КІРІСПЕ СӨЗ
Әрбір жан иесін жаратқан, барлық болмысты әр сәт болмыста ұстап тұрған және олардың бәрін қорқыныш пен үрейден қорғайтын Аллаһу та’алаға хамд етеміз. Оның сүйікті Пайғамбарына – адамдардың барлық жағынан ең көркемі, ең жақсысы және ең абзалы болған Мұхаммед алейһиссаламға біздің салауатымыз (дұғамыз) бен сәлемдеріміз болсын. Ілім, мағрифат және көркем мінез таратқан әулетіне (Әліне) және туыстарына да болсын. Рухтарға шипа болған көркем жүзін көру, пайдалы сөздерін есту бақытына ие болған және осылайша барлық адамдардың ең қадірлілері болған барлық сахабаларына1 (радиаллаһу та’ала анһум / Аллаһу та’ала олардан разы болсын), сондай-ақ олардың ізімен жүргендерге де болсын.
Аллаһу та’ала бұл дүниеде барлық адамдарға рақым етіп, оларға пайдалы нәрселерді жаратып жібереді. Ахиретте Ол2 тозаққа баруға тиіс мүминдерді де Өз жомарттығымен кешіріп, жәннатқа кіргізеді. Мұхаммед алейһиссалам – Аллаһу та’аланың нәбиі3, расулы және хабибі (сүйіктісі), Адам балаларының сәйиді (мырзасы). Осындай мәртебелі Пайғамбарға иман келтірген және оның жолымен жүргендер, әрине, үмметтердің ең жақсылары болды.
Хақ та’ала Өз рақымымен бізді оның үмметі етіп, ниғметтерінің ең үлкеніне қауыштырды.4 Ол оған ілесу және бағыну керек екенін айқын білдірді. Раббымызға осы ұлы ниғметі үшін қанша хамд пен шүкір етсек те, аз болады. Аллаһу та’ала ешнәрсе жаратпастан бұрын әлем сардары Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүбәрәк нұрын жаратты. Құран кәрімде Пайғамбарымызға арнап: «Біз сені әлемдерге рақым етіп жібердік», – делінді. Хадис құдсиде5 болса: «Сен болмасаң, сен болмасаң, Мен жаратылыстарды жаратпас едім!» – делінген.
Иманның негізгі шарты – «хубб-и филлаһ уә буғд-и филлаһ», яғни Аллаһу та’аланың достарын жақсы көру, дұшпандарын жақсы көрмеу. Бұл болмайынша ешбір ғибадат қабыл болмайды – иесінің бетіне қайта ұрылады. Сондықтан «Әлемдердің мырзасын» жақсы көру бізге парыз болды, әрі оның мүбәрәк махаббатын жүрегімізге орнықтыруымыз, оның көркем мінезімен безенуіміз бұйырылды. Бұл махаббат сөнбес үшін ғасырлар бойы Пайғамбарымыздың мүбәрәк өмірін баяндайтын кітаптар жазылды, әлі де жазылып келеді. Дәлірек айтқанда, оның мүбәрәк есімі арқылы береке табылады. Біз де осы берекеден үлес алу үшін және оған деген махаббат жүрегімізде тасып тұруы үшін Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарын ұзақ зерттеу нәтижесінде дайындалған Ғаламның Сұлтаны Расулуллаһтың мүбәрәк өмірін оқуға кеңес береміз. Бұл кітапқа еңбегі сіңгендердің бәрінен Аллаһу та’ала разы болсын. Хақ та’ала бәріміздің жүрегімізді Пайғамбарымыздың махаббатына толтырып, бізді Әһли сүннет ғалымдары көрсеткен тура жолда тұрақтатсын! Әмин.
Dr. Enver Ören
Қағба-и Муаззама және Мәсжид-и Харам Мекке-и Мукаррама
