Сүйікті Пайғамбарым

АЛҒЫ СӨЗ

Бисмиллаһир-рахманир-рахим.

Аллаһу та’алаға хамд және берген ниғметтері мен жақсылықтары үшін шексіз шүкір болсын… Оның сүйікті Пайғамбарына – адамдардың барлық жағынан ең көркемі, ең жақсысы және ең абзалы болған Мұхаммед алейһиссаламға, оның көркем жүзін көріп, пайдалы сөздерін есту бақытына ие болған және осылайша барлық адамдардың ең қадірлілері болған сахабаларының барлығына, сондай-ақ олардың ізімен жүргендерге дұғалар мен сәлемдер болсын…

Адамдарды безендіретін, көркейтетін, оларды сүйікті әрі құрметті ететін нәрсе – олардың көркем мінезі. Дәреже де, мансап та, мал-мүлік те, басқа ешнәрсе де көркем мінездің орнын баса алмайды.

Йа, барлық жаратылғандардың ең абзалы! Йа, Жаратушының сүйіктісі! Йа, пайғамбарлардың мырзасы, жақсылықтардың бастауы, адамдардың ең қайырлысы және барлық кемелдіктің қайнары болған мәртебелі Пайғамбарымыз! Біз сені мадақтауға талпынбаймыз – жазбаларымыз сенің арқаңда құнды болады.

Йа, Расулаллаһ! Жетпейді күшім мадағыңа,
Бәріміз жаратылдық сенің құрметіңе.

Мұхаммед алейһиссалам – Аллаһу та’аланың расулы, Адам балаларының сәйиді, олардың мырзасы. Қиямет күні ол – өзіне ілескендері тозақтан құтылатын тұлғалардың ең жомарты.

Қиямет күні қабірден ең алдымен ол тұрады. Ең алдымен ол шапағат етеді. Оның шапағаты ең алдымен қабыл болады. Жәннат қақпасын бірінші болып ол қағады. Қақпа оған бірден ашылады. «Лиуа-и хамд» деп аталатын ту оның қолында болады. Адам алейһиссалам және оның заманынан қиямет күніне дейін келген әрбір мүмин осы тудың астында болады.

Бір хадис шәрифте ол былай деді: «Қиямет күні мен – алдыңғылардың да, кейінгілердің де мырзасымын. Ақиқатты білдіремін, мақтанбаймын». Тағы бір хадис шәрифте: «Мен – Аллаһу та’аланың хабибі, сүйіктісімін. Мен – пайғамбарлардың басшысымын. Мақтану үшін айтып тұрғаным жоқ».

Әр түрлі ислам тілдерінде жазылған барлық мәуліттерде Пайғамбарымыздың анасы мен әкесінің тап-таза болғаны жазылған. Құран кәрімнен кейінгі ең құнды, ең дұрыс кітап болған «Бұхари шәриф» жинағындағы бір хадис шәрифте Пайғамбарымыз былай деді: «Мен әр ғасырда, әр заманда өмір сүрген адамдардың ең жақсыларынан, таңдаулыларынан дүниеге келтірілдім».

Әрдайым тек шындықты айтатын ол (алейһиссалату уәссалам) тағы былай деді: «Мен – пайғамбарлардың (алейһимуссалам) соңғысымын, мақтанбаймын. Мен – Абдуллаһтың ұлы Мұхаммедпін. Аллаһу та’ала адамдарды жаратты. Мені адамдардың ең жақсыларының арасында жаратты. Аллаһу та’ала адамдарды топтарға бөлді. Мені олардың ең жақсысында болғызды. Сосын бұл ең жақсы топты тайпаларға бөлді. Мені олардың ең жақсысында болғызды. Сосын бұл жамағатты үйлерге бөлді. Мені ең жақсы үйден, яғни әулеттен дүниеге келтірді. Мен – адамдардың ең жақсысымын. Мен ең жақсы әулеттенмін. Қиямет күні бәрі үнсіз тұрғанда, мен сөйлеймін. Ешкім қозғала алмаған кезде оларға шапағат етуші – менмін. Ешкімде үміт қалмаған бір шақта оларға сүйінші хабар беруші – менмін. Сол күні әрбір жақсылық, әр түрлі көмек, әр есіктің кілті менде болады. Лиуа-и хамд – менің қолымда. Мен – адамдардың ең қайырлысы, ең жомарты, ең жақсысымын. Сол күні менің қол астымда мыңдаған қызметші бар. Қиямет күні пайғамбарлардың имамы, хатибі және олардың бәріне шапағат етуші – менмін. Бұларды мақтану үшін айтпаймын. Ақиқатты білдіремін. Ақиқатты білдіру – менің міндетім. Бұларды айтпасам, міндетімді орындамаған болар едім».

Егер ол (алейһиссалату уәссалам) болмағанда, Аллаһу та’ала ешнәрсе жаратпас еді, Оның Рабб екені, ғибадат етілуші (мағбұд) екені белгілі болмас еді. Адам алейһиссалам әлі су мен топырақ арасында болғанда, яғни оның балшығы иленіп жатқанда, Мұхаммед алейһиссалам пайғамбар еді.

Мұхаммед алейһиссалам Аллаһу та’аланың махбубы (сүйіктісі) болғандықтан, оның ізімен жүрген адам да махбубтық дәрежесіне көтеріледі. Өйткені мухибб, яғни сүюші, сүйіктісінің мінезін, белгілерін кімнен көрсе, оны да жақсы көреді.

Бүкіл адамзаттың сәйиді, ең абзалы болған осындай Пайғамбарға иман келтірген, оның жолымен жүрген адам, әрине, үмметтердің ең жақсысы болады. Оларға сүйінші – Али Имран сүресінің жүз оныншы аяты, оның мағынасы: «Сендер – үмметтердің, дін иелерінің ең қайырлысы, ең жақсысысыңдар!» Оған иман келтірмеген, оны түсіне алмаған, оны өздері сияқты деп ойлаған адамдар – адамдардың ең жаманы. Оларды Тәубе сүресінің тоқсан жетінші аяты көрсетеді, оның мағынасы: «Жабайы, жүректері қатты надандар саған иман келтірмейді. Олардың көбі – мұнафықтар (екіжүзділер)». Дүниенің бүгінгі жағдайында оның ұлы сүннетіне (сүннет-и сәния), яғни исламға ілесу мәртебесіне ие болғандар қандай бақытты!

Хақ та’ала Ниса сүресінің сексенінші аятында Мұхаммед алейһиссаламға бағыну – Өзіне бағыну екенін білдіреді. Мағынасы бойынша былай делінген: «Расулға бағынған адам Аллаһу та’алаға бағынған болады». Хашр сүресінің жетінші аятында мағынасы бойынша: «Расулым әкелгенді алыңдар, ол тыйғаннан тыйылыңдар!» – делінді. Бұл аят кәрима исламға ілесу керек екенін көрсетеді. Аллаһу та’ала Қалам сүресінің төртінші аятында мағынасы бойынша былай деді: «Күмәнсіз, сен хулук-и азим (ұлы мінез) иесісің» (Қалам сүресі, 68:4). Ахзаб сүресінде Ол мағынасы бойынша былай деді: «Расулуллаһта сендер үшін [ілесуге тиісті] көркем үлгілер бар» (Ахзаб сүресі, 33:21).

Хақ та’ала Өз рақымымен бізді оның үмметі етіп, ниғметтердің ең үлкеніне қауыштырды. Ол оған ілесу, оған бағыну керек екенін айқын білдірді. Ұлы Раббымызға осы зор ниғметі үшін қанша хамд пен шүкір етсек те, аз болады.

Бұл еңбек бүкіл адамзат үшін нағыз жол көрсетуші болған сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның өмірін, көркем мінезін, мұғжизаларын, ізгіліктерін баяндайды және оған ілесудің дін мен дүние бақыты үшін ең маңызды міндеттердің бірі екенін білдіреді.

Өзімізге, отбасымызға, отанымызға, ұлтымызға пайдалы адам болғымыз келсе, Мұхаммед алейһиссаламға ілесейік. Бұл дүниеде де, о дүниеде де тыныш әрі бақытты болу үшін оған ілесейік.

Хақ та’ала бәріміздің жүрегімізді сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның махаббатына толтырып, бізді Әһли сүннет ғалымдары көрсеткен тура жолда тұрақтатсын! Әмин!

Prof. Dr. Ramazan Ayvallı