа, Расулаллаһ! Ихсанның не екенін де маған білдір», – деді. Расулуллаһ: «Ол – Аллаһу та’алаға Оны көріп тұрғандай ғибадат етуің. Өйткені сен Оны көрмесең де, Ол сені сөзсіз көреді», – деді. Ол кісі тағы: «Йа, Расулаллаһ! Маған қиямет туралы хабар бер!» – деді. Расул алейһиссалам: «Бұл мәселеде сұралушы сұраушыдан артық білмейді», – деді. Ол кісі тағы: «Олай болса, оның белгілерін білдір», – деді. Расулуллаһ: «Күңдердің өз қожаларын туғанын және жалаңаяқ, жалаңаш, кедей шопандардың (байып) биік ғимарат салуда бір-бірімен жарысқанын көргенің», – деді. Осыдан кейін ол бұрылып кетіп қалды. Расулуллаһ маған бұрылып: «Ей, Омар! Сұраған адамның кім екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Аллаһу та’ала мен Оның Расулы жақсырақ біледі», – дедім. Сонда Расулуллаһ: «Ол Жибрил (Жәбрейіл) еді. Сендерге діндеріңді үйрету үшін келді», – деді.13 Сүйікті Пайғамбарымыз сахабаларына олардың діндегі дәрежелеріне қарай, түсінетіндей етіп түсіндіретін.

Құрметті сахабалардың ең ұлыларынан болған хазреті Омар бір күні мешітке бара жатып, Расулуллаһтың Әбу Бәкір Сыддыққа бір нәрсе айтып жатқанын көрді. Ол олардың қасына барып тыңдады. Мұны басқалар да көрді, бірақ келіп тыңдаудан қысылды. Ертесі күні хазреті Омарды көргенде: «Ей, Омар! Расулуллаһ кеше сендерге бір нәрсе айтып жатыр еді. Айтшы, біз де білейік», – десті. Өйткені Расулуллаһ әрдайым: «Менен естігендеріңді дін бауырларыңа да айтыңдар! Бір-біріңе естіртіңдер!» – дейтін. Хазреті Омар: «Кеше хазреті Әбу Бәкір Құран кәрімнен өзі түсіне алмаған бір аят кәриманың мағынасын сұраған еді, Расулуллаһ оған түсіндіріп жатты. Мен бір сағат тыңдадым, бірақ ештеңе түсінбедім», – деді. Өйткені ол хазреті Әбу Бәкірдің жоғары дәрежесіне қарай түсіндіріп отырған еді. Хазреті Омар соншалық ұлы еді, тіпті Расулуллаһ ол туралы: «Мен – пайғамбарлардың соңғысымын. Менен кейін пайғамбар келмейді. Егер менен кейін пайғамбар келетін болса, Омар пайғамбар болар еді», – деді. Ол осындай ұлы болса да, ана тілі араб тілін өте жақсы білсе де, хазреті Әбу Бәкірге түсіндірілген Құран кәрім тәфсирін түсіне алмады. Әбу Бәкірдің дәрежесі онікінен әлдеқайда жоғары еді. Хазреті Әбу Бәкір, тіпті Жәбрейіл алейһиссаламның өзі де Құран кәрімнің мағынасын, сырларын Расулуллаһтан сұрайтын. Расулуллаһ Құран кәрімнің түгел тәфсирін сахабаларына білдірген.

Сүйікті Пайғамбарымыз сахабаларына дінді үйретумен қатар, дауларды да қарап, куәларын тыңдап, ең қиын келіспеушіліктерді шешетін. Ол исламды таныту және тарату үшін, тағы бір адамды тозақ отынан құтқару үшін зор күш салып, өзінің іс-әрекеттерімен адамдарға үлгі болатын, сондай-ақ мүминдерді мүшріктердің жамандығынан қорғау үшін қажетті шаралардың қолданылуын қамтамасыз ететін.

«Ей, Омар! Сұраған адамның кім екенін білесің бе? Ол Жибрил (Жәбрейіл) еді. Сендерге діндеріңді үйрету үшін келді» Хадис шәриф

Ей, әулиелер көзінің нұры болған көркемдік,
жәрдем ет, йа, Аллаһ нұрының кені!
Аяғыңның тозаңы – асфия көзіне сүрме,
жәрдем ет, йа, Аллаһ нұрының кені!
Сенсіз ешкім Хаққа жете алмайды,
лұтфыңның файзымен адам қабыл болады,
сен – «әлемдерге рақымсың», йа, Расул,
жәрдем ет, йа, Аллаһ нұрының кені!
Мен шексіз қате жасадым, күнә жасадым,
нәпсі қалауына ергендерге серік болдым,
күнәларым кешірілсін деп шапағат ет, йа, Кәрім,
жәрдем ет, йа, Аллаһ нұрының кені!
Ей, жомарттық кені, Ұлы Аллаһтың Расулы,
қатеге толы бұл Сәлими – құлдарыңның ең кішісі,
есігіңнен пана іздеп, сенен сый сұрайды,
жәрдем ет, йа, Аллаһ нұрының кені!
Yavuz Sultan Selim (Selîmî)