ОНЫҢ БИСҒАТЫ1 ЖӘНЕ ДІНГЕ ШАҚЫРУЫ
Әлемдердің мырзасы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) отыз жеті жасында ғайыптан өзін: «Ей, Мұхаммед!» – деп шақырған дауыстарды еститін. Отыз сегіз жасқа толғанда, ол әлдебір нұрларды көре бастады. Өз жағдайларын ол тек хазреті Хадиша анамызға ғана айтатын. Мұхаммед алейһиссаламға пайғамбарлығы білдірілетін уақыт жақындағанда (шамамен он жыл бұрын), заманның атақты шешендерінің бірі Қусс бин Сағида Указ жәрмеңкесінде түйенің үстінен көп жұрттың алдында оқыған хұтбасында оның келетінін сүйіншілеген еді. Сүйікті Пайғамбарымыз да бұл хұтбаны тыңдағандардың арасында еді. Қусс бин Сағида өзінің осы атақты хұтбасының бір бөлігінде былай деген:
«Ей, адамдар! Келіңдер, тыңдаңдар, күтіңдер, ғибрат алыңдар! Тірі жан өледі, өлген жоқ болады, болатын іс болады!.. Құлақ салыңдар, жақсылап тыңдаңдар! Көкте хабар бар, жерде ғибрат алатын нәрселер бар!.. Аллаһтың алдында бір дін бар!.. Және Аллаһтың келетін бір пайғамбары бар. Оның келуі өте жақын. Оның көлеңкесі бастарыңның үстіне түсті. Оны тыңдайтындар мен оған иман келтіретіндер қандай мүбәрәк! Оған қарсы шығып, бас көтерген бақытсызға қасірет! Өмірлері ғапылдықпен өткен үмметтерге өкініш!..»
Ол кезде Арабстанда адамдар илаһи өлшемдерден алыстап, бай мен кедей, күшті мен әлсіз, қожайын мен құл сияқты таптарға бөлінген еді. Алдыңғылары соңғыларын өз үстемдігімен езіп, оларды адам қатарына санамайтын. Әлсіздердің малы күшпен тартып алынатын, бұған тосқауыл болатын бір билік те жоқ еді. Аллаһу та’алаға иман келтіру беретін ұят пен қорқыныштан махрұм болғандықтан, олар ізгіліктен әбден алыстаған еді. Түрлі азғындық, абырой мен ар-намысты аяққа таптау сияқты пасық істер еркін жасалып, құмар, ішімдік, сайран-сауық жиындары ешкімге оғаш көрінбейтін. Толастамайтын кісі өлтірулер, зина мен шабуылдар төңіректі ойрандап, жазықсыз адамдардың ыңырсуы мен аянышты айқайлары Аршты жаңғыртатын. Мінез-құлық жағынан толық азғындық үстемдік құрып, адамдар надандық теңізіне батып жатты. Әйелді қарапайым бір мал сияқты сатып алып, сататын, қыз балаларды тірідей, мейірімсіз түрде жерге көметін. Ең сорақысы – қатал жүректі, қырсық әрі мейірімнен жұрдай бұл адамдар өз қолдарымен жасаған, пайда да, зиян да келтіре алмайтын пұттарға табынуды үлкен абырой деп санайтын.
Адам алейһиссаламнан бері дүниеде мұндай жабайылық, адасушылық, азғындық, имансыздық пен бұзықтық болмаған еді. Адамдар тап бір жыртқыш хайуандарға айналғандай еді. Әркім бір-біріне дұшпан, қоғам әр сәтте жарылуға дайын тұрды. Адамдардың тыныштыққа қауышуы үшін осы қараңғылықта бір бақыт күні туу керек еді. Ол туғанда, имансыздықтың орнын иман, зұлымдықтың орнын әділет, надандықтың орнын ілім басып, адамдар мәңгілік бақытқа қауышатын еді.
Ақыры сүйікті Пайғамбарымызға алдымен шынайы түстер көрсетіле бастады. Хадис шәрифте уахидің ең алдымен шынайы түспен басталғаны білдірілген. Оның түсінде көргендері дәл солай болып шығатын. Бұл жағдай алты ай жалғасты. Уахи келетін уақыт жақындағанда, «Ей, Мұхаммед!» деген дауыстар көбейді. Осыдан кейін ол оңашаны жақсы көріп, адамдардан алыстап, Хира тауындағы бір үңгірде тәфәккурге шома бастады. Кейде ол Меккеге келіп, Қағбаны тауап ететін де, сәадатханасына (бақытты үйіне) баратын. Сәадатханасында біраз болған соң, өзімен бірге аздап азық алып, қайтадан Хира тауындағы үңгірге оралатын, тәфәккур мен ғибадатпен айналысатын. Кейде ол онда күндер бойы қалатын. Ондай кезде хазреті Хадиша оған азық жіберетін немесе өзі апаратын.2
Мұхаммед алейһиссалам Хажар-и Әсуадты мүбәрәк шапанының үстіне қойды да: «Әр тайпадан бір кісі оның бір шетінен ұстасын», – деді Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедул-Әмин (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)
Алғашқы уахи
Пайғамбарымыз қырық жасында тағы бір Рамазан айында Хира тауындағы үңгірге оңашаланып, тәфәккурге шомған еді. Рамазанның 17-сі, дүйсенбі түні, түн ортасынан кейін ол өз есімін атап шақырған бір дауыс естіді. Басын көтеріп, айналасына қарағанда, сол дауысты екінші рет естіді және төңіректі кенеттен бір нұр қаптағанын көрді. Сосын оның алдына Жәбрейіл3 алейһиссалам келіп: «Оқы!» – деді. Пайғамбарымыз оған: «Мен оқи білмеймін!» – деп жауап берді. Сонда періште оны ұстап, дәрмені кеткенше қысты да: «Оқы!» – деді. Ол тағы: «Мен оқи білмеймін!» – деп жауап берді. Періште оны тағы бір рет қысып: «Оқы!» – деді. Ол: «Мен оқи білмеймін!» – дегенде, періште оны үшінші рет қысты. Сосын оны босатып, мағынасы бойынша: «(Ей, Мұхаммед алейһиссалам!) Барлық нәрсені жаратқан Раббың Аллаһтың атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан (алақтан) жаратты! Оқы, Аллаһ – ұлы кәрам иесі! Ол қаламмен үйретеді, білмегендерін үйретеді» болған Алақ сүресінің алғашқы бес аятын әкелді.4 Мұхаммед алейһиссалам да онымен бірге оқыды. Алғашқы уахи осылай келді, әрі бүкіл әлемді нұрландырған ислам күні осылай туды.5
Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қатты дірілдеп, толқыған күйде Хира тауындағы үңгірден шығып, төмен түсе бастады. Таудың ортасына жеткенде, ол бір дауыс естіді. Жәбрейіл алейһиссалам: «Ей, Мұхаммед! Сен – Аллаһу та’аланың Расулысың, ал мен – Жәбрейілмін», – деді де, өкшесімен жерді тепті. Тепкен жерінен су шықты, ол дәрет ала бастады. Пайғамбарымыз оны мұқият бақылап тұрды. Жәбрейіл алейһиссалам дәретін бітіргенде, Пайғамбарымызға көргеніндей дәрет алуды айтты. Сүйікті Пайғамбарымыз дәретін бітіргеннен кейін, Жәбрейіл алейһиссалам имам6 болып, олар екі рәкат намаз оқыды.
Осыдан кейін Жәбрейіл алейһиссалам: «Ей, Мұхаммед! Раббың саған сәлем жолдады!» – деді де, артынша Оның: «Сен – жындар мен адамдарға Менің Расулымсың. Олай болса, оларды тәухидке шақыр», – дегенін айтты. Сосын ол одан айырылып, көкке көтерілді. Осылайша сүйікті Пайғамбарымыз Жәбрейіл алейһиссаламды көрді де, онымен сөйлесті де.
Тастар мен ағаштардың сәлемі
Пайғамбарымыз сәадатханасына жеткенше қасынан өткен әрбір тастың, әрбір ағаштың: «Әссаламу алейкә йа Расулаллаһ!» – дегенін естіді. Үйіне келгенде ол: «Мені жабыңдар! Мені жабыңдар!» – деді де, дірілі басылғанша демалды. Сосын көргендерін хазреті Хадиша анамызға айтып берді де, былай деді: «Жәбрейіл (алейһиссалам) көзімнен ғайып болды. Бірақ оның айбаты, күші мен ол тудырған қорқыныш менен кетпеді. Мені жынды деп, тіл тигізіп жамандай ма деп қорықтым». Бұл жағдайларды әрі бұл күндерді күтіп, оған дайын болған хазреті Хадиша былай деді: «Аллаһу та’ала сақтасын. Хақ та’ала саған жақсылық береді және саған жақсылықтан басқа ештеңе қаламайды. Аллаһу та’аланың хақы үшін, сенің осы үмметтің пайғамбары болатыныңа сенемін. Өйткені сен қонақты жақсы көресің. Сен шыншылсың әрі сенімдісің. Әлсіздерге көмектесесің, жетімдерді қорғайсың, ғаріптерге көмек көрсетесің. Мінезің жақсы; бұл қасиеттердің иесінде қорқыныш болмайды».7
Сосын олар бұл жағдай туралы сұрау үшін Уарақа бин Нәуфәлге барды. Расулуллаһтың айтқандарын тыңдағаннан кейін Уарақа былай деді: «Сүйінші, ей, Мұхаммед алейһиссалам! Аллаһу та’аламен ант етемін, сен – хазреті Иса хабар берген соңғы пайғамбарсың. Саған көрінген періште – сенен бұрын Мұса алейһиссаламға келген Жәбрейіл алейһиссалам. Аһ! Әттең, жас болсам ғой! Сені Меккеден қуып шығаратын заманға дейін жетіп, көмегіңе асықсам ғой! Таяу уақытта саған дінді жеткізу мен жиһад әмір етіледі». Сөйтіп ол Пайғамбарымыздың мүбәрәк қолын сүйді. Көп ұзамай ол қайтыс болды.8
Дінді жеткізу әмірінің келуі
Сүйікті Пайғамбарымызға оның пайғамбарлығы білдірілген алғашқы уахи осылай келген еді. Сосын ол тоқтап, үш жыл келмеді. Осы арада Исрафил алейһиссалам есімді періште келіп, оған кейбір нәрселерді үйретті. Бұлар уахи емес еді. Осы уақыт ішінде Расулуллаһ кейде қатты қиналатын. Ол қайғырған сайын Жәбрейіл алейһиссалам көрініп: «Йа, Хабибуллаһ! Сен – Аллаһу та’аланың пайғамбарысың», – дейтін де, оның қайғысын басатын. Пайғамбарымыз былай деді: «Бұл уахи тоқтаған кезде еді. Хира тауынан төмен түсіп келе жатқанда, кенеттен көк жақтан бір дауыс естідім. Жоғары қарадым да, Жәбрейілді (алейһиссалам) көрдім. Ол жер мен көктің арасында бір күрсінің үстінде отыр еді. Мені қорқыныш биледі. Үйге барып: „Мені бір нәрсемен жабыңдар“, – дедім. Сонда Хақ та’ала Муддассир сүресінің мағынасы бойынша: „Ей, жамылғысына оранған Мұхаммед алейһиссалам! Тұр да (кәпірлерді Аллаһу та’аланың азабымен) қорқыт! Раббыңды ұлықта, дәріпте! Киімдеріңді таза ұста!“ болған алғашқы аяттарын9 түсірді. Осыдан кейін уахи енді тоқтаған жоқ».
Ғаламның мақтанышы (алейһи әфзалус-салауат) Пайғамбарымыз адамдарды исламға шақырып, Аллаһу та’аланың әмірлері мен тыйымдарын жеткізе бастады. Жәбрейіл алейһиссалам уахи әкелгенде, кейде адам кейпіне еніп, құрметті сахабалардан Дыхие Кәлбидің кейпінде келетін. Кейде ол уахиді Пайғамбарымыздың жүрегіне салатын; ондай кезде Расулуллаһ оны көрмейтін. Кейде уахи түс арқылы, кейде үрей тудыратын бір гүріл арқылы келетін.
Уахидің Пайғамбарымызға ең ауыр әрі ең қиын келгені осы еді. Мұндай кездерде Расулуллаһтың мүбәрәк маңдайынан ең суық күні де тер ағатын, ол түйенің үстінде болса, уахидің ауырлығынан түйе жерге шөгіп қалатын. Оның жанындағы сахабалар да уахидің ауырлығын сезетін. Жәбрейіл алейһиссалам бірнеше рет өз кейпінде де келді.
«Ей, жамылғысына оранған Мұхаммед! Тұр да (кәпірлерді Аллаһу та’аланың азабымен) қорқыт! Раббыңды ұлықта, дәріпте!» Муддассир: 1–3
Аллаһу та’ала Пайғамбарымызға періштесіз де, пердесіз де, яғни ешқандай делдалсыз да уахи түсірді. Бұл Миғраж түнінде болды. Алғашқы уахидің келуімен пайғамбарлық міндетіне кіріскен Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) исламды жеткізуі жиырма үш жылға созылды. Бұл уақыттың он үш жылы Меккеде, он жылы Мәдинада өтті. Құран кәрім 22 жыл 2 ай 22 күн ішінде түсіп, толық аяқталды.
Мұхаммед алейһиссалам үмми еді, яғни ол кітап оқымаған, жазу жазбаған және ешкімнен сабақ алмаған еді. Ол Меккеде туып-өскен, белгілі адамдар арасында тәрбиеленген еді. Солай бола тұра, ол Тәураттағы, Інжілдегі, грек және рим дәуірлерінде жазылған кітаптардағы мәліметтерден, оқиғалардан хабар берді. Исламды білдіру үшін ол хижреттің алтыншы жылының соңында және жетінші жылының басында Византия, Иран және Хабашстан билеушілеріне және басқа да араб патшаларына хаттар жіберді. Оның құзырына алпыстан астам шетел елшісі келді. Бұл туралы Құран кәрімде мағынасы бойынша былай білдірілген: «Сен бұл Құран кәрім келмес бұрын ешбір кітап оқымадың. Жазу да жазбадың. Егер оқи-жаза білгеніңде, басқалардан үйрендің дер еді».10
Хадис шәрифте де: «Мен – үмми пайғамбар Мұхаммедпін… Менен кейін пайғамбар жоқ», – делінді.11 Сондай-ақ Құран кәрімде былай делінеді: «Ол (Мұхаммед алейһиссалам) өз бетінше сөйлемейді. Оның сөздері – оған уахи арқылы білдірілетін, үйретілетін сөздер».12
Алғашқы мұсылмандар (Сабиқун-и ислам)
Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алғашқы уахи келгеннен кейін ең алғаш иман келтірген – хазреті Хадиша анамыз.13 Ол ешбір күмәнсіз исламды бірден қабыл алып, алғашқы мұсылман болу мәртебесіне жетті.
Пайғамбарымыз хазреті Хадиша анамызға Жәбрейіл алейһиссалам үйреткендей дәрет алуды үйретті. Сосын Пайғамбарымыз имам болып, олар бірге екі рәкат намаз оқыды. Хазреті Хадиша анамыз сүйікті Пайғамбарымыздың әрбір сөзіне, әрбір әміріне ең кемел түрде бағынды. Осылайша ол Аллаһу та’аланың алдында өте биік дәрежелерге жетті. Расулуллаһ қайғырса, жоққа шығарушылардың келемежінен азап шексе, ол оны жұбатып, қайғысын тарқататын. Ол былай дейтін: «Йа, Расулаллаһ! Еш қайғырма, мұңайма. Ақырында дініміз күшейіп, мүшріктер жойылады. Қауымың саған бағынады…» Хадиша анамыздың осы көмектері үшін бір күні Жәбрейіл алейһиссалам келіп: «Йа, Расулаллаһ! Хадишаға Аллаһу та’аланың сәлемін жеткіз», – деді. Пайғамбарымыз: «Ей, Хадиша! Міне, Жәбрейіл (алейһиссалам) саған Аллаһу та’аланың сәлемін жеткізіп тұр», – деді.14
Пайғамбарымыз бір жолы тағы былай деді: «Аллаһу та’ала маған Хадишаға жәннаттағы інжуден жасалған бір үй туралы сүйінші хабар беруді әмір етті. Онда ауру да, қайғы да, бас ауруы да жоқ».
Хазреті Хадишадан кейін ересектерден алғаш мұсылман болған – Расулуллаһтың жақын достарының бірі хазреті Әбу Бәкір. Хазреті Әбу Бәкір осыдан жиырма жыл бұрын бір түс көрген еді: «Көктен толған ай түсіп, Қағба-и Муаззамаға келген, бөлік-бөлік болып тараған, әр бөлігі Мекке үйлерінің біріне түскен, сосын бұл бөліктер бірігіп, көкке көтерілген. Бірақ Әбу Бәкірдің үйіне түскен бөлік көкке көтерілмеген. Мұны көрген хазреті Әбу Бәкір дереу үйінің есігін жапқан, тап бір осы ай бөлігінің кетуіне жол бермегендей болған».
Әбу Бәкір түстен толқып оянды да, таң атысымен дереу яһуди ғалымдарының біріне жүгіріп барып, түсін айтып берді. Ол ғалым жауабында: «Бұл – шатасқан түстердің бірі, сондықтан ол жорылмайды», – деді. Бірақ бұл түс Әбу Бәкірдің ойынан кетпей, яһудидің жауабы да оны қанағаттандырмады. Бір жолы саудамен бара жатқанда, оның жолы раһиб Бахираның еліне түсті. Көрген түсін жорып беруді Бахирадан сұрағанда, Бахира: «Сен қайдансың?» – деді. Хазреті Әбу Бәкір: «Құрайыштанмын», – деп жауап бергенде, Бахира былай деді: «Онда бір пайғамбар шығады, әрі хидаят нұры Меккенің әр бұрышына жетеді. Сен оның тірі кезінде – уәзірі, қайтыс болғаннан кейін халифасы боласың». Хазреті Әбу Бәкір бұл жауапқа қатты таң қалды. Бұл түсі мен оның жорулары туралы ол Пайғамбарымыз пайғамбарлығын жарияламайынша ешкімге айтпады. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам пайғамбарлығын жариялағанда, хазреті Әбу Бәкір дереу Пайғамбарымызға жүгіріп келіп: «Пайғамбарлардың пайғамбарлықтарына дәлелдері болады, сенің дәлелің не?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз жауабында: «Менің пайғамбарлығыма дәлел – сенің бір яһуди ғалымына жорытқың келген сол түсің. Ол ғалым: „Бұл – шатасқан түстерден, ол жорылмайды“, – деді. Сосын раһиб Бахира оны дұрыс жорыды», – деді де, хазреті Әбу Бәкірге қарата: «Ей, Әбу Бәкір! Мен сені Аллаһқа және Оның Расулына шақырамын», – деді.
Сонда хазреті Әбу Бәкір: «Куәлік етемін: сен – Аллаһу та’аланың Расулысың, сенің пайғамбарлығың – хақ, ол – әлемді нұрландыратын бір нұр», – деп мұсылман болды.
Басқа бір риуаят бойынша, Пайғамбарымызға пайғамбарлық келмей тұрып-ақ хазреті Әбу Бәкір сауда мақсатымен Йеменге барған еді. Бұл сапарында ол Йеменде Әзд тайпасынан көп кітап оқыған бір қартқа кездесті. Бұл қарт хазреті Әбу Бәкірге қарап: «Менің ойымша, сен Мекке халқынансың», – дегенде, хазреті Әбу Бәкір: «Иә, солай», – деді, және олардың арасында мынадай әңгіме болды:
– Сен Құрайыштансың ба?
– Иә!
– Бәни Тәмимненсің бе?
– Иә!
– Тағы бір белгі қалды. – Қандай?
– Қарныңды аш, көрейін.
– Айтшы, мұндағы мақсатың не?
– Кітаптардан оқыдым: Меккеде бір пайғамбар келеді. Оған екі адам көмекші болады. Бірі жас, екіншісі қарт. Жасы көптеген қиындықтарды жеңілдікке айналдырады, көптеген бәлелерді жояды. Ал қарттың жүзі ақ, белі қыпша, қарнында бір қара меңі бар. Менің ойымша, ол адам – сенсің. Қарныңды аш, көрейін.
«Ол (Мұхаммед алейһиссалам) өз бетінше сөйлемейді. Оның сөздері – оған уахи арқылы білдірілетін, үйретілетін сөздер» Нәжм: 3–4
Сонда хазреті Әбу Бәкір мүбәрәк қарнын ашты; кіндігінің үстіндегі қара меңді көргенде, қарт: «Аллаһпен ант етемін, ол адам – сенсің», – деді де, Әбу Бәкірге көп өсиет айтты. Хазреті Әбу Бәкір ісін бітірген соң, қоштасу үшін қарттың қасына келіп, одан Пайғамбарымыз туралы бірнеше бәйіт айтуын өтінді. Сонда қарт он екі бәйіт оқыды, ал хазреті Әбу Бәкір оларды жаттап алды.
Хазреті Әбу Бәкір сапардан Мекке-и Мукаррамаға оралғанда, Уқбә бин Әби Муайт, Шәйба, Әбу Жәһл, Әбул-Бухтәри сияқты Құрайыштың игі жақсылары оның үйіне сәлем бере келді. Хазреті Әбу Бәкір оларға: «Араларыңда бір оқиға болған жоқ па?» – деді. Олар жауабында былай деді: «Бұдан да ғажап оқиға бола ма: Әбу Тәліптің жетімі пайғамбармын деп жар салып, сендер де, әкелерің мен аталарың да жалған діндесіңдер дейді. Егер сенің көңілің болмағанда, біз оны осы уақытқа дейін тірі қалдырмас едік. Сен оның жақын досысың, бұл істі өзің шеш».
Хазреті Әбу Бәкір олардан құтылып, Пайғамбарымыздың хазреті Хадишаның үйінде екенін білді. Барып, есік қақты. Пайғамбарымыз оны қарсы алғанда, Әбу Бәкір: «Ей, Мұхаммед! Сен туралы айтылып жүргендер не?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз былай деді: «Мен – Хақ та’аланың пайғамбарымын. Мен саған және бүкіл Адам балаларына жіберілдім. Иман келтір, Хақ та’аланың ризалығына жетесің және жаныңды тозақтан сақтап қаласың».
Хазреті Әбу Бәкір: «Бұған дәлел не?» – дегенде, Расул-и әкрам: «Дәлел – сенің Йеменде көрген қартыңның хикаясы», – деді. Хазреті Әбу Бәкір: «Мен Йеменде көптеген қарттар мен жастарды көрдім», – деді. Пайғамбарымыз жауабында: «Саған он екі бәйітті аманат етіп беріп, оларды маған жіберген қарт», – деді де, ол бәйіттердің бәрін оқып шықты. Хазреті Әбу Бәкір: «Мұны саған кім хабарлады?» – дегенде, Пайғамбарымыз: «Менен бұрынғы пайғамбарларға келген періште хабарлады», – деп жауап берді. Ол мұны айтысымен, хазреті Әбу Бәкір: «Қолыңды маған бер», – деп, оның мүбәрәк қолынан ұстады да: «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһу уә расулуһ», – деп мұсылман болды.15 Өмірінде алғаш рет сезінген зор қуанышпен хазреті Әбу Бәкір үйіне мұсылман болып оралды. Хадис шәрифте де былай делінген: «Кімге иманды ұсынсам да, ол бетін тыржитып, күмәнмен қарады. Тек Әбу Бәкір Сыддық қана иманды қабылдауда ешбір күмәнданбады және кідірмеді».
Бір күні Пайғамбарымыз хазреті Хадиша анамызбен бірге намаз оқып жатқанда, хазреті Әли оларды көрді. Ол кезде ол он немесе он екі жаста еді. Намаздан кейін ол: «Бұл не?» – деп сұрады. Расул-и әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деді: «Бұл – Аллаһу та’аланың діні. Мен сені осы дінге шақырамын. Аллаһу та’ала – бір, Оның серігі жоқ. Мен сені бір болған, теңдесі де, серігі де жоқ Аллаһқа иман келтіруге шақырамын…» Хазреті Әли: «Алдымен әкеммен ақылдасайын», – деді. Расулуллаһ оған: «Егер исламға кірмесең, бұл сырды ешкімге айтпа!» – деді. Келесі күні таңертең хазреті Әли Расулуллаһтың құзырына келіп: «Йа, Расулаллаһ! Маған исламды үйрет», – деп мұсылман болды.16
Хазреті Әли мұсылман болғандардың үшіншісі еді. Ал оның Расул-и әкрам жолында көрсеткен жанкештілігі мен оны өзінен артық қоюы кез келген мақтаудан жоғары.
Зәйд бин Хариса алғаш иман келтіргендердің бірі еді. Ол хазреті Хадиша, хазреті Әбу Бәкір және хазреті Әлиден кейін төртінші, ал азат етілген құлдар арасында алғашқы мұсылман болу мәртебесіне жетті. Онымен бірге әйелі Үммү Әймән де мұсылман болды.17
Хазреті Әбу Бәкір мұсылман болғанда, дереу өзі қатты жақсы көретін достарына барды. Ол оларды да мұсылман болуға көндірді. Құрметті сахабалардың игі жақсыларынан Осман бин Аффан, Талха бин Убәйдуллаһ, Зубәйр бин Аууам, Абдуррахман бин Ауф, Са’д бин Әби Уаққас сияқты өз қауымының беделді, ұлы тұлғалары – солардың ең танымалдары.18 Хазреті Хадиша анамыздан кейін мұсылман болған бұл сегіз кісіні Сабиқун-и ислам, яғни алғашқы мұсылмандар деп атайды. Хазреті Осман өзінің мұсылман болуын былай баяндайды: «Менің көріпкел бір нағашы апам бар еді. Бір жолы мен оған сәлем бере бардым. Ол маған былай деді: „Саған бір әйел нәсіп болады. Бірақ оған дейін сен ешбір әйелді көрмеген боласың, ол да сенен бұрын ешбір ер адамды көрмеген болады. Ол – жүзі сұлу, тақуа бір ханым әрі ұлы бір пайғамбардың қызы болса керек“.
Мен апамның бұл сөзіне таң қалдым. Ол маған тағы былай деді: „Бір пайғамбар келді. Оған көктен уахи түсті“. Мен: „Ей, апа! Мұндай сыр қалада мүлде естілген жоқ. Олай болса, бұл сөзді ашып айт“, – дедім. Сонда апам былай деді: „Мұхаммед бин Абдуллаһқа пайғамбарлық келді. Ол халықты дінге шақырады. Аз уақыт ішінде әлем оның дінімен нұрланады, ал қарсы шыққандардың бастары шабылады“.
Апамның бұл сөздері маған қатты әсер етті. Мен уайымға түстім. Хазреті Әбу Бәкір екеуміздің арамызда үлкен достық бар еді; біз бір-бірімізден ешқашан ажырамайтынбыз. Осы мәселені талқылау үшін екі күннен кейін хазреті Әбу Бәкірге бардым. Апамның айтқандарын жеткізгенімде, ол маған былай деді: „Ей, Осман! Сен ақылды адамсың. Көрмейтін де, естімейтін де, ешнәрсеге пайда да, зиян да келтіре алмайтын бірнеше тас қалайша илаһ болуға лайық болсын?“ Мен: „Дұрыс айтасың, апамның сөзі – ақиқат“, – дедім».
Хазреті Османға исламды түсіндіргеннен кейін, хазреті Әбу Бәкір оны Расулус-сақалайн, яғни адамдар мен жындардың пайғамбары болған Пайғамбарымыздың құзырына алып барды. Сүйікті Пайғамбарымыз хазреті Османға былай деді: «Ей, Осман! Хақ та’ала сені жәннатқа қонаққа шақырады. Сен де бұл шақыруды қабыл ал. Мен бүкіл адамдарға хидаят жетекшісі болып жіберілдім». Расулуллаһтың ұлы хәлдері мен жылы жүзбен айтқан сөздерінің алдында өзін ұмытып, хазреті Осман зор ықылас пен мойынсұнушылықпен: «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһу уә расулуһ», – деп мұсылман болды.
Расулуллаһ пайғамбарлығының алғашқы үш жылында адамдарды исламға жасырын шақырды. Адамдар бірте-бірте, бір-бірден, екі-екіден мұсылман бола бастады. Бұл уақыт ішінде мұсылмандардың саны отызға ғана жетті. Олар ғибадаттарын үйлерінде жасап, Құран кәрімнің түскен аяттарын жасырын оқып, жаттайтын.
«Сабиқун-и ислам, яғни алғашқы мұсылмандар: Әбу Бәкір Сыддық, Әли бин Әби Тәліп, Зәйд бин Хариса, Осман бин Аффан, Абдуррахман бин Ауф, Са’д бин Әби Уаққас, Зубәйр бин Аууам және Талха бин Убәйдуллаһ» (радиаллаһу анһум әжмаин)
Жақын туыстарын шақыруы
Расулуллаһ Муддассир сүресі түскеннен кейін адамдарды ислам дініне шақыра бастаған еді. Бұл шақыруды ол жасырын жүргізетін. Біраз уақыттан кейін мағынасы бойынша: «Жақын туыстарыңды Аллаһу та’аланың азабымен қорқытып, оларды хақ дінге шақыр» болған аят түсті.19 Сонда Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам туыстарын дінге шақыру үшін хазреті Әлиді жіберіп, олардың бәрін Әбу Тәліптің үйіне шақырды. Ол олардың алдына бір адамға ғана жететін бір табақ тамақ пен бір кесе сүт қойды. Алдымен өзі «Бисмиллаһ» деп жей бастады да, келген туыстарына: «Алыңыздар», – деді. Келгендер қырық кісі еді. Бірақ қойылған тамақ бәрін тойдырды және мүлде азаймады. Келгендер бұл мұғжиза алдында таң қалып қалды. Тамақтан кейін Пайғамбарымыз туыстарын исламға шақыру үшін сөз бастағалы жатыр еді. Сонда көкесі Әбу Ләһәб дұшпандықпен: «Біз бүгінгідей сиқырды көрген емеспіз. Туысқандарың сендерді сиқырмен арбады. Ей, бауырымның ұлы! Мен сен сияқты зұлымдық пен жамандық әкелген басқа біреуді көрген емеспін», – деп, қорлайтын сөздерін жалғастырды.
Пайғамбарымыз Әбу Ләһәбке: «Құрайыш та, барлық араб тайпалары да жасай алмайтын жамандықты маған сен жасадың!» – деді. Олардың ешқайсысы мұсылман болмай тарап кетті. Бұл оқиғадан көп ұзамай ол туыстарын қайтадан шақырды. Хазреті Әли тағы да олардың бәрін шақырып әкелді.
Бұрынғыдай олардың алдына тамақ қойылды. Тамақтан кейін Пайғамбарымыз орнынан тұрып, былай деді: «Хамд тек Аллаһу та’алаға ғана тән. Көмекті тек Одан ғана сұраймын. Оған сенемін, Оған сүйенемін. Күмәнсіз білемін және білдіремін: Аллаһу та’аладан басқа илаһ жоқ, Ол – бір. Оның теңдесі де, серігі де жоқ». Сосын ол сөзін былай жалғастырды: «Мен сендерге ешқашан өтірік айтпаймын, мен сендерге шындықты білдіремін… Мен сендерді бір болған және Одан басқа илаһ жоқ Аллаһу та’алаға иман келтіруге шақырамын. Мен – Оның сендерге және бүкіл адамзатқа жіберген пайғамбарымын. Аллаһпен ант етемін, сендер ұйқыға кеткендей өлесіңдер, ұйқыдан оянғандай тірілтілесіңдер және барлық істегендерің үшін есепке тартыласыңдар; жақсылықтарың үшін сыйлық, жамандықтарың үшін жаза көресіңдер. Ол болса – жәннатта мәңгі қалу немесе тозақта мәңгі қалу. Адамдардан мен ахирет азабымен ең алдымен қорқытқан кісілер – сендерсіңдер».
Бұл сөздерді тыңдағаннан кейін Әбу Тәліп былай деді: «Ей, қадірлі бауырымның ұлы! Мен саған көмектесуден де қымбатырақ нәрсе білмеймін. Насихаттарыңды көңілге тоқып, қабыл алдық, сөздеріңді де шын жүректен растадық. Қазір мұнда жиналғандар – атаң Абдулмутталибтің балалары. Сөзсіз, мен де солардың бірімін. Сен қалаған нәрсеге арамыздан ең алдымен мен асығамын. Айналаңды қоршап, сені қорғаудан бір сәт те тоқтамайтыныма сөз беремін. Сен өзіңе әмір етілген ісіңді жалғастыра бер. Бірақ ескі дінімнен айырылу мәселесінде нәпсімді маған мойынсұнатын күйде таппадым».
Әбу Ләһәбтен басқа ондағы туыстары мен көкелері жұмсақ сөйлесті. Бірақ Әбу Ләһәб: «Ей, Абдулмутталиб ұлдары! Басқалар оның қолынан ұстап тоқтатпай тұрып, сендер оны тоқтатыңдар. Егер бүгін оның айтқандарын қабыл алсаңдар, қорлық пен келемежге ұшырайсыңдар. Оны қорғауға кіріссеңдер, бәрің өлтірілесіңдер…» – деп, дөрекі сөздер айтып, қоқан-лоқы жаудырды. Әбу Ләһәбке қарсы Пайғамбарымыздың әкесінің қарындасы былай деді: «Ей, бауырым! Бауырымның ұлын және оның дінін көмексіз қалдыру саған жараса ма? Аллаһпен ант етемін, бүгін тірі ғалымдар Абдулмутталибтің ұрпағынан бір пайғамбар келетінін білдіруде. Міне, сол пайғамбар – осы».
Бұл сөздерге қарамастан Әбу Ләһәб жиіркенішті сөздерін жалғастыра берді. Әбу Тәліп Әбу Ләһәбке ашуланып: «Ей, қорқақ! Аллаһпен ант етемін, біз тірі тұрғанда, біз – оның көмекшілері мен қорғаушыларымыз», – деді. Ол Мұхаммед алейһиссаламға бұрылып: «Ей, бауырымның ұлы! Адамдарды Раббыңа иман келтіруге шақырғың келетін уақытыңды бізге білдір; біз қаруланып, сенімен бірге шығамыз», – деді. Осыдан кейін Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз қайтадан сөз бастап, былай деді: «Ей, Абдулмутталиб ұлдары! Аллаһпен ант етемін, арабтар арасында менің сендерге әкелгенімнен, дүниелерің мен ахиреттерің үшін қайырлы болған нәрседен (яғни осы діннен) жоғарырақ әрі қайырлырақ нәрсені өз қауымына әкелген бірде-бір адам жоқ. Мен сендерді тілге жеңіл, мизанда ауыр басатын екі сөзді айтуға шақырамын. Ол – Аллаһтан басқа илаһ жоқ екеніне және менің Оның құлы әрі расулы екеніме куәлік етулерің. Аллаһу та’ала маған сендерді осыған шақыруды әмір етті. Олай болса, қайсың менің бұл шақыруымды қабыл алып, бұл жолда маған көмекші боласың?» Ешкімнен үн шықпады. Бәрі бастарын төмен салды. Пайғамбарымыз бұл сөздерін үш рет қайталады. Әр айтқан сайын хазреті Әли орнынан тұратын. Үшінші ретте ол: «Йа, Расулаллаһ! Жасы жағынан мен олардың ең кішісі болсам да, саған мен көмекші боламын», – деді. Сонда Расулуллаһ хазреті Әлидің қолынан ұстады.
Қалғандары таңданып, тарасты. Аллаһу та’аланың хабибі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) туыстарының мұндай қарым-қатынасына қатты қайғырды.
Бірақ ол мойымай, олардың тозақтан құтылуы, бақытқа жетуі үшін шақыруын жалғастырды.
Бисғаттың төртінші жылында Хижр сүресінің тоқсан төртінші аяты түсті. Мағынасы бойынша: «(Йа, Хабибім!) Саған әмір етілген нәрсені (әмірлер мен тыйымдарды) ашық жарияла. Мүшріктерден бет бұр! Олардың сөздеріне мән берме!» деген илаһи әмір келгенде, сүйікті Пайғамбарымыз меккеліктерді исламға ашықтан-ашық шақыра бастады. Бір күні ол Сафа төбесіне шығып: «Ей, Құрайыш халқы! Мұнда жиналып, менің сөздерімді тыңдаңдар!» – деді. Тайпалар жиналған соң, ол: «Ей, қауымым! Менен бір рет болса да өтірік сөз естіп пе едіңдер?» – деп сұрады. Бәрі бірден: «Жоқ, естіген жоқпыз», – десті. Ол былай деді: «Аллаһу та’ала маған пайғамбарлық берді және мені сендерге пайғамбар етіп жіберді». Сосын ол Ағраф сүресінің жүз елу сегізінші аятын оқыды, оның мағынасы: «(Йа, Хабибім!) Оларға айт: „Ей, адамдар! Мен – сендердің бәріңе жіберілген, жерлер мен көктердің иесі Аллаһу та’аланың Расулымын. Әрбір жанды өлтіретін де, тірілтетін де – Ол. Одан басқа (ғибадатқа лайық) илаһ жоқ“». Тыңдаушылардың арасындағы көкесі Әбу Ләһәб ашуланып, күпірлікте қасарысып: «Бауырымның ұлы есінен адасқан! Біздің пұттарымызға табынбайтын, дінімізден шыққан адамның сөзін тыңдамаңдар!» – деп айқайлады. Ондағылар тарасты, бір де бір адам иман келтірмеді. Пайғамбарымыздың шыншыл, ұлы мінезді екенін біле тұра, олар одан бет бұрып, оған дұшпан болды.
«Жақын туыстарыңды Аллаһтың азабымен қорқытып, оларды хақ дінге шақыр» Шуара: 214
Тағы бір күні Аллаһу та’аланың: «Саған әмір етілген нәрсені (әмірлер мен тыйымдарды) ашық білдір» деген әміріне бой ұсынып, Пайғамбарымыз қайтадан Сафа төбесіне шықты. Биік әрі күшті дауыспен ол халыққа: «Йа сабаһаһ! Мұнда келіңдер, жиналыңдар, менің сендерге маңызды бір хабарым бар!» – деп үн қатты.20 Бұл шақырудан кейін тайпалар жүгіріп жиналды. Олар таңданып әрі қызығып күте бастады. Келмегендер не үшін жиналғанын білу үшін өз адамдарын жіберді. Келгендердің бір тобы: «Ей, Мұхаммедул-Әмин! Бізді мұнда не үшін жинадың, не хабарламақсың?» – деп сұрай бастады. Ал ол сөзін: «Ей, Құрайыш тайпалары!» – деген үндеумен бастады. Әркім оны зор ықыласпен тыңдап тұрды. Ол сөзін жалғастырды: «Менің және сендердің жағдайларың жауды көріп, отбасына хабар беру үшін жүгірген және жаудың өзінен бұрын отбасына жетіп, зиян келтіруінен қорқып, „Йа сабаһаһ!“ (Жау бізді қоршап алды! Таң атты! Тезірек соғысқа дайындалыңдар!) деп айқайлаған адамның жағдайына ұқсайды. Ей, Құрайыш жамағаты! Егер мен сендерге мына таудың артында бір жау әскері бар, ол сендерге шабуыл жасағалы тұр десем, маған сенер ме едіңдер?» Олар: «Иә, сенер едік. Өйткені осы уақытқа дейін біз сенен шыншылдықтан басқа ештеңеге куә болған жоқпыз. Сенің өтірік айтқаныңды ешқашан көрген емеспіз!..» – десті.
Сосын ол Құрайыштың барлық тайпаларын атап: «Ей, Хашим ұлдары! Ей, Абду Манаф ұлдары! Ей, Абдулмутталиб ұлдары!» – деді де, былай жалғастырды: «Мен – сендерге келуі сөзсіз болған қатты азап туралы ескертушімін. Аллаһу та’ала маған ең жақын туыстарымды ахирет азабымен қорқытуды әмір етті. Мен сендерді: Лә илаһә иллаллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһ (Аллаһ – бір, Одан басқа илаһ жоқ) деп иман келтіруге шақырамын. Ал мен – Оның құлы әрі расулымын. Егер бұған иман келтірсеңдер, жәннатқа кіресіңдер. Сендер „Лә илаһә иллаллаһ“ демейінше, мен сендерге дүниеде де пайда, ахиретте де үлес бере алмаймын». Тыңдап тұрған тайпалардың арасынан Әбу Ләһәб: «Бізді осы үшін жинадың ба?» – деп, жерден алған тасын сүйікті Пайғамбарымызға лақтырды. Басқалардан мұндай қарсылық болмады; олар өзара сөйлесе-сөйлесе тарасты.21
Күнді оң қолыма берсе де!
Осы шақырулардан кейін сүйікті Пайғамбарымыз қай жерде бір адамды немесе бір топты көрсе де, оларға исламды түсіндірді. Ол шынайы құтылудың нәпсіге ілесуден, зұлымдықтан, әділетсіздіктен және әр түрлі жаман істерден аулақ болу және Аллаһу та’алаға иман келтіру арқылы ғана мүмкін екенін білдірді. Нәпсілерінің қалауларына, нәпсіқұмарлықтарына ергендер, әлсіздерді езгендер және азғындықта шектен шыққандар бұған қатты қарсы шықты. Өздерінің барлық бұзық істеріне тосқауыл қойылатынын көріп, олар Мұхаммед алейһиссалам білдіргендерді жоққа шығарды. Олар оған және иман келтіргендерге дұшпан болды. Мүшріктер алғашында келемеждейтін. Сосын олар қысым мен азаптауларын күшейтуге шешім қабылдады. Олар мүминдерді қорқытып басып тастағысы, ислам дағуатын өшіргісі келді. Олардың басында Әбу Жәһл, Утбә, Шәйба, Әбу Ләһәб, Уқбә бин Әби Муайт, Ас бин Уәил, Әсуад бин Мутталиб, Әсуад бин Абд Йағус, Уәлид бин Муғира… бар еді.
Бір күні Утбә, Шәйба және Әбу Жәһл Әбу Тәліпке былай деді: «Сен – біздің үлкеніміз. Біз саған әрқашан құрмет көрсетеміз, сені сыйлаймыз. Ал енді бауырыңның ұлы жаңа бір дін құрды. Ол біздің пұттарымызды балағаттап, бізді кәпірлікпен айыптайды. Оған насихат айт. Оны бұл істен қайтар. Егер ол райынан қайтпаса, онымен не істеу керектігін біз білеміз…»
Әбу Тәліп оларды тыныштандырып қайтарды, ал Пайғамбарымыз ренжімесін деп, бұл туралы оған ештеңе айтпады. Біраз уақыттан кейін мүшріктер қайта жиналып, Әбу Тәліпке келді. Олар былай деді: «Бұған дейін де саған келіп, жағдайды білдірген едік. Сөзімізге құлақ аспадың. Ол әлі де пұттарымызды жамандауын қоймай келеді. Енді шыдамымыз таусылды. Екеуіңмен де соңғы тамшы қанымыз қалғанша соғысамыз. Меккеде не ол, не біз жойыламыз». Әбу Тәліп оларды тыныштандыруға тырысты, бірақ олар өз қырсықтығында табан тіреп тұрып алды.22
Әбу Тәліп Расулуллаһтың көңілі қалуын қаламағаны сияқты, онымен қауымының арасында қандай да бір дұшпандық тууын да қаламайтын еді. Ол Пайғамбарымызға келіп: «Ей, Мұхаммед! Бүкіл қауым саған қарсы дұшпандықта бірігіп, маған шағымданып келді. Туыстар арасындағы дұшпандық – жақсы іс емес. Олар сенің оларды кәпір демеуіңді, бұзық жолда екендерін айтып, жамандамауыңды қалайды», – деді. Осыдан кейін Хабиб-и әкрам былай деді:
«Ей, көке! Біліп қой: күнді оң қолыма, айды сол қолыма берсе де (не уәде етсе де), мен бұл діннен және оны адамдарға жеткізуден, білдіруден ешқашан бас тартпаймын. Не Аллаһу та’ала бұл дінді бүкіл жаһанға таратып, менің міндетім аяқталады, не мен бұл жолда жанымды пида етемін». Осыдан кейін ол орнынан тұрды. Оның мүбәрәк көздері жасқа толған еді.
Расулуллаһтың қайғырғанын көрген Әбу Тәліп айтқан сөздеріне өкінді де, оның мойнынан құшақтап: «Ей, бауырымның ұлы! Жолыңды жалғастыр, қалағаныңды істе. Мен тірі болғанша сені қорғап, жебеймін», – деді.23
Мүшріктердің игі жақсыларынан он адам Әбу Тәліптің хазреті Мұхаммедті қорғайтынын түсінген соң, Умарә бин Уәлидті де өздерімен бірге ертіп, Әбу Тәліпке барды. Олар оған қабыл етуге мүмкін емес бір ұсыныс жасады: «Ей, Әбу Тәліп! Білесің, мына Умарә – Мекке жастарының ең көркемі, ең күштісі, ең әдептісі. Оның үстіне ол ақын да. Оны саған берейік, өз істеріңе пайдалан. Умарәнің орнына бізге Мұхаммедті бер, біз оны өлтірейік. Саған адамның орнына адам! Бұдан артық не керек?» Әбу Тәліп бұл сөзге қатты ашуланды. Ол: «Сендер алдымен маған өз ұлдарыңды беріңдер. Оларды мен өлтірейін. Содан кейін бауырымның ұлын берейін», – деді. Сонда мүшріктер істің қаншалықты қиын екенін түсініп: «Біздің балаларымыз оның істегенін істемейді ғой…» – деді. Әбу Тәліп былай деді: «Ант етемін, менің бауырымның ұлы сендердің барлық балаларыңнан да қайырлырақ. Демек, сендер ұлдарыңды маған асырауға бересіңдер де, менің бауыр етімді алып өлтіресіңдер, солай ма!.. Інген де өз ботасынан басқаны аңсамайды әрі аямайды. Бұл іс мүлде ақылға сыймайды. Енді іс шегінен шықты. Кім менің бауыр етім Мұхаммедке (алейһиссалам) дұшпан болса, мен де оған дұшпанмын. Мұны осылай біліңдер де, қолдарыңнан не келсе, соны істеңдер!»24 Мүшріктер ашумен орындарынан тұрып кетіп қалды. Әбу Тәліп дереу Хашим ұлдары мен Абдулмутталиб ұлдарын жинады. Оларға жағдайды айтып, сүйікті Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) көмектесуге көндірді. Расулуллаһты өлтіруге көтерілген қолдар сындырылатын болды. Бұл мәселеде олар мүшріктерге қарсы бірікті. Тек Әбу Ләһәб қана қосылмады. Әбу Тәліп оларға: «Ей, батырлар! Ертең әрқайсың қылышыңды беліңе байлап, менің артымнан келіңдер!» – деді.
«Ей, көке! Біліп қой: күнді оң қолыма, айды сол қолыма берсе де (не уәде етсе де), мен бұл діннен және оны адамдарға жеткізуден, білдіруден ешқашан бас тартпаймын. Не Аллаһу та’ала бұл дінді бүкіл жаһанға таратып, менің міндетім аяқталады, не мен бұл жолда жанымды пида етемін» Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам
Ертеңіне Әбу Тәліп Пайғамбарымыздың үйіне барды, сосын олар бәрі бірге Харам-и шәрифке қарай жүрді. Хашим ұлдарының батыр жігіттері олардың артынан ерді. Олар Қағбаға келіп, мүшріктердің қарсы алдына шықты. Әбу Тәліп мүшріктерге: «Ей, Құрайыш қауымы! Бауырымның ұлын өлтіруге шешім қабылдағандарыңды естідім. Менің артымда тұрған мына жігіттердің қолдары қылыштарында, олар менің бір белгімді шыдамсыздана күтіп тұр – мұны білесіңдер ме? Ант етемін, егер Мұхаммедті өлтірсеңдер, біреуіңді де тірі қалдырмаймын!..» – деді де, сүйікті Пайғамбарымызды мадақтайтын өлеңдер оқи бастады. Сол жердегі мүшріктер, Әбу Жәһлден бастап, тарап кетті.
