МӘДИНА-И МУНАУУАРА ДӘУІРІ
Сүйікті Пайғамбарымыздың бисғаттың он үшінші жылы, Рабиул-әууәл айының 12-сінде, милади 622 жылы Мәдинаға хижрет етуімен он жылға созылатын Мәдина дәуірі басталды. Пайғамбарымыз хазреті Халид бин Зәйд Әбу Әйуб Ансаридің үйіне келгенде, төменгі қабатта тұруды жөн көріп, сонда орналасты.1 Осылайша Ғаламның мырзасын күтіп, үйінде қондыру құрметі осы мүбәрәк кісінің маңдайына жазылды.
Хазреті Халид былай деп әңгімеледі: «Расулуллаһ үйіме келгенде, төменгі қабатта тұруды жөн көрді. Біз болсақ үстіңгі қабатта тұрып, бұл жағдайға қатты қиналатынбыз. Бір күні мен: „Ата-анам сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Менің жоғарыда, сіздің төменде тұрғаныңызға көңілім көнбейді, мұны жөн көрмеймін. Бұл маған өте ауыр тиеді. Өтінемін, мәртебелі тұлғаңыздың жоғарыда, біздің төменде тұруымызға рұқсат етіңіз“, – дедім. Сонда ол: „Ей, Әбу Әйуб! Үйдің төменгі қабатында болғанымыз бізге лайықтырақ әрі ыңғайлырақ“, – деді. Келген зиярат етушілермен еркінірек кездесу үшін ол төменгі қабатта қалуды жөн көрді. Біз де үйдің үстіңгі қабатында қалдық.
Бір күні су құмырамыз сынып қалды. Төгілген су Расулуллаһтың үстіне тамып, мазасын алады деп қорқып, әйелім екеуміз жамылатын жалғыз барқыт көрпемізді дереу судың үстіне басып жаптық».
Әбу Әйуб Ансари үстіңгі қабатта болуға қатты қысылды. Ақырында ол өзі төменгі қабатқа түсіп, Расулуллаһты жоғарыға шығарды. Хазреті Әбу Әйуб былай деді: «Біз Расулуллаһқа әрдайым кешкі ас дайындап жіберетінбіз. Ол қалғанын бізге қайтарғанда, мен және әйелім Үммү Әйуб Расулуллаһтың қолы тиген жерлерді іздеп, сол жерден жеп, онымен береке табатынбыз. Тағы бір түні біз дайындап жіберген пиязды немесе сарымсақты тағамды Расулуллаһ қайтарып жіберді. Онда оның қолының ізін көрмегенде, мен жылап-сықтап оның қасына бардым да: „Йа, Расулаллаһ! Ата-анам сізге құрбан болсын! Сіз кешкі асты қайтарыпсыз. Бірақ мен онда мүбәрәк қолыңыздың ізін көрмедім. Ал мен және Үммү Әйуб сіз қайтарған тағамнан қолыңыз тиген жерлерді іздеп, онымен береке табатын едік“, – дедім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деді: „Бұл көкөністен бір иіс сездім. Сондықтан одан жемедім. Мен – періштемен сөйлесетін адаммын“. Мен: „Ол тағам харам ба?“ – деп сұрадым. Ол: „Жоқ! Бірақ иісіне байланысты оны ұнатпадым“, – дегенде, мен: „Сіз ұнатпаған нәрсені мен де ұнатпаймын!“ – дедім. Пайғамбарымыз: „Сендер оны жеңдер“, – деді. Осыдан кейін біз оны жедік және бұдан кейін ешқашан Расулуллаһқа ол көкөністен тағам әзірлемедік.
Тағы бірде мен Расулуллаһ пен Әбу Бәкірге жететіндей ғана тағам дайындап, олардың алдына апардым. Расулуллаһ: „Ей, Әбу Әйуб! Ансарлардың игі жақсыларынан отыз адамды шақыр“, – деді. Мен тағамның аздығын ойлап, бәлкім, Расул-и әкрам бұл тағамды көп деп ойлаған шығар деп тұрғанымда, ол тағы: „Ей, Әбу Әйуб! Ансарлардың игі жақсыларынан отыз адамды шақыр“, – деді. Мың түрлі ойдың ішінде мен ансарлардан отыз адамды шақырдым, олар келді. Сол тағамнан жеп, тойды. Мұның мұғжиза екенін түсініп, келгендердің иманы күшейді де, олар қайтадан ант берді. Сосын кетіп қалды. Осы таңдаулы сахабалар кеткеннен кейін ол бұл жолы: „Алпыс адамды шақыр“, – деді. Мұғжиза ретінде тағамның азаймағанын көргендіктен, мен бұрынғыдан да қатты қуанып, Расулуллаһтың алдына алпыс адамды шақырдым.
«Түйеге жол беріңдер! Қайда шөгу керектігі оған бұйырылған» Хадис шәриф
Мәдина-и Мунаууара және оның маңайы
Олар келіп, сол тағамнан жеді. Олардың бәрі Расулуллаһтың мұғжизасын растап, қайтып кетті. Сосын ол: „Ансарлардан тоқсан адамды шақыр“, – деді. Мен шақырдым, олар келді. Расулуллаһтың бұйрығымен олар он-оннан дастарқанға отырып, жеді; олардың бәрі осы ұлы мұғжизаны көріп, кетті. Осылайша жүз сексен адам тағам жеді. Ал тағам мен апарған мөлшерде еді және оған мүлде қол тимегендей тұрды».2
Ансарлар мен мұхажирлердің бауыр болуы
Пайғамбарымыз Мәдина-и Мунаууарада бұдан да берік байланыс орнату үшін хижрет еткен мұхажирлер мен оларды үйлеріне паналатқан ансарларды бір-біріне бауыр етті. Хазреті Әли ең соңында қалғанда, ұмытылып қалдым ба деп ойлап: «Йа, Расулаллаһ! Мені ұмытып кеттіңіз бе?» – деп сұрады. Сонда Әлемдердің мырзасы: «Сен дүниеде де, ахиретте де менің бауырымсың», – деді. Бұл бауырластық материалдық және рухани көмектесу негізіне сүйенетін. Осылайша олардың отандарынан, ұяларынан және туыстарынан айырылып қалуының мұңы аз да болса сейілетін еді. Онсыз да мәдиналық мұсылмандар Аллаһу та’аланың дінін ұстанып өмір сүру және тарату үшін елдерін тастап келген мұхажир бауырларына құшақтарын ашып, үйлеріне шақырып, оларға барлық жағынан көмектесу үшін жандарын сала тырысқан еді. Бұл бауырластық орнағаннан кейін олар бір-біріне бұдан да шын жүректен бауыр басты. Расулуллаһ әрбір мұхажирді мінезіне сай келетін бір ансармен бауыр етті. Бұл бауырластық тіпті әкелерінен қалған малды бөлісетіндей дәрежеде еді.3
Әрбір мәдиналық өзінің жерін, жүзімдігін, бақшасын, үйін, малын… несі бар болса, бәрін екіге бөліп, жартысын мұхажир бауырына қуана-қуана беретін. Мұхажирлерден хазреті Абдуррахман бин Ауф былай деп әңгімеледі: «Біз Мәдина-и Мунаууараға хижрет еткенде, Расулуллаһ мені Са’д бин Рәбимен бауыр етті. Сонда бауырым Са’д маған: „Ей, бауырым Абдуррахман! Мен мал жағынан мәдиналық мұсылмандардың ең байымын. Малымды екіге бөлдім, жартысы – сенікі“, – деді. Ал мен: „Аллаһу та’ала малыңды өзіңе мүбәрәк әрі қайырлы етсін. Маған мал керек емес. Тек мені сауда жасайтын базарларыңа апарып тастасаң, сол жетеді“, – дедім».
Мұндай жанкештілік тек ислам бауырластығымен ғана мүмкін болды. Адам алейһиссаламнан бері көптеген көштер болған еді. Бірақ мұндай мәнді әрі ұлы хижрет, сырттан келгендер мен жергілікті халық арасында мұншалық сүйіспеншілікке толы біте қайнасу мен шынайы құшақтасу болмаған еді. Расында, Аллаһу та’ала мағынасы бойынша: «Мүминдер тек бауырлар ғана», – деді.4 Бұл арқылы шынайы сүйіспеншілік пен ықыластың материалдық пайдамен емес, иман мен сеніммен ғана болатынына меңзелді. Құрметті сахабалардағы бұл хал Расулуллаһтың бір ғана сұхбатымен қолға келетін. Сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк жүрегінен теңіздей бұрқ етіп шыққан файз бен берекелер құрметті сахабалардың жүректеріне ағып, соның нәтижесінде олар бір-бірін бұрын-соңды көрілмеген жанкештілікпен жақсы көріп, бауырларын өздерінен артық санайтын.
«Йа, Раббым! Мекке қаласын жақсы көргеніміздей, бізге Мәдинаны да сүйікті ет. Меккеден де артық сүйікті ет. Йа, Раббым! Өлшеуіштерімізге және ыдыстарымызға береке бер. Мәдина қаласын біз үшін саулыққа толы ет. Оның ауасын көркем ет!» Хадис шәриф
Ансарлар мен мұхажирлер бұл жаңа ислам орталығында қол ұстасып, көңіл жалғасып, ислам діні күшейсін деп кез келген жанкештілікке шыдауға және ақырында шәһидтік мәртебесіне жетуге сөз берді. Осылайша олар Расулуллаһтың айналасына жиналып, ислам дінінің негіздеріне бағына отырып, жаңа тәртіп пен бақытты өмір құрып жатты. Ислам енді хижрет оқиғасымен «мемлекет» болу жолында алғашқы қадамын басқан еді. Мәдина-и Мунаууара болса ислам дінінің бесігі мен орталығына айналып келе жатты.
Мәдинада құрметті сахабалардан басқа христиандар, яһудилер және пұтқа табынатын мүшріктер де бар еді. Яһудилер Бәни Қайнуқа, Бәни Құрайза және Бәни Нәдир деген үш тайпадан құралатын. Олар исламға, әсіресе сүйікті Пайғамбарымызға қатты дұшпан еді.
Осы кезде меккелік мүшріктер Пайғамбарымыздың Мәдинада сахабаларын бір-біріне бауыр етіп біріктіруін өздері үшін үлкен қауіп деп білді. Егер олар бұл істі қысқа уақытта тындыра алмаса, мұсылмандар күшейіп, Меккеге шабуыл жасап, тастап кеткен жерлерін, үйлерін, отандарын олардың қолынан тартып алуы мүмкін еді… Осындай ойда жүрген меккелік мүшріктерден мәдиналық мұсылмандарға қорқыту хаттары келе бастады. Ол хаттардың бірінде былай делінген еді: «Сөзсіз, арамызда дұшпандық бар араб тайпаларының ешбірі бізді сендердей ашуландырған жоқ. Өйткені сендер бізден шыққан бір адамды бізге тапсыруға тиіс болсаңдар да, оған көмектесіп, құшақ жайып қорғадыңдар. Бұл – сендер үшін өте үлкен кінә. Өтінеміз, онымен біздің арамызға түспеңдер де, оны бізге қалдырыңдар. Егер оның ісі оңға басса, бұған ең көп қуанатын – біз. Ал керісінше болса, оны жөнге салу да тағы өзімізге тиесілі!..»
Бұл хатқа хазреті Ка’б бин Малик Пайғамбарымызды мадақтаған өте әдемі жауап жазды.
Меккелік мүшріктер мәдиналық мүшріктерге де дәл сондай қорқыту хаттарын жазды. Оларды да былай деп қорқытты: «Егер біздің адамымызды қалаларыңнан шығармасаңдар немесе өлтірмесеңдер, үстеріңе аттанып барып, өздеріңді өлтіреміз, әйелдеріңді өзімізге қызметші етіп аламыз!..»
Осыдан кейін мәдиналық мүшріктер мұнафық Абдуллаһ бин Убәйдің айналасына жиналып, сәті түскен кезде Расулуллаһқа зиян келтіруге шешім қабылдады.
Мұсылмандар бұл жағдайды білгенде, сүйікті Пайғамбарымызды қорғау үшін қолдарынан келген бар күш-жігерін салып, оның айналасына тас-түйін жұмылды. Тіпті түнде көшеге шыға алмайтын, үйлерінде ұйықтай алмайтын халге жетті.
Убәй бин Ка’б былай деп әңгімеледі: «Расулуллаһ пен оның сахабалары Мәдина-и Мунаууараға келгенде, мұсылмандар мүшрік араб тайпаларының дұшпандығына нысана болды. Сахабалар қаруланып, таң атқанша күзетте тұрды».
Құрметті сахабалар бір дене сияқты болып, қауіпті жағдайларда бар күштерімен мұсылман бауырларына көмекке жүгіретін. Олардың алдында сүйікті Пайғамбарымыз тұратын. Расулуллаһ әрбір көркем қасиетте алда болғаны сияқты, батылдықта да сахабаларының ең алдында болатын. Түннің қай сағаты болса да, бір айқай естілгенде, Пайғамбарымыз ешкім жетпей тұрып атымен ол жерге найзағайдай жетіп, сахабаларына қорқатын ештеңе жоқ екенін білдіріп, оларды тыныштандыратын.
«Ей, Әли! Сен дүниеде де, ахиретте де менің бауырымсың» Хадис шәриф
Екі дүние сұлтанының
туған айы келді тағы,
ілім-мағрифат кенінің
туған айы келді тағы.
Шапағат тілеген келсін,
оны сүйген сафа тапсын,
көркем мінез иесінің
туған айы келді тағы.
Қараңғының толған айы, сәскенің күні,
Аллаһ гүлбағының гүлі,
Хақтың хабибі Мұстафаның
туған айы келді тағы.
Қайда адал бір ғашық? –
жаны-тәні рақат тапсын,
хақиқат сырының қазынасының
туған айы келді тағы.
Оны, Һүдайи, кім сүйсе,
мұратына жеткен сол,
әлемнің мақтанышы, адамдардың ең қайырлысының
туған айы келді тағы.
Мәдинаның көне көрінісі
Мәсжид-и Нәбәуи / Мәдина-и Мунаууара
Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдина-и Мунаууараға хижрет еткенде, оның Қасуа түйесі шөккен жер телімі.
Сүйікті Пайғамбарымыз бұл жерді сатып алып, онда мешіт салдырды.
Ол осы мешітке іргелес тұрған үйінде қайтыс болды,
және оның мүбәрәк қабірі де осы бөлмеде жасалды.
Кейін бұл бөлмеге хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар (радиаллаһу анһума) жерленді.
Олардың жанындағы бір кісілік орынға Иса алейһиссаламның
жерленетіні білдірілген.
