Мекке – Таиф сапары
Келесі жылдың Зұлхижжа айында қайта келуге ниет етіп, олар елдеріне қайту үшін Пайғамбарымыздан рұқсат алып, қоштасты. Жаңа мұсылман болған бұл алты адам: Уқбә бин Амир, Әсад бин Зурарә, Ауф бин Харис, Рафи бин Малик, Қутба бин Амир және Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу анһум) еді.1
Мұсылман болған алты адам Мәдинаға, қауымдарының қасына қайтқанда, дереу ислам мен Пайғамбарымыз туралы айтып, халықты ислам дінін қабыл етуге шақыра бастады. Мұны олар соншалықты ықыласпен істеді, тіпті Мәдинада Пайғамбарымыз бен ислам туралы сөз болмаған бірде-бір үй қалмады. Осылайша ислам Хазрәж тайпасының арасында таралды, Әус тайпасынан да кейбір адамдар мұсылман болды.
Таифтіктерді иманға шақыруы
Мүшріктер сүйікті Пайғамбарымыздың көптеген мұғжизаларын көрсе де, қыңырлығынан иман келтірмеді; оның үстіне, мұсылман болған балаларына, бауырларына, туыстары мен достарына азап көрсетіп, зұлымдық жасаудан тыйылмады. Олардың барған сайын күшейе түскен бұл зұлымдықтары мен азаптары сүйікті Пайғамбарымызды қатты қайғыға салды. Ол Меккенің маңындағы Таифке барып, оның халқын исламға шақыруды ойлады. Сол үшін ол Зәйд бин Харисаны ертіп, Таифке барды.
Ол Таифтің игі жақсыларынан Амрдың ұлдары – Абду Ялил, Хабиб және Мәсудпен кездесті. Оларға исламды түсіндіріп, Аллаһу та’алаға иман келтіруін сұрады. Олар иман келтіру былай тұрсын, керісінше, оны қорлады, оның үстіне: «Аллаһу та’ала пайғамбар етіп жіберуге сенен басқа адам таппады ма? Әлде Аллаһу та’ала сенен басқаны пайғамбар етіп жіберуге дәрменсіз бе? Елімізден шығып кет те, қайда қаласаң, сонда бар!.. Сенің қауымың айтқандарыңды қабыл етпеді, сондықтан осында келдің, солай ма? Ант етеміз, біз де сенен аулақ боламыз. Бірде-бір тілегіңді қабыл етпейміз», – десті.
Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) олардың қасынан қайғымен кетті. Он күн немесе бір ай бойы Сақиф тайпасын исламға шақырды, бірақ олардың ешқайсысы иман келтірмеді; оның үстіне, оны мазақ етіп, азап көрсетті, артынан ысқырып, айқай салды. Ол өтетін жолдың бойына балалар мен жастарды тізіп қойып, оны таспен атқылатты, оған шабуыл жасатты. Таифтік жастар атқан тастарға хазреті Зәйд өз денесін қалқан етіп, Пайғамбарымызға бір зиян келмеуі үшін тырысты. Хазреті Зәйд сүйікті Пайғамбарымыздың айналасында бөгелмей айналып, тастар оған тимесін деп бар күшін салды. Оның мүбәрәк денесіне зиян келмесін деп, Зәйд өзіне тиген тастарға мән бермеді. Ол сол күндері жанын пида ету үшін сәтін күтіп жүрген жоқ па еді? Міне, енді олар әлемдердің мырзасын таспен атқылап, азап көрсетіп, зұлымдық жасап, оны өз елдерінен қуып шығаруға тырысып жатыр еді.
Хазреті Зәйд Расулуллаһты қорғау үшін оңға-солға ұмтылған сайын, тастар оның басына, денесіне, аяқтарына бірінен соң бірі тиіп жатты. Сол себепті хазреті Зәйд басынан аяғына дейін қанға боялды. Ол сүйікті Пайғамбарын қорғау үшін бар күшін салып, тас атқан залымдарға жан дауысымен: «Тоқтаңдар!.. Ұрмаңдар! Ол – әлемдердің мырзасы! Ол – Расулуллаһ! Менің денемді бөлшек-бөлшек етіп турап тастаңдар, бірақ Пайғамбарымызға бір зиян келмесін!» – деп айқайлады. Зәйд бин Харисадан асып, Расулуллаһқа тиген тастар оның мүбәрәк аяқтарын қанға бөктірген еді.
Сүйікті Пайғамбарымыз қайғылы, шаршаған әрі жаралы күйде Утбә және Шәйба деген екі ағайындының жүзім бағына жақындады. Онда барлық мүминдер жанын пида етуге дайын тұрған Расулуллаһ мүбәрәк аяқтарынан аққан қандарды сүртті.
Дәрет алып, ағаштың астында екі рәкат намаз оқыды. Сосын мүбәрәк қолдарын көтеріп, Раббысына жалбарынып дұға ете бастады.
Бақтың иелері мұны бақылап тұрды. Олар Расулуллаһтың басына түскенді көріп, оның жалғыздығына куә болған еді. Олардың мейірім тамырлары қозғалды. Олар Аддас деген құлдарынан оған жүзім беріп жіберді. Сүйікті Пайғамбарымыз жүзімді жей бастағанда, бисмиллаһ (Бисмиллаһир-рахманир-рахим) айтты. Жүзімді әкелген құл христиан еді. Бисмиллаһты естігенде, ол таң қалып: «Мен жылдар бойы осындамын, ешкімнен мұндай сөз естіген емеспін. Бұл қандай сөз?» – деп сұрады.
Расулуллаһ: «Сен қайдансың?» – деп сұрады. Аддас: «Мен Нинәуәданмын», – деді. Расулуллаһ: «Олай болса, сен Юнустың (алейһиссалам) елінен екенсің ғой», – деді. Аддас: «Сен Юнусты қайдан білесің? Оны мұнда ешкім білмейді», – деді. Расулуллаһ: «Ол – менің бауырым. Ол да мен сияқты пайғамбар еді», – деді.
Аддас: «Мына көркем жүздің, мына тәтті сөздердің иесі өтірікші бола алмайды. Мен сенің Аллаһтың расулы екеніңе сендім», – деді. Ол мұсылман болды да, былай деді: «Йа, Расулаллаһ! Жылдар бойы мен мына залымдарға, мына өтірікшілерге құлдық еттім. Олар әркімнің ақысын жейді. Әркімді алдайды. Олардың бірде-бір жақсы жағы жоқ. Дүние-мүлік жинау және нәпсі қалауларын қанағаттандыру үшін кез келген арамдыққа барады. Мен олардан жиренемін. Сенімен бірге кетуді, саған қызмет ету мәртебесіне ие болуды, надандар мен ақымақтардың саған көрсететін құрметсіздіктеріне нысана болуды, сенің мүбәрәк денеңді қорғау үшін жанымды пида етуді қалаймын».2
Расулуллаһ жымиып: «Әзірше қожайындарыңның қасында қал! Біраз уақыттан кейін менің атымды әр жерден еститін боласың. Сол кезде маған кел», – деді.
«Тоқтаңдар!.. Ұрмаңдар! Ол – әлемдердің мырзасы! Ол – Расулуллаһ! Менің денемді бөлшек-бөлшек етіп турап тастаңдар, бірақ Пайғамбарымызға бір зиян келмесін!» Зәйд бин Хариса (радиаллаһу анһу)
Біраз тынығып, олар Меккеге қарай жолға шықты. Меккеге екі күндік жол қалғанда, ол бір бұлттың өздеріне көлеңке түсіріп тұрғанын көрді. Мұқият қарағанда, оның Жәбрейіл алейһиссалам екенін түсінді. Бұл оқиғаны сүйікті Пайғамбарымыз кейін Айша Сыддықа анамызға айтып берген еді.
«Сахих-и Бұхари» кітабында және Ахмед бин Ханбалдың «Муснад» кітабында былай хабарланады: бір күні хазреті Айша анамыз: «Йа, Расулаллаһ! Сенің басыңнан Ухуд күнінен де азапты күн өтті ме?» – деп сұраған еді. Расулуллаһ былай деп жауап берді: «Аллаһпен ант етемін, сенің қауымыңнан сондай жапа шектім, Ухуд соғысындағы кәпірлерден де ондайды шеккен жоқпын. Ибн Абду Ялил бин Абду Күлалға өзімді таныстырғанымда (яғни пайғамбарлығымды білдіріп, оны дінге шақырғанымда), ол қабыл етпеді. Олардың қасынан сондай қатты азаппен кеттім, тіпті Қарн-и Сәалиб деген жерге жеткенше есімді жия алмадым. Сонда басымды көтердім. Үстіме бір бұлттың көлеңке түсіріп тұрғанын көрдім. Қарасам, бұлттың ішінде Жәбрейіл (алейһиссалам) тұр. Ол маған дауыстап былай деді: „Ей, Мұхаммед! Хақ та’ала қауымыңның сен туралы айтқан сөздерін естіді. Олардың сені қорғағысы келмейтінін де білді. Ол саған тауларға жауапты мына періштені жіберді, не қаласаң, соны оған бұйырасың“. Ол періште де маған дауыстап, сәлем бергеннен кейін былай деді: „Ей, Мұхаммед! Жәбрейіл айтқандай, Хақ та’ала таулардың періштесі болған мені саған жіберді, не қаласаң, соны маған бұйырасың. Әміріңе дайынмын. Егер мына екі биік таудың (Қуайқиан тауы мен Әбу Қубайс тауының) меккеліктердің үстіне жабылатындай етіп бір-біріне тұтасуын (және мүшріктерді біржола жаныштауын) қаласаң, әмір ет, тұтастырайын“. Мен келіспедім де, былай дедім: „(Жоқ! Мен әлемдерге рақым етіп жіберілдім.) Аллаһу та’аланың осы мүшріктердің ұрпағынан тек Хақ та’алаға ғана ғибадат ететін және Аллаһу та’алаға ешнәрсені серік қоспайтын бір нәсіл шығаруы үшін дұға етемін“».
Пайғамбарымыз Таифтен Меккеге қайтып келе жатып, Нахлә деген жерде біраз тынықты. Бір мезетте ол намазға тұрды. Нусайбин жындарынан бір топ сол жерден өтіп бара жатып, сүйікті Пайғамбарымыз оқып тұрған Құран кәрім аяттарын естіп, тоқтап тыңдады. Сосын Пайғамбарымызбен сөйлесіп, мұсылман болды. Пайғамбарымыз оларға: «Қауымдарыңа барғанда, менің иманға шақыруымды оларға да жеткізіңдер. Оларды да иманға шақырыңдар», – деді.
Ол жындар қауымдарына барып, мұны хабарлағанда, естіген жындардың бәрі иман келтірді.3 Бұл туралы Құран кәрімде Жын сүресінде және «Бұхари», «Мүслим» атты әйгілі хадис шәриф кітаптарында хабарланады.
Ол Меккеге жақындағанда, мүминдер Расулуллаһқа: «Құрайыштықтар Таифтегі арам адамдардың саған жасаған жаман қылықтарын біліп қойды. Қазір келсең, олар зұлымдықтарын күшейтуі мүмкін», – деп хабар жіберді. Пайғамбарымыз Хираға жеткенде, Сухәйл бин Амрға бір адам жіберіп, оны өз қамқорлығына алуын өтінді. Ол нәсіпсіз қабыл етпеген соң, Мутим бин Адиге хабар жіберді. Ол бұл өтінішті қабыл етті. Хабиб-и әкрам әрі Нәбий-и мухтәрам болған Пайғамбарымыз Мутим бин Адидің қамқорлығымен Меккеге кірді. Мутим бұл жағдайды құрайыштықтарға хабарлады. Расулуллаһ Бәйт-и шәрифті тауап етіп, Хажар-и Әсуадты сүйді. Бірнеше күннен кейін ол Мутимге: «Мен енді сенің қамқорлығыңда бұдан артық қалмайын», – деді. Мутим мұны да қабыл етті. Хақ та’ала хабибін Өз қорғауына алды.
«Лә илаһә иллаллаһ» деп құтылыңдар
Расул алейһиссалам адамдарды хақ жолға шақыруын жалғастырды. Оған жауап ретінде мүшріктер тағы құтырынып, бұрынғыдан да көп азап пен зұлымдық жасай бастады. Содан кейін Хақ та’ала Пайғамбарымызға Қағбаны зиярат ету кезінде зияратқа келген араб тайпаларымен кездесіп, оларды исламға шақыруды бұйырды. Бұл әмірден кейін сүйікті Пайғамбарымыз Мекке маңында құрылатын Зүлмәжаз, Указ және Мәжәнна жәрмеңкелеріне бара бастады.
Ол онда жиі барып, тайпаларды Аллаһу та’аланың бірлігіне және Оған ғибадат етуге шақыратын, өзінің пайғамбар екенін қабыл етуін сұрайтын. Егер қабыл етсе, Хақ та’аланың оларға жәннат беретінін білдіретін. Пайғамбарымыздың жалбарына дерлік жасаған бұл шақыруларына, өкінішке қарай, олардың ешқайсысы құлақ аспайтын, кейбіреулері дөрекілік көрсетіп, оны қорлайтын, ал кейбіреулері бетін тыжырайтып, жаман сөздер айтатын. Құрайыш мүшріктері де оның артынан еріп, ол барған тайпаларды азғыратын.
Имам Ахмед, Бәйһақи, Табарани және Ибн Исхақ хабарлағандай, Рәбиа бин Аббад былай деп айтып берген: «Мен жас едім. Әкеммен бірге Минаға барған едік. Расул алейһиссалам араб тайпалары аялдаған жерге барып: „Ей, пәленше ұлдары! Мен – сендерге табынып жүрген мына пұттарыңды тастап, Аллаһу та’алаға ешнәрсені серік қоспай ғибадат етуді, маған сеніп, мені растауды, Хақ та’ала жүктеген міндетімді түсіндіріп орындағанға дейін мені қорғауды бұйыратын Аллаһу та’аланың расулымын!..“ – дейтін.
Оның артынан көзі қыли, шашы өрілген бір адам еріп жүріп: „Ей, пәленше ұлдары! Бұл адам сендерді пұттарымыз Лат пен Уззаға табынудан тыйып, өзі ойдан шығарған бір дінге шақырып жүр!.. Сақ болыңдар! Оны тыңдамаңдар және оған бағынбаңдар!..“ – дейтін. Мен әкемнен: „Мына кісінің артынан еріп жүрген кім?“ – деп сұрадым. Ол: „Көкесі Әбу Ләһәб“, – деді».
Табарани Тариқ бин Абдуллаһтан былай деп риуаят етті: «Мен Расул алейһиссаламды Зүлмәжаз жәрмеңкесінде көрген едім. Ол адамдар естісін деп, дауыстап: „Ей, адамдар! „Лә илаһә иллаллаһ“ (Аллаһу та’аладан басқа илаһ жоқ) деңдер де құтылыңдар!“ – деп үндейтін. Оның артынан ерген бір адам қолына түскен тастарды оның аяқтарына лақтырып: „Ей, жамағат! Сенбеңдер!.. Одан сақтаныңдар! Өйткені ол – өтірікші!..“ – дейтін. Тиген тастар оның мүбәрәк аяқтарын қанатса да, ол әлі де мойымай, шаршамай шақыруын жалғастыра беретін. Адамдар: „Бұл жігіт кім?“ – деп сұрады. Біреуі: „Абдулмутталиб ұлдарынан бір жігіт“, – деп жауап берді. „Ал тас атқан кім?“ – деп сұрағанда, ол: „Көкесі Әбу Ләһәб“, – деді».
Имам Бұхари «Тарихул-кәбир» кітабында және Табарани «Мұғжамул-кәбир» кітабында былай хабарлайды: Мүдрик бин Мүниб әкесінен, ол өз атасынан риуаят етті, атасы былай деген: «Әкеммен бірге Минаға келіп қонған едік. Бір топ адамға кездестік. Бір кісі оларға: „Ей, адамдар! Лә илаһә иллаллаһ деңдер де құтылыңдар!“ – деп тұрды. Оның айналасындағы адамдардың кейбірі оның сол көркем жүзіне түкіріп, кейбірі басына топырақ шашып, кейбірі боқтап, түрлі қорлық көрсетіп жатты. Бұл жағдай түске дейін созылды. Сол кезде қолына су ыдысын ұстаған бір қыз бала сол жерге келді. Оны сол күйде көріп, жылай бастады. Әлгі кісі су ішкен соң қызға бұрылып: „Қызым! Әкең тұзаққа түсіріліп өлтіріледі, қорлыққа ұшырайды деп қорықпа!“ – деді. Сосын біз сол жердегілерден: „Бұл кісі кім және бұл қыз кім?“ – деп сұрадық. Олар: „Бұл – Абдулмутталиб ұлдарынан Мұхаммед, қасындағы – оның қызы Зейнеп“, – десті».
«Ол (Юнус алейһиссалам) – менің бауырым. Ол да мен сияқты пайғамбар еді» Хадис шәриф
Саид бин Яхья бин Саид Әмәуи «Мәғази» кітабында әкесінен риуаят етті. Ол Әбу Нуаймнан және Абдуррахман Амириден, ал Абдуррахман Амири көптеген адамдардан риуаят етті. Олар былай деді: бір күні сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Указ жәрмеңкесіне барды. Ол Бәни Амир тайпасына келіп, олардан: «Ей, Бәни Амир! Сендерге пана сұраған адамдарды қалай қорғайсыңдар?» – деп сұрады. Олар: «Бізге ешкім сөз тигізе алмайды, біздің рұқсатымызсыз отымызға жылына алмайды!..» – десті. Пайғамбарымыз: «Мен – Аллаһу та’аланың расулымын. Мен сендерге келсем, Раббымның маған берген пайғамбарлық міндетін адамдарға жеткізгенше мені қорғайсыңдар ма?» – деді. Олар: «Сен Құрайыштың қайсыларынансың?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Абдулмутталиб ұлдарынанмын», – дегенде, олар: «Абдулмутталиб ұлдарынан болсаң, олар неге сені қорғамайды?» – десті. Расулуллаһ: «Мені өтірікке шығарғандардың алдыңғы қатарында солар болды», – деді. Бәни Амир тобы былай деді: «Ей, Мұхаммед! Біз сені қуып та жібермейміз, әкелгеніңе иман да келтірмейміз. Бірақ сен пайғамбарлық міндетіңді адамдарға жеткізгенше, біз сені қорғаймыз».
Содан кейін Пайғамбарымыз олардың қасына отырды. Сол кезде Бәни Амирдің игі жақсыларынан Бәйхара бин Фарис жәрмеңкедегі саудасын бітіріп, олардың қасына келді де, Пайғамбарымызды нұсқап: «Бұл кім?» – деп сұрады. Олар: «Бұл – Мұхаммед бин Абдуллаһ», – десті. Бәйхара: «Онымен не шаруаларың бар, оны қастарыңа отырғызып қойыпсыңдар?» – дегенде, олар: «Ол бізден пана сұрады, Аллаһтың расулы екенін айтады және пайғамбарлық міндетін адамдарға жеткізгенше оны қорғауымызды сұрайды», – десті. Сонда Бәйхара Пайғамбарымызға бұрылып: «Сені қорғауға кірісуіміз – бүкіл арабтардың жебесіне кеудемізді нысана етіп қоюымыз деген сөз», – деді. Ал өз қауымына былай деді: «Еліне сендерден де жаманырақ нәрсемен қайтқан бірде-бір тайпа жоқ. Демек, сендер бүкіл арабтармен соғысып, олардың жебесіне денелеріңді нысана етіп қоймақсыңдар, солай ма!.. Егер оның қауымы одан бір жақсылық көрсе, алдымен өздері қорғар еді. Сендер оның қауымы өтірікке шығарып, қастарынан қуып жіберген адамды паналатып, оған жәрдем етпексіңдер!.. Сендер қатты қателесіп тұрсыңдар!..»
Сосын бұл бақытсыз сүйікті Пайғамбарымызға бұрылып: «Дәл қазір арамыздан шығып, қауымыңа қайт!.. Ант етемін, сен менің қауымымның арасында болмағаныңда, дәл қазір мойныңды шабар едім!..» – деді. Бұл сөздерден кейін әлемдердің мырзасы үлкен қайғымен түйесіне мінді. Әлгі тәкаппар Бәйхара Расулуллаһты түйесінен құлатып жіберді. Мұны көрген құрметті сахабалардан Дабаға бинт Амир деген бір әйел ащы дауыспен айқайлап, туыстарына: «Аллаһу та’аланың хабибіне жасалған бұл істі қалай лайық көресіңдер? Менің хатырым үшін Расулуллаһты мыналардың қолынан құтқаратын ешкім жоқ па?» – деп үн қатты. Оның немере бауырларынан үш адам дереу бақытсыз Бәйхараға қарай ұмтылды. Бәйхараның қауымынан екі адам оған көмектескісі келсе де, әлгілер Бәйхараны да, оның көмекшілерін де қатты соққыға жықты. Бұл жағдайды бақылап тұрған сүйікті Пайғамбарымыз ол үшін төбелескен әлгі үш адам үшін: «Йа, Раббым! Бұл адамдарға берекеңді бере гөр!» – деп, ал Бәйхара мен оның көмекшілері үшін: «Йа, Раббым! Бұларды рақымыңнан алыс ет!» – деп дұға етті.
Ол жақсылық тілеп дұға еткен адамдар мұсылман болу мәртебесіне ие болды, ал қалғандары кәпір болып жан тапсырды. Бәни Амир тайпасының адамдары елдеріне қайтқанда, тайпаларындағы көктен түскен кітаптарды оқыған бір қартқа Меккеде бастарынан өткенді айтып берді. Әлгі кісі Пайғамбарымыздың есімін естігенде, оларды сөгіп: «Ей, Бәни Амир! Сендер не істедіңдер? Исмаил ұлдарының ешқайсысы осы күнге дейін жалған пайғамбарлық дауасын қылған емес. Сөзсіз, оның айтқаны дұрыс әрі хақ еді. Қолдан шығып кеткен бұл мүмкіндіктің орнын толтыру енді өте қиын!..» – деді.
Жәбрейілмен сөйлесіп тұрған сәтте,
Алдына Рафраф келіп, берді сәлем.
Алды ол сол заман жаһан шаһын,
Сидраға алып кетті сол бойда-ақ.
«Ей, адамдар! Лә илаһә иллаллаһ деңдер де құтылыңдар!» Хадис шәриф
Исра және Миғраж
