ҚОРЛЫҚ, АЗАП ЖӘНЕ ЗҰЛЫМДЫҚ
Құрайыштың игі жақсылары болған мүшріктер енді Пайғамбарымызды жалғыз көрсе, оған шабуыл жасап, қорлайтын, тіпті ұруға да ұмтылатын болды. Оның сахабаларын азаптаудан да тартынбайтын. Бір күні Құрайыштың игі жақсылары болған мүшріктер қасиетті Қағбаның жанында отырған еді. Олар Пайғамбарымыз туралы әңгіме қозғап, былай деді: «Біз ешнәрсеге оған шыдағандай шыдаған емеспіз. Ол бізді ақылсыз дейді, тәңірлерімізді қорлап жамандайды, дінімізді айыптайды, жамағатымызды бір-бірінен бөледі, ал біз бәрібір сабыр етіп, бір ауыз сөз айтпаймыз». Дәл сол кезде Хабиб-и әкрам Қағбаны зиярат етуге келді. Ол Хажар-и Әсуадты (Қара тасты) сүйіп, тауап ете бастады. Олардың жанынан өткенде, мүшріктер Пайғамбарымызға қорлайтын сөздер айта бастады. Расулуллаһ бұған қатты ренжіді, бірақ ештеңе демей, тауабын жалғастырды. Үшінші рет олардың жанынан өткенде, ол тоқтап, былай деді: «Ей, құрайыштықтар! Мені тыңдаңдар! Жаным құдірет қолында болған Аллаһу та’алаға ант етемін, маған сендердің құрдымға кететіндерің білдірілді!»
Сол жердегі мүшріктер не істерін білмей, сілейіп қатып қалды. Ешқайсысы бір ауыз сөз айта алмады. Тек Әбу Жәһл ғана Расулуллаһтың қасына келіп: «Ей, Әбул-Қасым! Сен бізге бөтен емессің. Біздің дөрекі қылығымызға қарама, ғибадатыңды жалғастыра бер. Сен бізге ілесетіндей надан емессің», – деп жалына бастады. Осыдан кейін Мұхаммед алейһиссалам ол жерден кетті. Ертеңіне мүшріктер сол жерге қайта жиналып, Пайғамбарымыз туралы жаман сөздер айта бастады. Сол кезде ол жерге Расулуллаһ келді. Мүшріктер дереу Аллаһу та’аланың хабибіне тап берді. Олардың ішіндегі ең бедбахттарының бірі Уқбә бин Муайт сүйікті Пайғамбарымыздың мүбәрәк жағасына жабысты. Ол оның мүбәрәк мойнын дем ала алмайтындай етіп қысты. Сол сәтте хазреті Әбу Бәкір келіп жетті де, Расулуллаһты қорғау үшін: «„Раббым – Аллаһ“ деген адамды өлтірмексіңдер ме? Ол сендерге әлемдердің Раббысынан аяттар әкелді ғой!..» – деп айқайлап, олардың арасына түсті. Мүшріктер Хабибуллаһты қойып, Әбу Бәкір Сыддыққа жабылды. Оның мүбәрәк басына жұдырықпен ұрып, аяқпен тепті. Утбә бин Рәбиа деген бір бедбахт хазреті Әбу Бәкірдің мүбәрәк бетіне аяқ киімімен ұрып, қанға бояды. Оны адам танымайтындай халге жеткізді. Тәйм ұлдары жетіп келіп арашаламағанда, оны өлгенше ұратын еді. Оның тайпасынан болғандар әбден әлсіреп, халі нашарлаған хазреті Әбу Бәкірді бір жамылғыға салып, үйіне алып кетті. Сосын дереу Қағбаға қайтып келіп: «Егер Әбу Бәкір өлсе, ант етеміз, біз Утбәні өлтіреміз!» – деді. Содан кейін хазреті Әбу Бәкірдің жанына кетті.1 Хазреті Әбу Бәкір ұзақ уақыт есін жия алмады.
Әкесі мен Бәни Тәйм адамдары оның есін жиғызу үшін көп әуре болды. Ол тек кешке қарай ғана есін жиды. Көзін ашысымен ол әлсіз дауыспен: «Расулуллаһ не істеп жатыр? Оның халі қалай? Оған да тіл тигізіп, қорлаған еді ғой», – дей алды. Адамдар оның анасы Үммүл-Хайрға: «Сұрап көрші, бір нәрсе жей ме, іше ме?» – деді. Әбу Бәкір Сыддықтың мүлде әлі жоқ еді. Ол ешнәрсе жеп-ішкісі келмеді. Үйде адам қалмаған соң, анасы: «Не жейсің, не ішесің?» – деп сұрады. Ол көзін ашты да, өзінің ауруы мен азабын емес, өз жанынан да артық жақсы көретін сүйіктісінің халін сұрады: «Расулуллаһтың халі қалай, не істеп жатыр?»
«Ей, құрайыштықтар! Мені тыңдаңдар! Жаным құдірет қолында болған Аллаһу та’алаға ант етемін, маған сендердің құрдымға кететіндерің білдірілді!» Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам
Анасы: «Аллаһпен ант етемін, сенің досың туралы менде ешқандай хабар жоқ!» – деп жауап берді. Хазреті Әбу Бәкір оған: «Хаттабтың қызы Үммү Жәмилге барып, Расулуллаһ туралы содан сұрашы!» – деді.
Үммү Жәмил хазреті Омардың қарындасы еді және мұсылман болған еді. Хазреті Әбу Бәкірдің анасы Үммү Жәмилге барып: «Балам Әбу Бәкір сенен Мұхаммед алейһиссалам туралы сұрап жатыр. Оның халі қалай екен?» – деді. Үммү Жәмил: «Менде Мұхаммед алейһиссалам туралы да, Әбу Бәкір туралы да ешқандай хабар жоқ! Қаласаң, бірге барайық», – деді. Үммүл-Хайр: «Жарайды», – деген соң, олар хазреті Әбу Бәкірдің жанына келді. Әбу Бәкір Сыддықты осындай аянышты халде, жара мен көгерген жерлердің ішінде көргенде, Үммү Жәмил өзін ұстай алмай шыңғырып жіберді де: «Саған мұны істеген қауым, сөзсіз, азғын әрі шектен шыққан адамдар. Аллаһу та’аладан тілейтінім – олар істегендерінің жазасын тапсын», – деді. Хазреті Әбу Бәкір Үммү Жәмилден: «Расулуллаһ не істеп жатыр, халі қалай?» – деп сұрады. Үммү Жәмил оған: «Мұнда анаң бар, ол менің сөзімді естиді», – дегенде, хазреті Әбу Бәкір: «Одан саған ешқандай зиян келмейді, ол сенің сырыңды таратпайды», – деді. Үммү Жәмил: «Ол тірі, халі жақсы», – деді. Ол тағы да: «Қазір ол қайда?» – деп сұрады. Үммү Жәмил: «Әрқамның үйінде», – деп жауап берді. Хазреті Әбу Бәкір: «Аллаһпен ант етемін, барып Расулуллаһты көрмейінше, ештеңе жемеймін де, ішпеймін де!» – деді. Анасы: «Сен қазір біраз күте тұр! Жұрттың бәрі ұйқыға кетсін, сонда барамыз», – деді.
Жұрттың бәрі ұйықтап, көшелер босағанда, хазреті Әбу Бәкір анасы мен Үммү Жәмилге сүйеніп, ақырын ғана Расулуллаһтың жанына барып жетті. Ол оны құшақтап сүйді, мұсылман бауырларымен құшақтасып көрісті. Хазреті Әбу Бәкірдің бұл халі Пайғамбарымызды қатты қайғыртты. Хазреті Әбу Бәкір: «Йа, Расулаллаһ! Әкем мен анам сізге пида болсын! Ол азғын адамның бет-жүзімді жерге сүйкеп, мені танымастай халге жеткізгенінен басқа ешқандай қайғым жоқ! Ал мына қасымдағы – мені дүниеге әкелген анам Сәлма. Оған дұға етуіңізді өтінемін. Бәлкім, Аллаһу та’ала сіздің құрметіңізге оны тозақ отынан құтқарар», – деді. Осыдан кейін сүйікті Пайғамбарымыз Сәлманың мұсылман болуы үшін Аллаһу та’алаға жалбарынды. Расулуллаһтың дұғасы қабыл болды. Осылайша Үммүл-Хайр да хидаятқа (тура жолға) қауышып, мұсылман болды және алғашқы мұсылмандардың қатарында болу мәртебесіне ие болды.
Әбу Ләһәбтің қолдары құрысын
Пайғамбарымыздың үйі Әбу Ләһәб пен Уқбә бин Муайт деген екі ашынған мүшріктің үйлерінің арасында еді. Олар әр мүмкіндікте сүйікті Пайғамбарымызға жәбір көрсетуге тырысатын. Тіпті түнде малдың ішек-қарнын Расулуллаһтың есігінің алдына тастайтын. Оның көкесі Әбу Ләһәб мұнымен шектелмей, көршісі Адидің үйінен оған тас лақтырып, жәбірлейтін.
Әйелі Үммү Жәмил де күйеуінен қалыспайтын: жинап алған тікенді ағаш бұтақтарын Расулуллаһтың мүбәрәк аяқтарына кірсін деп, ол жүретін жолдарға шашатын. Бір күні Әбу Ләһәб әкелген қоқысын Пайғамбарымыздың есігінің алдына төгіп жатқанда, оны хазреті Хамза көріп қалды. Ол дереу жүгіріп барып, бауыры Әбу Ләһәбті ұстап алды да, әкелген қоқысын өз басына төкті.
Әбу Ләһәб пен әйелінің осы жәбірлерінен кейін олар туралы «Әбу Ләһәбтің қолдары құрысын, құрыды да…» деген сөздермен басталатын Тәббәт сүресі түсті. Әбу Ләһәбтің әйелі Үммү Жәмил өздері туралы сүре түскенін естігенде, Пайғамбарымызды іздей бастады. Оның Қағбаның жанында екенін білген соң, қолына үлкен тас алып, сонда барды. Хазреті Әбу Бәкір дәл сол кезде Пайғамбарымызбен сұхбаттасу бақытына ие болып отырған еді.
Үммү Жәмилдің қолында тас барын көрген соң, ол: «Йа, Расулаллаһ! Үммү Жәмил келе жатыр. Ол өте жауыз әйел, сізге зиян келтіре ме деп қорқамын. Бір шетке шыға тұрсаңыз, жәбір көрмес едіңіз», – деді. Расулуллаһ: «Ол мені көре алмайды», – деді. Үммү Жәмил хазреті Әбу Бәкірдің төбесінен төніп тұрып, арсыз сөздер айтты: «Ей, Әбу Бәкір! Тез айт, сенің досың қайда! Ол мені де, күйеуімді де өлеңмен келекелеп жамандапты. Ол ақын болса, мен де, күйеуім де ақынбыз. Міне, мен де оны өлеңмен келекелеймін. Біз оған қарсымыз, оның пайғамбарлығын қабылдамаймыз және дінін де ұнатпаймыз. Ант етемін, егер мен оны көрсем, мына тасты басына ұрар едім…» Хазреті Әбу Бәкір: «Менің мырзам ақын емес және сені өлеңмен келеке еткен жоқ», – дегенде, Үммү Жәмил бұрылып кетіп қалды. Хазреті Әбу Бәкір Пайғамбарымызға бұрылып: «Йа, Расулаллаһ! Ол сізді көрмеді ме?» – деп сұрады. Ол: «Көрмеді. Аллаһу та’ала оның көзін мені көре алмайтындай етті», – деді.2
Пайғамбарымыздың мүбәрәк қыздарынан хазреті Үммү Гүлсім Әбу Ләһәбтің ұлы Утәйбәмен, ал хазреті Руқаййә оның екінші ұлы Утбәмен атастырылған еді, бірақ олар әлі тұрмысқа шықпаған болатын.
Тәббәт сүресі түскенде, тозақтық Әбу Ләһәб, оның әйелі және Құрайыштың игі жақсылары Утбә мен Утәйбәге: «Оның қыздарын алып, сендер оның жүгін жеңілдеттіңдер. Қыздарымен ажырасыңдар, ол қиындыққа түссін. Біз сендерге Құрайыштан қалаған қыздарыңды алып береміз», – деп ұсыныс жасады. Олар: «Жарайды, ажырастық», – деді. Утәйбә деген арсыз адам одан да әрі асып кетті: ол Пайғамбарымыздың (саллаллаһу та’ала алейһи уә сәлләм) алдына келіп, оны мынадай сөздермен қорлады: «Ей, Мұхаммед! Мен сені де, сенің дініңді де мойындамаймын. Қызыңмен де ажырастым. Енді сен де мені жақсы көрме, мен де сені жақсы көрмеймін! Сен де маған келме, мен де саған келмеймін!..» Сосын ол сүйікті Пайғамбарымызға тап беріп, оның мүбәрәк жағасына жабысты. Көйлегін жыртып, оны қорлады. Осыдан кейін сүйікті Пайғамбарымыз оны қарғап, былай деді: «Йа, Раббым! Оған Өзіңнің жыртқыш аңдарыңның бірін жібер!» Бедбахт Утәйбә әкесіне барып, болған жайды айтқанда, Әбу Ләһәб: «Мұхаммедтің ұлым туралы қарғысынан қорқамын», – деді. Бірнеше күннен кейін Әбу Ләһәб ұлы Утәйбәні саудамен Шамға жіберді. Керуен Зәрқа деген жерде түнеуге тоқтады. Айналада бір арыстан жүре бастады. Утәйбә мұны көре салып: «Ойбай! Ант етемін, Мұхаммедтің (алейһиссалам) қарғысы қабыл болды. Мына арыстан мені жейді! Өзі Меккеде болса да, менің өлтірушім – сол!» – деді. Біраздан соң арыстан көзден ғайып болды. Утәйбәні биіктеу бір жерге жатқызды. Түнде арыстан қайта келді. Ол керуендегілерді бір-бірлеп иіскеп, Утәйбәнің жанына барып жетті. Оның үстіне секіріп, қарнын жарды, басынан ұстап алды да, адам шошитындай етіп тістеп, шаруасын бітірді. Утәйбә: «Мен сендерге: Мұхаммед – адамдардың ең шыншылы, демеп пе едім?» – деп айқайлай-айқайлай жан берді. Ұлын арыстан жарып тастағанын естіген Әбу Ләһәб болса: «Мен сендерге: Мұхаммедтің ұлым туралы қарғысынан қорқамын, демеп пе едім?» – деп жылады.3
«Әбу Ләһәбтің қолдары құрысын (құрдымға кетсін), құрыды да. Оған малы да (әкесінен қалған мұрасы да), тапқаны да пайда бермеді. Ол жалынды отқа кіреді, әйелі де – мойнында ширатылған арқаны бар отын тасушы болып» Тәббәт: 1–5
Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) адамдарды мәңгілік бақытқа шақырып, оларды Аллаһу та’аланың бар екеніне, бір екеніне үндей отырып, тозақта жанбасын деп тырысатын еді. Ал мүшріктер болса: «Ата-бабаларымыздың діні осы», – деп, пұттарға табынуын жалғастыратын. Пайғамбарымыз оларды адамша өмір сүруге, абыройлы әрі мәртебелі болуға, қадірсіздіктен құтылып, жоғары, ұлы дәрежелерге көтерілуге шақыратын. Ал олар өз қырсықтығында табан тірей беретін. Әбу Ләһәб қорлаушылар мен жәбір көрсетушілердің ең алдында тұрды. Ол үнемі Расулуллаһтың соңынан еріп, адамдарды оны тыңдаудан бездіруге, олардың көңілдеріне күмән ұялатуға тырысатын. Жиын орындарында, жәрмеңкелерде Расулуллаһ: «Ей, адамдар! „Лә илаһә иллаллаһ“ деңдер, құтыласыңдар!» – деген сайын, Әбу Ләһәб дереу артынан келіп: «Ей, адамдар! Мына сөйлеп тұрған – менің бауырымның ұлы. Оның сөзіне әсте сенбеңдер. Одан аулақ болыңдар!» – дейтін.
Бір күні Мұхаммед алейһиссалам қасиетті Қағбаның жанында намаз оқып тұрған еді. Құрайыштың игі жақсыларынан Әбу Жәһл, Шәйба бин Рәбиа, Утбә бин Рәбиа, Уқбә бин Әби Муайт болған жеті кісілік мүшріктер тобы келіп, Расулуллаһқа жақын бір жерге отырды. Сол маңайда бір күн бұрын сойылған түйенің қарны мен қалдықтары жатқан еді. Арсыз Әбу Жәһл қасындағыларға бұрылып, жиіркенішті бір ұсыныс жасады: «Араларыңнан кім мына түйенің қарнын алып, Мұхаммед сәждеге барғанда, оның екі иығының арасына қояды?» Сол жердегілердің ең залымы, ең қатыгезі, ең мейірімсізі және ең бедбахты болған Уқбә бин Әби Муайт: «Мен істеймін», – деп, дереу орнынан тұрды. Пайғамбарымыз сәждеде жатқанда, ол қарынды ішіндегілерімен бірге оның мүбәрәк иықтарына қойды. Мұны қарап отырған мүшріктер ішек-сілелері қатып күле бастады. Пайғамбарымыз сәждесін ұзартты, мүбәрәк басын көтермеді. Сол кезде құрметті сахабалардан Абдуллаһ бин Мәсуд бұл жағдайды көрді. Ол бұл оқиғаны былай баяндады:
«Расулуллаһты ол халде көргенде, қаным басыма шапшыды. Бірақ мені мүшріктердің қолынан қорғайтын қауымым да, тайпам да жоқ еді. Мен жалғыз әрі әлсіз едім. Сол сәтте тіпті сөйлеуге де шамам келмеді. Мен орнымда тұрып, Расулуллаһқа үлкен қайғымен қарап тұрдым.
Әттең, сол кезде мені мүшріктерден қорғай алатын күшім немесе қорғаушым болса ғой, Расул алейһиссаламның мүбәрәк иығына қойғандарын алып лақтырар едім! Мен осылай күтіп тұрғанда, Расулуллаһтың қызы хазреті Фатимаға хабар берді. Ол кезде Фатима әлі кішкентай еді. Ол жүгіріп келді де, әкесінің үстіндегілерді алып тастады. Мұны істегендерді қарғап, ауыр сөздер айтты. Ал Расулуллаһ ештеңе болмағандай намазын аяқтады да, үш рет былай деді:
„Аллаһым! Құрайыштан мына топты Саған тапсырамын! Аллаһым! Әбу Жәһл Амр бин Хишамды Саған тапсырамын! Аллаһым! Утбә бин Рәбианы Саған тапсырамын! Аллаһым! Шәйба бин Рәбианы Саған тапсырамын! Аллаһым! Уқбә бин Муайтты Саған тапсырамын! Аллаһым! Умәййә бин Халәфті Саған тапсырамын! Аллаһым! Уәлид бин Утбәні Саған тапсырамын! Аллаһым! Умарә бин Уәлидті Саған тапсырамын!“
Өздеріне қарсы айтылған бұл қарғысты естіген мүшріктер күлкілерін тоқтатып, қорқа бастады. Өйткені олар Бәйтуллаһта жасалған дұғаның қабыл болатынына сенетін еді. Расулуллаһ Әбу Жәһлге: „Аллаһпен ант етемін, сен не бұдан тыйыласың, не Аллаһу та’ала сенің басыңа бір апат түсіреді“, – деді. Аллаһу та’алаға ант етемін, Расулуллаһ аттарын атаған осы адамдардың әрқайсысының Бәдір соғысында өлтіріліп, жерге құлағанын, сосын ыстықтан сасыған өлекселер күйінде Бәдір шұңқырына тасталғанын көрдім».
Бір күні Әбу Жәһл Бәйтуллаһта құрайыштық мүшріктерге былай деді: «Ей, Құрайыш қауымы! Көріп отырсыңдар, Мұхаммед дінімізді айыптаудан, пұттарымызға және оларға табынған ата-бабаларымызға тіл тигізуден, бізге ақылсыздарға қарағандай қараудан тыйылмай жүр. Сендердің алдарыңда ант етіп айтамын: ертең ол осында келіп намаз оқып, сәждеге барғанда, мен өзім әрең көтеретін бір тасты бар күшіммен оның басына ұрамын. Содан кейін мені Абдулмутталиб ұлдарынан қорғайсыңдар ма, қорғамайсыңдар ма – өздерің білесіңдер. Мен оны өлтірген соң, оның туыстары маған қалағанын істесін…» Сол жердегі мүшріктер оны арандатып: «Ант етеміз, біз сені қорғаймыз да, ешкімге бермейміз де. Сен тек оны өлтірсең болды!» – деді. Таңертең Әбу Жәһл қолына үлкен бір тас алып, Қағбаға келді. Ол мүшріктердің қасына отырып, күте бастады. Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әдеттегідей Бәйтуллаһқа келіп, намаз оқи бастады. Әбу Жәһл орнынан тұрып, қолындағы үлкен тасты ұру үшін Расулуллаһқа қарай аяңдады. Барлық мүшріктер бұл жағдайды толқи бақылап отырды. Әбу Жәһл Расулуллаһқа жақындағанда, кенет қалтырай бастады. Үлкен тас қолынан жерге түсіп кетті, жүзі күлдей боп сұрланып, ол қатты үреймен кейін шегінді. Таң қалған мүшріктер Әбу Жәһлдің қасына келіп: «Ей, Амр бин Хишам! Айтшы, не болды?» – деп сұрады. Әбу Жәһл: «Дәл оны өлтіру үшін тасты көтергенімде, алдымнан бір құтырған түйе шыға келді. Ант етемін, өмірімде мұндай аяғы ұзын, тісі өткір, сондай қорқынышты түйені көрген де, естіген де емеспін. Тағы аздап жақындағанымда, ол мені сөзсіз өлтірер еді», – деді. Тағы бір күні Әбу Жәһл мүшріктерді жинап: «Абдуллаһтың жетімі осында намаз оқып, бетін топыраққа сүйкей ме?» – деп сұрады. Олар: «Иә», – деді. Осы сөзді ғана күтіп тұрған Әбу Жәһл: «Егер оны сол күйінде көрсем, басын аяғыммен таптаймын», – деді. Бір күні пайғамбарлардың мырзасы Қағбаның жанында намазға тұрған еді. Әбу Жәһл де жолдастарымен отырған болатын. Ол орнынан тұрып, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қарай аяңдады. Ол өте жақын келді, бірақ кенет қолымен бетін сипап, қаша жөнелді. Мүшріктер оның жанына барып: «Не болды? Бұл қай халің?» – деді. Әбу Жәһл: «Арамызда от құдығы пайда болды. Кейбір адамдардың маған қарай ұмтылғанын көріп, кері бұрылдым», – деп жауап берді. Уәлид бин Муғира, Әбу Жәһл (Амр бин Хишам), Әсуад бин Мутталиб, Умәййә бин Халәф, Әсуад бин Абду Йағус, Ас бин Уәил, Харис бин Қайс сияқты мүшріктердің игі жақсылары Расулуллаһты көрген сайын: «Мынау да өзін пайғамбармын, қасына Жәбрейіл келеді деп ойлайды», – деп мазақ ететін. Осыған байланысты Хабиб-и әкрам қатты қайғырған бір күні Жәбрейіл алейһиссалам келіп, бірнеше аят кәрима әкелді. Мағынасы бойынша:
«(Йа, Расулым!) Ант болсын, сенен бұрын жіберілген пайғамбарлар да мазақ етілді. Оларды (пайғамбарларды) мазақ етіп келекелегендерді мазақтарының жазасы ретінде бәле мен азап жан-жақтан қоршап алды».4 «Сөзсіз, сені мазақ еткендерге қарсы Біз жеткіліктіміз. Олар Аллаһу та’аламен бірге басқа бір илаһты таниды. Олар жақында (бастарына түсетін ақыбетті) біледі. Біз, әрине, білеміз: олардың сөздерінен (ширк келтірулерінен, Құран кәрімге тіл тигізулерінен және саған айтқан мазақ сөздерінен) сенің кеудең тарылып, жаның қысылады».5
«Ей, Әбу Жәһл! Аллаһпен ант етемін, сен не бұдан тыйыласың, не Аллаһу та’ала сенің басыңа бір апат түсіреді» Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам
Бір күні Ғаламның Сұлтаны Қағба-и Муаззаманы тауап етіп жүргенде, Жәбрейіл алейһиссалам келіп: «Маған олардың (мазақ етушілердің) жазасын беру бұйырылды», – деді. Біраздан соң олардың алдынан Уәлид бин Муғира өтті. Жәбрейіл алейһиссалам: «Мына өтіп бара жатқан қандай адам?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Ол – Аллаһу та’аланың ең жаман құлдарының бірі», – деді. Сонда Жәбрейіл алейһиссалам Уәлидтің аяғына нұсқап: «Мен оның жазасын бердім!» – деді. Біраздан кейін Ас бин Уәил өтіп бара жатты. Ол туралы да сұрап, дәл сондай жауап алған соң, Жәбрейіл оның қарнына нұсқап: «Оған да шегін көрсеттім!» – деді. Әсуад бин Мутталиб өткенде – оның көзіне, Абду Йағусты көргенде оның басына нұсқады. Харис бин Қайс өткенде, оның қарнына нұсқап: «Ей, Мұхаммед! Аллаһу та’ала сені бұлардың жамандығынан құтқарды. Жақында бұлардың әрқайсысы бір бәлеге ұшырайды», – деді.
Ас бин Уәилдің аяғына тікен кірді. Қанша емдесе де, оған дауа таба алмады. Ақырында оның аяғы түйенің мойнындай ісіп кетті де, ол: «Мұхаммедтің Аллаһы мені өлтірді!» – деп зар илеп айқайлай-айқайлай жан берді.
Әсуад бин Мутталибтің көздері соқыр болды. Жәбрейіл алейһиссалам оның басын ағашқа соғып, оны құрдымға жіберді.
Әсуад бин Абду Йағус Бәд-и Сәмум деген жерде жүргенде, оның беті де, денесі де қап-қара болып кетті. Үйіне келгенде оны танымай, есіктен қуып жіберді. Ол ызасынан басын үйінің есігіне соға-соға өлді.
Харис бин Қайс болса тұзды балық жеген еді. Оның іші өртене бастады, ыстығы арта түсті. Қанша су ішсе де, шөлі қанбады. Ақырында ол жарылып өлді. Уәлид бин Муғираның да балтырына темір сынығы кірді. Жарасы жазылмады, ол көп қан жоғалтты да, ол да: «Мұхаммедтің Аллаһы мені өлтірді!» – деп зар илеп айқайлай-айқайлай жан берді.
Осылайша олардың әрқайсысы істегендерінің жазасын көрді. Сонымен қатар мүшріктердің тозақта мәңгі қалатыны аят кәрималарда білдірілді. Бір күні сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Хакем бин Әбул-Асқа кезікті. Пайғамбарымыз кеткен соң Хакем Расулуллаһтың артынан мазақтап, аузын, бетін және денесін қисаңдатып, қылжақтады.
Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Хакемнің істегенін пайғамбарлық нұрымен көрді де, оның солай қалуы үшін дұға етті. Хакемнің денесін діріл басты да, ол өмірінің соңына дейін сол күйде қалды.
Құрметті сахабаларға көрсетілген азаптар
Мүшріктер тек Пайғамбарымызға ғана жәбір көрсетпейтін. Олар оның даңқты сахабаларын да (радиаллаһу анһум) азаптайтын. Әсіресе кедей, қорғаушысы жоқ адамдарды таңдап, қолдарынан келген, ақыл-ойға сыймайтын қысым мен зұлымдықты еш тартынбай жасайтын. Азапқа ең көп ұшырағандар – Біләл Хабаши, Зиннирә ханым, Хаббаб бин Әрат, Аммар бин Ясәр және оның отбасы (радиаллаһу анһум әжмаин) еді. Олардың кейбірін күннің ыстығында қызған тастармен күйдіретін, кейбірін аш-шөл ұстап: «Мұхаммедтің дінінен қайт!» – деп азаптайтын. Ал олар бұл төзгісіз жәбірлерге сабыр етіп, ислам дінінен ешқашан қайтпайтын.
Аллаһ бір, Аллаһ бір
Умәййә бин Халәф деген бір мүшріктің құлы болған хазреті Біләл Әбу Бәкір Сыддық арқылы мұсылман болған еді. Умәййә он екі құлының ішінен Біләлді ең жақсы көргендіктен, оны пұтханаға күзетші етіп қойған болатын. Хазреті Біләл мұсылман болғанда, пұтханадағы барлық пұттарды сәжде еткендей етпетінен төңкеріп қойды. Бұл хабар Умәййәге жеткенде, оны қатты үрей биледі. Ол Біләлді шақыртып: «Сен мұсылман болыпсың, Мұхаммедтің Раббысына сәжде етеді екенсің, солай ма?» – деп сұрады. Хазреті Біләл: «Иә. Мен ұлы әрі мәртебелі Аллаһу та’алаға сәжде етемін», – деді. Умәййә өзіне ұнамаған бұл жауапты естіген соң, дереу Біләлді қинап, азаптай бастады. Бесін уағында күн дәл төбеге көтерілгенде, ол оны шешіндіріп, ыстықтан қызып кеткен тастарды жалаңаш денесіне қойып күйдіретін. Оттай жанған тастардың бір бөлігін оның арқасына, кейбірін қарнының үстіне үйгеннен кейін: «Ислам дінінен қайт!.. Лат пен Узза пұттарына иман келтір!» – дейтін. Ал хазреті Біләл: «Аллаһу та’ала бір! Аллаһу та’ала бір!» – деп иманын білдіретін.
Умәййә бин Халәф оның бұл сабырын көрген сайын құтырып, оны тікендердің үстімен сүйреп, денесін жаралап, азаптайтын. Ал хазреті Біләл денесінен сорғалаған қанға қарамастан: «Аллаһым! Сенен келгенге разымын! Аллаһым! Сенен келгенге разымын!» – деп, иманында берік тұратын. Хазреті Біләл бұл халін былай баяндады:
«Ол жауыз Умәййә мені күндіз ыстықта байлап қоятын, ал түнде азаптайтын. Күн өте ыстық еді. Ол әдетінше тағы азаптай бастады. Мені исламнан қайтару үшін: „Пұттарымызға табын! Мұхаммедтің Аллаһын теріске шығар, теріске шығар, теріске шығар!“ – деген сайын, мен: „Аллаһ бір! Аллаһ бір!“ – дейтінмін. Ызасын басу үшін сол күні ол кеудемнің үстіне өте үлкен құз тасты қойды. Сол сәтте мен есімнен танып қалыппын. Есімді жиғанда, үстімдегі тастың алынғанын, күннің бұлт артына кіргенін көрдім. Аллаһу та’алаға шүкір еттім де, өз-өзіме: „Ей, Біләл! Хақ та’аладан келген әр нәрсе көркем, жағымды“, – дедім».
Тағы бір күні Умәййә бин Халәф Біләл Хабашиді азаптау үшін сыртқа алып шықты. Ол оның киімдерін шешіп, тек ыштанмен қалдырды да, күйдіретін ыстықта қызған құмға жатқызып, үстіне тастар үйді. Мүшріктер жиналып, оны ауыр азаптады: «Дініңнен қайтпасаң, сені өлтіреміз», – деді. Ал Біләл Хабаши осы төзгісіз азаптардың астында: «Аллаһ бір! Аллаһ бір!» – дейтін. Сол кезде сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сол жерден өтіп бара жатқан еді. Хазреті Біләл Хабашидің бұл халін көргенде, ол қатты қайғырды да: «Аллаһу та’аланың есімін айтуың сені құтқарады», – деді.
Пайғамбарымыз үйіне қайтқаннан кейін біраздан соң оның жанына хазреті Әбу Бәкір келді. Пайғамбарымыз Біләл Хабашидің тартқан азаптарын Әбу Бәкір Сыддыққа айтып берді де: «Қатты қайғырдым», – деді. Хазреті Әбу Бәкір дереу сол жерге барды. Ол мүшріктерге: «Біләлге бұлай істегеннен сендерге не пайда? Оны маған сатыңдар», – деді. Олар: «Дүние толы алтын берсең де, сатпаймыз. Бірақ сенің құлың Амирге айырбастай аламыз», – деді. Хазреті Әбу Бәкірдің құлы Амир оның сауда істерін жүргізіп, көп ақша табатын. Оның өз жеке малынан бөлек он мың алтыны бар еді. Ол хазреті Әбу Бәкірдің көмекшісі болып, оның барлық істерін атқаратын. Бірақ ол кәпір еді және күпірлігінде табан тірейтін. Хазреті Әбу Бәкір: «Амирді бүкіл малымен және ақшасымен бірге Біләл үшін сендерге бердім», – деді. Умәййә бин Халәф пен басқа мүшріктер қатты қуанып: «Әбу Бәкірді алдап соқтық», – деді.
«(Йа, Расулым!) Ант болсын, сенен бұрын жіберілген пайғамбарлар да мазақ етілді. Оларды (пайғамбарларды) мазақ етіп келекелегендерді мазақтарының жазасы ретінде бәле мен азап жан-жақтан қоршап алды» Әнғам: 10
Хазреті Әбу Бәкір дереу Біләл Хабашидің үстіндегі ауыр тастарды алып тастап, оны аяғынан тұрғызды. Біләл Хабаши ауыр азаптардың салдарынан қатты әлсіреген еді. Әбу Бәкір оны қолынан ұстап, тура сүйікті Пайғамбарымыздың алдына алып келді де: «Йа, Расулаллаһ! Бүгін мен Біләлді Аллаһтың разылығы үшін азат еттім», – деді. Расулуллаһ қатты қуанып, хазреті Әбу Бәкірге көп дұға етті. Сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам Әбу Бәкірдің тозақтан алыс екенін сүйіншілеген Ләйл сүресінің 17 және 18-аят кәрималарын әкелді. Ол аят кәрималарда мағынасы бойынша былай делінді: «Ол адам (хазреті Әбу Бәкір сияқты) өте тақуа болып (ширк пен күнәдан сақтанып), Аллаһу та’аланың құзырында пәк болу үшін (және илаһи уәдеге қауышу үшін) малын қайыр жолында жұмсайды; ол одан (тозақтан) алыстатылды».
Көрілмеген азап
Хазреті Хаббаб бин Әрат та дінінен қайтару үшін зұлымдық көргендердің бірі еді. Хазреті Хаббабтың да қорғаушысы жоқ еді, ол Үммү Әнмар деген бір мүшрік әйелдің құлы болатын.
Оны қорғай алатын туысы болмағандықтан, мүшріктер жиналып, оның мүбәрәк денесін жалаңаштап, үстін тікенмен тырнайтын. Кейде жалаңаш денесіне темір көйлек кигізіп, күн астында ұстайтын. Күнде немесе отта қыздырған тастарды жалаңаш денесіне басып: «Дініңнен қайт! Лат пен Уззаға табын!» – дейтін. Ал Хаббаб иманында берік тұрып: «Лә илаһә иллаллаһ Мұхаммадур-расулуллаһ», – деп, оларға қарсы тұратын.
Бір күні мүшріктер жиналып, бір алаңда от жақты. Хазреті Хаббабты байлап, сол жерге алып келді. Оны шешіндіріп, оттың үстіне жатқызды. Олар оны не дінінен қайтарғысы, не отқа өртегісі келді. Оттың ортасына шалқасынан жатқызылған хазреті Хаббаб: «Аллаһым! Сен менің халімді көріп тұрсың, жағдайымды білесің. Жүрегімдегі иманды берік ет, маған үлкен сабыр бер!» – деп дұға етіп жатты. Мүшріктердің бірі аяғымен хазреті Хаббабтың кеудесін басты. Бірақ олар Аллаһу та’аланың иман келтіргендерді қорғайтынын білмейтін еді.
Жылдар өткен соң бұл оқиға туралы Хаббабтан сұрады. Ол арқасын ашып, күйік іздерін көрсетті де: «Мен үшін от жақты, сосын мені сүйреп, соның ішіне тастады. Ол отты тек менің етім ғана сөндірді», – деді.
Хазреті Хаббабты сыртта осылай азаптап жатқанда, оның қожайыны Үммү Әнмар да оны дінінен қайтару үшін темірді отқа қыздырып, басына басып күйдіретін. Ол діні үшін бұл азаптардың бәріне шыдайтын, олардың ұсынғанын істемей, иманынан қайтпайтын.
Бір күні хазреті Хаббаб сүйікті Пайғамбарымыздың алдына келіп: «Йа, Расулаллаһ! Мүшріктер сыртта мені қай жерде көрсе, сол жерде отқа өртейді. Үйде қожайыным Үммү Әнмар қыздырылған темірмен басымды күйдіреді. Дұғаңызды өтінемін!» – деді. Сосын арқасы мен басындағы күйік іздерін көрсетті. Пайғамбарымыз оның бұл халін қатты аяды. Ол Хаббабтың дінінен қайтпау үшін тартқан азабына, оған жасалған зұлымдыққа шыдай алмай: «Йа, Раббым! Хаббабқа жәрдем ет!» – деп дұға етті. Хақ та’ала Өз Расулының дұғасын сол сәтте қабыл етіп, Үммү Әнмардың басына қатты ауру берді. Үммү Әнмар бас ауруынан таң атқанша ыңырсып шығатын. Оған ем ретінде басын отқа қыздырылған темірмен күйдіру керек екенін айтты. Ақырында ол Хаббабты шақырып, темір таяқты отқа қыздырып, басын күйдіруді бұйырды… Сөйтіп хазреті Хаббаб темірмен оның басын күйдіретін болды…
Исламның алғашқы күндерінде мүшріктер Хаббаб бин Әраттың жағдайына онша мән бермейтін. Бірақ күн өткен сайын иман келтірушілердің саны арта түсті. Ақырында олар қаласа да, қаламаса да бұл іске байыппен қарауға мәжбүр болды. Олар хазреті Хаббабты азаптауды күшейтті: шектен тыс соқты, ұрды, жаралады, азаптың үстіне азап қосты…
Осылардың бәріне қарамастан хазреті Хаббаб иманынан зәредей де шегінбеді. Бірақ жәбір мен азаптар төзгісіз халге жеткен еді. Ол болған жайларды Ғаламның мырзасына айтып: «Йа, Расулаллаһ! Тартқан азаптарымыздан құтылуымыз үшін дұға етпейсіз бе?» – деді.
Осыдан кейін Расулуллаһ былай деді: «Сендерден бұрынғы үмметтердің ішінде сондай адамдар болды: темір тарақпен олардың терілері мен еттерін сыдырып тілетін, бірақ бұл азап та оларды дінінен қайтара алмайтын. Оларды арамен төбесінен екіге бөлетін, бірақ бұл азаптар да оларды дінінен бұра алмайтын. Аллаһу та’ала, әрине, бұл істі (исламды) толық етеді. Оны барлық діндерден үстем етеді. Сонда тіпті жануарына мініп, Санадан Хадрамаутқа дейін жалғыз барған адам Аллаһу та’аладан басқа ешкімнен қорықпайды, қойлары туралы да қасқырдың шабуылынан басқа ешқандай алаңдамайды. Бірақ сендер асығып жатырсыңдар». Сосын ол Хаббабқа дұға етіп, оның арқасынан сипады. Расулуллаһтың рухтарға азық әрі шипа болған бұл жылы сөздері Хаббабтың күйігін басты.
Азғын мүшрік Ас бин Уәилде, әсіресе, хазреті Хаббабтың біршама алашағы бар еді. Хаббаб алашағын сұрап, оның жанына барды. Ас бин Уәил Хаббабқа: «Мұхаммедті теріске шығармайынша, алашағыңды бермеймін», – деді. Хазреті Хаббаб: «Аллаһпен ант етемін, мен тірі кезімде ғана емес, өлгеннен кейін қабірімнен тұрғанда да Пайғамбарымды ешқашан жоққа шығармаймын, теріске шығармаймын. Әр нәрседен бас тартармын, бірақ оны теріске шығара алмаймын», – деп жауап берді. Осыдан кейін Ас бин Уәил: «Өлгеннен кейін тірілеміз бе? Егер ондай нәрсе болса, онда менің малым да, балаларым да болады. Қарызымды саған сол күні төлермін», – деді.
Ас бин Уәилдің осы сөздеріне байланысты Аллаһу та’ала Құран кәрімде Мәриям сүресінің 77–79-аят кәрималарында мағынасы бойынша былай деді: «(Йа, Хабибім!) Біздің аяттарымызды теріске шығарып: „Маған, әрине, (қиямет күні) мал да, бала да беріледі“, – деген адамды (Ас бин Уәилді) көрдің бе? Ол ғайыпты біліп қойды ма, әлде Рахманның құзырынан бір уәде алды ма? Жоқ, олай емес! Біз оның айтқанын жазамыз (қиямет күні ол үшін одан есеп аламыз) және оның азабын арттырған үстіне арттырамыз».
Есінен танғанша азаптау
Мүшріктер азаптағанда әйел-еркек деп бөлмейтін. Алғашқы мұсылмандардан болған және ешкімі жоқ Зиннирә ханым да күң еді. Оның мұсылман болғанын білген мүшріктер оны да азаптаудан еш тайынбады. Зиннирә ханымды Лат пен Узза пұттарына табынуға мәжбүрлейтін, тамағын қысып, тынысы тарылып, есінен танғанша азаптайтын. Соған қарамастан ол дінінен еш қайтпайтын, олардың сөзін тыңдамайтын. Әсіресе Әбу Жәһл оны қатты азаптады. Соның салдарынан Зиннирәнің көздері көрмей қалды. Бір жолы Әбу Жәһл: «Көрдің бе? Лат пен Узза сенің көзіңді соқыр етті!» – дегенде, Зиннирә ханым иманын білдіріп: «Ей, Әбу Жәһл! Аллаһпен ант етемін, бұл сен айтқандай емес. Сен Лат пен Узза деп жүрген пұттар ешнәрсеге жарамайды, оларға табынғандардан да, табынбағандардан да хабарлары жоқ. Менің Раббым көзімнің нұрын беруге және мені бұрынғы қалпыма келтіруге, әрине, құдіретті», – деді.
«(Ей, Біләл!) Аллаһу та’аланың есімін айтуың сені құтқарады» Хадис шәриф
Әбу Жәһл хазреті Зиннирәнің мызғымас иманын көріп, аң-таң болып қалды. Аллаһу та’ала Зиннирәнің дұғасын қабыл етті де, оның көздері бұрынғысынан да жақсы көре бастады. Әбу Жәһл мен құрайыштық мүшріктер мұны көрсе де, қырсығып, иман келтірмеді. Оның үстіне олар: «Бұл да олардың пайғамбарының бір сиқыры! Мұхаммедтің жолымен жүрген мына ақылсыздарға таң қалмайсыңдар ма? Егер олардың жолы қайырлы әрі ақиқат болса, біз оған олардан бұрын ілесер едік. Сонда бізден бұрын бір күң ақиқатты тапқаны ма?» – деді.
Осыдан кейін Аллаһу та’ала Ахқаф сүресінің 11-аят кәримасын түсірді. Мағынасы бойынша: «Ол кәпірлер иман келтіргендер туралы: „Егер онда (исламда) бір қайыр болса, олар (кедейлер, бейшаралар) бұл істе бізден озып кете алмас еді, бізден бұрын оған ұмтылмас еді“, – деді. Ал олар онымен (мүминдер сияқты Құран кәріммен) хидаятқа қауышпағандықтан, (Құран кәрімді теріске шығару үшін) „Бұл Құран кәрім (Мұхаммедтің ойдан шығарғаны) – ескі өтірік“, – дейтін болады».
Дарул-Әрқам
Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүшріктердің оның сахабаларына жасаған зұлымдықтары мен азаптарына қатты қайғыратын. Исламды тарату және үйрету үшін қауіпсіз бір орын қажет еді. Пайғамбарымыз бұл қасиетті міндет үшін хазреті Әрқамның үйін таңдады.6 Бұл үй Сафа төбесінің шығысында, тар бір көшенің ішінде, биіктеу жерде еді. Мұнда Қағба-и Муаззама анық көрінетін. Үйдің кіріп-шығатын жері өткен-кеткенді бақылап отыруға өте қолайлы еді. Сонымен қатар хазреті Әрқам Меккенің игі жақсыларынан, беделі зор адам еді. Хабиб-и әкрам осы үйде сахабаларына исламды түсіндіретін. Жаңадан мұсылман болатындар осында келіп, исламмен мәртебеленетін, Расулуллаһтың көңілдерге дауа болған мүбәрәк сөздерін тыңдап, береке табатын. Олар Пайғамбарымызды басына құс қонғандай, сөйлесе ұшып кететіндей, демдерін ішке тартып тыңдайтын. Оның мүбәрәк сөздерін бір сөзін де қалдырмай, жұтып алғандай жаттап алатын. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) күндіздерін Әрқамның үйінде өткізіп, таңертеңнен кешке дейін сахабаларын тәрбиелеумен айналысатын. Бұл жер мұсылмандардың алғашқы орталығы – «Дарул-Ислам» еді. Алғашқы мұсылмандар осында жиналатын және осылайша мүшріктердің неше түрлі жамандығынан қорғанатын.
Өлтіргенше азаптау
Аммар бин Ясәр былай деп баяндайды: «Дарул-Әрқамға барып, Расулуллаһты көріп, мұсылман болғым келді. Есіктің алдында хазреті Сухайбқа кездестім. „Сен мұнда не істеп жүрсің?“ – деп сұрағанымда, ол да маған дәл осы сұрақты қойды. Мен: „Хазреті Мұхаммедтің құзырына кіріп, оның сөздерін тыңдап, мұсылман болғым келеді“, – дедім. Ол да: „Мен де сол үшін келген едім“, – деді. Біз бірге оның биік әрі мәртебелі құзырына кірдік. Ол бізге исламды түсіндірді. Біз қуана-қуана мұсылман болдық».7
Аммар мұсылмандығын ашық айтудан қорықпаған мүжаһидтердің бірі еді. Ол дінінен қайтпау үшін ең ауыр азаптарға шыдайтын. Мүшріктер оны жалғыз тапқан кезде Меккенің жартасты жеріне, Рамда деген жерге апарып, киімдерін шешіп, темір көйлек кигізетін.
Осылайша оны күйдіретін күннің астында ұстап, азаптайтын. Кейде арқасын отпен күйдіретін, ол бітпейтін-таусылмайтын азаптарға ұшырайтын. Әр жолы олар: «Теріске шығар!.. Теріске шығар!.. Лат пен Уззаға табын да, құтыл!..» – дейтін. Ал хазреті Аммар бұл төзгісіз азаптарға үлкен сабырмен шыдап: «Раббым – Аллаһ, пайғамбарым – Мұхаммед алейһиссалам», – деп жауап беретін. Мүшріктер бұған одан сайын ашуланып, оның кеудесінің үстіне ыстықтан қызған жартас тастарды қоятын, кейде құдыққа тастап, суға тұншықтыруға тырысатын. Бір күні Аммар бин Ясәр сүйікті Пайғамбарымыздың құзырына келгенде: «Йа, Расулаллаһ! Мүшріктердің бізге жасаған азаптары соңғы шегіне жетті», – деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хазреті Аммардың халін аяп: «Сабыр ет, ей, Яхзанның әкесі!» – деді, сосын: «Йа, Раббым! Аммардың отбасынан ешкімге тозақ азабын таттырма!» – деп дұға етті.
Алғашқы шәһид, алғашқы қан
Хазреті Аммардың әкесі Ясәр, анасы Сумәййә, бауыры Абдуллаһ бүкіл отбасымен мұсылман болған еді. Мүшріктер хазреті Аммарға көрсеткен азаптарынан да көбін оның анасына, әкесіне және бауырына көрсететін. Азаптау кезінде мүшріктер оларға күпірлік сөздерін айтқызғысы келетін, ал олар: «Терімізді сыпырсаңдар да, етімізді тілім-тілім етіп турасаңдар да, сендерді тыңдамаймыз», – деп жауап беріп: «Лә илаһә иллаллаһ Мұхаммадур-расулуллаһ», – дейтін. Тағы бір күні Батха деген жерде Ясәрдің отбасын бірге азаптап жатқанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сол жерден өтіп бара жатқан еді. Сахабаларының бұл төзгісіз азаптарын көргенде, ол қатты қайғырды. Хазреті Ясәр: «Йа, Расулаллаһ! Өміріміз үнемі осылай азаппен өте ме?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Сабыр етіңдер, ей, Ясәрдің отбасы! Қуаныңдар, ей, Аммардың отбасы! Сөзсіз, сендердің сыйлық алатын орындарың – жәннат», – деді. Тағы бір күні Мекке мүшріктері Аммарды отпен азаптап жатқан еді. Расулуллаһ сол жерге келіп: «Ей, от! Ибраһимге (алейһиссалам) қандай болсаң, Аммарға да сондай салқын әрі зиянсыз бол!» – деді. Кейін Аммар арқасын ашқанда, оттың ізі көрінетін. Бұл із Расулуллаһтың дұғасынан бұрын қалған еді. Тағы бір күні Ясәрдің отбасын азаптап жатқанда, олар хазреті Ясәр мен оның ұлы хазреті Абдуллаһты садақпен атып шәһид етті. Әбу Жәһл хазреті Сумәййәнің мүбәрәк аяқтарын арқанмен байлатты. Арқандардың ұштарына екі түйе байлатып, оларды екі жаққа айдатты да, осылайша хазреті Сумәййәні бөлшектетіп, шәһид етті. Мейірімсіз, қанішер залым Әбу Жәһл мен басқа мүшріктердің Ясәрдің отбасын азаптап шәһид еткені туралы хабарды Пайғамбарымыз бен құрметті сахабалар (алейһимур-ридуан) естігенде, қатты қайғырды. Бұл оқиға сахабалардың бір-біріне бұрынғыдан да берік байланып, бірігуіне себеп болды.8 Құрметті сахабалар намаз оқығылары келгенде, ешкім жоқ жерлерге барып, ғибадаттарын сол жерде жасырын орындайтын. Сондай күндердің бірінде Са’д бин Әби Уаққас, Саид бин Зәйд, Абдуллаһ бин Мәсуд, Аммар бин Ясәр және Хаббаб бин Әрат Мекке аңғарларынан Әбу Дубб деген жерде намаз оқып жатқан еді. Сол кезде оларды аңдып жүрген Ахнәс бин Шәрик пен кейбір мүшріктер олардың жанына келіп, ғибадаттарын мазақ етіп, жамандай бастады. Бұған шыдай алмаған хазреті Са’д бин Әби Уаққас пен оның жолдастары мүшріктерге тап берді. Хазреті Са’д қолына түскен бір түйе сүйегімен кәпірлердің бірінің басын ұрып, жарып жіберді. Мүшріктер қорқып қашып кетті. Осылайша мұсылмандар алғаш рет кәпір қанын төкті.
«Ей, Әбу Жәһл! Аллаһпен ант етемін, бұл сен айтқандай емес. Сен Лат пен Узза деп жүрген пұттар ешнәрсеге жарамайды, оларға табынғандардан да, табынбағандардан да хабарлары жоқ. Менің Раббым көзімнің нұрын беруге және мені бұрынғы қалпыма келтіруге, әрине, құдіретті» Зиннирә ханым (радиаллаһу анһа)
Хазреті Әбу Зәрр Ғифаридің мұсылман болуы
Адамдар бір-бірлеп хидаятқа қауышып жатты, исламның нұры Меккенің сыртына да таралып, әлемді нұрландыра бастаған еді. Исламның туғаны мен таралып жатқаны туралы хабарларды естіген мүшріктер оған кедергі келтіру жолдарын іздейтін. Ақырында бұл хабар Бәни Ғифар тайпасына да жетті. Әбу Зәрр Ғифари бұл хабарды естісімен, бауыры Унәйсті Меккеге жіберіп, жағдайды анықтап келуін сұрады. Унәйс Меккеге барып, Пайғамбарымыздың мәжілісінде болды. Ол тәнті болып қайтып келді. Бауыры хазреті Әбу Зәрр: «Қандай хабар әкелдің?» – деп сұрағанда, ол: «Мырзам! Аллаһпен ант етемін, үнемі қайыр мен жақсылықты бұйыратын және жамандықтардан тыятын өте ұлы бір кісіні көрдім», – деді. Әбу Зәрр Ғифари: «Жарайды, ал адамдар ол туралы не дейді?» – дегенде, заманының атақты ақындарынан болған бауыры Унәйс былай деп жауап берді: «Ақын, көріпкел, сиқыршы дейді. Бірақ оның сөздері көріпкелдердің, сиқыршылардың сөздеріне ұқсамайды. Мен оның айтқандарын ақындардың әр түрлі өлеңдерімен де салыстырдым. Оларға да ұқсамайды. Теңдесі жоқ бұл сөздерді ешкімнің сөзімен өлшеуге болмайды. Аллаһпен ант етемін, ол кісі ақиқатты білдіреді, шындықты айтады. Оған сенбейтіндер – өтірікшілер, олар адасуда». Осы хабардан кейін Әбу Зәрр Ғифари Меккеге барып, Пайғамбарымызды көріп, мұсылман болуға бел буды. Қолына бір таяқ пен аздаған азық алып, ол құштарлықпен Мекке жолына шықты. Меккеге жеткенде, ол өз жайын ешкімге айтпады. Өйткені мүшріктер Пайғамбарымызға және жаңадан мұсылман болғандарға қатты дұшпандық жасап, жәбірлерін күннен-күнге арттырып жатқан еді. Әсіресе мұсылман болған, қорғаушысы жоқ әрі басқа жерден келген адамдарды қатты азаптайтын. Әбу Зәрр Меккеде ешкімді танымайтын. Ол мұнда бөгде, жат адам еді. Сондықтан ол ешкімнен ештеңе сұрамады. Қағбаның жанында Расулуллаһты көру үшін сәтті күтіп, оның қайда екенін білу үшін бір белгі іздеді. Кешке қарай ол бір көшенің бұрышына барып отырды. Хазреті Әли Әбу Зәррды көрді. Оның бөгде адам екенін түсініп, үйіне алып кетті. Әли жайын сұрамаған соң, Әбу Зәрр сырын ашпады. Таң атқанда ол қайтадан Қағбаға кетті. Кешке дейін жүрсе де, тілегіне жете алмады. Ол бұрынғы орнына барып отырды. Хазреті Әли сол кеші де сол жерден өтіп бара жатқан еді. «Мына байғұс әлі де іздеген үйін таба алмапты», – деп, оны тағы үйіне алып кетті. Таңертең Әбу Зәрр қайтадан Бәйтуллаһқа барып, өзінің бұрышына отырды. Хазреті Әли оны тағы үйіне шақырды. Бұл жолы ол оның қайдан және не үшін келгенін сұрады. Хазреті Әбу Зәрр: «Егер маған дұрыс мәлімет беретініңе берік сөз берсең, айтамын», – деді. Хазреті Әли: «Айт, жайыңды ешкімге ашпаймын», – дегенде, Әбу Зәрр Ғифари: «Осында бір пайғамбар шыққанын естідім. Онымен кездесуге және оның құзырына жетуге келдім», – деді. Хазреті Әли былай деді: «Сен дұрыс жолды тапқансың, ақылды іс істегенсің. Қазір мен сол кісінің жанына бара жатырмын. Менің артымнан ер, мен кірген үйге сен де кір. Егер жолда біреудің саған зиян келтіретінін сезсем, аяқ киімімді түзеткендей боламын. Сол кезде сен мені күтпей, өтіп кете бер». Әбу Зәрр Ғифари хазреті Әлидің артынан ерді. Ақырында ол Пайғамбарымыздың мүбәрәк жүзін көру мәртебесіне ие болып: «Әссаламу алейкум», – деп сәлем берді.
«Сабыр етіңдер, ей, Ясәрдің отбасы! Қуаныңдар, ей, Аммардың отбасы! Сөзсіз, сендердің сыйлық алатын орындарың – жәннат» Хадис шәриф
Бұл сәлем исламда берілген алғашқы сәлем болды, ал Әбу Зәрр Ғифари алғаш сәлем берген адам болды. Пайғамбарымыз оның сәлеміне жауап беріп: «Аллаһу та’аланың рақымы сенің үстіңде болсын», – деді. Сосын Пайғамбарымыз: «Сен кімсің?» – деп сұрады. Ол: «Мен Ғифар тайпасынанмын», – деді. «Қашаннан бері осындасың?» – деп сұрады Пайғамбарымыз. – «Үш күн, үш түннен бері осындамын». – «Сені кім тамақтандырды?» – «Зәмзәмнен басқа жейтін-ішетін ештеңе таппадым. Зәмзәмді ішкен сайын ешқандай аштық та, шөл де сезбедім». Пайғамбарымыз: «Зәмзәм – мүбәрәк. Ол аш адамды тойдырады», – деді. Осыдан кейін Әбу Зәрр Ғифари Пайғамбарымызға: «Маған исламды білдіріңіз», – деді. Пайғамбарымыз оған шаһадат кәлимасын оқыды, ол да оны қайталап айтып, исламмен мәртебеленіп, алғашқы мұсылмандардың қатарына қосылды.9 Мұсылман болғаннан кейін хазреті Әбу Зәрр Ғифари Пайғамбарымызға: «Йа, Расулаллаһ! Сізді хақ пайғамбар етіп жіберген Хақ та’алаға ант етемін, мен мұны мүшріктердің арасында ашық айтамын», – деді. Ол Қағбаның жанына барып, дауыстап былай деді: «Ей, Құрайыш қауымы! Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһу уә расулуһ – Аллаһу та’аладан басқа илаһ жоқ екеніне және Мұхаммед алейһиссаламның Оның құлы әрі расулы екеніне куәлік етемін». Мұны естіген мүшріктер дереу оған тап берді. Тастармен, таяқтармен және сүйек сынықтарымен ұрып, оны қанға бояды. Бұл жағдайды көрген хазреті Аббас: «Бұл адамды қоя беріңдер, өлтіресіңдер ғой! Ол сендердің сауда керуендерің өтетін жолдың бойында тұратын тайпадан. Бұдан кейін ол жолдан қалай өтесіңдер?» – деді. Осылайша ол хазреті Әбу Зәррды мүшріктердің қолынан құтқарды. Әбу Зәрр мұсылман болу мәртебесіне ие болған қуанышынан бір орында тұра алмады. Ертеңіне ол тағы да Қағбаның жанында шаһадат кәлимасын бар дауысымен айқайлап айтты. Мүшріктер оны бұл жолы да соққыға жықты да, ол жерге құлады. Тағы да хазреті Аббас жетіп келіп, оны олардың қолынан құтқарды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хазреті Әбу Зәрр Ғифариге өз еліне қайтып, онда исламды таратуды бұйырды. Осы бұйрықтан кейін ол тайпасының арасына қайтып, оларға Аллаһу та’аланың бірлігін, Мұхаммед алейһиссаламның Оның расулы екенін айтты. Ол Пайғамбардың білдіргендерінің хақ әрі дұрыс екенін, олар табынып жүрген пұттардың жалған, бос әрі мағынасыз екенін айтты. Оны тыңдаған халықтың бір бөлігі қарсылық білдіре бастады. Сол кезде тайпа басшысы Хаффаф айқайлағандарды басып: «Тоқтаңдар, тыңдап көрейік, не айтар екен», – деді. Осыдан кейін хазреті Әбу Зәрр сөзін былай жалғастырды: «Мен мұсылман болмай тұрып, бір күні Нухәм деген пұттың жанына барып, оның алдына сүт қойған едім. Бір иттің жақындап келіп, сүтті ішкенін және пұтты былғағанын көрдім. Сонда пұттың бұған кедергі болатын күші жоқ екенін анық түсіндім. Тіпті ит те қорлаған пұтқа табыну сендерге қалай ұнайды? Бұл ақылсыздық емес пе? Міне, сендердің табынатындарың – осы». Бәрі бастарын төмен салып тұрды. Олардың бірі: «Жарайды, ал сен айтып отырған пайғамбар не білдіреді? Оның шындықты айтатынын сен қалай түсіндің?» – дегенде, хазреті Әбу Зәрр дауыстап былай деді: «Ол Аллаһу та’аланың бір екенін, Одан басқа илаһ жоқ екенін, Оның әр нәрсені жаратушы және әр нәрсенің иесі екенін білдіреді… Адамдарды Оған иман келтіруге шақырады… Жақсылыққа, көркем мінезге және бір-біріне көмектесуге шақырады. Қыз балаларды тірідей көмудің және сендер істеп жүрген басқа да неше түрлі жамандықтың, әділетсіздіктің, зұлымдықтың жиіркенішті екенін және олардан сақтану керектігін білдіреді». Сөйтіп ол исламды ұзақ түсіндірді. Тайпасының адасуларын бір-бірлеп санап шықты. Сосын олардың зиянын және жиіркеніштілігін айтты.
Оны тыңдағандардың арасынан, тайпа басшысы Хаффаф пен Әбу Зәррдың өз бауыры Унәйстен бастап, көптеген адам мұсылман болды.10
Қағбаның жанында Құран кәрімді ашық оқу
Бір күні құрметті сахабалар оңаша бір жерге жиналып, өзара сөйлесіп отырды: «Аллаһпен ант етемін, Расулуллаһтан басқа ешкім мына құрайыштық мүшріктерге Құран кәрімді ашық тыңдата алмады. Оларға Құран кәрімді ашық оқып, тыңдататын біреу бар ма?» – деді. Сол жерде хазреті Абдуллаһ бин Мәсуд та бар еді. Ол: «Мен тыңдатамын», – деді. Сахабалардың кейбірі: «Ей, Абдуллаһ! Мүшріктер саған зиян келтіре ме деп қорқамыз. Біз қажет болғанда оны мүшріктерден қорғай алатын қауымы мен тайпасы бар адамды қалаймыз», – дегенде, ол: «Сендер маған рұқсат етіңдер, барайын. Хақ та’ала мені қорғайды», – деп, өз сөзінде тұрды. Ертеңіне сәскеде ол Мақам-и Ибраһимге барды. Мүшріктер сол жерге жиналған еді. Ибн Мәсуд түрегеп тұрып, Бисмиллаһир-рахманир-рахимді айтты да, Рахман сүресін оқи бастады. Мүшріктер бір-біріне: «Үммү Абдтың ұлы не айтып тұр? Мұхаммед әкелген нәрселерді оқып тұрған шығар», – деп, оған қарай ұмтылды. Жұдырықпен, тепкімен және шапалақпен оның бет-аузын көгертіп, танымастай халге жеткізді. Бірақ ол шапалақ пен жұдырықтардың астында оқуын жалғастыра берді. Ол беті-аузы жара-жарақат күйінде құрметті сахабалардың жанына қайтып келді. Құрметті сахабалар бұған қатты қайғырды: «Біз сенің осындай халге түсуіңнен қорыққан едік. Ақыры біз қорыққан нәрсе сенің басыңа келді», – деді. Бірақ Абдуллаһ бин Мәсуд мүлде қайғырмаған еді. Ол: «Мен Аллаһу та’аланың дұшпандарын бүгінгідей әлсіз көрген емеспін. Қаласаңдар, ертең таңертең оларға тағы сонша тыңдата аламын», – деді. Құрметті сахабалар: «Жоқ, саған осы да жетеді. Сен ол азғын кәпірлерге олар ұнатпайтын нәрсені тыңдаттың», – деді.11
Туфәйл бин Амрдың мұсылман болуы
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Меккеде исламды ашық тарата бастаған жылдарда күндіз-түні адамдарға насихат айтып, оларды ислам дініне шақыратын. Меккелік мүшріктер Расулуллаһтың бұл еңбегін зая етуге тырысатын. Оның айтқандарын қабылдап, иман келтіргендер туралы олар неше түрлі өтірік айтуды, оларға жала жабуды және оларды азаптауды рұқсат етілген деп санайтын. Пайғамбарымызбен кездескен, сөйлескен біреуді көрсе, дереу оның жанына барып, оны тыңдамасын және айтқандарына сенбесін деп, неше түрлі айла мен өтірікке жүгінетін. Сырттан Меккеге келгендерді онымен кездестірмеу үшін қолдарынан келгеннің бәрін істейтін. Мұсылмандар қиын жағдайда болып, кәпірлерден жәбір көріп жатқан бір кезде Меккеге Туфәйл бин Амр Дәуси келді. Мұны көрген мүшріктердің көсемдері оның жанына барып былай деді: «Ей, Туфәйл! Сен біздің елімізге келдің. Арамыздан шыққан Абдулмутталибтің жетімінің таңқаларлық істері көп. Оның айтқан сөздері сиқыр сияқты. Ол ұлды әкесінен, бауырды бауырынан, күйеуді әйелінен айырады! Ол көтерген пікірлерімен бүкіл айналаны алай-дүлей етті. Оның сөзін естіген ұл әкесіне қарамайды, оған ереді. Енді ешкім бір-бірін тыңдамай, мұсылман болып жатыр. Біздің басымызға келген бұл бөліну бәлесі сенің және қауымыңның басына да келе ме деп қорқамыз. Біздің саған насихатымыз мынау: онымен әсте сөйлеспе! Оған сөз де айтпа, оның сөзін де тыңдама. Айтқандарына құлақ аспа! Өте абай бол. Мұнда ұзақ та қалма. Тезірек кетіп қал!» Бұдан кейінгісін Туфәйл бин Амр былай баяндайды:
«Аллаһпен ант етемін, ол кісі ақиқатты білдіреді, шындықты айтады. Оған сенбейтіндер – өтірікшілер, олар адасуда» Хазреті Унәйс Ғифари (радиаллаһу анһу)
«Ант етемін, олар мұны соншалықты көп қайталады, ақырында мен онымен сөйлеспеуге және сөзін мүлде тыңдамауға бел будым. Тіпті Қағбаға кіргенде, сақ болайын деп, оның сөздерін естіп қаламын ба деп қорқып, құлағыма мақта тығып алдым. Ертеңіне таңертең Қағбаға бардым. Расул алейһиссаламның сол жерде намаз оқып жатқанын көрдім. Оған жақын бір жерге тоқтадым. Хақ та’аланың хикметімен оның оқығандарының кейбірі құлағыма шалынды. Естіген сөздерім сондай көркем еді! Мен өз-өзіме: „Мен жақсыны жаманнан ажырата алмайтын адам емеспін ғой. Оның үстіне ақынмын. Неге мен оның айтқандарын тыңдамауым керек? Сөздерін көркем деп тапсам, қабылдаймын, ұнамаса, тастаймын“, – дедім. Мен бір шетке тығылып, Расулуллаһ намазын оқып, үйіне кеткенше сол жерде күтіп тұрдым. Сосын оның артынан жүрдім. Ол үйіне кіргенде, мен де кірдім де: „Ей, Мұхаммед алейһиссалам! Мен бұл елге келгенде, сенің қауымың маған былай да, былай деді… Сенен аулақ болуымды қалады. Қорыққанымнан сенің сөзіңді естімеу үшін құлағыма мақта тықтым. Бірақ Аллаһу та’ала маған сенің оқығандарыңның бір бөлігін естіртті. Оларды өте көркем деп таптым. Енді сен маған не айтқың келсе, соны білдір! Мен қабылдауға дайынмын“, – дедім. Расулуллаһ маған исламды түсіндіріп, Құран кәрімнен біраз оқыды. Ант етемін, өмірімде бұдан көркем сөз естіген емеспін. Дереу шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болдым. Сол сәтте мен былай дедім: „Йа, Расулаллаһ! Мен қауымым арасында сөзі тыңдалатын, беделді адаммын. Олардың ешқайсысы менің сөзімнен шықпайды. Барып, оларды да ислам дініне шақырайын. Дұға етіңіз, Аллаһу та’ала мен үшін бір белгі, бір кәрамат берсін! Қауымымды исламға шақырғанда, ол белгі маған жеңілдік, көмек болсын!“ Менің бұл өтінішіме жауап ретінде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): „Аллаһым! Оған бір аят, белгі бер!“ – деп дұға етті. Осыдан кейін мен өз еліме қайттым. Бір қараңғы түнде қауымым тұратын бұлақтың басына қарайтын төбеге жеткенде, маңдайымда шырақ сияқты бір нұр пайда болып, жарқырай бастады. Сонда мен: „Аллаһым! Бұл нұрды маңдайымнан басқа бір жерге көшір! Дәус тайпасының надандары оны көріп, дінінен шыққаны үшін Аллаһ оның маңдайына илаһи жаза ретінде мұны шығарыпты деп ойлап жүрмесін!“ – деп дұға еттім. Ол нұр дереу қолымдағы қамшының ұшына көшіп, шырақ сияқты ілініп тұрды. Тайпамның мекеніне жақындап, төбеден төмен түсе бастағанымда, сол жердегілер қолымдағы қамшының ұшында шырақтай жарқыраған нұрды бір-біріне көрсетіп жатты. Сол күйі төбеден түсіп, үйіме келдім. Жаныма алдымен әкем келіп, мені осы күйде көрді. Мені қатты жақсы көргендіктен, ол мойнымнан құшақтады. Әкем өте қарт еді. Мен оған: „Әкетай! Егер бұрынғы халіңде қалсаң, мен де сенікі емеспін, сен де менікі емессің!“ – дедім. Бұл сөзімді естігенде, әкем таң қалып: „Неге, балам?“ – деп сұрады. Мен оған: „Мен енді Мұхаммед алейһиссаламның дініне кіріп, мұсылман болдым“, – деп жауап бердім. Осыдан кейін әкем: „Балам, мен де сен кірген дінге кірдім. Сенің дінің менің де дінім болсын!“ – деді де, дереу шаһадат кәлимасын айтып мұсылман болды. Содан кейін мен оған ислам дінінен білгендерімді үйреттім. Сосын ол жуынып, таза киімдер киді. Кейінірек жаныма әйелім келді. Оған да сол сөздерді айттым. Ол да қабыл алып, мұсылман болды. Таң атқанда Дәус тайпасының арасына шықтым. Исламды түсіндіріп, бәрін исламға шақырдым. Бірақ олар қабылдауға асықпады. Ұзақ уақыт қарсы тұрды. Күнә әрі жаман істерінен тыйылмады. Тіпті одан да әрі барып, көз қысып, қас керіп мені мазақ етті. Өсімқорлық пен құмарға берілгендіктен, сөздерімді тыңдамады. Исламға ілесуден қашты. Аллаһқа және Оның Пайғамбарына қарсы шықты.
Біраз уақыттан кейін мен Меккеге келдім де, қауымым туралы Расулуллаһқа шағымданып: „Йа, Расулаллаһ! Дәус тайпасы Аллаһу та’алаға қарсы шықты. Исламға кіруі үшін жасаған шақыруымды қабылдамады. Олар үшін дұға етіңіз!“ – дедім. Әркімге мейірімі мен рақымы мол сүйікті Пайғамбарымыз қолдарын көтеріп, құбылаға бұрылды да: „Йа, Раббым! Дәус халқына тура жолды көрсет те, оларды ислам дініне келтір!“ – деп дұға етті. Ал маған: „Қауымыңа қайт. Оларды жылы жүзбен және тәтті тілмен исламға шақыруыңды жалғастыр! Оларға жұмсақ бол!“ – деді. Мен дереу еліме қайттым да, Дәус халқын исламға шақырудан бір сәт те тоқтамадым».12
Жәрмеңкелерде шақыру
Жыл сайын әр түрлі қалалардан адамдар белгілі күндерде Қағба-и Муаззаманы зиярат ету үшін Меккеге келетін. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) келгендерді қарсы алып, әр топқа исламды түсіндіретін. Ол оларға Аллаһу та’аланың бір екенін, өзінің хақ пайғамбар екенін және құтылу соның ішінде екенін білдіретін. Бір күні Уәлид бин Муғира мүшріктерді жинап: «Ей, Құрайыш жамағаты! Тағы да Қағбаны зиярат ету маусымы келді. Мұхаммедтің дауысы бүкіл әлемге тарады. Араб тайпалары оның жанына келіп, тәтті сөздеріне ойысып, дініне кіріп жатыр. Бұған қарсы бір амал ойлау керек. Бәріміз бір сөзге келейік, ол туралы әр түрлі айтып, бір-бірімізді өтірікші етіп шығармайық», – деді. Құрайыштықтар: «Ей, Абду Шәмстің әкесі! Арамыздағы ең көреген адам – сенсің. Сен не айтайық десең, біз де соны айтамыз», – деді. Уәлид: «Жоқ, сендер айтыңдар, мен тыңдайын», – дегенде, олар: «Көріпкел дейміз», – деді. Уәлид дереу қарсы шықты: «Жоқ! Ант етемін, ол көріпкел емес. Біз көптеген көріпкелдерді көрдік. Олар шынды да, өтірікті де еш тартынбай айта береді. Мұхаммед оқитын нәрселер көріпкелдердің ойдан шығарған нәрселеріне мүлде ұқсамайды. Сонымен қатар біз бұған дейін Мұхаммедтен бір де бір өтірік естіген жоқпыз. Егер солай десек, бізге ешкім сенбейді», – деді. Бұл жолы олар: «Мәжнүн, жынды дейміз», – деді. Уәлид тағы қарсы болды: «Жоқ! Ант етемін, ол мәжнүн де, жынды да емес. Біз жындыларды да, мәжнүндерді де білеміз, жындылықтың белгілерін де түсінеміз. Оның тұншығуы да, тартылып дірілдеуі де, сандырақтауы да жоқ. Солай десек, бізді өтірікші етіп шығарады», – деді. Құрайыштықтар: «Ақын дейміз…» – деді. Уәлид тағы қарсы шықты: «Ол ақын да емес! Біз өлеңнің барлық түрін жақсы білеміз. Оның оқығандары өлеңге мүлде ұқсамайды», – деді. Бұл жолы олар: «Сиқыршы дейміз», – деді. Уәлид: «Ол сиқыршы емес. Біз сиқыршыларды да, олар жасаған сиқырларды да көрдік, оларды да білеміз. Оның сөздерінде сиқырдың ізі де жоқ. Мұхаммедтің сөзі бүкіл әлемге басым. Ол белгісіз біреу де емес. Біз халықты одан айырып, онымен сөйлесуіне кедергі бола алмаймыз. Сонымен қатар шешендікте, көркем әрі мәнді сөйлеуде ол замандастарынан озық. Қысқасы, ол туралы біз не айтсақ та, халық біздің сөзіміздің өтірік екенін түсінеді», – деді. Айтар сөз таба алмаған құрайыштықтар: «Арамыздағы ең үлкені әрі тәжірибелісі – сенсің, сен не десең, біз соған разымыз», – деді.
«Пайғамбарымыз: „Йа, Раббым! Дәус халқына тура жолды көрсет те, оларды ислам дініне келтір!“ – деп дұға етті. Ал маған: „Қауымыңа қайт! Оларды жылы жүзбен және тәтті тілмен исламға шақыруыңды жалғастыр! Оларға жұмсақ бол!“ – деді» Туфәйл бин Амр (радиаллаһу анһу)
Осыдан кейін Уәлид бин Муғира біраз ойланып тұрды да, айналасындағыларды азғырып, былай деді: «Бәрібір ең жақсысы – біз оны сиқыршы, арбаушы деп атайық, ақылға ең қонымдысы – осы. Өйткені ол сөздерімен адамдарды қауымынан және туыстарынан айырады. Бауырды бауырдан, екі досты бір-бірінен суытады». Құрайыштықтар дереу тарап, Меккеде айналаларына жинаған адамдарға: «Мұхаммед – сиқыршы!..» – деді де, мұны халық арасына таратты. Қағбаны зиярат ету үшін тайпалар келе бастағанда, олар тайпалардың алдынан шығып, Пайғамбарымызбен кездесуден сақтандырмаған бір де бір адамды қалдырмады. Мүшріктердің осы әрекеттері салдарынан бүкіл араб елдерінде исламға қызығушылық оянды, көңілдерде пұттар туралы күмән мен сұрақтар туа бастады. Аллаһу та’ала кәпір Уәлид бин Муғираға ащы азаптар таттыратыны туралы аят кәрималар түсірді. Мәселен, Муддассир сүресінің 11–29-аят кәрималарында мағынасы бойынша былай делінді: «(Йа, Расулым!) Мен жалғыз (байлықтан құр алақан күйде) жаратқан адамның (Уәлид бин Муғира сияқты бір кәпірдің) ісін (жазасын) Маған қалдырыңдар! (Ол кәпірге лайықты жазасын Мен берейін.) Мен оған өте көп мал бердім (ештеңеге ие болмаған ол ниғметті мойындамайтын адамға көптеген бау-бақша, бақ, байлық бердім, кейін оны көп ниғметтерге қауыштырдым). Мен оған әрдайым қасында болатын ұлдар бердім (оны бағып-қағатын, оған жасалатын шабуылды сол сәтте тойтаруға әзір тұратын күшті-қуатты ұлдар). Мен оған әр нәрсені жеңілдеттім, өте үлкен мүмкіндіктер бердім (әр нәрсені оңай қолға түсіре алатындай халге жеткіздім, оның жолын аштым. Меккеде ол жоғары билікке қол жеткізді. Оған «Райханатул-Араб» деген лақап берілді. Ол өзін қауымына өте таңдаулы адам етіп көрсететін). Сосын ол (ол ашкөз, ниғметті мойындамайтын адам) осы мүмкіндіктерден кейін (малы мен балаларын) тағы да арттыруымызды қалайды (ашкөздікпен сұрайды, қол жеткізген ниғметтердің қадірін біліп, шүкір етуге тырыспайды). Жоқ! Оның тілектері ешқашан орындалмайды! (Ол мүнкірдің, ол ашкөздің тілегі орындалмайды; оның малы да, балалары да артпайды.) Өйткені ол Біздің аяттарымызға қарсы қатты қырсықты. Мен оны тозақта аяқ ілінбейтін тайғақ жартасқа қатты айдаймын (тозақтың қатты әрі ауыр азаптарының ішінде оны лайықты жазасына тартамын), оны қиындық пен бейнетке саламын! (Бір күні Пайғамбарымыз Қағбада Құран кәрімді дауыстап оқығанда, аят кәрималар Уәлидке терең әсер етті. Ол құрайыштықтарға барып: „Мұхаммед оқыған бір сөзді естідім. Бұл адамның да, жынның да сөзі бола алмайды. Бұл сөз өлең емес, көріпкелдің сөзі де емес. Бұл адам өтірік те айтпайды. Мен талай мәнді сөз естіген адаммын. Бірақ мұны ешнәрсеге ұқсата алмадым. Сендер оның бір рет болса да өтірік айтқанын көрдіңдер ме?“ – дегенде, құрайыштықтарды үлкен үрей биледі де, олар: „Ойбай! Мына ақылды, бай, беделді адамды да қолдан шығарып алдық! Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сөздері бұған да әсер етті“, – деді. Олар дереу оның жанына Әбу Жәһлді жіберді. Әбу Жәһл келіп: „Не болды, мен сені неге осынша мұңды, қайғылы көріп тұрмын? Мұхаммедтің сиқыры саған да әсер етті ме, әлде оның мал-мүлкінен бір нәрсе бұйырды ма? Біз өзара келістік: егер сен мал-мүлікке қызықсаң, біз саған қалағаныңша мал-мүлік береміз. Сен мұндай адасқан жолдарға түсіп кетпе“, – деді. Уәлид бин Муғира: „Құрайыштың ең байы – менмін. Маған қалайша мұндай нәрсе ұсына аласыңдар?“ – деді. Әбу Жәһл: „Жарайды! Онда сен неге ол оқыған Құран туралы мақтау сөздер айттың?“ – деді.) (Осыдан кейін ол мүнкір адам Расулуллаһтан естіген Құран кәрімге тіл тигізу үшін) көңілінде кейбір нәрселерді елестетті (ойланып-толғанды) және артынан бір баға шығарды (ойының нәтижесін айтты). Құрып кеткір, қалай баға берді! (Ол қисынсыз, байланыссыз, өзінің бұрын айтқанын жоққа шығаратын, мүлде болмайтын бір баға шығарды. Бұл адам өз сөздерін түсіндіру керек екенін сезді де, бұл сөздерді оларға қалай түсіндіремін деп ойлады.)
«Жоқ, мен тағы барып оқимын. Мүшріктерді алғаш рет осындай аянышты халде көрдім. Олардың дәрменсіздігі мені қатты қуантады. Маған көрсетілген азаптардан ауырсыну сезбеймін» Абдуллаһ бин Мәсуд (радиаллаһу анһу)
Тағы да құрып кеткір, қалай (сондай қорқынышты) баға шығарды! Сосын ол қарады (мәселеге зер салды, оны толық өз бақылауына алу үшін мәселені қайтадан тереңірек ойлады). Сосын қабағын түйіп, бетін тыжырайтты. Сосын ол хақтан бет бұрып, тәкаппарланды. Және былай деді: „Бұл – адамдардан ауысып келе жатқан (біреуден біреуге үнемі ауысып жүрген) сиқыр ғана. Бұл – адамның сөзі ғана!“» (Алайда ол адам бұрын өз қауымының арасында Құран кәрімнің ғажайып сөз екенін, адам мен жынның сөздеріне ұқсамайтынын мойындаған еді. Сосын ол мүнкір адам қауымын риза ету үшін сөзін өзгертіп, Құран кәрім туралы оған мүлде лайық емес жала жапты. Осылайша ол өзін илаһи азапқа лайық етті. Аллаһу та’ала былай деді:) «Мен оны тозаққа (Сақарға, қатты оттың ішіне) кіргіземін. Сақардың не екенін білесің бе? (Қатты оттың не екенін сен қайдан білесің? Оның сипаттары туралы білесің бе?) Ол қалдырмайды да, тастамайды да! (Адамды өлтірмейді де, тірілтпейді де; ішіне кіргендерді шығармайды да, азаптан тоқтамайды да.) Ол адамның бүкіл терісін сыпырады (өртеп күйдіреді, қарайтады) және сүйектерін ашып тастайды».
Мүшріктердің Құран кәрімді тыңдауы
Мүшріктердің игі жақсылары неше түрлі айла мен зұлымдық арқылы адамдардың иман келтіруіне кедергі жасайтын. Олар Мекке халқына Мұхаммед алейһиссалам оқыған аят кәрималарды тыңдауға тыйым салатын. Ал өздері түнде жасырын түрде сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам тұрған үйдің жанына келіп, бір бұрышқа тығылып тыңдайтын. Таң атып, айнала жарқырай бастағанда, бір-бірінен бейхабар түнде Құран кәрімді тыңдауға келгендерін көрген мүшріктердің игі жақсылары бір-бірін айыптап: «Бұдан былай бұлай істемейік», – дейтін. Бірақ келесі түні тағы да бір-бірінен бейхабар барып, бір бұрышқа тығылып, қайта тыңдайтын. Таң атқанда бір-бірін көріп, таң қалатын. Олар енді бұлай істемеуге ант етіп тарасатын, бірақ бұдан тыйыла алмайтын. Алайда нәпсілеріне еріп, тәкаппарланып, басқа мүшріктердің айыптауынан қорқып және тағы көптеген бос ойларға беріліп, олар иман келтірмеді. Басқаларға да кедергі жасады. Оның үстіне көшелерде: «Мұхаммед – сиқыршы», – деп айқайлады. Бір күні кешке қарай мүшріктер Қағбаның айналасына жиналып: «Мұхаммедті шақыртып, бұл мәселені сөйлесейік! Кейін жұрт бізді айыптамасын, ақтап алсын», – деді де, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хабар жіберді. Осы шақыру бойынша Пайғамбарымыз Қағбаға келіп, мүшріктердің қарсысына отырды. Мүшріктер былай деді: «Ей, Мұхаммед! Саған хабар жіберуіміздің себебі – сенімен келісу. Ант етеміз, арабтардың арасында сен сияқты өз қауымын бәлеге душар еткен адам көрінбеген! Сен дінімізді айыптадың! Тәңірлерімізге тіл тигіздің! Ақылдарымызды менсінбедің! Бірлігімізді бұзып, бізді бір-бірімізге айдап салдың! Басымызға әкелмеген жамандығың қалмады! Егер сен осы әрекеттерің мен сөздерің арқылы байығың келсе, саған қалағаныңнан да көп мал жинап береміз. Атақ пен абырой алғың келсе, сені өзімізге басшы етіп қабылдаймыз. Патша болғың келсе, сенің патша екеніңді жариялап, айналаңа жиналамыз. Егер сен бір нәрсенің әсерінде қалған болсаң, сені одан құтқарамыз. Ол жындардан келген ауру болса, бар байлығымызды төгіп, оның емін іздейміз!..» Әлемдердің мырзасы оларды сабырмен тыңдады да, мынадай ұлы жауап берді: «Ей, Құрайыш қауымы! Сендер айтқан нәрселердің ешқайсысы менде жоқ. Мен сендерге әкелген нәрселерім арқылы не мал-мүліктеріңді сұрау үшін, не араларыңда үлкен атақ-абырой алу үшін, не сендерге патша болу үшін келген жоқпын. Бірақ Аллаһу та’ала мені сендерге пайғамбар етіп жіберді және маған бір Кітап түсірді. Ол маған (қабылдағандарың үшін) сүйінші хабар беруші (жәннатпен) және қорқытушы (қабылдамағандарың үшін тозақпен) болуды бұйырды.
Мен де Раббымның осы бұйрығын сендерге жеткіздім, сендерге насихат айттым. Егер мен әкелген нәрсені қабылдасаңдар, ол сендерге дүниеде де, ахиретте де несібе әрі азық болады. Егер қабылдамай, теріске шығарсаңдар, Аллаһу та’ала менімен сендердің араларыңда Өз үкімін бергенше, маған тиесілі іс – Хақ та’аланың бұйрығын орындау үшін әрбір қиындыққа кеуде керіп төзу…» Әбу Жәһл, Умәййә бин Халәф және басқа мүшріктер былай деді: «Ей, Мұхаммед! Күнкөріс жағынан бізден де ауыр жағдайда өмір сүретін адам жоқ екенін білесің. Пайғамбар болсаң, Раббыңнан сұра: бізді қысып тұрған, күнкөрісімізді ауырлатқан мына тауларды жойып, алыстатсын! Жерімізді кеңейтіп, онда Шам мен Ирак өзендері сияқты өзендер ағызсын! Сонымен қатар Қусай бин Килабтан бастап, өткен бабаларымыздың кейбірін тірілтсін! Қусай бин Килаб шыншыл, ұлы адам еді. Сенің сөздеріңнің хақ па, жалған ба екенін одан сұрайық! Егер ол сені растаса және сен біз сұрағандарды орындасаң, біз сені растаймыз. Осылайша сенің Раббыңның құзырындағы дәрежеңді де білеміз. Егер біз сұрағандарды орындамасаң, өзің үшін Раббыңнан бір нәрсе сұра. Сенің сөздеріңді растайтын, бізді сенен кері қайтаратын бір періште жіберуін сұра! Сонымен қатар Раббың саған бақтар, сарайлар, қазыналар берсін де, сен күнкөріс қамынан құтыл! Өйткені сен де біз сияқты базарларда жүресің, күнкөріс үшін әуреленесің!..» Әлемнің мақтанышы оларға былай деді: «Мен сендерге бұлармен жіберілген жоқпын. Аллаһу та’ала мені немен жіберген болса, мен сендерге Хақ та’аладан тек соны ғана әкелдім. Мен оны сендерге жеткіздім. Мен (мал-мүлік берсін деп) Раббымнан сұрап тұратын адам емеспін… Аллаһу та’ала мені (әкелгендерімді қабылдағандарың үшін жәннатпен) сүйінші хабар беруші және (қабылдамай, теріске шығарғандарың үшін тозақпен) қорқытушы етіп жіберді». Осыдан кейін мүшріктер: «Раббың қалаған әр нәрсені істейтін болса, сұрашы, мына көкті жарып, үстімізге түсірсін!.. Сен мұны істемейінше, біз саған сенбейміз!» – деді. Пайғамбарымыз: «Бұл іс – Аллаһу та’аланікі. Ол сендерге мұны істегісі келсе, әрине, істейді», – деді. Осыдан кейін мүшріктер одан әрі асып: «Ей, Мұхаммед! Сенің Раббың біздің сенімен отыратынымызды, сенен не сұрайтынымызды, сенен не талап ететінімізді білмеді ме екен, саған алдын ала хабар беріп үйретпеді? Біз сен жеткізгендерді қабылдамасақ, бізге не істейтінін неге білдірмеді?.. Сөздеріңнің шындығына періштелерді бізге куә етіп әкелмейінше, біз саған сенбейміз… Енді сенің алдыңда біздің ешқандай жауапкершілігіміз қалмады. Ант етеміз, енді сенің жағаңнан мүлде айырылмаймыз! Не біз сені жоямыз, не сен бізді…» – деді. Олардың өзіне жақындаудың орнына осылай мүлде алыстағанын көрген сүйікті Пайғамбарымыз олардың жанынан кетті.13 Меккелік мүшріктер Ғаламның Сұлтанын қабылдамағаннан кейін, Аллаһу та’ала Жәбрейіл алейһиссалам арқылы уахи жіберіп, оларға аят кәрималармен жауап берді. Олардың душар болатын ащы азаптарын білдірді. Әнғам сүресінің 4-аят кәримасынан 11-аят кәримасына дейін мағынасы бойынша былай делінді: «Оларға Раббыларының аяттарынан бір аят (Құран кәрім аяттарынан бір аят, дәлелдерден бір дәлел немесе мұғжизалардан бір мұғжиза) келмейді, олар одан бет бұрмай қалмайды.
«Жабайы, жүректері қатты надандар саған сенбейді. Олар мұнафықтыққа өте бейім» Тәубе: 97
Міне, олар Хақ (Құран кәрім) өздеріне келген кезде оны өтірікке шығарды, теріске шығарды. Бірақ жақында оларға өздері мазақ еткен нәрсенің хабары (жазасы) келеді. Олар (Мекке халқы) өздерінен бұрын Біздің қаншама ұрпақты құртқанымызды көрмеді ме? Анық білмеді ме? Біз оларға сендерге бермеген барлық мүмкіндіктерді берген едік. Көктен оларға мол жаңбырлар жібердік. (Бау-бақшаларының, бостандарының және сарайларының) астынан өзендер ағыздық. Сосын оларды (осы ниғметтерге шүкір етпегендері және) күнәлары үшін құртып жібердік. Олардың орнына басқа-басқа ұрпақтар жараттық. Егер Біз саған қағазға жазылған бір кітап түсірсек және олар оны қолдарымен ұстап көрсе де, ол кәпірлер қырсықтықтарынан: „Бұл анық сиқырдан басқа ештеңе емес“, – дер еді. Тағы олар: „Оған (Мұхаммед алейһиссаламға) (біз де көре алатын) бір періште жіберілсе еді (және бізге оның пайғамбар екенін айтса еді)!“ – деді. Егер Біз бір періште жіберген болсақ (және олар бәрібір иман келтірмесе), іс, әрине, бітірілген болар еді (олардың бәрін құрту туралы үкім шығарылар еді). Сосын оларға көзді ашып-жұмғандай да мұрсат берілмес еді, оларға қаралмас та еді. Егер Біз оны (Пайғамбарды) періште етсек, әрине, оны бәрібір ер адам (кейпінде) көрсетер едік және оларды қазір де түскен күмәндарына қайта түсірер едік. Ант болсын, сенен бұрынғы пайғамбарлар да мазақ етілді, сөйтіп мазақ еткен нәрселерінің жазасы болған бәле мен азап оларды жан-жақтан қоршап алды. Айт: „Жер бетін аралаңдар, сосын қараңдар: пайғамбарларды өтірікшіге шығарушылардың ақыры қандай болды?“» Фурқан сүресінің 7–10-аят кәрималарында да мағынасы бойынша былай делінді: «Кәпірлер: „Бұл қандай пайғамбар? Біз сияқты ішіп-жейді, көшелерде жүреді. Пайғамбар болса, оған періште келер еді. Оның көмекшілері болып, олар да бізге хабар берер, бізді тозақпен қорқытар еді. Не болмаса Раббысы оған ақша қазыналарын жіберер еді, не оның жеміс бақтары, егістіктері болып, қалағанын жер еді“, – деді. Ол залымдар бір-біріне: „Егер сендер оған ерсеңдер, сиқырланған бір адамға ерген боласыңдар“, – деді. (Йа, Хабибім!) Қарашы, олар сен туралы қандай жаман мысалдар келтіріп, хақ жолдан тайды, адасуға түсті. Енді олар адасудан шығып, хидаятқа жол таба алмайды. Аллаһу та’аланың шаны қандай ұлы! Ол қаласа, саған (дүниеде) бұлардан да қайырлырақ, астынан өзендер ағып тұрған бау-бақшалар берер, сен үшін сарайлар салар!» 21-аят кәримада да мағынасы бойынша былай делінді: «Бізге қауышуды үміт етпейтіндер: „Бізге періштелер түсірілсе еді (және Мұхаммедтің шын айтатынын хабарласа еді), не Раббымызды көрсек еді!“ – деді. Ант болсын, олар өздерін тым жоғары санады және үлкен азғындықпен шектен шықты…» Сәбә сүресінің 9-аят кәримасында мағынасы бойынша былай делінді: «Біз қаласақ, оларды (ашық аяттарымызды көре тұра өтірікке шығарғандары үшін, Қарун сияқты) жерге батырар едік немесе (Әйкә халқына істегеніміздей) үстеріне көктен бөлшектер түсірер едік». Исра сүресінің 97-аят кәримасында да мағынасы бойынша былай делінді: «…Біз оларды қиямет күні соқыр, мылқау және саңырау етіп, етпетінен жинаймыз! Олардың баратын жері – тозақ, оның оты бәсеңдеген сайын, Біз оның жалынын үдетеміз!» Өздері туралы түскен аят кәрималарды естігенде, мүшріктер дұшпандықтарын одан әрі күшейтті.
Әсіресе Убәй бин Халәф пен оның бауыры Умәййә Расулуллаһты қатты ренжітетін. Бедбахт Убәй шіріп біткен бір сүйекті ұстап, Пайғамбарымыздың биік құзырына келді. Ол: «Ей, Мұхаммед! Бұл сүйек шіріп біткеннен кейін сенің Аллаһың оны тірілтеді екен, солай ма? Демек, сен бұл сүйекті шіріп біткен соң Раббың тірілтеді деп ойлайсың, иә!» – деді де, сүйекті үгітіп жіберді. Сосын оның тозаңын сүйікті Пайғамбарымызға қарай үрледі. Ол сөзін жалғастырып: «Ей, Мұхаммед! Мұны осылай шіріп біткеннен кейін кім тірілте алар екен?» – деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Иә. Аллаһу та’ала сені де, оны да өлтіреді… Сосын сені тірілтеді және тозаққа кіргізеді», – деді. Осы оқиғаға байланысты Хақ та’ала мына аят кәрималарды түсірді. Мағынасы бойынша: «Ол (мүнкір) адам оны бір ұрықтан жаратқанымызды көрмеді ме, анық білмеді ме? Солай бола тұра, ол ашық айтысушы болып шықты. Өзінің жаратылысын ұмытып, Бізге: „Шіріп ыдыраған мына сүйектерді кім тірілтеді?“ – деп мысал келтірді. (Йа, Расулым!) Айт: „Оларды (жоқ кезде) алғаш рет жаратқан тірілтеді, әрі Ол (Аллаһу та’ала) әрбір жаратылғанды толық білуші. Ол (Аллаһу та’ала) – сендерге жап-жасыл ағаштан от шығарушы, міне, сендер одан от жағасыңдар. Көктер мен жерді жаратқанның олар сияқтыны жаратуға күші жетпей ме? Әрине, жетеді. Ол – әр нәрсені жаратушы, әр нәрсені білуші…“»14
Халид бин Саидтің иманы
Исламға шақырудың алғашқы кезеңдерінде Халид бин Саид бір түс көрді. Түсінде ол тозақтың шетінде тұр екен, ал әкесі оны итеріп құлатқысы келеді. Дәл сол кезде ол Пайғамбарымыздың оны белінен ұстап, тозаққа құлаудан құтқарғанын көрді. Ол айқайлап оянды да: «Аллаһпен ант етемін, бұл түс – шын», – деді. Сыртқа шыққанда хазреті Әбу Бәкірге кездесіп, оған түсін айтып берді. Хазреті Әбу Бәкір оған: «Сенің түсің – хақ, бұл кісі – Аллаһу та’аланың пайғамбары. Қазір барып, оған ер! Сен оған еріп, ол әкелген дінге кіресің және онымен бірге боласың. Ал ол сені түсіңде көргеніңдей тозаққа құлаудан сақтайды. Ал әкең тозақта қалады!» – деді.
Хазреті Халид бин Саид түстің әсерінде еді. Уақыт жоғалтпай, ол дереу Әжйад деген жерге, Мұхаммед алейһиссаламның құзырына барып: «Ей, Мұхаммед! Сен адамдарды неге шақырасың?» – деп сұрады.
Пайғамбарымыз оған былай деп жауап берді: «Мен адамды теңі де, ұқсасы да жоқ жалғыз Аллаһқа және Мұхаммедтің (алейһиссалам) Оның құлы әрі пайғамбары екеніне сенуге, естімейтін, көрмейтін, ешқандай зиян да, пайда да келтірмейтін, өздеріне табынатындарды да, табынбайтындарды да білмейтін әлдебір тас кесектеріне табынудан бас тартуға шақырамын».
Осыдан кейін Халид бин Саид дереу: «Мен де куәлік етемін: Аллаһу та’аладан басқа табынуға лайық илаһ жоқ, тағы да куәлік етемін: сен – Аллаһу та’аланың пайғамбарысың!» – деп мұсылман болды. Оның мұсылман болуы Пайғамбарымызды қатты қуантты. Оның артынан әйелі Умәййә де мұсылман болу мәртебесіне ие болды. Хазреті Халид бин Саид бауырларының да мұсылман болуын қалап, сол үшін тырысатын. Олардың ішінен Омар бин Саид мұсылман болып үлгерген еді.
«Біз оларды қиямет күні соқыр, мылқау және саңырау етіп, етпетінен жинаймыз! Олардың баратын жері – тозақ, оның оты бәсеңдеген сайын, Біз оның жалынын үдетеміз!» Исра: 97
Исламның қатал дұшпаны болған әкесі Әбу Ухайха Халид пен Омардың мұсылман болғанын және Меккенің оңаша бір жерінде намаз оқитындарын білген соң, балаларынан мұсылман болмағандарын жіберіп, оларды өз жанына алдыртты. Сосын оларға жаңа кірген діндерінен шығуды бұйырды. Ол оларға ұрсып, соға бастады.
Сосын ол Халид бин Саидке: «Сен Мұхаммедке ердің бе? Сен оның өз қауымына қарсы әрекет етіп жүргенін және әкелген нәрсесімен пұттарымызды, ата-бабаларымызды қорлап жүргенін көріп отырсың ғой!» – деді.
Хазреті Халид бин Саид: «Аллаһқа ант етемін, Мұхаммед алейһиссалам шындықты айтады. Мен оған ердім. Өлсем өлермін, бірақ дінімнен қайтпаймын!» – дегенде, әкесінің ашуы одан бетер өрши түсті. Ол оны таяқ сынғанша сабады да: «Ей, жарамсыз балам! Қалаған жеріңе бар. Ант болсын, мен саған нан бермеймін!» – деді. Хазреті Халид: «Сен менің нәпақамды үзсең, Аллаһу та’ала, әрине, ризығымды береді», – деді.
Әкесі басқа балаларын: «Егер араларыңнан біреу онымен сөйлессе, оған істемегенімді сендерге істеймін», – деп қорқытты. Хазреті Халидті ол үйдің жертөлесіне қаматып, оны үш күн Меккенің ыстығында аш-сусыз қалдырды.
Хазреті Халид бин Саид бір амалын тауып, әкесінің қолынан құтылды. Әкесі ауыр дертке шалдықты. Әбу Ухайха ауырып жатқан жерінде исламға деген дұшпандығынан былай дейтін:
«Осы аурудан айығып, аяғыма тұрсам, Меккедегі әрбір адам біздің пұттарымызға табынатын болады. Ешкім олардан басқаға ғибадат ете алмайды!..» Хазреті Халид әкесінің хақ дінге деген дұшпандығы тоқтасын және мұсылман бауырларына зиян келтірмесін деп, қолдарын көтеріп: «Йа, әлемдерді жаратқан Аллаһым! Әкемді бұл аурудан тұрғызба!» – деп дұға етті. Хақ та’ала оның дұғасын қабыл етті: Әбу Ухайха ауру төсегінен тұра алмай, өлді.
Мусаб бин Умәйрдің мұсылман болуы
Мусаб бин Умәйр (радиаллаһу анһу) Құрайыштың текті әрі бай отбасынан еді. Пайғамбарымыздың мүбәрәк сөздерін естігенде, оның жүрегінде оған деген үлкен махаббат пайда болды. Ол оған қауышу тілегімен жанып-күйіп жүрді. Ақырында ол Дарул-Әрқамға барып, мұсылман болды. Мұны естіген анасы мен әкесі оны бәрінен айырып, азаптай бастады. Дінінен қайтару үшін оны үйлеріндегі жертөлеге қамап, күндер бойы аш-сусыз қалдырды. Арабстанның күйдіргіш күнінің астында оны ауыр, төзу қиын азаптарға салды. Бірақ хазреті Мусаб бин Умәйр бұл ауыр әрі мейірімсіз азаптарға сабыр етті де, исламнан қайтпады.
Хазреті Мусаб мұсылман болғанға дейін отбасының байлығы арқасында рахат пен молшылықта өсірілген еді. Барлығы оған қызығатын. Мұсылман болғанда, отбасы оны бәрінен айырып, азаптарға душар етті. Діні үшін әр түрлі қиындыққа төзген Мусаб бин Умәйр бір күні Расулуллаһтың құзырына келді. Оның бұл келуін хазреті Әли былай баяндады: «Біз Расулуллаһпен бірге отыр едік. Сол кезде Мусаб бин Умәйр келді. Үстінде жамау-жамау киімі бар еді, ол аянышты халде болатын. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оның бұл халін көргенде, мүбәрәк көздері жасқа толды. Мусаб қаншама азап шексе де, қаншама кедей болса да, дінінен қайтпағаны үшін Расулуллаһ былай деді: „Жүрегін Аллаһу та’ала нұрландырған мына адамға қараңдар. Мен оның анасы мен әкесінің оны ең жақсы тағамдармен және сусындармен асырағанын көрдім. Аллаһу та’алаға және Оның Расулына деген махаббат оны сендер көріп отырған халге жеткізді“».
«Аллаһым! Олардың күнәларын кешір! Өйткені олар не істеп жатқандарын білмейді» Хадис шәриф
Хақты зікір ет жана-жана!
Қауышасың мол ихсанға,
Ашылады әр есік саған,
Аян болар Жамалуллаһ.
Шәмс-и Тәбриз мұны білер:
Әлем қалмас, фәни болар,
Барша махлұқ жоққа шығар,
Тек бақи қалар Аллаһ.
Салатуллаһ сәламуллаһ,
Алейкә йа Расулаллаһ.
Хабашстанға хижрет
