Сүйікті Пайғамбарым

ҚАЙҒЫ ЖЫЛЫ

Бала қайғысы

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үлкен ұлы Қасым он жеті айлығында қайтыс болған еді. Бұл ащы оқиғадан жылдар өткен соң, екінші ұлы Абдуллаһ та қайтыс болды. Расулуллаһ мүбәрәк көздерінен жас аққан күйде тауға бұрылып: «Ей, тау! Менің басыма түскен нәрсе сенің басыңа түссе, шыдай алмай қирар едің!» – деп, қайғысын осылай білдірді. Хазреті Хадиша анамыздың: «Йа, Расулаллаһ! Олар қазір қайда?» – деген сұрағына ол: «Олар жәннатта», – деп жауап берді.

Ғаламның Сұлтаны сүйікті Пайғамбарымыздың екі ұлы да қайтыс болғанда, мүшріктер қатты қуанды. Әбу Жәһл сияқты кәпірлер мұны қолайлы сәт деп біліп, жан-жаққа даурықпа таратты: «Енді Мұхаммед – әбтар, оның ұрпағы үзілді. Тегін жалғастыратын ер баласы қалмады. Өзі қайтыс болған соң, оның аты да, даңқы да ұмытылады».

Содан кейін Аллаһу та’ала Кәусар сүресін түсіріп, Расулын жұбатты. Оның мағынасы мынадай: «(Хабибім!) Ақиқатында, Біз саған Кәусарды бердік (Кәусар хауызын, өте көп игілікті сыйладық). Олай болса, Раббың үшін намаз оқы және құрбандық шал. Шынында, игіліксіз әрі ұрпағы үзілген – саған (ұрпағы үзілген деп) тіл тигізушінің өзі. (Сені әбтар деген адамның өзі ұрпақсыз, абыройсыз әрі атаусыз. Ал сенің пәк ұрпағың, атағың мен абыройың, йа, Хабибім, қиямет күніне дейін жалғасады. Ахиретте де саған ақылға сыймайтын көптеген ұлы мәртебелер дайындалған.)»1

Әбу Тәліптің қайтыс болуы

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ұлдары қайтыс болғаннан кейінгі күндері Әбу Тәліп науқастанып, ауруы күн санап асқына берді. Мұны естіген құрайыштық мүшріктер былай ойлады: «Әбу Тәліп тірі кезінде Мұхаммедті қорғау үшін көп күш салды. Енді оның бұл дүниеден кететін уақыты таяды. Соңғы сәтінде болса да, оның халін сұрауға барайық. Өйткені теңдессіз араб батыры Хамза да, айбыны, күші және қорқу білмейтіні күндей айқын Омар да мұсылман болды. Күн сайын араб тайпаларынан адамдар келіп, топ-тобымен оған еріп жатыр. Осылайша мұсылмандар күннен-күнге көбейіп, олардың үні әлемді кернеп барады. Мұндай жағдайда біз не оларға еруіміз, не соғыс пен шайқасқа дайын болуымыз керек. Әбу Тәліпке барып, жағдайды айтайық та, ол арамызды жарастырсын. Біз оның дініне тиіспейік, ол да біздің дінімізге шабуыл жасамасын». Осы оймен олар Әбу Тәліпке келді. Уқбә, Шәйба, Әбу Жәһл, Умәййә бин Халәф сияқты танымал адамдар Әбу Тәліптің төсегінің қасындағы көрпешелерге отырды. Олар былай деді: «Біз сенің ұлылығыңа сенеміз, артықшылығыңды мойындаймыз. Сондықтан саған ешқашан қарсы шықпадық. Сен қайтыс болған соң, Мұхаммед бізбен күресіп, арамыздағы дұшпандық жалғаса ма деп қорқамыз. Бізді татуластыр, бір-біріміздің дінімізге тиіспейік».

«Ей, тау! Менің басыма түскен нәрсе сенің басыңа түссе, шыдай алмай қирар едің!» Хадис шәриф

Хадиша анамыздың кесенесі / Жәннатул-Мағла

Ислам ұлыларының көптеген қабірлері сияқты, сүйікті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) алғашқы зайыбы хазреті Хадиша анамыздың (радиаллаһу анһа) кесенесі де қиратылып, жойылған.

Әбу Тәліп Пайғамбарымызды шақыртып: «Құрайыштың барлық игі жақсылары сенен олардың дініне араласпауыңды өтінеді. Мұны қабыл етсең, олар сенің қол астыңда қызмет етіп, саған жәрдемші болады», – деді. Әлемдердің мырзасы былай деді: «Ей, көке! Мен оларды тек бір ғана сөзге шақырғым келеді: сол сөз арқылы барлық арабтар оларға бағынады, араб еместер де оларға жизья төлейді». Құрайыштың игі жақсыларына да: «Иә! Сендер маған бір сөз айтсаңдар, сол арқылы барлық арабтарға билік етесіңдер, араб еместер де сендерге бағынады», – деді. Әбу Жәһл: «Жарайды. Біз оны он есе айтамыз. Ол қандай сөз екен?» – деді. Расулуллаһ: «„Лә илаһә иллаллаһ“ десеңдер және Аллаһу та’аладан басқа табынып жүрген пұттарыңды алып тастасаңдар», – дегенде, мүшріктер дереу: «Сен бізден бұдан басқа бірдеңе сұра!..» – десті. Пайғамбарымыз: «Сендер күнді әкеліп қолыма қойсаңдар да, мен сендерден бұдан басқасын сұрамаймын», – деді.

Мүшріктер: «Ей, Әбул-Қасым! Сен тым таңғаларлық ұсыныс жасап тұрсың. Біз сенің көңіліңді аулағымыз келеді, ал сен біздің көңілімізді ауламайсың!» – десті де, тұрып кетіп қалды. Олар кеткен соң Әбу Тәліп Пайғамбарымызға: «Сенің Құрайыштан сұраған нәрсең өте орынды еді. Сен дұрыс айттың», – деді. Көкесінің бұл сөзі Расулуллаһты үміттендірді, ол Әбу Тәліптің иман келтіруі мүмкін екенін түсініп, былай деді: «Ей, көке! Бір рет қана „Лә илаһә иллаллаһ“ деп айт!.. Қиямет күні мен саған шапағат етейін». Әбу Тәліп: «Халықтың: „Өлімнен қорыққаннан мұсылман болды“, – деп айыптауынан қорқамын. Әйтпесе сенің көңіліңді табар едім», – деп, мұның нәпсісіне ауыр екенін айтты. Ауруы күн санап ауырлаған соң, ол қайтыс болды.2

Хазреті Хадиша анамыздың қайтыс болуы

Бисғаттың оныншы жылы, Әбу Тәліп қайтыс болғаннан кейін үш күн өткенде, Расулуллаһтың мұңдасы, жиырма бес жылдық өмірлік серігі мүбәрәк хазреті Хадиша анамыз да қайғы-қасіретпен өткен үш жылдық қоршаудан кейін, хижреттен үш жыл бұрын, Рамазан айының басында, 65 жасында қайтыс болды.3 Ғаламның мақтанышы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хазреті Хадиша анамызды өзінің мүбәрәк қолдарымен жерледі. Ол одан айырылғанына қатты қайғырды.

Бір жылдың ішінде хазреті Хадиша анамыз бен көкесі Әбу Тәліптің бірінен соң бірі қайтыс болуы Пайғамбарымызды қайғыға батырды. Сондықтан бұл жылды «Сәнәтул-хузн», яғни қайғы жылы деп атады.

Хазреті Хадиша анамыздың қайтыс болуы сүйікті Пайғамбарымызды қатты күйзелтіп, шексіз қайғыға салды. Өйткені ең алдымен иман келтірген және Расулуллаһты растаған адам сол еді. Оның үстіне, ол оның ең үлкен сүйеніші әрі жұбатушысы еді. Барлығы дұшпан болған кезде, ол бар жүрегін ашып, Пайғамбарымызға деген махаббатқа толы болған еді. Бар малын, байлығын, не бары болса, бәрін ислам жолына жұмсады, сүйікті Пайғамбарымызға қызмет ету үшін түнін күніне ұластырды. Расулуллаһты ешқашан қайғыға салмады, еш көңілін қалдырмады. Пайғамбарымыз мұны анда-санда айтып, осылайша мүбәрәк зайыбының қасиеттерін еске алатын.

«Ей, көке! Бір рет қана „Лә илаһә иллаллаһ“ деп айт!.. Қиямет күні мен саған шапағат етейін» Хадис шәриф

Бір күні Пайғамбарымыз үйден тыс жүргенде, хазреті Хадиша оны іздеп шықты. Оған Жәбрейіл алейһиссалам адам кейпінде көрінді. Хадиша анамыз одан Пайғамбарымыз туралы сұрағысы келсе де, ол дұшпандардың бірі болуы мүмкін деп ойлап, кері қайтты. Сүйікті Пайғамбарымызды үйден көргенде, болған оқиғаны айтып берді. Ғаламның мақтанышы былай деді: «Сен көрген және мені сұрағың келген адамның кім екенін білесің бе? Ол Жәбрейіл (алейһиссалам) еді. Ол саған сәлемін жеткізуімді өтінді. Тағы мынаны да жеткізуімді өтінді: жәннатта сен үшін інжу-маржаннан тұрғызылған бір үй дайындалған. Әрине, онда мұндағыдай қайғылы, бейнетті, ауыр әрі машақатты нәрселер болмайды».

Бірінің қолы ауада қатып қалды, бірі соқыр болды

Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) адамдардың ең бақыттыларынан болған сахабаларына теңдессіз сұхбаттар жүргізіп, олардың жүректерін нұрландыратын. Түскен аят кәрималарды түсіндіріп, айтылмаған, түсінілмеген ешнәрсе қалдырмайтын. Сонымен бірге мүшріктер де иман келтірсін деп, олардың жиналатын жерлеріне барып, жалықпай, мойымай иманға шақыратын. Әбу Жәһл мен Уәлид бин Муғира бұған қатты ашуланып: «Бұлай кете берсе, Мұхаммед бәрін өз дініне кіргізіп бітеді, пұттарымызға табынатын бір адам да қалдырмайды», – дейтін. Бір күні олар бұл істі тоқтатудың жалғыз амалы – әлемдердің мырзасы болған сүйікті Пайғамбарымызды өлтіру деген шешімге келді. Әбу Жәһл Уәлид бин Муғираны және Махзум ұлдарынан бірнеше жігітті ертіп, Бәйтуллаһқа келді. Сол кезде сүйікті Пайғамбарымыз намаз оқып тұрған еді. Әбу Жәһл қолына алған таспен бірден алға ұмтылды. Хабиб-и әкрам әрі Нәбий-и мухтәрам болған Пайғамбарымызға тасты ұрмақ болып қолын көтерген сәтте, қолдары ауада қимылсыз қатып қалды. Ол ешнәрсе істей алмай, аң-таң болды. Сол күйінде келген жағына қайтып кетті. Мүшріктердің қасына жеткенде, қолы бұрынғы қалпына келіп, тас жерге түсті. Махзум ұлдарының бірі сол тасты іліп алды да: «Көресіңдер! Оны мен өлтіремін!..» – деп, Пайғамбарымызға қарай аттанды. Жақындағанда, кенет оның көзі соқыр болып, айналасын көрмей қалды. Содан кейін Махзум ұлдары бәрі бірге сүйікті Пайғамбарымызға қарай алға жылжыды. Пайғамбарымызға әбден жақындаған сәтте, оны көрмей қалды. Бірақ оның мүбәрәк дауысын естіп тұрды. Дауыс шыққан жаққа жүрсе, дауыс арт жақтарынан естілетін, артқа бұрылса, тағы бұрынғы жерден шыға бастайтын. Бұл жағдайға олар бірнеше рет куә болды. Ақыры әбігерге түсіп, Расулуллаһқа ешнәрсе істей алмастан ол жерді тастап кетті.

Хазреті Айша мен хазреті Сәудәні айттыру

Хазреті Хадиша (радиаллаһу анһа) қайтыс болған соң, Расулуллаһтың үйін басқаратын ешкім қалмады. Хаула бинт Хаким ханым бұл жағдайды көріп, әлем сардарының алдына барды. Ол: «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)! Саған лайықты бір өмірлік серік және қызметіңе лайықты бір әйел керек. Қаласаң, мен саған бір әйел айттырып көрейін», – деді. Расулуллаһ: «Ей, Хаула, бұл қызметке лайықты әйел қайда бар екен?» – деді. Хаула: «Қыз қаласаң, ол – досың Әбу Бәкірдің қызы Айша. Жесір қаласаң, Сәудә бинт Зам’а лайық», – деді. Расул алейһиссалам: «Екеуін де маған айттыр», – деді. Расулуллаһ алдымен хазреті Айшамен, сосын Сәудәмен атастырылды. Хазреті Сәудәні Меккеде өз үйіне алды. Хазреті Айшамен тойы хижреттің екінші жылы Шәууәл айында Мәдинада болды.

Ақабадағы кездесу

Сүйікті Пайғамбарымыз жыл сайын Қағбаны зиярат етуге келген тайпаларды дінге шақыратын. Олардың тозақ отынан құтылып, мәңгілік бақытқа қауышуы үшін тырысып, қанша қорласа да, пайғамбарлық міндетін атқаруды жалғастыра беретін. Ол тайпалардың аялдайтын жерлерінде тұрып, келгендерге: «Аллаһу та’ала жүктеген пайғамбарлық міндетін орындағанға дейін мені паналатып, маған жәрдем ететін кім бар? (Сонда) оған жәннат берілсін», – дейтін. Бірақ паналататын да, жәрдем беретін де адам табылмады.

Бисғаттың оныншы жылының Зұлхижжа айы еді. Пайғамбарымыз жәрмеңкеде Қағбаны зиярат етуге келген мәдиналықтардың бір тобымен кездесті. Олардан: «Сендер кімсіңдер?» – деп сұрағанда, олар Мәдинадан, Хазрәж тайпасынан екенін айтты. Пайғамбарымыздың атасы Абдулмутталибтің анасы Сәлма ханым да Хазрәж тайпасының Нәжжар ұлдары тармағынан еді. Пайғамбарымыз осы алты хазрәждікпен Ақабада біраз отырып, оларға Ибраһим сүресінің 35–52-аят кәрималарын оқып, исламды түсіндірді. Оларды осы дінге кіруге шақырды.

Мәдинада Әус пен Хазрәж тайпалары ежелден яһудилерге дұшпан еді, мүмкіндік туған сайын бір-біріне шабуыл жасайтын. Араларында бір дау шықса, яһудилер: «Жақында бір пайғамбар келеді. Көп қалған жоқ, бүгін-ертең шығады. Біз оған еріп күшейеміз. Сендермен де сонда есеп айырысамыз», – дейтін. Ал Әус пен Хазрәж адамдары яһудилерден бұрын мұсылман болып, исламмен мәртебеленсе, оларды жеңіп, Мәдинадан қуып шығатынына сенетін.

Тайпаларының үлкендерінен және Мәдинада тұратын яһудилерден жақында бір пайғамбар келетінін естіген бұл нәсіпті адамдар Расул-и әкрамнан (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) пайғамбарлық белгілерін көрді. Ол оларды дінге шақырғанда, олар бір-біріне қарасты. Сосын өзара: «Яһудилер хабар берген пайғамбар – міне, осы!» – деп сөйлесті.

Сондықтан олар дереу Расулуллаһтың алдында шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болды. Пайғамбарымызға: «Йа, Расулаллаһ! Біз қауымымызды яһудилермен соғысып жатқан күйде қалдырған едік. Аллаһу та’ала оларды да сенің арқаңда иманмен мәртебелейді деп үміттенеміз. Қайтысымен оларды да, қауымымызды да сенің пайғамбарлығыңды қабыл етуге шақырамыз. Бұл діннен қабыл еткен нәрселерімізді оларға да айтып береміз. Егер Аллаһу та’ала оларды осы дінде жинап біріктірсе, сенен ардақты әрі мәртебелі адам болмайды», – десті.

Бұл алты адам шынымен иман келтіріп, Аллаһу та’аланың Пайғамбарымызға жеткізгендерін қабыл етіп, растаған еді.

«Аллаһу та’ала жүктеген пайғамбарлық міндетін орындағанға дейін мені паналатып, маған жәрдем ететін кім бар? (Сонда) оған жәннат берілсін» Хадис шәриф