Сүйікті Пайғамбарым

АҚАБА АНТТАРЫ

Бірінші Ақаба анты

Бисғаттың он бірінші жылы, Зұлхижжа айында Әсад бин Зурарә мен оның он бір жолдасы қажылық кезінде Меккеге тағы келді. Әлемдердің мырзасымен алдыңғы кездесулерінен бері тура бір жыл өткен еді. Ол жылы мүшріктер мұсылмандарға бұрынғы жылдардың бәрінен де қатты зәбір мен жапа көрсетіп жатқан еді. Олар Расулуллаһты үнемі аңдып жүріп, онымен сөйлескен әр адамды азаптайтын. Мұны білген мәдиналықтар Пайғамбарымызбен түнде Ақабада кездесуге уәделесті. Түн түскенде олар жолықты. Пайғамбарымызға адалдықтарын білдіріп, оның барлық бұйрықтары мен тілектеріне мойынсұнатындарына сөз беріп, ант (байғат) берді. Бұл келісімде олар «Аллаһу та’алаға серік қоспауға, зина жасамауға, ұрлық істемеуге, жала жабудан сақтануға, ұятқа қалудан және ризықсыз қалудан қорқып балаларын өлтірмеуге» міндеттеме алды.1

Сүйікті Пайғамбарымыз екеуі Әус тайпасынан, қалғандары Хазрәж тайпасынан болған осы 12 адамды тайпаларына өкіл етіп тағайындады. Олар тайпаларына исламды түсіндіріп, солардың атынан Расулуллаһтың алдында кепіл болуға тиіс еді. Әсад бин Зурарә болса бәрінің атынан өкіл болып белгіленді. Өткен жылы Ақабадағы кездесуге қатысқан 5 адам мен исламды жаңа ғана қабылдаған 7 адам мыналар еді: Малик бин Нәжжар ұлдарынан Әсад бин Зурарә, Ауф бин Харис және Муаз бин Харис; Зурайқ бин Амир ұлдарынан Рафи бин Малик және Зәкуан бин Абдиқайс; Ғанм бин Ауф ұлдарынан Убадә бин Самит; Ғусайна ұлдарынан Язид бин Са’ләба; Ажлан бин Зәйд ұлдарынан Аббас бин Убадә; Харам бин Ка’б ұлдарынан Уқбә бин Амир; Сәуад бин Ғанм ұлдарынан Қутба бин Амир; Абдуләшхәл бин Жушәм ұлдарынан Әбул-Хәйсәм Малик бин Тәййихан және Амр бин Ауф ұлдарынан Уәйм бин Саидә.

Мәдина көгінде шыққан күн

Бірінші Ақаба антынан (келісімінен) кейін Мәдинаға қайтқан хазреті Әсад бин Зурарә мен оның жолдастары тайпаларына күндіз-түні исламды түсіндіріп, оларды хақ дінге шақырды. Осы шақырудың нәтижесінде ислам Мәдинада жылдам тарала бастады. Тіпті бұрын бір-біріне дұшпан болған Әус және Хазрәж тайпалары бірігіп, исламды жақсырақ үйрену үшін Расулуллаһтан бір мұғалім сұрады. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Құран кәрім мен исламды үйретсін деп, Меккедегі сахабаларынан хазреті Мусаб бин Умәйрді ұстаз етіп Мәдинаға жіберді. Хазреті Мусаб хазреті Әсадтың үйіне түсті. Екеуі бірге үй-үйді аралап, әр адамға исламды жеткізді. Олар адамдардан Расулуллаһты жақсы көрулерін және оны барлық дұшпандарынан қорғау үшін жандарын аямай тырысатындарына сөз берулерін сұрады. Осылайша оларды Расулуллаһпен жасалатын антқа дайындады. Хазреті Әсад бин Зурарәнің тайпа басшысы Са’д бин Муаз еді, олар туыстар болатын. Ол кезде арабтарда туысқанды қорламау әдет болғандықтан, әлі иман келтірмеген Са’д бин Муаз хазреті Әсад бин Зурарәнің үйіне барып, бұл істі тоқтатуға тырыспады. Тайпа басшысы ретінде ол бұл іске өзі араласқысы келмеді. Сондықтан тайпасының игі жақсыларының бірі Усәйд бин Худайрға: «Біздің ауылға бар, келген әлгі адамды көр, не істесең – істе. Әсад менің бөлем болмағанда, бұл істі саған тапсырмас едім», – деді.

Осыдан кейін Усәйд бин Худайр найзасын алып, хазреті Мусаб бин Умәйр тұрған үйге барды. Ол жерге жеткенде ол ашуланып сөйлей бастады: «Бізге не үшін келдіңдер? Адамдарды алдап жүрсіңдер! Жандарыңнан айырылғыларың келмесе, бұл жерден дереу кетіңдер!» Оның осы ашулы түрін көрген Мусаб бин Умәйр өте жұмсақ әрі сыпайы түрде былай деп жауап берді: «Әуелі біраз отыр, сөзімізді тыңда! Мақсатымызды түсін, ұнаса – қабылдарсың. Әйтпесе бізге тосқауыл боларсың…» Усәйд сабасына түсіп: «Дұрыс айттың», – деді де, найзасын жерге қадап, отырды. Ол хазреті Мусабтың тәтті сөзін, адамның жүрегіне жететін сөздерін және әсем дауыспен оқыған Құран кәрім аяттарын тыңдады. Өзін ұмытып: «Бұл қандай керемет нәрсе!» – деп қалды. Сосын: «Бұл дінге кіру үшін не істеу керек?» – деп сұрады. Оған түсіндірді, Усәйд бин Худайр шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болды. Қуанғаннан орнында отыра алмаған хазреті Усәйд: «Мен барып, сендерге бір адамды жіберейін. Егер ол мұсылман болса, Мәдинада оның қауымынан иман келтірмеген ешкім қалмайды…» – деді де, асығыс тұрып кетті. Ол тура Са’д бин Муаздың қасына барды. Оны көрген Са’д бин Муаз: «Ант етемін, Усәйд мұнан кеткендегі жүзімен қайтып келе жатқан жоқ», – деді. Сосын: «Не істедің, ей, Усәйд?» – деп сұрады. Хазреті Усәйд бин Худайр Са’д бин Муаздың мұсылман болуын қатты қалағандықтан, былай деп жауап берді: «Әлгі адаммен (Мусаб бин Умәйрмен) сөйлестім, олардың ешбір жамандығын көрмедім. Тек мынаны естідік: Бәни Хариса ұлдары бөлең Әсадтың үйінде мұндай адамды паналатып отырғанына күдіктеніп, оны өлтіруге аттаныпты». Бұл сөздер Са’д бин Муазға қатты батты. Өйткені бірнеше жыл бұрын болған бір соғыста олар Бәни Хариса ұлдарын жеңіп, Хайбарға барып паналауға мәжбүр еткен еді. Бір жылдан кейін оларды кешіріп, еліне қайтуға рұқсат берген болатын. Соған қарамастан олардың осындай әрекетке барғаны туралы ой Са’д бин Муазды қатты ашуландырды. Ал шын мәнінде мұндай жағдай жоқ еді. Усәйд бин Худайр осы айлаға жүгініп, Са’д бин Муаздың нағашы апасына және оның ұлы Әсад бин Зурарәге, демек, Мусаб бин Умәйрге де зиян келтіруінің алдын алғысы келген еді. Осылайша ол Са’дтың олар жағына шығуына және ақырында мұсылман болуына жол ашты. Усәйд бин Худайрдың бұл сөздерінен кейін Са’д бин Муаз орнынан атып тұрып, хазреті Әсад бин Зурарәнің қасына кетті. Ол жерге жеткенде ол Әсад пен Мусаб бин Умәйрдің аса тыныш әрі жайбарақат отырып, сұхбаттасып жатқанын көрді. Олардың қасына жақындап: «Ей, Әсад! Арамызда туыстық болмағанда, сен бұларды істей алмас едің…» – деді. Бұл сөздерге хазреті Мусаб бин Умәйр былай деп жауап берді: «Ей, Са’д! Сәл тоқта, отыр, бізді тыңда, түсін… Сөздеріміз ұнаса – өте жақсы, ұнамаса, біз саған мұны ұсынбаймыз, сен де тұрып кетесің!» Осы жұмсақ әрі жылы сөздерден кейін Са’д бин Муаз сабасына түсіп, бір шетке отырды да, оларды тыңдай бастады. Хазреті Мусаб бин Умәйр Са’д бин Муазға әуелі исламды айтып берді. Исламның негіздерін түсіндірді. Сосын тәтті әрі әсем дауысымен Құран кәрімнен біраз оқыды. Ол оқыған сайын Са’д бин Муаздың халі өзгеріп, өзін ұмыта берді. Құран кәрімнің теңдессіз шешендігі алдында жүрегі жұмсарып, қатты әсерленді. Өзін ұстай алмай: «Сендер бұл дінге кіру үшін не істейсіңдер?» – деп сұрады. Мусаб бин Умәйр дереу оған шаһадат кәлимасын үйретті. Ол да «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһу уә расулуһ» деп, мұсылман болды. Мұсылман болудан туған тыныштық пен қуаныштан Са’д бин Муаз орнында отыра алмады. Ол дереу үйіне барып, үйренгеніндей ғұсыл алды. Сосын қауымының жиналуын сұрады. Усәйд бин Худайрды қасына алып, халық жиналған жерге келді. Абдуләшхәл ұлдарына қарап: «Ей, Абдуләшхәл ұлдары! Сендер мені қандай адам деп білесіңдер?» – деп сұрады. Олар бір ауыздан: «Сен біздің басшымыз әрі үлкенімізсің, біз саған бағынамыз!» – деп жауап берді. Олардың бұл сөздерінен кейін Са’д бин Муаз былай деді: «Олай болса, бәріңе хабарлаймын: мен мұсылман болу құрметіне ие болдым. Сендердің де Аллаһу та’алаға және Оның Расулына иман келтірулеріңді қалаймын. Егер иман келтірмесеңдер, ешқайсыларыңмен сөйлеспеймін де, көріспеймін де!..»

«Олай болса, бәріңе хабарлаймын: мен мұсылман болу құрметіне ие болдым. Сендердің де Аллаһу та’алаға және Оның Расулына иман келтірулеріңді қалаймын» Са’д бин Муаз (радиаллаһу анһу)

Сәнәтус-сурур (Қуаныш жылы)

Абдуләшхәл ұлдары басшылары Са’д бин Муаздың мұсылман болғанын және өздерін де исламға шақырғанын естісімен, бәрі бірге мұсылман болды. Сол күні олар кешке дейін Мәдинаның аспанын шаһадат кәлимасы мен тәкбір үндерімен жаңғыртты.2 Абдуләшхәл ұлдары жаппай мұсылман болғаннан кейін көп ұзамай бүкіл Мәдина халқы – Әус және Хазрәж тайпалары да исламды қабылдады. Әрбір үй ислам нұрымен нұрланды. Са’д бин Муаз бен Усәйд бин Худайр өз тайпаларына тиесілі барлық пұттарды қиратты. Бұл жағдай сүйікті Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хабарланғанда, ол қатты қуанды. Меккедегі мұсылмандар қуанышқа бөленді. Сондықтан бұл жыл (милади 621) «Сәнәтус-сурур» (қуаныш жылы) деп аталды.

Әссалату уәссаламу алейкә йа Расулаллаһ!
Әссалату уәссаламу алейкә йа Хабибаллаһ!
Әссалату уәссаламу алейкә йа Сәййидәл-әууәлинә уәл-ахирин!

Екінші Ақаба анты

Бисғаттың он екінші жылы меккелік мүшріктердің мұсылмандарға зұлымдығы шегіне жетіп, шыдатпайтын халге келген еді. Ал Мәдинада Әсад бин Зурарә мен Мусаб бин Умәйрдің қызметтерінің арқасында Әус пен Хазрәж адамдары мұсылмандарды құшақ жая қарсы алып, бауырларына басып, олар үшін кез келген құрбандыққа баруға дайын тұрған ғашықтық пен ынтаға бөленген еді. Олар Расулуллаһтың мүмкіндігінше тезірек Мәдинаға келіп, қаланы мәртебелендіруін қалады және оның жолында малдарын да, жандарын да аямайтындарына сөз берді. Қажылық уақыты келді. Зұлхижжа айында Мусаб бин Умәйрмен бірге Мәдинадан 73 ер адам мен 2 әйел мұсылман Меккеге келді. Қажылықтан кейін олардың бәрі қайтадан Ақабада Пайғамбарымызбен кездесті. Әсад бин Зурарә де бар 12 өкіл тайпаларының атынан Пайғамбарымыздан Мәдинаға хижрет етуін өтінді әрі ұсынды. Расулуллаһ оларға Құран кәрімнен кейбір аят кәрималарды оқып бергеннен кейін, өз жандарын, бала-шағаларын қалай қорғап, бақсаса, оны да солай қорғайтынына кепілдік беру үшін олардан нық сөз сұрады. Ол жерде әлі мұсылман болмаған Расулуллаһтың көкесі хазреті Аббас та бар еді. Ол ант беруге келген осы жамағатқа былай деп сөз арнады: «Ей, мәдиналықтар! Бұл – менің бауырымның ұлы. Адамдардың ішінде ең жақсы көретінім де – осы. Егер сендер оны растап, оның Аллаһтан әкелгендеріне сенсеңдер және оны өздеріңмен бірге алып кеткілерің келсе, мені тыныштандыратын берік сөз беруге тиіссіңдер. Өздерің білетіндей, Мұхаммед алейһиссалам – бізден. Біз оны оған сенбейтін адамдардан қорғадық. Ол біздің арамызда абыройы мен құрметімен қорғалып өмір сүріп жатыр. Соған қарамастан ол бәрінен бет бұрып, сендерге қосылуға және сендермен бірге кетуге шешім қабылдады. Егер бүкіл араб тайпалары бірігіп сендерге шабуыл жасағанда, оларға қарсы тұра алатындай соғыс күштерің болса, бұл іске кірісіңдер. Бұл мәселені өз араларыңда жақсылап сөйлесіп, кеңесіп алыңдар, кейін бөлініп кетпеңдер. Берген сөздеріңде тұрып, оны дұшпандарынан қорғай аласыңдар ма? Мұны тиісінше атқара алсаңдар – өте жақсы. Ал Меккеден шыққаннан кейін оны жалғыз қалдыратын болсаңдар, қазірден бас тартыңдар, ол өз елінде абыройымен қорғалып өмір сүрсін». Хазреті Аббастың бұл сөздеріне мәдиналық мұсылмандар қапаланды. Олар Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) елдеріне алып барғанда, оны мүшріктерден қорғай алмайтындай, қысылғанда тастап кететіндей сөз естігендей болды. Мәдиналық сахабалардан хазреті Әсад бин Зурарә Пайғамбарымызға бұрылып: «Йа, Расулаллаһ! Рұқсат етсеңіз, бірер ауыз сөзім бар. Соны сізге айтайын», – деді. Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз рұқсат бергенде, хазреті Әсад былай деді: «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа, Расулаллаһ! Әрбір шақырудың жұмсақ немесе қатты жолы, тәсілі болады. Қазір сіз бізді адамдардың қабылдауы өте қиын болған іске шақырып отырсыз. Өйткені адамдардың ежелден табынып келген пұттарын тастап, исламды қабылдауы өте ауыр. Соған қарамастан біз исламды шын жүрегімізбен қабылдадық. Сондай-ақ сіз бізге мүшрік туыстарымызбен байланысты үзуді бұйырдыңыз, біз мұны да ықыласпен қабылдадық. Білесіз, мұны қабылдау да өте қиын. Тіпті көкелеріңіз де дұшпанға айналып қорғамаған мәртебелі тұлғаңызды біз құшақ жайып қарсы алдық және осы құрметті міндетті өзімізге уәжіп әрі қажет деп білдік. Бұл сөздерімізде бәріміз бір ауыздымыз. Тілімізбен не айтсақ, жүрегімізбен соны растаймыз. Өз бала-шағамызды қалай қорғасақ, мүбәрәк денеңізді де қанымыздың соңғы тамшысына дейін солай қорғайтынымызға ант етеміз. Егер осы уәдемізді бұзсақ, Аллаһу та’алаға берген сөзімізде тұрмаған бақытсыздар (шақилер) тобына қосылайық. Йа, Расулаллаһ! Біз осы сөзімізге адалмыз. Аллаһу та’ала сәттілік берсін!» Сосын ол сөзін былай жалғастырды: «Йа, Расулаллаһ! Бізден өзіңіз үшін қалаған кепілдікті алып, қалаған шартыңызды қоя аласыз».

Пайғамбарымыз оларды исламға ынталандырып, Құран кәрім оқыды. Сосын былай деді: «Раббым үшін сендерден қоятын шартым – Аллаһу та’алаға ғибадат етулерің және Оған ешнәрсені серік қоспауларың. Өзім және сахабаларым үшін қоятын шартым – бізді өз араларыңа орналастыруларың, маған және сахабаларыма көмекші болуларың, өздеріңді неден қорғап, сақтасаңдар, бізді де содан қорғауларың».

Бәра бин Ма’рур: «Сізді хақ дінмен және кітаппен пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, бала-шағамызды қорғап, қалай сақтасақ, сізді де солай сақтаймыз! Бізден ант алыңыз, йа, Расулаллаһ!» – деді. Мәдиналық мұсылмандардан Аббас бин Убадә Пайғамбарымызбен жасалған келісімді бекіту үшін жолдастарына: «Ей, хазрәждіктер! Мұхаммед алейһиссаламды не үшін қабылдағандарыңды білесіңдер ме?» – деді. Олар: «Иә», – деп жауап берді. Сонда ол былай деді: «Сендер оны бейбіт кезде де, соғыс кезінде де қабылдап, оған еріп отырсыңдар. Егер малдарыңа зиян келгенде, туыстарың мен жақындарың қаза тапқанда Пайғамбарымызды жалғыз әрі көмексіз қалдыратын болсаңдар, мұны қазірден істеңдер. Аллаһпен ант етемін, егер солай істесеңдер, дүниеде де, ахиретте де құрисыңдар! Ал егер ол шақырған іс жолында малдарың кетсе де, жақын туыстарың өлтірілсе де, оған адал қалатындарыңа ақылдарың жетсе, оны берік ұстаңдар. Аллаһпен ант етемін, бұл – дүниелерің үшін де, ахиреттерің үшін де қайырлы». Сонда жолдастары: «Малымыз шығынға ұшыраса да, жақындарымыз өлтірілсе де, біз Пайғамбарымыздан бас тартпаймыз. Одан ешқашан айрылмаймыз. Өлу бар, кері қайту жоқ!» – десті.

«Егер осы уәдемізді бұзсақ, Аллаһу та’алаға берген сөзімізде тұрмаған бақытсыздар (шақилер) тобына қосылайық. Йа, Расулаллаһ! Біз осы сөзімізге адалмыз. Аллаһу та’ала сәттілік берсін!» Әсад бин Зурарә (радиаллаһу анһу)

Сосын олар Пайғамбарымызға бұрылып: «Йа, Расулаллаһ! Біз осы уәдемізді орындасақ, бізге не бар?» – деп сұрады. Сонда сүйікті Пайғамбарымыз: «Аллаһу та’аланың разылығы және жәннат бар!» – деді. Олардың әрқайсысы өз қауымының өкілі, сенім артқан адамы ретінде сөз берді. Ең алдымен хазреті Әсад бин Зурарә: «Мен Аллаһу та’алаға және Оның Расулына берген сөзімді орындауға, жаныммен және малыммен оған көмектесу жөніндегі уәдемді жүзеге асыруға ант беремін», – деп, қол алысты. Одан кейін әрқайсысы осылай ант беріп: «Аллаһу та’аланың және Оның Расулының шақыруын қабылдадық, тыңдадық және мойынсұндық», – деп, ризалықтары мен мойынсұнушылықтарын білдірді. Осылайша олар Расулуллаһтың жолында жандары мен малдарын тартынбай ортаға салды. Әйелдермен ант тек сөз арқылы ғана жасалды. Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) олардан «Аллаһу та’алаға ешнәрсені серік қоспауға, ұрлық істемеуге, жала жаппауға және зина жасамауға, балаларын өлтірмеуге, өтірік айтпауға, қайырлы істерге қарсы шықпауға…» деп сөз алды. Мәдиналықтар Пайғамбарымызға ант беріп жатқан кезде, Ақаба төбесінен бір дауыс: «Ей, Минада қонып жатқандар! Пайғамбар мен мәдиналық мұсылмандар сендермен соғысуға келісті!» – деп айқайлады. Пайғамбарымыз бұл дауыс туралы: «Бұл – Ақабаның шайтаны», – деді де, айқайлаған адамға: «Ей, Аллаһу та’аланың дұшпаны! Сенің де сазайыңды берермін!» – деді. Ант берген мәдиналықтарға болса: «Сендер дереу қонған жерлеріңе қайтыңдар», – деді. Аббас бин Убадә: «Йа, Расулаллаһ! Ант етемін, қаласаңыз, ертең таңертең Минадағы кәпірлердің үстіне аттанып, олардың бәрін қылыштан өткіземіз», – деді. Пайғамбарымыз бұған риза болды, бірақ: «Бізге әлі мұндай әрекет етуге бұйырылған жоқ. Әзірше орындарыңа қайтыңдар», – деді. Имам Нәсаидің Абдуллаһ ибн Аббастан келтірген риуаятына қарағанда, ансарлардан Ақаба антына қатысқандар Расулуллаһтың қасына келу арқылы мұхажирлерден де болды.3

Кипарис паң, көгершіннің жалынышын елемес,
тек су ғана аяғына жығылып жалынбаса.
Раушан бұлбұлдың қанын айламен ішпек болар,
тек су ғана гүл бұтағына еніп құтқармаса.
Су өзінің таза тегін әлем жұртына жарқыратты,
Ахмед Мұхтардың жолына ілесті ол су.
Адам баласының мырзасы, таңдаулы інжу теңізі –
мұғжизалары зұлымдардың отына болды су.
Пайғамбарлық гүлбағының сәнін жаңарту үшін
мұғжизасымен қатты жартастан шығарды ол су.
Оның мұғжизасы – әлемдегі шексіз бір теңіз,
одан кәпірлердің от ошағына да жетті су.
Мұны естіген таңданып саусағын тістер:
ауыр күні ансарларға саусағынан берді ол су.