Сүйікті Пайғамбарым

ХАБАШСТАНҒА ХИЖРЕТ

Хабашстанға алғашқы хижрет

Расулуллаһтың пайғамбарлығының (бисғаттың) бесінші жылында мүшріктер қаншама азаптаса да, мұсылмандардың саны арта берді. Бірақ мүшріктер де азаптарын арттырып, қолдарынан келгеннің бәрін істеп жатты. Пайғамбарымыз сахабаларының төзгісіз азаптарға ұшырауына, аяқтарынан арқанмен түйелерге байланып, қарама-қарсы жаққа тартылып бөлшектенуіне қатты қайғыратын. Бұл азаптар күн өткен сайын күшейе түсті, ал оның мейірімге толы жүрегі бұларға шыдай алмайтын.

Бір күні ол құрметті сахабаларды жинап: «Ей, сахабаларым! Енді жер бетіне тараңдар. Аллаһу та’ала жақында сендерді қайтадан бір жерге жинайды», – деді.

Олар: «Йа, Расулаллаһ! Қайда барайық?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз мүбәрәк қолымен нұсқап, Хабаш елін көрсетті де: «Міне, сонда! Хабаш жеріне барыңдар!1 Өйткені онда қасындағылардың ешқайсысына зұлымдық жасамайтын бір патша бар. Әрі ол жер – шындық елі. Аллаһу та’ала сендер тартып жатқан қиыншылықтардан бір шығу әрі құтылу жолын ашқанша, сендер сонда болыңдар», – деді.

Осылайша әлем сардары Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларын азаптардан құтқаруға, ал меккелік мүшріктерге қарсы күресті өзі жалғыз жалғастыруға шешім қабылдады. Дүниеге келгенде: «Үмметім! Үмметім!» – деген сүйікті Пайғамбарымыз енді де сахабаларының құтылуы үшін өзін пида етіп жатыр еді. Оның осы рұқсатымен құрметті сахабалардың бір бөлігі отандарын тастап, хижрет етіп жатты!.. Бірақ сүйікті Пайғамбарымыздан айырылғандықтан, олардың қайғысы да өте зор еді.

Бұл алғашқы хижретке хазреті Осман мен оның әйелі хазреті Руқаййә бинт Расулуллаһ, Әбу Хузәйфә мен оның әйелі Сәһлә бинт Сухәйл, Зубәйр бин Аууам, Мусаб бин Умәйр, Абдуррахман бин Ауф, Әбу Сәләмә бин Абдуләсад пен оның әйелі Үммү Сәләмә, Хатиб бин Амр, Амир бин Рәбиа мен оның әйелі Ләйла бинт Әби Хасмә, Осман бин Мазун, Әбу Сабра бин Әби Руһм мен оның әйелі Үммү Гүлсім бинт Сухәйл, Сухәйл бин Бәйда және Абдуллаһ бин Мәсуд (радиаллаһу анһум) қатысты.2 Пайғамбарымыз хазреті Осман туралы: «Күмәнсіз, Осман – Лұт пайғамбардан кейін әйелімен бірге хижрет еткен алғашқы адам», – деді.

Құрметті сахабалардың бір бөлігі көлікпен, бір бөлігі жаяу, жасырын түрде Меккеден шығып кетті. Керуен Шуайбаға жеткенде, ұлы Аллаһтың лұтфымен онда екі сауда кемесі келген еді. Сахабалар саудагерлерге жарты алтыннан ақы төлеп, кемелерге мінді. Сол кезде мұны естіген мүшріктер сахабалардың соңынан қуып шықты. Олар теңіз жағасына жеткенде, мұхажирлер кемелерге мініп, теңізге шығып кеткен еді, сондықтан мүшріктер олардың ешқайсысын ұстай алмады. Әрекеттері зая кетті де, олар үміттері үзіліп, кері қайтты. Сахабалар Қызыл теңіз арқылы Хабашстанға аман-есен жетті.3 Хабаш патшасы Нәжаши мұсылмандарды өз еліне орналастырып, оларға өте жақсы қарады.

«Ей, сахабаларым! Енді жер бетіне тараңдар. Аллаһу та’ала жақында сендерді қайтадан бір жерге жинайды» Хадис шәриф

Сахабалар Хабашстанға кеткеннен кейін Нәжм сүресі түсті. Расулуллаһ Мәсжид-и Харамда құрайыштықтарға бұл сүрені оқып жатқанда, мүшріктердің пұттары аталатын 19 және 20-аят кәрималарға жеткенде, лағнетті шайтан: «Пұттар – ұлы пұттар, олардан шапағат күтіледі» сияқты нәрселерді араластырып жіберді. Мүшріктер мұны Расулуллаһ айтты деп ойлады да: «Ол біздің дінімізбен келіскен екен, біз де онымен татуластық», – деді. Сол кезде Уәлид бин Муғира да Расулуллаһқа келіп: «Бұдан былай біз саған тимейміз», – дегенде, Пайғамбарымыз таң қалды. Мүшріктердің бұл «татуласу» (!) хабары мүбәрәк Рамазан айының соңында Хабашстандағы сахабаларға жетті. Хабашстандағы мұсылмандар: «Меккеде мүшріктер мен мұсылмандар келісім жасасыпты!» – деген хабар алды. Осыдан кейін олар: «Біздің хижретіміз, жеріміз бен үйімізді тастап кетуіміз мүшріктердің дұшпандығы салдарынан еді. Енді олардың дұшпандығы достыққа айналыпты. Олай болса, барып, Расул-и әкрамға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қызмет ету мәртебесіне ие болайық», – деп ойлады. Сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам шайтанның бұл айласын Расулуллаһқа білдірді. Расулуллаһ қатты қайғырды. Хақ та’ала Хаж сүресінің 52-аят кәримасын түсірді, оның мағынасы мынадай: «Сенен бұрын Біз жіберген шариғат иесі расулдар мен оларға ілескен нәбилер аят кәрима оқығысы немесе өздерінен бір нәрсе айтқысы келгенде, шайтан олардың оқығанына не айтқанына бір нәрсе араластырады. Аллаһу та’ала шайтанның араластырғанын дұрысынан ажыратады. Сосын Өз аяттарын бекемдейді. Аллаһу та’ала адамдардың халдерін білуші әрі Өз үкімін орындаушы». Бұл аятты естігенде, мүшріктер мұсылмандарға қайтадан жәбір көрсетіп, азаптай бастады. Мұхажирлер Хабаш патшасынан рұқсат алып, Шәууәл айында Мекке-и Мукаррамаға келді. Бірақ олар алған хабардың жалған екенін білді.4 Болған жайларды білгенде, олар аң-таң қалды. Сосын Пайғамбарымыздың құзырына келіп, Хабашстан туралы: «Біз онда жақсы көршілік пен қамқорлық көрдік. Дінімізге тимеді, бізді ренжітпеді. Бізге ұнамайтын бір де бір сөз естімедік. Тыныштықта Аллаһу та’алаға ғибадат еттік», – деді.5 Олар Хабашстанның суы, ауасы және жемістері күш беретінін, онда төрт ғибадатхана бар екенін, күн сайын бұл жерлерде түйелер, қойлар сойылатынын, кедейлер мен бөгде адамдар шақырылып, жақсы күтілетінін, патшаларының өзі келіп оларды көріп, оларға қауіпсіздік кепілін бергенін және қиыншылықтарын жойғанын ұзақ айтып, ризашылықтарын білдірді.6 Олар Хабашстанда екі айдан артық тұрған еді.

Хазреті Хамзаның мұсылман болуы

Бисғаттың алтыншы жылы… Исламның үні күн өткен сайын құлақтан құлаққа тарап, көңілдерге жетіп, одан әрі алысқа кетіп жатты. Бұл жағдай құрайыштық мүшріктерді құтыртатын: қанша тырысса да, олар исламның таралуына кедергі бола алмайтын. «Дәлаилун-нубууә» мен «Мағарижун-нубууә» кітаптарында былай білдірілген:

Мүшріктерден Уәлид деген біреудің бір пұты бар еді. Олар Сафа төбесіне жиналып, осы пұтқа ғибадат ететін. Бір күні Пайғамбарымыз олардың жанына барып, мүшріктерді иманға шақырды. Кәпір бір жын сол пұттың ішіне кіріп, сүйікті Пайғамбарымыз туралы лайықсыз сөздер айтты. Әлемнің мақтанышы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қайғырды. Тағы бір күні өзі көрінбейтін біреу Пайғамбарымызға сәлем беріп: «Йа, Расулаллаһ! Кәпір бір жын сіз туралы лайықсыз нәрселер айтыпты. Мен оны тауып өлтірдім. Қаласаңыз, ертең Сафа төбесіне келмейсіз бе? Сіз оларды тағы исламға шақырасыз. Ал мен сол пұттың ішіне кіріп, сізді мадақтайтын сөздер айтамын», – деді. Пайғамбарымыз Абдуллаһ есімді бұл жынның ұсынысын қабыл етті.

Ертеңіне сүйікті Пайғамбарымыз сонда барып, мүшріктерді қайтадан иманға шақырды.

Әбу Жәһл де сонда еді. Мұсылман жын мүшріктердің қолындағы пұттың ішіне кіріп, сүйікті Пайғамбарымыз бен ислам туралы көркем сөздер мен өлеңдер айтты. Бұл сөздерді естігенде, мүшріктер қолдарындағы пұтты қиратып лақтырды да, Расулуллаһқа тап берді. Оның мүбәрәк шашы ұйпа-тұйпа болды. Мүбәрәк жүзі қанға боялды. Ол олардың бұл жәбірі мен азабына шыдап: «Ей, құрайыштықтар! Сендер мені ұрып жатырсыңдар. Бірақ мен – сендердің пайғамбарларыңмын», – деді. Сосын ол жерден кетіп, үйіне қайтты. Бір қызметші қыз бұл оқиғаны басынан аяғына дейін көріп тұрған еді. Сол кезде хазреті Хамза тауда аң аулап жүрген еді. Ол бір киікке садақ атқалы тұрғанда, киік тіл бітіп: «Ей, Хамза! Маған атқанша, бауырыңның ұлын өлтіргісі келетіндерді атсаң, қайырлырақ болар еді», – деді. Хазреті Хамза бұл сөздерге таң қалып, тез үйіне бет алды. Әдеті бойынша ол аңнан қайтқанда, тауап ету үшін алдымен Харам-и шәрифке соғып, сосын ғана үйіне баратын. Сол күні тауап етіп жүргенде, қызметші қыз оның жанына келіп, Әбу Жәһлдің Мұхаммед алейһиссаламға не істегенін хабарлады. Пайғамбарымыздың қорланғанын естігенде, хазреті Хамзаның туыстық сезімі оянды. Ол қаруларын алып, мүшріктер отырған жерге келді. Ол: «Бауырымның ұлына жаман сөз айтқан, оның көңілін жаралаған сенсің бе? Міне, менің дінім де – оның діні. Шамаң келсе, оған істегеніңді маған да істеп көр!» – деді де, мойнындағы садақпен Әбу Жәһлдің басын жарып жіберді. Сол жердегі кәпірлер хазреті Хамзаға тап бергісі келді. Бірақ Әбу Жәһл: «Оған тимеңдер, Хамза дұрыс айтады. Мен оның бауырының ұлына жаман сөздер айттым», – деді. Хазреті Хамза кеткеннен кейін Әбу Жәһл айналасындағыларға: «Абайлаңдар, оған тиіспеңдер! Ол бізге ашуланып, мұсылман болып кетеді. Ол арқылы Мұхаммед күшейеді», – деді. Өйткені Хамза сыйлы, қадірлі әрі күшті адам еді. Әбу Жәһл хазреті Хамза мұсылман болмасын деп, басының жарылуына да көнген еді. Хазреті Хамза Пайғамбарымыздың жанына келіп: «Ей, Мұхаммед! Мен сен үшін Әбу Жәһлден кек алдым. Оны қанға бояп тастадым. Қайғырма, қуан!» – деді. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Мен мұндай нәрселерге қуанбаймын», – деді. Хазреті Хамза: «Сені қуанту, қайғыдан құтқару үшін не қаласаң, соны істеймін!» – дегенде, Пайғамбарымыз: «Мен тек сенің иман келтіруіңе және қымбат денеңді тозақ отынан құтқаруыңа ғана қуанамын», – деді.

Хазреті Хамза дереу мұсылман болды. Ол туралы аят кәрима түсті. Хазреті Абдуллаһ ибн Аббастың айтуынша, Құран кәрімде, Әнғам сүресінің 122-аят кәримасында «тірілтілген және нұрға қауыштырылған» деп айтылған кісі – хазреті Хамза, ал «қараңғылықтарда адасып жүрген» деп айтылғаны – Әбу Жәһл.

Хазреті Хамза мүшріктердің жанына барып, мұсылман болғанын және Аллаһу та’аланың хабибі Мұхаммед алейһиссаламды жаны қиылса да қорғайтынын білдіріп, бір қасида оқыды. Ол оқыған қасидасында былай деді: «Жүрегімді исламға және хаққа бейімдегені үшін Аллаһу та’алаға хамд болсын. Бұл дінді құлдарының әр істегенін білетін, әркімге Өз лұтфымен мәміле ететін, құдіреті әр нәрседен басым, әлемдердің Раббысы Аллаһу та’ала жіберді. Құран кәрім оқылғанда, жүрек пен ақыл иелерінің көздерінен жас ағады. Құран кәрім ашық, шешен тілмен түсіндірілген аяттар түрінде Мұхаммед алейһиссаламға түсті. Ол – Мұхаммед Мұстафа – арамызда сөзі тыңдалатын, оған бас иілетін мүбәрәк бір кісі. Ей, мүшріктер! Ақылдарыңнан айырылып, көздерің қарауытып, ол туралы қатқыл, ауыр әрі дөрекі сөздер айтпаңдар. Егер осындай ойға берілсеңдер, біз, мұсылмандардың, денелерімізді басып өтпейінше, ешкім оған тие алмайды».

«Ей, құрайыштықтар! Сендер мені ұрып жатырсыңдар. Бірақ мен – сендердің пайғамбарларыңмын» Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам

Хазреті Хамзаның мұсылман болуына сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қатты қуанды. Ол да олардың қатарына қосылған соң, мұсылмандар қатты күшейді. Хазреті Хамза мұсылман болғанда, жағдай өзгерді. Өйткені меккеліктер хазреті Хамзаның соғысқа шебер, батыл, мәрт, палуан әрі үлкен батыр екенін білетін. Сондықтан құрайыштық мүшріктер енді мұсылмандарға еш себепсіз жаман мәміле жасай алмады, әсіресе хазреті Хамзаның қылышының қаһарынан сескенді.7

Ғашқыңмен жолға шықтым,
Шапағат йа Расулаллаһ!
Күнәкармын, жүзім қара,
Шапағат йа Расулаллаһ!

Хазреті Омардың мұсылман болуы

Ислам діні күннен-күнге таралып, Құран кәрімнің нұры рухтарды нұрландырып жатты. Несібесі барлар Аллаһу та’аланың ихсанымен иман келтіріп, хидаятқа қауышып жатты. Құрметті сахабалардан (радиаллаһу анһум) болу мәртебесіне ие болған бұл мүбәрәк жандар қол ұстасып, көңіл жалғасып, Расулуллаһтың айналасында отқа ұмтылған көбелектей айналатын. Оның ең кішкентай тілегі мен ишаратын үлкен бұйрық деп біліп, оны орындау үшін жарысатын, тіпті бұл жолда жандарын пида етуден де тартынбайтын. Ал мүшріктердің абыржуы мен уайымы шегіне жеткен еді. Өйткені саусақпен нұсқалатын батырлардан хазреті Хамза да мұсылман болып, Расулуллаһтың сапынан орын алған еді. Бұл күтпеген оқиға мүшріктердің мүлде есін шығарды. Сондықтан Хаттабтың ұлы Омар (ол әлі мұсылман емес еді) бір күні Расулуллаһты қай жерде көрсе, сол жерде өлтіру ниетімен үйінен шықты.

Ол сүйікті Пайғамбарымызды Мәсжид-и Харамда намаз оқып жатқан жерінен тапты. Намазының біткенін күтіп тұрғанда, оның оқығандары Омардың назарын аударды да, ол қызыға тыңдай бастады. Хабиб-и әкрам Хаққа сүресін оқып жатқан еді. Мағынасы бойынша: «Келуі хақ болған қиямет!.. Келуі хақ болған қиямет деген не (білесің бе)? Келуі хақ болған қияметтің не екенін саған не білдірді? Сәмуд пен Ад (қауымдары) үрейінен жүректер дірілдейтін қияметті өтірікке шығарды. Сәмуд қауымы азғындықтары себебінен (Жәбрейіл алейһиссаламның айқайымен) құртылды.

Ал Ад қауымы болса, бәрін қиратып, күйдіріп өтетін, гуілдеген, құтырған әрі қатты желмен (дауылмен) құртылды. Аллаһу та’ала ол дауылды жеті түн және сегіз күн үздіксіз олардың үстіне жіберді. (Олар сондай халге түсті,) егер сен сол кезде сонда болсаң, олардың тамырымен жұлынып, жерге құлаған қуыс құрма діңдері сияқты қалай өліп құлағандарын көрер едің! Енді сен олардан қалған бір нәрсені (бір адамды, бір жан иесін) көре аласың ба? Перғауын да, одан бұрынғылар да, асты-үсті болған қалалардың халқы да (Лұт қауымы) үнемі сол қатені (ширк пен бүлікті) жасады… Осылайша олар Раббыларының пайғамбарына (Лұт алейһиссаламға және басқаларға) қарсы шықты. Сонда оларды басқа үмметтерге келген азаптан да қаттырақ азап ұстап алды… Шынында, Біз (Нұх топанында) су жан-жақты басқанда, сендерге ғибрат болсын және оны еститін құлақтар сақтап, есте ұстасын деп, сендерді (тіршіліктеріңе себеп болған ата-бабаларыңды) кемеде алып жүрдік.

Сурға бір рет үрленгенде, жер мен таулар орындарынан көтеріліп, быт-шыт болғанша бір-біріне қатты соғылғанда, міне, сол күні қиямет қайым болады. Сол күні көк өзінің күші мен беріктігінен айырылып, жарылады әрі ыдырайды.

Періштелер болса көктің шеттерінде (Раббыларының әмірін күтіп тұрады). Сол күні Раббыңның Аршын (көктің айналасындағылардан) сегіз періште көтеріп тұрады. Сол күні сендер (есеп үшін Аллаһу та’алаға) көрсетілесіңдер, (дүниеде жүргенде жасырдық деп ойлаған) бір де бір сырларың (Аллаһу та’аладан) жасырын қалмайды. Міне, сол кезде кітабы оң қолына берілген адам (қуанып) айтады: „Алыңдар, кітабымды оқыңдар! Мен, шынында, есебіммен бетпе-бет келетінімді анық білетін едім“.

Міне, ол разы болатын өмірде, биік жәннатта болады… Оның (жемістері) үзіп алатындай жақын. (Оларға айтылады:) „Өткен күндерде (дүниеде) алдын ала жіберген салих амалдарыңның сыйы ретінде жеңдер, ішіңдер, ас болсын“.

Ал кітабы сол қолына берілген адам болса: „Аһ! Кітабым берілмесе екен… Есебімнің қандай екенін білмесем екен. Аһ! Ол (өлім) менің (өміріме) түбегейлі нүкте қойса екен (және мен тірілмесем екен)! Малым маған ешқандай пайда бермеді. (Бүкіл) билігім (күшім, дәлелім, барым-жоғым) менен айырылып, жоқ болды!..“ – дейді. (Аллаһу та’ала тозақтағы міндетті періштелерге айтады:) „Ұстаңдар оны да, (қолдарын мойнына) байлаңдар!.. Сосын оны Жахимге (тозақтың ең қатты азапты орнына) тастаңдар! Сосын оны жетпіс аршын ұзындықтағы бір шынжырдың ішіне (тағы) кіргізіңдер!.. Өйткені ол ұлы Аллаһу та’алаға сенбейтін еді. Ол (өзі тамақтандыру былай тұрсын, басқаларды да) кедейге тамақ беруге шақырмайтын еді. Сондықтан бүгін мұнда оның (жаны ашитын) бір де бір жақыны (досы да) жоқ. Ғислиннен (тозақ иелерінің қан аралас іріңдерінен) басқа тамағы да жоқ. Оны (біле тұра) қателік жасаушылар (кәпірлер) ғана жейді…“»8 Хазреті Омар Пайғамбарымыздың оқығандарын таңдана тыңдап тұрды. Өмірінде ол мұндай көркем сөздерді естіген емес еді. Мұны ол кейін өзі былай баяндады: «Мен тыңдаған бұл сөздердің шешендігіне, үйлесімділігіне, жинақылығына тәнті болдым. Өз-өзіме: „Ант етемін, бұл, құрайыштықтар айтқандай, ақын болуы керек!“ – дедім». Сол кезде Пайғамбарымыз аят кәрималарды оқуын жалғастырды: «Сендер көретін және көрмейтін нәрселермен ант етемін: күмәнсіз, ол (Құран кәрім) Аллаһу та’аланың құзырында өте мәртебелі бір Расулдың (Раббысынан) әкелген сөзі. Ол ақынның сөзі емес. Сендер қандай аз сенесіңдер!..»9 Хазреті Омар баяндады: «Мен тағы да өз-өзіме: „Бұл көріпкел болуы керек, өйткені ол менің көңілімнен өткенді түсінді!..“ – дедім». Расулуллаһ сүрені оқуын жалғастырып жатты: «Ол көріпкелдің сөзі де емес. Сендер қандай аз ойлайсыңдар!.. Ол (Құран кәрім) әлемдердің Раббысынан (Мұхаммед алейһиссаламға Жәбрейіл алейһиссалам арқылы) түсірілді. Егер ол (Пайғамбар) Бізге қарсы (Біз айтпаған) кейбір сөздерді өзінен ойдан шығарған болса, әрине, Біз оны күшпен ұстап алар едік, сосын күмәнсіз оның жан тамырын (күре тамырын) үзіп, құртар едік!

«(Ей, көке!) Мен тек сенің иман келтіруіңе және қымбат денеңді тозақ отынан құтқаруыңа ғана қуанамын» Хадис шәриф

Сендердің ешқайсың бұған кедергі бола алмас едіңдер! Күмәнсіз, ол (Құран кәрім) тақуалар үшін ашық бір насихат. Біз, әрине, білеміз: араларыңда оны өтірікке шығарушылар да бар (оны растаушылар бар болғаны сияқты). Шынында, ол (Құран кәрім) кәпірлер үшін (құтылмайтын) өкініш пен қасірет (ахиретте оны растаушыларға берілген ниғметтерді көргенде). Шынында, ол (Құран кәрім) – хаққул-йақин (ол, әрине, нақты білімнің ақиқаты, нақты білімнің өзі). Олай болса, ұлы Раббыңның есімін тәсбих ет».10

Хазреті Омар: «Расулуллаһ сүрені соңына дейін оқығанда, көңілімде исламға бір бейімділік пайда болды», – деді. Хазреті Хамза мұсылман болғаннан кейін үш күн өткенде, Әбу Жәһл мүшріктерді жинап, былай деді: «Ей, Құрайыш! Мұхаммед пұттарымызға тіл тигізді. Бізден бұрын өткен ата-бабаларымыздың тозақта азап тартып жатқанын, біздің де сонда баратынымызды айтты!..

Оны өлтіруден басқа амал жоқ!.. Оны өлтірген адамға жүз қызыл түйе мен сансыз алтын беремін!..» Бір сәтте Хаттабтың ұлы Омардың жүрегінен исламға деген бейімділік жоқ болды. Ол орнынан атып тұрып: «Бұл істі Хаттабтың ұлынан басқа ешкім істей алмайды», – деді. «Ал, Хаттабтың ұлы! Көрейік сені!» – деп, жиналғандар оған қол соқты.

Ол қылышын беліне байлап, жолға шықты. Жолда ол Нуайм бин Абдуллаһқа кездесті. Нуайм: «Осындай ашу-ызамен қайда барасың, ей, Омар?» – деп сұрады. Омар: «Халық арасына іріткі салған, бауырды бауырға дұшпан еткен Мұхаммедті өлтіруге бара жатырмын», – деді. Нуайм: «Ей, Омар! Бұл ауыр іс. Оның сахабалары оның айналасында көбелектей айналып, оған бір нәрсе болмасын деп қалтырап тұрады. Оларға жақындау өте қиын. Оны өлтірсең де, Абдулмутталиб ұлдарының қолынан құтыла алмайсың», – деді.

Хазреті Омар бұл сөздерге қатты ашуланды. Ол: «Әлде сен де солардансың ба? Алдымен сенің шаруаңды бітірейін!» – деп, қылышына жармасты. Нуайм: «Ей, Омар! Мені қоя тұр! Сен одан да қарындасың Фатима мен оның күйеуі Саид бин Зәйдке бар: олар да мұсылман болды», – деді. Хазреті Омар бұл сөзге сенбеді. Нуайм: «Сенбесең, барып сұра! Түсінесің», – деді.

Егер хазреті Омар бұл істі жүзеге асырса, діндегі бөлінушілік жойылар еді, бірақ арабтардың әдеті болған қан дауы шығып, Құрайыш екіге бөлініп, арты үзілмейтін қақтығыстар басталар еді. Осылайша Омар бин Хаттаб қана емес, бүкіл Хаттаб ұлдары өлтірілер еді. Бірақ Омар бин Хаттаб өте күшті, батыл әрі ашуы тез болғандықтан, бұларды ойлай алмады. Ол қарындасы үшін алаңдап, дереу олардың үйіне кетті.

Ол кезде Таһа сүресі жаңа ғана түскен еді. Саид пен Фатима (радиаллаһу анһума) оны жаздырып алып, хазреті Хаббаб бин Әрат деген сахабаны үйлеріне шақырып, оқып отырған еді. Хазреті Омар есік алдынан олардың дауысын естіді. Ол есікті қатты қақты. Оның беліне қылыш байлап, ашулы күйде тұрғанын көрген соң, олар жазуды жасырды, хазреті Хаббабты да тығып қойды. Сосын есікті ашты. Ол ішке кіргенде: «Не оқып отыр едіңдер?» – деп сұрады. Олар: «Ештеңе», – деді.

Ол одан бетер ашуланып, айқайлады: «Естігенім рас екен, сендер де оның сиқырына алданыпсыңдар!» Ол хазреті Саидті жағасынан ұстап, жерге ұрды. Қарындасы күйеуін құтқармақ болғанда, ол ашумен оның да бетінен шапалақпен тартып жіберді. Оның бетінен қан аға бастағанын көргенде, қарындасына жаны ашыды. Фатиманың жаны ауырып, қанға боялған еді. Бірақ иманның күші оны қозғады да, ол Аллаһу та’алаға сыйынып: «Ей, Омар! Сен неге Аллаһтан ұялмайсың, Ол аяттар мен мұғжизалармен жіберген Пайғамбарына неге сенбейсің? Міне, мен де, күйеуім де мұсылман болу мәртебесіне ие болдық. Басымызды кессең де, бұдан қайтпаймыз», – деді де, шаһадат кәлимасын оқыды.

Қарындасының бұл иманын көріп, хазреті Омар кенет жұмсарды да, жерге отырды. Ол жұмсақ дауыспен: «Ал, оқып отырған кітаптарыңды шығарыңдаршы», – деді. Фатима: «Сен тазаланбайынша, оны саған бермеймін», – деді. Хазреті Омар ғұсыл алды.

Сосын Фатима Құран кәрімнің бетін алып келді. Хазреті Омар жақсы оқитын. Ол Таһа сүресін оқи бастады. Құран кәрімнің шешендігі, көркемдігі, мағыналары мен артықшылықтары оның жүрегін бірте-бірте жұмсарта берді. «Көктердегі, жердегі, олардың арасындағы және (жеті қат) топырақтың астындағы нәрселер – барлығы Онікі»11 деген мағынадағы аят кәриманы оқығанда, ол терең ойға батты. Ол: «Ей, Фатима! Осы бітпейтін-таусылмайтын болмыстардың барлығы сендер табынатын Аллаһтікі ме?» – деді. Қарындасы: «Иә, солай ғой! Күмән бар ма?» – деп жауап берді. Оның таңданысы арта түсті де: «Ей, Фатима! Біздің алтыннан, күмістен, қоладан, тастан ойылып жасалған, әшекейлі мың бес жүздей пұтымыз бар. Олардың ешқайсысының жер бетінде бір де бір нәрсесі жоқ», – деді. Ол тағы біраз оқып, «Аллаһу та’аладан басқа ғибадат етілетін, табынуға лайықты хақ илаһ жоқ. Ең көркем есімдер – Онікі»12 деген мағынадағы аят кәрима туралы ойланды. «Шынында да, қандай дұрыс!» – деді ол. Мұны естігенде, Хаббаб тығылып тұрған жерінен атып шықты да, тәкбір айтты. Сосын ол: «Сүйінші, ей, Омар! Расулуллаһ Аллаһу та’алаға дұға етіп: „Йа, Раббым! Бұл дінді Әбу Жәһлмен немесе Омармен күшейт!“ – деген еді. Міне, бұл бақ, бұл бақыт саған бұйырды», – деді.

Бұл аят кәрима мен бұл дұға хазреті Омардың жүрегіндегі дұшпандықты сыпырып тастады. Ол дереу: «Расулуллаһ қайда?» – деді. Оның жүрегі енді Расулуллаһқа байланған еді. Сол күні Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хазреті Әрқамның үйінде сахабаларына насихат айтып отырған еді. Құрметті сахабалар сонда жиналған еді: олар оның нұрлы жүзін көріп, тәтті, әсерлі сөздерін естіп, жүректерін тазартатын, шексіз ләззат, рахат пен шаттық ішінде халден халге ауысып, рухтарын жадыратып отыратын.

Әрқамның үйінен хазреті Омардың келе жатқаны көрінді. Қылышы да жанында еді. Ол айбынды, күшті болғандықтан, құрметті сахабалар Расулуллаһты қоршап алды. Хазреті Хамза: «Омардан қорқатындай не бар? Жақсылықпен келсе, қош келді. Әйтпесе, қылышын суырғанша, басын ұшырамын!» – деді. Сонда Расулуллаһ: «Жол беріңдер, ішке кірсін!» – деді.

«Ол көріпкелдің сөзі де емес. Сендер қандай аз ойлайсыңдар!.. Ол (Құран кәрім) әлемдердің Раббысынан (Мұхаммед алейһиссаламға Жәбрейіл алейһиссалам арқылы) түсірілді» Хаққа: 42–43

Жәбрейіл алейһиссалам бұған дейін-ақ хазреті Омардың иман келтіру үшін келе жатқанын және жолда екенін хабарлаған еді. Расулуллаһ хазреті Омарды күлімсіреп қарсы алды да: «Оны қоя беріңдер, жанынан кетіңдер», – деді. Хазреті Омар Расулуллаһтың алдында тізерлеп отырды. Расулуллаһ хазреті Омарды білегінен ұстап: «Иман келтір, ей, Омар!» – деді. Ол таза жүрекпен шаһадат кәлимасын айтты. Құрметті сахабалар қуаныштарынан тәкбір дауыстарын көкке көтерді.

Хазреті Омар мұсылман болғаннан кейін өз жайын былай баяндады:

«Мен мұсылман болғанда, құрметті сахабалар мүшріктерден жасырынып, ғибадаттарын жасырын орындайтын еді. Бұған қатты қайғырдым да: „Йа, Расулаллаһ! Біз хақ жолда емеспіз бе?“ – деп сұрадым. Пайғамбарымыз: „Иә. Болмысым құдірет қолында болған Аллаһу та’алаға ант етемін: өлі болсаңдар да, тірі болсаңдар да, күмәнсіз, сендер хақ жолдасыңдар“, – деді.

Осыдан кейін мен: „Йа, Расулаллаһ! Біз хақ жолда, ал мүшріктер жалған жолда болса, онда біз неге дінімізді жасырамыз? Аллаһпен ант етемін, біз ислам дінін күпірлікке қарсы ашық жариялауға лайықтырақпыз әрі хақылырақпыз. Аллаһу та’аланың діні Меккеде күмәнсіз үстем болады. Қауымымыз бізге әділ қараса, жақсы, ал шектен шыққысы келсе, олармен соғысамыз“, – дедім. Расулуллаһ: „Біз саны жағынан өте азбыз!“ – деді.

Мен: „Йа, Расулаллаһ! Сізді хақ Пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін: еш тартынбай әрі қорықпай отырып, исламды айтпаған бір де бір мүшрік жиыны қалмайды. Енді ашыққа шығайық!“ – дедім. Ол мұны қабыл еткенде, біз екі сап болып сыртқа шықтық та, Харам-и шәрифке қарай аяңдадық. Саптардың бірінің басында Хамза, екіншісінің басында мен болдым. Топырақты ұн еткендей нық қадаммен, салмақты әрі айбынды жүріспен Мәсжид-и Харамға кірдік. Құрайыштық мүшріктер біресе маған, біресе Хамзаға қарап тұрды. Олар сондай қайғы-қасіретке түсті, бәлкім, өмірлерінде мұндай үмітсіздікке ешқашан түспеген шығар». Хазреті Омардың осылай келгенін көрген Әбу Жәһл алға шығып: «Ей, Омар! Бұл не жағдай?» – деп сұрағанда, хазреті Омар оған еш назар аудармай: «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһу уә расулуһ», – деді. Әбу Жәһл не айтарын білмей қалды. Ол сілейіп қатып қалды. Хазреті Омар осы мүшріктер тобына бұрылып: «Ей, Құрайыш!.. Мені білетін біледі! Білмейтін білсін: мен – Хаттабтың ұлы Омармын… Әйелін жесір, балаларын жетім қалдырғысы келген адам орнынан қозғалсын! Қыбыр еткенді қылышыммен турап, жерге жығамын!..» – дегенде, құрайыштық мүшріктер бір сәтте тарап, ол жерден алыстап кетті. Расулуллаһ пен оның ұлы сахабалары сап түзеп, дауыстап тәкбір айтты. Меккенің аспаны құрметті сахабалардың «Аллаһу әкбар!.. Аллаһу әкбар!..» деген үндерімен жаңғырды. Алғаш рет Харам-и шәрифте ашық намаз оқылды.13 Хазреті Омар мұсылман болғанда, Әнфал сүресінің 64-аят кәримасы түсті. Мағынасы бойынша: «Йа, Пайғамбарым! Саған көмекші ретінде Аллаһу та’ала және мүминдерден сенің ізіңмен жүретіндер жеткілікті». Күмәннің ішінде екіұдай күй кешіп жүрген кейбір адамдар хазреті Омардың мұсылман болғанын көргенде, исламды таңдап, сахаба болу мәртебесіне ие болды.

Енді мұсылмандардың саны күн өткен сайын қар көшкініндей өсе бастады.

«Йа, Раббым! Бұл дінді Әбу Жәһлмен немесе Омармен күшейт!» Хадис шәриф

Әр істе Рахман есімін зікір ететін ол – жомарттық кені, Мадақ пен хамдтың кені еді Пайғамбар – ол жомарттық кені. Илаһи лұтфтардың орны, ілім мен жұмсақтықтың бұлағы еді, Көркем мінезге толы еді оның жаны – ол жомарттық кені. Хақтың жаратқандарына Аллаһ үшін жұмсақ әрі кішіпейіл болып, Бүкіл халыққа лұтф пен ихсан ететін еді ол жомарттық кені.

Қағба-и Муаззаманың бұрынғы көрінісі Мекке-и Мукаррама

Хабашстанға екінші хижрет

Құрметті сахабалар (алейһимур-ридуан) Меккеге келгенде, мүшріктер оларға қайтадан жәбір көрсетіп, азаптай бастады. Олардың зұлымдығы күн өткен сайын арта түсті. Олар азаптың неше түрін еш тартынбай жасайтын. Бір күні хазреті Осман: «Йа, Расулаллаһ! Мен Хабашстанды сауда үшін жақсы жер деп көрдім. Бір айлық сауда көп пайда әкеледі. Аллаһу та’ала хижрет орнын белгілегенше, мұсылмандар үшін одан жақсы жер болмайды. Ең болмаса мүминдер құрайыштықтардың жәбірінен құтылады. Нәжашидің бізге көрсеткен лұтфы мен жақсылығы көп», – деді. Осыдан кейін Пайғамбарымыз: «Аллаһу та’аланың есімімен қорғалған болу үшін қайтадан Хабашстанға қайтыңдар», – деді. Хазреті Осман: «Йа, Расулаллаһ! Егер сіз өзіңіз сонда барсаңыз, бәлкім, олар мұсылман болар еді. Олар кітап иелері болғандықтан, тез исламға келеді әрі көмектерін аямайды», – дегенде, сүйікті Пайғамбарымыз: «Мен тыныштық пен рахат іздеуге бұйырылған жоқпын. Хижрет мәселесінде мен Аллаһу та’аланың мүбәрәк әмірін күтемін. Қалай бұйырылса, солай амал етемін», – деді.

Бисғаттың алтыншы жылында, бір риуаят бойынша, құрметті сахабалардан (радиаллаһу анһум) 83 еркек пен 18 әйелден тұратын жүз бір кісілік бір керуен екінші рет Хабашстанға жолға шықты. Бұл керуеннің басшысы етіп хазреті Жафар бин Әби Тәліп тағайындалған еді. Олар Нәжашидің еліне аман-есен жетті. Хабашстанда болған оқиғаларды хазреті Үммү Сәләмә (радиаллаһу анһа) былай баяндады: «Біз Хабашстанға жеткенде, онда өте жақсы бір көршіге кезіктік. Бұл көрші – патша Нәжаши еді. Ол біздің әр тілегімізді орындады. Біз дініміздің бұйрықтарын қалағанымызша орындай алатынбыз. Аллаһу та’алаға еркін ғибадат ете алатынбыз, ешқандай жәбір көрмедік. Бір де бір жаман сөз естімедік». Меккелік мүшріктер бұл жағдайдан хабардар болғанда, Хабаш патшасына екі елші жіберуге шешім қабылдады. Нәжашиге өте қымбат бұйымдардан бөлек, ол қатты ұнататын Меккенің иленген терісінен де сыйлықтар дайындалды. Сонымен қатар дін адамдары мен мемлекет лауазымдыларына да сыйлықтар қарастырылды. Бұл іс Абдуллаһ бин Әби Рәбиа мен Амр бин Асқа жүктелді. Бұл екі елшіге Нәжашидің құзырында не айту керектігі үйретілді. Оларға: «Патшамен сөйлеспес бұрын оның дін басылары мен қолбасшыларының әрқайсысына сыйлықтарын беріңдер. Сосын Нәжашидікін ұсыныңдар. Мұны істегеннен кейін ондағы мұсылмандарды сендерге тапсыруды сұраңдар. Нәжашидің мұсылмандармен кездесіп сөйлесуіне жол бермеңдер», – делінді.14 Елшілер Хабашстанға келді. Мемлекет лауазымдыларымен көрісіп, сыйлықтарын бергеннен кейін, олардың әрқайсысына: «Біздің арамыздан әлдебір адамдар шықты. Олар біз де, сендер де білмейтін жаңа бір дін ойлап шығарды. Біз осы келгендерді өз елдеріне алып қайтқымыз келеді. Патшаларыңмен олар туралы сөйлескенде, келгендермен сөйлеспестен-ақ бізге тапсырылуын қамтамасыз етуге тырысыңдар. Бұл адамдармен ең көп айналыса алатындар – олардың өз әке-шешелері мен көршілері. Олар бұларды өте жақсы біледі», – деді.15 Дін басылары бұл ұсынысты қабылдады. Сосын меккелік елшілер Нәжашидің сыйлықтарын тапсырды. Нәжаши патша сыйлықтарды қабыл алып, оларды шақырып, біраз уақыт олармен сөйлесті.

«Аллаһу та’аланың есімімен қорғалған болу үшін қайтадан Хабашстанға қайтыңдар» Хадис шәриф

Елшілер Нәжашиге былай деді: «Ей, патша! Арамыздан кейбір адамдар сіздің еліңізді паналапты. Бұл келгендер өз халқының дінін тастағаны сияқты, сіздің дініңізге де кірмепті. Олардың өз бастарына лайық, ойдан шығарылған бір діні бар. Бұл дінді біз де, сіз де білмейміз. Бізді сізге олар тиесілі халықтың игі жақсылары жіберді. Бұл игі жақсылар сіздің еліңізді паналаған адамдардың әкелері мен жақын туыстары. Олардың тілегі – келгендерді қайтару. Өйткені олар бұлардың жайын жақыннан біледі. Бұлардың өз дінінде нені ұнатпайтынын жақсырақ біледі…» Амр бин Ас та, Абдуллаһ бин Әби Рәбиа да ең қатты қалаған нәрсе – Нәжашидің бұл сөздерді тыңдап, олардың қалауынша әрекет етуі еді. Елшілер бұл сөздерді айтқаннан кейін, Нәжашидің дін басылары сөз алып, былай деді: «Олар өте дұрыс айтты. Олардың халқы бұлармен жақсырақ айналыса алады, бұлардың нені ұнатып, нені ұнатпайтынын жақсырақ біледі. Сондықтан сіз бұл адамдарды тапсырыңыз, бұлар оларды өз елдері мен халқына алып қайтсын». Нәжаши патша бұл сөздерге қатты ашуланды: «Аллаһпен ант етемін, жоқ! Мен бұл адамдарды тапсырмаймын. Мені паналаған, еліме келген адамдарға опасыздық жасай алмаймын. Олар мені басқалардан артық көріп, менің еліме келді. Сондықтан мен келген мұхажирлерді сарайыма шақырамын, олардан бұл адамдардың сөздеріне қарсы не айтатындарын сұраймын және жауаптарын тыңдаймын. Егер мұхажирлер бұлар айтқандай болса, оларды келгендерге беріп, өз халқына қайтарамын. Олай болмаса, оларды қорғаймын, елімде тұрған кезде оларға жақсылық жасаймын», – деді. Бұған дейін Нәжаши көктен түскен кітаптарды зерттеген еді. Ол Мұхаммед алейһиссаламның келу уақыты жақын екенін, қауымы оны өтірікші деп, оған сенбейтінін және оны Меккеден қуып шығаратынын білетін. Нәжаши меккелік елшілерден: «Олар кімге сенеді?» – деп сұрады. Олар: «Мұхаммедке», – деді. Бұл есімді естігенде, Нәжаши оның пайғамбар екенін түсінді, бірақ сездірмеді. Ол келгендерден тағы сұрады: «Оның діні мен жолы қандай, ол неге шақырады?» Амр: «Оның жолы жоқ», – деді. Нәжаши: «Жолын, дінін білмеген, мені паналаған бір топты қалай тапсырайын? Мәжіліс құрайық. Оларды да алып келейік. Сендерді бетпе-бет кездестірейік. Барлығыңның жайы анықталсын. Олардың дінін де білейін», – деді. Мұсылмандарды сарайға шақырды. Мұсылмандар алдымен өзара кеңесті: «Хабаш патшасына ұнайтындай және оның мінезіне сай келетіндей етіп не айтсақ екен?» – деп сөйлесті. Хазреті Жафар: «Аллаһпен ант етемін, бұл мәселеде біздің білетініміз – Пайғамбарымыздың бізге бұйырғаны ғана. Нәтиже немен аяқталса да, біз разымыз», – деді. Бәрі мұны қабыл етіп, тек хазреті Жафар ғана сөйлейтін болып келісті де, Нәжашидің құзырына келді. Нәжаши патша да өз ғалымдарын жинады. Үлкен мәжіліс құрылды. Сосын мұхажирлерді алып кірді. Мұсылмандар кіргенде, сәлем берді.

Бірақ олар сәжде етпеді. Нәжаши олардан: «Неге сәжде етпедіңдер?» – деп сұрағанда, олар: «Біз Аллаһу та’аладан басқа ешкімге сәжде етпейміз. Пайғамбарымыз бізге Аллаһу та’аладан басқаға сәжде етуге тыйым салып: „Сәжде тек Аллаһу та’алаға ғана тән“, – деді», – деп жауап берді. Нәжаши мұхажирлерге: «Ей, құзырыма келген жамағат! Маған айтыңдар: еліме не үшін келдіңдер? Жайларың қандай? Сендер саудагер емессіңдер, ешқандай өтініштерің де жоқ. Сендердің мына шыққан пайғамбарларыңның жайы қандай? Неге сендердің елдеріңнен мұнда келетіндер сәлемдескендей сәлемдеспейсіңдер?» – деді.

Жафар (радиаллаһу анһу): «Ей, патша! Мен алдымен үш сөз айтамын. Дұрыс айтсам, мені растаңыз, өтірік айтсам, өтірікке шығарыңыз. Ең алдымен бұйырыңыз: мына адамдардың тек біреуі ғана сөйлесін, екіншісі үндемесін!» – деді.

Амр бин Ас: «Мен сөйлейін», – деді. Нәжаши: «Ей, Жафар, алдымен сен сөйле», – деді.

Хазреті Жафар: «Менің үш сөзім бар. Мына адамнан сұраңыз: біз ұсталып, қожайындарымызға қайтарылуға тиіс құлдармыз ба?» – деді. Нәжаши: «Ей, Амр! Олар құл ма?» – деп сұрады. Амр: «Жоқ! Олар құл емес, олар азат!» – деді. Хазреті Жафар: «Бәлкім, біз біреудің қанын жазықсыз төгіп, қаны төгілгендерге тапсырылуға тиіспіз?» – деді. Нәжаши Амрдан: «Бұлар біреуді жазықсыз өлтірді ме?» – деп сұрағанда, Амр: «Жоқ, бір тамшы да қан төккен жоқ», – деді. Хазреті Жафар Нәжашиге: «Бәлкім, бізде басқалардың малынан жазықсыз алған, төлеуге міндетті болған мал бар шығар?» – деді. Нәжаши: «Ей, Амр! Егер мына байғұстардың төлейтін өте көп алтыны болса да, қарыздары болса, оны мен төлеймін, айтыңдар!» – деді. Амр: «Жоқ, бір қырат (бір ақша бірлігі) та жоқ!» – деді. Нәжаши: «Онда сендер олардан не қалайсыңдар?» – деп сұрағанда, Амр: «Олар мен біз бір дінде, бір жолда едік. Олар мұны тастады. Мұхаммедке және оның дініне ерді», – деді. Нәжаши Жафардан: «Сендер бұрынғы діндеріңді тастап, неге басқаға ердіңдер? Қауымдарыңның дінінен айырылыпсыңдар, менің дінімде де емессіңдер, онда сендер сенетін бұл дін қандай? Ол туралы мәлімет бересің бе?» – деп сұрады.

Хазреті Жафар былай деді: «Ей, патша! Біз надан бір халық едік. Пұттарға табынатынбыз. Өлексе жеп, неше түрлі жамандық жасайтынбыз. Туыстарымызбен байланысты үзетінбіз, көршілерімізге жақсылық жасамайтынбыз. Күштілеріміз әлсіздерге зұлымдық жасайтын және мейірімнің не екенін білмейтін. Аллаһу та’ала бізге өз арамыздан шыншылдығын, сенімділігін, ибалылығын, тазалығын және тегінің тектілігін білетін бір пайғамбар жібергенше, біз сол халде болдық. Ол пайғамбар бізді Аллаһу та’аланың бар екеніне және бір екеніне сенуге, Оған ғибадат етуге, біз және ата-бабаларымыз табынып келген тастар мен пұттарды тастауға шақырды. Ол бізге шыншыл болуды, аманатқа қиянат жасамауды, туыстық хақыларын сақтауды, көршілермен тату тұруды, күнәлардан және қан төгуден сақтануды бұйырды. Әр түрлі азғындықтан, өтірік айтудан, жетімдердің малына қол сұғудан, ары таза әйелдерге жала жабудан бізді тыйды. Бізге Аллаһу та’алаға серік қоспай ғибадат етуді бұйырды. Біз де мұны қабылдадық және ол Аллаһу та’аладан не әкелсе, соның бәріне сендік, ол айтқандарды орындадық. Аллаһу та’алаға ғибадат еттік. Оның бізге харам еткенін харам, халал еткенін халал деп біліп, солай амал еттік. Сол үшін қауымымыз бізге дұшпан болып, зұлымдық жасады. Бізді дінімізден қайтару, Аллаһу та’алаға ғибадаттан бездіріп, қайтадан пұттарға табындыру үшін неше түрлі азап пен бейнетке душар етті. Бізге зұлымдық жасады. Бізді қысқан үстіне қысты. Олар бізбен дініміздің арасына түсіп, бізді дінімізден айырғысы келді. Осыдан кейін біз елімізді, үйімізді тастап, сіздің еліңізді паналадық. Сізді басқалардан артық көрдік. Сіздің қамқорлығыңызға, көршілігіңізге ынтықтық. Сіздің жаныңызда зұлымдыққа, әділетсіздікке ұшырамаймыз деп үміттенеміз». Хазреті Жафар сөзін былай жалғастырды: «Сәлем беру мәселесіне келсек, біз сізге Расулуллаһтың сәлемімен сәлем бердік. Бір-бірімізге де солай сәлем береміз. Жәннаттағылардың сәлемі де осындай екенін Пайғамбарымыз хабарлады. Сондықтан біз сіздің ұлы тұлғаңызға солай сәлем бердік. Пайғамбарымыз адамдарға сәжде етілмейтінін айтқандықтан, біз Аллаһу та’аладан басқаға сәжде етуден Аллаһу та’алаға сыйынамыз». Нәжаши: «Сен Аллаһ білдіргендерден біраз білесің бе?» – деп сұрады. Хазреті Жафар: «Иә», – дегенде, Нәжаши: «Оны маған оқы», – деді. Хазреті Жафар Мәриям сүресінің алғашқы аяттарын оқи бастады (оның Анкабут және Рум сүрелерінен оқығаны да риуаят етіледі). Нәжаши жылап тұрды. Көздерінен аққан жас сақалын суландырды. Діни қызметкерлер де жылады. Нәжаши мен діни қызметкерлер: «Ей, Жафар! Мына тәтті әрі көркем сөзден тағы біраз оқы», – деді. Хазреті Жафар Кәһф сүресінің басынан оқыды, онда мағынасы бойынша былай делінеді: «Хамд болсын сол Аллаһқа, Ол кәпірлерді (ұлы) Өз құзырынан шыққан ең қатты азаппен (тозақпен) қорқыту, салих амал жасайтын мүминдерді ішінде мәңгі қалатын көркем бір сыймен (жәннатпен) сүйіншілеу және „Аллаһу та’ала бала алды“, – дегендерді қорқыту үшін сөзінде ешбір қисықтық, мағынасында ешбір қайшылық жоқ, (асыра сілтеуден де, кемітуден де алыс) тап-тура кітапты (Құран кәрімді) Өз құлына (Мұхаммед алейһиссаламға) түсірді. Олардың да („Аллаһу та’ала бала алды“, – дегендердің), ата-бабаларының да бұл (сөз) туралы ешқандай ілімі (әрі білімі) жоқ. Олардың аузынан шыққан бұл сөз (ауыр әрі) өте қатерлі. Олар тек өтірік айтады. (Йа, Расулым!) Егер олар осы Құран кәрімге сенбесе, сен қайғы мен ашумен олардың артынан өзіңді құртасың ба! Біз жер бетіндегі нәрселерді (ормандарды, өзендерді, кендерді, жануарлар мен өсімдіктерді…) адамдардың қайсысының амалы жақсы екенін сынау үшін көрік еттік…»16

«Сәжде тек Аллаһу та’алаға ғана тән» Хадис шәриф

Нәжаши өзін ұстай алмай: «Аллаһпен ант етемін, бұл – бір шырақтан атқылаған нұр. Мұса мен Иса да (алейһимассалам) осымен келген еді», – деді. Сосын Құрайыштың елшілеріне бұрылып: «Барыңдар! Аллаһпен ант етемін, мен оларды сендерге бермеймін, олар туралы ешқандай жамандық та ойламаймын», – деді. Абдуллаһ бин Әби Рәбиа мен Амр бин Ас Нәжашидің алдынан шығып кетті.17 Амр Абдуллаһқа: «Ант етемін, Нәжашидің алдында олардың бір айыбын ашып беремін де, түп-тамырымен құртамын. Көресің!» – деді. Досы Амрға: «Олар бізге қарсы шықса да, жақсы-жаман туыстығымыз бар. Олай істеме», – деді. Амр: «Олардың Иса алейһиссаламды бір құл деп білетінін Нәжашиге жеткіземін», – деді. Ертеңіне ол Нәжашиге барып: «Ей, патша! Олар Мәриям ұлы Иса (алейһиссалам) туралы ауыр сөздер айтады. Оларға адам жіберіп, Иса алейһиссалам туралы не дейтінін бір сұрап көріңіз», – деді. Нәжаши хазреті Иса туралы көзқарастарын сұрау үшін мұсылмандарға адам жіберді. Мұсылмандар тағы жиналды. Олар бір-біріне: «Иса алейһиссалам туралы сұраса, не деп жауап береміз?» – десті. Хазреті Жафар: «Аллаһпен ант етемін, хазреті Иса туралы Аллаһу та’аланың айтқанын, Пайғамбарымыздың бізге әкелгенін айтамыз», – деді. Олар Нәжашидің алдына барғанда, Нәжаши: «Сендер Мәриям ұлы Иса алейһиссалам туралы не дейсіңдер?» – деп сұрады. Хазреті Жафар: «Біз Иса алейһиссалам туралы Пайғамбарымыздың бізге Аллаһу та’аладан әкеліп жеткізгенін айтамыз. Біз оның Аллаһу та’аланың құлы әрі расулы екенін, дүниеден де, ер адамдардан да бас тартып, Хақ та’алаға берілген ибалы әйел хазреті Мәриямға Аллаһу та’ала салған Сөзі екенін қабыл етеміз. Мәриям ұлы Исаның жайы, дәрежесі – осы. Аллаһу та’ала хазреті Адамды топырақтан жаратқаны сияқты, Иса алейһиссаламды да әкесіз жаратты дейміз», – дегенде, Нәжаши қолын жерге созып, жерден бір сабан қылшығын алды да: «Ант етемін, Мәриям ұлы Иса да сендер айтқаннан артық ешнәрсе емес. Арада тіпті мына қылшықтай да айырмашылық жоқ», – деді.

Нәжаши мұны айтқан кезде, айналасындағы мемлекет қайраткерлері мен қолбасшылары өзара сыбырласып, күңкілдей бастады.

Нәжаши мұны көріп, оларға: «Ант етемін, сендер не десеңдер де, мен бұлар туралы жақсы ойдамын», – деді. Сосын мұсылман мұхажирлерге бұрылып, былай деді: «Сендерді де, сендер қасынан келген адамды да құттықтаймын! Мен оның Аллаһтың расулы екеніне сендім. Біз оны Інжілден көрген едік. Ол Расул туралы Мәриям ұлы Иса да хабар берген. Аллаһпен ант етемін, егер ол осында болса, барып оның аяқ киімін тасып, аяқтарын жуар едім! Барыңдар! Елімнің қол тимеген өлкесінде, кез келген шабуылдан аулақ, қауіпсіз әрі тыныш өмір сүріңдер. Сендерге жамандық жасағанды құртамын. Маған таудай алтын берсе де, сендердің біреуіңді де ренжітпеймін!»

Сосын Нәжаши Құрайыш елшілері әкелген сыйлықтар туралы: «Менің бұларға мұқтаждығым жоқ! Басқалар тартып алған мына билігімді Аллаһу та’ала маған қайтарып бергенде және халқымды маған бағындырғанда, менен пара алған жоқ», – деп, сыйлықтарын қайтарып берді. Құрайыш елшілері Нәжашидің алдынан құр қол қайтты. Бақытты Нәжаши болса исламды таңдап, құрметті сахабаларды қатты қуантқан еді.18

ХАҚ ЖАРАТТЫ ҒАЛАМДЫ
Хақ жаратты ғаламды Мұхаммедтің ғашқына,
Ай мен күнді жаратты Мұхаммедтің шауқына.
«Бол!» деді – болды ғалам, жазылды Ләуһ пен Қалам,
Оқылды Құран тамам Мұхаммедтің шанына.
Барша әулие келді, дәргаһқа бет сүртті,
Тәухид зікірін етті Мұхаммедтің нұрына.
Уәйс Қарани жетсе де, тағы да талпынды,
Сегіз жәннат безенді Мұхаммедтің ғашқына.
Ауада құстар ұшады, көгереді тау-тастар,
Жеміс береді ағаштар Мұхаммедтің ғашқына.
Имансыздар келді де, одан иман алды,
Бес уақыт намаз оқыды Мұхаммедтің ғашқына.
Періштелер келді де, сап-сап болып тұрды,
Бес уақыт намаз оқыды Мұхаммедтің ғашқына.
Жүніс қайдан мақтасын – Құран аяты мақтар,
Еске ал, айт салауат Мұхаммедтің ғашқына.

«Сендерді де, сендер қасынан келген адамды да құттықтаймын! Мен оның Аллаһтың расулы екеніне сендім. Біз оны Інжілден көрген едік. Ол Расул туралы Мәриям ұлы Иса да хабар берген» Нәжаши Әсхамә