Сүйікті Пайғамбарым

МИҒРАЖ

Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қажылыққа келгендерге де, Меккеге және жәрмеңкелерге сауда жасауға келгендерге де – көрген әрбір адамға және әрбір тайпаға исламды түсіндірді. Өзін қорғауларын және адамдарға исламды жеткізуде жәрдемші болуларын сұрады. Бірақ ешкім не мұсылман болмады, не оны қорғауға келіспеді. Оның үстіне, қорлады, зұлымдық жасады, азаптады, мазақ етті және өтірікке шығарды. Әлемдердің мырзасы қатты шаршаған, аш, шөлдеген, қайғылы әрі тым мұңлы еді. Күндізгі уақыттар осылай өтіп, бұл жағдай түннің бір уағына дейін жалғасатын. Меккелік мүшріктер үнемі оның соңынан қалмай, Қағбаны зиярат етуге келген адамдардың мұсылман болуына кедергі жасағандары былай тұрсын, Хабиб-и әкрам болған Пайғамбарымызға зұлымдық жасаудан да тыйылмады. Енді Расулуллаһ үшін баратын жер қалмаған еді. Жан-жақтың бәрі дұшпан еді. Меккеде бірнеше ай өте ауыр өтті.

Мүбәрәк Ражаб айының 27-түні ол тура көкесі Әбу Тәліптің қызы Үммү Ханидің Әбу Тәліп мәхәлләсіндегі үйіне келді. Үммү Хани ол кезде әлі иман келтірмеген еді. Ол: «Кім бұл?» – дегенде, Расулуллаһ: «Көкеңнің ұлы Мұхаммедпін. Қабыл етсең, қонақ болып келдім», – деді.

Үммү Хани: «Сен сияқты сөзі тура, сенімді, асыл, мәртебелі қонаққа жаным пида болсын. Тек келетініңді алдын ала білдіргеніңде, бірдеңе әзірлеп қояр едім. Қазір жегізетін ештеңем жоқ», – деді. Расулуллаһ: «Ішіп-жегім келмейді. Олардың ешқайсысы көзіме көрінбейді. Маған Раббыма ғибадат етіп, жалбарынатын бір орын жеткілікті», – деді.

Үммү Хани сүйікті Пайғамбарымызды ішке кіргізіп, оған бір бойра, бір шылапшын және бір құман берді. Келген қонақты сыйлау, оны дұшпаннан қорғау арабтар үшін ең абыройлы міндет саналатын. Үйдегі қонаққа зиян келуі үй иесі үшін үлкен масқара болатын. Үммү Хани: «Мұның Меккеде дұшпандары көп. Тіпті оны өлтіргісі келетіндер де бар. Абыройымды сақтау үшін таңға дейін оны күзетейін», – деп ойлады. Әкесінің қылышын алып, үйді айнала жүре бастады. Расулуллаһ сол күні қатты жәбір көрген еді. Ол дәрет алып, Раббысына жалбарынуға, кешірім тілеуге, құлдардың иман келтіріп, бақытқа қауышуы үшін дұға етуге кірісті. Ол қатты шаршаған, аш әрі қайғылы еді. Бойраның үстіне қисая салысымен ұйықтап кетті.

Сол сәтте Аллаһу та’ала Жәбрейіл алейһиссаламға былай деді: «Сүйікті Пайғамбарымды қатты қайғыға салдым. Оның мүбәрәк денесін, нәзік жүрегін қатты жәбірледім. Осы күйінде де ол тағы Маған жалбарынып жатыр. Менен басқа ешнәрсені ойламайды. Бар, Хабибімді алып кел! Оған жәннатымды, тозағымды көрсет. Оған және оны жақсы көретіндерге дайындаған ниғметтерімді көрсін. Оған сенбегендерге, сөздерімен, жазуларымен және қылықтарымен оны жәбірлегендерге дайындаған азаптарымды көрсін. Оны Мен Өзім жұбатамын. Оның нәзік жүрегінің жарасын Мен Өзім таңамын».

Жәбрейіл алейһиссалам Расулуллаһтың қасына келгенде, оның тәтті ұйқыда жатқанын көрді.

Оятуға қимады. Ол адам кейпінде еді. Оның мүбәрәк аяғының табанын сүйді. Жәбрейілдің жүрегі де, қаны да болмағандықтан, оның суық еріндері Расулуллаһты оятып жіберді. Пайғамбарымыз Жәбрейіл алейһиссаламды дереу танып, Раббым маған ренжіді ме екен деп қатты қорқып, былай деді: «Ей, Жәбрейіл бауырым! Мұндай беймезгіл уақытта неге келдің? Әлде бір қателік жасадым ба? Раббымды ренжіттім бе? Әлде маған ащы хабар әкелдің бе?»

«Ішіп-жегім келмейді. Олардың ешқайсысы көзіме көрінбейді. Маған Раббыма ғибадат етіп, жалбарынатын бір орын жеткілікті» Хадис шәриф

Жәбрейіл алейһиссалам былай деді: «Йа, барлық жаратылғандардың ең абзалы! Йа, Жаратушының сүйіктісі, йа, пайғамбарлардың мырзасы, жақсылықтардың қайнар бұлағы, артықшылықтардың бастауы болған мәртебелі әрі ұлы Пайғамбар! Раббың саған сәлем жолдап, сені Өзіне шақырып жатыр. Өтінемін, тұр, барайық». Сүйікті Пайғамбарымыз дәрет алды. Жәбрейіл алейһиссалам Расулуллаһтың мүбәрәк басына нұрдан сәлде қойды, үстіне нұрдан киім кигізді, мүбәрәк беліне жақұттан белбеу байлады. Мүбәрәк қолына төрт жүз інжумен безендірілген зүмірет аса таяқ берді. Әрбір інжу Шолпан жұлдызындай жарқырайтын. Мүбәрәк аяқтарына жасыл зүміреттен кебіс кигізді.

Сосын қол ұстасып, Қағбаға келді. Мұнда Жәбрейіл алейһиссалам сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк кеудесін жарды. Жүрегін шығарып, оны Зәмзәм суымен жуды. Сосын хикмет пен иманға толы бір тостаған әкеліп, оны жүрегіне құйды да, кеудесін жапты.

Алғашқы құбыламыз Мәсжид-и Ақса / Құдыс

Сосын Жәбрейіл алейһиссалам жәннаттан әкелген Бурақ атты ақ жануарды нұсқап: «Йа, Расулаллаһ! Мұған мін! Барлық періштелер сені күтіп тұр», – деді. Сол кезде Пайғамбарымызды бір мұң басып, ол ойға шомды. Сол сәтте Аллаһу та’ала Жәбрейіл алейһиссаламға: «Ей, Жәбрейіл! Сұра! Хабибім неге мұңды?» – деп үн қатқанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деп жауап берді: «Мен осыншама құрмет пен ізет көрдім. Ойыма келді: қиямет күні әлсіз үмметімнің халі не болар екен? Елу мың жыл Арасат алаңында жаяу тұрып, осыншама күнәларының ауыртпалығын қалай көтереді және отыз мың жылдық жол болған Сыраттан қалай өтеді?» Сонда илаһи әмір келді: «Йа, Хабибім! Көңіліңді тыныш ұста. Сенің үмметің үшін елу мың жылдық уақытты бір сәттей етемін. Қайғырма!»

Пайғамбарымыз Бураққа мінді. Бурақ өте жылдам жүріп, бір адымда көз жеткен жерден де әрі өтетін. Жолда Жәбрейіл алейһиссалам сүйікті Пайғамбарымызға кейбір аялдамаларда түсіп, намаз оқуды айтты. Әлемдердің мырзасы содан кейін дәл үш рет түсіп, намаз оқыды. Сосын Жәбрейіл алейһиссалам одан намаз оқыған жерлерін білетін-білмейтінін сұрады. Жауабын өзі беріп, алғашқы түскен жері Мәдина екенін және Пайғамбарымыз осы қалаға хижрет ететінін хабар берді. Қалған жерлердің бірі хазреті Мұса Аллаһу та’аламен бағытсыз әрі белгісіз түрде сөйлескен Тур-и Сина, ал соңғысы Иса алейһиссалам дүниеге келген Бәйт-и Лахм екенін де хабар берді. Сосын олар Құдыстағы (Иерусалимдегі) Мәсжид-и Ақсаға келді.

Мәсжид-и Ақсада Жәбрейіл алейһиссалам саусағымен бір жартасты тесіп, Бурақты соған байлады. Онда бұрынғы пайғамбарлардың кейбірінің рухтары адам кейпінде жиналған еді. Жамағатпен намаз оқу үшін Адам, Нұх және Ибраһим пайғамбарларға (алейһимуссалам) кезекпен имам болу ұсынылды. Олар кешірім сұрап, қабыл етпеді. Жәбрейіл: «Сен тұрғанда, басқа ешкім имам бола алмайды», – деп, Хабибуллаһты алға шығарды.

Пайғамбарымыз пайғамбарларға имам болып, екі рәкат намаз оқытты. Осыдан кейін болған оқиғаны ол былай деп баяндады: «Жәбрейіл (алейһиссалам) маған бір ыдыс жәннат шарабын және бір ыдыс сүт әкелді. Мен сүтті алдым. Жәбрейіл (алейһиссалам) маған: „Сен фитратты (екі дүние бақытын) таңдадың“, – деді. Сосын тағы екі тостаған ұсынды. Бірінде – су, бірінде бал еді, екеуінен де іштім. Жәбрейіл: „Бал – үмметіңнің қияметке дейін жалғасатынына, ал су үмметіңнің күнәларынан тазаратынына ишарат“, – деді. Сосын бірге көкке көтерілдік. Жәбрейіл (алейһиссалам) есікті қақты. „Сен кімсің?“ – десті. „Мен – Жәбрейілмін“. „Қасыңдағы кім?“ „Ол – Мұхаммед (алейһиссалам)“. „Оған (көкке көтерілу үшін уахи мен Миғраж шақыруы) жіберілді ме?“ „Иә, жіберілді“, – деді. „Келген кісіге қош келдің! Бұл келген қандай көркем жолаушы!“ – десті де, есік дереу ашылды. Мен өзімді Адамның (алейһиссалам) алдында көрдім. Ол маған: „Қош келдің“, – деп, дұға етті… Адам алейһиссаламның оң жағында және сол жағында кейбір адамдардың рухтары қараңдаған көлеңкедей тұрды. Адам (алейһиссалам) оң жағына қараған сайын жымиып, сол жағына қараған сайын жылайтын. Жәбрейіл (алейһиссалам): „Йа, Расулаллаһ, бұл қараңдаған көлеңкелер – Адамның ұрпағынан тараған балаларының рухтары. Оң жақтағылар – жәннаттықтар, сол жақтағылар – тозақтықтар! Оң жаққа қарағанда жымияды, сол жаққа қарағанда жылайды!“ – деді.

«Йа, барлық жаратылғандардың ең абзалы! Йа, Жаратушының сүйіктісі, йа, пайғамбарлардың мырзасы, жақсылықтардың қайнар бұлағы, артықшылықтардың бастауы болған мәртебелі әрі ұлы Пайғамбар! Раббың саған сәлем жолдап, сені Өзіне шақырып жатыр. Өтінемін, тұр, барайық» Жәбрейіл алейһиссалам

Онда мен көптеген періштелерді көрдім. Олардың бәрі қиямда хушу және худумен (ықылас пен мойынсұнушылықпен) тұрып, „Суббухун қуддусун раббул-мәлаикәти уәр-рух“ зікірімен шұғылданып жатыр еді. Мен Жәбрейілден: „Бұл періштелердің ғибадаты осы ма?“ – деп сұрадым. „Иә. Олар жаратылғаннан бері қияметке дейін қиямда тұрады. Хақ та’аладан сұра, бұл ғибадатты үмметіңе нәсіп етсін“, – деді. Хақ та’аладан сұрадым. Ол дұғамды қабыл етті. Намаздағы қиям – осы.

(Онда) бір жамағаттың қасынан өттім. Періштелер олардың бастарын жаншиды, бастары қайтадан бұрынғы қалпына келеді. Тағы ұрады, тағы бұрынғыдай болады. „Бұлар кімдер?“ – дедім. Ол: „Жұма намазы мен жамағатты тастағандар, рүкуғ пен сәждені толық орындамағандар“, – деді.

Бір жамағатты көрдім. Олар аш әрі жалаңаш еді. Забания (тозақ періштелері) оларды тозақта жайылуға айдап жүрді. „Бұлар кімдер?“ – дедім. Ол: „Кедейлерге мейірім көрсетпегендер және зекет бермегендер“, – деді.

Бір жамағаттың қасынан өттім. Олардың алдына дәмді тағамдар қойылған. Бір жағында өлексе жатыр. Олар әлгі дәмді тағамдарды тастап, өлексені жеп жатты. „Бұлар кімдер?“ – дедім. Ол: „Бұлар – халалды тастап, харамға бейімделген еркектер мен әйелдер. Халал мал-мүлкі бола тұра, харам жеген адамдар“, – деді.

Арқасындағы жүктің көптігінен қозғалуға да шамасы қалмаған (бір топ) адамдарды көрдім. Олар сол күйінде халыққа айқайлап, үстеріне тағы жүк қосуды сұрап жатты. „Бұлар кімдер?“ – дедім. Ол: „Бұл адамдар – аманатқа қиянат жасағандар. Адамдардың ақысын алып қойған күйде де тағы зұлымдық жасайды“, – деді.

Өз еттерін кесіп жеп жатқан бір топ адамның қасынан өттік. „Бұлар кімдер?“ – дедім. Жәбрейіл (алейһиссалам): „Бұлар – ғайбат айтушылар мен сөз тасушылар“, – деді.

Беттері қара, көздері көк, үстіңгі еріндері маңдайларына жеткен, астыңғы еріндері аяқтарына салбыраған, ауыздарынан қан мен ірің ағып тұрған бір топ адамды көрдім. Оларға оттан жасалған тостағандармен тозақтан ағатын улы қан мен ірің ішкізеді, ал олар есектер сияқты ақырысатын. „Бұлар кімдер?“ – дедім. Ол: „Бұлар – мас қылатын ішімдік ішкендер“, – деді.

Бір топ адамға кездестік: олардың тілдері желкелерінен суырылып, кейіптері өзгертіліп, доңыз бейнесіне айналдырылған күйде азап шегіп жатты. Жәбрейіл (алейһиссалам): „Бұлар – жалған куәлік бергендер“, – деді.

Тағы бір қауымға кездестік. Олардың қарындары ісіп, төмен салбыраған, түстері көгерген, қол-аяқтары байланған, орындарынан тұра алмайды. Жәбрейілден олар туралы сұрадым. Ол: „Бұлар – өсім (риба) жегендер“, – деді.1

Бір топ әйелге кездестік. Беттері қара, көздері көк еді. Оларға оттан киім кигізіпті. Періштелер оларды оттан жасалған шоқпарлармен ұрады. Олар иттер мен доңыздар сияқты ұлиды. „Бұлар кімдер?“ – дедім. Жәбрейіл: „Бұлар – зина жасаған және күйеулерін жәбірлеген әйелдер“, – деді.

Бір жамағатты көрдім. Олар өте көп еді. Олар тозақтың аңғарларына қамалған еді. От оларды жағады, олар қайта тіріледі, от тағы жағады. „Бұлар кімдер?“ – дедім. Ол: „Бұлар – әкелеріне қарсы шыққандар“, – деді.

Бір жамағаттың қасынан өттім. Олар егін егеді, ол бір сәтте өсіп, масақ береді. „Бұлар кімдер?“ – дедім. Жәбрейіл: „Аллаһу та’ала үшін ғибадат еткендер“, – деді.

Бір теңізге келіп жеттім. Бұл теңіздің ғажайып жайын айтып жеткізу мүмкін емес. Ол сүттен де ақ еді, таудай толқындары бар еді. „Бұл қандай теңіз?“ – дедім. Ол: „Бұл теңіздің аты – Өмір теңізі. Хақ та’ала өлілерді тірілткенде, осы теңізден жаңбыр жаудырады. Шіріген, ыдыраған денелер тіріліп, шөп өскендей қабірлерінен тұрады…“ – деді.

Сосын екінші қабат көкке көтерілдік. Жәбрейіл (алейһиссалам) тағы есікті қақты. „Сен кімсің?“ – делінді. „Мен – Жәбрейілмін“. „Қасыңдағы кім?“ „Ол – Мұхаммед алейһиссалам“. „Оған уахи мен Миғраж шақыруы жіберілді ме?“ „Иә, келді“, – деді. „Келген кісіге қош келдің! Бұл келген қандай көркем жолаушы!“ – делінді де, есік дереу ашылды. Мен өзімді апалы-сіңлілі екеуінің балалары Иса мен Яхья бин Зәкәрияның (алейһимассалам) қасында көрдім. Олар маған: „Қош келдің“, – деп, дұға етті… (Иса алейһиссалам орта бойлы, ақ бидай өңді еді.)

Бір топ періштеге кездестім. Олар сап түзеп тұр, бәрі рүкуғта еді. Олардың өздеріне ғана тән тәсбихтері бар еді. Олар әрдайым рүкуғта тұрады, бастарын көтеріп, жоғары қарамайды. Жәбрейіл (алейһиссалам): „Бұл періштелердің ғибадаты осындай. Хақ та’аладан сұра, үмметіңе нәсіп болсын“, – деді.

Дұға еттім. Ол қабыл етіп, намаздағы рүкуғты сыйлады. Сосын үшінші қабат көкке көтерілдік. Сол сұрақ-жауаптан кейін есік ашылып, мен өзімді Жүсіптің (алейһиссалам) қасында көрдім. Қарасам, оған сұлулықтың жартысы берілген екен. Ол маған: „Қош келдің“, – деп, дұға етті…

Көптеген періштелерді көрдім. Олар сап түзеп тізілген, бәрі сәждеде еді. Жаратылғаннан бері олар сәждеде, өздеріне ғана тән тәсбихпен тәсбих айтады. Жәбрейіл (алейһиссалам): „Бұл періштелердің ғибадаты осындай. Аллаһу та’аладан сұра, бұл амалды үмметіңе жеңіл етсін“, – деді. Хақ та’аладан сұрадым. Ол қабыл етіп, мұны сендерге намазда сыйлады.

Сосын төртінші қабат көкке жеттім. Оның есігі нұрдан, таза күмістен жасалған еді. Оған нұрдан бір құлып ілінген еді. Құлыпқа „Лә илаһә иллаллаһ Мұхаммадур-расулуллаһ“ деп жазылған еді. Сол сұрақ-жауаптан кейін мен өзімді Идристің (алейһиссалам) қасында көрдім. Ол маған: „Қош келдің“, – деп, дұға етті. Аллаһу та’ала ол туралы (мағынасы бойынша): „Біз оны биік орынға көтердік“, – деген.2

Тақта қайғылы әрі мұңды отырған бір періштені көрдім. Оның айналасында санын тек Хақ та’ала ғана білетін сансыз періштелер бар еді. Оның оң жағында нұрлы (нұрани) періштелерді көрдім. Олар жасыл киінген, олардан өте хош иіс аңқып тұрды. Жүздері соншалықты көркем еді, тіпті оларға қарап болмайтын. Оның сол жағында ауыздарынан от атқылаған періштелер бар еді. Олардың алдында оттан жасалған найзалар мен қамшылар жатыр еді. Көздері сондай еді, ешкім олардың көзқарасына шыдай алмайтын. Тақта отырған періштенің басынан аяғына дейін көздері бар еді. Ол алдында жатқан дәптерге үнемі қарап, бір сәт те көзін одан алмайтын. Оның алдында бір ағаш бар еді. Оның әр жапырағына бір адамның аты жазылған еді. Оның алдында шылапшынға ұқсас бір нәрсе де бар еді. Ол бірде оң қолымен одан бірдеңе алып, оң жағындағы нұрлы періштелерге берсе, бірде сол қолымен бірдеңе алып, сол жағындағы қараңғы (зұлмани) періштелерге беретін. (Ол) періштеге қарағанда, жүрегімді қорқыныш басты. Жәбрейілден: „Бұл періште кім?“ – деп сұрадым. Ол: „Бұл – Әзірейіл. Оның жүзіне қарауға ешкімнің шамасы жетпейді“, – деді. Жәбрейіл оның қасына барып: „Ей, Әзірейіл!

«„Келген кісіге қош келдің! Бұл келген қандай көркем жолаушы!“ – десті де, есік дереу ашылды, мен өзімді Адамның (алейһиссалам) алдында көрдім» Хадис шәриф

Бұл – ақырзаман Пайғамбары, Аллаһу та’аланың хабибі, сүйіктісі“, – деді. Әзірейіл (алейһиссалам) басын көтеріп, жымиды. Орнынан тұрып, маған құрмет көрсетті де: „Қош келдің! Хақ та’ала сенен мәртебелірек адамды жаратқан жоқ. Сенің үмметің де барлық үмметтерден жоғары тұрады. Мен сенің үмметіңді олардың әкелері мен аналарынан да қаттырақ аяймын“, – деді. Сонда мен: „Сенен бір өтінішім бар. Үмметім әлсіз. Оларға жұмсақ бол. Жандарын нәзіктікпен ал“, – дедім. Ол: „Сені соңғы пайғамбар етіп жіберген және Өзіне хабиб еткен Аллаһу та’аланың хақы үшін, Аллаһу та’ала күндіз-түні жетпіс рет маған былай деп бұйырады:

„Мұхаммед үмметінің жандарын жұмсақтықпен және жеңілдікпен ал, істерін мейірбандықпен атқар“. Сондықтан мен де сенің үмметіңе олардың аналары мен әкелерінен де артық мейірім көрсетемін“, – деді. Сосын бесінші қабат көкке көтерілдік. Онда Һарунмен3 (алейһиссалам) кездестік. Ол маған: „Қош келдің“, – деп, қайырлы дұға етті. Бесінші қабат көктің періштелерінің ғибадатын көрдім. Олардың бәрі аяғынан тік тұрып, аяқтарының саусақтарына қарап тұр еді. Олар еш басқа жаққа қарамай, дауыстап тәсбих айтып жатты. Жәбрейілден (алейһиссалам): „Бұл періштелердің ғибадаты осындай ма?“ – деп сұрадым. Ол: „Иә, Хақ та’аладан сұра, бұл ғибадатты үмметіңе нәсіп етсін“, – деді. Дұға еттім. Хақ та’ала сыйлады. Сосын алтыншы қабат көкке көтерілдік. Онда Мұсамен (алейһиссалам) кездестік. Ол маған: „Қош келдің“, – деп, қайырлы дұға етті.

Сосын жетінші қабат көкке көтерілдік. Сол сұрақ-жауаптан кейін Ибраһимді (алейһиссалам) арқасын „Бәйтул-Мағмурға“ сүйеп отырған күйде көрдім. Бұл „Бәйтул-Мағмурға“ күн сайын жетпіс мың періште кіреді (және оларға қайта кезек келмейді). Ибраһимге (алейһиссалам) сәлем бердім. Ол сәлемімді алып: „Қош келдің, салих пайғамбар, салих ұл“, – деді. (Сосын:) „Ей, Мұхаммед! Жәннаттың жері өте нәзік, топырағы таза. Үмметіңе айт, онда көп ағаш отырғызсын“, – деді. „Жәннатқа ағаш қалай отырғызылады?“ – дедім. Ол: „«Ла хаула уә ла қууәтә илла биллаһ» тәсбихін оқу арқылы“ (бір риуаятта: „Субханаллаһи уәл-хамдулиллаһи уә лә илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар“), – деді. Сосын Жәбрейіл (алейһиссалам) мені Сидратул-мунтаһаға апарды. Сидратул-мунтаһа – тамыры алтыншы қабат көкте, діңі мен бұтақтары жетінші қабат көктің үстінде болған ағаш еді, оның жапырақтары пілдің құлақтарындай, жемістері мұнаралардай еді.4 Ол көлеңкесімен бүкіл көктерді және жәннатты жауып тұрғандай бір ағаш еді. Аллаһу та’аланың жәлал мен ұлылық нұры тәжәлли еткенде, ол түрлі түске еніп, жақұт, зүмірет немесе соларға ұқсас асыл тастармен безеніп, соншалықты көркейетін, тіпті Аллаһу та’ала жаратқан махлұқтардың ешқайсысы оның көркін айтып бере алмайды.

Жәбрейіл (алейһиссалам) мені Сидратул-мунтаһадан әрі апарды да, менімен қоштасты. Мен: „Ей, Жәбрейіл! Мені жалғыз қалдырасың ба?“ – дедім. Жәбрейіл (алейһиссалам) мазасызданды. Хақ та’аланың айбынынан дірілдей бастап: „Ей, Мұхаммед! Егер (тағы) бір адым аттасам, Аллаһу та’аланың ұлылығынан жойыламын. Бүкіл болмысым жанып, жоқ болады“, – деді».

Әлемдердің мырзасы осы жерге дейін Жәбрейіл алейһиссаламмен бірге келді. Жәбрейіл алейһиссалам мұнда Расулуллаһқа өзін жаратылған бейнесінде – алты жүз мың қанатын жайып, әр қанатынан інжу-маржан мен жақұттар шашылып тұрған күйде көрсетті.

Сосын нұры күннен де жарық, Рафраф атты жасыл жәннат төсеніші келді. Ол Аллаһу та’аланың зікірімен тынымсыз шұғылданатын, ол тұрған әлемді тәсбих үні кернейтін. Ол Пайғамбарымызға сәлем берді. Расулуллаһ Рафрафтың үстіне отырды. Бір сәтте олар тым биікке көтеріліп, хижаб деп аталатын жетпіс мың перденің арасынан өтті. Әр хижабтың арасы өте алыс еді. Әр пердеде міндетті періштелер бар еді. Рафраф Пайғамбарымызды ол перделерден бір-бірлеп өткізді. Осылайша олар Күрсі, Арш және рухтар әлемдерінен асып өтті. Хабиб-и әкрам әрі Нәбий-и мухтәрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әр перде арқылы өткенде: «Қорықпа, ей, Мұхаммед! Жақындай түс, жақындай түс!» – деген әмірді еститін. Ол соншалықты жақындады, тіпті Қаба қаусайн мақамына жетті. Белгісіз, түсініксіз, айтып жеткізгісіз түрде Аллаһу та’ала қалаған биіктерге жетті. Мекенсіз, уақытсыз, бағытсыз, сипатсыз түрде руят (көру) болды, яғни ол Аллаһу та’аланы көрді. Көзсіз, құлақсыз, құралсыз, делдалсыз Раббысымен сөйлесті. Ешбір махлұқ біле алмайтын, түсіне алмайтын ниғметтерге қауышты.

Хазреті Имам Раббани «Мәктубат» кітабында былай дейді: «Ол Сардар (алейһиссалату уәссалам) Миғраж түнінде Раббысын бұл дүниеде емес, ахиретте көрді. Өйткені Расул алейһиссалам ол түні заман мен мекен шеңберінен шықты. Ол басы да, соңы да жоқ бір сәтке қауышты. Бастауды да, соңды да бір нүкте ретінде көрді. Жәннатқа кіретіндердің мыңдаған жылдан кейін жәннатқа кіруін және жәннатта болуын ол түні көрді. Міне, сол мақамдағы көру – дүниеде көру емес. Бұл – ахиретте көрумен көру».

Пайғамбарымызға: «Раббыңды мадақта!» – делінгенде, ол дереу: «Әттахияту лиллаһи уәссалауату уәттайибату», – деді (яғни: тілмен айтылатын барлық мадақтар, мақтаулар мен сәналар, денемен атқарылатын қызметтер мен ғибадаттар, малмен жасалатын жақсылықтар мен ихсандар Аллаһу та’ала үшін болсын).

«Хақ та’ала сенен мәртебелірек адамды жаратқан жоқ. Сенің үмметің де барлық үмметтерден жоғары тұрады» Әзірейіл алейһиссалам

Алдымен Аллаһу та’ала хабибіне көзсіз, құлақсыз, делдалсыз, мекенсіз түрде: «Әссаламу алейкә әййуһән-нәбийю уә рахматуллаһи уә баракатуһ» (Йа, Расулым! Сәлемім, берекем және рақымым саған болсын), – деп сәлем берді. Пайғамбарымыз: «Әссаламу алейна уә ала ибадиллаһис-салихин» (Йа, Раббым! Бізге де, Сенің салих құлдарыңа да сәлем болсын), – деп жауап берді.

Мұны естіген періштелер бір ауыздан: «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһу уә расулуһ» (Көзіммен көргендей білемін әрі сенемін: Аллаһу та’аладан басқа ғибадатқа лайық илаһ жоқ. Мұхаммед алейһиссалам – Оның құлы және расулы), – десті.

Пайғамбарымыз: «Әссаламу алейна…» – дегенде, Аллаһу та’ала: «Йа, Хабибім! Мұнда екеуімізден басқа ешкім жоқ. Неге „алейна“ (бізге) дедің?» – деді. Расулуллаһ былай деп жауап берді:

«Илаһым! Үмметімнің денелері менімен бірге болмаса да, олардың рухтары менімен бірге. Мейірімді назарым мен бар ықыласым олардан алыс емес. Сен маған сәлем бердің, мені барлық жамандықтан аулақ еттің. Ақырзаман пітнесіне ұшыраған сол пақыр, қайғылы үмметімді бұл ұлы құрмет пен ихсаннан қалай құр қалдырайын? Мұндай ниғметтен оларды қалай нәсіпсіз етейін?»

Аллаһу та’ала былай деді: «Йа, Хабибім! Бүгін түнде сен Менің қонағымсың. Менен сұра, не қалайсың?» Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Үмметімді қалаймын (йа, Раббым!)», – деді.

Риуаят бойынша, Хақ та’ала бұл сұрақты жеті жүз рет қайталады. Расулуллаһ әр жолы: «Үмметімді қалаймын», – деп жауап берді. Аллаһу та’ала: «Әлі де үмметіңді қалайсың», – дегенде, ол: «Йа, Раббым! Сұраушы – мен, беруші – Сен. Бүкіл үмметімді маған сыйла», – деп өтінді. Хақ та’ала былай деді: «Егер бүкіл үмметіңді бүгін түнде саған сыйласам, Менің рақымым да, сенің құрметің де айқын көрінбейді. Бір бөлігін бүгін түнде саған сыйладым. Екі бөлігін кейінге қалдырдым. Қиямет күні сен сұрайсың, Мен кешіремін. Осылайша Менің рақымым да, сенің құрметің (мәртебең) де белгілі болсын».

Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір хадис шәрифінде былай деді: «Сол түні (Миғраж түнінде) Аллаһу та’аладан бүкіл үмметімнің есебін маған тапсыруын сұрадым. Хақ та’ала былай деді: „Ей, Мұхаммед! Сенің қалауың – ешкім үмметіңнің айыптарын білмесін. Ал Менің қалауым мынау: сен мейірімді пайғамбар болғандықтан, олардың айыптары мен жаман істері бөтендерден ғана емес, сенен де жасырын болсын. Ей, Мұхаммед! Сен – олардың жол көрсетушісісің. Мен – олардың Раббысымын. Сен оларды жаңа ғана көрдің. Мен әзелден әбәдке дейін оларға қарадым және қараймын. Ей, Мұхаммед! Егер сенің үмметіңмен сөйлесуді жақсы көрмегенімде, қиямет күні оларды есепке тартпас едім. Үлкен бе, кіші ме – бірде-бір күнәсін сұрамас едім“».

«Аллаһу та’ала былай деді: „Ей, Мұхаммед! Мүбәрәк көзіңді аш та, аяғыңның астына қара“. Қарадым, бір уыс топырақ көрдім. Хақ та’ала былай деді: „Барлық бар нәрсе – сенің аяғыңның топырағы. Сол топырағымды Достың алдына алып келдің бе? Достың етегіне жұққан шаңды кешіруден гөрі Маған сенің үмметіңді кешіру жеңілірек“».

Үмметіңді саған бердім, йа, Хабиб!
Жәннатымды оларға еттім нәсіп.
Йа, Хабибім, не еді тілегенің,
Бір уыс топырақ үшін жалбардың ба сен?

Пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде былай деді: «Хақ та’алаға көп сұрақ қойдым. Жауабын естідім. Сұрағаныма өкіндім. (Олардың кейбірі мыналар:)

„Йа, Раббым! Жәбрейілге алты жүз мың қанат бердің. Оның орнына маған ихсаның қандай?“ Хақ та’ала былай деді: „Сенің бір тал шашың Маған Жәбрейілдің алты жүз мың қанатынан да қымбат. Сенің бір тал шашыңның хақы үшін қиямет күні мыңдаған күнәһар бейбақты азат етемін. Ей, Мұхаммед! Жәбрейіл қанатын жайса, шығыс пен батыстың арасын толтырады. Сен шапағат етсең, шығыс пен батыстың арасы күнәһарларға толы болса да, бәрін саған сыйлаймын“. Мен: „Әкем Адамға (алейһиссалам) періштелерді сәжде еттірдің. Оның орнына маған құрметің қандай?“ – дедім.

Хақ та’ала былай деді: „Періштелердің Адамға сәжде етуі оның маңдайында сенің нұрың болғандықтан еді. Ей, Мұхаммед! Саған одан да артығын бердім. Есіміңді есіміме жақын еттім және Арш-и а’ланың үстіне жаздым. Ол кезде Адам әлі жаратылмаған еді, оның аты да, заты да жоқ еді. Сенің есіміңді көк есіктеріне, хижабтардың үстіне, жәннат есіктеріне, сарайлар мен ағаштарға, жәннаттың әр жеріне жаздым. Жәннатта үстіне «Лә илаһә иллаллаһ Мұхаммадур-расулуллаһ» деп жазылмаған бірде-бір нәрсе жоқ еді. Бұл дәреже Адамға берілген дәрежеден жоғары“.

Мен саған ғашық болғанда, ей, шәриф,
Сенікі болмас па екі әлем, ей, латиф!
Затымның айнасы еттім затыңды,
Есіміммен бірге жаздым атыңды.

„Йа, Раббым! Нұхқа (алейһиссалам) кеме бердің. Оның орнына маған не сыйладың?“ Ол былай деді: „Саған Бурақты бердім, бір түнде сені жерден Аршқа жеткіздім. Жәннат пен тозақты көрдің. Үмметіңе мешіттер бердім, қиямет күні үмметің ол мешіттерге кемеге мінгендей мініп, Сыраттан көзді ашып-жұмғанша өтіп, тозақтан құтылады“. „Йа, Раббым! Исраил ұлдарына көктен құдірет халуасы мен бөденеге ұқсас құс етін түсірдің“. Хақ та’ала былай деді: „Саған және үмметіңе дүние мен ахирет ниғметін сыйладым. Исраил ұлдарының кейпін адам бейнесінен аю, маймыл және доңыз бейнесіне айналдырдым. Сенің үмметіңнің ешқайсысын олай етпедім. Олар әлгілердің амалдары сияқты амал жасаса да, бұл бәлені оларға лайық көрмедім. Ей, Мұхаммед! Саған Тәуратта да, Інжілде де ұқсасы жоқ бір сүре бердім. Ол сүре – Фатиха сүресі. Кім ол сүрені оқыса, оның денесі тозаққа харам болады. Ол адамның анасы мен әкесінің азабын жеңілдетемін. Ей, Мұхаммед! Мен сенен әкрамырақ (қадірлірек, абзалырақ, мәртебелірек) адамды жаратқан жоқпын. Саған және үмметіңе түнде және күндіз елу уақыт намазды парыз еттім.

«Сол түні (Миғраж түнінде) Аллаһу та’аладан бүкіл үмметімнің есебін маған тапсыруын сұрадым» Хадис шәриф

Ей, Мұхаммед! Кім Менің бірлігімді қабыл етсе және Маған серік қоспаса, жәннат – соларға. Осындай үмметіңе тозақты харам еттім. Үмметіңе деген рақымым ашуымнан озып кеткен.

Ей, Мұхаммед! Менің алдымда сен барлық жаратылыстан әкрамсың, мәртебелісің. Қиямет күні саған сондай құрметтер көрсетемін, бүкіл әлем таң қалады. Йа, Хабибім! Сен жәннатқа кірмейінше, басқа пайғамбарлар мен олардың үмметтеріне кіруге тыйым салынады. Сенің үмметің кірмейінше, басқа үммет кірмейді. Ей, Мұхаммед! Сен және үмметің үшін не дайындағанымды көргің келе ме?“ Мен: „Көргім келеді, йа, Раббым!“ – дедім. Ол Исрафилге үн қатып, былай деді: „Ей, Исрафил! Құлым, сенімдім және расулым Жәбрейілге айт, Хабибімді жәннатқа апарып, Хабибім мен оның үмметі үшін жәннатта не дайындаған болсам, соларды көрсетсін. Мүбәрәк көңілі алаңдаушылықтан арылсын“».

Әлемдердің мырзасы болған сүйікті Пайғамбарымыз Исрафил алейһиссаламмен бірге Жәбрейіл алейһиссаламның қасына келді. Аллаһу та’аланың әмірін орындау үшін Жәбрейіл алейһиссалам Пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жәннатқа апарды. Періштелер қолдарына табақтар ұстап күтіп тұрды: бірінде хулла (жәннат киімі) бар еді, екіншісі нұрға толы еді. Жәбрейіл алейһиссалам былай деді: «Йа, Расулаллаһ! Бұлар Адам алейһиссаламнан сексен мың жыл бұрын жаратылған. Осы жерде олар табақтағыларды саған және үмметіңе шашу үшін тағатсыздана күтіп тұр. Қиямет күні сен және үмметің Аллаһу та’аланың әмірімен жәннаттың табалдырығын аттағанда, бұл періштелер табақтардағы асыл тастарды үстеріңе шашады». Жәннатта міндет атқаратын Ридуан атты періште оларды қарсы алды. Ол Пайғамбарымызға сүйінші хабарлар жеткізіп: «Хақ та’ала екі бөлігін сенің үмметіңе, бір бөлігін басқа пайғамбарлардың үмметтеріне беру үшін жәннатты үш бөлікке бөлді», – деді. Сөйтіп оған бүкіл жәннатты аралатты. Хабиб-и әкрам былай деді: «Жәннаттың ортасында бір өзен көрдім.

Ол Арштан да жоғары ағады. Бір жерден су, сүт, хамр және бал шығады. Олар бір-бірімен еш араласпайды. Ол өзеннің жағасы зүмірет тастан еді. Ішіндегі тастары асыл тастар, балшығы амбар, шөптері зағыпыран еді. Оның айналасына күміс тостағандар қойылған, олардың саны көктегі жұлдыздардан да көп еді. Оның айналасында құстар бар еді, олардың мойындары түйенің мойнындай еді. Кім олардың етін жеп, сол өзеннен ішсе, Хақ та’аланың разылығына жетеді. Жәбрейілден: „Бұл қандай өзен?“ – деп сұрадым. Ол: „Бұл – Кәусар. Хақ та’ала оны саған берді. Сегіз жәннаттағы бақтарға осы Кәусардан су ағады“, – деді. Ол өзеннің жағасында шатырлар көрдім. Олардың бәрі інжу мен жақұттан еді. Жәбрейілден олар туралы сұрадым. Ол: „Бұлар – сенің зайыптарыңның мекендері“, – деді. Ол шатырларда хурилерді көрдім. Олардың жүздері күндей жарқырайтын, бәрі түрлі әсем әуендермен ән салатын. Олар: „Біз шат әрі көңіліміз көтеріңкі. Бізге еш қайғы келмейді.

Біз сәнденгенбіз, ешқашан жалаңаш болмаймыз. Біз жаспыз, ешқашан қартаймаймыз. Біз мінезі жақсымыз, еш ашуланбаймыз. Біз әрдайым осындаймыз, ешқашан өлмейміз“, – дейтін. Олардың әуендері мен дауыстары бақыт сарайлары мен ағаштарына жетіп, әр жерді қамтитын. Олардың дауыстары соншалықты әсем еді, егер ол әуендер дүниеге келсе, дүниеде өлім де, бейнет те болмас еді. Жәбрейіл: „Олардың жүздерін көргің келе ме?“ – деді. „Көргім келеді“, – дедім. Ол бір шатырдың есігін ашты. Қарадым. Сондай көркем бейнелерді көрдім, өмір бойы олардың сұлулығын айтсам да, айтып тауыса алмаймын. Олардың жүздері сүттен де ақ, беттері жақұттан да қызыл әрі күннен де жарық еді. Терілері жібектен де жұмсақ әрі айдай нұрлы, иістері жұпардан да хош еді. Шаштары қап-қара: кейбірінікі өрілген, кейбірінікі жиналған, кейбірінікі жайылған еді; отырса, айналасында шатырдай болып, тұрса, аяғына дейін жететін. Олардың әрқайсысының алдында бір қызметші тұратын. Жәбрейіл: „Бұлар сенің үмметің үшін“, – деді».

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деді: «Сегіз жәннаттың бау-бақшаларын және алуан түрлі ниғметтерін көрдім. Тозақты және оның дәрежелерін де көрсем деген ой көңіліме келді. Жәбрейіл қолымнан ұстап, мені тозақтың ең үлкен періштесі Маликке апарды. Ол: „Ей, Малик! Хазреті Мұхаммед дұшпандардың тозақтағы орындарын көргісі келеді, оған тозақты көрсет“, – деді». Малик тозақтың үстіндегі жабуын ашқанда, тозақ қатты қайнап, бұрқ ете бастады, сөйтіп Пайғамбарымыз (алейһиссалату уәссалам) тозақтың әр нәрсені іліп алып жандырып жіберетінін, тозақтағы шөл азаптарын, азап шынжырларын, азап жыландары мен шаяндарын, ондағы азаптардың кейбірін өз көзімен көрді.

«Малик тозақтың қабаттарын ашты. Мен жеті қабатты (бәрін) көрдім. Жетінші қабатты Хауия деп атайды. Оның азабы басқа қабаттардікінен әлденеше есе артық еді. Маликтен: „Бұл қабатта қай топ азап шегеді?“ – деп сұрадым. Малик: „Перғауын, Қарун және сенің үмметіңнің мұнафықтары (екіжүзділері) азап шегеді“, – деді. Алтыншы қабат – Лаза. Онда мүшріктер (ешбір діні болмағандар) азап шегеді. Бесінші қабат – Хутама. Онда отқа, өгізге табынушылар, буддистер азап шегеді.

Төртінші қабат – Жахим. Онда күнге, жұлдыздарға табынушылар азап шегеді. Үшінші қабат – Сақар. Онда христиандар азап шегеді. Екінші қабат – Сағир. Онда яһудилер азап шегеді. Бірінші қабат – Жаһаннам. Оның азабы басқа қабаттардың азабынан жеңілірек еді. (Соған қарамастан) мен онда оттан жетпіс мың теңіз көрдім. Әр теңіз соншалықты үлкен еді: егер жерлер мен көктерді бір теңізге тастап, бір періштеге іздеуді бұйырса, мың жыл іздесе де, табу мүмкін болмас еді. Забания (тозақтағы міндетті періштелер) соншалықты зор еді: олардың біреуі жерлер мен көктерді аузының бір бұрышына салса, мүлде білінбес еді. Ол теңіздер толқып, қорқынышты дыбыстар шығатын. Егер сол дыбыстан дүниеге аз ғана дыбыс жетсе, барлық тіршілік иесі жойылар еді.

„Бұл қабат қай топ үшін?“ – деп сұрадым. Малик жауап бермеді. Тағы сұрадым. Ол үнсіз қалды… Жәбрейіл Маликке: „Ол сенен жауап күтіп тұр“, – деді. Ол: „Мені кешір“, – деп, кешірім сұрады. Мен: „Не болса да жауап бер, бүгін оның амалын табуға мүмкін болсын“, – дедім. Малик: „Йа, Расулаллаһ! Ол сенің үмметіңнің күнәһарлары үшін. Оларға насихат ет, осы қорқынышты жерден өздерін қорғасын. Денелерін мұндай азапқа сүйрейтін нәрселерден сақтансын. Ол күні мен күнәһарларды аямаймын. Ақ сақалды қарияларына да, жастарына да мейірім көрсетпеймін“, – деді».

«Миғраж – ақыл тоқтап, иман басталатын жер» Хадис шәриф

Әлемдердің мырзасы жылай бастады. Мүбәрәк басынан сәлдесін шешіп, шапағат етуге және (Аллаһу та’алаға) жалбарынуға кірісті. Үмметінің әлсіздігін, олардың мұндай азапқа шыдай алмайтынын айтып, соншалықты жылады, тіпті онымен бірге Жәбрейіл алейһиссалам да, барлық періштелер де жылады. Сонда Аллаһу та’аладан хитап келді: «Йа, Хабибім! Сенің құрметің мен қадірің Менің алдымда ұлы, дұғаң қабыл болды. Көңіліңді тыныш ұста. Сені мақсатыңа жеткіздім. Саған сондай мақам беремін: сенің шапағатыңмен көптеген күнәһарларды, сен „жетеді“ дегенше кешіремін. Йа, Хабибім! Кім Менің әмірімді ұстанса, азап пен жазадан құтылады, рақымыма қауышады. Жәннатта Мені көру мәртебесіне ие болады. Саған және үмметіңе түнде және күндіз елу уақыт намазды парыз еттім».

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сөзін жалғастырып, былай деді: «Ол мақамнан (кейін) Аршқа жеттім. Көктерден өтіп, Мұса (алейһиссалам) тұрған жерге келдім. Ол менен: „Хақ та’ала саған және үмметіңе нені парыз етті?“ – деп сұрады. Мен: „Әр күн мен түн үшін елу уақыт намаз оқуды маған парыз етті“, – дедім. Ол: „Раббыңа қайт, мұны біраз жеңілдетуін сұра. Өйткені үмметің мұны көтере алмайды. Мен Исраил ұлдарын сынап, тексеріп көрдім“, – деді. Содан кейін мен Раббыма қайтып: „Йа, Раббым! Үмметіме (бұл әмірді) біраз жеңілдет!“ – дедім. Сонда Ол елу уақыттан тек бес уақытты ғана кемітті. Мен Мұсаға (алейһиссалам) қайтып келіп, (бес уақытты кемітті) дедім. Ол: „Раббыңа қайт! Тағы біраз жеңілдетуін сұра. Өйткені үмметің мұны көтере алмайды“, – деді. Осылайша мен Мұса (алейһиссалам) мен Раббымның арасында барып-келіп жүрдім, ақырында Аллаһу та’ала былай деді: „Бұл намазды бес уақытқа түсірдім. Әр намаз үшін он сауап бар. Сондықтан ақыр соңында тағы да елу намаз болады. Өйткені кім бір сауапты ниет етіп, оны істей алмаса, оған бір сауап жазылады. Ал істесе, біреуінің орнына дәл он сауап жазылады. Бірақ бір күнәні ниет етіп, оны істемесе, ешнәрсе жазылмайды. Істесе, тек бір күнә болып жазылады“. Сосын Мұсаға (алейһиссалам) түсіп, жағдайды айттым. Ол тағы: „Қайт, тағы біраз жеңілдетуін сұра“, – деді. Сонда мен оған: „Раббыма көп жалбарынғандықтан, енді ұяламын“, – дедім».5 Аллаһу та’ала осылайша сүйікті Пайғамбарымыздың тартқан қиыншылықтарымен жараланған мүбәрәк көңілін жұбатты. Оған ешбір махлұғына бермеген, ешкім біле алмайтын, түсіне алмайтын ниғметтерді сыйлады.

Бері кел, ей, ғашық отында жанған,
Өзін Сүйіктіге ғашық деп санаған.
Тыңда, кел, сол Шаһтың айқын Миғражын,
Ғашық болсаң, тұрмай ғашық отында жан.
Дүйсенбі түні еді – хақ хабар,
Ол түн, сірә, Ләйләтул-қадір болған.
Ол бақыты мүбәрәк, қадірі биік зат
Ол түні Үммү Ханидің үйінде еді.
Бұрын келгендер жетпеді бұл дәулетке,
Ешкім қол жеткізбеді бұл биіктікке.
Өйткені бәрін көріп, әрі өтті ол,
Барып жетті ол ұлы Хазретке.
Алты тараптан пәк болған Зұлжәлал
Қалайсыз, қаншасыз оған көрсетті жамал.
Ашық-айқын көрді Раббул-ғиззатты,
Ахиретте солай көрер оның үмметі.
Сен Миғражға көтеріліп жалбардың Маған,
Үмметіңнің Миғражы еттім намазды.

«Йа, Хабибім! Кім Менің әмірімді ұстанса, азап пен жазадан құтылады, рақымыма қауышады. Жәннатта Мені көру мәртебесіне ие болады» Хадис құдси

Сендім! Жаным саған пида болсын, йа, Расулаллаһ

Сосын әлемдердің мырзасы бір сәтте Құдысқа келді де, ол жерден Мәсжид-и Ақсаның есігіне байланған Бураққа мініп, Мекке-и Мукаррамаға қайтты. Пайғамбарымыз Құдыстан Меккеге қайтып келе жатқанда, Құрайыштың керуеніне кездесті. Керуендегі бір түйе үркіп, құлап түсті. Расулуллаһ Мекке-и Мукаррамада Үммү Ханидің үйіне қайтты. Ол жатқан орын әлі суымаған, шылапшындағы дәрет суының тербелісі әлі басылмаған еді. Сыртта айнала жүрген Үммү Хани қалғып кетіп, ештеңеден хабарсыз қалған еді.

Таң атқанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Үммү Ханиге Миғражын айтып бергеннен кейін: «Таңертең Қағбаға барып, мұны айтамын», – деді. Хазреті Үммү Хани: «Ей, көкемнің ұлы! Абайла, мұны құрайыштықтарға айтпа! Олар сені өтірікшіге шығарып, ренжітеді. Иманы әлсіздер бұған сенбей, діннен шығады. Мүшріктер де дәл осыны күтіп отыр, олардың иманын бұзады. Қазіргі кезде мұсылмандар аз.

Мұсылмандар біраз күшейіп, нығайғанда айтсаң, қалай болар екен?» – деді. Әлемдердің мырзасы, Ғаламның Сұлтаны берген тарихи жауап мынадай еді: «Аллаһпен ант етемін, мен мұны оларға айтамын. Бүгін шірік болған – ертең де шірік. Мен бұл исламды иманы берік адамдармен құрамын. Егер менен әлі де күмәнданатын адам болса, бөлініп кете берсін. Менің олармен ісім жоқ. Шірік әрдайым шірік. Бүгін шірімесе, ертең шіриді. Кейін шірігенше, қазірден-ақ шірісін, соған сеніп жолға шықпайық. Беріктері бізге жетеді».

Сосын ол таңертең Қағбаға барып, айта бастады… Кәпірлер: «Мұхаммед ақылынан айырылған, әбден адасқан», – деп мазақ етті. Мұсылман болуға ниеттенгендер де екіұдай күйге түсті. Мүшріктердің кейбірі қуанып, Әбу Бәкірдің үйіне келді. Өйткені олар оның ақылды, тәжірибелі, есепшіл саудагер екенін өте жақсы білетін. Ол есікке шыққанда, олар: «Ей, Әбу Бәкір! Сен Құдысқа талай рет барып келдің. Жақсы білесің. Меккеден Құдысқа барып келу қанша уақыт алады?» – деп сұрады. Хазреті Әбу Бәкір: «Жақсы білемін. Бір айдан көп», – деді. Бұл сөзге қуанған кәпірлер тобы: «Ақылды, тәжірибелі адамның сөзі осындай болады», – десті. Күліп, мазақ етіп әрі хазреті Әбу Бәкір де өздері сияқты ойлайды деп үміттеніп: «Сенің мырзаң Құдысқа бір түнде барып келдім дейді, енді әбден адасты», – десті. Олар хазреті Әбу Бәкірге сүйіспеншілік пен құрмет көрсетіп, оған үміт артқан еді.

Хазреті Әбу Бәкір Расулуллаһтың мүбәрәк есімін естігенде (еш ақыл-ойға салмастан): «Егер ол солай айтқан болса, бұл – рас. Оның бір сәтте барып келгеніне мен де сендім», – деді де, үйге кіріп кетті. Кәпірлер аң-таң болып: «Мінеки, Мұхаммед қандай мықты сиқыршы екен. Әбу Бәкірді сиқырлап тастапты», – деп, кері қайтты.

Хазреті Әбу Бәкір дереу Расулуллаһтың қасына келді. Үлкен халық тобының алдында ол дауыстап былай деді: «Йа, Расулаллаһ! Миғражың мүбәрәк болсын! Бізді сен сияқты ұлы Пайғамбарға қызметші етумен мәртебелегені үшін, мүбәрәк жүзіңді көрумен, жүректерді баурайтын, рухтарды тартатын тәтті сөздеріңді естумен бізге ниғмет бергені үшін Аллаһу та’алаға шексіз шүкір етемін. Йа, Расулаллаһ! Сенің әр сөзің рас. Сендім. Жаным саған пида болсын!» Хазреті Әбу Бәкірдің сөздері кәпірлерді аң-таң қалдырды. Айтарға сөз таба алмай, олар тарап кетті. Бұл сөздер күмәнға түскен, иманы әлсіз бірнеше адамның жүрегіне де қуат берді. Расулуллаһ сол күні Әбу Бәкірді «Сыддық» деп атады. Бұл атқа ие болуымен оның дәрежесі тағы бір саты көтерілді.6

Бұған қатты ашуланған кәпірлер мүминдердің берік иманына, Пайғамбарымыздың әр сөзіне дереу сенетініне, оның айналасында көбелектей айналатынына шыдай алмады. Расулуллаһты ұятқа қалдырып, жеңу үшін оны сынауға кірісті.

«Ей, Мұхаммед! Құдысқа бардым дейсің. Айтшы, мешіттің неше есігі, неше терезесі бар?» – деген сияқты сұрақтар қойды.

«Миғражды айтуым керек, сенбейтін адам кейін де бас тартады, шірік іргетастың үстіне үй салынбайды, бөлінетін адам қазірден-ақ бөлінсін, беріктері қалсын» Хадис шәриф

Ақаба анты (байғат) берілген жерде салынған Мәсжид-и Бәйға

Расулуллаһ олардың әрқайсысына бір-бірлеп жауап берді. Ол жауап беріп жатқанда, хазреті Әбу Бәкір: «Солай, йа, Расулаллаһ», – деп отырды. Ал Расулуллаһ әдептілігі мен ұяңдығынан қарсы алдындағы адамның бетіне де қарамайтын. Ол былай деді: «Мәсжид-и Ақсада мен жан-жағыма қарамаған едім. Олар сұраған нәрселерді көрмеген едім. Сол сәтте Жәбрейіл (алейһиссалам) Мәсжид-и Ақсаны көз алдыма әкелді. Мен терезелерін көріп санап, олардың сұрақтарына дереу жауап беріп отырдым». Расулуллаһ жолда түйелі жолаушыларды көргенін айтып: «Иншаллаһ, олар сәрсенбі күні келеді», – деді. Сәрсенбі күні күн батып бара жатқанда, керуен Меккеге жетті. Керуендегілерден сұрағанда, олар дауыл соққандай болғанын және бір түйенің құлағанын айтты. Бұл жағдай мүминдердің иманын нығайтты, ал кәпірлердің дұшпандығы барған сайын арта түсті.7 Хижреттен бір жыл бұрын, Ражаб айының 27-сінде, жұма түні болған бұл мұғжиза Миғраж деп аталады. Расулуллаһ Миғражға рухымен әрі денесімен, ояу күйде көтерілді. Миғраж түнінде оған көптеген илаһи ақиқаттар көрсетілді және бес уақыт намаз сол түні парыз етілді. Сонымен қатар Бақара сүресінің соңғы екі аят кәримасы сыйланды. Миғраж туралы Құран кәрімде Исра сүресінің 1-аятында, Нәжм сүресінің алғашқы аяттарында және кейбір хадис шәрифтерде хабарланады.8

Сүйікті Пайғамбарымыз Миғраждан кейін сахабаларына жәннатты айтып берген кезде былай деді: «Ей, Әбу Бәкір! Сенің сарайыңды көрдім. Ол қызыл алтыннан еді. Сен үшін дайындалған ниғметтерді өз көзіммен көрдім». Сонда хазреті Әбу Бәкір: «Ол сарай да, сарайдың иесі де саған пида болсын, йа, Расулаллаһ», – деді.

Пайғамбарымыз хазреті Омарға бұрылып: «Ей, Омар! Сенің сарайыңды көрдім. Ол жақұттан еді. Ол сарайда көптеген хурилер бар еді. Бірақ мен ішке кірмедім. Сенің қызғанышыңды ойладым», – деді. Хазреті Омар қатты жылады. Көз жасының арасынан ол: «Анам да, әкем де, жаным да саған пида болсын, йа, Расулаллаһ! Сені де қызғануға бола ма екен?» – деді. Сосын хазреті Османға: «Ей, Осман! Мен сені әр көкте көрдім. Жәннатта сарайыңды көріп, сені ойладым», – деді. Хазреті Әлиге: «Ей, Әли! Сенің бейнеңді төртінші көкте көрдім. Жәбрейілден сұрадым. Ол: „Йа, Расулаллаһ! Періштелер хазреті Әлиді көруге ғашық болды. Хақ та’ала оның бейнесінде бір періште жаратты. Ол төртінші көкте тұрады, періштелер оны зиярат етіп, береке алады“, – деді. Сосын сенің сарайыңа кірдім. Бір ағаштың жемісін иіскедім. Одан бір хури шығып, бетіне перде жапты. „Сен кімсің және кімдікісің?“ – дедім. Ол: „Көкеңнің ұлы Әли үшін жаратылдым, йа, Расулаллаһ!“ – деді», – деді.

Миғраж түнінің ертесінде Жәбрейіл алейһиссалам келіп, Расулуллаһқа имам болып, бес уақыт намазды өз уақыттарында оқытты. Хадис шәрифте былай делінді: «Жәбрейіл (алейһиссалам) Қағбаның есігінің қасында екі күн маған имам болды. Екеуміз таң намазын таң (фәжр) атқанда, бесінді күн төбеден ауғанда, екінтіні әр нәрсенің көлеңкесі өз бойындай болғанда, ақшамды күн батқанда (үстіңгі шеті көрінбей кеткенде), құптанды ымырт қараңғыланғанда оқыдық. Екінші күні таң намазын ауа жарыққа айналғанда, бесінді әр нәрсенің көлеңкесі өз бойынан екі есе ұзарғанда, екінтіні одан кейін бірден, ақшамды ауыз ашар уақытында, құптанды түннің үштен бірі өткенде оқыдық. Сосын ол: „Ей, Мұхаммед! Сенің және сенен бұрынғы пайғамбарлардың намаз уақыттары осы. Үмметің бес уақыт намаздың әрқайсысын біз оқыған осы екі уақыттың арасында оқысын“, – деді».9 Намаз уақыттары осылай білдірілгеннен кейін Хабашстанға да хабар жіберіліп, бес уақыт намаз оқу және намаз парыз болған күннен бастап олар оқи бастаған уақытқа дейінгі намаздарын қаза ету бұйырылды.

«(Ей, мәдиналықтар!) Аллаһтың жолында Аллаһ үшін хақты айтуға, өз нәпсілерің мен намыстарыңды қорғағандай маған жәрдемші болуға уәде бересіңдер ме?» Хадис шәриф