ҚОРШАУ
Қоршаудың басталуы
Бисғаттың жетінші жылы… Мүшріктер исламның жүректерге енуіне және таралуына жол бермеу үшін тынымсыз әрекет етіп жатты. Соған қарамастан мұсылмандар күн санап көбейе берді. Мұсылмандарға көрсетілген азаптар мен зұлымдықтар оларды жолынан тайдырмады, керісінше, олардың бір-біріне бұрынғыдан да берік жабысуына, тығыз бірігуіне себеп болды. Ешқайсысы дінінен қайтпады, Расулуллаһтың жолында жанын пида етуден тайынбады. Мұны естіген Мекке сыртындағы тайпалардың қызығушылығы арта түсті, исламның нұры алыс жерлерге дейін жетті. Мүшріктер Хабашстанға жіберген адамдарының мақсатына жете алмағанын, тіпті Нәжаши Әсхамәнің мұсылман болғанын, мұсылмандарды қорғап, оларға жақсы қарағанын естігенде, ашудан құтырынды. Мұның кегін артығымен қайтару, исламның түбіне балта шабу үшін олар жиналып, мынадай сұмдық шешім қабылдады: «Қайда болса да, қай жерде көрінсе де, Мұхаммед міндетті түрде өлтіріледі!»
Кәпірлер бұл үшін ант үстіне ант ішті.
Мүшріктердің бұл шешімін естіген Әбу Тәліп қатты қайғырды. Ол бауыр еті – мүбәрәк бауырының ұлының өмірі үшін алаңдай бастады. Өз тайпасын жинап, оларға Ғаламның Сұлтанын құрайыштық мүшріктерден қорғауды бұйырды. Хашим ұлдары туыстық намыспен бұл бұйрықты орындау үшін бірікті. Сол үшін олар Пайғамбарымызды және оған иман келтірген барлық сахабаларын Меккенің солтүстік жағында, Бәйтуллаһтан үш шақырымдай жердегі төбенің үстінде орналасқан Ши’б-и Әбу Тәліпке, яғни Әбу Тәліп мәхәлләсіне шақырды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларын жинап, Ши’бте тұра бастады. Хашим ұлдарынан тек Әбу Ләһәб қана Пайғамбарымызды қорғау шешіміне қарсы шығып, Ши’бке бармады. Мүшріктер Әбу Ләһәбті де қосып бірікті де, Пайғамбарымызды өлтіру үшін сәтін аңдый бастады.1
Мүшріктер Пайғамбарымыз бен оның сахабаларының Әбу Тәліп мәхәлләсіне жиналғанын көргенде, тағы бас қосты. Сосын мынадай шешім қабылдады: «Мұхаммед алейһиссалам өлтірілу үшін құрайыштықтарға тапсырылмайынша, Хашим ұлдарынан қыз алынбайды!.. Оларға қыз берілмейді!.. Оларға ешнәрсе сатылмайды!.. Олардан ешнәрсе сатып алынбайды!.. Олармен кездесіп сөйлесілмейді, араласылмайды!.. Олардың үйлеріне, мәхәллелеріне кірілмейді!.. Олардан келген бітім ұсынысы ешқашан қабыл етілмейді!.. Оларға ешқашан аяушылық танытылмайды!..»
Бұл шешімді Мансур бин Икримә деген бір мүшрік қағазға жазды, олар оған мөр басты. Әркім көріп, оны орындасын деп, оны Қағба-и Муаззаманың қабырғасына іліп қойды.
Бұл хабар сүйікті Пайғамбарымызға жеткенде, ол қатты қайғырып, дұға етті. Дұғасы сол сәтте қабыл болып, бақытсыз Мансурдың қолдары бір сәтте қурап қалды. Мүшріктер аң-таң болып: «Қараңдар! Хашим ұлдарына жасаған зұлымдығымыз үшін Мансурдың қолдары қурап, басына бәле түсті», – десті. Ақылдарына келудің орнына одан сайын құтырынды. Ши’бке апаратын жолдардың басына күзетшілер қойды. Ол жаққа азық пен киім кіргізуге жол бермеді. Меккеге келген саудагерлерге Ши’бке кірмеуді, тауарларын ол жаққа апармауды бұйырып, қажет болса, ол тауарды өздері қымбат бағаға сатып алатынын айтты. Осылайша Ши’бтегілерді аштан өлтіреміз немесе Хашим ұлдары өкініп, Пайғамбарымызды бізге тапсырады деп ойлады. Бұл жағдай жыл сайын Қағбаны зиярат ету мерзіміне дейін жалғасатын.
«Йа, Пайғамбарым! Саған Аллаһ және мүминдерден сенің ізіңмен жүргендер жеткілікті!» Әнфал: 64
Салт-дәстүр бойынша бұл мерзімде қан төгілмейтін. Сондықтан Хашим ұлдары Меккеге еркін барып, сауда жасап, бір жылдық қажеттерін өтеуге тырысатын. Олардың біреуі бір саудагерге тауар алуға келсе, мүшріктердің игі жақсыларынан Әбу Ләһәб пен Әбу Жәһл сияқты мүшріктер дереу жетіп келіп, саудагерлерге: «Ей, саудагерлер! Мұхаммедтің сахабаларына бағаларыңды барынша көтеріңдер, қымбаттығынан ешқайсысы ешнәрсе сатып ала алмасын! Сол себепті тауарларың өтпей, қолдарыңда қалса, біз бәрін алуға дайынбыз», – дейтін. Саудагерлер де тауарларына қымбат баға айтып, мұсылмандар ешнәрсе алмастан кері қайтатын…
Бұл жолда сүйікті Пайғамбарымыз, хазреті Хадиша анамыз, Әбу Бәкір Сыддық бар мал-мүлкін жұмсап, аштықтан көкке жеткен балалардың зарын басуға тырысты. Оларға ағаш қабықтарын, шөп тамырларын, тіпті кепкен тері кесектерін жегізді. Аналар мен әкелер амалсыздан терісі сүйегіне жабысып қалды. Пайғамбарымыз бен құрметті сахабалар аштықтан мүбәрәк қарындарына тас байлады. Мүшріктерден біреу жаны ашып, жасырын бірдеңе әкелсе, оны ұрып-соғып, қатты қорлайтын. Қысқасы, бару-келу үзіліп, мүминдер өте қиын жағдайда қалды.
Мүшріктер осындай қатыгез зұлымдықпен Хашим ұлдары райынан қайтып, Әбу Тәліп Пайғамбарымызды бізге тапсырады деп күтіп жүрді. Ал Әбу Тәліп мәхәлләсіндегі мұсылмандар олардың бұл ойына мүлде қарсы, Пайғамбарымызды қорғап, оған зиян келмеуі үшін барлық шараны қолданды. Болуы мүмкін қастандықтың алдын алу үшін Әбу Тәліп Расулуллаһтың жататын жеріне кезекпен күзетшілер қойып, оның өз үйінде алаңсыз ұйықтауын қамтамасыз ететін. Ал Пайғамбарымыз еш тартынбастан, Аллаһу та’аланың әмірін орындау, исламды тарату үшін бір сәтін де бос өткізбеді. Адамдарды дінге шақырып, олардың тозақтан құтылуына себеп болуға тырысты, бұл жолда сабырмен насихатын жалғастырды. Оны өтірікшіге шығарған құрайыштық мүшріктер де аштықтың не екенін түсінсін деп, бір күні Расулуллаһ: «Аллаһым! Жүсіптің (алейһиссалам) заманындағы жеті жұт жылы сияқты, бұларға да жеті жұттың азабын беріп, маған жәрдем ет», – деп дұға етті. Содан кейінгі күндері көктен бір тамшы да жаңбыр жаумады. Топырақ сусыздықтан күйіп кетті. Жерде бір де көк шөп көрінбей қалды. Құрайыштық мүшріктер не болғанын білмей дағдарды. Олар аштан өлген малдардың өлексесін, сасыған ит терілерін жеп, өлімнен құтылуға тырысты.
Олардың да балалары аштықтан шырқырап жылай бастады. Көбі аштан өлді. Аштықтан аспанға қараса, жан-жақты түтін басқандай көретін. Олар ақылдарына келіп, жасаған зұлымдықтарының қаншалықты үлкен екенін түсінгендей болды. Араларынан Әбу Суфйанды Пайғамбарымыздың мүбәрәк алдына жіберді. Әбу Суфйан келіп, ант ішіп: «Ей, Мұхаммед! Сен өзіңді әлемдерге рақым етіп жіберілгенмін дейсің, бізге Аллаһқа сенуді, туыстық ақыларын сақтауды бұйырасың. Ал сенің қауымың құрғақшылық пен аштықтан қырылып өліп жатыр. Бұл бәле үстімізден кетсін деп Раббыңа бір дұға ете салшы; Аллаһ сенің дұғаңды қабыл етеді. Егер солай дұға етсең, бәріміз иман келтіреміз!..» – деді.
Осылайша олар жасаған зұлымдықтары мен азаптарын бір шетке қойып, тығырыққа тірелді де, Расулуллаһқа жалына бастады. Пайғамбарымыз олардың істегендерін беттеріне баспады, «Иман келтіреміз» деген сөздерін естіген соң, мүбәрәк қолдарын көтеріп, Хақ та’алаға дұға етті. Аллаһу та’ала хабибінің дұғасын қабыл етіп, Меккеге мол жаңбыр жіберді; топырақ суға қанып, өсімдіктер көгере бастады. Мүшріктер құрғақшылық пен аштықтан құтылса да, берген сөздерін ұмытып, күпірліктерінде қасарысып қала берді…
Аллаһу та’ала оларға жауап ретінде түсірген аят кәрималарда мағынасы бойынша былай деді: «Керісінше, олар (Аллаһу та’алаға және Мұхаммед алейһиссаламға сенбейді; Құран кәрім, ахирет және қайта тірілу жайында) күмән ішінде алданып жүр. Олай болса (йа, Хабибім!) көктің анық бір түтін әкелетін күнін күт. Ол түтін барлық адамдарды толық жабады. Бұл – өте қатты азап! (Адамдар:) „Йа, Раббымыз! Бұл азапты бізден кетір, біз иман келтірейік“, – дейді. Өздеріне ақиқатты түсіндіретін бір пайғамбар келген бола тұра, олар үшін ойланып ғибрат алу қайда? Сосын олар одан бет бұрды да: „Ол – үйретілген бір жынды“, – десті. Біз бұл азапты аз ғана кетірсек, сендер тағы бұрынғы халдеріңе қайтасыңдар. Қатты күшпен ұсталатын күндері (Бәдір күні) Біз, сөзсіз, (олардан) кек аламыз. Жәлалім хақы үшін, Біз бұлардан (Құрайыш мүшріктерінен) бұрын Перғауынның қауымын да сынаған едік. Оларға Бізден мәртебелі бір пайғамбар келді (ол – Мұса алейһиссалам). Ол оларға былай деді: „Аллаһтың құлдарын (Исраил ұлдарын) маған беріңдер. (Оларды менімен жіберіңдер. Оларды босатыңдар, азаптамаңдар.) Шынында, мен – сендерге Аллаһу та’ала уахимен жіберген сенімді пайғамбармын. Аллаһу та’алаға қарсы тәкаппарланбаңдар. Өйткені мен сендерге ісімнің дұрыс екенін түсіндіретін дәлелмен, айқын мұғжизамен келдім. Біліңдер, мен сендердің мені таспен атқылауларыңнан, өлтірулеріңнен менің де, сендердің де Раббымыз болған Аллаһу та’алаға сыйынамын; Ол мені қорғайды. Егер мені растамасаңдар және маған иман келтірмесеңдер, мені өз халіме қалдырыңдар. (Мен жақсылықтарыңнан күдер үздім. Ең болмаса, жамандықтарың тимесін.)“ (Олар иман келтірмегені, оны өтірікшіге шығарғаны былай тұрсын, оған түрлі азап пен зұлымдық жасай бастағанда,) Мұса (алейһиссалам) Аллаһу та’алаға дұға етіп: „Йа, Раббым! Бұлар күпірлікте қасарысқан бір қауым“, – деді. Аллаһу та’ала оған уахи түсіріп, былай деді: „Құлдарыммен (Исраил ұлдарымен) түнде (Мысырдан) шығып кет! Перғауын мен оның жақтастары сендердің шыққандарыңды естігенде, сөзсіз, соңдарыңнан қуады. Қауымыңмен теңізден өткен соң, оны сол күйінде қалдыр (асаңмен қайта ұрып, ашылған жолдарды жаппа; ашық қалдыр). Өйткені Перғауын мен оның әскері ол жолдарға түсіп, батады, суға ғарқ болады“».2
Қоршаудың тоқтатылуы
Мүшріктер «Иман келтіреміз» деген сөздерінен тайып, тағы зұлымдық жасай бастады. Бір күні Аллаһу та’ала Пайғамбарымызға уахи арқылы «Қағбада ілулі тұрған келісім қағазына бір ағаш құртын (күйе көбелегін) жібергенін және ол құрттың Аллаһу та’аланың есімінен басқа барлық жазуды жеп қойғанын» білдірді. Пайғамбарымыз Әбу Тәліпке: «Ей, көке! Менің Раббым болған Аллаһу та’ала құрайыштықтардың келісім қағазына ағаш құртын жіберді. Аллаһу та’аланың есімінен басқа онда жазылған зұлымдық, туыстықты үзу, жала… сияқты нәрселердің ешбірін қалдырмай, бәрін жойды», – деді.
«Аллаһым! Жүсіптің (алейһиссалам) заманындағы жеті жұт жылы сияқты, бұларға да жеті жұттың азабын беріп, маған жәрдем ет!» Хадис шәриф
Әбу Тәліп: «Мұны саған Раббың хабар берді ме?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Иә», – деді. Сонда Әбу Тәліп: «Куәлік етемін, сен әрдайым тек шындықты айтасың», – деді. Ол дереу киініп, Қағбаға барды. Онда мүшріктердің игі жақсылары отыр еді. Әбу Тәліптің келгенін көріп: «Мұхаммедті бізге тапсыруға келе жатқан шығар!..» – десті. Әбу Тәліп олардың қасына барғанда: «Ей, Құрайыш жамағаты! „Әл-Әмин“ деп аталған және ешқашан өтірік айтпаған бауырымның ұлы сендер жазған парақтағы Аллаһу та’аланың есімінен басқа барлық жазуды бір ағаш құрты жеп қойғанын хабар берді. Ал, бізге қарсы жазған қағаздарыңды әкеліңдер, көрейік!.. Егер бұл сөз рас болса, ант етемін, бәріміз өлгенше оны қорғай береміз! Сендер де енді бұл зұлымдықтарың мен жаман қылықтарыңнан бас тартыңдар…» – деді. Мүшріктер толқып, парақты Қағбаның қабырғасынан түсіріп алып келді. Әбу Тәліп: «Оқыңдар!» – дегенде, олардың біреуі оқу үшін парақты ашып, «Бисмикә Аллаһумма» деген сөздерден басқа барлық жазудың өшіп қалғанын көрді.3 Мүшріктер не айтарын, не істерін білмей аң-таң болды. Тіпті кейбіреулері келісімнен бас тартқан соң, олар үш жылдан бері созылған, ұмытылмас азаптар әкелген, жүректерде терең жара қалдырған бұл қатыгез қоршауды тоқтатты. Бірақ дұшпандықтарынан еш бас тартпады; оның үстіне, тіпті қатаңдана түсті. Исламның таралуына кедергі болу үшін барлық жолды сынап көрді. Қанша тырысса да, ислам жылдам тарала берді. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам жаһилия дәуірінің қараңғылығында (зұлматында) тұншыққан адамдарды құтқаруға тырысып, оларды шынайы бақытқа жеткізді. Бұл бақытқа жеткендер сол ұлы ниғмет үшін шүкір етті, мүшріктердің қорлауы мен азаптарынан еш қаймықпады. Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизаларын және мұсылмандардың өз діндерінде берік тұрғанын көрген қаншама жүрек ислам нұрымен нұрланды.
Айдың екіге бөлінуі
Пайғамбарымыздың ұлы мұғжизаларының бірі – Айдың екіге бөлінуі. Араларында Әбу Жәһл мен Уәлид бин Муғира да бар бір топ мүшрік Расул-и әкрамға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Егер сен шынымен пайғамбар болсаң, Айды жартысы Қуайқиан тауының үстінде, жартысы Әбу Қубайс тауының үстінде көрінетіндей етіп екіге бөл!..» – десті. Расулуллаһ: «Егер мен мұны істесем, иман келтіресіңдер ме?» – деді. Олар: «Иә, иман келтіреміз», – десті. Расулуллаһ Айдың екіге бөлінуі үшін Аллаһу та’алаға дұға етті. Жәбрейіл алейһиссалам сол сәтте сүйікті Пайғамбарымызға келіп: «Ей, Мұхаммед! Бүгін түнде меккеліктерге мұғжизаны тамашаласын деп хабар бер», – деді. Пайғамбарымыз Айдың он төртінші түні, ол толық бәдір (толған ай) болған, яғни ай әбден дөңгеленіп, ең жарық болған түні Айдың екіге бөлінетінін, ғибрат алғысы келетіндердің қарап тұруын білдірді. Сол түні сүйікті Пайғамбарымыз мүбәрәк саусағымен нұсқағанда, Ай екіге бөлінді. Бір бөлігі Әбу Қубайс тауының үстінде, екіншісі Қуайқиан тауының үстінде көрінді. Сосын олар көкте қайта бірікті.
Расулуллаһ: «Ей, Әбу Сәләмә бин Абдуләсад, Әрқам бин Әбил-Әрқам! Куә болыңдар!» – дегеннен кейін, қасындағы басқа сахабаларына да: «Куә болыңдар!» – деді. Мүшріктер болса өз көздерімен тағы бір айқын мұғжизаны көрді. Бірақ олар сөздерінде тұрып иман келтірудің орнына, басқалардың да иман келтіруіне кедергі болу үшін: «Бұл – Мұхаммедтің бізді сиқырлауы ғана! Бірақ ол барлық адамды сиқырлай алмайды ғой!.. Жүріңдер, басқа жерлерден келген адамдардан да сұрайық. Көрейік, олар да осы оқиғаға куә болды ма екен? Егер көрген болса, Мұхаммедтің пайғамбарлық дауасы рас. Әйтпесе бұл – сиқыр», – десті. Келгендерден сұрады, тіпті басқа жерлерге адам жіберіп сұратты. Бәрінен бір ғана сөзді естіді: «Иә, сол түні Айдың екіге бөлінгенін көрдік!» Соған қарамастан тағы теріске шығарды. Теріске шығарушылардың басында Әбу Жәһл тұрды. Адамдар иман ниғметіне қауышпасын деп, ол: «Әбу Тәліптің жетімінің сиқыры көкке де әсер етті!..» – деп, жүректерді бұзатын.4 Оның осы теріске шығаруы себепті Аллаһу та’ала аят кәрималар түсірді, мағынасы бойынша:
«Сағат (қиямет) жақындады және Ай жарылды (екіге бөлінді). Олар (Құрайыш кәпірлері) бір мұғжиза (Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбарлығына дәлел болатын мұғжиза) көрсе, бет бұрады (ол туралы ойланудан және иман келтіруден) да: „Бұл – үздіксіз (арты үзілмейтін, бәрін қамтитын, күшті) бір сиқыр“, – дейді. Олар (пайғамбарды немесе мұғжизаны) өтірікке шығарды және өз һәуәсіне (нәпсілерінің қалауы мен тілектеріне) ерді. Ал әрбір іс (өзі бет алған) нәтижесіне жетеді, орнын табады. Ант болсын, оларға (Мекке мүшріктеріне) қаншама маңызды хабарлар (үкімдер, тыйымдар) келді, ол хабарлар оларды (жамандықтан) тыя алар еді. (Бұл әмірлер мен білімдер) – толық хикмет. Бірақ расулдар, ескертулер мен қорқытулар (оларға) еш пайда бермейді. Олай болса, сен де (йа, Хабибім, олар теріске шығаруда қасарысса) олардан бет бұр. Ол шақырушы (Исрафил алейһиссалам) көрілмеген және белгісіз бір нәрсеге (махшар алаңына, есепке) шақырған күні, олар көздері қор әрі төмен болып (қорқыныш пен үрейден қайда барарын білмей), шашылған шегірткелер сияқты қабірлерінен шығады. Кәпірлер (мойындарын иіп) сол шақырушыға жүгіріп бара жатып: „Бұл біз үшін қандай ауыр, қандай қатты күн!“ – дейді».5
Раббым сендерге де хидаят нәсіп етсін
Мүшріктердің мұсылмандарға қарсы үш жылға созылған қоршауы аяқталған соң, Расулуллаһқа Нәжраннан бір топ адам келді. Олар жиырмаға жуық еді; исламды Хабашстанға хижрет еткен құрметті сахабалардан естіп, исламды үйрену және Пайғамбарымызды көру бақытына қауышу үшін Меккеге келген еді. Олар Расулуллаһпен Қағба-и Муаззаманың қасында кездесті. Көп сұрақ қойып, күткендерінен де көркем әрі кемел жауаптар алды. Құрайыштық мүшріктер болса оларды жан-жақтан бақылап тұрды. Әлемдерге рақым етіп жіберілген сүйікті Пайғамбарымыз оларға Құран кәрімнен біраз аят кәрималар оқып берді. Олар бұдан қатты әсерленіп, көз жастарын тыя алмай жылады. Сосын Пайғамбарымыздың шақыруымен үлкен қуанышпен шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болу мәртебесіне ие болды. Олар елдеріне қайтуға рұқсат сұрағанда, Әбу Жәһл қастарына келіп, мынадай қорлық сөздер айтты: «Сендердей ақымақтарды көрген емеспіз!.. Оның қасында бір рет отырып, діндеріңнен айырылдыңдар да, не айтса, бәрін растадыңдар!..» Жаңа ғана сахаба болу мәртебесіне ие болған бұл адамдар: «Аллаһу та’аланың сендерге де хидаят (тура жол) нәсіп етуін тілейміз. Бізге жасаған бұл қорлықтарың мен надандықтарыңды біз сендерге жасамаймыз. Біз сендердің бірде-бір ақыларыңды таптаған жоқпыз ғой. Бірақ мынаны жақсы біліңдер: бірнеше наданның сөзі үшін біз қауышқан бұл ұлы ниғметтен еш айырылғымыз келмейді, бұл хақ діннен қайтпаймыз», – деп жауап берді.6
«Ей, көке! Менің Раббым болған Аллаһу та’ала құрайыштықтардың келісім қағазына ағаш құртын жіберді. Аллаһу та’аланың есімінен басқа онда жазылған зұлымдық, туыстықты үзу, жала… сияқты нәрселердің ешбірін қалдырмай, бәрін жойды» Хадис шәриф
Аллаһу та’ала осы оқиғаға байланысты түсірген аят кәрималарда мағынасы бойынша былай деді: «Бұдан (Құран кәрімнен) бұрын Біз кітап берген қаншама адамдар бар, олар бұған (Құран кәрімге) сенеді. Оларға ол (Құран кәрім) оқылғанда: „Біз оған иман келтірдік. Күмәнсіз, бұл – Раббымыздан (келген) хақ. Шынында, біз бұдан бұрын да исламды қабыл еткен адамдар едік“, – десті. Міне, бұларға сабыр (және табандылық) көрсеткендері үшін сыйлары екі есе беріледі. Олар жамандықты жақсылықпен қайтарады. Біз оларға ризық етіп берген нәрселерден (игі істерге) жұмсайды. Олар жаман сөз естігенде, одан бет бұрады да: „Біздің амалдарымыз – өзімізге, сендердің амалдарың – өздеріңе. Сендерге сәлем болсын (бізден аман болыңдар). Біз надандарды іздемейміз (әрі олармен достықты қаламаймыз)“, – дейді».7
СУ ҚАСИДАСЫ8
Ей, көзім, жасыңменен шашпа көңілімдегі отқа су,
Мұндай лаулап жанған отқа ем бола алмас еш су.
Білмеймін, айналған көк күмбезі су түстес пе,
Әлде көз жасымнан күмбезді басып алды су.
Қылышыңның ләззатынан көңілім тілінсе, таң емес,
Өйткені ағып өткенде қабырғада жырық қалдырар су.
Жаралы көңіл сенің жебе ұшың9 туралы сескеніп сөйлер,
Жаралы адам әрдайым сақтықпен ішер су.
Бағбан гүлзарды суға берсін, бекер бейнет тартпасын,
Жүзіңдей бір гүл ашылмас, мың бақшаға берсе де су.
Ешбір жазушы сенің кемел бейнеңді сала алмас,
Қаламдай қадалса да, көзін басар қара су.
Жүзіңді еске алғанда кірпігім суланса, не етер,
Гүл үмітімен тікенге берілген зая кетпес су.
Қайғы күні дерт көңілден қылыштай көзқарасыңды аяма,
Игі іс – қараңғы түнде науқасқа беру су.
Ей, көңіл, жебе ұшын сұра да, айрылық ыстығын бас,
Шөлдедім; бұл шөлде маған іздеу керек су.
Зәһидтер Кәусарды аңсағандай, мен ерніңе құмармын,
Мас адамға шарап жаққандай, сергекке жағар су.
Сенің жәннат көшеңе тоқтаусыз ағып барады,
Сірә, ол нәзік жүрісті сәруиге ғашық болған су.
Топырақ болып, сол көшеден оның жолын бөгесем керек,
Жібере алмаймын оны онда, себебі бәсекелесім – су.
Ей, достар, қолын сүю арманымен өлсем егер,
Топырағымнан құман жасап, Сүйіктіге апарыңдар су.
«Бұдан бұрын Біз кітап берген қаншама адамдар бар, олар бұған сенеді. Оларға (Құран кәрім) оқылғанда: „Біз оған иман келтірдік. Күмәнсіз, бұл – Раббымыздан (келген) хақ. Шынында, біз бұдан бұрын да исламды қабыл еткен адамдар едік“, – десті» Қасас: 52–53
Жәннатул-Мағла
Хадиша анамыздан (радиаллаһу анһа) бастап көптеген құрметті сахабалардың кесенелері болған
қорым.
Бүгін бұл кесенелерді көру мүмкін емес. Өкінішке қарай, бұл көркем
тарихи ескерткіштердің бәрі қиратылған.
