Сүйікті Пайғамбарым

ХИЖРЕТ

Әус және Хазрәж тайпаларының кенеттен мұсылман болуы, Мекке мұсылмандары мен Мәдина мұсылмандарының бірігу ықтималы мүшріктерді қатты үрейлендіріп, құтыртып жіберген еді. Екінші Ақаба анты туралы естіген меккелік мүшріктердің ұстанымы өте қатал әрі аса қауіпті сипат алды. Мұсылмандар үшін Меккеде қалу шыдатпайтын дәрежеге жетті. Соңғы Ақаба антымен Мәдина мұсылмандар үшін тыныштық табатын әрі пана болатын жерге айналған еді. Олар бір амалын тауып, бұл қаладан хижрет етуді, сәл де болса тыныс алатын, азғантай да болса еркін өмір сүре алатын жерлерге кетуді қалады. Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жағдайларын айтып, хижрет етуге рұқсат сұрады. Ол сахабаларына сабыр етуге кеңес берді. Өйткені Меккені тастап кетуге әлі рұқсат шықпаған еді. Ақыры хижрет үшін күтілген илаһи рұқсат келді. Сол күні сүйікті Пайғамбарымыз қуанышты күйде құрметті сахабалардың қасына келіп, былай деді: «Сендердің хижрет ететін жерлерің маған білдірілді. Ол – Йәсриб (Мәдина). Сол жерге хижрет етіңдер. Онда мұсылман бауырларыңмен бірігіңдер. Аллаһу та’ала оларды сендерге бауыр етті. Йәсрибті (Мәдинаны) сендерге амандық пен тыныштық табатын мекен етті». Расулуллаһтың рұқсаты мен кеңесі бойынша мұсылмандар Мәдинаға топ-тобымен, бірінен соң бірі хижрет ете бастады.1 Пайғамбарымыз хижрет етушілерге аса сақ әрі абай болуды қатаң тапсырып отырды. Мүшріктердің назарын аудармау үшін мұсылмандар шағын керуендермен жолға шығып, мүмкіндігінше жасырын әрекет ететін. Мәдинаға алғаш хижрет еткен Әбу Сәләмә мүшріктерден көп азап көрген еді. Біраз уақыттан кейін істің мәнін аңғарған мүшріктер хижрет үшін жолға шыққан мұсылмандардан көргендерін жолдан қайтаруға, әйелдерін күйеулерінен ажыратуға, күштері жеткендерін қамауға тастауға кірісіп, түрлі жапаларға салды. Оларды діндерінен қайтару үшін неше түрлі азап көрсетті. Бірақ ішкі соғыс бұрқ ете түсуінен қорыққандықтан, өлтіруге батылдары бармады. Ал мұсылмандар болса, соған қарамастан әрбір мүмкіндікті пайдаланып, Мәдина жолына түсті. Бір күні хазреті Омар да қылышын беліне байлады. Жебелері мен найзасын алып, жұрттың көзінше Қағбаны жеті рет тауап етті. Ондағы мүшріктерге дауыстап былай деді: «Міне, мен де дінімді қорғау үшін Аллаһу та’аланың жолында хижрет етіп барамын. Әйелін жесір, балаларын жетім қалдырғысы, анасын жылатқысы келетін біреу болса, мына сайдың арғы жағында алдымнан шықсын!..» Осылайша хазреті Омар мен жиырма шақты мұсылман күпәкүндіз, еш тайсалмастан Мәдинаға қарай жол тартты. Одан қорыққандықтан, бұл керуенге ешкім тиісе алмады. Осыдан кейін көштің легі үзілмей, құрметті сахабалар топ-тобымен Мәдинаға жетіп жатты.

«Сендердің хижрет ететін жерлерің маған білдірілді. Ол – Йәсриб (Мәдина). Сол жерге хижрет етіңдер» және «Онда мұсылман бауырларыңмен бірігіңдер. Аллаһу та’ала оларды сендерге бауыр етті. Йәсрибті (Мәдинаны) сендерге амандық пен тыныштық табатын мекен етті» Хадис шәриф

Хижрет жолы

Осы кезде хазреті Әбу Бәкір де хижрет етуге рұқсат сұрады. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Сабыр ет. Аллаһу та’ала маған да рұқсат береді деп үміттенемін. Бірге хижрет етеміз», – деді. Хазреті Әбу Бәкір: «Ата-анам сізге құрбан болсын! Мұндай мүмкіндік бар ма?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Иә, бар», – деп, оны қуантты. Хазреті Әбу Бәкір сегіз жүз дирхам беріп, екі түйе сатып алды да, сол күнді күте бастады. Енді Меккеде сүйікті Пайғамбарымыз, хазреті Әбу Бәкір, хазреті Әли, кедейлер, науқастар, қарттар және мүшріктер қамауға тастаған мүминдер ғана қалған еді.

Ал бұл кезде мәдиналықтар (ансарлар) хижрет еткен меккеліктерді (мұхажирлерді) өте жақсы қарсы алып, қонақ етті. Олардың арасында берік бірлік орнады.

Расулуллаһтың да хижрет етіп, мұсылмандардың басшысы болу ықтималы меккелік мүшріктерді әбігерге салды. Олар маңызды істерді талқылау үшін жиналатын Дарун-Нәдуәде бас қосып, не істеу керектігін сөйлесе бастады. Шайтан мүшріктердің қасына Шәйх-и Нәжди кейпінде, яғни Нәжд жерінен келген бір қарттың бейнесінде келді. Ол олардың сөздерін тыңдады. Түрлі ұсыныстар айтылды. Бірақ олардың бірде-біреуі ұнамады. Сосын шайтан сөзге араласып, өз пікірін айтты: «Сендер ойлағандардың ешқайсысы шара бола алмайды. Өйткені оның жайдары жүзі мен тәтті тілі кез келген шараны бұзады. Басқа амал ойлаңдар».

Құрайыштың басшысы Әбу Жәһл былай деді: «Әр тайпадан бір-бір мықты адам таңдайық. Олар қолдарына қылыш алып, Мұхаммедке шабуыл жасасын. Қылышпен шауып, оның қанын төксін. Оны кім өлтіргені белгісіз болсын. Сонда олар амалсыз құнға (дияға) келіседі. Біз де оның құнын төлеп, бұл бәледен құтыламыз». Бұл пікір шайтанға да ұнап, ол оны қызу қолдап, құптады.2

Мүшріктер осылай дайындалып жатқанда Жәбрейіл алейһиссалам келіп, Расул-и әкрамға мүшріктердің шешімін хабарлады. Сондай-ақ сол түні өз төсегінде жатпауын айтып, Аллаһу та’аланың хижрет туралы бұйрығын жеткізді. Осы илаһи бұйрық бойынша сүйікті Пайғамбарымыз хазреті Әлиге өз төсегінде жатуды және өзіне қалдырылған аманаттарды иелеріне қайтарып беруді тапсырып, былай деді: «Бүгін түнде менің төсегімде жатып ұйықта, мына шапанымды да үстіңе жамыл! Қорықпа, саған ешқандай зиян келмейді».

Хазреті Әли Пайғамбарымыз бұйырғандай жатты. Ол кезде ол жиырма үш жаста еді. Ол Хабибуллаһтың орнына еш қорықпастан өз жанын пида етуге дайын тұрды.

Хижрет түні кәпірлер Расулуллаһтың сәадатханасын қоршап алды. Сол түні Ясин сүресінің алғашқы аяттары түсті. Пайғамбарымыз мүбәрәк үйінен шығып бара жатып, оларға қарап Ясин сүресінің «Біз олардың алдынан да бір бөгет, артынан да бір бөгет қойып, оларды жауып тастадық, енді олар көрмейді» деген тоғызыншы аят кәримасын оқыды да, жерден бір уыс топырақ алып, кәпірлердің бастарына шашты. (Бұл топырақ кімнің басына тиген болса, олардың бәрінің Бәдір соғысында өлтірілгені риуаят етілген.) Расулуллаһ аман-есен олардың арасынан өтіп, хазреті Әбу Бәкірдің үйіне жетті. Мүшріктердің ешқайсысы оны көре алмады.

«Ей, Әбу Бәкір! Сабыр ет. Аллаһу та’ала маған да рұқсат береді деп үміттенемін. Бірге хижрет етеміз» Хадис шәриф

Біраздан кейін мүшріктердің қасына біреу келіп: «Мұнда не күтіп тұрсыңдар?» – деп сұрағанда, олар: «Мұхаммедтің үйден шығуын», – деп жауап берді. Әлгі адам: «Ант етемін, Мұхаммед араларыңнан өтіп кетті, бастарыңа топырақ та шашып кетті», – деді. Мүшріктер қолдарын бастарына апарды. Шынында да, бастарынан топырақ тапты. Беттеріндегі және бастарындағы топырақты сүртті. Дереу есікке ұмтылып, ішке кірді. Хазреті Әлиді Расул алейһиссаламның төсегінде көргенде, Расул-и әкрамның қайда екенін сұрады.

Хазреті Әли: «Білмеймін! Әлде сендер мені оны күзетуге қойып па едіңдер?» – деді. Осыдан кейін олар хазреті Әлиді жұлқылап, ұрып-соқты. Кәпірлер Расулуллаһты табу үшін сыртқа шығып, іздей бастады. Хазреті Әлиді болса біраз уақыт Қағбаның жанында қамап ұстап, кейін босатты.3

Сосын олар хазреті Әбу Бәкірдің үйіне барып, оның қызы Әсмадан сұрады. Ол жауап бермеген соң, оны ұрды. Барлық жерді іздегенімен, таба алмай, құтырып кетті. Олардың ең қатыгезі Әбу Жәһл Мекке мен оның маңайында жаршыларға айқайлатып, сүйікті Пайғамбарымыз бен хазреті Әбу Бәкірді тауып әкелгендерге немесе олардың қайда екенін айтқандарға 100 түйе беретінін уәде етті. Бұл уәдені естіген, малға қызыққан кейбір адамдар қаруланып, аттарына мініп, іздеуге кірісті.

Расулуллаһ хазреті Әбу Бәкірдің үйіне келіп: «Маған хижрет етуге рұқсат берілді», – дегенде, хазреті Әбу Бәкір Сыддық толқып: «Мүбәрәк аяғыңыздың шаңына бетімді сүртейін, йа, Расулаллаһ!.. Мен де сізбен біргемін бе?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Иә…» – деп жауап берді. Хазреті Сыддық қуанғаннан жылап жіберді. Көз жасын төгіп тұрып: «Ата-анам, жаным сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Түйелер дайын. Қайсысын қаласаңыз, соны қабыл алыңыз», – деді. Әлемдердің Сұлтаны: «Өзімдікі болмаған түйеге мінбеймін. (Тек) ақшасын төлеп аламын», – деді. Бұл нақты бұйрыққа мойынсұнған хазреті Сыддық түйенің бағасын айтты. Хазреті Әбу Бәкір жол көрсетушілігімен атағы шыққан Абдуллаһ бин Урәйқит деген адамды шақырып, жол көрсету үшін ақы төлеп жалдады да, оған түйелерді үш күннен кейін Сәур тауындағы үңгірге алып келуді бұйырды.

Бисғаттың он үшінші жылы, Сафар айының 27-сі, бейсенбі күні Пайғамбарымыз бен Әбу Бәкір Сыддық өздерімен бірге біраз азық алып, жолға шықты.

Хазреті Әбу Бәкір Расулуллаһтың айналасында бірде оң жағына, бірде сол жағына, бірде алдына, бірде артына шығып жүрді. Пайғамбарымыз мұны неге істейтінін сұрағанда, ол: «Жан-жақтан келуі мүмкін қауіптің алдын алу үшін. Егер бір зиян келсе, алдымен маған келсін. Жаным мәртебелі тұлғаңызға құрбан болсын, йа, Расулаллаһ!» – деді.

Әлем сардары Пайғамбарымыз былай деді: «Ей, Әбу Бәкір! Менің басыма түсетін бір бәленің менің орныма сенің басыңа түскенін қалайсың ба?» Хазреті Сыддық: «Иә, йа, Расулаллаһ! Сізді хақ дінмен, хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, келетін бәленің сіздің орныңызға менің басыма түскенін қалаймын», – деді.4

Сүйікті Пайғамбарымыздың аяқ киімі тар болғандықтан, жолда жыртылып, мүбәрәк аяқтары жараланды, оның жүретін халі қалмады. Олар әрең дегенде тауға шығып, үңгірге жетті. Үңгірдің аузына келгенде хазреті Әбу Бәкір: «Аллаһ үшін, йа, Расулаллаһ, ішке кірмеңіз! Мен кірейін. Онда зиянды бір нәрсе болса, маған тисін, мүбәрәк тұлғаңызға ешбір қайғы, ешбір азап тимесін», – деді де, ішке кірді. Ол ішін сыпырып тазалады. Оң жағында да, сол жағында да ірілі-ұсақты көп тесік бар еді. Ол шапанын жыртып, тесіктерді бітеді, бірақ біреуі ашық қалды. Оны да өкшесімен басып жауып, Расулуллаһты ішке шақырды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ішке кірді де, мүбәрәк басын Әбу Бәкірдің тізесіне қойып ұйықтап кетті.

Сол кезде хазреті Сыддықтың аяғын жылан шағып алды. Расулуллаһ оянып кетпесін деп, ол шыдап, мүлде қозғалмады. Бірақ көз жасы Расулуллаһтың мүбәрәк жүзіне тамғанда, ол: «Не болды, ей, Әбу Бәкір?» – деп сұрады. Хазреті Әбу Бәкір: «Аяғыммен бітеген тесіктен бір жылан аяғымды шағып алды», – деді. Расулуллаһ Әбу Бәкірдің жарасына жазылсын деп мүбәрәк аузының сілекейін жаққанда, ауыруы бірден басылып, шипа тапты.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мен Әбу Бәкір Сыддық іште отырғанда, мүшріктер ізге түсіп отырып, үңгірдің аузына жетіп келді. Оның аузын өрмекшінің торлап тастағанын және екі көгершіннің ұя салғанын көрді. Із кесуші Курз бин Алқама: «Міне, осы жерде із үзілді», – деді. Кәпірлер: «Егер олар осында кірген болса, үңгір аузындағы өрмекші торы жыртылған болар еді», – десті.

Кейбіреулер: «Осы жерге дейін келдік қой, біреуің үңгірге кіріп қарасын!..» – дегенде, кәпір Умәййә бин Халәф: «Сендердің мүлдем ақылдарың жоқ па? Үстін қат-қабат өрмекші торы басқан мына үңгірде не шаруаларың бар? Ант етемін, бұл өрмекші торын Мұхаммед туылмай тұрып-ақ өрген», – деді.

Мүшріктер үңгір аузында дауласып тұрғанда, іште хазреті Әбу Бәкірді уайым басып, ол былай деді: «Йа, Расулаллаһ! Аллаһпен ант етемін, мен өзім үшін уайымдамаймын. Бірақ мәртебелі тұлғаңызға бір нәрсе бола ма деп қорқамын. Мені өлтірсе, мен жалғыз адаммын, ештеңе өзгермейді. Ал сізге бір зиян келсе, бүкіл үммет құриды, дін қирайды». Ғаламның Сұлтаны Пайғамбарымыз: «Ей, Әбу Бәкір! Уайымдама!.. Сөзсіз, Аллаһу та’ала бізбен бірге», – деді.

Әбу Бәкір Сыддық: «Йа, Расулаллаһ! Жаным сізге құрбан болсын! Олардың біреуі басын иіп қараса, бізді көреді!» – дегенде, Пайғамбарымыз: «Ей, Әбу Бәкір! Біз үшіншісі Аллаһу та’ала болған екі адамбыз. Уайымдама!.. Сөзсіз, Хақ та’ала бізбен бірге», – деді. Мүшріктер ішке қарамастан кері қайтып кетті.5

Аллаһу та’ала бұл жағдай туралы Құран кәрімде мағынасы бойынша былай дейді: «Егер сендер оған (Хабибіме) көмектеспесеңдер, (сол уақытты еске алыңдар:) кәпірлер оны (Меккеден) екеудің екіншісі етіп (хазреті Әбу Бәкірмен бірге) шығарғанда, екеуі (Сәур тауының басындағы) үңгірде болғанда, Аллаһу та’ала оған (Расулуллаһқа) көмектескен еді. Сол кезде ол жолдасына (Әбу Бәкір Сыддыққа): „Уайымдама, Аллаһу та’аланың көмегі, жәрдемі сөзсіз бізбен бірге“, – деген еді. Аллаһу та’ала оның үстіне жүректерге тыныштық беретін сәкинасын түсірді, оны (хабибін) сендер көрмеген (рухани) әскермен қуаттады (оны періштелермен қорғады) және кәпірлердің сөзін әбден төмен түсірді. Аллаһу та’аланың (тәухид) сөзі болса – ең биік (Ол Аллаһ есімін бүкіл әлемге таратып, үстем етті). Аллаһу та’ала – мүлдем жеңуші. Үкім мен хикмет иесі тек Ол ғана».6

«Аллаһ үшін, йа, Расулаллаһ, ішке кірмеңіз! Мен кірейін. Онда зиянды бір нәрсе болса, маған тисін, мүбәрәк тұлғаңызға ешбір қайғы, ешбір азап тимесін» Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһу)

Сүйікті Пайғамбарымыз бен хазреті Әбу Бәкір бұл үңгірде үш күн, үш түн болды. Хазреті Әбу Бәкірдің ұлы Абдуллаһ Меккеде естігендерін түнде үңгірге келіп хабарлап тұрды, ал оның азат етілген құлы әрі отарларының шопаны Амир бин Фухәйра түн сайын сүт әкеліп, іздерді жойып отырды.

Төртінші күні, дүйсенбіге қараған түні, сәресі уақытында Сәур үңгірінен шыққан сүйікті Пайғамбарымыз Қасуа деген түйесіне мінді. Бір риуаят бойынша ол хазреті Әбу Бәкірді артына мінгестірді. Екінші түйеге хазреті Амир бин Фухәйра мен жолды жақсы білетін Абдуллаһ бин Урәйқит мінді.

Әлемдердің мырзасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Аллаһу та’ала мадақтаған, мекендердің ең қадірлісі болған Мекке-и Мукаррамадан, өз отанынан айырылып бара жатқан еді. Ол түйесін Харам-и шәрифке қаратып, мұңды күйде былай деді: «Аллаһпен ант етемін! Сен – Аллаһу та’ала жаратқан жерлердің ең қайырлысы, Раббымның алдында ең сүйіктісісің! Сенен шығарылмағанымда, шықпас едім. Маған сенен көркемірек, сенен сүйіктірек отан жоқ. Қауымым мені сенен шығармағанда, шықпас едім, сенен басқа ешбір жерді отан етпес, ұя салмас едім».

Сол сәтте Жәбрейіл алейһиссалам түсіп: «Йа, Расулаллаһ! Отаныңды аңсайсың ба, сағындың ба?» – деді. Пайғамбарымыз: «Иә, аңсаймын!» – деп жауап берді. Жәбрейіл алейһиссалам оның ақырында Меккеге қайтатынын сүйіншілеген Қасас сүресінің 85-аят кәримасын оқып, оның мүбәрәк көңілін жұбатты.

Сапар тыныш өтті. Мүшріктер барлық жерді іздегенімен, оларды таба алмады; Хақ та’ала Өз хабибін олардың жамандығынан қорғады. Расулуллаһ Қудәйд деген жерге келгенде, жомарттығымен атағы шыққан, ақылды, ибалы Үммү Ма’бәд есімді бір әйелдің шатырының алдына тоқтады. Олар ақысын төлеп азық, құрма және ет сатып алғысы келді. Үммү Ма’бәд: «Егер болса, ақшаға емес, дастарқан жайып, сыйлар едім. Жұт пен күнкөріс тарлығы салдарынан қолымызда ештеңе қалмады», – деді. «Сүт бар ма?» – деп сұрағанда, ол: «Жоқ. Малдар қысыр», – деп жауап берді. Ғаламның Сұлтаны (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) шатырдың қасында тұрған бір арық қойды нұсқап: «Ей, Үммү Ма’бәд! Бұл қой неге мұнда байлаулы тұр?» – деді. Ол: «Ол өте ауру әрі әлсіз болғандықтан, отардан қалып қойды. Әлі жоқ болғандықтан, бара алмады», – деді. Пайғамбарымыз: «Оның аз да болса сүті бар ма? Бұл қойды саууыма рұқсат бересіз бе?» – деп сұрағанда, ол: «Ата-анам сізге құрбан болсын, оның сүті жоқ, бірақ оны сауып көруіңізге еш кедергі жоқ», – деді.

Расулуллаһ қойдың қасына келіп, Аллаһу та’аланың есімін зікір етті. Береке сұрап дұға еткеннен кейін, мүбәрәк қолын қойдың желініне тигізді. Сол сәтте желін сүтке толып, сүт аға бастады. Дереу ыдыс әкеліп, оны толтырды. Ол алдымен оны Үммү Ма’бәдке берді. Үммү Ма’бәд ішкеннен кейін, хазреті Әбу Бәкірге және басқаларға берді, олар тойғанша ішті. Ең соңында өзі ішті. Сосын мүбәрәк қолын қайтадан қойдың желініне тигізіп сауды да, шатырдағы ең үлкен ыдысты сұрады. Оны да толтырып, Үммү Ма’бәдке тапсырды. Риуаят бойынша сол қой он сегіз жыл жасаған, олар әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыздың берекесімен таңертең де, кешке де оның сүтімен күн көрген. Олар ол жерден кеткеннен кейін Үммү Ма’бәдтің күйеуі келіп, сүтті көрді. Ол қуанып: «Бұл сүт қайдан келді?» – деп сұрағанда, Үммү Ма’бәд: «Бір мүбәрәк кісі келіп, үйімізді құрметтеді. Сен көріп тұрғандар – оның ықыласы мен берекесі», – деді. Күйеуі: «Оны сипаттап бере аласың ба? Оның сипаты, келбеті қандай?» – деп сұрады.

Үммү Ма’бәд былай деді: «Мен көрген сол мүбәрәк кісі өте келбетті әрі жайдары жүзді еді. Көздерінде сәл қызылдық, даусында нәзіктік бар еді. Мүбәрәк кірпіктері ұзын еді. Көзінің ағы аппақ, қарасы қап-қара болып, табиғатынан сүрме тартқандай еді. Шашы қара, сақалы қою еді. Үндемей тұрғанда, оның бойынан бір сабырлылық пен салмақтылық сезілетін. Сөйлегенде күлімсіреп, сөздері тізілген інжудей аузынан тәтті төгілетін. Алыстан өте айбынды көрінетін, жақындағанда өте ыстық, көңілді баурайтындай болатын. Қасындағылар оның бұйрығын орындауға жандарын салып ұмтылатын». Осылай деп, ол оның тағы көптеген көркем қасиеттерін санап шықты. Мұны таңдана тыңдаған күйеуі: «Ант етемін, бұл – құрайыштықтар іздеп жүрген кісі. Егер мен оған жолықсам, оған қызмет ету құрметіне ие болып, қасынан кетпес едім», – деді. Үммү Ма’бәдтің күйеуі Расулуллаһтың соңынан барып, Рим сайында оны қуып жетіп, мұсылман болды. Ол сахаба болу құрметіне ие болды. Кейін Үммү Ма’бәд те мұсылман болды.7

Сүрақа бин Малик

Мүшріктер Мәдинаға қарай жолға шыққан Мұхаммед алейһиссалам мен хазреті Әбу Бәкірді үздіксіз іздеп жүрді. Егер оларды таппаса, өздері үшін өте үлкен қауіп туатын еді. Өйткені олар мұсылмандар бір «Ислам мемлекеті» құрып, қысқа уақытта өздерін құртып жібереді деп ойлайтын. Сондықтан мүшріктер бар нәрселерін ортаға салды. Пайғамбарымыз бен хазреті Әбу Бәкірді өлтірген немесе тұтқынға алған адамға жүз түйеден бөлек сансыз мал мен ақша беретіндерін уәде етті. Бұл хабар Сүрақа бин Малик тиесілі Мүдлиж ұлдарының арасына да тарады.

Сүрақа бин Малик із кесуге өте шебер еді. Сондықтан ол болып жатқан оқиғаларға жіті назар аударды.

Бір сейсенбі күні Мүдлиж ұлдары Сүрақа бин Малик тұратын Қудәйд өңірінде жиналды. Жиында Сүрақа бин Маликтің өзі де бар еді. Сол кезде Құрайыштың адамдарының бірі келіп, Сүрақаға: «Ей, Сүрақа! Аллаһпен ант етемін, мен жаңа ғана теңіз жағалауына қарай бара жатқан үш-төрт адамнан тұратын бір керуенді көрдім. Олар, сірә, Мұхаммед пен оның сахабалары болса керек», – деді. Сүрақа жағдайды түсінді. Бірақ сыйлық өте үлкен болғандықтан, оны жалғыз өзі алғысы келді. Сондықтан басқа біреудің бұдан хабардар болғанын қаламады. «Жоқ, сен көргендер – пәленше-түгенше деген адамдар. Олар біраз бұрын өтіп кетті. Оларды біз де көрдік», – деп, ешбір маңызды нәрсе жоқтай сөйледі.

Сүрақа бин Малик тағы біраз күтті. Көзге түспей үйіне келді. Қызметшісіне атын және қаруын алып, сайдың арғы жағында өзін күтуді тапсырды. Өзі найзасын алып, жарқылы көзге түспесін деп, ұшын төмен қаратты. Атын шаба жөнелді. Жолын жалғастырып, ақыры олардың ізін тапты. Ол соншалық жақындады, тіпті Пайғамбарымыздың оқып бара жатқан Құран кәрімін де естіді. Бірақ Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) артына мүлде қарамады. Хазреті Әбу Бәкір артына қарағанда, Сүрақаны көріп, абыржыды. Пайғамбарымыз оған үңгірдегідей: «Уайымдама, Аллаһу та’ала бізбен бірге», – деді.

«(Ей, Мекке-и Мукаррама!) Маған сенен көркемірек, сенен сүйіктірек отан жоқ. Қауымым мені сенен шығармағанда, шықпас едім, сенен басқа ешбір жерді отан етпес, ұя салмас едім» Хадис шәриф

Хазреті Бұхаридің риуаяты бойынша, осы кезде хазреті Әбу Бәкір Расул-и әкрамға бір атты кісінің өздерін қуып жеткенін айтқанда, Пайғамбарымыз: «Йа, Раббым! Оны құлат!» – деп дұға етті. Басқа бір риуаятта Сүрақа олардың қасына дейін келгенде, хазреті Әбу Бәкір жылай бастады. Расул-и әкрам оның неге жылағанын сұрағанда, ол: «Аллаһпен ант етемін, өзім үшін жыламаймын. Сізге бір зиян келе ме деп қорыққаннан жылаймын», – деді. Сүрақа Пайғамбарымызға шабуыл жасай алатындай жақындады. Ол: «Ей, Мұхаммед! Бүгін сені менен кім қорғайды?» – деді. Әлем сардары Пайғамбарымыз: «Мені Жаббар және Қаһһар болған Аллаһу та’ала қорғайды», – деп жауап берді. Сол сәтте Сүрақаның аты екі алдыңғы аяғымен тізесіне дейін жерге батып кетті. Ол одан құтылып, қайтадан шабуылға ұмтылғанда, атының аяқтары тағы жерге батты. Сүрақа атын қанша қинағанымен, оны ешбір құтқара алмады. Оның басқа істейтін ешнәрсесі қалмады. Амалы таусылғанда ол мейірім мен рақым иесі болған Расулуллаһқа жалына бастады. Барлық кемелдік пен көркем мінезді бойына жинаған, ең абзал мінез бен жаратылыс иесі болған Пайғамбарымыз оның бұл өтінішін қабыл алды. Сүрақа: «Ей, Мұхаммед! Сенің қорғалып тұрғаныңды түсіндім. Дұға ет, құтылайын. Бұдан кейін саған ешқашан зиян келтірмеймін. Сенің соңыңа түскендерге де сен туралы бір ауыз сөз айтпаймын», – деп жалынды. Ғаламның мырзасы: «Йа, Раббым! Егер ол сөзінде шыншыл әрі шынайы болса, атын құтқар», – деп дұға еткенде, Аллаһу та’ала бұл дұғаны қабыл етті. Сүрақа бин Маликтің аты тек осы дұғадан кейін ғана шұқырдан шыға алды. Сол кезде аттың аяғы батқан жерден көкке қарай түтін тәрізді бір нәрсе көтеріліп жатты. Сүрақа қайран қалды да, болған оқиғалардың бәрінен Мұхаммед алейһиссаламның әрдайым қорғалып тұрғанын түсінді. Ол көп нәрсеге куә болды. Ақырында ол былай деді: «Ей, Мұхаммед! Мен – Сүрақа бин Маликпін! Менен еш күмәнданбаңыз. Сізге сөз беремін: бұдан кейін сізге ұнамайтын ешбір іс істемеймін. Қауымың сені және жолдастарыңды ұстаған адамға көп сыйлық беретінін уәде етті». Сөйтіп ол Құрайыш мүшріктерінің не істегілері келетінін бір-бірлеп айтып берді. Ол тіпті оларға жол азығы мен мінуге түйе бергісі келсе де, сүйікті Пайғамбарымыз қабылдамай, оған: «Ей, Сүрақа! Сен ислам дінін қабылдамайынша, мен сенің түйеңді де, сиырыңды да қаламаймын, сұрамаймын. Бізді көргеніңді жасырсаң, сол жетеді», – деді. Ал Ибн Са’д былай деп жеткізеді: Сүрақа Пайғамбарымызға: «Маған қалағаныңды бұйыр», – дегенде, Расулуллаһ: «Өз жеріңде тұр. Ешкімге бізді қуып жетуге жол берме», – деді. Аллаһу та’ала қаласа, бәрі болатын. Оған шын ықыласпен тәуекел етіп, Оның разылығы жолында жүргенде, ақылға сыймайтын оқиғалар орын алатын. Расулуллаһты өлтіріп, үлкен сыйлықтарға қол жеткізу құштарлығымен ақырған арыстандай жолға шыққан Сүрақа енді жуас, момын бір бала сияқты еді. Барлық нәрсеге құдіреті жететін Аллаһу та’ала Өз хабибіне зиян келтірмесін деп, Сүрақаның жүрегін жақсылыққа қарай бұрған еді. Әрине, Аллаһу та’ала Өз хабибін (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жалғыз қалдырмас еді. Өйткені ол – Аллаһтың адамдарға рақым етіп, олардың дүниеде де, ахиретте де мәңгілік сәадатқа (бақытқа) қауышуы үшін жіберген сүйікті Пайғамбары еді. Осыдан кейін Сүрақа өз ізімен кері қайтты. Басынан өткендерін кездескен адамдарға да айтпады.8

Ғаламның Сұлтаны келе жатыр!

Пайғамбарымыз, хазреті Әбу Бәкір, Амир бин Фухәйра және олардың жол көрсетушісі Абдуллаһ бин Урәйқит бір апта жол жүргеннен кейін, бисғаттың он үшінші жылы (милади 622 жыл), қыркүйектің жиырмасында, хижреттің бірінші жылы Рабиул-әууәл айының сегізінде, дүйсенбі күні сәскеде «Қуба» ауылына жетті. Олар Күлсүм бин Хидм есімді бір мұсылманның үйіне қонақ болды. Расул-и әкрам Мәдинаға әлі келмей тұрып, алғашқы мұхажирлер Қубада Амр бин Ауф ұлдарына тиесілі құрма кептіретін бір орынды намазгаһқа (намаз оқитын орынға) айналдырған еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Қубаға жеткенде, бұл намазгаһты кеңейтіп, алғашқы мешітті салды. Олар намаздарын Қуба мешітінде оқыды. Қуба мешіті Тәубе сүресінің 108-аят кәримасында мағынасы бойынша «…негізі тақуалық үстіне қаланған мешіт» деп мадақталды.9

Түн мен күн теңелетін қыркүйектің жиырма үшінші күнін де олар Қуба ауылында өткізіп, Рабиул-әууәл айының он екісінде, жұма күні Мәдинаға қарай аттанды. Бесін намазы уақытында олар Мәдина мен Қубаның арасындағы Ранона сайында тоқтады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алғашқы жұма намазын осы жерде оқып, алғашқы хұтбаны да осы жерде айтты.10 Сол күні олар Мәдинаға жетті. (Кейін алғашқы жұма намазының құрметіне бұл жерде «Мәсжид-и Жұма» деген мешіт салынды.) Ал бұл кезде Меккеде қалған хазреті Әли Расулуллаһтың Қағбада әрдайым отыратын орнына отырды. «Расул-и әкрамда кімнің қандай нәрсесі болса, келіп алсын», – деп жар салдырды. Әркім келіп, белгісін айтып, аманатын алды. Осылайша аманаттар иелеріне тапсырылды. Аллаһтың арыстаны хазреті Әли Құрайыш кәпірлері жиналған жерге барып: «Иншаллаһу та’ала, ертең Мәдина-и Мунаууараға кетемін. Айтатын сөздерің бар ма? Мен осында тұрғанда айтыңдар», – деді. Олардың бәрі бастарын иіп, ештеңе айтпады. Таң атқанда хазреті Әли Расул-и әкрамның жеке заттарын жинап, жолға шықты. Құрайыштан 4–5 адам оның жолын кесті, бірақ ол олармен шайқасып, жеңіп шықты. Сосын жолда оның алдынан Миқдад бин Әсуад шықты. Оны да бір соққымен жерге жығып, иманға шақырды. Ол да мұсылман болды. Қайта жолға түсіп, ол ісіп кеткен аяқтарынан қан ағып тұрған күйде Расулуллаһқа Қубада жетті. Күндіз тығылып, түнде жаяу жүрген бұл сапардың соңында ол Пайғамбарымыздың алдына бара алмайтын халге жеткен еді. Расул-и әкрам мұны естігенде, өзі оның қасына келді. Хазреті Әлиді көргенде, оның халіне жаны ашып, сүйікті, жанкешті немере бауырын құшақтады, мүбәрәк қолдарымен оның Хақ жолында мыңдаған машақатқа шыдаған нәзік аяқтарын сипады және оның саулығы үшін дұға етті. Тіпті хазреті Әлидің осы жанкештілігіне байланысты мағынасы «Адамдардың ішінде Аллаһу та’аланың разылығы үшін өз жанын (өзін) пида ететіндер бар» болған аят кәриманың түскені риуаят етіледі.1112

«Ей, Сүрақа! Мен қазір сенің Иран патшасының (кисраның) білезіктерін тағып, белбеуін буынып, тәжін кигеніңді көріп тұрғандаймын!» Хадис шәриф

Мәдинаға бұрынырақ хижрет еткен құрметті сахабалар мен мәдиналық мұсылмандар Ғаламның Сұлтанының Меккеден хижретке шыққанын естігенде, оның келуін ынтамен әрі толқып күте бастады. Сондықтан олар Мәдина-и Мунаууараның шет жақтарына бақылаушылар қойып, қалаларын мәртебелендіретін сәтте Пайғамбарымызды қарсы алуға асығып тұрды. Оның махаббатымен жанғандар ыстық шөлдің суға зарыққанындай, көздерін көкжиекке тігіп, күндер бойы күтті.

Ақыры кенеттен: «Келе жатыр! Келе жатыр!..» – деген дауыс естілді. Дауысты естігендер ыстық шөлдің ортасына қарай көз жүгірте бастады. Иә!.. Иә!.. Олар да аптап шөлде, күннің күйдіретін ыстығына қарамастан, күткен қонақтарының үлкен айбынмен өздеріне қарай жақындап келе жатқанын көрді. Қуанып, бір-біріне: «Сүйінші!.. Сүйінші!.. Расулуллаһ келе жатыр!.. Пайғамбарымыз келе жатыр!.. Қуаныңдар, ей, мәдиналықтар! Той жасаңдар! Хабибуллаһ келе жатыр!.. Бас тәжіміз келе жатыр!..» – деп айқайлай бастады. Бұл хабар бір сәтте Мәдина-и Мунаууараның көшелерін кернеді. Жетіден жетпіске дейін, қартынан науқасына дейін әркім бұрын-соңды көрілмеген осы қуанышты хабарды күтіп жүрген еді.

Барлық мәдиналықтар ең әдемі киімдерін киіп, Әлемдердің мырзасын қарсы алуға асықты. Тәкбір үндері көкті жаңғыртып, қуаныштан көз жасы селдей ағып жатты. Мұң мен бақытқа толы бір леп есіп, Мәдина өз тарихының ең көркем күнін бастан кешіп жатты. Бір жақта – жұрттың бәрі «Әмин» лақабымен таныған Аллаһу та’аланың хабибін өлтіру үшін сыйлық тағайындағандар; екінші жақта болса – оны және оның жолдастарын қорғауды, бауырларына басуды және осы жолда жандарын пида етуді қалағандар бар еді.

Мәдиналықтар сүйікті Пайғамбарымыздың нұрлы жүзін мүмкіндігінше тезірек көргісі келді. Мәдина Мәдина болғалы мұндай қуанышты, мұндай мүбәрәк сәтті көрмеген еді. Бұл сол күнге дейін болмаған бір мереке еді. Теңдесі көрілмеген әрі көрілмейтін осы мерекеде балалар, жастар, үлкендер, бақытты адамдар алғаш рет бір мезгілде, бір ауыздан мына өлеңді шырқады:13

Тала’ал-бәдру ’аләйна,
Үстімізге толған ай туды
Мин сәнийятил-уәда’,
Уәда белестерінен.
Уәжәбаш-шукру ’аләйна,
Шүкір ету бізге уәжіп болды,
Ма да’а лиллаһи да’.
Аллаһқа шақырушы шақырған сайын.
Әййуһал-мәб’усу фина,
Ей, бізге жіберілген зат,
Жи’та бил-әмрил-мута’,
сен Аллаһтың әмірін (Әмруллаһты) әкелдің.
Жи’та шаррафтал-Мәдина,
Сен Мәдинаны мәртебелі еттің,
Мархабан йа хайра да’.
қош келдің, ей, шақырушылардың ең қайырлысы!
Әнтә шәмсун, әнтә бәдрун,
Сен – күнсің, сен – айсың,
Әнтә нурун ’ала нур,
сен – нұр үстіне нұрсың,
Әнтә мисбахус-Сурайя,
сен – Үркер жұлдыздарының жарығысың,
Йа Хабиби, йа Расул!
йа, сүйіктім, йа, Расул!
Қад ләбисна саубә ’иззин,
Иззат пен құрметке толдық,
Ба’да әсуабир-рика’,
ескілерден құтылдық,
Уә рада’на садйә мәждин,
ұлылыққа жетіп, қандық,
Ба’да әййамид-дайа’.
зиянда едік – пайда таптық.
Қаләт ахмаруд-дәяжи,
Қараңғылықты таратушы ай айтады:
Қули әрбабил-ислам,
«Ислам иелеріне айтыңдар:
Куллу мән йәтба’ Мұхаммад,
Мұхаммедке (алейһиссалам) ілескенге
Йанбағи ән ла йудам.
ешқашан зұлымдық жасамаңдар».
Уә та’аһәдна жәми’ан,
Біз бәріміз бірге сөз бердік
Йаумә ақсамнал-йәмин,
ант еткен күні:
Лән нахунал-’аһдә йаумән,
адалдық – біздің жолымыз,
Уәттахазнас-сидқа дин.
дінімізде опасыздық жоқ.
Ләсту уаллаһи нәзиййән,
Аллаһпен ант етемін, ұмытпаймын,
Ма йуқасиһил-’ибад,
азапсыз бір күн де болмады,
Мәшһәдән йа нәжмә әмнин,
Сен – куәсің, ей, амандық жұлдызы:
Зу уәбаин уә уидад.
адалдығың, сүйіспеншілігің өте зор.

«Қош келдіңіз, йа, Расулаллаһ!», «Бізге келіңіз, йа, Расулаллаһ!» деген өтініштер айналаны жаңғыртып тұрды. Мәдинаның игі жақсыларының кейбірі Қасуа түйесінің ноқтасынан ұстап: «Йа, Расулаллаһ! Бізге келіңіз…» – деп жалынды. Сонда Пайғамбарымыз оларға: «Түйемнің ноқтасын жіберіңдер, ол бұйрық алған. Кімнің үйінің алдына шөксе, сонда қонақ боламын!» – деді.

«Адамдардың ішінде Аллаһу та’аланың разылығы үшін өз жанын пида ететіндер бар» Бақара: 207

Әркімді үлкен толқу мен қызығушылық билеп алды. Қасуа қайда шөгер екен? Қасуа Мәдинаның ішіне қарай жүріп келеді, әр есіктің алдынан өткенде үй иелері: «Йа, Расулаллаһ! Бізге келіңіз, бізге келіңіз!» – деп жалынатын. Пайғамбарымыз оларға күлімсіреп: «Түйеге жол беріңдер! Қайда шөгу керектігі оған бұйырылған», – дейтін.

Ақыры Қасуа Пайғамбарымыздың бүгінгі мүбәрәк мешітінің есігі орналасқан жерге шөкті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) түйесінен түспеді. Жануар қайта орнынан тұрып, жүре бастады. Сосын бұрынғы орнына шөкті де, қайтып тұрмады. Осыдан кейін Пайғамбарымыз Қасуадан түсіп: «Иншаллаһ, біздің қонатын жеріміз – осы», – деді де: «Бұл жер кімдікі?» – деп сұрады. Оған: «Йа, Расулаллаһ! Ол Амрдың ұлдары Сухәйл мен Сәһлдікі», – деп жауап берді. Бұл балалар жетім еді. Пайғамбарымыз: «Туыстарымыздың қайсысының үйі бұл жерге ең жақын?» – деп сұрады. Өйткені Расулуллаһтың атасы Абдулмутталибтің анасы Нәжжар ұлдарынан еді. Хазреті Халид бин Зәйд Әбу Әйуб Ансари қуанып: «Йа, Расулаллаһ! Менің үйім жақынырақ. Міне, мынау – менің үйім, мынау – оның есігі», – деп, толқып көрсетті. Ол Қасуаның жүгін түсіріп, Расулуллаһты үйіне шақырды.14

Мәдиналық мұсылмандар мен мұхажирлер Пайғамбарымыздың хижретіне қатты қуанды. Бұл жылды «Сәнәтул-изн» деп атайды.

Хижрет кезінде жүректердің дауасы, адамзаттың бас тәжі, Аллаһу та’аланың хабибі Пайғамбарымыз елу үш жаста еді.

НЕ БОЛДЫ МЕНІҢ ХАЛІМЕ?
Не болды менің халіме, йа, Расулаллаһ?
Жаным да, тәнім де жанар, йа, Расулаллаһ.
Дірілдеген жалындай, хош иісті ошақтай,
ғашқыңнан түтеймін, йа, Расулаллаһ.
Айрылықтың зарымен көптен бері
еріп, бітіп барамын, йа, Расулаллаһ.
Сен – әлем сен үшін жаратылған Шаһсың, ұлы есігіңде
мойнымды иіп тұрмын, йа, Расулаллаһ.
Басқан топырағыңда гүлдер ашылған,
ал мен онда – бір тікенмін, йа, Расулаллаһ.

Әбу Әйуб Ансари радиаллаһу анһу